Сейітқасымов А. А., Шапкенов А. А. Қазақстан тарихы деректануы пәнінен оқу-әдістемелік құрал


көтерілістері тарихының деректері



бет6/8
Дата15.09.2017
өлшемі1,65 Mb.
#32263
1   2   3   4   5   6   7   8

көтерілістері тарихының деректері.

1. 1836-1838 жж. Бөкей Ордасындағы шаруалар көтерілісі тарихының

деректері.

2. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс тарихының

деректері.

3. 1916-жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тарихының деректері


1. 1836-1838 жж. Бөкей Ордасындағы шаруалар көтерілісі тарихының деректері. ХІХ ғ. деректерінің ақпаратына тән ерекшелік қазақ даласында көтерілістердің бірнеше ошақтарының тууы болды. Бөкей Ордасындағы шаруалардың Исатай Тайманов бастаған 1836-1838 жж. бой көрсетуімен бір мезгілде дерлік Орта жүз бен Кіші жүзде патша өкіметіне қарсы Кенесары Қасымов бастаған көтеріліс (1837-1847) бұрқ ете түсті, кейінірек 1856-1857 жж. Жанқожа Нұрмұхамедов басқарған Сырдария өңірі қазақтары тәуелсіздік жолындағы күреске көтерілді, ал 1855-1858 жж. Кіші жүз аумағында Есет Көтібаров басшылық еткен қазақтар Орынбор жазалау отрядтарына қарсы қимыл жасады. Қазақ шаруалары бой көрсетулерінің арасында ұзақтығы жөнінен де, қарқындылығы жөнінен де айырмашылық болды. Алайда, құжаттар бұл көтерілістердің негізгі қозғаушы күші өз бостандығы мен дербестігін қорғаған қазақ шаруалары болғандығын растайды. Қазақтардың өз жерін Ресейге қосу аяқталғанға дейінгі өкімет орындарына қарсы бой көрсетулері туралы алуан түрлі фактілер бар бірқатар тарихи материалдар жалпы Түркістанды жаулап алуға қатысты ертеректе жарық көрген жарияланымдарда оқырмандар назарына жеткізілді.

1930-жылдарда кеңестік тарих ғылымында патшалық Ресейдің ұлттық шет аймақтарындағы азаттық қозғалыстарының тарихы мұрағат материалдары бойынша іздестірілді. Мұрағатшылар көтеріліс мәселелерін және Исатай Таймановтың патша мен ханның билік орындарымен көтеріліс кезеңіндегі өзара қатынастарындағы жеке рөлі көрсетілетін бірнеше құжат жариялады. Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатының қорларында жинақталған құжаттар мен материалдар жинағында Бөкей Ордасындағы көтеріліс мейлінше толық деректі көрініс тапты. Қазақ және орыс тілдеріндегі құжаттар көтеріліс туралы жинақталған білімді толықтыра түседі және Бөкей Ордасындағы қазақ қоғамының қалың тобы наразылығының себептерін, көтеріліс қамтыған аумақты, көтерілісшілердің әлеуметтік-рулық құрамын, күрестің қиын-қыстау жағдайларында Исатай Таймановтың жалтақтық көрсетуінің негізгі сырын, патша өкіметі орындарының Жәңгір ханмен хат алысуының басты себептерін, олардың халық бұқарасымен күресінің әдістерін және басқа мәселелерді неғұрлым толық анықтауға мүмкіндік береді.

2. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс тарихының деректері. «XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қатынастары» және «XVIII-ХІХ ғғ. қазақ-орыс қатынастары» атты құжаттар мен материалдар жинақтарындағы материалдар – қазақтардың Ресеймен, соның ішінде Кенесары Қасымовтың көтерілісі кезеңіндегі өзара қатынастарының экономикалық, сауда-саттық және басқа да жақтарын ашып береді.

Он жылдай уақытқа созылған және үш жүздің едәуір бөлігін қамтыған Кенесары Қасымов бастаған көтерілістің тарихы бойынша «Қазақ халқының Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық күресі» деген құжаттар жинағы да бар. Онда 1837-1855 жж. кезеңіне қатысты материалдар мен құжаттар жинақталып, археогеографиялық тұрғыдан баяндалған. Олар көтерілістің барысын, онда іске қосылған күштерді жан-жақты анықтауға мүмкіндік береді, көтерілісшілер жағындағы ең белсенді рулардың нақты атаулары беріледі. Кенесарының император І Николайға көтерілісшілердің негізгі талаптары айтылған хаты мазмұны жағынан зерттеушілердің қызығушылығын туғызады. Батыс Сібір губернаторына жолданған хаттарда көтерілісшілердің бағдарламалық талап-тілектері айтылған. Материалдарда көтеріліс басшысының белгілі бір нақты ұрыс қимылдарындағы тактикалық ойларын, көтерлісшілердің Ұлы жүз жеріне, Шу мен Іле жағалауларына кету себептерін, қазақ халқына қарсы жазалау отрядтарының белсенділігін, соңғы шайқастардың және Кенесары Қасымовтың қаза табуының мән-жайлары ашып көрсетіледі. Сонымен көтерілістің тарихы мен оған қатысушылардың рөлі жөнінде әр кезде және әр түрлі басылымдарда жарияланған жекелеген үзінділер енді құжаттардың арнаулы жинағымен елеулі түрде толықты, ол елеулі және өмірлік тақырыпты игеруде пайда болған бос орынды едәуір толықтырады. Сырдария өңірі қазақтары кішкене-шекті руларының Жанқожа Нұрмұхамедов және Есет Көтібаров бастаған көтерілісі туралы деректі материалдардың жариялануы жөніндегі жағдай да осындай. Қазақстанның Ресейге қосылуы кезеңіндегі, XVIII-ХІХ ғғ. халық азаттық қозғалысының әр түрлі кезеңдерінің деректік базасы бұдан кейін де игеруді күтіп тұр, мұның өзі маңызды тақырыпты зерттеуде теориялық-методологиялық көзқарас әзірлеуге белгілі бір дәрежеде әсер етеді.

3. 1916-жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тарихының деректері. 1916-жылғы көтеріліс туралы деректерді жинау, жүйеге келтіру және жариялау жөнінде жұмысты И. А. Чекалинский мен С. Асфендияров атқарып, алғашқы библиографиялық еңбектерді жариялады. Шығыс еңбекшілерінің революциялық дәстүрлеріне едәуір көңіл бөлген «Красный архив» журналы іздестіру және мақала жариялау жұмысында айтарлықтай рөл атқарды.

1916-жылғы көтерілістің 20 жылдығына қарай Орта Азия мен Қазақстандағы құжаттар қоры бірқатар бағалы жарияланымдармен байыды.

Орта Азия мен Қазақстанның Қазан революциясына дейінгі кезеңдегі тарихына арналған Біріккен ғылыми сессияның 1917-жылға дейінгі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерді зерттеу үшін зор маңызы болды. Проблемалар кешенінде Орта Азия мен Қазақстанның кеңестік дәуірге дейінгі тарихын кезеңдерге бөлу туралы мәселе ерекше маңыз алды. Бұл сессияда қабылданған кезеңдер: 1) Қазақстан аумағындағы алғашқы қауымдық құрылыс; 2) Қазақстан аумағында феодалдық құрылыстың қалыптасуы мен дамуы; 3) Қазақстанда капиталистік қатынастардың дамуы және патриархаттық-феодалдық қатынастардың ыдырауы; 4) Қазақстан Ресейдегі империализм кезеңінде.

Қазақстанның революцияға дейінгі тарихы жөнінде деректі материалдардың басып шығарылуы ғалым-тарихшылар мен Қазақ КСР мемлекеттік мұрағаты қызметкерлерінің ғылыми әлеуеті өскендігінің маңызды көрсеткіші болды.

1916-жылғы ұлт-азаттық күрес тарихының деректік базасы кеңейді: КСРО Ғылым академиясының Тарих институты, Бас тарих мұрағат басқармасы, Орта Азия мен Қазақстанның Ғылым академиялары аймақтағы 1916-жылғы көтеріліс туралы құжаттарды қорытатын жинақтар жариялады. Құжаттардың көпшілік бөлігі бірінші рет жарияланды, бірақ олардың құрамына бұрын жарияланған материалдар да енгізілді. Жинақ материалдарын мұқият және жан-жақты зерделеу проблеманың фактографиялық негізін әлдеқайда кеңейте түсті, патша өкіметіне қарсы ұзаққа созылған, табанды және жанқиярлық күреске Орта Азия мен Қазақстан халықтарының зор үлес қосқанын дәлелдейді деп пайымдауға мүмкіндік береді.

1998-жылы жарық көрген «Қаһарлы 1916 жыл» деген құжаттар мен материалдар жинағында оқиғалардың географиялық ауқымы кеңейтілген, Қытайдағы босқын-қазақтардың жағдайын және өкімет орындарының оларды қайтару жөніндегі әрекеттерін ашып көрсететін құжаттар, сондай-ақ майданға жақын өңірдегі тыл жұмысшыларының жағдайы, олардың қорғаныс жұмыстарына пайдаланылуы туралы материалдар жарияланған. Түп-негізінде қазақ зиялыларының өкілдері белсене қатысқан құжаттардың жариялануы елеулі жетістікке айналды және бұл деректер Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, М. Дулатовтың, М. Тынышбаевтың және басқаларының 1916-жыл оқиғаларына көзқарасының мәні мен мазмұнын көрсетеді. Сөйтіп, зерттеушілер қазақтардың ХХ ғ. басындағы интеллектуалдық саңлақтар тобының көзқарастарын ғана емес, сонымен қатар олардың патша өкіметіне қарсы қазақтардың ұлт-азаттық күресінің ең жоғары өрлеу жылдарындағы практикалық қызметінің толық көрінісін де бейнелейтін, бұрын қол жетпей келген деректер алды. Біздің нақ осы тұрғыдан қарайтындарымыз: 1916-жылғы 7 тамыздағы № 15 құжат – Торғай, Орал, Ақмола, Семей, Жетісу облыстарының қазақ халқы өкілдерінің тыл жұмыстарына жұмылдыруға және шақыруды жүзеге асыру жөнінде қажетті шаралар жүргізуге халықтың қарсы шығуы туралы жеке кеңесінің хаттамасы; № 2 құжат – 1916-жылғы тамыз – Орынбор губерниялық жандарм басқармасы бастығының агенттік мәліметтер бойынша А. Байтұрсыновтың, Ә. Бөкейхановтың және М. Дулатовтың үкіметке қарсы әрекеті туралы Торғай облысының әскери губернаторы М. Эверсманға хабарламасы; 1917-жылдың 5-25 ақпанындағы № 86 құжат – Черняев уезі 4-ші учаскесін бітістіруші судьясының М. Тынышбаевтан Жетісу обылысындағы көтерілістің себептері мен барысы туралы жауап алуының хаттамасы; № 80 құжат – М. Дулатовтың 1917-жылғы 8 қаңтардағы «Қазақ» газетіндегі мақаласы; 1917-жылғы 25 ақпандағы № 97 құжат – Торғай әскери губернаторының М. Дулатовтың оны земстволық қалалық одақтан бұратаналық полкке жіберуіне байланысты қызметі туралы агентуралық мәліметтер хабарланған қатынасы. Қазақ қоғамы сана-сезімінің өскенін білдіруге құқығы бар зиялылар мүдделерінің кең ауқымын ашып көрсетуге Ә. Бөкейхановтың (№ 2 құжат), М. Дулатовтың (№ 9 құжат) жинақта берілген мақалалары мен Қазақстанның бірқатар облыстары бойынша 1916-жылғы көтеріліске қатысушылардың басқа да құжаттары себін тигізеді.


Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

1) Мұрағат материалдарының Бөкей Ордасындағы Кіші жүз шаруалары көтерілісінің себептерін, қамтыған аумағын, барысы мен жеңілу себептерін айқындаудағы деректемелік маңызын ашып көрсетіңіз.

2) Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың тарихы туралы шынайы тарихи деректерге қандай құжаттарды жатқызуға болады?

3) 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тарихы бойынша деректердің түрлеріне сипаттама беріңіз.

4) ХХ ғ басындағы қазақ зиялыларының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс жөніндегі ұстанымын олардың еңбектерінің мазмұнымен танысу арқылы анықтаңыз.

ХІІІ тақырып: ХІХ ғ. 2-ші жартысы – ХХ ғ. басындағы мерзімді



баспасөз материалдары тарихи дерек ретінде.

1. «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті».

2. «Айқап» журналы.

3. «Қазақ» газеті.


1. «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті». ХІХ ғ. 2-ші жартысы – ХХ ғ. басындағы Қазақстанның жергілікті мерзімді баспасөзіндегі тарихи материалдар аз емес. Бұлар – қазақ және орыс тілдеріндегі газеттер, альманахтар, жинақтар. Олардың жұмысына саны шағын зиялылар тартылды. Қазақ тіліндегі мерзімді баспасөздің алғашқы басылымдары «Түркістан уәлаятының газетін» (1870-1882), «Дала уәлаятының газетін» (1888-1902) отаршылдық өкімет органдары құрды. Біріншісі Ташкентте шығып тұрды және Түркістан генерал-губернаторлығының ресми органы болды, ал екіншісін Омбыда Дала генерал-губернаторлығы шығарды (1902-жылдан кейін олар Ақмола және Жетісу облыстарының «Ведомостарына» қосымша ретінде шығарылды). Өкімет орындарының өкімі бойынша бұл басылымдар Қазақстанды отарлауды нығайту және Шығыстағы бодандарды рухани жағынан бағындыру мақсатымен шығарылды. Отаршылдық әкімшілік мұнда патша жарлықтарын, үкімет ұйымдарының өкімдерін басты, отарлық шет аймақтарды игеру үрдісін жазды, бұратаналарға көзқарас жөнінде «өркениеттілік миссияны» жүзеге асырған империялық саясаттың мәнін түсіндірді.

Сондай-ақ бұл басылымдар ақпараттық-анықтамалық сипатта болды. Сонымен қатар газет ұйымдарына империяның қамқорлығындағы отарлық өлкенің тұрмыс салтын насихаттау миссиясы жүктелді. Осы мақсатпен ресми емес бөлімде түркі халықтарының тарихы, этнографиясы мен әдебиеті жөніндегі материалдар жарияланды.

Бұл газеттердің беттерінде А.С. Пушкиннің, Л.Н. Толстойдың, И.А. Крыловтың, М.Ю. Лермонтовтың, Г.И. Успенскийдің туындылары, ғылым мен техника саласындағы жетістіктер туралы ақпарат аударылып басылды, өлкені шаруашылық жағынан игеру тәжірибесі қорытылды. Қазақ халқының тарихы жөніндегі, мақал-мәтелдер туралы, халықтың ауызша шығармашылығы, айтыстар туралы жарияланымдар қазақ оқырмандарының зор ынта-ықыласын туғызды. «Түркістан уәлаятының газеті» беттерінде 1870-жылы бірінші рет қазақ тілінде Ш. Уәлиханов туралы мақала жарияланды. Орыс оқырмандары Ы. Алтынсариннің, А. Құнанбаевтың, М.-Ж. Көпеевтің орыс тіліне аударылып берілген туындыларымен бірінші рет танысты. Ш. Құдайбердиев, Ә. Бөкейханов, О. Әлжанов, Ж. Ақбаев және басқалар «Дала уәлаятының газетінің» белсенді авторлары болды.

Алайда, отаршылдық өкімет орындарының бұл ресми басылымдарын қазақ халқының рухани тәлімгерлері, оны оқу-ағартудың тірегі болды деп санау орасан әсірелеп айтқандық болар еді. Олар негізінен империяның отаршылдық саясатын жүргізушілер болды. «Түркістан уәлаятының газетінің» 323 нөмерінде жарияланған 633 мақаланың үштен бір бөлігі Ресеймен көрші мемлекеттермен қатынастарына, империялық сыртқы саясатты негіздеуге арналғанын айтса да жеткілікті. Зерттеушілер С. Зиманов пен К. Ыдырысовтың «бірақ бұл газеттер, патша үкіметінің ой-ниетіне қарамастан, жалпы алғанда өлкенің қоғамдық өмірінде игі рөл атқарды» дегені бұл мерзімдік басылымдардың жағымды ықпалын да айқын аңғартады.

2. «Айқап» журналы. ХХ ғ. бас кезеңі үшін қазақ тіліндегі ірі мерзімді басылым «Айқап» журналы (1911-1915) болды. Журнал жаңалық, озық қадам атаулыны жақтады, шаруашылықтың жаңа нысандарын және тауар-ақша қатынастарын дамытуды насихаттады. Оған қазақ зиялыларының демократиялық ниеттегі өкілдері: Мұхамеджан Сералин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Спандияр Көбеев, Бақытжан Қаратев, Жансұлтан Сейдалин, Әбдіғазиз Мұсағалиев және басқалар жазып тұрды.

Журналдың бірінші нөмірінде М. Сералин оқырмандарға басылымды құрудың ұзаққа созылған оқиғасын түсіндіріп берді: «Біз бір-бірімізді үнемі... кінәлап жүрдік... Басымыз қосылмады. ...Біздің қазақтың неше жерден «қап» деп қапы қалған істері көп. «Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге ылайық «Айқап» болды». Журналдың «Оқиғалар» айдарынан көрініп отырғанындай, жер-жерден Ташкент, Верный, Шымкент, Әулиеата, Орал, Қостанай, Торғай, Ақтөбе, Маңғыстау, Бөкей Ордасы, Омбы, Қапал, Семей, Аягөз және басқа жерлерден хабарлар түсіп тұрған.

«Бізге не істеу керек ?» деп аталған бас мақаласында «Айқап» өз бағдарламасын былай деп белгілеген:

«1. Отырықшылыққа көшу, қалалар тұрғызу, жерден қол үзбеу.

2. Мектептер мен медреселер ашу, білімді әрі мәдениетті болу.

3. Дін істерін өз қолына алу, өз мүфтиін сайлау.

4. Мемлекеттік Думаның мінберінен халық мүдделерін қорғау және оларды үкіметке жеткізе алатын депутаттардың болуы».

«Айқап» журналының қазақ фольклорын зерттеудегі, абайтануды қалыптастырудағы, орыс және дүниежүзі классикалық әдебиетінің рухани мұрасын насихаттауда атқарған рөлі зор.

3. «Қазақ» газеті. 1913-жылдың ақпанынан бастап 1918-жылдың күзіне дейін «Айқапқа» қарағанда әлдеқайда көп таралыммен Орынборда шығып тұрған газет «Қазақ» газеті болатын. Оның бас редакторы – Ахмет Байтұрсынов, баспагері – Мұстафа Оразаев болды. Газетке Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, М. Тынышбаев, Ш. Құдайбердиев, Т. Құнанбаев және басқалар үзбей жазып тұрды. Газет беттерінде жарық көрген проблемалардың негізгі және кең ауқымы («Дума және қазақтар», «Дума және соғыс», «Жобаланып жатқан заңдар туралы», «Қоныстанушылар туралы», «Қазақтар және жер мәселесі», «Шаруашылықтың өзгеруі», «Деннің саулығы, рухтың саулығы», «Аурулар туралы», «Оба жөнінде», «Білім беру туралы», «Қазақша білім беру туралы», «Бастауыш мектеп», «Мектептің мұқтаждары», «Оқу уақыты», «Қазіргі соғыс», «Соғыс туралы», «Дума және солдат мәселесі», «Қазақтардан солдат алына ма ?») газет мүдделерінің сан қырлы екені және ХХ ғ. басындағы қазақ қоғамының ішкі және сыртқы өмірінің өміршең проблемаларына жауап іздестіргенін көрсетті. Газет беттері – қазақтардың шаруашылық, мәдени, рухани және әлеуметтік-саяси тарихының аса бай деректер көзі.

«Қазақ» газеті халықаралық жағдайға жүйелі түрде талдау жасап, ондағы Ресейдің рөлін анықтап отырды, елдегі және шетелдегі демографиялық жағдайды ашып көрсетіп, бүкіл түрік дүниесінің, мұсылмандар қозғалысының тағдырын қадағалады. Газет Мемлекеттік Думаның жұмысына, оның мінберінен қазақ халқының мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше мүдделілік танытты.

Бірінші дүниежүзілік соғыс, дүние жүзін халықаралық капиталдың жетекші елдері арасында қайта бөлісу басталған кезде газет өзінің мазасызданғанын жасырмады. Газет 1916-жылғы патша жарлығына дейін де, одан кейін де қазақтарды әскерге шақыру туралы мәселені талқылап, оларға казак әскерлері мәртебесінің берілуін талап етті. Ол халықтан империяның боданы ретінде оның ерте болсын, кеш болсын, өз отандастарының Отан қорғау жөніндегі тағдырына ортақтасуына тура келетінін жасырмады. 400 мыңдық армия жасақтай алатын ұлтқа айналған соң ол соғыста жеңген жағдайда империя құрамындағы дербес автономияға дәмелене алар еді.

Газет нақ сол баламаны негізге алып және көп адамның құрбан болуы жөнінде орынды қауіптеніп, 1916-жылғы оқиғалар жөнінде де принципті көзқарас ұстанды. Ол қазақтарды майданға алу мерзімін кейінге қалдыруға дейін барып, жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздестіруді, өкіметпен келіссөздер жүргізуді ұсынды. «Алаш» партиясы мен Алашорда бостандықты жеңіп алуға және қазақ мемлекеттілігін қайта туғызуға тарих берген мүмкіндікті қайткен күнде де ақырына дейін пайдалануға ұмтылып, тағдырлы шешімдер қабылдаған екі орыс революциясы кезеңіндегі «Қазақ» газетінің рөлі баға жеткісіз еді.

«Қазақ» газеті қазақ халқының тарихының бетбұрысты кезеңінде шығарылды. Ол тұжырымдылығымен, жоғары көсемсөзділігімен, қазақ әдеби тілінің мағыналығымен, өз халқының көкейкесті мүдделеріне адал қызмет етумен ерекшеленеді.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

1) ХІХ ғ. 2-ші жартысы – ХХ ғ. басындағы Қазақстанның мерзімді баспасөз құралдарының тарихи дерек ретіндегі маңызына қандай баға беруге болады?

2) «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті» сияқты мерзімді баспасөз құралдарының патша үкіметінің ресми басылымы болғаны неден аңғарылады?

3) «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің ХХ ғ. басындағы қазақ халқының тарихи тағдырындағы өзекті мәселелермен байланысты деректемелік маңызын ашып көрсетіңіз.


XIV тақырып: Кеңес уақытындағы Қазақстан тарихының

деректері.

1. Кеңес уақыты деректер тобының түрлері, ерекшеліктері.

2. КОКП құжаттары кеңес уақытындағы Қазақстан тарихы бойынша дерек ретінде.

3. Жеке құжаттар тарихи дерек ретінде, олардың жіктелуі.


1. Кеңес уақыты деректер тобының түрлері, ерекшеліктері. Кеңес уақытындағы Қазақстан тарихының деректерін өзіндік ерекшеліктері бар келесі түрлерге бөлуге болады:

– партия құжаттары (Коммунистік партияның бағдарламалары мен жарғылары, партия съездері мен конференцияларының материалдары, орталық партиялық органдардың құжаттары, жергілікті партиялық ұйымдардың құжаттары, партиядан тыс ұйымдар мен мекемелердегі партиялық топтардың құжаттары);

– жеке құжаттар (күнделіктер, естеліктер (мемуарлар), хат алмасу);

– санақ деректері.

Коммунистік партияның құжаттарын қарастырған кезде, олардың шынайылығына күмән келтіре алмаймыз, өйткені бұл құжаттар мемлекеттік болып табылады. Дегенмен, бұл құжаттардағы деректер толық деп айтуға болмайды, өйткені құжаттар түгел емес және барлығы бірдей қағаз бетіне егжей-тегжейлі түсірілмеген.

Жеке құжаттарды қарастыра отырып, олардың деректік шынайылығына көз жеткізу үшін, ең алдымен деректанулық талдау жасалуы тиіс. Сонымен бірге, деректің бұл түрі толық басылымнан шықпай қалуы мүмкін. Жеке құжаттар зерттеушіге сол құжаттардың авторы жөнінде өмірбаяндық мәліметтер бере алады.

Кеңес уақытының санақ мәліметтерін зерттей отырып, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінің даму қарқынын байқау мүмкіндігі туады.

2. КОКП құжаттары кеңес уақытындағы Қазақстан тарихы бойынша дерек ретінде. КОКП-ның басқарушылық қызметі қоғам дамуының объективті әлеуметтік-экономикалық заңдылықтарының неғұрлым терең және толық танымы ретінде құрылды, соған байланысты КОКП құжаттарында бұл заңдылықтарды ой елегінен өткізу мазмұндалады.

Партиялық құжаттардың ерекше орны оларда берілген мәліметтердің сипатымен және шынайылық деңгейімен анықталады. Деректегі ақпараттың толықтығы, ондағы баяндалатын оқиғаларды талдаудың тереңдігі автордың осы оқиғаларға қатысу деңгейіне, оның таптық және партиялық ұстанымдарына байланысты екені белгілі. Партиялық материалдар мен құжаттар өзінің мазмұны, пайда болуы, бағыты, маңызы мен түрі жағынан әр түрлі болып келеді. Оларды неғұрлым кең таралған келесі түрлерге бөлуге болады:

1) Коммунистік партияның бағдарламалары мен жарғылары;

2) партия съездері мен конференцияларының материалдары;

3) орталық партия органдардың құжаттары;

4) жергілікті партия ұйымдардың құжаттары;

5) партиядан тыс ұйымдар мен мекемелердегі партия бірлестіктерінің құжаттары.

Партиялардың бағдарламалары мен жарғылары партиялық-саяси және партиялық-ұйымдастырушылық қызметтің мазмұнын анықтаушы құжаттар болып табылады. Коммунистік партияның бағдарламалық құжаттарын зерттеу нақты әлеуметтік-экономикалық және мәдени үрдістерді, қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік және шаруашылық басқару аппаратының дамуындағы партиялық және мемлекеттік басшылықтың принциптік бағытын түсінуге бағыт беру мүмкіндігі жағынан маңызды.

Партиялардың жарғылары партиялық ұйымдардың ішкі өмірін реттейтін құжаттар болып келеді; олар партия құрылымының сұрақтарын оқып-білу жағдайында маңызды деректерді құрайды.

Партия съездері мен конференциялардың материалдары – кеңес қоғамының маңызды мәселелері бойынша терең талданған және талқыланған жан-жақты ақпаратты беретін деректердің түрлі тобы.

Партия съездері мен конференциялардың отырыстары VII съезден бастап стенографиялық хаттамаға түсіріліп отырды және олардың сапасы үнемі жақсарып отырды. Съездер мен конференциялар жұмыстары аяқталғаннан кейін стенографиялық есептерді баспадан шығару тәжірибесі қалыптасты. Көп жағдайларда съездер мен конференциялардың материалдарын зерттеу негізгі баяндамалардың және шешімдердің мазмұнымен танысумен шектелетін еді, ал стенографиялық есептер мен хаттамаларға кіргізілген өзге материалдар мен құжаттар партия тарихшылары үшін ғана ерекше қызығушылық туғызатын.

Орталық партия органдарының құжаттары өзінің мазмұны мен пайдалану сипаты жағынан съездер мен конференциялардың материалдарына ұқсас болып келеді.

Партияның Орталық Комитетінің қызметін неғұрлым толық көрсететін материалдардың жарияланымы болып пленумдердің хаттамалары мен стенографиялық есептері табылады. Кеңес уақытындағы Қазақстан тарихын зерттеушіге мамандардың таңдап, жинақтап, түсініктеме бере отырып, баспадан шығарған партия құжаттарының тақырыптық жинақтары үлкен көмек көрсетеді. Олар партия саясатының және тәжірибесінің дамуына, оның кеңес уақытында орын алған үрдістерге еткен әсеріне бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.

Партия құжаттарының кеңес уақытындағы Қазақстан тарихы бойынша деректер ретіндегі маңыздылығы мен шынайылық деңгейі жоғары болғанымен де, зерттеу жұмысы барысында деректанушылар ұсынатын ғылыми талдаудың барлық тәсілдерін қолдану қажеттігі сақталады.

Жоғарыда айтылғандарға қарап, тарихшы үшін кеңес уақытындағы Қазақстан халықтарының экономикалық, әлеуметтік, саяси және рухани дамуының күрделі үрдісін танып-білу Коммунистік партияның құжаттарын мұқият зерттемейінше мүмкін емес деген қорытындыға келеміз. Бұл құжаттарға зерттеушінің анық әрі ғылыми теориялық және таптық көзқарастарын анықтайтын методологиялық сипат тән болып келеді. Сонымен қатар, оларда зерттеушіге қажет, өмірден және ұжымдық тәжірибеден жинақталған нақты-тарихи материалдар бар.

3. Жеке құжаттар тарихи дерек ретінде, олардың жіктелуі. Кеңес уақытындағы Қазақстан тарихы бойынша дерек ретіндегі естеліктер мен хаттардың басты ерекшелігі – олардың субъективтілігі. Жеке құжаттарда автордың жеке басының қасиеттері, оның дүниетанымы мен саяси көзқарастары көрініс табады. Естеліктер, күнделіктер мен хаттардағы мәліметтер автордың өзіндік көзқарасы, оның өмірлік тәжірибесі, баяндалатын оқиғаларға қатыстылығының деңгейіне байланысты беріледі. Естеліктерде кеңес адамдарының қызметтері жөнінде бағыт беретін өткен оқиғалар жайлы баяндалады. Дегенмен, есте дұрыс сақталмауына байланысты қателіктерге жол берілуі мүмкін. Мұндай қателіктер сыни тұрғыдан талдау жасаудың нәтижесінде айқындалуы тиіс.

Естелік жазбалар мен хаттардың маңыздылығы олардың өзге жазба деректердің арасында алатын орнына байланысты анықталады. Нақты зерттеулерде жеке құжаттардың құндылығы біркелкі бола бермейді. Ол зерттеудің тақырыбымен және сипатымен, деректердің басқа түрлерімен толықтырылуымен байланысты болып келеді. Бірқатар мәселелер бойынша естелік жазбалар бірегей куәлік ретінде көрінуі мүмкін.


Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

1) Кеңес уақытындағы Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуының тарихын зерттеу үшін деректердің қандай түрлері жан-жақты тұрғыда қарастырылуы тиіс ?

2) Коммунистік партия материалдары мен құжаттары өзінің мазмұны, пайда болуы, бағыты мен маңызы жағынан қандай түрлерге бөлінеді ?

3) Кеңес уақытындағы Қазақстанның саяси қайраткерлерінің естелік жазбаларының мазмұнымен танысу арқылы олардың тарихи дерек ретіндегі маңыздылығын ашып көрсетіңіз.

4) Жеке құжаттарды тарихи дерек ретінде пайдаланған кезде оларға тән қандай ерекшеліктер назарға алынуы тиіс ?



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет