Сәкен Сейфуллиннің әдебиеттанулық еңбектері: «Қазақ әдебиеті туралы хат» («Еңбекші қазақ», 1929); «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (құрастырушы, Қызылорда, 1931); «Батырлар жыры»



Дата16.04.2020
өлшемі25,11 Kb.
#62709
Байланысты:
Сәкен Сейфуллин

Сәкен Сейфуллиннің әдебиеттанулық еңбектері: «Қазақ әдебиеті туралы хат» («Еңбекші қазақ», 1929); «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (құрастырушы, Қызылорда, 1931); «Батырлар жыры» (құрастырушы, 1933); «Билер сөзі» («Жаңа әдебиет», 1931, №3); «Ертедегі жыр-әңгімелер, яки ноғайлы дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары» («Жаңа әдебиет», 1931, №10, 11); «Қазақ әдебиеті», (1932); «Батырлар жыры». (1 том, 1933); «Көркем әдебиет», (1935, (Ө.Тұрманжановпен бірге); «Ақмолла». Өлеңдер жинағы (1935); «Ләйлі-Мәжнүн» (Құрастырушы, 1935).

Сәкен Сейфуллинның туған жері — Қарашілік бүгінгі Қарағанды облысы, Ортау мекені. Алғаш сауатын Ағаш аяқ молдадан оқып хат танып, 1905 жылы Нілді мыс қорыту зауытындағы орыс-қазақ мектебінде оқиды. Кейін Ақмоладағы приходская школада екі жыл, үш кластық қалалық училищеде үш жыл оқиды. 1925-1937 жылдары ақын жазушылығымен қатар орта, жоғары оқу орындарында сабақ берді. «Қызылорда қалалық халық ағарту институтында, Ташкент педагогикалық институтында (1927-1928), 1930-1937 жылдары Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтта қазақ әдебиеті тарихынан сабақ берді. Сәкен қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын «Көкшетау» поэмасын жазу дәуірінде жинай бастаған. Майкөт, Қарақожа, Ақан сері, Біржан сөздерін ел аузынан жинайды.

1930 жылы Жамбылды, оның төңірегіндегі басқа ақын-жырауларды тауып алып, Жетісу еліне мәлім көптеген ақындардың сөздерін, соның ішінде, Сүйінбай, Шөже, Тезек, Жамбыл, Құлмамбет өлеңдерін жазып алған. Гүлбарамның айтуына қарағанда, Сәкен Қызылордада, Ташкентте түрғанда да және Алматыға келгенсін де әртүрлі ақын, сөз білетін адамдардың жатқа айтатын өлеңдерін, қызықты әңгімелерін жалықпай тыңдап, ерінбей жазып алып отырған. Фольклор, әдебиет нұсқаларын өзі оқытқан студенттер арқылы да жинатады. Ташкентте Әбубэкір Диваевпен әлденеше рет кездесіп, одан да көптеген материалдар алған көрінеді. 1930 жылы Қоянды жәрмеңкесінде бір айдай жатып, сол жерге жиналған ақын, әншілерден көптеген өлең-жыр жазып алған.

Сәкен газет арқылы және мәдениет майданындағы қызметкерлерге арнайы хат жазу арқылы да қазақ әдебиеті тарихының материалдарын көптеп жинайды және сол жинағандарын әдебиет тарихы тұрғысынан сұрыптап, зерттеп жазуға кіріседі.

Сәкен осындай ұқыпты зерттеу жұмысының нәтижесінде 1931 жылы «Қазақ әдебиетінің нұсқалары» атты бір том жинақ, 1933 жылы бір том «Батырлар жырының» жинағын, 1934 жылы Алтынсариннің өлеңдер жинағын. 1935 жылы Ақан сері, Ақмолла ақындардың өлеңдерін, «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын бастырып шығарады. Ал негізгі зерттеу еңбегі 1932 жылы «Қазақ әдебиеті» деген атпен қалың бір том кітап болып басылады.

Сонымен Сәкен 1930 жылдарда бұрынғы әдебиет мұрасына деген көзқарасын өзгертеді. Қазақ әдебиеті тарихын зерттеуші үлкен ғалым екендігін танытады. Сәкен ақын, жазушы, революционер, қоғам қайраткері ретінде халық арасында қандайлық беделді, ағалық орында болса, оқытушы ретінде студент, шәкірттер арасында да білімді ұстаз бола білді, — дейді Е.Ысмайылов (1: 28-29).

Сәкеннің өзі жырлаған қоғамның қолынан жапа шегуі туралы сәкентанушы Е.Ысмайылов былай дейді: «Сәкен өзінен оқыған жастарды қазақ әдебиетінің тарихын, көркем поэзияны терең сүю, білу, зерттеу рухында тәрбиеледі. Егер көптеген ақын, жазушылар Сәкеннің творчестволық ықпалымен әдебиет майданына араласқан болса, бірталай жас таланттар Сәкеннің оқушы шәкірті есебінде әдебиет майданына араласып, өзінің творчестволық қабілетін дамытуға мүмкіндік алды. Мұны алдымен ҚазПИ-де Сәкеннен оқыған — Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, Қажым Жұмалиев, Мұқаметжан Қаратаев, Белгібай Шалабаев, Сағыр Қамалов, Хамза Есенжанов, Қадыр Хасанов, Мәлік Ғабдуллин, Еркімбеков Дүйсембек, Қалижан Бекхожин, осы сөздін авторы және басқалар туралы айту керек.

Сәкен — қатал күрес үстінде шынығып өскен ақын азамат. Ол өзі белсене араласқан әдебиет қозғалысы қайшылығының ащы-тұщы дәмін де мол татты. Ол әр уақытта Қазақстандағы әдебиет қозғалысының басы-қасында, жуан ортасында болды. ҚазАПП-тың алғашқы дәуірінде (1929 жылға дейін) қазақ совет әдебиетінің идеялық позициясын нығайтуға белсене араласқан болса, онан кейінгі дәуірде, бір кезде өзі ұйымдастырып басшылық еткен ҚазАПП енді Сәкеннің өзіне ауыз салды. 1931 жылғы жазған бір мақаласында ҚазАПП-тың бастығы М.Қайыпназаров: «Жақында ҚазАПП болып Сәкеннің шығармаларын сынадық, сол сынның аяғында Сәкенді пролетариат әдебиетіне одақтас ақын деп таптық», — дейді. Егер 20-жылдары Сәкен ұлтшылдардың шабуылды сынына ұшырайтын болса, енді ҚазАПП-тың кезіндегі осындай сындардың тегеуіріне өзі түседі. Бірақ Сәкен мұндай сындардың бірде-біріне абыржып, сасқан емес. Өзіне қарсы айтысып, тартысып жүрген адамдардың сорына қарай жаңа шығармаларды үсті-үстімен жазумен болды.

1935 жылдардың алғашқы жартысында Сәкен көркем шығарма, ғылыми еңбектермен қатар мемлекеттік қоғам істеріне жаңадан құрылған Қазақстан совет жазушылары одағының ұйымдастыру, творчестволық жұмыстарына белсене араласады. Қазақстан Орталық атқару комитетінің мүшесі, Жазушылар одағы президиумының мүшесі. Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жылдығын өткізу комиссиясының бастығы. Жазушылар ұйымына жаңадан мүше алу комиссиясының бастығы, ақындар слетін, декаданы өткізу комиссияларының мүшесі. «Әдебиет майданы» журналының редакторы болып, толып жатқан мәдени-ағарту және қоғамдық игі істердің жүзеге асуына Сәкен өте жігерлі кіріседі. Сәкеннің әдебиет майданындағы аса маңызды партиялық шараларды іске асыруға мүндайлық білек сыбанып, жігерлі араласуына Мирзоян бастаған өлкелік партия комитетінің жаңа басшылығы себепші болды. Осы түста Сәкен көркем шығармаларын да мол өндіріп жазып тастайды. 1933 жылы «Альбатрос», «Қызыл ат» поэмаларын, жылы «Социалистан» атты өлеңдер жинағын шығарды. «Альбатрос» пен «Қызыл ат» Сәкен поэзиясының тағы бір белге көтерілген, творчестволық іздеуден туған күрделі шығармалары еді. Сәкен поэзиясымен қатар, творчестволық еңбектің негізгі салмағын енді бірте-бірте проза жанрына аудара бастады. Ол бірқатар жағдайларда өзі көрген, өзі араласқан өмірден елес беретін «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда», «Дауыл алдында», «Жемістер» атты роман, повестерін жазуға кіріседі, олардың бірқатар тараулары газет, журналдарда, түрлі жинақтарда жарияланды. «Айша» атты повесі 1935 жылы жеке кітап болып шығады. «Қызыл сұңқарлар» пьесасын бүтіндей жөндеп, қайта жазып, ол Қазақтың мемлекеттік драма театрында қойылады. «Тар жол, тайғақ кешу» толықтырылып, 1936 жылы қайта басылды. Ал Сәкеннің бірқатар шығармалары (1927-1937 жылдар арасында) «Атаман Анненковтың азап вагонында» «Тар жолдан» (үзінді), «Советстан», «Көкшетау», «Айша», «Қызыл ат», «Жемістер», т.б. орыс тілінде басылып шықты.

Қазақ совет әдебиетін өркендетудегі Сәкеннің зор еңбегін партия мен үкімет айрықша бағалап, 1936 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен наградтады. Ақынның әдебиеттегі еңбегінің жиырма жылдығын бүкіл Қазақстан жүртшылығы болып тойлады. Ақын 1939 жылы 9 октябрьде қайтыс болған. Ұзақ уақыт үзілістен кейін КПСС-тің XX съезінің Қарарына сәйкес 1957 жылдан бастап Сәкен өзінің дұрыс, әділ бағасын ала бастады. Орысша, қазақша Сәкен шығармаларының таңдамалы жинақтары жарияланды» (1: 29-30).

Альбатросқа теңеген заманның жыршысы ату жазасына ұшырайды. Алаш тұлғалары сияқты Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің де қабірі белгісіз. Отаны үшін, елінің тарихы, әдебиеті үшін өздерін құрбан еткен ерлер шаһид болып саналатын болар деп біз бүгін өзімізді жұбатамыз. Сәкеннің қайраткерлігі, оның ұлттық мүддені қорғау жолындағы істері туралы Е.Ысмайылов былай деген: «Онан соң Сәкен ақын ғана емес, Қазақстандағы саяси қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан жауапты қызметкерлердің көбіне адамгершілік мінез-құлық жағынан елеулі идеялық ықпал жасап отырған революционер, қоғам қайраткері. Сәкен 1925-1932 жылдары Қазақстан Өлкелік партия комитетінің секретары Голощекинмен де бірталай принципиалды мәселелермен келісе алмайды. Голощекиннің көшпелі ауылды колхоздастыру, мал шаруашылығын өркендету жөніндегі қателіктерін, кадрларды іріктеуде Лениндік принципті бүрмалағандығын Сәкен өз кезінде ашық айтып, батыл сынап отырған. Ресми жиналыстарда Сәкен өзіне тән турашылдықпен Голощекин, Құрамысовтардың теріс, оғаш қылықтары мен қателіктерін өткір сынап жүрген. Сондықтан да Голощекин өзіне қолайсыз, беделін түсіретін, бір рет, ешкімнің ырқына көнбейтін, алдына келіп жағынбайтын Сәкенді «жуасытып» алу үшін айрықша тапсырма беріп, мезгіл-мезгіл үлкен талқылаудан өткізіп отырған.

Совет әдебиеттануы әдеби мұраны зерттеуді өз қолына алып, 1933 жылы ұлттық мәдениет зерттейтін ғылыми-зерттеу институты құрылады. Ел арасындағы ауыз әдебиет үлгілері жоспарлы және жүйелі жинала басталды. С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Аманжолов, Ө.Тұрманжанов, І.Кеңесбаев, Е.Ысмайылов бұл істердің басында болды. Совет әдебиеттануы біржақты болғанымен, осы кезде бірнеше кітаптар шықты: «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (құрастырушы С.Сейфуллин, 1931), «Батырлар жыры» (құрастырушы С.Сейфуллин, 1933, С.Мұқанов құрастыруымен 1939), «Қазақтың мақал-мәтелдері» (құрастырған Ө.Тұрманжанов, 1937), «Қазақ ертегілері» (1939), «Халық поэмалары» (құрастырған Қ.Жұмалиев, 1939), «Жұмбақтар» (құрастырған С.Аманжолов, 1940), т.б. «Әдебиет майданы» журналы «Ескі сөздер» деген айдар берді. Осы кезде бұл әдеби жәдігерлер орыс тіліне аударыла басталды. 1936 жылғы Мәскеудегі онкүндікке байланысты бұл іс жандана түсті. Нәтижесінде, «Қобыланды батыр» (аударған М.Тарловский, 1937), «Қазақ ертегілері» (құрастырған Л.Макеев, 1940), «Қазақ антологиясы» (1940) орыс тілінде шықты. Бұлардың сапасы мен шығуына байланысты С.Сейфуллин «Қазақ батырлар жырын Пеньковский мен Тарловскийдің орысшаға аударуы туралы» «Қазақ әдебиет» газетіне (1935, №31.20.ХІ) мақала жариялады (3: 197).

Алаш тұлғалары атылып кеткен кезде С.Сейфуллин совет әдебиеттануында олардың еңбектерін жалғастырған іс басында табылды. Отызыншы жылдары келесі кітаптарын жариялады: «Қазақтың ескі ауыз әдебиет нұсқаларынан» (1931), «Батырлар жыры» (1933). Әдебиетші бұл әдеби мұраны кеңестік бір күндік ұранға қарсы қойғандай болуы да ықтимал. Басқалар сияқты партияның белсенді қолшоқпары емес, ұлттық сөз өнерінің үлгісін жаңа заманға қажет етемін деген ниетпен әдебиетші осы іс басында болған шығар. С.Сейфуллин әдебиетті ғылым деп қараған. Ұлт мұрасы деген түсінікті саясаттың алдына қойғаны А.Байтұрсынұлы мен Х.Досмұхамедұлының ойларының жалғасы іспетті.

1930 жылы «Жаңа әдебиет» журналында С.Сейфуллиннің келесі мақалалары жария болды: «Билер сөздері» (1931, №3), «Қасиетті құс, аққу құс туралы» (1931, №2), «Ертедегі жырлы-әңгімелер яки ноғайлы дәуірінен қалған әдеби нұсқалары» (1931, №10, 11). Аққудың қазақ үшін киелі құс екенін әдебиетші ертедегі ауыз әдебиетінен мысалдар келтіріп баяндап берген. Кейін ақын бұл білімді лирикалық поэмада пайдаланды.

Отызыншы жылдары оқулық жазу — совет қазақ әдебиеттануының негізгі мәселесі болды. Осы жылдары қазақ университетінде әдебиеттен дәріс оқыған С.Сейфуллин оқулық қажет екенін ғылыми мәселе ретінде қойды (Қазақ эдебиеті, 1932). Көп ұзамай «Қазақ әдебиеті» оқулығының шығуы кеңес әдебиеттануына нақты үлес болды. Алаш ғалымдарының еңбектеріне тыйым салынған кезде бұл оқулыққа қажеттілік зор еді. Төте жазумен шыққан «Тар жол тайғақ кешуде» (Қызылорда, 1927) Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов суреттері енгізілгені тегін емес-тін.

Әдебиетші С.Сейфуллин оқулықтың мақсатын былай деп айқындап алған: «Бұл билер дәуірінің әдебиеті кірген бірінші кітапқа әдебиет нұсқаларын әдейі молырақ кіргіздім. Өйткені, бұл кітап бір жағынан, ескі ел әдебиеті туралы жазылған кітап болса, екінші жағынан, сол ескі ел әдебиеті нұсқаларының жинағы тәрізді материалдар болсын дедім» (2: 8). «Әдебиет танытқыш», «Әдебиет тарихы», «Аламан» кітаптарына тыйым салынған кезде С.Сейфуллин басты ұлттық әдеби мұраларының ұмыт қалмауын осылай өз мойнына жүктеп алғандай әсер етеді. Сонымен қатар бұл кітап ғалымның ауыз әдебиетін жинау, зерттеу барысындағы істерінің қорытындысы іспетті. Алғысөзде қазақ халқының тарихынан қысқаша мәліметтер берілген. Негізгі мәселе — ауыз әдебиеті үлгілерінің туу тарихының негізін анықтап беру.



С.Сейфуллиннің Алаш әдебиетшілер көзқарасымен басты ұқсастығы «әдебиет — өмірдің айнасы» деген қағиданы ұстанғаны. Халел Досмұхамедұлы пен Мұхтар Әуезовше әр мәтіннің тарихи негізін ашуға тырысады. Бірақ олар сияқты әдебиет — қазақтың мұңы мен қасіретін бейнелеуші емес, тек өмірдегі шындықтың көрінісі деп анықтап алған. Бұл — советтік, партиялық тұжырым.

Жыр, тақпақ, мақал, нақыл, өлең, әңгімелердің ел арасында ауызша таралуы да ғылыми негізді мәлімет берілген. Ауыз әдебиетінің басты сипаттамасы осы деп айтылған. Әдебиетші сонымен қатар әр айтушы мен жырлаушының өз тарапынан түрлі өзгерістер енгізіп отыруын да заңдылық ретінде ескертеді. Бұл ғылыми тұжырым екені айқын. Бірақ бұл кітаптың негізгі бағыты — қазақ әдебиетін таптық көзқарас тұрғысынан таныту болып табылады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет