Сейітқасымов А. А., Шапкенов А. А. Қазақстан тарихы деректануы пәнінен оқу-әдістемелік құрал



бет1/8
Дата15.09.2017
өлшемі1,65 Mb.
#32263
  1   2   3   4   5   6   7   8
Сейітқасымов А.А., Шапкенов А.А.

Қазақстан тарихы деректануы пәнінен

оқу-әдістемелік құрал

Көкшетау 2009

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Сейітқасымов А.А., Шапкенов А.А.

Қазақстан тарихы деректануы пәнінен

оқу-әдістемелік құрал

Көкшетау 2009


ББК 63.3 (5 к) я 73

С 31

Сейітқасымов А.А., Шапкенов А.А. Қазақстан тарихы деректануы пәнінен



оқу-әдістемелік құрал. Көкшетау-2009. -120 бет.
ПІКІР ЖАЗҒАНДАР:

Ш. Уәлиханов атындағы КМУ профессоры, т. ғ. д. Әбуев Қ.Қ.

Ш. Уәлиханов атындағы КМУ профессоры, ф. ғ. д. Рақымов Б.С.

Ш. Уәлиханов атындағы КМУ доценті, т. ғ. к. Алдаберген М.Н.

Оқу-әдістемелік құралда Қазақстан тарихы бойынша деректердің негізгі түрлері, олардың сипаты, мазмұны мен ерекшеліктері қарастырылады. Қазақстанның ежелгі дәуірдегі және орта ғасырлардағы тарихының деректері: антикалық, парсы, қытай, араб, түркі, орыс, т.б. авторларының шығармаларын, қазақ шежіресінің, Қазақстанның Ресей империясының құрамына қосылуы проблемасының, қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілістері тарихының деректерін қамтитын бұл оқу-әдістемелік құрал жоғарғы оқу орнының студенттеріне арналған.

© Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті.

© Сейітқасымов А.А., Шапкенов А.А.

Мазмұны
Кіріспе................................................................................................................. 3

Аудиториялық сабақтардың оқу-тақырыптық жоспары....................... 5

1-тақырып. Деректану пәні, міндеттері, зерттеу аймағы......................... 9

2-тақырып. Қазақстанның тарихы мен мәдениеті жөніндегі

археологиялық деректер......................................................... 16

3-тақырып. Қазақстанның ежелгі дәуір тарихы жайлы

жазбаша деректер...................................................................... 20

4-тақырып. Көне түрік руналық жазба ескерткіштері (VI-IX ғғ.)......... 25

5-тақырып. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы бойынша

араб деректері............................................................................. 28

6-тақырып. Ортағасырлық қытай деректерінде Қазақстан

тарихының көрініс табуы.......................................................... 37

7-тақырып. Кейінгі орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы

бойынша парсы тіліндегі деректер........................................ 41

8-тақырып. Қазақстан тарихы бойынша түркі тіліндегі деректер....... 53

9-тақырып. Қазақстан тарихы жөніндегі орыс және батыс

деректері...................................................................................... 59

10-тақырып. Шежіре – қазақ халқының тарихы бойынша

маңызды дерек........................................................................... 64

11-тақырып. Қазақстанның Ресей империясының отарына

айналуы кезеңінің тарихи деректері................................... 70

12-тақырып. ХІХ ғ. – ХХ ғ. басындағы қазақ халқының

ұлт-азаттық көтерілістері тарихының деректері.............. 77

13-тақырып. ХІХ ғ. 2-ші жартысы – ХХ ғ. басындағы мерзімді

баспасөз материалдары тарихи дерек ретінде.................. 82

14-тақырып. Кеңес уақытындағы Қазақстан тарихының деректері..... 86

Семинар сабақтарының жоспары................................................................ 90

Глоссарий........................................................................................................... 94

Реферат тақырыптары және әдістемелік нұсқау...................................... 99

Пайдалануға ұсынылатын әдебиеттер...................................................... 101

Тест тапсырмалары........................................................................................ 104

Тест тапсырмаларының жауаптары.......................................................... 118

Қорытынды..................................................................................................... 119

Кіріспе
Деректану пәні тарихнамамен қатар болашақ тарихшы мамандардың теориялық-методологиялық және арнайы дайындығын қамтамасыз ететін іргелі пәндердің қатарына жатады. Тарихи білімді меңгеру тарихи деректерді оқып-үйренуден басталатыны белгілі. Адам, қоғам, мемлекет жайлы, түрлі уақытта және әлемнің әр түкпірінде болып жатқан оқиғалар туралы ақпаратты тарихи деректерге сүйене отырып ғана алуға болады. Демек, деректану ғылымының тікелей зерттеу объектісі – тарихи дерек болып табылады. Тарихи деректер туралы ғылым ретінде деректану әр түрлі нақты тарихи мәселелерді және тұтас тарихи үрдістерді терең әрі тиімді зерттеуге көмектеседі.

Жер бетіндегі өзге де халықтар сияқты, қазақ халқының да тарихы өзінің төлтума деректерінің негізінде жазылады. Сондықтан, осындай деректерді танып-білу Отанымыздың тарихын оқып-үйрену мен зерттеудің басты шарттарының біріне жатады. Қазіргі кезеңде, қазақ халқының төл тарихына деген қызығушылығының күннен-күнге артып келе жатқан жағдайында, белгілі бір себептермен халыққа беймәлім болып келген тарихи деректердің жариялануы жағдайында, сол тарихтың негізін құрайтын тарихи деректанудың маңызы ерекше арта түсуде.

«Тарих» мамандығы бойынша оқитын студенттерге ұсынылып отырған бұл оқу-әдістемелік құрал Қазақстан Республикасы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты мен типтік оқу бағдарламасына сәйкес құрастырылған және Қазақстан тарихының негізгі кезеңдерінің деректерімен, олардың ерекшеліктерімен танысуға, деректерді талдау барысындағы білім жүйесі мен дағдыларды қалыптастыруға, негізгі ұғымдар мен терминдерді меңгеруге көмектеседі. Оқу-әдістемелік құралдың міндеті – тарихи деректердің анықтамасы, деректанудың тарих ғылымында өзіндік орны бар жеке пәнге айналуы, Қазақстанның ежелгі дәуірдегі және орта ғасырлардағы тарихының деректері: антикалық, парсы, қытай, араб, түркі, орыс, т.б. авторларының шығармалары, Қазақстанның Ресей империясының құрамына қосылуы проблемасының, қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілістері тарихының дереккөздері, қазақ шежіресінің деректік маңызы, кеңес уақытындағы Қазақстан тарихының деректері сияқты мәселелердің кең ауқымына болашақ тарихшы мамандардың назарын аудару.

Сонымен қатар, семинар сабақтарына арналған сұрақтар, негізгі ұғымдар мен терминдердің анықтамасы, студенттердің өз бетінше жұмыс істеуі үшін тест тапсырмалары, реферат тақырыптары мен әдістемелік нұсқау беріліп, пән курсы бойынша пайдалануға ұсынылатын әдебиеттердің тізімі көрсетілген.



Қазақстан тарихы деректануы пәні бойынша

аудиториялық сабақтардың оқу-тақырыптық жоспары.



Мазмұны

(тақырыбы және сұрақтары)



Дәріс

сағаты


Семинар саб. сағ.

1.

Деректану пәні, міндеттері, зерттеу аймағы.

1. Деректану ғылымының қалыптасуы.

2. Тарихи дерек ұғымы. Тарихи деректерді талдаудың кезеңдері.

3. Деректану курсының мақсаты, міндеттері, теориялық-методологиялық мәселелері.

4. Қазақстан тарихы бойынша деректерді классификациялау.

5. Деректану пәнінің маңыздылығы.


1

-


2.

Қазақстан тарихы бойынша археологиялық деректер.

1. Қазақстан тарихының архееологиялық деректеріне сипаттама.

2. Қазақстанның археологиялық ескерткіштерінің зерттелуі.


1


1


3.

Қазақстанның ежелгі дәуір тарихының жазбаша деректері.

1. Парсы деректері: Бехистун жазбасы, ортаңғы Иран ескерткіштері.

2. Антикалық авторлардың еңбектері.

3. Қытай саяхатшыларының жазбалары.



1


1


4.

Көне түрік руналық жазба ескерткіштері (VI-IX ғғ.).

1. Көне түрік жазбаларының ерекшелігі.

2. Күл-тегіннің, Білге қағанның, Тоныкөктің құрметіне тұрғызылған ескерткіштер.

3. Жетісу өңірінен табылған Талас эпитафиялары.



1


1


5.

Тарихи повестер (Х-ХІІ ғғ.).

1. Махмұд Қашғари және оның еңбегі «Диуани лұғат ат-түрік».

2. Жүсіп Баласағұни және оның «Құтадғу білік» еңбегі.

3. Плано Карпини, Вильгельм Рубрук, Марко Поло саяхаттарының жазбалары.



-


1


6.

Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы бойынша араб деректері.

1. Араб авторларының еңбектеріндегі түркі тайпалары туралы мәліметтер.

2. ІХ-Х ғғ. араб географиялық шығармалары ортағасырлық Қазақстан жөніндегі тарихи дерек ретінде.

3. ХІІІ-XV ғғ. араб тіліндегі космографиялық шығармалар.

4. Кейінгі орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы туралы араб деректері.

1

1


7.

Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы жайлы монғол деректері.

1. «Монғолдың құпия шежіресі».

2. «Алтан тобчи (Алтын шежіре)» деректері.

-

1


8.

Ортағасырлық қытай деректерінде Қазақстан тарихының көрініс табуы.

1. Ерте орта ғасырлардағы қытай хроникалары Қазақстан тарихының деректері ретінде.

2. Мин әулетінің билігі тұсында жазылған тарихи еңбектердегі Қазақстан тарихына қатысты мәліметтер.


1


1


9.

Кейінгі орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы бойынша парсы тіліндегі деректер.

1. Монғол жаулап алушылығы мен монғол ұлыстарының құрылуы тарихы туралы деректер.

2. Темір әулеті мемлекетінің тарихына байланысты жазылған шығармалар.

3. Қазақ хандығының тарихы бойынша парсы тілді деректер.

4. Шайбани әулеті ортасының ортаазиялық парсы тілінде жазылған шығармалары.


2

-

10.

Қазақстан тарихы бойынша түркі тіліндегі деректер.

1. Абдаллах Балхидың, Бабырдың, Өтеміс қажының, Мұхаммед Салихтың тарихи шығармалары.

2. Қадырғали бек Жалайыри және оның «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегі.

3. Әбілғазы Баһадүр, Мұхаммед Салық Қашғари және т.б. авторлардың еңбектері.


1

1


11.

Қазақстан тарихы жөніндегі орыс және батыс деректері.

1. XVII ғасырдағы Сібір жылнамалары.

2. Қазақ-орыс елшілік байланыстарының құжаттары.

3. XIV-XVII ғғ. батыс дипломаттарының еңбектеріндегі Қазақстан тарихына қатысты мәліметтер.


1

1


12.

Шежіре – қазақ халқының тарихы бойынша маңызды дерек.

1. Шежіренің тарихи дерек ретіндегі маңызы мен ерекшелігі.

2. Қазақ жазба шежіресі дәстүрінің қалыптасуы.

3. Қазақ шежірелеріндегі үш жүздің таратылуы.



1


1


13.

Қазақстанның Ресей империясының отарына айналуы кезеңінің тарихи деректері.

1. Жаңа замандағы Қазақстан тарихы бойынша тарихи деректер кешенінің кеңеюі.

2. ХІХ ғ. әдеби шығармалар тарихи дерек ретінде.

3. ХІХ ғ. 2-ші жартысындағы қазақ зиялыларының еңбектеріндегі тарихи деректер.

4. Ресей империясының санақ материалдары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша дерек ретінде.

1

1


14.

XVII-XIX ғғ. заң шығарушылық ескерткіштер

Қазақстан тарихы бойынша дерек ретінде.

1. «Жеті жарғы» – қазақтардың дәстүрлі құқық ережелерінің жинағы.

2. Шекаралық комиссия мен Орынбор генерал-губернаторлығының қазақтарды басқару ережелерін енгізу бойынша материалдары.

3. 1822-1824 жж. Жарғылар ХІХ ғ. 1-ші ширегіндегі Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы бойынша дерек ретінде.


-

1


15.

ХІХ ғ. – ХХ ғ. басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілістері тарихының деректері.

1. 1836-1838 жж. Бөкей Ордасындағы шаруалар көтерілісі тарихының деректері.

2. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс тарихының деректері.

3. 1916-жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тарихының деректері


1

-


16.

ХІХ ғ. 2-ші жартысы – ХХ ғ. басындағы мерзімді баспасөз материалдары тарихи дерек ретінде.

1. «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті».

2. «Айқап» журналы.

3. «Қазақ» газеті.


1

1


17.

Кеңес уақытындағы Қазақстан тарихының деректері.

1. Кеңес уақыты деректер тобының түрлері, ерекшеліктері.

2. Саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың бағдарламалық, жарғылық және нұсқаулық құжаттары.

3. Жеке құжаттар тарихи дерек ретінде, олардың жіктелуі.


1

1


18.

ХХ ғасырдағы Қазақстанның мерзімдік баспасөзі тарихи дерек ретінде.

1. Мерзімдік баспасөздің құрылу принциптері.

2. Қазақстанның кеңес-партиялық баспасөзіндегі цензура мәселелері.

3. 1980-жылдары ресми емес мерзімдік баспасөздің пайда болуы.

4. Қазақстанның ағымдық басылымдарын тарихи дерек ретінде пайдалану мәселелері.

-

1





Барлығы:


15

15

І тақырып: Деректану пәні, міндеттері, зерттеу аймағы.

1. Деректану ғылымының қалыптасуы.

2. Тарихи дерек ұғымы. Тарихи деректерді талдаудың кезеңдері.

3. Деректану курсының мақсаты, міндеттері, теориялық-

методологиялық мәселелері.

4. Қазақстан тарихы бойынша деректерді классификациялау.

5. Деректану пәнінің маңыздылығы.


1. Деректану ғылымының қалыптасуы. Тарихи деректер, олардың ашылуы, зерттелуі және қолданылуының теориясы мен практикасы туралы ғылым – деректану болып табылады. Деректану тарихшылардың теориялық, методологиялық және арнаулы даярлығын қамтамасыз ететін арнаулы ғылымға жатады. Деректанудың іргелілігі ең алдымен тарих ғылымының аса маңызды ерекшелігімен байланысты. Тарихтың нысаны – қоғамның өткені тарихшыға тек тарихи деректерді сыни талдау арқылы ғана танылады. Ал тарихи деректер тарихи деректану ғылымының тікелей зерттеу нысаны болып табылады. Тарих деректерді сын елегінен ғылыми негізде өткізудің қажеттігі мен маңызы туралы белгілі орыс ғалымы Л. Н. Гумилев: «Оларға тарихи сын әдістерін қолданбай деректерді оқу ешқандай мән-мағына бермейді» – деп жазды.

Деректану әр түрлі нақты тарихи проблемаларды және тұтас тарихи үрдістерді терең де тиімді зерттеуге көмектеседі. Деректану арнаулы ғылым ретінде тарихи зерттеулер тәжірибесі барысында тарихи құжаттардың түпнұсқасын анықтау тәртібін жасау негізінде пайда болды. Деректерді талдаудан өткізу ежелгі дәуір тарихшылары заманынан, Қайта өрлеу кезеңінен белгілі. XVII ғ. дипломатияның дамуына байланысты құжаттарды ғылыми тұрғыдан зерттеу әдістемесі, ал XVIII ғ. соңы мен ХІХ ғ. 1-ші жартысында неміс ғалымдары А.Л. Шлецер, Б.Г. Нибур, Л. Ранкенің еңбектерінде құжаттарды сын елегінен өткізу әдісі қалыптаса бастады. Алғаш жазба деректер тек нақты тарихи фактілерді тануға көмектесетін құрал ретінде зерттелді. Тарихи деректер қорының кеңеюі мен ғылыми айналымға жаңа деректердің біртіндеп енуіне байланысты, бір тарихи оқиғаның деректерде қарама-қайшы бейнеленетіні байқала бастады. Сондықтан, ол деректерді зерттеу, бір-бірімен салыстыру, сол арқылы шындықты іздеу қажеттілігі пайда болды.

Деректану өзіндік зерттеу нысаны, арнайы әдістемесі бар пән ретінде ХІХ ғ. 2-ші жартысында қалыптасты. Деректану ғылымы теориялық және қолданбалы болып екі түрге бөлінеді. Теориялық деректану тарихи деректердің пайда болу заңдылықтарын, олардың нақты тарихи үрдісті бейнелеуін, ондағы мағлұматтардың мазмұнын зерттейді, деректерді жүйелеу принциптерін анықтайды. Теориялық деректану жазба деректер негізінде зерттеледі. Қолданбалы деректану тарихтың жеке салаларына, тарауларына, кезеңдеріне байланысты қалыптасты. Деректанулық тәжірибе архивтер, мұражайлар мен кітапханалардың деректерді жинақтау, сақтау, баяндау, жариялау қызметін, тарихшының зерттеу жұмысы кезінде деректермен жұмыс істеуін қамтиды. Деректану деректерді объективті өмір шындығын бейнелейтін, күрделі қоғамдық құбылыс ретінде қарастырады.

2. Тарихи дерек ұғымы. Тарихи деректерді талдаудың кезеңдері. Тарихи дерек – зерттеу объектісі мен субъектіні жалғастырып тұрған буын. Тарихи деректің мәнін ашудың негізінде бейнелеу теориясы – болған тарихи құбылыстың әр түрлі бейнелерде көрінуі жатыр. Оқиға алдымен адамның сезімінде, түйсігінде, ойында және істерінде бейнеленеді, ал тарихи дерек болса сол бейнелеудің жемісі, қорытындысы, соның салдары ретінде пайда болады.

ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. басындағы орыс ғалымы, академик А.С. Лаппо-Данилевский: «Тарихи дерек дегеніміз – адам психикасының іске асқан жемісі» – деп жазды. Әрине, адам психикасы тарихи деректі жасау кезінде үнемі қатысады, бірақ ол деректің пайда болуының басты себебі, басты негізі емес. Ол тек объективті қабылдаудың, түйсінудің психологиялық ортасы ретінде сол сезімді, түйсікті тарихи деректерге енгізуге қатысады. Образдың бейнеленуші объектімен ұқсастық принципі – деректің объективтілігін көрсететін аса маңызды фактор. Тарихи шындықты бейнелеу негізінде, адамның іс-әрекеті барысында пайда болған объект ретіндегі тарихи деректің өзі – нақты шындықтың құрамдас бір бөлігі. Демек, нақты объективті шындық тек бейнеленіп ғана қоймайды, сонымен қатар тарихи дерекке енеді. Сондықтан, объективтілік нақты шындықтың деректе бейнеленуі мен енуінің диалектикалық бірлігі болып табылады.

Сонымен, тарихи дерек дегеніміз – объективтілік пен субъективтіліктің диалектикалық бірлігі. Тарих ғылымында тарихи деректерді таным мақсатында жүйелі түрде пайдаланғандықтан, деректану ең алдымен тарихи зерттеу методологиясы шеңберінде ерекше пән ретінде қалыптасты.

Деректану теориясы үшін принципті сәттің бірі – тарихи деректі адамдардың мақсатты іс-әрекеттің жемісі ретінде қарап, оның әлеуметтік табиғатын ашу болып табылады. Деректанудың негізгі мәселесі – тарихи деректердің объективті қасиеттері мен қалыптасу заңдылықтарын зерттеу, адамдардың мақсатты іс-әрекетінің нәтижесінде пайда болған деректерді талдау, олардың пайда болу себептерін ашу, тарихи үрдістердің барысында атқарған қызметтерін айқындау арқылы ғана мүмкін болады.

Қазіргі деректану деректі өткеннің тарихи шындығымен байланысты қарастырады, сонымен қатар оны тарихи білім жүйесінде зерттейді. Сондықтан келешек тарихшыларға деректанудан терең білім беру олардың кәсіпқой маман ретінде қалыптасуының басты шарттарының бірі болып табылады.

Деректі талдау екі кезеңнен тұрады: деректің түпнұсқамен дәлдігін анықтау және алынған мәліметтердің анық-қанығына көз жеткізу. Деректердің әр алуан түрлеріне талдау жасаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, құжаттық деректерді талдау мен баяндаушы деректерді талдауға әр түрлі тәсілдер қолданылады. Деректердің түпнұсқамен дәлдігін анықтау мәтінді айқындауды, деректі түсіндіруді және оның пайда болуын зерттеуді қажет етеді. Мәтінді айқындау жұмыстарына мәтінді дұрыс оқу және түсіну, кейіннен енгізілген толықтырулар мен қосымшаларды анықтау, олардың түпнұсқаға қатысын ашу, егер түпнұсқа болмаса, онда мәтіннің тарихын және бастапқы авторлық нұсқасын қалпына келтіру, т.б. жатады. Деректі түсіндіру баяндалатын нақты оқиға, фактілерді анықтау, мәтіндегі тура немесе астарлы сөздерге, метафораларға түсіндірме жасаудан тұрады. Деректердің пайда болуын зерттеу үшін оның авторын, уақытын, деректердің шыққан жерін, пайда болуының тарихи жағдайын анықтау қажет. Деректердің пайда болған жерін, уақытын палеографиялық, метрологиялық, т.б. қосымша белгілер арқылы шамамен анықтауға болады. Ал дерек авторын қосымша белгілер (мазмұны, тілі, стилі, қолтаңбасына қарап) арқылы анықтау көп жағдайда құжат арқылы дәлелденгенге дейін болжам ретінде танылады. Тарихшы зерттеу жұмысының осы бірінші бөлімі арқылы дерек көзінің дәлдігіне көз жеткізе алады. Әрі қарай талдау жүргізу әдісі деректе берілген мағлұматтарға байланысты болады. Баяндаушы деректердің (жылнамалар, мемуарлар, публицистика, т.б.) дәлдігін анықтау мағлұматтардың пайда болу жағдайын, нақты мәліметтерді тексеруді, автордың саяси көзқарасын ашуды қажет етеді. Бұл деректанулық талдаудың екінші бөлімі болып табылады. Егер дерек баяндалып отырған оқиғаға қатысушы куәгердің мәліметі болса, онда оның сол оқиғаға қандай жағдайда қатысқаны, тарихи шындықты суреттей алатын мүмкіндіктері анықталуы қажет. Оқиғаға автордың өзі тікелей қатыспаған жағдайда оның мәлімет алған дерек көздері анықталып, мағлұматтардың толықтығы мен дәлдігі тексеріледі. Автордың жеке саяси көзқарасы берілген мәліметтердің объективтілігіне әсер етеді. Деректегі нақты мәліметтерді логикалық талдау және салыстыру арқылы тексеруге болады. Әр алуан деректерде берілген мәліметтердің бір-бірімен сәйкес келуі олардың нақтылығын дәлелдейді. Қазақстанда деректану ғылымының қалыптасуы мен дамуына Ш. Уәлиханов, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Е. Бекмаханов, Ә. Марғұлан, т.б. зор үлес қосты. Қазіргі деректанудың теориялық-әдістемелік проблемаларына, деректерді зерттеуде математикалық тәсілдер мен компьютерлер пайдалануға ерекше көңіл бөлінген.

3. Деректану курсының мақсаты, міндеттері, теориялық-методологиялық мәселелері. Деректану курсының мақсаты – тарихи деректерді белгілі бір уақыттағы тарихи және әлеуметтік-саяси жағдайда болып өткен оқиғаны немесе құбылысты бейнелейтін және өзін жасаған субъект туралы мәлімет беретін тарихи таным құралы ретінде зерттеуге келешек тарихшыларды үйрету; студенттерге деректанулық талдаудың теориялық-методологиялық негіздері мен принциптерін, тәсілдерін және әдістерін меңгеруге көмектесу. Деректанудың міндеттері өте кең әрі жан-жақты. Ол негізгі екі аспектіде қаралады. Олар: «Дерек және шындық», «Дерек және тарихшы».

Бір жағынан, деректің пайда болуы мен деректер қорының даму тарихын қоғам дамуымен тығыз байланысты заңды процесс ретінде талдау. Екінші жағынан, деректерде бейнеленген қоғам өмірінде болған барлық оқиғалар, құбылыстар және процестер туралы ақпараттарды ала білу, оның сенімділігін, ғылыми маңыздылығын анықтау, оны пайдалана білу.

Осыған байланысты қазіргі деректануда мәселелердің екі кешені қарастырылады:

1) Теориялық-методологиялық мәселелер:

– тарихи шындықтың дерекке енуі және бейнеленуі;

– тарихи деректің әлеуметтік табиғаты, ондағы субъективтіліктің деңгейі;

– тарихи деректерді классификациялау;

– деректердің ғылыми құндылығын анықтау принциптері мен тәсілдері;

2) Нақты-қолданбалық мәселелер:

– деректердің нақты түрлері мен типтеріне шолу жасау және сынау;

– нақты ескерткіштерге деректанулық талдау жасау;

– деректерден алынған мәліметтерді нақты тарихи міндеттерді шешуге пайдалану тәсілдері және т.б.

Екі аспект өзара тығыз байланысты, бірін-бірі толықтырады. Қазақстан тарихының деректану курсының проблемалары мен құрылымы оның алдында тұрған негізгі міндеттермен айқындалады. Олар:

– ғылымның қазіргі даму дәрежесіне сай деректанудың теориялық және методологиялық саласынан білім беру;

– пайда болған және сақталған тарихи деректер кешені туралы ақпарат беру;

– тарихи зерттеудің даму қажеттілігінен шыға отырып, олармен жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіру.

Сонымен, деректанудың теориялық-методологиялық, ақпараттық және методологиялық мәселелері бір-бірімен байланысты қарастырылады. Методологиялық мәселелерді ашу деректерге шолу жасаумен қатар жүргізіледі, бұл жағдайда көңіл, негізінен, деректер жеткізген фактілер мазмұнына емес, әр түрлі деректердің ақпарат беру ерекшелігін көрсетуге бөлінеді.

А. Байтұрсынов айтқандай, ғылым ретінде: «Тарихтың қызметі бүтін адам баласының, яғни бүтін бір жұрттың, яки бір топтың өткен өмірін болған күйде айнытпай айту» болса, деректанудың ғылым ретіндегі қызметі тарихи деректердің пайда болу заңдылықтарын және олардың тарихи процестерді объективті бейнелеу дәрежесін зерттеу. Демек, тарихи деректер тарихи деректану ғылымының тікелей зерттеу объектісі болып табылады. Әсіресе, бүгінгі күні Қазақстанның, тәуелсіз қазақ халқының өзінің төл тарихына деген қызығушылығының күннен-күнге артып келе жатқан жағдайында, сол тарихтың негізін құрайтын тарихи деректанудың маңызы ерекше арта түсуде.

4. Қазақстан тарихы бойынша деректерді классификациялау. Басқа да халықтардың тарихы сияқты, қазақ халқының тарихы да өзінің төлтума деректерінің негізінде жазылды. Сондықтан, ұлттық деректерімізді тани білу ел тарихын оқып-үйренудің және зерттеудің шешуші шарттарының біріне жатады.

Қазақстан тарихы бойынша деректер өз бастауларын алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі жартастар мен үңгірлерде салынған суреттерден, кейін құл иеленушілік қоғам тұсындағы тасқа жазылған сына жазулардан алады. Авестада, Ахемен әулеті тұсындағы парсы деректерінде («Бехистун жазуы», т.б), ежелгі грек тарихшысы Геродоттың («Тарих»), т.б. антикалық авторлар еңбектерінде қазақ жерін мекендеген ежелгі сақтар, турлар, дайлар, массагеттер, исседондар, т.б. тайпалар жөнінде, олардың Ассириямен, Мидиямен, Иранмен байланыстары және Кир, І Дарий, Александр Македонский әскерлерімен соғыстары туралы құнды жазба мәліметтер бар. Б.з.б ІІ ғ. қытай деректері Қазақстан тарихын зерттеуде үлкен рөл атқарады. Әсіресе, Сыма Цянның «Тарихи жазбалар» еңбегі аса құнды. Онда ғұндардың, үйсіндер мен қаңлылардың тұрмыс-тіршілігі, саяси құрылымдары және батысқа қоныс аударуы жөнінде көптеген мәліметтер берілген. Қытай деректері көбіне сыңаржақ жазылғандығына қарамастан, Қазақстан тарихи мен мәдениетін зерттеуде аса құнды бағаланады.

VI-VIII ғғ. тасқа басылған көне түрік жазба ескерткіштері жазылды. Бұл жазбалар ерте орта ғасырлардағы түркі қоғамындағы әлеуметтік және мәдени үрдістерді жат жерлік тарихшыларға қарағанда дәл береді. Оларда түрік қағандары (Күл-тегін, Білге қаған, т.б), түргештер, қарлұқтар, оғыздар, қыпшақтар, ұйғырлар, т.б жөнінде нақты мәліметтер көп. Ежелгі түркі ескерткіштері, сондай-ақ, сол кезеңдегі Қазақстанның тарихи географиясын анықтауда да шешуші рөл атқарады. Х ғ. өмір сүрген Әл-Якуби, Ибн әл-Факих, Ибн Фадлан, Әл-Истархи, Ибн Хаукаль т.б. шығыс авторларының еңбектерінде Қазақстанның тарихы мен географиясына қатысты мол деректер кездеседі. ХІІІ-XIV ғғ. Жувейни, Жамал Қарши, Рашид ад-Дин, т.б. авторлардың және батысеуропалық саяхатшылар П. Карпини, В. Рубрук, М. Полоның шығармалары ХІІ-ХІІІ ғғ. түркі-монғол ұлыстары мен тайпалары тарихы бойынша мейлінше елеулі еңбек болып табылады.

XVI ғасырда шығармаларын парсы тілінде жазған, түркі текті тарихшылар Мұхаммед Хайдар Дулати («Тарих-и Рашиди»), Бабыр, т.б. өз еңбектерінде Әбілхайыр хандығы, Ұрұс (Орыс) хан ұрпақтары, Қазақ хандығының қалай құрылғандығы, алғашқы қазақ хандары, олардың саяси-әскери қызметтері жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет береді.

Қазақ хандығы Ресей империясының бодандығына өте бастағаннан кейін, XVIII ғ. ағылшын кескіндемешісі Джон Кэстль, XVIII-XIX ғғ. Ресей тарихшылары (П.С. Паллас, А.И. Левшин, Н.Я. Бичурин, т.б.) қазақ өлкесінің тарихын жан-жақты зерттей бастады.

Қазақстанда тарих ғылымының жандануы ХІХ ғ. 2-ші жартысынан бастау алады. Ол еуропаша білім алған қазақтың тұңғыш ғалымы, шығыстанушысы, географы Ш. Уәлиханов (1835-1865) есімімен тығыз байланысты.

5. Деректану пәнінің маңыздылығы. Қортындылай келгенде, деректану курсының тарих пәнін оқытуда алатын орны зор. Тарихи деректер – өткен туралы мәліметтер. Олармен жұмыс істеу тарихи зерттеудің мәнін құрайды. Деректермен жұмыс істей білу – кәсіпқой тарихшының ерекше белгісі. Келешек тарихшы мамандар бойында деректерді іздеп табу, таңдау, жүйелеу, жіктеу, сыни талдау және түсіндіре білу қабілетін қалыптастыру; Қазақстан тарихының негізгі кезеңдерінің деректерімен, олардың ерекшеліктерімен студенттерді таныстыру, арнайы ұғымдық-терминологиялық аппаратты меңгеруге көмектесу; деректерді талдау барысындағы білім жүйесін қалыптастыру, оны іс жүзінде пайдалана білу тәсілдері мен әдістерін үйрету арнайы тарихи пән – деректанудың мақсаты болып табылады.

Соңғы жылдары Отан тарихының деректанулық негіздерімен, оның теориялық және әдістемелік мәселелерімен арнайы айналысу бағытында Қазақстанда біраз жұмыстар атқарылды. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың ұсынысымен тарихи деректерімізді іздеп тауып, жинауға, сақтауға және зерттеуге бағытталған «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданып, Үкіметің 2005 жылғы 1 наурыздағы № 183 қаулысымен Ұлттық археография және деректану орталығы ашылды.

Қоғамдық өмірде халқымыздың тарихының үлкен рөл атқаратыны жөнінде Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа меңзеп, құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауын түсінгеніміз жөн» – деп атап көрсетті.

Бұдан шығар қорытынды – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алып, дүниежүзілік қауымдастыққа жеке мемлекет ретінде қосылған бүгінгі күні халықтардың рухани және мәдени өмірінде Қазақстан тарихы пәнінің алар орны, атқарар қызметі өте салмақты болып табылады. Әсіресе, Отанымыздың тәуелсіздік идеясын насихаттау, қорғау, идеология майданында бітіспес күрес жүргізу ісінде атқарып отырған қызметін ерекше айтуға болады.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

1) Деректану курсының тарихи ғылымдар қатарында алатын орнын, тарихшы мамандарды дайындауда атқаратын маңызды қызметін ашып көрсетіңіз.

2) Деректерді талдаудың кезеңдеріне сипаттама беріңіз.

3) Қазақстан тарихы бойынша тарихи деректердің негізгі топтарын анықтаңыз.

ІІ тақырып: Қазақстан тарихы бойынша археологиялық деректер.

1. Қазақстан тарихының архееологиялық деректеріне сипаттама.

2. Қазақстанның археологиялық ескерткіштерінің зерттелуі.
1. Қазақстан тарихының архееологиялық деректеріне сипаттама. Алғашқы қауымдық қоғамнан, ежелгі дүние мен орта ғасырлардан қалған еңбек құралдары, қару-жарақтар, мекен-жайлардың, қоныстардың, керуен сарайлары мен әскери бекіністердің жұрты, қорымдар, т.б. материалдық ескерткіштер ғылымда археологиялық ескерткіштер деп аталады. Олар топыраққа көміліп, жер астында қалып, қалалар мен бекіністердің қираған орындарында бірнеше қабаттардан тұратын төбелер пайда болады. Биіктігі кейде бірнеше ондаған метрлерге жететін мұндай қатпарлар археологияда мәдени қабаттар деп аталады.

Қазақстанның археологиялық ескерткіштері туралы алғашқы мәліметтер орта ғасырлардағы тарихшылардың, географтар мен саяхатшылардың еңбектерінде кездеседі. Олардың еңбектерінде өздері көзімен көрген немесе өздеріне айту бойынша мәлім болған ежелгі қалалар мен қоныстардың жұрттарына, заттар мен бейнелерге сипаттама берілген.

2. Қазақстанның археологиялық ескерткіштерінің зерттелуі. ХІХ ғ. 2-ші жартысында қазақ даласындағы көненің көздері Археологиялық комиссияның, Тарих мұражайының, Мәскеу археологиялық қоғамы мен Ресейдің басқа да орталық ғылыми мекемелерінің назарын аудара бастады. Құрамында Сырдария (Түркістан) және Жетісу облыстары болған Түркістан генерал-губернаторлығының құрылуына байланысты жаңа өлкеге, оның өткеніне ден қойыла бастады.

Талғар қаласының орнын, Шеңгелдінің қираған үйіндісін суреттеп, белгілі ғалым Ш. Уәлиханов (1835-1865 жж.) Жетісу өлкесінің археологиялық ескерткіштері туралы маңызды жазбалар қалдырды.

1862-жылы Қазақстанда В.В. Радлов археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді қолға алып, қола дәуірінің көмбелерін алғаш рет ғылыми негізде зерттеуді бастады. В.В. Радлов (1837-1918) Солтүстік-Шығыс Қазақстан мен Сібірдің ертедегі ескерткіштерін топтауды ұсынып, бұл аудандар мәдениетінің тарихын мыс және қола дәуірі, ерте темір дәуірі, жаңа темір дәуірі және ерте орта ғасырлар кезеңдеріне бөлді. Бұл ғалымның еңбектері Қазақстан археологиясының ілгері басқан қадамы болып, оны дамыта түсті.

1867-жылы Археологиялық комиссияның тапсыруымен орыс шығыстанушысы П.И. Лерх Түркістан өлкесін зерттеді. Ол Сырдария бойындағы Сауран, Сығанақ қалаларының орындарын қарап шығып, Жанкент қаласының орнын қазды. Өзі кездестірген ескерткіштерді тіркеумен, мұқият сипаттаумен қоса, олар туралы жазбаша хабарларды іріктеп, осы үзінділерге талдау жасады және түсініктеме берді. Жазбаша деректердің мәліметтерін өзі тапқан археологиялық олжалармен салыстырды.

1893-1894 жж. В. В. Бартольдтың Шу және Талас алқабының, Ыстықкөл ойпаты мен Іле өзені алқабының ескерткіштерін көріп шығуы археология мен шығыстану ісін дамытуда елеулі оқиға болды. Ол жазған «Ғылыми мақсатпен Орта Азияға сапар туралы есеп» осы кезге дейін тарихи ақпараттың үлгісі болып қалып отыр. Көптеген жазбаша деректерге сүйеніп, В.В. Бартольд зерттеген ауданының топографиялық көрінісін суреттеп, археологиялық жағынан болашағы зор ескерткіштерді анықтады және оларды орта ғасырдағы қалалармен салыстырды. Атап айтқанда, ол Таразды Әулиеата (қазіргі Тараз) қаласының орнында деп белгіледі. 1895-жылы Ташкентте археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің ұйымдастырылуы В.В. Бартольдтың есімімен байланысты.

ХХ ғ. басында құрылған Орыс географиялық қоғамының Батыс Сібір, Семей және Орынбор бөлімдері Орталық, Солтүстік-Шығыс Қазақстанды археологиялық зерттеу ісі нәтижесінде ХІХ ғ.–ХХ ғ. басында нақтылы материалдар жинақталып, ол кейбір дәрежеде жүйеге келтірілді. 1919-жылы Материалдық мәдениет тарихы академиясы, 1920-жылы Мұражайлар және өнер, табиғат, көне ескерткіштерді қорғау істері жөніндегі Түркістан комитеті құрылды. Сөйтіп, ежелгі ескерткіштерді есепке алудың, зерттеудің, сақтаудың негізі қаланды.

1930-жылдардағы археологиялық жұмыстарда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы экспедициялық зерттеулер жетекші орын алды, оларды А. Н. Бернштамның басшылығымен Ғылым академиясының Қазақ филиалымен бірлесе отырып, КСРО Ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы институты ұйымдастырды. 1936-1940 жж. Жетісу археологиялық экспедициясы бірқатар қалалардың орнына кең көлемде барлау және тұрақты қазба жұмыстарын жүргізді. Ортағасырлық Тараз қаласы орнында жүргізілген ауқымды қазба жұмыстарының және оның айналасындағы ескерткіштерді зерттеудің нәтижесінде осы ауданның археологиялық материалдарын кезеңдерге бөлу ұсынылып, қала дамуының негізгі сатылары белгіленді. Қазақстан археологиясы үшін бұл ортағасырлық қаланы кешенді түрде тарихи-археологиялық зерттеудің тұңғыш тәжірибесі болатын.

1946-жылы Қазақстанда Ғылым академиясының құрылуына байланысты археологиялық жұмыстардың көпшілігін Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының археология бөлімі жүргізді. Сол кезден бастап археологиялық зерттеулер орталығы Алматыға ауысып, қазақ археология мектебі қалыптасты.

Құрылған бөлімнің алғаш ұйымдастырған археологиялық экспедициясы академик Ә. Х. Марғұлан басқарған Орталық Қазақстан экспедициясы болды. Экспедиция неолит және энеолит дәуірлерінің тұрақтарын, андронов және беғазы-дәндібай мәдениеттерінің ескерткіштерін, б.з.б. VII-І ғғ. жерлеу орындарын, түрік заманының қорғандарын, т.б. зерттеді. Ә. Х. Марғұлан орта ғасырларда Орталық Қазақстанның көшпелілер елі ғана емес, сонымен қатар отырықшы және қала мәдениеті орталықтарының бірі болғанын дәлелдеді. Нұра және Сарысу алқаптарында, Ұлытау етегінен қолөнердің, сауда мен егіншіліктің орталықтары болған ортағасырлық қоныстар мен қалалардың қалдықтары табылды.

А. Н. Бернштам мен Е. И. Агеева басқарған Оңтүстік Қазақстан экспедициясының нәтижесінде Отырар оазисіндегі, Шу мен Талас өзендері аралығындағы, Қаратаудың солтүстік беткейіндегі, Сырдария алқабындағы қалалар орындарының үлкен тобы зерттеліп, картаға түсірілді. Қала орындарын зерттеу мен керамиканы топтау мәдени-тарихи кезеңдер туралы, қолөнер мен сауданың даму деңгейі туралы пікір айтуға мүмкіндік берді. Аталған екі экспедициямен қатар, С. П. Толстов басшылық еткен Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы Қызылорда облысында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді.

1947-жылдан бастап С. С. Черниковтың басшылығымен Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы жұмыс істеді. Бұл экспедицияның нәтижесінде неолит дәуірінен орта ғасырларға дейінгі көптеген ескерткіштер анықталып, Шығыс Қазақстанның тарихи өткендегісін сипаттайтын материал алынды.

Солтүстік Қазақстанның қола дәуірінің хронологиялық классификациясын, Солтүстік және Орталық Қазақстанның қола дәуіріндегі қоныстарын зерттеуге А. М. Оразбаев, Орталық Қазақстан мен Жетісу өңіріндегі темір дәуірінің орта кезеңін зерттеуге К. А. Акишев, М. К. Қадырбаев үлес қосты. 1970-жылдардан бастап V-VIII ғғ. және ХІІІ-XV ғғ. Отырар қаласы мен Отырар алқабының ескерткіштерін зерттеу қолға алынды. Жаңа құрылыстар жүргізілген жерлерде Шардара және Шүлбі археологиялық экспедициялары жұмыс істеді. 1970-1980 жж. Қазақстанда төменгі палеолит тұрақтарының ашылуы, Шығыс Қазақстандағы Шілікті сақ обаларындағы, Жетісудағы Есік қорғанында, қала мәдениеті жөнінде мол мағлұмат берген, Отырар мен Құйрықтөбеде жүргізілген қазба жұмыстары Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлар кезіндегі тайпалар мен ұлыстардың материалдық мәдениетінің сабақтастығы жөнінде дәйекті ғылыми тұжырымдар жасауға негіз қалады. 1991-жылы Қазақстан Ғылым академиясының құрамында археология бөлімі негізінде Археология институты құрылды. 1973-жылдан Археология мұражайы жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта Отан тарихы ғылымының, оның ішінде археологияның алдында қойылған жаңа мақсаттардың бірі – Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлар кезеңдеріндегі шаруашылығы, мәдениеті мен қолөнерінің дамуы туралы бұрынғы материалистік көзқарасқа негізделген қағидалардан арылып, жаңа тұрғыдан шешу. Осыған байланысты далалық зерттеу жұмыстары кеңейтіліп, археологияның теориялық-методологиялық мәселелері қолға алынды.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

1) Археологиялық деректердің Қазақстан тарихын зерттеуде алатын маңызды орнын ашып көрсетіңіз.

2) Қазақстан аумағындағы археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу қай кезден және қандай тарихи жағдайларға байланысты бастау алды ?

3) ХХ ғ. 2-ші жартысында Қазақстанның ежелгі дәуір және орта ғасырлар тарихы бойынша деректер жинақтаған археологиялық экспедициялардың жұмыстарына тоқталыңыз.

ІІІ тақырып: Қазақстанның ежелгі дәуір тарихының жазбаша



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет