Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж



бет22/26
Дата23.10.2016
өлшемі4,75 Mb.
#5
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26

2. Студент болдық, мінекей...
Сәке, Сіз қазақтың біртуар ұлдары, даңқты актер және режиссер Шәкен Айманов, ұлы ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен кездесіп, әңгімесін тыңдаған екенсіз. Сол жөнінде айтып берсеңіз...

– 1962 жылы Алматыға барып, Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылық институтының инженер-механик мамандарын даярлайтын факультеттеріне оқуға түстім. Конкурс та қатты болды. Бірақ жолым болды. Сол институттың үшінші курсында оқып жүргенде “Қазақфильм” студиясы “Ән қанатында” артты фильмге түсуге шақырды. Фильмнің бас режиссері – Шәкен Айманов, сценарийін жазған – Олжас Сүлейменов. Төрт ай бойы сол фильмді түсіру барысында қазақ халқының мақтаныштары – абзал ағалармен күнделікті кездесіп, олардың әңгімелерін тыңдау бақытына ие болдым. Әсіресе, Шәкен-аға қазақы әңгімеге шебер еді. Актерлер өмірінен айтқан анекдотқа бергісіз әңгімелеріне ішек-сілеміз қататын. Және ол кісіге жуық еді, адамды үлкен-кіші деп бөліп жатпайтын. Ал Олжас ағаны сөзге сараң ба, деп қалдым. Үнемі ой үстінде жүретін. Сырбаз, салмақты қалпында есте қалыпты.

Боса да студенттік шақ туралы сөз болды ғой, сол қайталанбас шақ туралы да бірер сөз айта кетейін. Институт комсомол ұйымының тапсырмасымен жоғары курста оқып жүргенімде бірінші, екінші курс студенттеріне трактор мен комбайннан сабақ бергенім де бар. Бұл ретте мектептен кейін ауылда қалып, еңбекке араласқанымның, техника тілін жетік меңгергенімнің пайдасы тиді.

Ғажап қала Алматыда жүріп, өзіме өмірлік серік таптым. ЖенПИ-дің орыс тілі мен әдебиеті факультетінде оқитын Сәниямен тіл табысып, үйлендім. Сол Алматыда тұңғышымыз дүниеге келді. Алмат есімді сол ұлымыз бүгіндер азамат болды. Өзімнің жолымды қуып, инженер-механик мамандығын алды, кейін екінші институтқа түсіп, одан инженер-байланысшы дипломын алды. Жанна мен Шынарым да жоғары білімді мамандар, Қостанайдағы жоғары оқу орындарында ұстаздық етеді. Сәния екеуміздің бар байлығымыз, өміріміздің жалғасы сол балаларымыз.

Институтты бітірдім, диплом жұмысын “өте жақсы” бағаға қорғадым. Сол диплом жұмысына жетекшілік еткен ұстазым, ауыл шаруашылық ғылымының докторы, профессор Иван Сахаров өзіне аспирант болып қалуымды өтінді. Бірақ мен туған жер төсіне асықтым. Елге келіп, механик, бақылаушы-инженер, шеберхана меңгерушісі болып қызмет істедім. 1971 жылы аудандық “Казсельхозтехника” директорының орынбасары – бас инженер болып тағайындалдым. Бұл да жауапкершілігі ерекше жұмыс еді. Аудандағы барлық кеңшарларды техникамен, босалқы бөлшектермен жабдықтау керек. Ол кезде техника саны да көп, маркалары да әртүрлі болатын. Науқандық жұмыстардың іркіліссіз жүруі “Казсельхозтехниканың” оралымды жұмысына да тікелей байланысты. Осы қызметте жүріп, “Құрмет Белгісі” орденін алдым. Бұл – осы саладағы менің ізденісіме берілген жоғары баға еді.

1975 жылдан бастап, партия ұйымдарында қызмет жасадым. Алдымен “Веселоподол” кеңшары партия ұйымының хатшысы, 1979 жылы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайландым.


3. Туған жердің түтіні де ыстық
Сапар Әбілмәжінұлы, Сіз аудандық партия комитетіне келген уақыт ауданның экономикасы мен әлеуметтік саласы күрт дамыған кез еді ғой...

– Иә, сол кездегі Урицкий ауданы облыстағы ең бір астықты аудандардың бірі болатын. Ауданның бірінші хатшысы Н.Гноевой да білікті басшы еді. Социалистік Еңбек Ері болатын. Біздің аудан үнемі Қостанай ауданымен социалистік жарысқа түсетін. Қостанай ауданын Социалистік Еңбек Ері Вера Сидорова басқаратын тұс. Әділін айтсам, сол жарасымды еңбек бәсекесі аудан жұртшылығын үнемі қамшылап отырды. Үлкен-кіші артта қалмауға, қолда бар барлық мүмкіншіліктер мен резервтерді толық пайдалануға тырысатын. Талай рет Одақтық, республикалық Ауыспалы Қызыл туларды жеңіп алдық, талай озаттар еліміздің орден-медальдарымен марапатталды. Солардың басым көпшілігі қарапайым еңбек адамдары еді. Өздерінің адал еңбегін жоғары бағалағаны үшін ерекше риза болып, жаңа табыстарға жігерлене түсетін. Ал бүгіндер сол қарапайым еңбек адамдарын моральдық қолдау жағы кемшін түсіп жатқан сияқты. Бәрін де ақшаға тіреп қойдық. Бәлкім, нарық заңы соны талап ететін шығар, бірақ біз “Жақсы сөз – жарым ырыс” деген атам қазақ өсиет еткен даналық сөзді де ұмытуға тиіс емеспіз.


4. “Қаңғып келген шөрегей көлге пана болмайды”
Сәке, кешегі Желтоқсан оқиғасы кезінде басыңызға бұлт үйірілген сәт те болған көрінеді...

– Иә, Желтоқсан – бұл халқымыздың қайғысы. Екінші жағынан Желтоқсан – халқымыздың ерлігінің көрінісі, оның бұрқ етіп жарылған намысының жаңғырығы.

Сол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының куәсі болдым. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Алматы Жоғары партия мектебінде сырттай оқитын кезім, сессияға келген бетіміз еді. Орталық Комитеттің Пленумы болып, бар болғаны жиырма минутқа жетер-жетпесте Қазақстан үшін бүкіл ғұмырын арнаған, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Дінмұхамед Қонаев ағамызды қызметінен босатып, орнына қазақ елін, жерін, адамдарын, тарихын, салт-дәстүрін білмейтін Колбинді әкеп қонжитты. “Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ” болып жүргенде намысшыл жастар бейбіт шеруге шықты. Өздерінің ой-пікірлерін айтты. Горбачев әкелген жылымықты, демократияның алғашқы ұшқындарын малданып, Москваның өктемдігіне наразылығын білдірді.

Москва болса ойланып, толғану, ағаттықты жөндеу, жастардың жөн талабына құлақ асу орнына басқаша саясат – басып, жаншу, күш көрсету саясатын қолданды. Сөйтіп қазақ халқының намысын аяққа басты, оның заңды наразылығын туғызды. Бүгіндер ойлап отырсам, егер алғашқы толқу орын алған сәтте Орталық райынан қайтып, “бізден де бір қателік өткен екен” деп тәубесіне келіп, басқа шешім қабылдаса, мыңдаған жастарымыз жазықсыз жапа шекпес еді. Бірақ астам державаның сол кездегі басшылары “өзім би, өзім төс” пиғылынан танбады. Бар пәлені “экстремист, маскүнем, нашақор” деп жастарға жапты, сол толқуды ” ұйымдастырған” көкелерді іздеді, бүтіндей халыққа ұлтшылдық қамытын кигізді.

Ой, заман-ай, десеңізші. Енді кінәлілерді Алматыдан тысқары жерлерден іздей бастады. Менің басыма да бұлт үйірілді. Ештеңеден хабарым жоқ мен алаңсыз емтиханға дайындалып жатқан едім. Партия мектебінің ректоры шақыртып:

– Тез еліңе қайт, ауданда совхоз-техникум бар, ондағы оқушылар толқу үстінде екен, сені обком тез жетсін деп тапсырды, – деді.

Ертең емтиханымды тапсырып, біржола кетсем қайтеді дегенге болмады, амалсыз елге оралдым. Мәселе тіпті совхоз-техникум оқушыларында емес, менің жеке өз басым мен “Союзпечать” мекемесінің басшысы болып істейтін әйелім Сәнияда екен. Араға бір жеті салып обкомның бірінші хатшысы В.Демиденконың тапсырмасымен бір топ адам сау ете қалды. Басшысы – облыстық комитеттің ұйымдастыру және партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі В.Зубко. Комиссия құрамында тергеу органдарының да лауазымды адамдары бар. Шамасы, бір “жанашыр” домалақ арыз айдаған, Шопағұлов әйелі екеуі Орталық Комитеттің шешіміне қарсы үгіт-насихат жүргізіп жатыр, Геннадий Колбиннің бірінші хатшы болып сайлануына наразы, осындай адам қалай аудандық партия комитетінде қызмет істейді? дейді ғой баяғы. Оған тағы басқа мәселелерді, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай қылып қосады.

Өмір бойы тура жүріп, адал қызмет істеген, ұл-қыз өсіріп отырған, туған жердің түтінінің түзу ұшуын ойлап, күндіз-түні уақытпен санаспай тер төгіп жүрген қайран басым дауға қалды. Тергеудің алып тегершігі айналып жүре берді. Комиссия мүшелері үлкенмен де, кішімен де оңаша сөйлеседі, мені қызметтен уақытша шеттеткен. Бірақ “аққа Құдай жақ” деген, тергеушілер кіммен сөйлессе де өтірік жала жабуға бірде-бір жанның жүрегі дауаламапты. Соңынан өзімнің тікелей бастығым, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Виталий Мешков ағынан жарылды. “Егер ең болмаса бір факті анықталса, сенің орның басқа жақ еді, нұсқау солай болатын”, – деді.

Ал сол “қаңғып келген шөрегейдің” кесірінен қаншама адам зардап шеккенін өмір көрсетті де ғой.
5. Мен жастарға сенемін
Сәке, бүгіндер тәуелсіз еліміз өрлеу жолына түсті. Кешегі өліара шақтағы қиыншылықтарды жеңе білдік. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды бүкіл дүниежүзі таныды. Көпті көрген, көңілге түйген жан ретінде бүгінгі жастарға не айтар едіңіз...

Мағжан Жұмабаев айтқандай, “мен жастарға сенемін”. Бүгінгі жастар біздің буыннан білімді, ақылды, өршіл, намысшыл, қиыншылықтан қорықпайтын жандар. Тәуелсіз еліміздің болашағы да солардың қолында. “Қазақстан-2030” стратегиялық бағдарламасын, Елбасының Жолдауында айтылған міндеттерді де жүзеге асыратын солар. Олар – өз елінің қожасы. Енді олар біз сияқты “үлкен ағаға” жалтақтамайды. Сол жастардың білім алуына, еңбек етуіне, лайықты өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Қазақстанды дамыған елу ел қатарына қосатын да, еліміздің абыройын асқақтататын да солар.

Екінші бір айтарым, уақыт, шіркін, жүйрік. Ол сенің ырғалып, жырғалуыңды, көңіліңнің хошын күтіп тұрмайды. Бүгін істер ісіңді ертеңге қалдырсаң – ұтыласың. Қазіргі заманғы техника мен озат технологияны меңгермесең – көшің алға баспайды.

Өмір сүру – өткелден өту емес. Сол өмір жолында қайраткерлік танытып, білек сыбана іске кіріскен, сол істің көзін таба білген ұсынықты да талапшыл, алдына мақсат қойып, оған жету жолдарын табандылықпен іздеген адамдар ғана мұратқа жетеді. Тәуелсіз Қазақстанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жастарға сол мұратқа жету үшін даңғыл жол салынған. Қалғаны әркімнің өзіне байланысты. Яғни, өз тағдырың – өз қолыңда, баяғыдай “үлкен ағаға” жалтақтайтын кез енді келмеске кеткенін әркім де біледі.




БІР ДӘУІРДІҢ МӨЛДІРЕГЕН АСПАНЫ ЕДІК

Ұлағатты ұстаз Сайым Шопағұловпен сыр-сұхбат


Құрметті Сәке, Сізді біз Бекет Өтетілеуов, Ахметқазы Шотаев сынды көрнекті педагогтардан дәріс алған, солардың жолын қуған ұлағатты ұстаз деп білеміз. Өзіңіздің шәкірттеріңіз де Сізді ерекше мақтан етеді. Үнемі іздеп келіп, сәлем беріп, ақылдасып, сырласып жүреді. Беделге бастар жол неден желі тартып еді?

– Менің кіндік қаным тамған, оқу оқып, тәрбие алған, ата-ананың аялы алақанын сезініп, елдің аяулы ардақты азаматтарын көріп, бой түзеген, азамат болып, ат жалын тартып мінген жерім қасиетті өңір – Сарыкөл топырағы, атап айтқанда, Қызылту атты ауыл. Ол кейін "Ленинград" совхозының бөлімшесі болған, мен өзімді өмір бойы сол киелі де, қасиетті де мекенге қарыздармын деп есептеймін. Әке-шешем қарапайым колхозшылар болатын, екеуінің де өмірден түйгендері мол жандар еді. Әкем Әбілмәжін әйгілі Әлібек батырдың ұрпағы, араб тілінде оқып та, жаза білетін, артында көптеген құран кітаптар, хиссалар, өзінің жазғандары қалды (олар менде сақтаулы), кезінде белгілі адамдармен аралас-құралас болған, тіпті Ахмет Байтұрсыновтан тапсырма алып, орындаған. Бірақ ол қандай тапсырма, оны айтпайтын, ескі ғибратты сөздерді жатқа білетін көшелі адам-ды.

Шешем Бәти әйгілі Шәңкі бидің ұрпағы болатын, ескі әңгімелерді сүйіп тыңдап, айтып отырушы еді.

Орта білімді әйгілі қара шаңырақ, іргетасын өзі бас болып қалаған, көп жылдар ұстаздық еткен, басқарған Бекет Өтетілеуов атымен аталатын бүгінгі Қараоба мектебінде алдым. Мектепті жаяулап, жалпылап, көп қиыншылықтар көріп, 1956 жылы 16 жасымда бітіріп шықтым (мектепке 6 жасымнан барғанмын).

Жалпы мектепте оқығанда әйгілі Ахметқазы Шотаев, Сәку Омарова, Ақан Мұсабаев, Медет Ізғұтдин, Көбек Айтжанов, Көбейсін Атанов, Жармағамбет Сүлейменов, Сабыр Мұрзатаев, Қайбар Бермағамбетов тағы басқа ұстаздардан дәріс алып, тәрбиесін көргеніме өзімді бақыттымын деп санаймын, әрі олардың аруағына әрдайым бас иемін.

Қараоба мектебін менің алдымда аты әлемге мәшһүр академик Өмірзақ Сұлтанғазин, жазушы Жайсаңбек Молдағалиев, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат-елші Мәлік Фазылов, академик Мырзатай Серғалиев және көптеген асыл азаматтар бітіріп шыққан еді. Сол кезде алдынан білім алған көзі тірі екі ұстазым бар олар – Омар Баймағамбетов, Сейту Қоржынов ағаларым. Олармен сирек болса да кездесіп, амандығын біліп, сәлемдесуді өзіме парыз санаймын.

Енді үлкен өмірге қадам басып, еңбекке араласқан кезіңіз туралы айта кетсеңіз...

– 1957 жылдан 1964 жылға дейін сауда қызметкері болдым, дүкеншіден бастап, рабкооп басшысына дейін өстім, абыройсыз болғаным жоқ, фотосуретім аудандық тұтыну одағының Құрмет тақтасында көп жылдар ілулі тұрды, 1964 жылы Целиноградта өткен республикалық кооператорлардың съезіне қатысып, Қазақ тұтынушылар одағының Құрмет грамотасын алдым. Менің жолымда ағалық жөн сілтеп, баулыған тамаша адамдар болды. Олар: Мұхамеджан Жұмабаев, Әбікен Закирьянов, Мария Базарнова, Иван Земляной, Геннадий Саркисян, Сапарғали Баймамыров және басқалар.

1964-68 жылдары комсомол ұйымының хатшысы болдым.

ВЛКСМ Орталық Комитеті "Ерен еңбегі үшін" төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен марапаттады.

1968-72 жылдар арасында Ленинград селолық Кеңесінің төрағасы қызметін атқардым. Сол қызметте маған көмектескен ағаларым Қажи Мамановқа, Іргебай Ақсақаловқа, Тіріжан Сәрсенбаевқа алғысым шексіз. Олар кезінде аудандық Кеңес атқару комитетін басқарған қайраткер азаматтар.

Мұнда да абыройсыз болғаным жоқ. Москваға ВДНХ көрмесіне тегін жолдама алып, 1972 жылы Қызыл алаңдағы 1 Мамыр демонстрациясын мавзолейдің іргесінде тұрып, шетел делегацияларымен бірге тамашаладым. "В.И.Лениннің туғанына – 100 жыл" мерекелік медальмен марапатталдым.

Педагогтық жұмысқа келгенше сауда саласында, комсомол, кеңес органдарында қызмет істеп, әбден тәжірибе жинақтап, адамдармен жұмыс істеудің қыр-сырына қаныққан екенсіз ғой...

– Иә, 1973 жылдан бастап 2001 жылға дейін Ленинград орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі, мектеп директоры болып қызмет атқардым, менің алдымнан дәріс алған көптеген оқушылар еліміздің экономикасын, мәдениетін көтеруге атсалысып жүр. Мектебімізді 13 оқушы алтын, күміс белгімен бітірді, ұстаздар үшін бұдан артық баға болмайды деп есептеймін.

Менімен қатар жұмыс істеген аяулы ұстаздар Масғұт Шалабаев, Қоңыртай Тәсенов, Валентина Разина, Людмила Слесарская, Людмила Шпак, Иван Винник, Владимир Бойченко, Қожақ Сатыбалдин, Татьяна Туғанбаева, Қаду Сақауов, Байбосын Каленов, Алла Ожередова, Нина Ягунина және басқаларды ілтипатпен еске алып жүремін.

2001-2004 жылдары Ленинград селолық округінің әкімі болып істедім. Бұл бір қиын кезең болатын, атқаратын жұмыс көп, бірақ ешқандай материалдық, қаржылық жағдайы жоқ, әрі бәрі жекеменшік, көлік жоқ, соған қарамастан бір орта, 2 негізгі мектеп, 3 медпункт қалыпты жағдайда халыққа қызмет көрсетті, тұрмысы төмен отбасыларына әртүрлі көмек жасалды. Бір ғана мысал, Қарашілік ауылында тұратын көп балалы, өздері жұмыссыз, зейнеткерлікке шығуға керек құжаттары жоқ отбасына талай есікті қағып, жиыстырып, құжаттар дайындап, зейнеткерлікке шығуына көмектескеніме бүкіл ауыл тұрғындары әлі күнге дейін алғысын айтады.

Сол қызметтен зейнеткерлікке шығып, қазір Қостанай қаласында тұрып жатырмын.

Отбасы – қара орман, адамның өнікті еңбек етуі, жалпы тыныс-тіршілігі, рухани саулығы, кемелденуі сол қара ормандағы келісті ахуалға байланысты. Бұл жағынан да Сіздің өмірге өкпеңіз жоқ шығар? Немесе басқа да жағдайлар бар ма?

– Жан жолдасым Зиза Жақыпқызымен 41 жыл тату-тәтті өмір сүріп, 3 бала тәрбиелеп өсіріп, 6 немере сүйдік, өкінішке орай, жолдасымның дүние салғанына 2 жылдай уақыт болды, тағдырдың жазуы солай шығар. Менің адам болып, алаңсыз қызмет жасауыма сол Зизаның еңбегі өте зор, сондықтан ол ұмытылмайды. Бірақ өмірдің аты өмір, балаларға, немерелерге сүйеу, ақылшы болу керек.

Үлкен ұлым Қайрат менің жолымды қуып, педагогикалық институттың тарих факультетінің І курсын бітіріп, армия қатарына алынып еді. 1986 жылы әскери борышын өтеп жүріп апатқа тап болып, өмірден озды, амал жоқ, көнбеске көнесің, Құдай басқа салған соң төзесің...

Екінші ұлым Ермек екі жоғары білімі бар, Сарыкөл аудандық ішкі істер бөлімінде қызметте, милиция майоры, 3 баласы бар. Қызым Жанар Әділет академиясында аға оқытушы, әділет майоры, 3 баласы бар.

Өзім болсам, жасым ұлғайғаныма қарамастан әлеуметтік-білім колледжінде гуманитарлық пәндерден дәріс берем, қоғамға, білім жолына әлі де қажетпін деп санаймын. Кезінде облыстық партия комитеті жанындағы марксизм-ленинизм университетін үздік бітіріп, көп жылдар саяси сабақ бердім, халықаралық саясат жөнінен лекциялар оқыдым, "Білім" қоғамын басқардым. Аудандық партия комитетінде, облыстық партия комитетінде үздік лектор ретінде фотосуретім ілулі тұрды, талай алғыс хаттар, грамоталар алған кездеріміз болды.

Сайым Әбілмәжінұлы, көпті көрген, көп жайтты көңілге түйген, өмірлік тәжірибесі бай адам ретінде өмірлік ұстанымыңыз, мына толғауы тоқсан тіршіліктегі мақсатыңыз, суқаныңыз сүймейтін кейбір қылықтар туралы айтсаңыз...

– Өмірлік ұстанымым: Халыққа, қоғамға қызмет ету, адалдықтан, адамгершіліктен, қарапайымдылықтан, кішіпейілдіктен, сыйластықтан, тазалықтан айнымау, көмектесу, сәлемдесу, сыйластық, кешірімшілдік, салауатты өмір сүру, жаңалыққа құштарлық, білімге, өнерге, әдебиетке тарихқа, музыкаға құштарлық.

Мақсатым: Қазақтың билерінің сөздерін жиыстыру, оны насихаттау, лекцияда, аудиторияда, экрандарда қолдану. Қазақтың салт-дәстүрін, өмір салтын жинақтау, насихаттау.

Жақсы әндерді тыңдап қана қоймай орындасам, насихаттасам деймін, ақын-жазушылардың, артистердің өнегелі істері мен сөздерін жастардың құлағына сіңіріп, айтып жүрсем деймін.

Мақтаншақтықты, бекерге мал шашпақты, еріншекшікті, қызғаншақтықты, қатыгездікті, көре алмаушылықты, жағымпаздықты, салақтықты жек көремін. Өсіп келе жатқан бүгінгі ұрпақ солардан аулақ болсын деймін...

АҚЫННЫҢ АҚИҚАТПЕН ЖҮРЕГІ БІР

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері

Серікбай Оспанұлымен сұхбат


Өткен, 2004 жылы екі кітабыңыз жарық көріпті. «Ахмет өскен ақындық орта» атты ғылыми-зерттеу еңбегіңізді жазуыңызға не себеп болды? Өлеңдер жинағыңызды неге «Қараторғай» атадыңыз?

– Егемендік алғаннан кейін бұрын айта алмай келгендерімізді айтып, аша алмай келген алтын сандықтарымыз бен алтын қақпаларымыздың аузын ашып жатырмыз. Бұдан бұрын ештеңе жаза алмадық, айта алмадық деген ұғым тумаса керек. Алайда Кеңес дәуірінде көптеген мәселелер бүркемеленіп, немесе бұрмаланып көрсетілгені шындық. Сондықтан да жазылған жайттардың өзіне бүгінгі күн биігінен жаңа көзкараспен қарап, сол бүркемеленген, бұрмаланған тарихымызды жарқырата ашып көрсету парыз. "Ы.Алтынсариннің айналасындағы адамдар" атты зерттеу мақалаларым сондай ниеттен туған дүниелер. Ыбырайдың өз атасы – Балғожа да, нағашы атасы – Шеген де, қайын атасы – Шолақ та шынжыр балақ, шұбар төс шонжар, билік иелері еді. Әсіресе, патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы тұрған Шеген би жөнінде үндетпеді. Шеген би жөнінде Орынбор мұрағатында сақталған деректер жетерлік екен. Солармен танысқаннан кейін "Ыбырайдың нағашылары" туралы жаздым. Алғашқы мақалам "Егемен Қазақстанда" жарық көрді. Осы мақала Ыбырайдың айналасындағы адамдарға үңіле түсуге итермеледі. Шеген ұрпақтары – Бірінші, Екінші Ресей Думасына депутат болып сайланған Ахмет Бірімжанов пен қаламы қарымды журналист, Берлинде оқып білім алған Ғазымбек Бірімжановтың өзі неге тұрады?! Кешегі ҚазМУ-дің химия факультетін 40 жыл басқарған Батырбек (Баташ) Бірімжановтың өмірі ше?! Олар жайында қазір айтпасақ, қашан айтамыз?!

"Ахмет өскен ақындық орта" да осындай себеппен жазылды. Ахаңның орыстың ақын қызы Жадовскаядан аударған "Таза мінсіз асыл тас" деп басталатын өлеңін әлі күнге дейін Асан Қайғыға теліп жүрміз. Әкесі жайында жазылғанымен, туған-туыстары, өзінен бұрынғы, өзінен кейінгі аға-інілерінен ақындар бар ма еді, шешесі кім болған, нағашылары кімдер еді деген жайлар көп айтыла бермейді.

Ахметтің әкесі Байтұрсын мен Ақтас Сібірге айдалғанда Ақтастың жұбайы – Үбіжанның солармен Сібірге бірге кетуі, якуттардың үйінде паналап, аң, құс аулап, күйеуі мен қайнағасына тамақ жеткізіп тұруы ерлік емес пе?! Мұны біреу білсе, біреу біле бермейді.

Жолдастары "Сонау Сібір түкпірінде" (А.Пушкин) жүргенде соңдарынан іздеп барған декабристердің әйелдерін жетпіс жыл бойы мақтан етіп келдік, ал, Үбіжанның атын естіген де жоқпыз. Енді неге айтпасқа, енді неге мақтан тұтпасқа?!

Міне, осы жайттардың бәрі өлең үлгісіне сия бермейді. Ағайындардың біразы "өлеңді қойып кеттің ғой" деседі. Өлеңді неге қояйын?! Бұрынғыдай боратып жаза беру болмағанымен, өлең де туып жатыр. Қазір санына емес, сапасына үңілетін жасқа жетіп қалдық. Солардың да басылымдарға ең тәуір дегенін ұсынамын. Әйтпесе, мынау Серікбайға не болған демей ме халық. "Қараторғай" жинағыма сол ең таңдаулы өлеңдерім енді.

Балалық дәуреніміз ауылда өтті. Ауылда тудық. Жалаң аяқ, жалаң бас тал шыбықты ат қылып мініп, желдің уілін, қамыстың сыбдырын, әнші құстардың үнін естіп өстік. Аққулардың жұбын жазбай, айдында бір-бірімен жанасып, мойындарын айқастырып жүзгенінен артық сұлулық жоқ шығар дейтінбіз, Қараторғайдың әуенінен артық ән-күй бар ма екен дедік. Бәріміз де табиғаттың баласымыз, соның бір бөлшегіміз ғой. Табиғаттан сұлу, табиғаттан талантты ешкім жоқ:

Түн құшақтап,

Ай сүйіп маңдайымнан,

Ән қайырған, ұл едім мал қайырған.

Қала балын ішсем де,

Ауылдағы


Кетпейді әлі татқан дәм таңдайымнан!

Бірі жақын,

Күй төгіп бірі алыстан,

Аққу сыңсып,

Шаңқылдап қыран ұшқан,

Жанды жансыз қосылып,

Жел үрлеген

Неше түрлі шығатын үн қамыстан!

Сырын ұғып тал, құрақ, жылғалардың,

Қырға, жазық далаға, шыңға бардым.

Бетховенді,

Білгем жоқ Моцартты да,

Қараторғай күйлерін тыңдағанмын.

Сыр еткендер ән-күймен армандарын,

Мәңгілікке аты өшпей қалған дарын,

Жүрек қылын шерткендер тебірентіп,

Табиғаттан көшіріп алған бәрін!

Шалшығынан қарайтын аспан күліп,

Көрсететін жарқылдап тастар қылық,

Тілінде де,

Үнінде де табиғаттың

Жалғандық пен болмайтын жасандылық!

Табиғилық – көңілді ашар күліп,

Жалғандық қой қашан да жасар бүлік!

Тұла-бойды айқай-шу тітіркентіп,

Құлағымды сарсытты жасандылық!

Кең даланың әуені дауылда еді, жауында еді, бұлақты тауында еді... Табындыра береді таза әуендер. Сағындыра береді ауыл мені!

Ақындық табиғат сыйы, бәрін табиғаттан үйрендім дейсіз ғой. Ауылда өскеннің бәрі ақын емес, әрине, байқампаздық, ерекше сезім, қабілет керек болар?

– "Ақын болып өмір кешу оңай деймісің, қарағым.

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның", – деп Төлеген Айбергенов айтқандай, ақындық мұраты биікте. Ол – "Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені, Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың!". Сезімталдық пен байқампаздық тек ақынға ғана тән емес. Ақын жанды, жаны ақын, табиғатында талантты жандар көп. Тек олар ұйқастыра білмейді. Әйтпесе ақын. Ақындықты қумаған. Сол сияқты техникасын үйреніп алып өлең жазып, ақын атанып жүргендер де баршылық. Жанымен барынша беріліп жазбаған соң, Қадыр тілімен айтқанда, "Жүректен шықпаған жүрекке жетпейді". Ал ақын адамның қарасөздерінің өзі өлеңдей өріліп, асып-төгіліп, құйылып жататынын көріп жүрміз. Мәселен, С.Мәуленов – лирик ақын, оның жанының нәзіктігі, лирикадағы адамның ішкі көңіл күйі мен табиғатты астастырып суреттейтіні терең психологиялық публицистикалық шығармаларында да көрініс табады:

"Қаңсыған тақтай еденнің сықыры мен күрсінісі". "Күрсінісі" – поэзияға тән сөз. Үйдегі қаралы жағдайға байланысты еденнің өзі күрсініп жатқандай.

"Мен оның қабірі басында көп тұрдым. Қардан аршылған ескерткіш тас тақтаның бетіндегі қайғылы жолдарды оқыдым. Туған жылы мен өлген жылы жазылыпты. Бұл екі мерзім арасында көлденең сызық бар. Нәзираның бүкіл өмірі осы кішкене сызықшаға сыйып тұр. Қуанышы мен уайымы, ауыр қайғы-қасіреті мен түңілуі, торығуы – бәрі осының ішінде..."

Кез келген кісі байқап, елей бермейтін кішкене сызықшаның өзі қаншалықты жүк көтеріп тұр. Сызықша – көзді ашып-жұмғанша өте шыққан адам ғұмыры. Ақын-публицист адам ғұмырының қысқалығы жайлы бұрын талай айтылып жауыр болған "қамшының сабындай", "көзді ашып-жұмғанша", "қасқағым сәтте", "қас пен көздің арасында", тағы да басқа теңеулерді қайталамай, өзінше – ақынша айтқан. Ойлантады, мұңайтады, жүректің нәзік қылын да бір шертіп өтеді.

Журналист шеберлігі де осы, өзгелердің аңғармайтынын аңғара қоюында, елемейтін, мән бере бермейтінін, елеп, көре алмайтын дүниелерді көре алуында ғой. Бұл, жалпы, ақын, шығармашы адамдар бойына тән қасиет.

"Әкімі көп ел азады, ақыны көп ел озады" дегенді қалай түсінесіз?

– Ыбырай: "Саны көп, сапасы жоқ, сапырылысқан, Он үйге бір би болған келді кезге" десе, Абай: "Бас-басына би болған өңшең қиқым" дейді. Билеуші көбейген сайын талас-тартыс та ұлғая түсетінін көріп жүрген жоқпыз ба? Ақын билікке таласпайды, елдің абыройын ойлайды. Мерейін көтереді, беделін арттырады, даңқын шығарады. Халқын жырлайды, елін, жерін мадақтайды.

Жанкелдин мен Аманкелді ауданы қашаннан қойы қоралас, ауылы аралас, бір төсекте бас түйістірген көрші аудандар. Ауданаралық ат жарыс, ақындар айтыстарында, спорт жарыстарында бір-біріне беріспей, кейде тең түсіп, кейде жеңіп, кейде жеңіліп жатады. Сондайда сол тұста аудандық газеттің редакторы болып істеген қазіргі қарт қаламгер ағаларымыздың бірі аманкелділік Бөгетбай Әлмағанбетов Аманкелдінің намысын жыртып, жанығып жүретін. Жанкелділіктердің жанкүйері болсам да ағамыздың сол бір мінез-қалпы – намыстылығы, ақынжандылығы маған қатты ұнайтын. Қазір де, бұрын да бір аңғарғаным, Қостанай дегенде қос өкпесін қолына алып жүгіріп, жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, барын аспандатып жүрген ақын інім Ақылбек ісі көңіліме конады. Бұрынғы өткен бабалар мен ағаларын тірілтіп, шығармаларын зерттеп, зерделеп жүргені, Қостанай деп жырлауы ел рухын көтеріп жүрген жоқ па?!

Әлдекімдерше әспеттеп, қампайтып-қампайтып сырты сұлу, іші су өзінің кітаптарын ғана шығарып жатқан жоқ, жерлестеріміз Нұржан Наушабаевтың, Сейітжан Бекшентайұлының, Жаманқұл мен Әйкел, Серәлі мен Орынбайдың айтыстарын кітап етіп шығаруы, Ахмет, Елдес, Ақсұлу, т.б. жайында шығармалар жазуы соның айғағындай.

Алматыдан, Астанадан, шет елдерден қонақтар келгенде ғана емес, атақ бергенде де Ақылбекті еске алып койсақ, артық болмас.

Алматы, Астана, басқа облыстардың басшылары ақын-жазушыларды шығармашыпықпен айналысуына жағдай туғызып жатқанын күнде бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп-біліп жатырмыз. Бізде қалай?

– Ондай жағдай әзірге бізде жоқ. Қалай жазсаң олай жаз. Қостанайға көшіп келгеніме сегіз жыл болды. "Серікбай, жағдайың қалай, не жазып жүрсің, кітабың шығып жатыр ма?" деген басшылықтан ешкім болған емес.

Біраз облыстар ақын-жазушыларына стипендия тағайындаса, біраз жерде шығармашылықпен айналысуларына қолайлы, жалақысы жақсы, жұмысы аз қызмет беріп қойған. Мәселен, Әсия да, Ақылбек те екі тілге бірдей жүйрік, қандай да болмасын қызметті атқара алатынына кәміл сенемін.

Зиялы қауымның сүйіп оқитын "Қазақ әдебиеті" газеті "Қалжыңқалта" айдарында сіз туралы:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет