Семей мемлекеттік педагогикалық институты



бет11/12
Дата04.11.2016
өлшемі2,36 Mb.
#266
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

Әдістемелік нұсқау: Ғарифолла Есімнің «Хакім Абай» еңбегін қарастыру және «Абай» журналын қарау.

Әдебиеттер тізімі:

  1. «Хакім Абай» - Ғ. Есімов, Алматы

  2. Абайдың өлеңдер жинағы, Алматы «Жазушы» 1968 жыл

  3. \\Абай журналы №10,11,19

12 тәжірибелік сабақ. Абайдың поэмалары. Абай және Шәкәрім



Сабақтың мақсаты: Абайдың поэмаларының толық мазмұнын түсіндіріп, идеясын ұғындыру.

Сабақтың жоспары:

1.Абай поэмалары

2.Абайдың шығармашылық мұрасындағы поэмаларының орны.

3. Абай және Шәкәрім


Абайдан қалған үш поэма бар.Олар : «Масғұт» , «Ескендір», «Әзім әңгімесі». Соңғысы аяқталмаған.

Бұлардың бәрі де ақынның бұрынғы шығармаларындай қазақ өмірінің шындығын суреттеуге құрылмаған, Шығыс халықтарының аңыз, ертегілері сюжетіне дастан үлгісінде жазылған. Уақиғалары шағын, көлемдері аз келеді.Аңыздарды ақын, көбінесе, өзіне қажет ұстаздық , тәрбиелік ой – мақсаттарға бейімдеп, көпке үлгі етеді. Поэманың идеясында әйелді қоғамның ерлерге тең мүшесі деп тану, оның әлеуметтік өмірдегі орнын бағалау жағына көбірек көңіл бөлінеді.Мұны Масғұттың көзқарасынан айқын танимыз. Ұры тонап жатқан шалды айырып алған ол шалдан базарлық алуға барғанда өзіне қызыл жемісті таңдайды.


Ағын жесең, ақылың жаннан асар,

Сары жесең, дәулетің судай тасар.

Егерде қызыл жеміс алып жесең,

Ұрғашыда жан болмас сенен қашар, -


дейді шал.Масғұт ақылды да, байлықты да таңдамайды, оларды сынайды. Көп наданның арасындағы жалғыз ақылды адамның күйіне де, байлық пен малқұмарлық аздырған байдың жайына да талғампаздықпен қарайды.
Қызылды жесем, мені әйел сүйер,

Арамдыққа жүрмесем, не жан күйер.

Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса,

Деп едім бір пайдасы маған тиер.


Еркектің еркек адам болса қасы,

Қатын, шеше, қызы жоқ кімнің басы.

Хан қаһар, қара кісі қастық қылса,

Сонда ұрғашы болмай ма арашашы?


Тегінде адам басы сау бола ма?

Үйінде тексерілмес дау бола ма?

Ері ашу айтса, әйелі басу айтып

Отырса, бұрынғыдай жау бола ма? –


дейді Масғұт өз таңдауын түсіндіргенде. Ол әйелмен достықты қадыр тұтады. Ер мен әйел теңдігін жақтайды.

Поэма ақынның осы идеясына әкелетін уақиғаны баяндауға құрылады.Онда суреткерлік емес, ой, ақыл басым. Уақиға мен тартыс өмірлік тартыстан емес, ақынның ақылынан , айтайын деген ой – үлгісінен туады. Оның жаңа үлгідегі поэиа түрінде емес, шығыс дастандары түрінде жазылуы да осыны байқатады.

«Әзім әңгімесі» - «Мың бір түн» ертегісінен алынған бір уақиғаның өлеңмен жазылған түрі. Мұнда көпті алдап жүрген адамдардың аярлық мінезі сыналады. Поэма аяқталмаған.

Абай поэмаларының ішіндегі елеулісі де, ақынның гуманистік ой – пікірін тереңірек танытатыны да – «ЕСКЕНДІР».

«ЕСКЕНДІР » поэмасы Шығыс елдерінде «Ескендір Зұлқарнайын» деген атпен тараған, Еуропаға Александр Македонский деген атпен белгілі қолбасшының өмірі жайлы аңыздар негізінде жазылған. Ескендір тақырыбын Еуропа ақындарына қоса, Шығыстың Фирдоуси, Низами , Науаи , Жәми сияқты ақындары да жыр еткен.

Абай бұл тақырыпты өзінен бұрынғы ақындар үлгісінің ешқайсысына бұрмай , өзінше жырлаған. Ақын Ескендірдің өмірбаяндық деректерін дәл келтіреді де, оның дүние жүзін күшпен жаулап алмақ болған қанқұиар саясатын сынауға ауысады.Соған орай поэмаға жас кезінде Ескендірдің тәрбиешісі болған ұлы ғалым, гуманист Аристотелтді кіргізеді.

Поэма әділдік пен жауыздықтың тартысына құрылады.Жауыздыққа жетелейтін қызғаншақтық пен тойымсыздық екенін көрсете келіп, ақын әділдік, даналықты соған қарсы ұсынады. Қақпа мен адамның көз сүйген символ ретінде алады да , ол жұмбақтарды ақылға шештіреді.
Бұл – адам көз сүйегі, - деді ханға.

Тоя ма адам көзі мың – мың санға?

Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,

Өлсе тояр, көзге құм құйылғанда.


Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,

Алған сайын дүниеге тоя ма екен?

Қанша тірі жүрсе де, өлген күні

Өзге көзбен бірден – ақ болады екен.


Аристотельдің даналық сөзі қанағатсыз Ескендірге ой салады, ол алған жолынан қайтады. Сөйтіп, ақын Аристотельге Ескендірді бағындырып, жауыздықты әділдікке жеңгізеді.

Поэма аңыз сюжетін сақтағанмен, ақын оны өмір шындығына жақындатып, реалистік негізде суреттейді. Уақиға бір түйінге - әділдік пен жауыздықтың бетпе – бет кездесуіне топталады да, кейіпкердің мінез – құлқы , іс - әрекеті арқылы біртіндеп ашылады. Поэманың бас кейіпкері Ескендір шығармадағы уақиға арқауы болып, оның өне бойында көрініп отырады. Ең соңында ғана Абай оны Аристотельге кездестіреді.Ақынның дидактикалық , өсиет –үлгілік қорытындысы осы арада шығарылады.

Поэмада жарқын суреттер мен қажетті баяндаулар , диалог пен лирикалық шегініс орынды пайдаланылады. Бұл – Абайдың шағын поэма жасауға шеберлігін танытады.
Қазақтың қоғамдық ой алыптары Абай мен Шәкәрім тағдыры мен шығармашылығында ұқсастық пен айырмашылықтар бар. Олардың есімдері ылғи бірге аталады: аға және іні, рухани туысқандар, ұстаз және шәкірт, қоғамдық жұмыстағы қызметтестер.

Қазақ фольклоры, шығыс классикасы, батыс мәдениеті екеуіне ортақ дүниетанымды игеруге көмектескен өз тәлімгерлері болған. Ағартушылық жолына, ғылым жолына мені әкелгендер деп Абай ағасы Халилланы, әжесі Зерені, орыс достарын атап кеткен. Ал, Шәкәрім шәкірттік ризашылғын атасы Құнанбайға, ағасы Абайға, қоғам қайраткері Исмаил Гаспринди алдында білдірген, әсіресе, Абайдың педегеогикалық ықпалын бағалайтын.

Абай өзінің мұрасымен классик ретінде танылып қана қоймай, өзіне тән дәстүрі бар ақындық, адамгершілік, ағартушылық мектебін ашқан, өз маңайындағы шәкірттері қанатанып ұшуына үлкен ықпал жасаған ұстаз ретінде танылды. Белгілі абайтанушы М.Әуезов көрсеткендей, қазақ еліндегі басқа ақындармен салыстырғанда Абайдың үлгісін алған шәкірттері болуы- тарихи жаңалық.

Ақылбай, Әріп, Бейсембай, Кәкітай, Көкбай, Шәкәрім- Абай мектебінің мақтанышы, жаңашыл, ойшыл, ағартушы, тәлімгер болған тұлғалар. Қанымен, жасымен, рухымен ұстазына ең жақын болған – Шәкәрім.

Тақырып, мазмұн жақтарынан ұстаз бен шәкірттің өлеңдері, қара сөздері ұштасып жатады. Абайдың тәлімдік, тәлімгерлік таланты Шәкәрімнің сегіз қырылылығында өз көрінісн табады. Ұстазында кездесетін, өзіне дейін қазақ мәдениетінде ұштаспайтын құбылыстарды дамытқан Шәкәрім, ұстазымен салыстырғанда ілгері кеткені дау тудырмаса керек.

Қазақ, халқының этногенезі туралы Абай екі ауыз сөз қалдырып, сол сөзінде этногенезді зерттеу бағдарын анықтаған. Абайдың тапсырмасымен 19 жасынан мәліметтерді жинаған Шәкәрім мазмұн және форма жағынан ерекше «Түрік, қырғыз- қазақ һәм хандар шежіресін» құрастырған. Өзге дәстүрлі шежірелерден айырмашылығы- тек қана жүздер мен рулардың пайда болуы туралы аңыздардың жазба түріндегі жинағы еместі. Бұл автордың қазақ елінің тарихи санасын, ұлттық сезімін жоғары көтеретін тәлімдік ойлар қорытындысы еді.

Абайдың «Қарасөздері» қазақ философиясының негізгі ой түрткісі болса, Шәкәрімнің «Үш анығы» - қазақ философиясының шыңы. Форма жағынан Абай туындысы әдеби эссе болса, «Үш анық» - ғылыми аңсар, трактат.

Оқырмандар жақсы түсініп, берік меңгеріп, есте сақатуына ыңғайлы болуы үшін трактат стилі қолайлы, өз ойларын автор бірнеше рет қайталап жазады, негізгі дәлелдерін келтіреді, қортындысын анықтайды. Араб, орыс терминдерін міндетті түрде қазақ тіліне аударды, дербес терминдер ұсынып, қазақ тіліндегі философиялық категориялар, таулар негізін қалайды.

Екі ойшылды қызықтырған жан мәселесі. Табиғат өлсе де жан өлмес деген Абайдың пікірн Шәкәрім түрлендіреді. Оның пайымдауынша, дүниедегі барша нәрсенің жаны бар, жан өлмейді, өзгереді, өзгерген сайын өседі, жоғарлайды: сезімді жан, аңғарлық жан, ойлайтын жан, ақылды жан.

Жан мәселесін зерттегенде Шәкәрімнің буддизм қағидаларымен таныс болғаны шығармаларынан белгілі, сезіледі. Кәкітайдың айтуынша, Абай буддизм негіздерін зерттеп үлгермедім деп өкінген екен. Абай мен Шәкәрім екеуіне ортақ ой- діндердің бәрі шатақ, екеуі да соқыр дінге, жұртты жеген молдаларға қарсы шыққан. Бірақ екеуі де негізгі діни қағидаларды жоғары рухани- құлықтық қағидалар деп түсінген.

Шәкәрімнің жетістігі- «Мұсылмандық шарты», жастарға арналған этикалық оқулық, оқу кітабы санына жатады. Біздің ойымызша, бұл кітапты мектептерде ислам сабағында мұғалімдер қолданған болуы әбден мүмкін. Құран аяттары бірінші рет араб тілінен қазақ тіліне аударылған, әрі діни талаптарға автор өз түсінігін келтірген, оқырмандарға түсінікті болуы үшін мысалдар келтірген. Осы еңбектің мәнін айқындау үшін Европадағы Ұлы Реформацияның түрткісі болған Мартин Лютердің Библияны латын тілінен алғаш рет неміс тіліне аударғанын еске алсақ қателеспейміз.

Абай қазақ поэзиясына бірінші болып пейзажды енгіп, табиғатты өлеңдерінде жеке кейіпкер етіп көрсетіп, адам және табиғат мәселесін көтерген. Бірінші дүниежүзілік соғыстың куәгері болған Шәкәрім экологиялық тәрбие негіздерін салып, адам құлқы және табиғат, табиғатты сақтауға ғалымдардың жауапкершілігі туралы ойларын жариялаған.

Ел мұңын шертіп, ел тағдырына қайғырған Абайдың әуендерін Шәкәрім қайта жаңғыртты. Соңғы жылдары жазған шығармаларының түп- тамыры- қоғамдық ірі оқиғалар, үш орыс төңкерілісі, азамат соғысы, коллективтендіру саясатының нәтижелері.

Қоғам қайраткерлері ретінде Абай мен Шәкәрім қызметтерінде үндестік мол, екеуі де болыс болған, билік жүргізген, әділ шешімдер қабылдаған. Қырық жас шамасында екеуі де ғылым жолына түскен, әдебиетпен а арналғанШәкәрім қажылық сапраға барып қайтқан. Ағартушылық міндетін Шәкәрім орыс географиялық қоғам бөлімшесінде мүше болып та жалғастырған.

Шәкәрім Абайдың алғашқы ғұмырнамашысы. Ол 21 жасында Абайға арналған «Жастарға» өлеңін жазған. «Жастарға» Абай туралы жазылған бірінші жазба сөз десек жаңылыспаймыз, өлеңде 34 жасар Абайдың өмірбаяны, негізгі шығрамшылық және қоғамдық қызметі жөнінде мәлімет алуға болды. Шәкәрімнің Абай туралы жазғандары: «Шежіре» кіріспесінде, «Мен жетпіс екі жасқа келгенше», «Жолама қулар, маңайға», «Абай өмірбаяны» әлі табылмаған. Өз шығармаларында Абайды жете таныған биіктен көрінеді. Абай ойларын өзіндік бағытта жалғастырады.

Абайдың қай ойларын дамытса да Шәкәрім оны міндетті түрде педагогика саласына, оқу- ағарту жүйесіне алып келеді. Мысалы, екеуіне ортақ тақырып ар, ұждан болса, енді логикалық нәтижесі ретінде шәкәрім мектептерде ер сабағын жеке пән ретінде оқытуды ұсынады.

Абай мен Шәкәрім профессионал- педагог болмаған, бірақ айтқан сөздері, атқарған қызметтері осы мәселеге тығыз байланысты.

Әдістемелік нұсқау: Абай энциклопедиясы және «Қазақ тілі мен әдебиеті»журналын, Шәкәрімтану мәселелері еңбегін қарастыру.

Әдебиеттер тізімі:

1.Д.Омаров «Абайтану курсы»-Алматы 1998 жыл

2.М.Мырзахметов «Абайтану»- Алматы 1994 жыл

3.\\ «Қазақ тілі мен әдебиет» №12 2005 жыл

4.Шәкәрім шығармалар жинағы

5. «Абай» энциклопедиясы.

6.\\ Абай журналы - № 7-9

7.\\ Қазақ тілі мен әдебиеті журналы «Абайдың поэмалары»№ 12 -2001жыл.


13 тәжірибелік сабақ. Абайдың Крыловтан аударған мысалдары

Сабақтың мақсаты: Абай аудармаларының негізгі ойын, мәнін, мағынасын жете түсінідіріп, аударманың негізгі идеясын ашу.

Сабақтың жоспары:

1.Абай аудармалары

2. Абайдың аударма саласын дамыту жөніндегі еңбектері
90 – шы жылдардың аяқ кезінде Абай Крылов мысалдарын көбірек аударумен шұғылданған.Ол «Емен мен шілік», «Қазаға ұшыраған қара шекпен», «Жарлы бай», «Есек пен бұлбұл», «Бүркіт пен қарға», «Шегіртке мен құмырсқа», «Әншілер», «Алақойлар», «Түлкі мен қарға», «Есек », «Бақа мен өгіз», «Піл мен қанден» мысалдарын аударған.

Крыловқа қол созуына Абайдың өз айналасына сыншылдықпен қарауы зор себеп болған. Ол өз шығармаларында аяусыз әшкерелеген ұнамсыз құбылыстарды енді мысалдың үлгісімен сынап көруге бел байлайды.Сол үлгімен адам бойындағы қулық – сұмдықты, тойымсыздықты, жауыздық пен зорлық – зомбылықты , ашқарақтықты, әлін білмегеннің әлегін аяусыз шенейді.Крылов суреттеген бұл тәрізді мінез – құлық , іс - әрекеттер орыс қауымына ғана емес, қазақ шындығына да тән еді. Абай осыны көре білді. Осы жерде орыс – қазақ ақындарының ойлары түйісті. Екеуі бірігіп жалпы адам баласына ортақ әр алуан сұрқиялықтарға соққы береді.

«Түлкі мен қарға» мысалында мақтан сүйгіш даңғойлардың түлкі мінездес қуларға мазақ болуын көрсетсе, «Шырылдауық шегірткеде» ертеңгісін ойламайтын жалқауларды күлккі етеді. Шегірткені әкеліп, онан әлде қайда кіші жәндік , бірақ еңбекшіл құмырсқаға бас игізеді. Мұның бәрінде адамдық намыс, әділдік үшін күрес идеясы көрінеді.

Сондықтан Абай Крылов мысалдарын өз оқушысына оңай, ұғымды боларлық өлең үлгісінде аударған.


Ю.М.Лермонтовтың өмір сүрген дәуірі декабристер қозғалысының басылып, Ресейде патшалық кертартпа күштердің өктемдік алған кезі болатын.Соған орай ұлы ақынның шығармалары өз қоғамы мен оның әкімдеріне деген ашу-ызаға, кекке толы келеді.Ақын өлеңдерінің кейіпкері – күресті аңсаған, заманының сырына қанық және оған қарсы, батыл адам.Өмір сүрудің мақсаты мен мән – мағынасы , тағдырына наразылық, достарының тұрақсыздығы мен адамдардың екі жүзділігі ақын шығармаларының негізгі тақырыбына айналады.Ол ұнамсыз адамдар мен патшашыл көзқарастарды аяусыз сынап- шенеді.Осы жолдағы ізденіс үстінде ол Лермонтовеңбектерімен танысты да, оны өзіне өлмес серік етті.Абайдың 80- жылдардың орта кезінен бастап, заман мен оның адамдары туралы ойланғанда («Қалың елім, қазағым», «Адасқанның алды жөн», «Сегіз аяқ»), Лермонтовқа көп жағынан жақын келуінің де сыры осында болатын.

90- жылдардың басынан бастап Абай өмірінде көңіл құлазытар бірқатар келеңсіз оқиғалар болды.Көп жылдар айтысып- тартысып, бір жақындап , бір алыстап жүрген ескі достары (Жиренше, Оразбай т.б.) біржолата ат құйрығын кесісіп кетті. Және жай кетпейді, жауласып кетеді.Құнанбай заманынан қалған ескі кектерін еске түсіріп, ақынға қарсы айбат көссетушілер тобы өсе түседі. 1891 жылы жақсы көретін інісі Оспан, 1895 жылы сүйікті ұлы Әбдірахман қайтыс болады.Осылардың бәрі ақынды өмірден түңілдіріп, жалғыздық азабына салды.Осындай тұстарда ол Лермонтовпен көбірек сырласты.Бұрын ара-кідік бірер шығармасын («Бородино») ғана аударған Абайдың 90- жылдар ішінде Лермонтов өлеңдерін көп аудаурының да себебі осында еді.

Абай Лермонтовтан жалпы саны 27 шығарма аударған.Олардың ішінде «Демоннан», «Боярин Оршадан», «Измаил - Бейден», «Вадимнен» үзінділер бар.Ал, лирикаларынан ол «Теректің сыйы», «Қарасам, қайғырар жұрт бұл заманғы», «Тұтқындағы батыр», «Жолға шықтым жым – жырт түнде жалғыз», «Жалғыз жалау», «Жартас», «Дұға», «Альбомнан», «Менің сырым, жігіттер , емес оңай», «Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда», «Қараңғы түнде тау қалғып». (Лермонтов оны Гетеден аударған), т.б. аударған.Бірқатар өлеңдерін ( «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Ауру жүрек ақырын соғады жай», «Әм жабықтым, әм жалықтым» т.б.) Абай Лермонтовтан бастап, өз күйін айтуға ауысып кетеді.

Мұның бәрі 90- жылдың ішінде Абайдың Лермонтовпен тіпті мұндас болып, қазақ ортасының ұнамсыз жақтарын сынауда, өз басының көңіл – күйін танытуда көп тереңдегенін аңғартады. Оның сыншылдығы өткірленіп, күшейе түседі.


Әдістемелік нұсқау: Абай журналы мен мерзімдік басылымдарына шолу жасау.

Әдебиеттер тізімі:
Абай Құнанбаев: Библиографиялық көрсеткіш (екі тілде). - Алматы: ҚР-ның Ұлттық кітапханасы, 1995. - 302 б.
2. Байтұрсынов А. Қазақтың бас ақыны // Абай. - 1992. - №3. - 23 - 28 б.
Әуезов М. Абайдың лирикасы // Сөзстан. 7 - кітап - Алматы, 1996. - 39-58 б.
3. Әуезов М. О. Абайдың туысы мен өмірі // Абай. - 2003. - №3. – 28 - 34 б.
4. Бэйхай Су Қазақтың ұлы ақыны – Абай // Абай. - 2003. - №1. - 1 - 4 б.

14 тәжірибелік сабақ. Абай қарасөздерінің жанры мен көркемдік ерекшелігі



Сабақтың мақсаты: Абайдың қара сөздерінің мән мағынасын кеңінен ашып, зерттеу. Ақын осы сөздері арқылы не айтқысы келді соның мәнін ұғынуға бағыт беру. Абай сөзінің құндылығын әр қырынан талдау.

Сабақтың жоспары:

  1. Абай сөздерінің жіктелуі

  2. Тақырыптық жүйесі, оның ақын өлеңімен үндестігі.

90 – жылдар ішінде Абай өзінің бір алуан шығармаларын қара сөзбен жазған. Оның қара сөздері көркем шығарма түрінде емес, ақынның өзі көрген өмір сабақтары туралы ойларын, содан туындайтын даналық, философиялық түйіндерді жинақтаған публицистикалық үлгіде жазылған. Оның сөйлем құрылымы, сөз саптау өзгешеліктері де осы мақсаттан туады.Көлемі шағын, мазмұны, мағынасы мол , терең болып келеді. Кейбіреулері сұрау – жауап түрінде , өзімен өзі сырласу, оқырманмен кеңесу түрінде беріледі.

«Ақыры , ойладым, осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде – кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған бел байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ».

«Бірінші сөзде» абай қароа сөз жазудағы өз мақсатын осылай түсіндіреді.Ол осы «ойына келген нәрселер» туралы жазуды соңғы өмірінің мақсат – мұраты тұтады.Сол арқылы кейінгі ұрпаққа ақыл - өнеге, өсиет, ғибрат қалдыруды көздейді.

Абайдың қара сөздерінің жалпы саны 45 .Олардың қайсысы болса да, сол дәуірдегі әлеуметтік өмірдің күрделі мәселелерін сөз етуге арналады. Кейбір сөздері тақырыбы, мазмұны жағынан бірін – бірі толықтырып отырады.

Абайдың оқырманға ой тастап, тереңнен толғаған мәселесінің бірі – адамның адам болуға үйренуі, естілекке ұмтылуы, кәсіпке мойынсұнуы, дағдыны дамыту жайлары.

«Адам , - дейді ол «Он тоғызыншы сөзде» , - ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе , дүниедегі жақсы, жаманды таниды- дағы, сондайдан білгені , көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады.Әрбір есеілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман нәрселерден сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады».

Адамның естіген, көрген нәрселерін есінде сақтап, өзіне өмір серігі ете білуінің жолдарын ақын «Отыз бірінші» сөзінде айтады: «Естілген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі көкірегі байлаулы, берік болмақ керек.Екінші , сол нәрсені естігенде, я көргенде ғибратлану керек, көңілденіп, тұшынып ынтамен ұғу керек.Үшінші – сол нәрсені, ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек. Төртінші – ой кеселді нәрселерден аулақ болу керек. Егер бір кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері : уайымсыз салғырттық, ойыншы – күлкішілдік , я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер ».

Абайдың қара сөздерінде қазақтың мақал – мәтелдерін мазмұны мен шығуы жағынан сынай талдауға да орын беріледі. Өмір сабағының түйіні есебінде мақал – мәтелдердің жастарға тәрбиелік, өнегелік мәні барын түсінген ақын оның жас ұрпақты теріс тәрбиелейтін үлгілерін ашып көрсетеді.Ол : «Мал – адамның бауыр еті», «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Малдының беті жарық, малсыздың беті шарық», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат» , тағы басқа мақал – мәтелдерді мысалға алады да, олар жайлы ойын былай түйеді:

«Бұл мақалдардан не шықты?Мәлімболды : қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам ейді екен; бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малшыларды алдап алмақ, яки мақтап алмақ екен, бермесе, оныменен жауласпақ екен . Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық, сұмдық , тіленшілік , соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп , мал тапса, жазалы демесек керек » ( «Бесінші сөз»)

Осы ойын «Жиырма тоғызыншы» сөзде жалғастырады. «Жарлы болсаң , арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң , тірі болып жүргені құрсын. «Қалауын тапса қар жанады» , «Сұрауын тапса , адам баласының бермейтіні жоқ» деген , - ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы.Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп, қорлықпенен өмір өткізгенше , малды не жерден сұрау керек, не терден сұрау керек қой...

«Атың шықпаса, жер өрте» дейді.Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? ... «Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті » дейді.Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат ата- анасын малға сатпақ – ең арсыздың ісі емес пе ? , - дейді ол.

Ақын «қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығын» да көрсеткен. Өзі де өлеңдерінде, қара сөздерінде көп мақал – мәтелдер жасаған. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»,«Азат басың болсын құл – қолдан келмес іске ұмтыл» деген сияқты Абай сөздері халық арасына мақал боп сіңіп кеткен. Олар арқылы ақын елді еңбек етуге, кәсіпке үйренуге шақырды. Елді көтерудің , өзіңнің де қатарға қосылуыңның жолы еңбекте деп түсінді.Оның :«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың.Адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың », - деген сөзі де осындай ғибрат ұсынады.Абайдың өзі шығарған нақылдарының көбі оның Отыз жетінші сөзінде жинақталған. Онда:

Бақпен асқан патшадан

Мимен асқан қара артық

Сақалын сатқан кәріден

Еңбегін сатқан бала артық .

...Жаман дос – көлеңке.

Басыңды күн шалса,

Қашып құтыла алмайсың.

Басыңды бұлт алса,

Іздеп таба алмайсың.


...Әкесінің баласы – адамның дұшпаны,

Адамның баласы – бауырың,-


деген сияқты нақылдар бар.

Әдістемелік нұсқау: Қаламыздағы кітапханалардағы әдеби қорымызда сақталған газет, журналдарды қарастырып, саралау. Сондай-ақ осы тақырыпқа байланысты «Абай » журналының сандарын қарау.
Әдебиеттер тізімі

. Абай Құнанбаев: Библиографиялық көрсеткіш (екі тілде). - Алматы: ҚР-ның Ұлттық кітапханасы, 1995. - 302 б.


2. Байтұрсынов А. Қазақтың бас ақыны // Абай. - 1992. - №3. - 23 - 28 б.

15 тәжірибелік сабақ. Абайдың ақындық мектебі. Ақынның 100 жылдық, 150 жылдық мерекелер тұсындағы абайтану ғылымына қосқан үлестері



Cабақтың мақсаты: Абайдың ақындық мектебінен нәр алған ақындарды жете тану, абайтанудың қалыптасуына қосқан ғылыми еңбектері туралы мәлімет беру.

Сабақтың жоспары:



    1. Абайдың ақындық мектебі.

2.Ақынның 100 жылдық, 150 жылдық мерекелер тұсындағы абайтану ғылымына қосқан үлестері
Ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді, рухани өмірімізді тас қамауда, шынжыр қоршауда қадағалап ұстап келген коммунистік саясаттың қанды торының үзілуі елімізге тың серпіліс әкелді. Өткен тарихымызға, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ойы мен қырына, даму тарихына ұлттық көзқараспен жіті көз тігіп, әдебиетіміздегі орны ойсырап тұрған тұлғаларды түгендей бастадық. Кешегі кеңестік империяның дәуіріндегі идеологияның ықпалынан толыққанды түрде айтылмай келген төл әдебиетіміздің қатпарларына ұлттық көзқараспен жаңаша пайымдаулар жасауға мүмкіндік туды.

1951 жылғы Абай мұрасын талқылауға арналған ғылыми айтыстан кейін буржуазиялық - объективтік концепция делініп, енді ғана қанатын кең жайып келе жатқан кезде тоқырауға түскен Абайдың әдебиет мектебі қаншама жылдардан кейін қайта шаңырағын көтеруде. Ұлы Абайдың ақындық мектебінің талантты шәкірттері де өздерінің әділ бағаларын алып, халықпен қайта табысты.

Абайдың ақындық тәрбиесін көрген шәкірттердің ішінде ұлы ақынның қасында ширек ғасырдай жүріп, іні-досы болған Көкбайдың алар тұғыры өте жоғары. ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында, төңкерістерге толы заманда өмір кешкен, ұлы Абайдай қазақ поэзиясының асқар шыңының ақындық тәлімін алған, артына мол әдеби мұралар қалдырған, ел ортасынан медресе, мешіт ашып, ұстаздық қылып, молда атанған, қажы Көкбай Жанатайұлының әдебиет тарихындағы алар тұғыры биік болғанымен, күні бүгінге дейін шығармалар жинағы жарық көрген жоқ еді. Соның сәті бүгін түскендей. Бұл күнді аңсап өткен жандар қаншама. Солардың ішінен Көкбай шығармаларын тірнектей жинаған Сейітқали Қарамендинді айрықша атап өткіміз келеді. Осы жинақты алғаш құрастырушылардың бірі де - С.Қарамендин. Оның болашақ Көкбай мұраларын жинап, зерттеушілерге айтып кеткен Аманаты бүгін орындалды деп білеміз.

Өз халқымыздың хандары туралы айту ұлтшылдық, "өзімдікі" деп таныған "өзгенің" хан-патшасын марапаттау ұлы достық болып табылған, соған лайықты стандартты коммунистік идеология кезінде Абылай хан, Кенесары мен Наурызбай ерліктеріне ыстық ықыласын білдіре отырып жырға қосқан Көкбай Жанатайұлының эпикалық шығармалары жарық көру, зерттелу түгіл, тар қапасқа қамалды. Ақынның жеке өмірі де саяси кінәлаулардан құр қалған жоқ. Сол заманда Көкбайдың діни бағыттағы өлеңдері ақын мұрасының зерттелуіне кедергі болды десек те, Ленин жөнінде жазған өлеңі ақынға еш көмегін тигізе алмады. Ақынның бай әдеби мұрасы: өлеңдері мен айтыстары, дастан-жырлары қаншама уақыт бойы зерттелусіз қала берді. Көкбайдың бай мұрасының өз алдына жеке жинақ болып жарыққа шықпауының өзі, ақын мұрасының зерттелу, жариялануының, халыққа кең тарамауының мөлшерін танытады.

Көкбай Жанатайұлының қолжазбалары қазіргі таңға толық жеткен жоқ. Ақын шығармалары шәкірттерінің, ағайындарының, жекелеген жинаушылардың орасан зор еңбегінің нәтижесінде сақталды. Көкбай ақын туралы алғашқы там-тұмдаған пікірлер 1933 жылдан бастап көріне бастады. К.Жанатайұлының Абай тәлімін алған талантты шәкірті екендігіне, ұлы ақынның дәстүрін жалғастырушы болғандығына тұңғыш ғылыми тұрғыда анықтама берген М.О.Әуезов еді. М.Әуезов 1934 жылғы "Абай ақындығының айналасы" мақаласында Абайдың төрт ақын шәкіртінің бірі деп Көкбайды атайды.

Мұхтар Әуезовтің 1933 жылдан бастап Көкбайға жанашырлықпен қарауы, ақын мұрасын зерттеп, жақсы баға беруі басқа әдебиетшілерге үлкен әсерін, ықпалын тигізеді. Отызыншы жылдардың аяғы мен қырқыншы жылдардың басынан бастап Көкбайдың өлеңдері мен поэмалары жинала бастайды. Ертелі - кеш ел аузынан жиналған ақын шығармаларының қолжазба нұсқалары Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық Ғылыми кітапхана қорында және Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінде сақтаулы. Көкбай шығармаларын осы кезден бастап жинаушылар деп Садық Қасиманов, Ермұхамбет Жексембаев, Есентай Бердин, Кенжебаев Қасен, Күсембек Байғұттыұлы, Абдулғафар Шайх әл-Рази сияқты адамдарды атаймыз.

М.О.Әуезовтің К.Жанатайұлының өмірі мен әдеби мұрасына арналған Абай монографиясының жеке бөлімі "Көкбайдың ақындығы" атты мақаласы алғаш рет 1988 жылы шыққан "Абайтанудан жарияланбаған материалдар" кітабында жарық көрді. "Көкбайдың ақындығы" деп аталатын бұл қолжазба К.Жанатайұлының ғұмырнамасы мен әдеби мұрасына қысқаша ғана тұжырымдама жасаған мақала болғанымен, Көкбай ақын турасында жазылған ең алғашқы толық еңбек. Елуінші жылдардағы Көкбайтанудағы қомақты еңбек деп Қ.Мұхамедханұлының "Абайдың әдебиет мектебі" атты кандидаттық диссертациясын атаймыз. Ғалым Көкбайды Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушылар, дамытушылар, артына әдеби мұра қалдырған ақын шәкірттер қатарында қарастырады.

Қазақ әдебиетінде Қайым Мұхамедханұлының "Абайдың әдебиет мектебі" атты кандидаттық диссертациясының қорғалуымен қатар, осы тақырыпта айтыс өршіп кетеді. 1951 жылдың маусымның он бесінен бастап ҚазССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты мен Қазақстан Жазушылар Одағы бірлесіп өткізген "Абайдың әдеби мұрасы" мәселесін талқылауға арналған ғылыми айтыс дейтін үш күнге созылған үлкен жиналыс болды. Оның қорытындысы былай болып шығады: "Абай мұрасын зерттеу" жөніндегі жақында өткізілген айтыста "Абайдың ақындық мектебі" деген концепцияның ғылымға қарсы екендігі және саяси зияндылығы әшкереленді. Айтыстың материалдарын зерттеп және қорыта келіп, ҚазССР Ғылым Академиясының Президиумы былай деп табады: "Абай мектебі" дейтін концепция тарихи шындыққа ешбір қатысы жоқ және буржуазиялық-объективтік жалған концепция болып айыпталады. Сонымен Көкбай сияқты Абай дәстүрін жалғастырушы ақын шығармаларының аузына қара құлып қойылды.

Сол бір қуғындау, қудалау заманында "саяси беті теріс, кертартпа ақын" атанса да Көкбай ел есінде жақсы сақталған. Сексенінші жылдардың басынан бастау алатын Көкбай жөнінде жаңаша ойлаудың майда қоңыр, самал желі ескен кезде, бұл жайлылыққа ақынды сүйер қауым бірден ықыластарын танытып жатты. Көкбай мұрасымен оқушылар қауымы алғаш "ХIХ ғасырдағы қазақ поэзиясы", "Бес ғасыр жырлайды" сияқты жинақтар арқылы таныса бастады.

К.Жанатайұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеуде ғалым Болатжан Абылқасымовтың алар орны ерекше. Көкбай ғұмырнамасы мен әдеби мұрасын жаңа көзқараспен тыңғылықты түрде қарап шыққан ғалымның "Көкбай Жанатайұлы" атты мақаласы 1988 жылы жарық көрді. 1990 жылдардың ішіндегі Абайтанудағы, Көкбайтануда ең үлкен жеңіс - Қ.Мұхамедхановтың 1951 жылдары қуғындауға ұшыраған, енді кітап болып шыққалы тұрғанда қатты сынға алынып, жарық көрмей қалған еңбегінің қайта жарық көруі. Араға 43 жыл салып қайта оралған Абайтанудың білгір маманы Қ.Мұхамедханұлының "Абайдың ақын шәкірттері" атты ғылыми еңбегі Көкбай мұрасын тағы бір белеске көтерді. 1999 жылы "Көкбай Жанатайұлының әдеби мұрасы" деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғалды. Диссертация Көкбай мұрасын алғаш монографиялық дәрежеде қарастырып шықты.


х х х
Өткір тілді, ұшқыр ойлы, импровизатор ақын К.Жанатайұлы 1861 жылы 26 маусымда Шыңғыстаудың етегінде, Тақыр өзенінің бойында, қазіргі Абай ауданының Көкбай аулында дүниеге келген. Көкбай Тобықты ішінде Көкше руынан. Ақын өзі туралы:
Тобықты арғы тегім,затым-Көкше,

Жасым кіші болса да, сөзім кексе.

Жанатай - әкем аты, атым - Көкбай

Сеңгірдей тасқа шыққан еп-ерекше,- дейді.


Көкбай алғашқы сауатын ауылда Төлетай деген молдадан ашады. Баласының тек өлең-жырға ғана емес, өнерге, оқуға бейім екендігін, зеректігін, ұғымталдығын байқаған әкесі оны Семей қаласына жібереді. Көкбай қалаға келіп, мешіт жанындағы медреседе Қамали Қазіреттен мұсылманша дәріс алады. К.Жанатайұлы мұсылманша оқумен тоқталмай 1878 жылы үш сыныптық уездік училищеге түсіп оқиды. Орысша оқуға деген құштарлығы зор, әрі зейінді Көкбай училищеге түскеннен кейін өзінің зеректігін байқатады. Орыс тілі, арифметика, география, геометрия, сызу және татар тілі сияқты сабақтардан жақсы деген бағалар алған. Ауылдан, қырдан келіп орыс мектебінде оқу жылының бірінші жартысының өзінде сабаққа үлгеруі, тіпті жақсы бағалар алуы үлкен жетістік еді. Сөйтіп, Семейдің уездік училищесінде, Қамали медресесінде оқыған Көкбай елге келген соң үнемі Абай жанында болады.

Көкбай 1901 жылы Мұқыр болысына молда болып сайланады. "Семей облысы. Бұйрық N81.1901.10 сентябрь. Семей уезі Мұқыр болысына Көкбай Жанатайұлының молда сайлануы туралы бұйрық". Сонымен, Көкбай ұстазы Абайдың ақыл-кеңесімен, рұқсатымен 40 жасынан бастап Тақыр өзенінің бойындағы қорасының қасынан медресе салып, бала оқытуға кіріседі. Көкбай Жанатайұлы ел ортасында медресе ашып, ағартушылық іспен айналысуымен қатар, мұсылманға үлкен сауап болатын құдайдың үйі-мешіт салдырады. Мешіт 1908 жылы Абай қайтыс болғанына төрт жыл болған кезде толық салынып бітеді.

Көкбай ақын 1913 жылы Мекке, Мәдинеге барып өзінің мұсылмандық парызын өтеп қайтады. К.Жанатайұлы Тақырдағы медресесінде әрі ұстаз бола жүріп, сол кезде құрылып жатқан уездік земствоның мүшесі болған. 1920 жылдардан ауырып-сырқай бастаған Көкбай замана талабы сол болғандықтан, кеңес өкіметінің саясатымен өзге жолмен оқытатын оқу әдісіне, жүйесіне қарсылығын білдірмей, өзінің қаншама жыл ұстаздық еткен, маңдай тері, адал еңбегімен салынған медресесін жаңаша дәріс беретін мұғалімдерге босатып береді. Көкбай медресесі 1901 жылдан 1921 жылға дейін ескіше жұмыс істеген. 1921 жылы оны жаңа оқу жүйесімен оқытатын мұғалімге босатып береді. Онда 1928 жылға дейін мектеп болады.

К.Жанатайұлының денсаулығы жиырмасыншы жылдардың басынан бастап бұзыла бастайды. Көкбай дертінің бет алысынан секем алып, қорқып, жақсы дәрігерлерге қаралғанды жөн көреді. Сондықтан да ол 1922 жылы Омбы қаласына, 1923 жылы Мәскеуге барып емделіп қайтады. Ленинградта болады.Алайда К.Жанатайұлы меңдеп алған ауруынан оңала қоймайды. Сонда да ол ауруға мойымай, емделуді, мықты мамандарға барып қарала беруді жөн көреді. Ақырында К.Жанатайұлы ел-жұртымен қоштасып, бақұлдасып, 1925 жылдың қазан айының басында Мәскеуге бармақ болып жолға шығады. Бірақ бұл ақынның соңғы сапары болды. 1925 жылы Күшікбай кезеңінде ақын дүниеден қайтады.


х х х
Көкбай-Абай мектебінің адал ұлы. Өйткені ол-Абайдың ұлағатты принципін мықты ұстанған ақиқатшыл, шыншыл тұлға. Ол құдай берген табиғи дарынының, жаратылыс болмыс бітімінің арқасында Абай салған даңғыл жолдан таймаған ақын. К.Жанатайұлының ақындық талантының ұшталуына, дүниетанымдық көзқарасының кеңеюіне Абайдың, Абай мектебінің зор ықпалы болғаны белгілі. М.Әуезовтің өзі Көкбайдың ақындығы туралы сөз қозғағанда: "Ол кезде Абай айналасындағы бар ақынның ішінде суырып салма, импровизацияға ең жүйрік ақын Көкбай болғаны даусыз. Сол талантын бағалап, Абай бұны өзі жазып жүрген алғашқы өлеңдеріне ие ғып шығарады", - деп, Көкбайдың жай ақындардың бірі емес, талантты ақын екендігіне назар аудартады.

Көкбай, біріншіден, импровизатор ақын. Ақынның "Оспанға" , "Мұсажанға", "Молдабайға", "Төребайға", "Сараңбайға", "Зағипаға" сияқты өлеңдерінің көпшілігі табан астында дүниеге келген. Ал, олардың көпшілігі бірқақпайлар болып келеді. Олар табан астында шығарылған бір, не болмаса екі шумақ көлеміндегі өлеңдер тобы. Бірқақпайлар көбінесе адам мінез-құлқындағы, не кереғар ісіндегі кемшіліктерді әжуалауға, яки болмаса әзіл-оспақпен келемеждеуге арналған. Көкбай өзі ұнатқан адамы болса пір тұтып, асқақтата, мақтауын асыра жырлаған.

Абайдың өз тәрбиесінде болған және оның ақылы мен сыны бойынша тақырыптар таңдап, көлемді шығармалар жазған "анық шәкірт ақындар" ішінде ұлы ұстазының өлеңдеріне аты кірген де жалғыз ақын Көкбай болатын. "Ал, кейін Көкбай шығарған өлеңдерді алсақ, бұл жағынан да Абайды үнемі өзіне ұстаз, аға тұтқан Көкбай барын айқын танып отырамыз" ,- деп М.Әуезов айтқандай, Көкбай өлеңдерінен Абай бейнесін үнемі кездестіріп отырамыз. "Семейге Абай келсе, бізге думан", "Абайдан сабақ алдым бала жастан" деп басталатын өлеңдерімен қатар, көптеген шығармаларында Абай ұлылығын жыр етуден таймаған.
Абайдан сабақ алдым бала жастан,

Тең бар ма ойға терең онан асқан.

Алды бейіш, артына ырыс болсын,

Мен оның шәкірті едім ізін басқан,


-деп, Абайдың ақыл-ой тұңғиығына ешкімнің тең келе алмайтын ұлылық тұлғасын тереңдік, шексіздік ұғымдары арқылы түсіндіріп, өзінің Абайдан сабақ алған шәкірті екендігін мақтанышпен жырласа, енді бір өлеңінде Абаймен бірге жүріп, ақыл - кеңесіне, өсиетіне ләззаттанып, сол арқылы білім жолына түскендігін айтады:
Абаймен бірнеше жыл араластым,

Шешімін әр жұмбақтың ақылдастым.

Мұра етіп өсиетін, ләззаттанып

Жолына білім,өнер қалыптастым,- дейді.


Қаншама жыл Абай қасында болып, ұстазының ақылын бойына дарытқанымен Көкбай өзінің Абайдан алған тәлім-тәрбиесін, дүниетанымдық көзқарасын өзіне аз санайды. Абайдай ғұламаның айтқан ақыл-кеңесін, ой-танымдық өрісін аз ұғып, көп меңгермедім, бардың қадірін білмедім деп өкініш тұтады. Ұстазының дүниеден өткенін естіген талантты шәкірті:
Жаннатта жаның болғыр Абай құтып,

Жаныңда бос жүріппін шатып-бұтып.

Осындай ен дарияны жайлағанда,

Тым болмаса қалмаппын қана жұтып,-деп өлең шығарады.


Көкбай өлеңдерінің негізгі кейіпкерлері - замандастары, туыс-жақындары мен ауылдастары, бір сөзбен айтсақ өз ортасы. Олардың дені арнаулар. Көкбай арнаулары мазмұн жағынан алғанда мақтау және сынау түрінде туған. Мақтап шығарған өлеңдеріне жоғарыда келтірген Абайға, Оспан мен Молдабайға, Базаралыға, Ә.Бөкейханұлына, Ленинге арналған арнауларын жатқызуға болады.

Ал, көптеген өлеңдерінде елге зияны тимейтін, әркімнің өз мінезінің ерекшелігі болып көрінетін одағайлықты жеңілдеу әзіл-қалжыңмен мысқылдап мысал етеді. Көкбай шығармаларына зер салсақ, түрлі адамдар мінезін-құлқын көрсетуге өте шебер екенін, ойын шындыққа, парасатқа сүйеніп айтқандығын байқаймыз. Ақын өз заманындағы әділетсіздіктерді,өсімқор, мейірімсіз байларды ащы сынға алады. Бірде ол елге сараңдығымен әйгілі болған Алдырахметті ("Сараң байға"), билік үшін ырылдасқан шен құмарлықты ("Күлембай мен Дүтбайға" ), үй ішіне қарамай таң атқаннан ел кезіп жүретін қыдырымпаздықты, еңбексіз ат мініп, ас ішкіш, пәлеқұмар, ашқарақ, қомағай, мешкейлікті ("Тоғыз көк"), сауда үшін ар-иманын сатып күн көретін алыпсатарлықты ("Ұсақ байларға" ) сынаса, енді бірде өсек десе ішкен асын жерге қоятын, кесел іздеп жүретін ұрыншақтықты ("Мұсажанға"), оқу мен өнер-білімде жұмысы жоқ, сергелдең серілікті ("Салдарға") тілге тиек етеді. Осы өлеңдердің барлығында да Көкбай аузынан шыққан сөздің қай-қайсысы да нысанаға дәл тиетін шындығымен, тиген жерін осып түсетін өткірлігімен әсерлі естіледі. Көкбай өзінің маңайында, қасында жүрген ауылдастарының бойындағы өзге адамдар байқай бермейтін, суреткер көзімен өзі ғана көре алған оқшау мінез ұшқындарынан жанды бейнелер жасайды. Көкбай өлеңдерін оқи отырып оның ру басы жуандарды, ел ұйтқысын бұзар кейбір болыс-билерді, тілі мен жағына сүйенген теріс пиғылды арамзаларды дәл ұстазынша өткір тілмен әйгілеп, әшкерелеп қайыра өлеңге қосқандығын байқаймыз. "Мұсажанға", "Дүтбайға", "Ағыбайға" сияқты өлеңдерінен Абайдан көп мазмұн, идеялық үлгі алған және оларды өзіне мұрат тұтқан талантты ақын екендігі көрінеді. Көкбай ақын көтерген мәселелер сан алуан. Олар-елдің береке-бірлігі, заман, елді, жерді қорғау, халыққа қызмет ететін ерлерді дәріптеу, адам мінез-құлқындағы жарамсыз қасиет, дағдыны сынау. Сондай үлкен тақырыптың бірі-елдің өзара бірлігі. Ел арасындағы береке-бірлікті,татулықты көздеген Көкбай ақын оны ең алдымен өз туыстарынан, руластарынан, ауылдастарынан бастап жолға қоюды көздейді. Ел ішінде болатын алауыздықты, көре алмаушылық қасиетті, қызғаншақтықты жоюды көксеген ақын, ең алдымен, өз руластарын ынтымаққа шақырады: Байғұс-ау, Мұсабаймен тұрқың бірдей, Олар жұлдыз болғанда, біз үркердей. Аспанда алты жұлдыз бас қосып тұр Жүрсеңші біреуіңді бірің ілмей.

Айналасындағы толып жатқан ұрлық-қарлық, қулық-сұмдық, алаяқтық пен айуандылық ақынды толғандырмай қоймайды. Әділ, тура биліктің құны кетіп, шындық пен адалдықтың аяқ асты болуы, жуанның момынға істеген зорлығы,өктемдігі ақын өлеңдерінде кең көрініс тапқан. "Жақсылыққа", "Арбалы Сарытау", "Хафиз Қабылбековқа" деген өлеңдері осы бағытта туындаған. К.Жанатайұлының "Ұмсындыққа" деген өлеңі әйел бостандығы, қалың мал мәселесіне, "Жаз болса жалқау қазақ жатушы едің" деп басталатын өлеңі еңбек тақырыбына арналған.

Көкбай тек өз ауылдастарының, замандастарының, халқының өміріндегі кездесетін келеңсіздіктерді құр сынаушы ғана емес, оларды бұндай қасиеттерден, әдеттерден арылуға, адамгершілікке, парасаттылыққа шақырушы. Ақын адамгершілік қасиеттерді әрі уағыздаушы, әрі оны бағыт ретінде көрсете білуші. Яғни, ақынның басты мақсаты-кереғарлықты түзету, кемшілікті жою. Көкбай өлеңдерінің түп-төркінінде, негізінде осы мақсат жатыр. Бұл ақынның Абайдан үйренген ізгі қасиеті.


х х х
Көкбай қағыстары көлемі жағынан шағын болып келгенімен, мазмұн, мағына жағынан көптеген айтыстардан кемшін түспейді. Көкбай сөздері айтқан жерін ойып түсер өткірлігімен, әзіл-қалжыңды орнымен келістірер тапқырлығымен ерекшеленеді. Көкбайдың ең алғашқы өлеңмен қағысуы, сөз жарыстыруы, айтысуы Семейдегі училищеде оқып жүрген кезінде болады. Ақынның Әріп, Біралы, Саржан, Жүнісхан, Кемпірбай және Міржақыппен қағыстары сақталған. Олардың көбі табан астында суырылып салып айтылған туындылар болса, кейбіреулері екі ақынның бір-бірімен хат арқылы жазысып айтысқандары.

Көкбай Жанатайұлының қағысулары дегенде ең алдымен аузымызға жастайынан Сыбанның жас перісі атанған ақын Әріп Тәңірбергенов түседі. Екі ақынның шығармашылық жолдары бір бастаудан нәр алып, қайта тоғысып кетіп отыратын арналар сияқты әрдайым байланысқа толы. Туыстық жағынан нағашылы-жиенді болып келетін екі ақын бала кездерінен бастап араласып, өнер жолына бірге қанат қағады. Ғұмыр бойы әзіл-қалжыңмен бір-бірін зілсіз сынап өткен ақындардың өмірі кейінгі буынға, ұрпаққа үлгі-өнеге. Көкбай мен Әріптің ең алғашқы айтысы жас кезінде болса, ең соңғы айтысы жиенінің қатты науқастанып, өлім аузында, ауырып жатқанда болады. Осы уақыт аралығында екі ақын бір-біріне қалжың айтудан бір танбай, тату-тәтті құрдастай әзілдесіп өткен. Әріптің жасы Көкбайдан үш-төрт жыл үлкен болғанымен, тең құрбыдай қалжыңдасып, сыйластықтарын жоғары орынға қойған.

Көкбайдың айтыс-қағыстарында ақын аузынан маржандай тізіліп шығып жатқан әрбір түйінді ой әділдігімен, қисындылығымен, көркемдігімен ерекшеленеді. Әлеуметтік тақырыпқа, яки әзіл-қалжыңға құрылған айтыстарының қайсысында да болмасын, Көкбай қашан да шындықты бетке ұстар парасатты жауаптың, әділ әзіл-қалжыңның бел ортасында. Ақын аз сөзбен алғыр ой айтуға шебер екендігін көптеген қағысуларында көрсете алған. Ақын қағысулары айтыс төрінен орын алары сөзсіз.
х х х
К.Жанатайұлы шығармашылығының көлемді бір саласы - қисса-дастандары, поэмалары. Көкбай - ұзақ оқиғалы үлкен шығармалар жазған эпик ақын. Оның эпикалық туындыларынан Абайдың ақындық дәстүрінің жалғастығы, Абай ықпалы айқын аңғарылады. Абай әңгімелі, оқиғалы жыр-дастандарға өрістеп бармаған. Есесіне талантты шәкірттері тудырған жыр-дастандар қазақ поэзиясындағы жаңа үлгідегі поэмалар шоғыры болды. К.Жанатайұлының қаламынан "Сабалақ" , "Қандыжап", "Құлынды даласы" атты жыр - дастандар, "Ғаділ патша", "һарун Рашид" қиссалары сияқты эпикалық сипаттағы шығармалар туды. Ақын көлемді шығармалары арқылы қазақтың өткен тарихына қалам тербейді. Есімдері тек қана құрметпен аталуға тиіс қазақтың ерлерін жырға қосады. Ал, қиссаларында қызықты оқиғалар арқылы оқырмандарын ертегі әлемге жетелеп, оқиға ішіне енгізе отырып, адамгершілік, имандылықты құлақтарына құяды. Өткен тарихты да білдіру, ұлтын сүюге шақырып, дін жолдарын, адамшылық қасиеттерді уағыздау - ақынның басты мақсаты.

Оның көлемді туындыларының ішіндегі көрнектісі –"Сабалақ" . Жыр қазақ халқының ел болып бірігуіне, халық болып қайраттануына елеулі және басты үлес қосқан, қазақ тарихындағы ірі тұлға Абылай ханның ерлік істеріне арналған.Басты қаһарман да- хан Абылай атанған жетім бала Әбілмансұр. Жырдың басында оның жетім қалып, Төле би аулына келген кездегі "Сабалақ" бейнесін ақын төмендегідей шеберлікпен суреттейді:


Бір бала үсті-басы далба-дұлба,

Күрсініп дем алады анда-санда.

Жылтыр көз тікірейген, сұрғылт сары

Жаратқан ерекше ғып алла тағала.

Қой жүні, жыртық күпі, сеңсең тымақ,

Көзіне шашы түсіп кеткен тым - ақ.

Сұңқардың отырысы баласындай

Нәсілі Төле биге кетті ұнап.


Болашақта ел билер Абылайдың сыртқы кескін - келбеті де, қарапайым бейнесі де, тектік қасиеті де осында сыйдырылған. Халық арасында кең тараған Сабалақ мінездерін Көкбай өз жырында шебер пайдаланады. Ақын баланың аяқ- қолын төрт жаққа соза жатуы мен Төле би қалдырған малдың басын жалғыз жемей үлестіруі сияқты детальдар арқылы болашақта ел билейтін адамның белгілерін көрсетеді. Көкбай көлемді жырларында өзі жырлап отырған кезеңнің шынайы шындығын көрсетуге тырысады. Ол осы шығармасына халық арасында аңызға айналған элементтерді енгізе отырып, өзінің идеясын, ақындық нысанасын алып шығу барысында тарихи дәлдікті, нақты деректерді көркемдік деталь ретінде пайдаланып, шынайы оқиғалар жүйесінен ауытқымай оны тарихи жыр дәрежесіне жеткізген. Көкбайдың Абылай ерліктеріне арналған осы шығармасы сюжеттік, композициялық құрылысы жағынан аса күрделі болмаса да, Абылайдың ел билігіне жеткенге дейінгі өмір тарихын жан - жақты сомдап бере алған. Ақынның Абайдан естіген әңгімесі де Абылай өмірінің жас шағы еді.

Кенесары мен Наурызбай, олардың төңірегіндегі батыр туыстары жөнінде жазылған шығармасы- "Төрт төре" атты тарихи дастан. "Сабалақ" жырының заңды жалғасы болып табылатын бұл шығарма Абылайдың бір топ ұрпақтарына арналған. "Бекташ нұсқасында Абылай туралы әңгіменің жалғасы түрінде берілген, ал басқа бір қолжазбаларда дербес жыр ретінде ұсынылған "Ер Наурызбайдан" Кенесары қозғалысы туралы, ол қозғалыстың себеп-салдары, тірек-күші, бағыт-бағдары, мақсат-мұраты туралы ешқандай дерек ала алмаймын", - деп М.Мағауин айтқандай, Көкбай жырында Кенесары бастаған көтеріліс кеңінен суреттелмейді. Жырдың негізгі бағыты қазақ жерінің, халқының бостандығы, еркіндігі үшін жанын салып жүрген ерлердің күресін, қысылған шақтағы амалсыз әрекеттерін көрсету болған. Ақынның елдің еркіндігіне осы мұнарадан қарағандығын оқиғалар жүйесінен аңғару қиын емес. Бірінен кейін бірі туындап отыратын оқиғалардың әлеуметтік астарына ақын аса мән берген. Соны негізгі нысана етіп алған. Қазақ жеріне жан-жағынан көз алартып қызыға қараған, басып алуды ойлаған үлкен державалар, шұрайлы жерлерін тартып алып, бекіністер сала бастаған отаршылдар, бір мұсылманбыз, қиянат жасамас дегенде алдап соққан сарт, түрікпендер әрекеттерінің, ойларының түпкі тамырына ақын терең үңілген. К.Жанатайұлы Абылай, Кенесары, Наурызбайларды қоршаған әлеуметтік орта, сол кездегі қоғамдық-саяси жағдай, солардың заманының шындығын шерте отырып, тарихи тақырыптың бүгінгілік мәнін, актуалдық маңызын басты назарға ұстаған. Көкбай Жанатайұлының Абылай хан, оның қайсар ұрпағы хақында жазған " Сабалақ" жырының заңды жалғасы - " Наурызбай-Фатима" дастаны.

" Наурызбай-Фатима" - ғашықтық дастан. Сондықтан да онда махаббат, ерлік, ел арасындағы татулық басты орын алған. Фатиманың Науанға деген сүйіспеншілігі де осы идеяға бағынған. Жеке жыр ретінде тануға болатын " Наурызбай - Фатима" ғашықтық дастаны " Сабалақ" жырының көрнекті де, көлемді бөлігі. К.Жанатайұлы осы жырды:
Сабалақ деген атпен өзін жырлап,

Әулетін өлең қылдым Абылайдың.

Шәкірті-Абай ақын, атым- Көкбай

Еркесі ем Тобықтыда Жанатайдың,- деп аяқтайды.


К.Жанатайұлының "Сабалақ" жырынан өзге де көлемді ауыз толтырып айтарлықтай мұралары бар екендігін жоғарыда келтірдік. Олардың бірі – "Құлынды даласы" атты дастан. Бірақ бұл поэма қазіргі таңға дейін табылмай келеді. Көкбай ақынның тағы да бір көлемді дастаны, өмірінің соңғы шағында жазған " Қандыжап" атты тарихи шығарма. Онда Абылай ел тыныштығын, азаттығын ойлап, халқының болашағы үшін уайымдаған, халқының адал перзенті ретінде суреттеледі. Өмірдегі шындықтан алыс кетпеген К.Жанатайұлы Абай айтқандай "қазақтың мақтан қылар ерлерінің бірі" Абылайды қолынан келгенше ірі тұлға ретінде бейнелеуге тырысқан. Оның басындағы кездесетін жекелеген кемшіліктерін де жасырмайды. Тарихи шындықты негізге алып, Абылайдың ерлік істерінің бір қырын баяндауды мақсат тұтады.

Дастанның идеялық мазмұндағы бір құндылық - қаншама жылдарға созылған қазақ-қалмақ соғысының Абылай хан арқасында бітім табуын, осы жолдағы қазақ хандары мен ерліктерін суреттеу. К. Жанатайұлының рухани нәр салған алтын бастауларының бірі-шығыс әдебиеті. Оның шығыс мәдениетін тереңдеп оқып үйренуіне орасан зор ықпал еткен адамның бірі, өзінің ұстазы - Абай Құнанбайұлы. Шығыстық қисса-дастандардың, оқиғалы әңгімелердің көпшілігі Абай айтуы бойынша, сол ортада кеңірек таралып, мол өріс жаяды.

Көкбай Жанатайұлы "Мың бір түн" ертегісінің негізінде екі қисса жазады. Оның алғашқысы "Ғаділ патша қиссасы" болса, екіншісі - "һарун Рашид қиссасың деп аталады. Екі қиссаны да С.Қарамендин ел ортасынан тауып, 1927 жылы хатқа түсірген. Олар архив қорларында сақталғанымен күні бүгінге дейін жарық көрген жоқ. Қиссаларды жазудағы ақынның басты нысанасы - адам баласын адамшылыққа, адалдыққа, шынайы махаббат пен алғырлыққа, тапқырлық пен әділеттілікке шақыру. Екі қиссаның да тәрбиелік маңызы аса жоғары.
х х х
Қазақ әдебиеттану ғылымының туу, ояну, даму кезеңдеріне көз жүгірткенде, ұлттық ғылыми-зерттеушілік, әдеби-теориялық ой-пікірдің басты нысанында болып, классикалық мұраны игеруде жан-жақты, ғылыми тұрғыда зерттеле бастаған ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы екендігін байқаймыз. Абайды тану-халқымыздың тарихын тану деп білсек, осы жолда үлкен жұмыстар атқарылып келеді. 1924 жылы Абайдың дүниеден өткеніне 20 жыл толуына орай Семей қаласында әдеби кеш өтеді. Көкбай осы кеште Абайдың мінез ерекшеліктерін, өзі білген ұстазы жайлы әңгімелерді, Абайдың ақындық тұлғасын сипаттап шығады. Көкбайдың осы пікірлері Абай мұрасы мен ақындық ерекшеліктерін танып бағалауға үлкен көмегін тигізген. Көкбай әңгімесінің аса құндылығына М.Әуезов жоғары баға берген.

Абайдың ерекше мырзалығы, жомарттығы, дүниеқор еместігі, малшысына адалдығы, ақшаға да сараң болмағандығы, қонақшылдығы мен тоғызқұмалақты қызығып ойнайтындығы, жас кезіндегі аңшылығы- барлығы- Көкбай естелігінде көрініс тапқан. К.Жанатайұлының Абайдың мінез көріністері туралы айтқан естелік-әңгімесі Абайтануға қосылған құнды деректің бірі деп білеміз. Мұхтар жазған Абай өмірбаянына бұл еңбектің тигізген үлесі ерекше мол. "Онан соң Абайдың өмірбаянын толық етіп жазуда да Көкбай айтып берген материалдар аса көп еді. Олар құнды деректер болатын. Тек Көкбайдың Абай тұсында айтқан естелігі толық жазылмады. Бірақ 1933 жылы біз құрастырып жазатын алғашқы толық өмірбаянның көп фактылары Көкбайдың аузынан алынған",-дейді М.Әуезов. Абай шығармаларының жинағы толық болып шығуына да Көкбайдың еңбегі зор болғанын атап айтуымыз керек. Яғни Көкбайдың қазақ әдебиетіне қосқан үлкен үлесі - Абайдың асыл мұрасын аман сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу. Бұл бағыттағы Көкбай еңбегі туралы М.Әуезов былай деп жазады: "1924 жылдан бастап Абайдың өмірбаянын жазушыларға және барлық толық жинағын құрастыруға Көкбай барынша зор көмек еткен еді. Абайдан қалған мұраның қазақ оқушыларына толық жинақ боп құралып шығуына анық еңбек сіңірген кісінің бірі - Көкбай. ...1909 жылы Кәкітай бастырып шыққан жинақ Абай еңбектерінің жарым көлеміндей ғана еді. Көкбай қолжазбада сақталған шығармалар ғана емес, өзінің жадында жүрген, біршама жоғалып кетуге мүмкін болған Абай өлеңдері мен кейбір шумақтар, жолдарды хатқа түсіртіп, ұлы ақынның өзге мұраларының қатарына қостық.

М.Әуезов жоғары бағалағандай Абай мұрасының толыққанды түрде сақталуына, ғұмырнамалық дәлді деректердің бізге жетуіне Көкбай теңдессіз еңбек сіңірген. Ұстазы алдындағы, келешектің алдындағы парызын ұға біліп, борышынан құтылды. Дана ақынның дара шәкіртінің кемеңгерлігі де осында.

Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы–ақынның туғанына 95 жыл толуы қарсаңында Халық Комиссарлар Кеңесінің 1940 жылғы 1-сәуірдегі қаулысы бойынша ұйымдастырылды.


Оның негізгі қорын 1885 жылы өлкетану мұражайына Абай тапсырған заттар құрайды. Аталмыш заттардың 30-ға жуығы мұражай қорында сақтаулы.
Алғашқы жылдары мұражай Абай ақын Семейге келгенде ат басын тіреп, түсіп жүрген Бекбай Байысов пен Әнияр Молдабаевтың үйлеріне орналасқан болатын. 1967 жылдан бастап, мұражай көпес Ершовтың (Ленин көшесі, 12) үйіне орын тепті.
1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Абай мұражайы мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайы болып қайта құрылды.
Қорық-мұражайдың құрамына қалалық кешен, Бөрілідегі М.Әуезовтің музей-үйі, Жидебайдағы Абайдың әдеби-мемориалдық музейі, қорық аймағына кіретін 16 тарихи орындар, Абай ауданы Құндызды ауылындағы халық ақыны Шәкір Әбеновтың мұражайы және Мақаншыдағы Әсет Найманбаевтың мұражайы кіреді.
Қалалық кешенге Ахмет Риза медресесі мен мешіті, «Алаш арыстары және М.Әуезов» музейі кіреді. Мұнда ақын пайдаланған кітаптардың түпнұсқалары қойылған. Мұражайда ұлы ақын өміріне қатысты бірнеше бөлімдер бар. Осының бәрі қосыла келгенде Абай дәуіріне, оның шығармашылығына терең бойлауға жол ашады.
Бас мұражай экспозициясы келесі залдардан тұрады: «Абай және оның дәуірі», «Абай шығармашылығы», «Абай шығармашылығының қайнар бұлақтары», «Абай аудармалары мен музыкалық мұрасы», «Шығыс поэмалары», «Ескендір поэмасы», «Күмбезді зал», «Жыл мезгілдері», «Жаз өлеңіне арналған панорамалық заң», «Тақырыптық көрмелер залы», «Ақындық айналасы», «Абай халық жүрегінде», «Сыйлықтар залы».
1855-1859 жылдары Ахмет Риза медресе экспозициясы, медресе тарихы, Абай және Шығыс бөлімдерінен тұрады. Медреседе жас шәкірт Абай (Ибраһим) пайдаланған түпнұсқа кітаптар қойылған. Бұлар әдеби оқулықтар, шығыс ғұламаларының еңбектері.
Абай қорық-мұражайы қорында 20 мыңнан астам жәдігері, 12 950 кітабы бар ғылыми кітапхана және көшірме жасайтын ғылыми-техникалық бөлім бар.
1997 жылы Семейдегі Әнияр Молдабаевтың үйінде «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы ашылды. Ол М.Әуезовтің Семейдегі өмірі мен қызметіне, сондай-ақ алашорда қайраткерлеріне арналған.
Абай ауданының аймағында орналасқан Бөрілі-Мұхтардың балалық, жастық шағы өткен жер. Сондықтан мұнда жазушының өмірі мен шығармашылығын қамтиды.
Жидебай – Абайдың әкесі Құнанбай әулетінің ата қонысы. Мұнда ақынның әдеби мұралары: қарасөздері, өлеңдері, аудармалары жазылды.
Ақын мұражайын кезінде өркендетуге үлес қосқан жазушы, ғалым, қайраткерлер Қ.Туғанбаев, Қ.Мұхамедханұлы болды. Мұражайда жазушы М.Әуезовтың өз қолымен сыйға тартқан ақынның көзі тірісінде түскен фотосуреттері және Абай үйінің дүниелері асылдың көзіндей сақтаулы.
Сонымен қатар, қаланың музыка, өнер саласындағы өнерпаздарының жиі бас қосатын жері.
Белгілі жазушы-сыншы, әдебиет және өнер зерттеушісі, абайтанушы Төкен Смайылұлы Ибрагимов 1976 жылдан осы Абай қорық мұражайын басқарады.
Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет