Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж



жүктеу 4,75 Mb.
бет20/26
Дата23.10.2016
өлшемі4,75 Mb.
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   26

ДӘРІГЕР БОЛУ ОҢАЙ МА?

Ақ желеңді абзал жан Есентемір Әбдікәрімовпен сұхбат


Есентемір Әбдікәрімұлы, Сіз қырық жыл бойы денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек егіп келесіз. Өмір жолыңызға тоқтала кетсеңіз.

– Мен еңбек жолымды 1971 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен соң туған жерім Науырзымда аудандық аурухананың терапевт-дәрігері болып бастадым. Бұл ауданның жеке отау тігіп шыққанымен әлі төрт аяғын тең басып кете қоймаған кезі еді. Барлық салада да тапшылық: мамандар аз, техника жетіспейді, мекенжай тапшы дегендей... Мысалы, аудандық құрылыс мекемелерінде бірде-бір кран жоқ, облыс басшыларының қысымымен көршілес Әулиекөл мен Қарасу айына бір жетіден кран жіберіп қарайласатын. Осы тапшылық, әсіресе, медицина саласында өте басым еді. Дәрігерлер ғана емес, орта буын мамандар жетіспегендіктен бөлімше түгіл кеңшарлардың өзінде фельдшерлік-акушерлік нүктелер жабылып жататын. Қайғы мен Ескі Науырзымдағы учаскелік ауруханада дәрігердің жоқтығынан оларды көп уақыт медбикелер басқарып келді, тек Шолақсайда ғана дәрігер бар. Жергілікті мамандар жоқ, ал сырттан жібергендер Науырзым десе Сібірге жер аударғандай безірейтін. Оқу бітірген соң дипломын қолына бермей зорлап жіберген мамандар көп тұрақтамай тайып тұрады, басты сылтаулары "үй жоқ". Аудан басшыларының осындай жайлардан запы болғандары соншалық, керекті мамандарды үй мәселесін шешкенше өз үйлерінде тұрғызуға мәжбүр болушы еді, – мен өзім үш айға жуық аудандық атқару комитетінің төрағасы Мирас Нұрғалиевтің үйінде тұрып қызмет істедім. Ауыл дәрігерінде ол кезде жұмыс уақыты деген ұғым тек қағаз жүзінде ғана, күн-түн, демалыс, мейрам демейді, жұмысқа шақырып жатқаны. Сонда не аудандағы екінші адам Мирас ағамыздың өзі, не жанұясының бір мүшесі қабақ шытып көрмейтін, қайта "қарағым, дұрыстап дем ала алмадың-ау" – деп мені аяйтын... Мен барған жылы он тоғыз мың тұрғыны бар ауданда екі хирург, екі терапевт, бір стоматолог қана болдық. Сырқаттарға қолдан келген көмекті "мамандығым емес" – деп кергімей көрсете беретінбіз. Мысалы, акушер-гинеколог дәрігер атымен жоқ, тек аудан орталығы мен Шолақсайда ғана бір-бірден акушерка бар, осының салдарынан сол жылы аудан бойынша дүниеге келген жеті жүз он екі сәбидің жартысынан астамы үйде туылған екен, ал бұл медицина саласындағы ең бір нашар көрсеткіш саналады. Обалы не керек, осындай қиын жағдайда облыстық медицина саласының басшылары қолдан келген көмектерін аямайтын. Облыстың бас хирургы Нариман Ысмағұлов, бас терапевті Раиса Мурьева, бас педиатр Екатерина Переплетчикова, бас акушер-гинеколог Галина Пестрецовалар ғана емес, облыстық ауруханалардың белді мамандары Рифат Ғалинұров, Абылай Садықов, Анатолий Макаров, Алексей Танько, Зылиқа Құлбекова сияқты өз ісінің шеберлері күн-түн демей көмекке келуге әзір тұратын. "Менің өз жұмысым бар, жанұям бар, демалып жатырмын" – деген ұғымдар бұл кісілердің сөз қорында кездеспейтін, қоңырау шалсаң болды, кеңестерін аямайды, тіпті санитарлық авиациямен ұшып келіп, қолма-қол көмектерін көрсететін. Аудандық аурухананың бас дәрігері міндетін атқарған жылдары Флегонт Кузнецов, Ысқақ Есіргепов, Жеңіс Кожмұқамедовтей ағаларымыз жөн сілтеп отырды. Мамандықтың қыр-сырын біз, жас буын, осы абзал жандардан үйрендік, тәлім-тәрбие алдық, бұл күндері өзіміз жастарға ақыл айтсақ, әрқашан ұлағатты ұстаздарымызды еске аламыз.

Зиябек Күдебаев, Нина Алишевская, Қойшығұл Ильясов сынды әріптестеріммен қоян-қолтық төрт жыл еңбек еткеннен соң мен қалаға ауыстым. Ал аталған әріптестеріме келсек, өмірден ерте кеткен Зиябек ағамыздың ісін Жәнібек деген дәрігер баласы жалғастыруда, Қойшекең зейнет демалысында, ал Нина Васильевна әлі күнге шейін аудандық ауруханаға тірек болып келе жатыр.

Облыс орталығына келген соң шипагерлік қызметіңіз қай бағытта жалғасты?

– Қостанайда алғашында облыстық ауруханада медицина ғылымдарының кандидаты Валерий Цхайдың басшылығымен Асқар Асанов, Ермұрат Боранқұлов, Гүлнәр Қасымова-Тұтқышевалармен бірге өкпе ауруларын емдейтін пульмонология бөлімінің негізін қалаудан бастадым. Одан соң ширек ғасыр бойы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері мен темір жол ауруханасында Владимир Зябко, Анатолий Шегай, Александр Волосян, Қазбек Жайназаров, Ақтан Дүзелбаев сынды әріптестеріммен қатар анестезиолог-реаниматолог мамандығы бойынша қызмет аткарып, ғасыр басында наркология диспансеріне ауыстым. Қазір облыстық наркология диспансерінің мәжбүрлеп емдеу бөлімінде халқымызға аса қауіпті індеттердің бірі нашақорлық пен маскүнемдікті ауыздықтауға қолдан келген шараларды қолданып жатқан мамандар қатарында еңбек етудемін.

Нашақорлық – ғасыр дерті. Осынау кесел жыл өткен сайын өрши түспесе, кемитін түрі жоқ. Күнделікті ақпаратқа қарасақ, нашақорлықпен, есірткінің заңсыз айналымымен күресте мін жоқ сияқты. Ұстап жатырмыз, жазалап жатырмыз. Ал есірткіге бой алдырғандар саны кеміп жатқан жоқ. Дәрігер ретінде осынау кеселдің тамырына қайтсек балта шабамыз деп ойлайсыз.

– Алдымен айтарым, есірткінің заңсыз айналымына қарсы жазалау шарасын күшейту керек. Қазір Парламент Мәжілісінің депутаттары осы мәселе төңірегінде ойлана бастады. Еліміздің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында да есірткі бизнесімен айналысушыларды Сингапур, Малазия еліндегі сияқты өлім жазасына кесу шарасы туралы айтылған.

Мұны мен неге айтып отырмын, Қазақстан есірткі тасымалының жолында тұр. Әрі-бері өткен есірткінің бір бөлігі қалай дегенмен осында қалады. Ол өз тұтынушысын табады. Ал есірткінің дәмін бір татқан жан оған тәуелді болады, соның жолында қылмысқа барады, есіл-дерті есірткі болып, өзге қызық естен шығады. Сөйтіп есірткі талай жастарымызды естен тандырып жатыр.

Дәрігер ретінде айтарым, есірткіге тәуелділікті емдеу де жеңіл шаруа емес. Қандай ем-дом қолдансаң да психологиялық тәуелділіктен құтылу қиын. Бұған науқастың ерік-жігері, жақын адамдардың жанашырлығы керек. Өмірдің өксігі – есірткі. Онымен бүкіл қоғам болып күреспесек, ұлттық зәузатымызға қауіп төнеді.

Ең алдымен есірткі тасымалының жолын кесу, қылмыскерлерді қатаң жазалау, есірткіге еліткен жастарымызды емдеу керек. Және емдеу, алдын алу шараларын жаңа сатыға көтеру керек. Маман кадрлар даярлап, наркологиялық диспансерлердің материалдық базасын жақсарту шарт. Оның бәрін бүгін істеу керек, әйтпесе ертең кеш болады. Бүгіндер бесіктен белі жаңа шыққан жап-жас балалар да есірткінің құрбаны болып жатыр.

Есеке, оқуы да қиын, жұмысы да жеңіл емес, еңбекақысы да мардымсыз дәрігерлік мамандықты таңдағаныңызға өкінген кезіңіз жоқ па?

– Кім біледі, кейбір қиын сәттерде ондай ойдың қылаң бергені де бар шығар. Бірақ жеме-жемге келгенде мен өз мамандығымызды үнемі мақтан тұтып жүрген жанмын.

Мен бақыт, байлық деген ұғымдарды біреуге жақсылық жасау, қиын сәтте біреуге қол ұшын беру деп түсінемін. Қиналып келген науқас жан алдыңнан сауығып, көзінен нұр ойнап кетіп бара жатқанын көргенде өзіңді бақытты сезінбейсің бе? Тіпті құлан-таза жазылып кетпесін, оның жүрегіне сенім ұялатудың өзі де бақыт емес пе?

Ғасыр дертіне шалдыққан мына нашақорларға, маскүнемдерге қоғамның кесапаттары деп қарамай, кездейсоқ кеселге ұрынған адамдар деп қарап, сауығып кетуіне қол ұшын біз сияқты өмірлік тәжірибесі, білімі бар дәрігерлер бермесе, кім береді? Дәрігер үшін науқастың бәрі бір, оның қоғамдағы орны, қызметі ешқандай роль атқармайды. Гиппократ антына адалдық та, жалпы дәрігерлік парыз да осыны талап етеді.

Қиналып жүрген жандарға сүйеу болып, қолданған еміміз дәру болып жатса, сол науқастың өзіне, оның ағайын-туғандарының жүрегіне үміт отын жағып, болашаққа деген сенімдерін нығайта білсек – одан артық дәрігерге не керек?

Ауруханадағы жұмыс, әрине, жеңіл емес. Дәрігер күнде науқастармен жұмыс істейді. Солармен бірге қиналады. Ал нарколог-дәрігердің жұмысы қиын ғана емес, тіпті қауіпті де ғой. Ішіп алған, тіпті есірткіге еліткен жанның ойында не бар екенін құдай білсін. Жұмыстан шаршап келгенде көңіл-күйіңізді түсініп, қуаныш-ренішті бірге бөлісетін отбасының болғанына не жетсін...

– Құдайға шүкір, бұл жағынан өміріме өкпе жоқ. Қырық жыл отасқан зайыбым Науша Лайыққызы көп жыл экономист болып істеп, екі жыл бұрын зейнеткерлікке шықты, ұлым Дархан агроном, Науырзымда тұрады, Дәуренім программист, Астанада, қызым Гүлжан Қостанайда, сауда саласында еңбек етеді. Немерлерімнің үлкені Елнұр қазақ түрік лицейінің оныншы сыныбында, Амангелді жалпы орта мектептің сегізінші, Кәмилә жетінші. Әлихан алтыншы сыныбында оқиды.

Осы Қостанайда мектепте бірге оқыған достарым да үлкен бір өрісім. Алдымнан сауығып шығып, рақметін жаудырып жүрген үлкен-кіші де аз емес. Соларды ойласам, бүгінгі белеске белгілі бір жүк арқалап келдім ғой деп, тәубе етемін.

ӘЛЕМДЕГІ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ҮЛГІСІ – ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты

Валерий Вишниченкомен сыр-сұхбат
Валерий Георгиевич, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары Тұңғыш Президент, Елбасы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде заңдар жобаларын қабылдап, Президентке қол қоюға берген еді...

– Иә, Парламент Мәжілісі де, Сенат та ондай заң жобаларын бірауыздан мақұлдады. Мұның өзі жергілікті жерлерден, сайлаушылардан келіп түскен өтініштер негізінде қабылданған еді. Рас, Президент бұл жобаға қол қоймады. Осы тұрғыдағы өзінің ой-тұжырымдарын ол Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының Парламентіне,"Нұр Отан" халықтық демократиялық партиясының Саяси кеңесіне жолдаған Үндеуінде жария етті. Және ол өз еңбегін жоғары бағалап, қолдағаны үшін барлық қазақстандықтарға алғыс сезімін білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуының қиын жылдарында экономикалық және саяси қайта ұйымдастырудың векторын дәл және дұрыс көре білді, мұның өзі еліміздің әлемдік қауымдастықтан ойып тұрып өз орнын алуына мүмкіндік жасады. Соның арқасында Қазақстан ТМД елдері мен түрік тілді Әлем ішінде тұңғыш болып ОБСЕ төрағасы тізгінін ұстады. Әлемдегі ең беделді деген бұл ұйым төрағалығын біздің еліміз қазір ойдағыдай атқарып, абыройға бөленіп отыр.

Бұл оқиға тәуелсіз Қазақ мемлекетін бүкіләлемдік қауымдастықтың мойындауы, жас егемен еліміздің жұлдызды сәті ғана емес, сонымен бірге Ұлт көшбасшысы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да еңбегінің жарқын жемісі.

Мемлекет басшысының жан-жақты еңбегі, оның кісілік және қайраткерлік тұлғасы туралы ойлағанда онымен жүздесіп, пікірлескен кездерім есіме түседі. Сол сәттердің бәрі де менің жадымда мәңгілік сақталып қалды.

Онымен Қостанайдың астықты алқабында, Қазақстан халқы ассамблеясының сессияларында, Парламент қабырғасында талай жүздесіп жүрсем де ол мені әр көрген сайын өзінің жаңа бір қырымен таң қалдырады. Қашан көрсең де жинақы, елгезек, бауырмал. Оның ой-өрісі де ғажап кең, әзілге де ұста, қарапайымдылығы арқылы әңгімеге үйіре жөнеледі. Менің ойымша, оның ең басты қасиеті ол өзінің бастамаларының дұрыстығына кәміл сенеді, елдің аса бір жауапты тарихи кезеңінде ел тізгінін ұстаудың қандай орасан зор жауапкершілік жүктейтінін жақсы біледі. Оған дәлел Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауы. Сол тарихи құжаттардың қай-қайсын алмаңыз халықтың мүддесінен туындап жатады, алға қойылған асқаралы міндеттердің жүзеге асатынына кәміл сенім ұялатады, оны өмірдің өзі дәлелдеп те отыр.

Валерий Георгиевич, Сіз Қазақстан халқы ассамблеясынан Парламентке сайланған тоғыз депутаттың бірісіз ғой...

– Иә, 2007 жылғы 20 тамызда менің өмірімде ерекше оқиға болды. Астанадағы Бейбітшілік пен Келісім сарайында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының ХІІІ сессиясында басқа сегіз ассамблея мүшесімен бірге мен де Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайландым. Мұның өзі Президент бастамасымен еліміздің Конституциясына өзгерістер енгізу нәтижесінде мүмкін болды. Сол өзгерістер арқылы ассамблеяға конституциялық мәртебе берілді және ол Мәжіліске депутат сайлау құқығына ие болды.

Осы арада өзімнің еңбек жолыма да тоқтала кеткенім артық болмас. Аудандық, облыстық комсомол комитеттерінде жауапты қызмет атқардым, адамдармен жұмыс істеуге машықтандым, кейін облыстық партия комитетінде, облыстық әкімдікте лауазымды қызметтерде тәжірибе жинақтадым, соңғы кезде Қазақстан халқы облыстық ассамблея төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі болып, ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты, толеранттықты орнықтыру жөнінде тер төктім. Осы саладағы еңбегімнің Тәуелсіз Қазақстанның "Достық" орденімен аталып өткенін де ерекше мақтаныш тұтамын.

Ассамблеяда өткен сайлаудан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы бізді бейресми әңгімеге шақырды. Бұл жылы жүздесу біздің әрқайсымызға да ерекше із қалдырды. Елбасы біздің депутат болып сайлануымызды тарихи оқиға деп бағалады. Бұл біздің көп ұлтты мемлекетіміздегі ұлтаралық келісім мен кемел келешекке қызмет ететінін қадап айтты. Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерінің заң шығарушы органда болуы арқылы біздің еліміздің саяси, идеологиялық және этностық саналуандығы көрініс табады.

Менің ұлтым – украин. Жас кезінде Нұрсұлтан Әбішұлының Украинада болып, металлург мамандығының қыр-сырына машықтанғаны бар, ол сол өңірден өзіне ұлағатты ұстаздар мен айнымас достар тапты. Ол сонда шынықты, шынайы достықтың қадірін түсінді.

Менің есіме 2006 жылы Қостанайдағы Достық үйінің ашылу салтанаты түсіп отыр. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс басшыларының күш-жігерімен дүниеге келген еді. Сол салтанатқа Елбасы да қатысып, ғимарат ішін аралап көріп, облыстағы этномәдени орталықтар басшыларымен жүздесті. Сол күні "Алтын микрофон" әншілер конкурсының дайындығы өтіп жатқан еді. Елбасын біз сол бүлдіршіндер өнерін көруге шақырдық. Елбасының келгенін көрген жас өнерпаздардың қалайша құлпырып шыға келгенін, асқақ әнді бұрынғыдан бетер әуелеткенін көрудің өзі ерекше ғанибет еді. Біз осы жұлдызды жастардың бірнеше тілде ән шырқайтынын айттық. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы украинның ұлттық киімін киген бір қыз баланы қасына шақырып, "украинша ән айтасың ба?" деп сұрады. Бүлдіршін жауап беру орнына "Нэсэ Галя воду..." әнін шырқай жөнелді. Сол Айнұр Рахымжановаға Президент те қосыла кетті.

Тағы бір есте қалған жайт. Депутат болып сайланғаннан кейін Қазақстан халқы ассамблеясының құрамында Украина астанасы Киевте болдым. Онда басқа да көптеген шаралармен бірге Н.Назарбаевтың украин тіліне аударылған "Қазақстандық жол", "Бейбітшілік пен келісім саясаты" кітаптырының тұсаукесері болды. Сонда сөз сөйлеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен жазушылар қазақстандық делегацияға қызғанышпен қарады: "Сіздердің жолдарыңыз болды, үйткені Сіздердің Президенттеріңіз шын мәнінде Ұлт көшбасшысы, таланатты да дана тұлға" десті.

Бүгіндер мұндай ойды көптеген мемлекеттер басшылары мен саясаткерлер айтып жүр. Кешегі Вашингтонда өткен ядролық қаруға қарсы бүкіл әлемдік саммитте де біздің лидердің мерейі үстем болғанын бүкіл әлем көрді. Өзіміз де ерекше тәнті болып, тәубе дедік. Президент өзінің Қазақстан Республикасының азаматтарына, Парламентке, партияның Саяси бюросына жолдаған Үндеуінде былай деп атап көрсетті: "Біздің ядролық қарудан бас тарту және жаһандық жаппай қарусыздану туралы бастамаларымызды барлық елдер, Біріккен Ұлттар Ұйымы қызу қолдап, оны ғаламшардың қауіпсіздігі жолындағы күрестің көшбасшылары қатарындағы Қазақстанның әлемдік серпілісі ретінде таныды".

Расында да, Қазақ елінің бүгінгі әлемдік серпілісін кім де болса мойындады, Қазақстан дүниежүзілік қауымдастықтан өз орнын ойып тұрып алды. Елбасы алға қойған дамыған елу мемлекеттің қатарына кіру міндеттері де ойдағыдай жүзеге асуда.

Валерий Георгиевич, Сіздің Қазақстан халқы ассамблеясының ХІ сессиясында сөз сөйлеп, Астанада сталиндік қуғын-сүргін кезінде қуғынға ұшыраған көптеген халық өкілдерін құшақ жая қарсы алған қазақ халқына ескерткіш орнату жөнінде ұсыныс айтқаныңызды білеміз...

– Иә, өзім де осы мәселе жөнінде айтқалы келе жатыр едім. Бұл менің шын ниеттен айтылған ұсынысым еді. Қазақ халқы шешен, ингушты, немісті, полякты, корейлерді, гректер мен түріктерді, т.б. қуғынға ұшыраған талай бауырларды құшағына алды. Төрінен орын, қазанынан ас берді, жүрек жылуын дарытты.

Сол сессияда Нұрсұлтан Назарбаев қорытынды сөз сөйледі. Ол менің ұсынысымды қолдады, бірақ ерекше маңызды бір түзету енгізді. Ескерткішті халықтар достығына қою керек деді. Бүгін сол "Қазақ елі" монументі біздің көп ұлтты халқымыздың мызғымас бірлігін паш етіп тұр. Бұл қастерлі белгі ел Астанасының да келбетін көркейткен еңселі ескерткіш болды.

Қазақстанның тұңғыш Президенті қызметінің ең басты нәтижесі тәуелсіздік алғаннан бергі біздің қоғамдағы бейбітшілік пен келісім деп білемін. Оның бәрі мемлекет басшысының даналығы мен алысты болжағыштығының, біздің халықтың төзімділігінің, мемлекеттің этносаралық және конфессияаралық сияқты нәзік саладағы сындарлы және дәйекті саясатының жемісі.

Қазақстан мына бұрқанып жатқан әлемдегі тұрақтылықтың үлгісі болды және солай болып қала да береді. Бұл реттегі біздің тәжірибенің теңдесі жоқ. Бұдан он бес жылдан астам уақыт бұрын құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы – бұл да Елбасының бел баласы. Бүгіндер Қазақстанның Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі шеңберінде бұл теңдесі жоқ тәжірибеге ден қоюшылар көбейе түсуде. Осы орайда Қазақстан халқы ассамблеясына АҚШ-тың, Қытайдың, Францияның, Ұлыбританияның, Германияның, Түркияның, Испанияның, Финляндияның, Австрияның және басқа да елдердің шынайы қызығушылық танытып отырғанын айта кеткен жөн.

Парламент Мәжілісіндегі өзіңіз мүшесі болып табылатын "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы туралы бірер сөз айта кетсеңіз.

– Біз биылғы жылға ең басты міндеттердің бірі ретінде ең алдымен ОБСЕ-ге мүше елдермен парламенттік байланыстарды нығайтумен бірге этносаралық қатынастардағы Қазақстан тәжірибесін кеңінен насихаттауды алға қойдық. Біз міне осы бағыттарда Парламент Мәжілісінің депутаты және Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері ретінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы орайда халықаралық кездесулерге, ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен дөңгелек үстелдерге белсене қатысамыз. Ал жеке өзім туралы айтатын болсам, республикалық және аймақтық газеттерде менің көптеген мақалаларым мен сол басылымдарға берген сұхбаттарым жарияланды. Ақпан айының аяғында француздың беделді басылымы "Журнал дю Парламент" журналында "Этностық және діни кикілжіңдерден ада ел" атты мақалам жарық көрді, Брюссельде (Белгия) шығатын "Новая Европа" апталығының 21 наурыздағы санында "Бейбітшілікте тұрғыңыз келе ме? Оған қалай жетуге болатынын қазақстандықтардан сұраңыз" атты ағылшын тіліндегі мақалам басылды. Сол жарияланымдардың тақырыбының өзі айтып тұрғандай, бұл еңбектерімізде ұлтаралық, конфессияаралық келісім мәселелерін сөз еттік. Бұл орайда Қазақстан Президентінің атқарған ұлан-ғайыр еңбегін шетелдік оқырмандарға жеткізуге тырыстық.

Жақында біздің елде Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Пан Ги Мун болып кетті. Ол әлемнің 192 елін біріктіретін жаһандағы ең беделді ұйым төрағасы. Онымен болған кездесуге Қазақстан халқы ассамблеясы Кеңесінің мүшелері де қатысты. Мәртебелі қонақ Елбасының еңбегіне орасан зор баға бере отырып, оны әлемдегі ядролық қаруға қарсы қозғалыстың лидері деп атады. Ол әлемдік проблемаларды шешуде мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар күш-жігерін біріктіру қажеттігін тағы да бір еске салды. Қазақстанның өркениет альянсына қатысушылар арасындағы маңызды рөлі мен этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастардағы үлгі-өнегесін ерекше ризашылықпен атады. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуын дана да батыл қадам деп бағалады. Міне, сондықтан да болар Біріккен Ұлттар Ұйымы Семей полигоны жабылған 29 тамыз күнін ядролық сыныққа қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Ал содан кейін, яғни 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституция күні аталып өтетінін ескерсек, бұл екі датаның қатар келуінің өзінде ерекше бір үндестік бар деп бағалау қажет шығар. Ядролық сынақты тоқтату да, Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі қолданыстағы Конституциясын қабылдау да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдесі жоқ күш-жігерінің, дана да дәйекті саясатының жемісі. Біз бүгін соның игілігін көріп отырмыз. Қазақстан – әлемдегі тұрақтылықтың үлгісіне айналып отырса, Қазақстан экономикалық және әлеуметтік дамуда көшбасшы мемлекеттер қатарынан өз орнын алып отырса – соның бәрі халық өзінің көшбасшысы санап, ардақ тұтқан арысы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Сол көшбасымыз кешегі Үндеуінде былай деп ағынан жарылды: "Мен күрделі кезеңде елдің көшін бастау құрметіне ие болдым. Сонда сіздердің нақты қолдауларыңызды, ынта-жігерлеріңізді, қажыр- қайраттарыңызды әрдайым айқын сезіндім.

Бұл – орасан бақыт. Бұдан өзге маған ештеңе қажет емес. Бойдағы қуат, білік пен тәжірибе мүмкіндік берсе мен халқым жүктеген қастерлі міндетті орындау мақсатында әлі де қажымай қызмет ете беремін".

Біз сол қастерлі міндетті орындау жолындағы Елбасына ерен табыстар тілеп, еліміздің алға басуы үшін қолдан келгенше еңбек ете бермекпіз.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ХАЛЫҚ БІРЛІГІНІҢ

НЕГІЗГІ ФАКТОРЫ

Филология ғылымының докторы, профессор

Кеуілімжан Нұрмұхаметовпен сыр-сұхбат
Кеуілімжан Ерқонысұлы, биыл тәуелсіз Қазақстан өзінің мемлекеттігін құруда орасан зор рөл атқарған, 1995 жылы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығын атап өтеді. Сол Ата заңның 7 бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару орындарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады, деп жазылған. Осы конституциялық қағиданың нақтылы іс жүзіндегі көрінісі қандай деп ойлайсыз?

– Мен бұл сұраққа Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен жауап бергім келеді. Ол 2008 жылы 29 мамырда, бұдан дәл екі жыл бұрын, Астанада қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескенде былай деді: “Ең алдымен қазақ азаматтарының намысына салмақ салмай болмайды. Екі тілді, реті келіп жатса үш тілді қатар меңгерген адамдарға қызмет бабында артықшылық беру керек. Лауазымды жоғарылату мәселелері қаралғанда осы жағын да ескерген жөн.

Ана тілін білмеу қазақ азаматы үшін ұят саналуға тиіс. Мемлекеттік тілге, өзінің ана тіліне құрметпен қарамауы оның қызмет бабында өсуіне де әсер ететін болуы керек. Өйткені екі тілді, үш тілді еркін меңгерген маманның өз міндетін жақсырақ атқаруға жалғыз тілмен жүргендерден гөрі мүмкіндігі мол екені анық. Өзге ұлттың өкіліне: “Біз сізді бұл орынға қабылдай алмаймыз, өйткені, сіз мемлекеттік тілді меңгермеген екенсіз” деуге қазірше болмайды, өйткені, қазақ тілін оқып үйренуге тиісінше жағдай бұған дейін жасалған жоқ. Ал қазаққа айта аламыз, айтуға тиістіміз де. Осы 17 жылдың ішінде (әңгіме 2008 жылы болған еді ғой. С.М.) ол өзінің ана тілін үйренуге міндетті еді. Бұл талап ешқандай да адам құқығына қол сұғу ретінде қаралмауға тиіс. Бұл – парыз”.

Міне, Елбасы осылай деді. Бұдан артық не айтуға болады. “Ана тілін білмеу қазақ азаматы үшін ұят саналуға тиіс”, деді. Ал, несін жасырайық, тіл білмегені үшін ұялып жүрген қандастарымызды көріп жүргеніміз шамалы. Қандай да болмасын алқалы жиындар ресми тілде өтеді. Онда кейбір шенеуніктер бір-екі ауыз сөзді мемлекеттік тілде айтқан болады. Онысы “Құрметті ханымдар мен мырзалардан” аспайды. Сөйтіп мемлекеттік тілді белінен басып, оның қадір-қасиетін кетіреді. Сөз не қазақша, не орысша болуы керек қой. Қойыртпақ жасап, әуреге түсудің не керегі бар. Рас, әлі де аудитория толық қазақ тілін түсінбейді, ондайда сол ресми тілдің өзі дұрыс шығар.

Қазір Қазақстанда орыс тілін білмейтін бірде бір қазақ жоқ, ал өзінің ана тілінен мақұрым жандарға сан жетпейді. Міне, парадокс қайда? Тіл үйренуге құлшынып жүрген қаракөз қандастарымыз да көп деп айта алмас едік. Қайта өзге ұлттар өкілдерінің мемлекеттік тілге деген ықыласы ерекше. Өзім жоғары оқу орнында ұстаздық еткен соң сондай жастардың аяқалысын мұқият қадағалап жүремін.

Қазір Астананың, Алматының, өзіміздің Қостанайдың теледидарлары мен радиоларында бағдарлама жүргізуші болып өзге ұлттың қыз-жігіттері істеп жүр. Олар қазақша да, орысша да мүдірмей, жатық сөйлейді. Қазақ тілінің үндестік заңын жақсы біледі, өзіміздің кейбір ағайындар сияқты екі сөзінің бірі “жаңағы...”, “нетіп...”, “значит” емес, кәдімгі әдеби тіл. Қарап отырып, риза боласың...

Оны айтасыз, өзге ұлттың балалары қазақ мектебіне оқуға келе бастады. Ана бір жылы Қостанайда нөмірі оныншы қазақ мектебінің тұсаукесерінде бірінші сыныпқа барған қаршадай ғана орыс баласы Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан атасына қазақша тілек-ниетін айтып, жиналған жұртты сүйіндірген еді. Бүгінде қазақ мектептерінде, колледждер мен университеттерінің қазақ бөлімдерінде оқып жатқан өзге ұлттардың ұл-қыздары аз емес. Кеше ғана облыстық “Қостанай таңы” газетінен Таран ауданындағы қазақ мектебінің 1 сынып оқушысы Владислав Вакуленко туралы оқыдым. Қала мектептерінде қазақша білім алып жатқан өзге ұлттың талай ұл-қыздарын да білемін.

Ал Ахмет Байтұрсынов атындағы университетте Алла Платонова журналистика мамандығына, Маргарита Брунихина аударма ісіне, Вера Бакина, Индира Иванова агрономия мамандығына, Татьяна Новикова мен Тамара Агамяк қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығына қазақша оқып жатыр. Мен өзім білетін жастарды ғана ауызға алып отырмын, мемлекеттік тілде біздің академик Зұлхарнай Алдамжар атындағы әлеуметтік-техникалық университетте де білім алып жатқан жандар аз емес. Міне, осындай үрдіс кең қолдау тапқан кезде мемлекеттік тілдің бағы жанады. Тілді зорлап, күштеп тықпалауға болмайды.

Тіл мәселесі – өте бір нәзік мәселе. Бұл жерде белінен басып, әкімшілдік-әміршілдік әдіс қолдануға мүлдем болмайды. Жүз отыздан астам ұлт пен ұлыс мекен еткен Қазақстан үшін осы төңіректегі қандай да болмасын шалт қадам орны толмас өкінішке соқтыруы, ортақ кемемізді шайқалтуы мүмкін. Міне, сондықтан да тіл мәселесінде эволюциялық даму ерекше маңызды. Елбасының да ұстанып отырған саясаты осы. Зиялы қауым да осындай тұжырымды қолдайды. Және біздің жастарымыз орыс тілін де, халықаралық қарым-қатынас үшін ағылшын тілін де жақсы білсе екен дейді. Бұрын біз “қос тіл – қос қанатың” десек, енді бізді ұшпаққа шығаратын үш тіл екенін өмірдің өзі дәлелдеді.

Кезінде қазақ мектебінің болашағына күмәнмен қараған кез де болған. Тіпті ата-аналар өз перзенттерін орыс мектептеріне беруге пейілді еді. “Қазақ мектебін бітірген жан нан тауып жей алмайды” деген жаңсақ түсінік болғаны да рас. Бірақ өмір басқаша өрнек танытты емес пе? Бір ғана мысал, қазіргі Сарыкөл ауданындағы Қараоба мектебінен 28 ғылым докторы шыққан екен. Ал, сол алтын ұядан қанаттанған елге танымал басқа да тұлғалар қаншама. Тағы да бір мысал. Бірыңғай ұлттық тестілеудің алғашқы қорытындылары бойынша облыстағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың ұжымы ие болды. Осынау қара шаңырақ түлектері орташа есеппен алғанда 113,43 балл жинады. Міне, бұл да қазақ мектебінің абыройын асқақтататын үлкен қуаныш. Осы арада мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында айтқан мына аталық сөзін келтіре кеткім келеді: “Мемлекеттік тіл – ол халық бірлігінің негізгі факторы. Біздің қоғам, интеллигенция мемлекеттің қазақ тілін дамытуға көңіл бөлмеуі жөніндегі ұсақ, ызалы және популистік пікірлерден жоғары тұруы тиіс. Оларды мен естіп жүрмін. Әсіресе, егер олар артында ешқандай нақтылы іс жоқ, барлық жауапкершілік тек мемлекетке ғана жүктеле салған, әншейін бос сөздер болса одан бетер орынсыз.

Сонымен бірге мемлекеттік тілді дамыту оны әлі де білмейтіндерді кемсітуге апарып соқпауға тиіс. Біздің азаматтарымыздың конституциялық құқықтарын бұзуға жол берілмейді, құқық қорғау органдары оларды шұғыл тыйып отыруға тиіс”.

Міне, бұл қағида біздің күнделікті есте ұстап, басшылыққа алатын бағдарлама болуға тиіс. Және осы жерде Елбасының сол сессиядағы сөзіндегі мына ойлары да еске сала кеткен жөн болар: “Жалпы, тілді меңгеру үшін оған өзіңнің жүрегіңді ашуың керек. Тосқауыл қоюлармен және дөрекі мәжбүрлеумен бұл істе еш нәрсеге қол жеткізе алмайсыз. Және біз қазақ тілінде сөйлеу қалауы әрбір қазақстандыққа табиғи нәрсе болуы үшін бәрін істеуге тиіспіз”, – деген еді.

Кеуілімжан Ерқонысұлы, Сізді біз бүгінгі Ахмет Байтұрсынов атындағы университеттің қазақ филология факультетін құрушы және оның алғашқы деканы ретінде білеміз...

– Иә, 1992 жылы университетте қазақ филология факультеті ашылғанда оқу орнының сол кездегі ректоры, тамаша азамат, ғұлама ғалым, қайраткер тұлға Зұлхарнай Алдамжар ағамыздың таңдауымен декандық қызметке келдім. Ана тілі мен әдебиетіне ықылас танытқан талапкерлер де мұншама көп болар ма? Конкурстық іріктеу болды. Соның нәтижесінде шын мәнінде тіл мен әдебиетті шын сүйетін жастарды қабылдап алдық.

Бұл тәуелсіздігіміздің туы желбіреп, еліміз тіліне, дініне орала бастаған тұс еді ғой. Сол кездегі студенттер бүгіндер облысымыздың барлық деген аудан-қалаларында жас жеткіншектерге қазақ әдебиеті мен тілінен сабақ беріп, оларды нағыз ұлтжанды жастар ретінде тәрбиелеу үшін күш-жігер жұмсауда. Бүгіндер облыстың қай түкпіріне барсам да кезінде алдымнан өткен шәкірттерім қарсы алады. Кезінде Қостанай теледидарының жұлдыздары болған Жасұлан Айсағалиев пен Нәзгүл Құдайбергенова, “Алаудағы” Әлия Ермекова, бүгіндер Науырзым аудандық оқу бөлімін басқарып отырған Оразбек Әбенов, сол сияқты басқа да көптеген елге танымал ұл-қыздар біздің сол филология факультетінен дәріс алды.

Марқұм академик Алдамжар ағамыз біздің құт қонған Қостанай облысының бағына келген азамат еді-ау, шіркін. Оны осындағы пединститутқа ректор қылып жібергенде сол кездегі Қазақстанның Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметов ағамыз түбі Зұхаңның осы Қостанай топырағында өшпес із қалдыратынына сенген-ақ шығар. Кейін академик Алдамжар өзінің “Тарих: пайым мен тағылым” атты кітабында былай деп жазды: “Шәкең (Шайсұлтан Шаяхметовты айтады. С.М.) қолын иығыма салып, ерекше бір ықыласпен “Зеке, мен сол Қостанайдың азаматымын, елдің жағдайына, институт ұжымына жаным ашиды, сіз туралы мағұлыматым баршылық, сирек болса да елге барғанда алдымнан бір қазақы азамат шықса деп едім...” – деді.

Расында да, Зұхаң сол сенімді ақтады. 12 жыл ректор болғанда университетті өркениеттік деңгейге көтеріп, елге, жас ұрпаққа, ұлы Ахмет Байтұрсыновтың рухына адал болды. Жан-жақтан таныс-білістерін шақырып, оларға лауазымды қызмет беремін деп әуре болған жоқ. Осы жергілікті кадрларды алақанға салды. Қадырғали Жаманбалин физика-техникалық факультетінің деканы, Федор Майер экономика-математика факультетінің деканы болды, Геннадий Пряхин, Әбдікәрім Байманқұлов және басқалары да лауазымды қызметтерге жоғарылатылды. Ал соның алдында ғана Украинаның Днепропетровск университетінде тіл ғылымынан кандидаттық диссертация қорғап келген мені филология факультетінің деканы етті.

Ал сол Зұхаңның қабілет-қарымын, талантын таныған Шайсұлтан Шаяхметов те өмірден ерте өтсе де артына ұмытылмас үлкен мұра қалдырды. Ол мұраның ең биігі – елге жасаған қалтқысыз еңбегі. Оның жас ұрпаққа білім беру жолындағы қалдырған ізі бүгін қазақ даласында сайрап жатыр. Оның бергі жағында ана тілімізді сақтап, дамытуға байланысты оның өмірінің соңғы жылдары жасаған еңбегі өз алдына бір төбе. Қазір Шәкең құрған сол орталық үлкен қара шаңыраққа айналды, оған Шайсұлтан Шаяхметов аты берілген. Ақынжанды ағамыздың “Тұңғыш”, “Аманат” атты өлең кітаптары шықты.

Ахаң атындағы университет те, бүгінгі Зұхаң атындағы әлеуметтік-техникалық университет те осы Зұлхарнай ағамыздың асқан ұйымдастырушылық жұмысы мен терең ізденісінің жемісі. Ұстазымның дүниеден өткенімен оның қалдырған ізі, еткен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Академик құрған сол жоғары оқу орындарында мыңдаған біздің балаларымыз бен немерелеріміз оқып жатыр. Қайран, дүние. Кезінде осындай тау тұлғалы азаматымызға да күйе жақпақшы болдық-ау. Өзімнің басыма да қара бұлт үйірілген күн болды. Бірақ уақыт бәрін өз орнына қойды. Академик Алдамжар тәуелсіз Қазақстанның орденін де алды, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағына да ие болды. Ең бастысы, оның есімі мыңдаған жастардың жүрегінде жатталып қалды.

Профессор мырза, Сіз жаңа Днепропетровск университетінде диссертация қорғадым дедіңіз. Украинаға қалайша жол түсіп еді?

– Ол да бір тарих. Мен кезінде сол Украинадағы Полтава педагогика институтын орыс тілі мен әдебиеті және педагогика мамандығы бойынша аяқтадым. Мен Жітіқара ауданындағы Чайковский селосындағы мектепті бітіріп, Рудныйдағы құрылыс училищесінде оқыдым. Оны үздік бітіріп, Қостанай педагогика институтына түстім. Бірде мені ректоратқа шақырып, Полтаваға барып оқу туралы кеңес берді. Бұл 1978 жыл еді, ол кезде туысқан республикалардан жастар басқа республикаға да барып оқуға мүмкіндік алған еді. Мен бірден келістім. Жолым да болды. Бұл институтта кезінде Антон Семенович Макаренконың өзі оқыпты. Материалдық-техникалық базасы мықты, профессор-оқытушылар құрамы да білікті, сол кездегі Одақ бойынша алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі екен. Менің ұстаздарымның бірі КСРО Тіл білімі институтының директоры академик Олег Трубачев, академик Владимир Горпинг болды. Институт бізге жан-жақты білім берді, педагогтық шеберлік, шешендік шеберлік сияқты пәндер де өте жоғары деңгейде оқытылды.

Қазақстаннан келген студенттердің ішінен мені қазіргі орыс тілі кафедрасында қалдырды. Сөйтіп менің ғалым ретіндегі жолым басталды. Сонда кандидаттық диссертация қорғадым. Кейін Қазақстанға, Қостанайға оралдым, бірақ Украинамен байланысым күні бүгінге дейін үзілген жоқ. 1998 жылы отыз сегіз жасымда докторлық диссертация қорғадым. 2001 жылы Халықаралық ақпараттандыру ғылым академиясының академигі болып сайландым, ал 2002 жылы профессор атағына ие болдым. Бүгіндер Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің орыс тілінен, қазақ тілінен докторлық диссертация қорғау кеңесінің мүшесімін. 2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің “Жоғары оқу орнының таңдаулы оқытушысы” грантын алдым. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері атақтарым бар. Спортпен айналысам, облыстағы кудо және самбо федерациясының вице-президенті қызметін атқарғаныма да талай жыл болды.

Әңгіме өзім жайына ауысқан соң отбасым туралы да айта кетейін. Жұбайым – Қарлығаш та ғалым, филология ғылымының кандидаты, Қостанай педагогика институтының кафедра меңгерушісі. Бір ұл, бір қызымыз бар. Құдайға шүкір, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, өз қатарларымыздан қалмай ғұмыр кешіп жатырмыз. Өзімнің жасым елуге толмақ. Әкем 75-ке, кішкене ұлым – Айдын 5-ке келеді. Ата, бала, немере болып, бір-бірімізді мерейтойымен құттықтауға қуаныштымыз. Сондай-ақ тәуелсіз еліміздегі халық бірлігінің негізгі факторы – мемлекеттік тілдің жанашыры ретінде оны насихаттау, қолданыс аясын кеңейту жолында тер төгу де мен үшін үлкен бақыт және ғалым, азамат ретіндегі басты парызым.



1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   26


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет