Сәбит Мұқанов Сталиннің қабылдауында болған



Дата08.12.2016
өлшемі111,09 Kb.
#3454
Зарқын Тайшыбай, М. Қозыбаев атындағы, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның құрметті журналисі

Сәбит Мұқанов

Сталиннің қабылдауында болған

Ресей тарихында, тіпті, әлемдік тарихта Сталиннің рөлі туралы тиянақты көзқарас әлі қалыптасып болған жоқ. Ресейдің өзінде қоғамдық пікір екіге жарылған. Біреулер үшін ол миллиондаған жазықсыз адамдарды қырып-жойған қанішер, екінші біреулерге Ресейді мемлекет ретінде жер бетінде аман сақтап қалу үшін туған, орыс ұлтының “ұлылығына” табынып өткен жанкешті қайраткер.

Ал осы жолдардың авторы мен үшін, СОКП қатарында 30 жыл болған бұрынғы коммунист, қазақ тарихын, Ресей тарихын, әлем тарихын, мәдениеті мен әдебиетін бір кісідей білетін, жетпіс беске қарап отырған жорналшы үшін Иосиф Сталин деген кім? Ол – Ресейдегі 1917 жылғы қазан төңкерісі қаһармандарының бірі және аузы дуалы ағылшын айтыпты деген: “Өгіз соқа жеккен, ағаш шәркейлі Ресейді 30 жыл қатаң тәртіпке салып, әлем мойындаған алып державаға айналдырған теңдессіз билеуші”. Сонымен бірге, Владимир Лениннің “ұлыдержавалық шовинизмге” қарсы күресін жақтап, ұстазының айтқанын орындап, патшалық Ресейдің құлақкесті құлы болған ұлттарға, соның ішінде қазақтарға да кеңестік автономия берген, жер-суын түгендеп берген, басқа емес, Ұлттар ісі жөніндегі нарком Сталин екені тарихи шындық. 1920 жылғы 26 тамызда тұсауы кесілген сол болымсыз ғана “Киргиз автономиялық республикасы” кейін одақтас республика деңгейінде жетіліп, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанымыздың іргетасына айналды. Яғни, осынау тарихи құбылыстың орыс большевиктерінің, солардың көсемі И. Сталиннің есімімен байланысты екендігін жоққа шығаруға болмас.

Ал Сталин аты аталғанда, әрбір қазақтың тітіркене қалатыны – саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жаламен құрбан болған мыңдаған қандастарымыздың тағдырына байланысты. Бұл арада тағы бір ескертетін жай – өз әкесіне, бауырына, қандасына жала жабу, сол кездегі қоғамның даму деңгейінің төмендігі, тіпті, саяси қараңғылық және тап күресі деген жалған дақпыртқа жаппай елігушіліктен жабысқан дерт еді ғой.

Бүгінгі әңгімемізге арқау болған екінші есім де оқырманға таныс. Сталиннің жөнін айттық, ал Сәбит Мұқанов “қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі – классик жазушымыз”, өзімізше айтқанда, халқы қадірлеген Сәбеңді таныстырып жату артық болар. Ол барлық жағынан кесек тұлға еді. Мол пішілген кескін-келбетіне сай бойы да, ойы да қуатты, жазушылық қарымы мен бейнетқорлығы, қазақтың кең даласындай жайсаң мінезіне жарасқан жомарт пейілі, шын мәніндегі, іріліктің куәсі десекші. Қызғыштай қорғап өткен кеңестік Қазақстанның тарихы Сәбиттің өмірінің айнасы еді. Социалистік таптық идеалдар үшін ақырына дейін бітіспес күреспен өткен өмірінде оның достары көп болды, дұшпандары да аз емес еді. Қазірдің өзінде Сәбиттің күрескерлік тұлғасы мен шығармашылығы туралы көзқарас әрқилы.

Осындай әлқиссамыздан кейінгі сөз “пролетарлық жас қаламгер” Сәбит Мұқанов пен “халықтар көсемі” Иосиф Сталиннің қалай кездескені туралы өрбімек.

Сәбеңнің Кеңес Одағының бірінші басшысы Иосиф Сталиннің қабылдауында болғаны туралы «Есею жылдарында» деген өмірбаяндық кітабында баяндалған. Сонау 1925 жылдың басында, 25 жастағы қазақ жігіті Мәскеуге, Компартияның Бас хатшысы Иосиф Сталиннің өзіне барып, тілдесіп, өлеңдері өз елінде кітап болып шықпай жатқаны туралы шағымдануы, осынысы кейін біржола жазушылыққа бастауы – ғажап оқиға емес пе? Оның үстіне, кезінде қалыптасқан пікір бойынша, Сталиннің қабылдауына кіру үшін М.Горький, М.Шолохов, Д.Бедный, Лахути сияқты әйгілі жазушы немесе кемінде республиканың бірінші басшысы, әйтпесе кеңес өкіметін қолымен орнатқан күрестес серігі болуы шарт.

Соған қарамастан, Сәбеңнің өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер бұл оқиға жөнінде ештеңе жазған жоқ. Мұның екі себебі ғана болуы мүмкін. Біріншіден, Сәбит Мұқанов сияқты адал коммунист, социализм ісіне шын берілген, ел ішінде қадірі асқан Сәбеңнің “қанышер, жауыз” Сталиннен көмек сұрап баруы әрі нанымсыз, әрі сүйкімсіз факт немесе Сәбит Мұқановтың “ұлы көсемнің” қабылдауында болдым деуі – жалған. Себебі, И.В. Сталиннің қабылдауында болғандар тізімінде “Сәбит Мұқанов” деген жазу жоқ. Бірақ сәбиттанушылар тарапынан “қарадық, Сәбең туралы дерек табылмады” деген лебіз де естілмеген. Осылайша жабулы қазан жабулы күйінде қала берген сияқты.

Рас, кейде көп уақыт өткендіктен, естеліктерде адамдардың аты-жөні, мекенжайы туралы артық-кемді сәйкессіздіктер болып жатады. Олар кешірімді дейік. Ал мына жағдай олардан мүлде басқа. Және Сәбең бұл естеліктерін алпысыншы жылдардың басында, компартияның әйгілі ХХ съезінен кейін Сталиннің есімімен мақтану абырой әпермейтін кезде қағазға түсірген, кітабына қосқан.

Сәбит Мұқанов өміріндегі тарихи деп атауға тұрарлық осы фактінің анық-қанығына қазір жетіп отырмыз. Иосиф Сталин өзінің Кремльдегі кабинетінде Сәбит Мұқановты баспасөз қызметкері ретінде 1925 жылғы қаңтардың 7-ші жұлдызында қабылдаған екен.

Енді осы деректің қалай табылғанына тоқталайық.

2007 жылы Мәскеудегі “Новый хронограф” баспасынан “Сталиннің қабылдауында болғандар” (На приеме у Сталина. Тетради (журналы) записей лиц, принятых И.В. Сталиным (1952-1953 гг.)) деген 1784 беттік жинақ небәрі 350 дана болып басылып шықты.

Кітапқа берілген аңдатпада “1924-1953 жылдары Сталиннің қабылдау бөлмесіндегі хатшылардың РФ Президентінің мұрағатында сақталған жазбалары жарияланып отырғаны, сол жылдары Сталиннің Кремльдегі кабинетінде болғандардың әрқайсысы минутқа дейінгі дәлдікпен тіркелгені” көрсетілген. Басылымға берілген түсініктерде Сталин дәуірін сипаттайтын деректер бар.

Кітапқа байыпты кіріспе беріліп, онда Кеңес Одағындағы ең биік лауазым иесінің адамдарды қабылдау тәртібі, келушілерді тіркеу жүйесі көрсетілген. Біз қазақ тарихына керек болады-ау деп, Сталиннің қабылдауында болғандар арасынан өзімізге көзтаныс есімдерді іріктеп алдық және соларға ғана тоқталдық. Әлбетте, іздегеніміз Сәбит Мұқанов болатын.

Сталиннің қабылдау бөлмесінде әртүрлі хатшылар отырған. Олар келген адамдарды әуелде фамилиясымен жай ғана тіркеген, кейінірек қайдан, не себеппен келгенін жазатын тәртіп болған. Атап айту керек, аты-жөні толық жазылмаған, тек қана фамилиялар. Сондықтан ұқсас фамилияларды ажырату оңай емес.

Тақырыбымызға қатысты болмаса да, жалпы түсінік үшін алған деректеріміз мынау:

1924 жылдың 15 шілдесінде – 14 адам, 21 шілдеде 10 адам қабылданған.

1925 жылғы 7 желтоқсанда Сталиннің қабылдауына 1 адам жазылған, қабылдау болмаған, 14 желтоқсанда жазылған 6 адамның үшеуі қабылданған. 1926 жылғы 2 қаңтарда 7 адам қабылдауда болған, 8 ақпанда 12 фамилия тіркелген, қабылданғаны – 7, 9 ақпанда – 1 адам, 12 ақпанда – 1 адам.

1926 жылы Сталин қабылдағандардың ішінде біз білетіндерден ВЦИК мүшесі, Бүкілресейлік Орталық аткомның орталық аппаратында істеген Санжар Асфендияров, (1926.15.02; 15.03; 30.03; 5.04; 20.04. күндері) және Қазақ республикасы әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары Әліби Жангелдин (1926.15.02.) бар.

1926 жылғы 22 ақпанда Сталин Сейтқали Меңдешевті қабылдаған. Соның алдында Қазақ Орталық атқару комитетінің төрағасы болған Меңдешев тізімге “Қазақстан тұтынушылар кооперациясының төрағасы” деп тіркелген және ВКП(б) Орталық Комитетінің кадр бөлу бөлімінің резервінде екені қосып жазылған.

Сол жылғы 1 наурызда Сталиннің қабылдауына Смағұл Сәдуақасов кірген.

1926 жылғы 5 сәуірде Бас хатшының қабылдауына жазылғандар арасынан Сейтқали Меңдешевті, Нығымет Нұрмақовты және Санжар Асфендияровты көреміз. Бірақ қабылдау кейінге қалдырылған.

1926 жылғы 23 сәуірде Сталиннің қабылдауына кіргендер: Жалау Мыңбаев, Қазақ Орталық атқару комитетінің жаңа төрағасы, Нұрмақов Нығымет Нұрмақұлы, Қазақстан Үкіметінің жаңа төрағасы. Яғни, мемлекет басшысының бұл қабылдауы Қазақстанның басшы қызметкерлерінің ауыс-түйісіне байланысты екенін көреміз.

КазЦИК-тің бұрынғы төрағасы Меңдешев 18 мамырға тағы жазылған екен, Сталин қабылдамапты.

1928 жылғы 30 наурызда 13 сағат 25 минутта Сталинге кірген Нығымет Нұрмақов кабинетте бір сағаттай болған.

1931 жылғы 14 мамырда мемлекеттік маңызы бар мәселе қаралған болуы керек, Сталиннің кабинетінде 21 сағат 10 минутқа дейін созылған жиынға Молотов, Ворошилов, Куйбышев, Каганович бастаған 26 адаммен бірге РСФСР Үкіметі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов қатысқан.

1952 жылғы 21 қазанда Сталиннің кабинетіне Г.М. Маленков бастап кірген ҚКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ж. Шаяхметов пен Қазақстан Үкіметінің төрағасы Е.Б. Тайбеков (Елубай Тайбеков Бәзімұлы. – З.Т.) 22 сағат 45 минуттан 23 сағат 35 минутқа дейін отырған.

Сонымен, 1925-1926 жылдардың құжаттарын мұқият қарасақ та, үлкен тізімнен Сәбит Мұқанов деген жазуды таба алмадық.

Сонда да, одан әрі іздеу үстінде “1925-1928 жылдары Сталиннің қабылдауы туралы жиынтық деректер” (“Сводки приема И.В. Сталиным посетителей за 1925-1928 гг.”) деген басқа бір қорға кез болдық. Бұл тізім негізгі бөлімге қосымша екен. Түсінікте бұл “деректердің Ресей әлеуметтік-саяси тарихының мұрағатында сақталған “Сталиннің жеке қорынан” алынғандығы” жазылыпты. Кілтипан дәл осы “Сталиннің жеке қоры” деген де болып шықты.

Кеңестік Ресей тарихын зерттеу кезінде жазушылар мен өнер қайраткерлерінен тікелей өз атына келген кейбір хаттарға Сталин “менің өз архивіме” деп белгі соққанын бірнеше рет байқаған едім. Іріктеп алған мына мысалдарды келтіруге болады: Д.Бедныйдың 1922 ж. Сталинге хаты. РГАСПИ 558-қор, 11-тізбе, 702-іс, 68-парақ. “В архив Ст.”; Панферовтың Сталинге 03.12. 1937ж. хаты “В мой архив Ст,”; Е. Пешкованың 02.03. 1938 ж. Сталинге хаты “Арх.Ст.”; Д. Бедныйдың 05.08. 1944 ж. хаты. “В мой архив И.Сталин” Анри Барбюстің 12.10. 1932 ж. Сталинге хаты “В мой архив. И.Ст.” тағы басқа таныс белгілер кездескен.

И. Сталиннің бұл хаттарды арнайы “өз архивінде” сақтағысы келіп, бөліп көрсетуінің себебін жорамалдауға болар. Заты, әділіне келсек, “Ұлы көсем” компартияның идеологтары ретінде өнер адамдарын, әсіресе, жазушыларды жақын тартқаны, кейбірінің (мыс. Д.Бедный, Лахути, Шолохов) еркелігін кешіріп, қолпаштап отырғаны сөзінен де, ісінен де көрінеді. Бәлкім, мұны “И. Сталин және жазушылар” деген арнайы тоқталуға тұрарлық тақырыпта сөз ету керек шығар.

Жоғарыда жазғанымдай, сәбиттанушылардың бұл дерекке кездесе алмай жүрген себебі осы болуға тиіс. Сәбит Мұқановқа қатысты дерек «И.Сталиннің қабылдауында болғандарды тіркейтін негізгі журналдар мен дәптерлерден бөлек, “Сталиннің жеке архивінде” сақталып, тиісінше, Ресей Президентінің мұрағатында емес, Ресей әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік мұрағатында (“Сводки приема И.В. Сталиным посетителей за 1925-1928 гг.”) деген атпен бөлек сақталған.

Аталған қор туралы құрастырушылар былай депті: “Бәлкім, бұл деректерді хатшылықтың немесе мұрағаттың қызметкерлері қабылдау үстінде де, тіпті, қабылдау біткеннен кейін де жедел толтырып отырмаған. Демек, уақыт өткен соң белгілі бір қорытынды жасауға қажет болғандықтан, арнайы зерттеп, толық мәнді саяси құжат түрінде дайындағаны байқалады”. Жинақтағы материалдардың іріктеліп, жіктеліп, сараланып берілуіне қарап, біз де сондай болжамға келдік.

Орысша “Сводки...”, қазақша “Мәліметтер” деп аталған деректер арнайы тәртіппен жүйеленген, келушілер: “Жұмысшылар мен шаруалар”, “Оқу орындарының өкілдері”, “Партия қызметкерлері”, “Совет қызметкерлері”, “Кәсіподақ қызметкерлері”, “Комсомол ұйымдарының өкілдері”, “Әскери қызметкерлер”, “Шетелдердегі коммунистік ұйымдардан”, “Баспасөз қызметкерлері”... деп, жеке-жеке топтастырылған. Қабылдауға келушілердің кейбіреулерінің аты-жөні, қай жерден екені, қабылдауға келу себебі, тіпті, кейбір жағдайда, мысалы, 1925 жылы 25 мамырда жолыққан Сәкен Сейфуллинді “Сейфуллин- б. председатель СНК Киргизии”, деп белгілеген. Коммунистік академия жанындағы марксизм курсының тыңдаушысы Сұлтанбек Қожановты тіркегенде (23.02. 1927) “Сталиннің өзі біледі”, ал Мәскеудегі Центроиздат баспасында қызмет істеп жүрген Әлихан Бөкейхан (11.05.1927) қабылдауға жазылғанда “жеке бастың мәселесі” деген сияқты ескертпелер жазылған.

Осы ретпен қарап келе жатқанда, “Прием И.В. Сталиным работников печати. 1925 год. 1. Досов и Луканов – Киргизия, о киргизской печати 7 января” деген жазуға кез болдық. Осы тұста Сәбең кітабында басқаша жазған біраз жұмбақты шешуге тура келді.

Біріншіден, “Досовтың” Әбілқайыр екендігін, Көкшетау-Қотыркөлдің тумасы екендігін, жасынан пысық, зерек, Омбыда Мағжан, Сәкен, Нығымет, Хошмұхамметтермен бірге қазақ жастарының “Бірлік” ұйымында болғанын, 1920 жылы сол Омбыда “Кедей сөзі” газетін шығарысқанын, Орынбордағы кеңестер съезіне Сәбеңмен бірге қатысып, кейінде қазақтан шыққан алғашқы төңкерісші-большевиктердің алдыңғы шебінде болғанын, Семейде, Ақтөбеде, Шымкентте басшы қызметтер атқарғанын, Қазақстанның Мәскеудегі өкілі, Орталық Комитетте нұсқаушы болғанын білеміз. Сондай-ақ, 1926 жылғы 29 желтоқсанда Сталиннің қабылдауына кіргені туралы “Досов Абель-Каир” – представитель Казахской республики” деген деректі көргенбіз. Сәбең кейін өзі жазғандай, 1933 жылы “Қызыл профессорлар институтында жүргенде РКП(б) Орталық Комитетінің нұсқаушысы Әбілқайыр Досовты “ең көп білетінім де, ең жақын сырласым да” (425-бет) дейді. Бірақ Сталинге барғанда оның есімін атамайды.

Екіншіден, “Луканов” деген кім? Кремль қызметкерлерінің орыс емес нәсіл өкілдерінің аты-жөнін қағыс естуге бейім, сондықтан айтуға, жазуға шорқақ келетінін де байқадық. Мысалы, осы құжаттардың өзінде Нығымет Нұрмақовты біресе “Новмет”, біресе “Нурманов”, Әлихан Бөкейханды “Ализан”, Сұлтанбек Қожановты “Ходжанов”, “Хаджанов”, Жалау Мыңбаевты “Мунбаев”, Қаратілеуовты “Каратисаув”, Қозыбағаровты “Казыбагаров”, Тұрар Рысқұловты “Рыскунов” деп бұрмалап жазған.

Олай болса, “Луканов” деп оқығанымыз “Муканов” болып шығады. Дәптерге дұрыс жазылғанның өзінде, қолтаңбасы қисықтау біреу “М” әрпін каллиграфия түрінде көріксіздеу таңбалауы мүмкін. Баспамен түскен емес, қолдан жазылған түпнұсқасы дұрыс болса да, көшіруші қате жіберуі ғажап емес. Сәбеңнің өз жазғандарына қарағанда, 1924 жылдың аяғында, дәлірек айтқанда, желтоқсанның 24-25-ші жұлдызы шамасында Мәскеуге барған, он күндей күтіп, Сталиннің қабылдауына кірген.

Үшінші түйткіліміз де жоқ емес. Кітабында С. Мұқанов Орынбордан аттанғанда, қасына өзімен бірге оқитын ауылдасы Үмітбай Балқашевті ертіп барғанын жазады. Мейманханада екеуі бірге жатқан, Мәскеуді бірге аралаған, оқуда жүрген Абдолла Асылбековті тауып алғанда да жанында Ү. Балқашев болған. Бірақ жазушы осы сапары туралы егжей-тегжейлі баяндағанда, Әбілқайыр Досовты аузына алмайды.

Ал енді Сталиннің қабылдауына Сәбит Мұқанов өз бетінше, Әбілқайыр Досов жеке кіріп шыққан деуге де келмейді. Тіркеу құжатында екі фамилия екі жолға, бөлек жазылмаған және уақыты да өзгеше емес. Жоғарыда көріп тұрғанымыздай: Досов и Луканов. Айта кету керек, Сталиннің Кремльдегі кабинетінде кісі қабылдау тәртібінде мұндай қосарлап жазудың жалғыз ғана мысалы осы: “Досов и Луканов”. Осылайша, Досов пен Мұқановтың кабинетке бірге кіргені дәлелденген сияқты. Тіпті, екеуі бірге барып, Досов қабылдау бөлмесінде қалып қойып, Сталинге Сәбең жалғыз кірген деуге де болмайды. Бір ғана мәселемен кірген екі-үш адам, “және” деген шылау арқылы немесе үтір арқылы, бір рет санымен бірге тіркеледі. Мысалы, 1925 жылы Мордовияны автономия дәрежесіне көтеру жөнінде ұсыныспен кірген Дорофеев пен Диманштейн, Түркіменстан ОАК төрағасы Айтақов, совнарком төрағасы Атабаев, партия жетекшісі Межлаук осылай бір нөмірде. Ал Сталинге кірмеген адамның есімі қабылдауда болғандар қатарына тіркелмейтінін көрдік. Ондайларға “не принят” деген белгі соғылған.

Тоқсан жыл бұрын болып кеткен оқиға туралы күмәнімізді тарқатпай-ақ, осы жұмбақтың шешуін өзімізше долбарлайық. Сәбең Мәскеуге барған бұл сапары жарияланған кітаптың орысшасы “Годы возмужания” деген атпен, әрі кеткенде, 1965 жылы баспаға берілген (375-бетті қараңыз. – З.Т.). Бұл кезде Кеңес Одағында “Жеке басқа табынушылықтың зардаптарын жою” науқаны қызып тұрған, Сталиннің есіміне деген құрмет жоғалған, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін құрбандарының біразы, олардың ішінде Әбілқайыр Досов та “қылмысы дәлелденбегендіктен” ақталған.

Бұлардың қайсы дұрыс, қайсы бұрыс екенін қазір дәлелдеу мүмкін емес, бір ғана даусыз шындық – 25 жастағы рабфак оқушысы Сәбит Мұқановтың сонша батылдық жасап, Орынбордан арнайы аттанып, Кеңес мемлекетінің бірінші басшысы Иосиф Сталинге барғаны, Сталиннің оны қабылдағаны.

Ендігі әңгімені Сәбеңнің өз кітабынан оқиық. (Сәбит Мұқанов. Таңдамалы шығармалар. Он алты томдық. Он бірінші том. Өмір мектебі. Роман. Есею жылдары. Үшінші кітап. Алматы, 1977. 66-93-беттер).

Әлқисса, С. Мұқанов өзі жазған, мерзімді баспасөзде жарияланған, жарияланбаған өлеңдері мен мақалаларын жинақ етіп бастыру туралы талпынысы іске аспаған соң Мәскеуге барып, партияның Орталық комитетіне шағым айтпақ болады. Қасына “сабақтас жолдастарының бірі” Үмітбай Балқашевты алып, пойызға отырып, төрт жарым тәулікте Қазан вокзалынан түседі. Өзінің “КирЦИК-ке мүшелік билетін көрсетіп, “Делегаттар үйі” мейманханасынан орын алады. Коммунистік академияда оқып жүрген Абдолла Асылбековты тауып алып, Орталық комитетке орысша жазған арызын қаратып алады. Бұл 1924 жылдың 25 желтоқсаны. Ертеңіне Орталық комитеттің Кремльдегі қабылдау бөлмесіне тіркеліп, арызын өткізеді. Мейманхананың телефон нөмірін беріп, күтетін болады. Шақырған күні Кремльге келеді.


// Солтүстік Қазақстан. - 2016. - 26 сәуір

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет