ИСАНЫ ТАНИ АЛДЫҚ ПА?
Біз әдетте талантты адамды көрсек, “сегіз қырлы, бір сырлы” деп жатамыз. Оның өнерінің қандай қасиеттері барына назар аудармай, әйтеуір мадақ жөні осы екен деп жаттанды сөздерді оңды-солды қолдана береміз. Сөздің сауабы мен обалы бар екенін ойламаймыз.
Исаға арналар ғылыми конференцияның бағдарламасын айқындар кезде де талай ой-пікірлер айтылып жатты. Ең әуелі “Иса Байзақов – ауызша және жазбаша әдебиеттің алтын көпірі” деген тақырып айтылды. Әбден ойласа келе, Исаның осы қырын ғана әңгімелеу аздық ететіні анықталды. Себебі Исаның қазақ мәдениетіндегі айрықша құбылыс, қайталанбас дарын екендігі елдің егемендік алған кезінде ерекше аталуға тиіс, тіпті әрі-беріден соң ғылыми қажеттілік.
Ең алдымен қалыптасып қалған көзқарас аясынан шығуымыз керек. Кеңес заманында Иса шығармашылығы жайында пікір айтушылар оның өнерпаздығы, әсіресе ақындығы жазба әдебиеттің әсер-ықпалымен жетілді, жарқырап көрінді деген тұжырым жасаған-ды. Кейінгі уақытта осынау қалыптасып қалған көзқарасқа қосылып кеткендер Иса шығармашылығының ерекшелігі жайында Мұхтар Әуезовтің 1928 жылы “Иса – сахна өнеріндегі таза қазақ тумасы. Исасы жоқ болған заман да, уақыт та үзіледі. Тағы бір Исаның келуін күтеді” деп театр өнерінің өсіп-жетілу жолдарына байланыстыра айтылған пікіріне ден қойса, Есмағамбет Ысмайылов 1946 жылғы оқулығында “Иса поэмаларын зор ақындық шабытпен, тамаша лирикалы толғаумен жазады. Сөздері қарапайым халықтық, сонымен бірге керемет сұлу поэмаларындағы уақиғалар оқушының жан сезімін тербетерлік өте қызықты, әсерлі болып отырады”, деп жазғаны да есте.
Осы ойларды жаңа қырынан жаңғыртқан Темірғали Нұртазин Иса бойында үш түрлі ерекшелік барлығын тарата баяндады. Ең алдымен ол, мәдениетті ақын. Өлең, сөз бойына сыймай тасқындап жүретін төкпе ақын Исаның маңайы үйірілген өлең болатын. Исаның бар даналығы, терең ақылдылығы, көрегендігі, алғырлығы, мінезді, байсалдылығы, ұстамдылығы өлең де, өлең жасау процесінде болатын. Өлеңді төгілте жөнелгеннен бастап, Иса кемелдік күйге түсетін деген бақылаулар, өкінішке орай, кейінгі уақытта еленбей келе жатқаны өкінішті. Осы ойлардың бәрі Исаның қазақ мәдениетіндегі қайталанбас, тек өзіне ғана тән құбылыс және қазақ топырағына ғана тән ерекшелік екендігін анық аңғартқанымен, еуроцентристік көзқарастың қармағына ілініп кете беретіндігі өкінтеді.
Отаршылдық қамытын кигеннен бері, мәдениеті көпей, театры болмаған, әдебиетінде драматургия, проза, сын жанрлары өркендемеген, тек поэзияға иек артқан ел дейтінге бой ұрғаннан бері өзіміздің сөз өнеріміздің сырын, құпиясын, ерекшелігін анықтауға немқұрайды қарап, талай қате пікірлерді малданып келдік. Бұл ойларға иек артатындар әлі де аткөпір.
Әдебиеттің мақсаты адам образын бар қасиетімен: әуелі ақыл-санасымен, екінші, пенделік сезім-түйсігімен, содан кейін қабілет-дарынымен, күш-қуатымен жасау болса, онда бір ғана жанрда – поэзияда ғана дамыған әдебиет дегенге неге қол қоюымыз керек? Әр халықтың тұрмыс-тіршілігі шешуші фактор болып табылатын болса, онда қазақ халқының өркендеуінің өз өзгешелігі барын енді айғайлап тұрып айтуымыз керек. Және ғылыми дәлелдер келтіруіміз керек. Еуропада ғана емес, бүкіл әлемде жасалған байлықтан қазақ елі құралақан болмағандығын әдеби тұрғыдан аңғартуымыз керек. Сөз өнерінің негізі көркем образ жасау болып табылатын болса, онда халық санасындағы Қорқытты, Асанды, Аяз биді, иә болмаса Алпамыс, Қобыланды, Қамбар, Тарғындарды, әлемді аузына қаратқан Қыз Жібек, Баян, Жамалдардың көркем бейнелерін еске түсірсек, осылардың бәрі де эстетикалық талап-шарттың қапталынан шығады. Жыр, өлең түрінде жасалғандығы айып емес, қайта артықшылығы. Роман, хикаят, драмасыз жасалған образдар санатқа алынбауы көркемдік шартында жоқ.
Қазақ табиғаты ұйқастырып, келістіріп, қиыстырып айтқанды айрықша қалайды. Және бірден қағып алып, жадында сақтайды. Қазіргі магнитофон мен диктофондарды бізге табиғаттың өзі сыйлаған, көшпенділік тұрмысы еріксіз таңған. Жаттап алуға, есте сақтауға өлең сөз өте ыңғайлы. Сондықтан қара сөзбен айтылмады, диалогпен берілмеді деп қам жемеген. Олардың бар міндетін ақындар айтысы атқарған, жыршы-жыраулар үстей түскен, сөйтіп халықты рухани аштыққа ұшыратпаған. Сондықтан қазақтың ұйқасы оп-оңай әнге айналып кетеді. Демек, эстетикалық талаптың бар шартына жауап береді деп түсініп, еуроцентристік түсінікті мансұқтап, өз табиғатымызға жақындауымыз керек. Иса Байзақов өнерпаздығын әңгімелеуге осындай көркемдік мәселелері өзінен өзі андыздап шығып, ғылыми ізденіске еріксіз бастайды. Және қалыптасқан қате көзқарасты талақ етуге Иса шығармашылығы айрықша қолайлы.
Иса өнерпаздығына байыппен көз жіберсек, бір ақындығының өзінен сан тарау жол шығады. Ол эпик те лирик, сонымен қатар суырып салма, төкпе ақын дегенде ауызша және жазба әдебиеттің бар шарттары табылады. Берілген тақырыптың сырын ашу барысында ауызша және жазбаша поэзияның бар талаптары жымдасып кетіп, айрықша тұтастық пайда болады да, тыңдаушысын көркемдік әлеміне кіргізіп жіберіп, айызын қандырады. Мұның үстіне әншілігі қосылып, сазгерлігі қозады. Бұрын естіп білмеген әуен дүниеге келеді. Иса желдірмелері ойланып-толғанған кезде емес, осындай шабыт үстінде туып жатты. Бұларға қоса халық әндеріне жазбаша мәтін, бір ғана Елубай Өмірзақовтың 40 шақты әніне сөз жазып беруі ақындықтың аясынан өрбіген бұтақтар, көз тартқан гүлдер. Осылардың бәрін елге өзінің жанға жайлы үнімен емін-еркін жеткізетін домбырашылығы тағы бар. Құдай берген дарынын ажарлап, көргендерді есінен тандыратын актерлігін, әртістігін қалай санаттан шығарып тастаймыз. Осы қасиеттерді төгіп-шашып алмай, өзінің тал бойында сақтап-жетілдіруі арқасында мәдениет тарихынан ойып тұрып орын алған ұлы дарын Исаға қазақтың рухани әлемі айрықша қарыздар.
Бұл үлкен проблема төңірегінде айтылар пікірді өрбіте бермей, Иса Байзақовтың көпшілік біле бермейтін бір қырын әңгімелейін. “Құралай сұлу”, “Қойшының ертегісі”, “Ақбөпе”, “Қырмызы — Жанай” поэмаларының қай-қайсысы болмасын, қазақ тарихында болған оқиғалардың аңызға айналған негізінде жазылған. Олай болса, Иса ел әдебиетінің үлгілерін көп білген, естіген, жадында сақтаған. Ол қасиетін білдірмей, сездірмей кеткен ақын-жазушылар аз емес. Иса білгенін, естігенін елге жеткізуге мырзалық жасаған, халық аузында жүргендерінің қағазға түспей жоғалып кетпеуі үшін ерекше қам жеген жомарт өнерпаз, патриот.
Қазақстандағы көп архивтерді ақтарып жүргенде орталық партия комитеті жанындағы Партия тарихы институтының мұрағатынан 1945 жылы экзотикалық сипаты қалың құжатқа тап болып едім. Енді оқушыға соны ұсынайын.
“Қазақстанның ғылым ордасының төрағасы Жолдыбаевқа Иса Байзақұлы Алтайскийден өтініш.
Мен қазақ ағарту институтында оқып, енді жазға елге қайтқалы отырмын. Халық әдебиетін бірер жыл жинадым. Өзім соның құлы – ақын болғандықтан, мен екі есе жинауым керек. Құр әркімге бос сөз қылып тапсырғанмен, халық әдебиеті жиналмайды. Шөре-шөремен кете береді. Сондықтан мен сізден сұраймын: қалыптыдай халық әдебиетін жинауыма маған сенім қағаз беріңіз, егер мүмкін болса қағаз, қарындаш яки ақша болса да (қарындаш, қағаз үшін) ескерсеңіз. Семей губерниясынан жинаймын, егер орындамасам, халық алдында ұяттымын.
Менің жеткізіп айта алмағанымды өзіңіз ұғарсыз.
Иса Байзақұлы Алтайский 10.05.1923”, деген өтінішке сол күні Қазақстан оқу-ағарту комиссариаты жанындағы академиялық орталықтың төрағасы Молдағали Жолдыбаев “Выдать тов. Байзакову Исе, как научному сотруднику Акцентра, мандат на предмет собирания и систематического представления в Акцентр материалов киргизской устной словестности сроком до 1 октября 1923 года” деп қол қойыпты. Мынандай қамқорлықты көре бастаған Исекең екінші өтінішті енді былай жазыпты: “Қазақстанның аймақтық халық ағарту бөліміндегі білім бөлімінің төрағасына Семейден келген ақын Байзақұлынан өтініш.
Мені қызметіңізге жарар десеңіз, ағарту бөлімінде белгілі жауапты қызметші болатын есепте көріп, халық арасынан ауыз әдебиетін жиып һәм басқа да қолдан келген істі орындап келуіме маған Семей губерниясына командировка беруіңізді сұраймын. Бүгіннен орындалса екен, егер қабыл етілсе. Иса Байзақұлы 22.05.1923 ж.” деуіне қарағанда, Иса Орынбор басындағы қазақ қызметкерлерімен, әсіресе оқу-ағарту саласындағы азаматтармен аралас-құралас жүргендігін аңғару қиын емес. Оны қазақ ағарту институтында 1922 жылдың күзінен бастап бірге оқыған Қазақстанның халық әртістері Қапан Бадыров, Елубай Өмірзақовтардың естелігінен аңғарамыз. Таныс-біліс болудың жөні бөлек қой, жаны жайсаң, әсіресе Сәкенді айрықша жақсы көрген Молдекең “Выдавать подотчетный аванс в сумме 500 рублей как командированному Акцентром в Семипалатинскому губернию Исе Байзакову” деп қол қоюының да аңсарын аңғаруға болады.
Осыған Сәкеннің септігі тиген жоқ па екен, өйткені 1923 жылы 2 наурызда “Сейфуллину. Акцентр НКП роса просит Вас пожаловать на заседание киргизского научно-литературного совета, имеющее быть в субботу 3-его марта в 7 часов солнечного времени в помещении Акцентра (Перовская 5)” деп арнайы шақыруы тегін емес қой. Тегінде, ауыз әдебиетін жинауға шәкірттерді пайдалану жөніндегі ой-пікір осында айтылып, шешім тапқан шығар. Ендеше, бірде Ресейге, бірде Қазақстанға қарап, Сибревкоммен дау-дамай тудырған Ертіс ауданында туып-өскен Исаның ауыз әдебиеті үлгілерін тезірек жинамақ әрекетінің өзі бүгінгі ұрпаққа таптырмайтын үлгі ғой. Сөз жоқ, Иса осы уәдесін орындады. Ал енді сол жиналған дүниелер қайда? Әрине, құрып кеткен жоқ, тек көзін тауып іздестіре білу керек.
Осы керектен тағы бір мәселе туындайды. Ол Иса Байзақовтың өз мұрасын іздестіру қажеттілігін тудырып, талай ойға батырып отыр. 1946 жылы Иса қатты ауырып, емханаға түскенде Сәбит Мұқанов Қазақстан Жазушылар одағы, Е.Ысмайылов Тіл және әдебиет институты атынан қазақтың атақты қаламгері Сапарғали Бегалинге Исаның оңтүстіктен қатты ауырып келгенін ескеріп, өмірбаянын жазып алуды тапсырыпты. Өйткені, Сапекең 1940 жылы Исамен жарты айдай Түрксиб санаторийінде бірге болғанда “Менің өмірімді ешқайсыларың білмейсіңдер. Неге жазып алмайсыңдар” деп ескерткенін есіне ала келіп, 1946 жылдың 13 шілдесінен қыркүйектің 3-не дейін кездесіп, көп деректерді жазып алыпты. Соның ішінде “Менің көп қолжазбам әр жерде шашылып жатыр. Мен оны сау күнімде құнттадым ба? Біразын өз қолыммен Академияның фондысына бергемін. Ал біразы Тайырда болуы мүмкін. Қазір бәрі есімде жоқ. Орнымнан тұрсам, бәрін жинап алар едім” дегенін М.Хасеновтің құрастыруымен 1983 жылы Иса Байзақовтың “Екі томдық таңдамалы шығармалар” жинағының екінші кітабында берілген естеліктерден суыртпақтап шығарып алуға болатын сияқты. Қалибек Қуанышбаев, Қалижан Бекхожин, Саяділ Керімбеков тағы басқалардың естеліктерінен Иса қолжазбаларын қай өңірден іздестіруге болатыны аңғарылады.
Сонымен қатар, осы екі томға енген естеліктердің қай-қайсысынан болмасын, Иса жинақтарына кірмей қалған шумақтар кездеседі. Қазақтың ұлы ақыны Әбділда Тәжібаевтің перзенті Рүстемнің шілдеханасында Сәбит, Мұхтар, Құрманбекпен бірге Григорий Рошаль, Виктор Шкловский, Лина Бойтиловская мен Исаға тақырып берген кинорежиссер Вера Строеваның алдында 1945 жылы 9 маусымда бес минут ішінде шығарып айтқан өлең поэмаға бергісіз дер ем. Оны өз атынан жазып берген Әбділдаға рахмет, бүкіл сюжеттік желісін сақтапты. Мұқаң аудармасымен жеткізіліп, Исаның қиыстырып айтқаны тіл білмейтіндерді ғана емес, қазақшаның майын сорып ішкендердің өзін таңғалдырғандай деңгейде. Кезінде қағазға түспей, әркімнің есінде қалғандардың өзін жинап, Исаның кезекті жинағына қосу қажеттігі әбден айқындалып отыр.
Иса Байзақовтың қазақ мәдениетіндегі, әсіресе сөз өнеріндегі айрықша құбылыс екенін әңгіме қылғанда архивте жатқан, ел аузында жүрген, аңыз болып кеткендерінің өзін жинау зиялы қауымның парызы болуға тиіс. Қазақ мәдениетінің мерейін өсіріп, оның ұлттық ерекшелігін таныта түсуге шапағаты айрықша тиетін Иса Байзақов сынды ұлыларымызды асқақтата беруді ұмытпайық!
Авторы: Тұрсынбек КӘКІШЕВ, профессор.
Достарыңызбен бөлісу: |