Сегізінші том қоршаған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне


§ 2.Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік басқарудың мәні және ерекшеліктері



бет2/27
Дата25.12.2016
өлшемі8,53 Mb.
#4913
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27
§ 2.Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік басқарудың мәні және ерекшеліктері
Табиғи байлықтарды дұрыс пайдалануды мемлекет тарапынан басқару тұтас әлеуметтік құбылыс ретінде, жалпы қоғамды басқарудағы кең ауқымды жүйенің бір бөлігі болып саналады. Сондықтан табиғи байлықтарды қорғау және пайдалану саласында басқару органдарының пайда болуы мен дамуы, өзіндік ерекшелігі бар құрделі объектімен яғни табиғатпен байланысты. Онда осы басқарушы органдардың дұрыс қызмет атқаруы мен әрі қарай дамуы, негізінен, қоғамдық процестерді басқарудағы міндеттер мен максаттардың жүзеге асырылуына тәуелді болады. Әдетте мәселенің осы қырына көңіл бөлінбейді. Зерттеушілердің көпшілігі жер, су, орман және тау-кен ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік басқарудың негіздерін қарастырады. Сөйтіп табиғат байлықтарын пайдаланудағы басқару мәселелерін өзіндік ерекшелігі бар тұтас жүйе ретінде табиғаттың сипаты мен ерекшеліктеріне байланыстырып айтады. Осыған сәйкес табиғи ресурстарды пайдалану мен қорғау саласында мемлекеттік басқарудың қажеттілігі туралы тұжырым осы басқарушы жүйенің қажеттіліктерінде ғана негізделген. Түптеп келгенде, мұндай көзқарас негізінен дұрыс болғанымен, табиғи байлықтарды ұтымды басқаруды бір жақты етіп көрсетеді. Қоғам өмірінің басқа салаларындағыдай, қарастырылып отырған қатынастар саласын басқару да қоғамның қалауы мен мүдделеріне тікелей байланысты.

Мемлекеттік басқару дегеніміз не? Табиғатты дұрыс пайдалануды мемлекет тарапынан басқару ерекшеліктері қандай?

Әдебиетте табиғат ресурстарын пайдалану және қорғауды «басқару» ұғымынан өзгеше «басшылық ету» ұғымы да кездеседі. Бұл екі ұғым синоним болғанымен мағынасы бірдей емес. Біздіңше, екеуінің арасындағы айырмашылықтар меншікті билеу құзырлығына байланысты болады. «Басқару» ұғымы меншікті билеу жағдайында қолданылады, ал егер мұндай оперативті билеу қызметі болмаған жағдайда, әңгіме басқару емес, басшылық ету туралы болуға тиіс. Табиғи ресурстар қоғам өмірінің негізі болғандықтан олардың пайдаланылуы мен қорғалуын ұйымдастыруды сипаттау үшін «басқару» термині қолайлы болып табылады.

Заң жайлы әдебиеттерде мемлекеттік басқару ұғымы әрқалай түсіндіріледі. Кейде басқару – қоғамдық қатынастарды реттейтін барлық өкілетті және атқарушы органдар жүйесінің ұйымдастырушы және құқықтық қызметі, адамдардың іс-әрекеттері мен қылықтарына мемлекет тарапынан басшылық ету қызметі деп танылады. Ал кейде мемлекеттік басқару демократиялық қоғамды құру мақсатында Заңдардың орындалуына негізделген мемлекеттік қызметтердің бір түрі ретінде қарастырылады.

Келтірілген анықтамалар, жалпы алғанда, басқарудың мазмұның дұрыс айқындайды. Бірақ олар тым жалпы және оларға сүйеніп халық шаруашылығының нақтылы саласын басқарудың ерекшеліктерін пайымдауға қиындық туғызады.

Соңғы жылдарда жүргізілген зерттеулерде мемлекеттің басқару белсенділігін айқындайтын «қызмет» терминінің орнына, «ықпал ету» терминімен белгілеу үрдісі байқалады.

Мұндай көзқарас, бір жағынан, мемлекеттік басқарудың табиғатынан, оның басқару жүйесінің бөлігі болатынын және жүйе алдында тұрған жалпы міндеттерді бірлесе отырып орындаушы екенін көрсетеді. Екінші жағынан – мемлекеттік басқарудың мазмұнын ашуға осы салада жасалған ғылыми жетістіктерді пайдалануға мүмкіншілік береді. Алайда ықпал етуді мемлекеттік басқарудың жалғыз ғана қасиеті деу кейбір қарсылықтарды туғызады. Әрине мемлекеттік басқаруға ең алдымен билік қызметін атқаруға тән болатындығы даусыз. Басқару барысында өкілеттілігі сай келетін мемлекетік органдар, өздеріне берілген ерекше өкілеттіліктер арқылы кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың және азаматтардың қызметін қоғам қалауына сәйкес болатын арнаға бағыттап отырады. Мұндай бағытта басқару, басқарушы субъектілердің басқарылатын объектілер іс-әрекеттеріне ұйымдастыра ықпал етуі арқылы жүзеге асады. Сондықтан да басқару қарым-қатынастары кейде биліктік қатынастары деп аталады, бірақ бұл жерде мынадай жағдайларды ескеру қажет болады.

Біріншіден, басқару қатынастары, негізінен, дербес тұлғалар арасында пайда болады: айталық, жер қатынастар объектілері жерді пайдалану үшін әкімшілік-құқықтық тәртіппен алынған соң өкілетті ұйымдар ретінде құқықтық қатынастар жасайды. Олардың құқығы, басқа кәсіпорындар мен ұйымдардың алдында ғана емес, сондай-ақ заңда белгіленген жағдайларда, мемлекеттік органдардың алдында да қорғалуға тиіс. Жерді басқару органдары кәсіпорындарға олардың келісімінсіз жерді үйлестіруге құқылы емес. Сондай-ақ олар жер заңы ережелері сақталып пайдаланылатын жер төлемдерін тартып ала алмайды.

Одан әрі, басқарудағы құқықтық қатынастар басқа да қоғамдық қатынастар тәрізді, міндеттер мен құқықтардан тұрады. Басқару субъектілерінің тек құқықтары, ал объектілердің тек міндеттері бар деу қате болады. Құқықтық қатынастарға қатысушы ретінде мемлекеттік басқару органдарына, олардың құзырлығына сай келетін міндеттер де жүктеледі. Басқарушы және басқарылатын жүйелердің іс-әрекеттері, басқару қатынастарынан туындайтын міндеттер мен құқықтарды орындау арқылы үйлесім табады. Сондықтан да басқару субъектілері мен объектілері арасында ықпал қоса өзара ықпал ету де бар.

Екіншіден, нарықтық қатынастар жағдайларында басқарушы жүйеге жүктелген мақсаттар мен міндеттердің дер кезінде және сапалы орындалуына орындаушылар ғана емес, мемлекеттің өзі де, яғни оның басқарушы органдары да мүдделі. Кәсіпорындар мен ұйымдардың жоспар тапсырмаларын орындау үшін бөлінген құралдары дұрыс және тиімді қолданылуы, мемлекет үшін маңызды болып табылады. Сондықтан мемлекет кәсіпорындар мен шаруашылық ұйымдарға табиғи ресурстарды пайдалануға бере отырып, олардың мүлікті тиімді пайдалануы үшін жағдай туғызады. Осы мақсатта мемлекет кәсіпорындардың шаруашылық жүргізудің ең озат түрлерін қолдануы үшін де шаралар жасайды. Мемлекет кәсіпорындарға техникалық, материалдық, ақшалай көмек көрсетеді, сонымен қатар мемлекеттік басқару органдары кәсіпорындардың қызметіне жүйелі түрде бақылау орнатады, бірақ олардың құнделікті шаруашылық қызметіне араласпайды.

Сонымен басқаруда ықпал ету – басты, бірақ жалғыз ғана тәсіл емес. Әдебиетте дұрыс көрсетілгендей, басқарудың оперативты ұйымдастыру қызметі, иландыру, орындалуды тексеру және бақылау, тәртіптік және әкімшілік көндіру сияқты әкімшілік тәсілдерді жетілдіру қажет. Сонымен бірге көздеген мақсатқа жетуде басқарудың басқа да құралдары мен тәсілдері болады. Сондықтан да қоғамдық қатынастардың бұл саласында мемлекеттік басқару белсенділігін белгілеу үшін «ықпал ету» терминінен гөрі, «атқарушы-билеуші қызмет» терминін қолданған жөн. Әкімшілік құқығын зерттеушілер бұл терминді бұрыннан-ақ қолданып келеді. Олар бұл жерде басқаруға – бүкіл мемлекеттік органдардың атқарушы және билеуші қызметі деп анықтама берсе, енді бірде – тек билеуші органдардың атқарушы-билеуші қызметі деген анықтаманы ұсынады. Бұл термин аграрлық-құқықтық әдебиетте кеңінен қолданылуда. Профессор Б.В.Ерофеевтің пікірінше, жер қорын басқару дегенді, мемлекеттің өз органдарының атқарушы-билеуші қызметі арқылы жерді дұрыс және ең тиімді пайдалануды ұйымдастыру құқы деп түсіну керек32.

Осы терминді болашақта қолданған жөн. Мемлекеттік басқарудың мәні, ең алдымен, мемлекеттің ұйымдастыру рөлімен анықталады, ал бұл рөлдің көрінісін мемлекет органдарының атқарушы-билеуші қызметінен айқын аңғаруға болады. Басқару қатынастары шеңберіне енетін субъектілерді тек мемлекеттік басқару органдарымен шектейтін ғалымдармен келісуге болмайды. Шынында да, басқарушы субъектілерге мемлекеттің барлық органдары да жатады, дегенмен олардың кейбіреулері басқару қатынастарына көбірек араласады. Бұл басқару қатынасының сипатына, басқарылатын жүйенің ерекшелігіне байланысты. Сондай-ақ мемлекеттік субъектілеріне қоғамдық ұйымдарды жатқызу да дұрыс емес. Әрине азаматтардың өз еркімен ұйымдасқан ұйымдары тек қоғамдық жұмыстарды басқару үшін пайда болмайды. Қоғамдық ұйымдар өздерінің жарлықтарындағы міндеттеріне сәйкес – саяси, шаруашылық, мәдени-әлеуметтік мәселелерді шешуге араласады. Сондықтан да қоғамдық ұйымдарды мемлекеттік органдармен бірге қоғамды әлеуметтік басқару субъектілері ретінде тануға болады. Мемлекеттік органдарға қарағанда олар ұйымдасқан азаматтардың өкілі ретінде қызмет атқарады. Олардың басқару қызметінің түрлері мен тәсілдері де ерекше болады. Мемлекеттік басқаруға қарағанда, әлеуметтік басқару қызметінің ауқымдылығы кеңірек болады. Әлеуметтік басқару бүкіл қоғамды қамтып, оның негізгі саяси және әлеуметтік-экономикалық құрылымдық қағидаларының тұрақтанып дамуын, қоғам дамуының басты заңдылықтарын пайдалануын және қоғам өмірінің барлық қырларын байланыстырады.

Табиғи ресурстарды пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік басқару дегеніміз – мемлекеттің табиғи байлықтарға меншіктік құқығынан, аумақта билеушілік құқығынан туындайтын табиғат қорғау қызметін жүзеге асырудағы мемлекет органдарының атқарушы-билеуші қызметі. Бұл анықтама табиғи ресурстарды пайдалану мен қорғау саласында мемлекеттік басқарудың мазмұнын толық айқындамайды. Бірақ, біріншіден, басқару – мемлекет органдарының атқарушы-билеуші қызметі; екіншіден, бұл қызмет табиғатты қорғауға бағытталады. Жалпы алғанда, жоғарыдағы анықтама, зан әдебитеттерінде кездесетін нарықтық қатынастар жағдайындағы қоршаған ортаның сапасын мемлекет тарапынан басқару идеясына сәйкес келеді. Өйткені табиғатты қорғаудан ең басты және негізгі мәселе – сапаға кол жеткізу.

Қоршаған табиғи ортаның сапасы – кез келген табиғи ортаға тән: әлеуметтік, эстетикалық, құқықтық, санитарлық-гигиеналық, медициналық, экологиялық т.с.с. нормалар мен стандарттарға сай болатын қасиеттердің жиынтығы. Кей жағдайда, қоршаған ортаның сапасы дегенде, оның адам мен қоғамның қажеттілігін өтейтін табиғатты пайдалану критерийлері мен нормативтеріне сай келетін жағдай деп түсіну қажет. Басқаша айтқанда, табиғи ортаның сапасы дегеніміз – адамның өмір сүруі мен қызметін қамтамасыз ететін табиғат жағдайы, жайы. Осыған сәйкес қоршаған ортаның сапасын басқаруды мемлекеттің табиғатты қорғаудағы қызметінің деңгейімен байланысты деп түсіну кереқ Бұл деңгей жеке адамның да, қоғамның да биологиялық-экологиялық, әлеуметтік-мәдени қажеттілігін бүгінде де, болашақта да кешенді түрде өтеуі тиіс33.

Табиғатты ұтымды пайдалануды мемлекет тарапынан басқару мен қоршаған ортаның сапасын басқару бүтін мен бөлшектей байланысып, сәйкес келеді. Яғни мемлекеттік басқару – табиғатты тиімді басқару жүйесі болғандықтан, жоғары деңгейлі басқа жүйелер де осының бөлігі ретінде көрінеді. Сондықтан жерді, суды, орманды ұтымды пайдалануды басқару, нақтылы басқару қатынастары ретінде жоғары деңгейлі жүйе де, жүйенің бөлігі де, яғни табиғатты дұрыс пайдалануды басқару болып табылады. Жүйенің бөлігі ретінде, сол жүйемен байланыста, үнемі ықпал етуде, тәуелділікте болады.

Сонымен табиғи байлықтарды пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік басқаруды үш негізгі деңгейде бөлек қарастыруға болады: 1)табиғи ортаның сапасын мемлекеттік басқару; 2)табиғатты ұтымды пайдалануды мемлекеттік басқару; 3) табиғат байлықтарының жеке түрлерін ұтымды пайдалануды мемлекеттік басқару. Осыған байланысты табиғатты ұтымды пайдаланудағы қатынастар жүйесі ішіндегі және жүйеаралық басқаруға байланысты қатынастар болып табылады. Жүйенің бөліктері арасындағы басқару қатынастарының сипаты мен мазмұны басқарылатын объектінің ерекшеліктері мен жүйенің өзінің басқаруы мүмкіншілігіне байланысты болады. Бұл қатынастарға жүйенің өз әсері болады, сондай-ақ, қатынастар да жүйеге өз әсерін тигізеді. Осындай өзара ықпал ету процесінің нәтижесінде, қоршаған табиғи ортаның сапасын басқарудағы негізгі мәселе, яғни – бүгінгі және келешек ұрпаққа табиғи байлықтарды сақтау, жетілдіру мәселесі шешімін табуға тиіс. Басқару қатынастарының сипаты мен мазмұны басқарылатын объектінің ерекшеліктері мен жүйенің өзінің басқару мүмкіншілігіне байланысты болады.

Әдебиеттерде кездесетін басқару табиғи байлықтарды тұтынушылармен қоса пайдалы қазба байлықтарына, жер қорына тағы басқа да қатысты болуға тиіс деген пікірмен келісуге болмайды. Әлеуметтік басқарудың бір түрі болғандықтан, мемлекеттік басқару әрқашанда табиғи байлықтарға байланысты болатын мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің және қорықтардың арасындағы қоғамдық қатынастардан байқалады.

Өйткені кеңестік құқық, құкықтық тәртіп мүлікке емес, сол мүлікке қатысы бар адамдардың іс-әрекеті үшін жасалған. Сонымен бірге кей жағдайларда «басқару» термині мүлікке де қатысты жұмсалады. Мысалы, «жерді басқару», «машинені басқару» т.с.с. Мұнда әңгіме әлеуметтік емес, техникалық басқару жөнінде айтылады. Аграрлық құқықтық әдебиетте «жер қорын басқару», «жер қойнауы – байлықтарын басқару», «су қорын басқару» ұғымдарының мағынасы – Жер туралы, Су туралы т.б. Заңдар мен Жарлықтарда бекітілген және «жерді қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару» сияқты т.б. да формулаларға сай келеді.

Табиғи байлықты қорғау мен пайдалану саласындағы басқару мемлекеттік органдардың атқарушы-билеуші қызметі ретінде жүзеге асырылғанда, көптеген мақсаттарды көздейді. Сондықтан бұл басқарушы жүйенің тиісті қызмет атқаруын камтамасыз ету үшін басқарудың басты мақсатын айқындау қажет. Ол мақсат – ең алдымен, объектінің ерекшеліктерімен байланысты болады.

Әдебиетте айтылған табиғи байлықтарды пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік басқару мәселесінің әкімшілік құқығы және табиғи ресурстар құқықтарының (жер, су, тау-кен, орман құқығы) пәндерде алатын орны туралы әртүрлі пікірлерді былайша анықтау қажет сияқты: әкімшілік құқық – мемлекеттік басқарудағы ұйымдастыру мәселелерін зерттейді (мемлекеттік органдардың аппаратының құрамын, түрлерін және жұмыс тәсілдерін, кадрларды тағайындау, бөлімдердің арақатынасын т.б. анықтау); жер, орман, су құқығы – табиғи байлықты қорғау мен пайдалануды ұйымдастыру мәселелерімен (жер кадастрын жүргізу, жоспарлау, бақылау, бөліп беру, қайтып алу т.б.) айналысады; жерге, суға, пайдалы қазба байлықтарына, орманға мемлекеттік меншік құқығының болуы – табиғатты пайдалану саласындағы басқару ерекшелігін анықтайды. Сондықтан да әкімшілік құқығы оқулықтарының ешқайсысында табиғи байлықтарды қорғау мен оны пайдалану саласындағы мемлекеттік басқаруга арналған шағын да, бірде бір тарауды кездестіре алмауымыз кездейсоқ жағдай емес. Профессор Н.И.Красновтың пікірінше, «Мемлекеттік басқарудың бір бөлігі. ретіндегі жер қорын басқару, әкімшілік құқық жүйесіне де, жер құқық, жүйесіне де кіреді»34. Мұнымен келісуге болмайды, өйткені бір қатынас (оны реттейтін тәртіппен қоса) бір мезетте әкімшілік құқығымен және жер құқығымен бірге бола алмайды. Жер қорын басқарудағы қатынастардың мазмұны мен қызметі, өзіндік ерекшелігі бар құқық объектісі жермен де байланысты екенін ескеру қажет. Сондықтан жер құқығы теориясына сәйкес, жерге қатысты қатынастардың барлығы да тек жер құқығы пәні болып табылады.

Табиғи ресурстарды қорғау мен пайдалану саласындагы мемлекеттік басқарудың объектісі – жер, жер қойнауы, су, орман және өзіндік ерекшеліктері бар табиғи ресустар. Басқарудың негізгі мақсаты – бүгінгі және келешек ұрпақтың мүддесіне сай олардың минералды шикізатқа, су және орман ресурстарына, таза ауаға т.б. мұқтаждықтарын өтеу үшін осы байлықты ұтымды пайдалану және қорғау болып табылады. Осы саладағы кеңестік мемлекеттік басқарудың ең негізгі ерекшелігі осындай. Ал басқа ерекшеліктер осыған бағынышты сипатта болады.

Сонымен бірге, нақтылы объектілерді алғанда, негізгі мақсаты әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, қазба байлықтарды пайдалану мен қорғау саласында мемлекеттік басқарудың негізгі мақсаты – пайдалы кендердін толық өндірілуін қамтамасыз ету. Тіпті кейбір пайдалы кен орындарының шаруашылық есеппен жабылуы жағдайында мемлекеттік басқарудың негізгі мақсаты – олардың сақталуын көздейді.

Су ресурстарын басқарудың негізгі мақсаты – суды пайдалануды ғылыми тұрғыдан негіздеп, тиімді пайдалануды қамтамасыз ету, судың ластануын, сарқылмауын қадағалау болып табылады.

Хайуанаттар әлемін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқарудың ерекшелігі – жабайы жануарлардың табиғи жағдайда сақталуымен байланысты.

Орман ресурстарын басқару – орманды дұрыс пайдалану, қорғау, құзету, өсіру.

Халық шаруашылығы мен тұрғындардың ағаштан жасалатын өнімдерге қажеттілігін өтеу үшін орманның өнімділігін арттыру. Ормандардың ылғалды сақтаушы, қоргандық, климат реттеуші, санитарлық-гигиеналық, сауықтырғыш және т.б. көптеген касиеттерін арттыру.

Жеке объектілерге байланысты мемлекеттік басқарудың ең басты міндеттері тиісті нормативті актілерде көрсетілген. Осы міндеттерді шешудің нақтылы мақсаттары айқындалған. Нақтылы мақсаттарды айкындау – тиісті мемлекеттік органдардың арасында басқару қызметтерін дұрыс бөлуге, жүргізілетін жұмыстарды жүзеге асыру мерзімдерін нақтылауға т.б. көмегін тигізеді.

Әлеуметтік фактор ретінде табиғи байлықтарды қорғау мен пайдалану саласындағы басқару, нарықтық қатынастардың дамуына сәйкес, қоғамдық қатынастарға барлық құралдарды қолдана отырып ықпал етеді.

Табиғи ресурстарды пайдалану мен қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды дамытып жетілдіру үшін мемлекеттік басқару органдары құқыктық құралдарды кеңінен қолданады. Қазіргі заңға сәйкес табиғатты пайдалану ережелерін бұзушылар қылмыстық, тәртіптік және материалдық жауапкершілікке тартылады.

Кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер мен азаматтар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңның бұзылуы салдарынан келтірілген шығынның орнын толтыруға міндетті. Лауазымды адамдар мен басқа да қызметкерлердің жіберген қателіктерінен пайда болған шығын үшін, белгіленген тәртіппен материалдық жауапкершілікке тартылады.

Табиғатты қорғаудағы қатынастарға ықпал ету құралдары жөнінде әңгіме болғанда, бір нәрсені ескеру қажет, ол – басқаруды «мақсатқа жету үшін кез келген құрал жарай береді», «мақсат құралды ақтап алады» деген қағидамен сыйыспайтындығы. Мұратқа жету үшін адамдардың мүддесіне қайшы келмейтін құралды таңдаған абзал. Табиғи ресурстар мемлекет меншігі болғандықтан, табиғатты қорғау мен пайдалану саласындағы мемлекеттік басқарудың экономикалық негізі, осы мемлекеттік меншік болып табылады. Сондықтан құралдарды пайдаланғанда, олар халық шаруашылығының дамуына және табиғат қорғау қатынастарының дамып жетілуіне ықпал етуі тиіс. Қоршаған ортаны қорғау керек деп халық шаруашылығын ақсатып алмай, сондай-ақ экономиканың дамуы үшін табиғи ресурстарды талан-таражға түсіруге де болмайды. Яғни экономикалық және экологиялық мүдделер бірге қарастырылғаны абзал.

Нарықтың дамуы – табиғаттың қорғалуымен, ұтымды пайдалануымен тығыз байланыста қарастырылады. Осы саладағы міндеттерді шешу – мемлекеттік басқарудың алдына қойылатын заманның негізгі талабы.

Экологиялық және экономикалық мүдделердің үйлесім табу қағидасы мемлекет дамуының әр кезеңінде әртүрлі көрініс табады. Оған өндірістік қатынастар мен өндірістік құштердің даму деңгейі, қоғамның жетілуі, қойылған мақсаттардың сипаты т.б. әсер етеді. Мысалы, Кеңестік үкіметтің алғашқы жылдарында соғыстан кейін қираған шаруашылықты қайта қалпына келтіру кезеңінде табиғи ортаны қорғауға үлкен мән берілсе де, мемлекеттік басқаруда экономиканың экологиядан жоғары қойылғаны мәлім. Нарыққа көшкен кезде де экологиялық мәселелер экономикалық мәселелермен тең дәрежеде қарастырылған жоқ.

Заң ғылымдарының кандидаты Тәукен Қайырлының пікірі бойынша, «Экология мен экономиканы ұштастыру шегінде Семей өңірін айрықша экономикалық-экологиялық аймаққа жатқызуды ұсынады. Басты себеп, ядролық сынақтан зардап шегуші жергілікті ұлт өкілдері ата қоныстарын тастап, өзге өңірге көшуге (экологиялық миграция) ықылассыз. Сондықтан Семей өңірін айрықша экономикалық аймақ деп танып, жергілікті және шетел инвестицияларын тарту арқылы экологиялық жағдайды сауықтыру жөнінде ғылыми тұрғыдан соңғы ұсынысын енгізеді»35.

Нарықтық қатынастарға көшу жағдайында экономика мен экология мүдделерін қатаң түрде ескеру негізінде әртүрлі қоғамдық қатынастардың құқықтық сақталуы өмірдің талабы болып табылады.

Табиғатты қорғауда мемлекеттік басқарудың тәжірибелік, ұйымдастырушылық қызметі белгілі бір іс-әрекет кешенінен тұрады. Ол –басқару қызметтері деп аталады. Қызметтің мазмұны табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қорғауды ұйымдастырудың талабына байланысты болады. Табиғи байлықтардың ерекшелігін ескере отырып, мемлекеттік басқарудың мынадай қызметтерін бөлек қарастыруға болады: табиғи объектілерді қорғауды және пайдалануды жоспарлау, мемлекеттік жер қадастрларын жасау, табиғат объектілерін реттеу, олардың пайдалануы мен қорғалуына бақылау жүргізу, табиғи объектілерді пайдалануда туындайтын даулы мәселелерді шешу.

Мемлекеттік басқарудың аталған қызметтері жер, жер қойнауы, орман, су және т.б. табиғи объектілерді орынды пайдаланудағы ұйымдастырушылық қатынастарды қамтиды. Сонымен бірге кейбір табиғи ресурстардың ерекшеліктері бар. Мысалы, суды қорғау мен ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік басқаруға судың зиянды әсерінің алдын алу мен сол әсердің салдарын жою мәселесі де кіреді.

Ал «Орман туралы» Кодексте орман шаруашылығын жүргізу ережелері де анықталған.

Сонымен қатар жерді мемлекеттік басқару құқықтық қатынастардың объектісіне профессор Ә. Бектұрғанов мыналарды жатқызады:

1) Жер туралы заңдар, заңдық актілер қабылданып, жер құқық қатынастарын реттеу, оның негізгі мақсаты жер қорларын ұтымды пайдалануды, әлеуметтік және экономикалық қажеттіктер үшін тиімді пайдалануды ұйымдастыру және іске асыру. Ол ЖТЖ-тың 2-бабында толық айтылған;

2) Жер қорын ұтымды пайдалануды және жер заңдарының жүзеге асырылуын бақылау;

3) Жерге орналастыру, жер мониторингісі, жер қадастры саласындағы жұмыс-қызметтерді ұйымдастыру және жүзеге асыру36.

Бұдан басқа кейбір объектілерді қорғау және пайдалану процесін басқаруға бірқатар жаңа қызметтерді де жатқызуға болады. Мысалы, тау-кен заңында жер асты байлықтарын зерттеудегі геологиялық жұмыстарды тіркеу, минералды шикізаттың сапасын анықтау, пайдалы кендердің қорларын тіркеу және есептен шығару сияқты т.б. қызметтер бекітілген.

Табиғи объектілерді басқару қызметтері өзара тығыз байланыста болады. Жеке алғанда әр қызмет табиғи ресурстарды қорғау мен ұтымды пайдалану міндеттерін шешуге өз үлесін қосады. Мысалы, жоспарлау арқылы табиғи байлықтарды игеру кезегі, тау-кен өндірісінің, ауыл шаруашылығының, орман шаруашылығының және т.б. дамуы анықталады. Өндіріс құштерін мақсатты және тиімді орналастыруда табиғи объектілердің қорғалуы мен ұтымды пайдалануын жоспарламау мүмкін емес. Бұл мәселеге қазіргі Заңда үлкен мән берілген.

Аталған саладағы кейбір қызметтер бірнеше міндет атқарады. Мысалы, табиғи байлықтарды қорғауға және пайдалануға байоанысты дауарды шешу, табиғи байлықтарды пайдалануды бақылау мен қадағалау мемлекеттің басқару қызметіне ғана емес, сонымен қатар құқық қорғау қызметіне де жатады. Табиғат объектілерінде мемлекеттік меншік құқығының жүзеге асырылуы тұрғысынан қарағанда, табиғи ресурстарды бөлу және қайта бөлу қызметі ерекшеленеді. Осы қызмет арқылы мемлекет табиғи объектілердің құқықтық тағдырын анықтап, меншік иесі ретінде өз құзырлығын билік арқылы танытады. Табиғи байлықты тиімді пайдалануды ұйымдастырудағы мемлекеттік басқарудың басқа да іс-әрекеттері, әдетте пайдаланудан кейін ғана жүзеге асады. Екінші жағынан, бұл қызмет табиғи ресурстарды пайдаланудағы қатынастардың туындауына негіз болады. Табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болғандықтан, кәсіпорындардың субъектілік құқықтары, мемлекеттік құзыретті органдардың заңда белгіленген тәртіппен оларға табиғи ресурстарды игеруге бергеннен соң ғана туындайды. Бұл жер, су, орман, жер қойнауы және т.б. табиғи объектілер құқықтарының негізгі ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Сондықтан да табиғи ресурстарды бөліп беру немесе қайта бөлу қызметі, табиғи байлықтарды игеру саласында пайда болатын қатынастарды, құқықтық реттеудің негізі болып табылады. Мемлекеттік басқарудың басқа элементтеріне қарағанда, осы қызметке құқықтық сипат тән болады.

Табиғи ресурстар қорының мемлекеттік кадастрын есепке алу және жүргізу қызметінің орны ерекше. Табиғи байлықтарды есепке алу, олардың саны мен сапасын, ауыл шаруашылығының қажеттідігін өтеу үшін пайдаланылуы туралы деректерді анықтау мақсатында жүргізіледі. Сондықтан жерді, суды, орманды, жер қойнауын және тағы басқа табиғат объектілерін қорғап, пайдалануда оның маңызы зор. Есепке алудың негізгі элементі – кадастр болып табылады.

Хайуанаттар әлемінің кадастрына жануарлар түрлерінің саны, географиялық таралуы, оларға қажетті жерлердің сипаты т.б. деректер енеді. Мемлекеттік су кадастрына судың сапалық және сандық көрсеткіштерінің есепке алынатын деректері, суды пайдаланушыларды тіркеу және судың пайдаланылуы туралы деректер кіргізіледі. Пайдалы кендер кадастрына әрбір кен орнындағы негізгі және қосымша пайдалы кендердің мөлшері мен сапасы, олардағы компоненттер туралы мәліметтер, тау-кен техникалық, гидрогеологиялық және т.б. кен орнын игеру жағдайлары туралы мәліметтер мен оның геологиялық-экономикалық бағалануы, әрбір пайдалы кен туралы деректер болуға тиіс. Табиғи ресурстар қорларының кадастрлары мен есепке алудың құқықтық маңызы, табиғи байлықтардың игерілуін жоспарлауға, қорғауға, пайдалануға, оларды кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар және азаматтар арасында бөлуге не қайта бөлуге негіз болуында.

Табиғи байлықтарды пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік басқару қызметтерін талдай келе мынадай жағдайларға назар аудару қажет.

Біріншіден, табиғат байлықтарын қорғау мен пайдалану саласындағы басқарылатын жүйе мемлекеттік және жеке меншік объектілері, таусылатын не таусылмайтын ресурстар болғандықтан, нақтылы өмірде басқару қызметтері әртүрлі көрініс табады. Мысалы, хайуанаттар әлемін қорғау мен пайдалануды ұйымдастыру, жерді, жер қойнауын, орманды, суды қорғау мен пайдаланудан өзгеше болады. Бұл –хайуанаттар әлемін қорғау, олардың өмір сүру ортасын көбейту жағдайлары мен миграция жолдарын қорғау, оларды қырылып-жойылудан сақтау, қорықтар жасау, сирек кездесетін және жойылу қаупі бар жануарларды қолда өсіру т.с.с шараларды қолдану арқылы жүзеге асады.

Мемлекет меншігіндегі объектілерді басқарудың өз ерекшеліктері бар. Жер қорын басқару мен орман, су қорларын басқару арасында да айырмашылықтар бар. Жер қойнауын басқару да орман, су қорларын басқарудан өзгеше болады.

Екіншіден, табиғи байлықтарды қорғау мен пайдалану салаларын мемлекет тарапынан басқару қызметтеріне тұрақтылық тән болады. Осыған байланысты мемлекет табиғатты қорғаудағы қатынастарды әрі қарай дамытады. Бірақ әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өзгеруіне, өндіруші құштер мен қатынастардың өсуіне байланысты қызметтердің сипаты мен мазмұны өзгеріп, оларды жүзеге асыру тәсілдері мен түрлері жетіле түседі. Мемлекеттің даму кезеңіне сай кейбір қызмет түрлері жойылып, олардың орнына өндірістік қатынастардың даумындағы объективті заңдылықтарға сәйкес келетін басқа қызметтер пайда болады. Мысалға: табиғатты тұтынушылардың шаруашылық дербестігі нығайып, мемлекет алдында табиғатты қорғау кызметінің дамуы мен оны жетілдіру мәселесі пайда болғаннан соң ғана, кадастрларды жүpгiзу және табиғи байлықтарды экономикалық тұрғыдан бағалау қызметі пайда болады. Соңғы жылдарда табиғат ресурстарының қорғалуы мен пайдаланылуын жоспарлау қызметі елеулі өзгеріске ұшыраған.

Үшіншіден, табиғи байлықтарды қорғау мен пайдалану саласындағы басқару қызметі мемлекет атынан жүзеге асырылып көпқырлығымен және барлығын қамту қасиетімен сипатталады. Бұл меншік кұқығына негізделген, шаруашылық ішіндегі табиғат байлықтарын басқару қызметімен салыстырғанда елеулі ерекшелік болып есептеледі. Өйткені шаруашылық ішіндегі басқару, табиғат тұтынушылардың атынан жүргізіліп, тек осы меншік иелеріне бағынатын тұлғаларға ғана қатысты болады. Сондай-ақ осы қызметтердің пайда болуы, жүзеге асу түрлері мен тәсілдері т.б.сияқты өзгешеліктері бар.

Төртіншіден, мемлекеттік басқарудың қызметтері, табиғи ресурстарды қорғау мен пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастардың дамуы мен жетілуінің объективті жағдайларын көрсетеді. Сондықтан олар басқару органдарының пайда болуыңда, олардың жұмыс түрлері мен тәсілдерінің қалыптасуында маңызы зор.

Табиғи ресурстарды қорғау мен пайдалану саласындағы процестерді ғылыми тұрғыдан басқару үшін мемлекеттік органдардың басқару қызметтерінің толық тізімін анықтау қажет.



Каталог: olderfiles
olderfiles -> Л. А. Автотрофные технологии освоения космоса / Вопросы. Гипотеза. Ответы: Наука XXI века : Коллективная монография
olderfiles -> Встречи в пути. Самому замечательному человеку,повстречавшемуся мне
olderfiles -> Сабақтың мақсаты: Оқушыларға зат есім жайлы түсінік бере отырып, сұрақтар қоя білуге үйрету
olderfiles -> Әлеуметтік-мәдени, КҮнделікті қатысым саласындағы коммуникативтік қҰзыреттік мазмұНЫ
olderfiles -> Мейірімді жүрекпен, Ақпейілді тілекпен, Амандасып алайық
olderfiles -> Учебные пособия по налоговому праву: Мухитдинов Н. Б., Найманбаев С. М., Серимов У. С., Сман Б. У. «Салықтық заңдарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік»
olderfiles -> Учебные пособия по вопросам финансового и валютного права: Мухитдинов Н. Б., Найманбаев С. М., Серимов У. С. «Қаржы саласындағы басқарудың құқықтық негiздерi»
olderfiles -> L. A. Zapekina School n 83 novokuznetsk 2008 Glad to See You, Boys and Girls! Let`s Start Learning


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет