Семей мемлекеттік педагогикалық институты



бет6/12
Дата04.11.2016
өлшемі2,36 Mb.
#266
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Бекіту сұрақтары:

  1. Абайдың кемеңгер өнерпаздығының зерттелуі.

  2. Абай өнері - өсер сынға өрелі өрнек.

Пайдаланылған әдебиеттер:



  1. Дәрімбетов Б. Тазару: Әдеби сын. – Алматы: Жазушы. 1991- 160 бет.

  2. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Алматы. Санат. 1994.

  3. Кәкішев Т. Дәстүр суреттері. Алматы. 1981.

  4. Күмісбаев Ө. Ортақ арна: Әдеби сын мақалалар. Алматы,1985. 232 б.

6 дәріс Абай шығармашылығындағы адамгершілік тақырыбы



Сабақтың мақсаты:

Тірек сөздер:

Сабақтың жоспары:

7 дәріс Абай мұрасындағы табиғат



Сабақтың мақсаты: Абайдың табиғат тақырыбына арналған өлеңдерінің мәнін ашып, мазмұнын түсіну. Өлеңдері арқылы Абайдың қазақ поэзиясына әкелген жаңалықтарын талдау.

Тірек сөздер: жаз, қыс, күз, жазғытұры

Сабақтың жоспары:

  1. Абайдың жыл мезгілдеріне арналған өлеңдеріндегі қазақ ауылының көрінісі.

  2. Көшпелі елдің табиғатқа тәуелділігі

Абайдың табиғат лирикасы үлгісіндегі өлеңдерінде ақынның ой-сезімі де жан-дүниесі де терең ашылған. Ол өзінің шығармаларында жыл маусымдарын: қысты, күзді, көктем мен жаздың қайталанбас, соны бояуларымен бейнелеп берді. Туған ел табиғатын сипаттауда оның суреткерлік шеберлігі айқын аңғарылады. Абай пейзажды адамның тұрмыс кешетін табиғи ортасы, мекен-жайы ретінде ала отырып, әлеуметтік өмірі мен қазақ халқының көшпелі тұрымысмен тығыз байланыстыра көрсетеді.

«Күз» атты өлеңінде ақын жылдың төрт мезгілін суреттейтін басқа өлеңдеріндегідей үлкен суреткерлік шеберлік таныта отырып, табиғат көріністеріне жанастыра ауылдың күнделікті машықты өмір тұрмысын мейлінше қарапайым нақтылы түрде, ешқандай көрікте, әдейі әсірелеусіз сипаттайды. Аспанды қаптаған сұр бұлтты, жерді басқан дымқыл тұманды, жапырағы түскен ағашты, сарғайып тозған күзеуді суреттеу арқылы көшпелі ауыл тіршілік ететін табиғи ортаны, айналаны нақтылы қалпында айқын көзге елестетеді. Ойнақтаған жылқылар, үйірінен қашып, оқшауланған биелер, жарыса шапқылаған тайлар – бұлар да мал баққан елдің өмір-тұрмысының айнымас, әрқашанда қосақталып жүретін белгі нышандары десек болады. Өлеңді түгелдей алып қарасақ, онда табиғат көріністерін гөрі көшпелі елдің тұрмысын тіршілік әрекетін бейнелеу жағы басымырақ екенін мойындауға тура келеді.

Дәл тауып айтпай берілген нақтылы күнкөріс әрекеттері-қазақтардың теріні малмаға салып, иін қандырып алып илейтіні, қыс бойы қорек ететін астықты күзде түйемен барып басқа жақтан әкелетіні, киіз үйдің іші ыс болады деп күзгі суықта от жақпай отыратыны, әйелдердің түйенің шудасынан жіп иіріп жыртылған жерін жамайтыны бәрі де көшпелі елдің дағдылы тіршілігін, тұрмыс-жағдайын, әдет-салтын анық аңдатады. Мал бағумен күн көрген елдің өмірге бейімділігі тіршілікке икемділігі, ептілігі де байқалмай қалмайды.

Қара суыққа тоңып дірдектеген балалар мен кемпір-шалдар сиқы күзгі табиғаттың жабырқаңқы түріне толық сәйкес келеді. Ақынның «Жазғытұры» дейтін өлеңіндегі шұғылалы сәулесін шашқан күнді жарық айда жымыңдасқан жұлдыздарды қызықтау, шат жарқын көңілді адамдар бейнесін алға тарту, табиғатты көтеріңкі леппен суреттеуі мұнда жоқ. Бұл өлеңде:

Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,

Жапырағынан айрылған ағаш-қурай,- деп ағаш пен қурайдың кемпір-шалмен салыстыратыны көңіл қоярлық. Бұл ббүрісп үриген кемпір-шалдың мүшкіл халіне оқырманның аяныштылық сезімін күшейте түседі. Өлеңде тек кедей, жоқ-жітік адамдардың хал-жайы айтылатыны тегін емес. Ол көшпелі елдің тұрмыс-тіршілігі күз түскенде қиындайтынын нанымды етіп көрсету үшін қажет. Өлеңнің осындай мазмұны оның сарынаына әсер ететінін мойындасақ иа, бірақ бұдан ақынның көңіл күйі де сондай жабыңқы демесек керек.

«Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай» өлеңінде табиғат көрінісі жоққа тән, ақын жылдың осы мерзімі мал баққан елдің тұрмысына, әсіресе кедейлердің өміріне қаншалық ауыртпалық әкелетінін сипаттап береді:



Кедейдің өзі жүрер малды бағып,

Отыруға отын жоқ үзбей жағып.

Тоңған иін жылытып, тонын илеп,

Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.
Жас балаға от та жоқ тұрған маздап,

Талтайып қақтана алмай, өле жаздап,

Кемпір – шалы бар болса, қандай қиын,

Бір жағынан қысқанда жел де аздап.
Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,

Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?

Қара қидан қап ұрыспай берсе,

Ол да қылған кедейге үлкен сыйы.

Көшпелі елдің тіршілігін, күн көрінісін айрықша жан ашырлық сезіммен суреттеген осы өлең шумақтарында сирек кездесетін байқағыштық, шыншылдық бар екенін қанша айтса да артық емес. Сонымен қатар, кедейдің тұрмысының ауыр екенін жас балалардың аянышты халін бейнелеу арқылы кқрсетуі ерекше әсерлі.



«Қыс» атты өлеңінде Абай жылдың осы мезгілін мейірімсіз, түсі сұсты, қатал, кәрі құданың кейпінде сипаттайды.

Бұл тәсіл ақынға қыстың көшпелі тұрмыс кешкен қазақ елінің өміріндегі ең бір ауыр, жайсыз кез болғанын неғұрлым айқындап, әсерлі етіп көрсетуге мүмкіндік береді.



Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр-мылқай танымас тірі жанды.

Үсті-басы – ақ қырау, түсі суық.

Басқан жері сықырлап, келіп қалды.

Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,

Аязбенен қызарып, ажарланды.

Бұлттай қасы жауып екі көзін,

Басын сілкісе, қар жауып, мазаңды алды.

Қысты осылай кәрі шалдың кейпінде бейнелеу қазақ поэзиясында бұрын болмаған мүлде тың, жаңа көркемдік тәсіл. Орыс мәдениетінің ықпалымен қазақ өміріне кейін кірген жаңа жылда келетін Аяз атадан Абайдың кәрі құдасы басқарақ. Өйткені ол –қаһарлы кәрі шал.

Қыстың бар ызғарын бойына жиып алғандай осы кәрі құданың бейнесі көркемдік қиялдың жемісі десек те, оның қыс мезгілін көзге айқын елестетерлік мәні де зор екенін мойындаған жөн.

«Жазғытұры» өлеңінде негізгі сарын – сахара табиғатының көркін сипаттай отырып, қазақ халқының көшпелі өмір тұрмысын реалистік шынайылықпен нақтылы бейнелеу. Сонымен қатар бұл өлеңде табиғат көрікн, сұлулығын асқақ шабытты суреткердің көзімен қарап тамашалау, тамсану пафосы да ерекше күшті.



Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі.

Осы бастапқы шумақтан-ақ ақын адам өмірі мен табиғат құбылыстарының арасындағы жалғастық – үндестікті бар жанымен сезінетінін айқын аңғаруға болады. Мал баққан елдің қаркетін, тұрмыс-жайын, жазды жадырап, қуана қарсы алғанын көрсететін нақтылы суреттемелерде табиғат көркін, малды, құсты мейлінше шынайы бейнелеген тұстарда өлеңнің жаңағы айтылған өзгешелігі бірте-бірте толығып, табиғат аясында отырған елдің тұтас бір өмір көрінісі алдымызға тартылғандай болады.



Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынысты,

Құмары екеуінің сондай күшті.

Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай,

Біреуіне біреуі қосылыспай.

Көңілі күн лебіне тойғаннан соң,

Жер толықсып түрленер тоты құстай.

Мұндағы күннің балама бейнесі қазақ қауымында әбден қалыптасқан қалыңдығын айттырып қойып, арада бірнеше ай өткізіп, сағындырып келетін күйеудің тұлғасын айқын елестетеді. Жұлдыз бен айың бейнелері де қыз айттыру, келін түсіру ғұрпына орайлас беріледі. Жылы жел де күйеу мен қалыңдықтың үйлену тойы болатынын айтып, ауыл-ауылды аралап, шапқылап жүрген хабаршы бейнесінде көрінеді. Осының бәрі қазақ елінің өмір салты, әдет-ғұрпына жанасымды жасалған көркемдік салыстырулар.



«Жаз»- бұл шығарманың көркемдік сапасын өте жоғары бағалаған Ілияс Жансүгіров от туралы айта келіп, былай деп жазды: «Абайдың жыры ырғақ, музыка, дыбыс құрылысы жағынан төгіліп кетеді.

Абайдың бұл өлеңіндегі бұл өлеңіндегі бір ақындық өзгешелігі – ол өлең ұйқасындағы етістіктердің сайдың тасындай ірі, қимылды,қозғалысты көрсетуге жандылығы».

Өлеңнің бастапқы жолдарында ауылдың жаңа қонысқа, ажзғы жайлауға көшіп келгені айтылады. Бұл өлеңнің бастамасы, кіріспесі ған болса да, ақын тек ауылдың орнаған мекен- жайын ғана баяндап отырса да, мұнда да қимыл-әрекет жоқ емес. Ауылдың көшуін болған, аяқталған оқиға деп санасақ, өзенді күркіреп жатқан деп бейнелуі бұл толассыз тынымыз болып жатқан қимыл-әрекетті көрсетеді.

Жаздыгүнгі жайлаудағы қазақ өмір-тұрмысын суреттегенде Абай жаздың келуі мал бағумен күнелткен «жаз-жазыл, қыс –қысыл» дейтін көшпелі елге көп жеңілдік, қуаныш-қызық әкелгендей көрінетінін байқатады. Ақынның әр сөзі, сипаттамасы дала жазының осындай көркем бейнесін көрсетуге лайық, орайлы алынған. Ұзарып өсіп, толған жасыл шөп, бәйшешек гүлдер де, күркіреп жатқан өзен де осы тұрғыдан қарағанда бірден-бір қажетті белгілер.

Бекіту сұрақтары:


  1. Абайдың табиғат тақырыбына жазған өлеңдерінің мәні неде?

  2. Өлеңдерінде қазақ ауылының көрінісі қалай берілген?

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. З.Ахметов «Абайдың ақындық әлемі» Алматы: Ана тілі 1995ж

  2. Абай энциклопедиясы.- Алматы. Атамұра, 1995 ж

Дәріс № 8 Абай поэзиясындағы махаббат тақырыбы
Сабақтың мақсаты: махаббат лирикасын оқыта отырып жастарды адал сезімге, сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Тірек сөздер: махаббат,жан, жар етпес қара көңлім не қылса да, ғашықтық, құштарлық.

Сабақтың жоспары:

  1. Абайдың махаббат лириксы

  2. Қазақ жастарын адал сүйіспеншілік сезіміне тәрбиелейтін Абайдың махаббат лирикасының ұлттық поэзиямызда алатын орны.

Махаббат лирикасына жататын өлеңдері тақырыбы жағынан, көркемдік сипат өзгешелігі жағынан да сан алуан. «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да», «Ғашықтық құмарлықпен ол екі жол» таза махаббат сезімдерін қастерлейтін өлеңдер болса, «Мен сәлем жазамын»- ғашығына деген сағыныш сезіміне толы мұңды өлең. Ал «Қор болды жаным» тіпті сағынышты, зарлы өлеңдеуге де лайық, бірақ қайғы мен үміт аралас келеді. Мұны өлеңнің соңғы шумағынан әсіресе айқын байқаймыз:



Бұл қылған зарым

Барса жардың маңына,

Ол - қылған дәрім

Ғашығымның жанына,

Ойландырып ойды,

Түзетпейме бойды?

Мұңды сарынды мазмұн-мағынасы да, құрылыс-қалпы да айрықша күрделі өлеңінен- «Сен мені не етесің?». Ол ғашық жарға арналып айтылған, сезім иірімдері мол, нағыз психологиялық монолог түрінде құрылған. өлеңде ғашығын сарғая күткен жігіттің аласұрған жүрегінің толқыны, сүйгеніне жалынып-жалбыранған, күдіктенген, күдер үзген сезім күйі - әр сөздің айтылуынан да өлең тармақтарының құбылмалы өрнекті ырғағынан да сезіліп тұрғандай.

Абай «Ғашықтық, құштарлық пен – ол екі жол» деген өлеңінде:

Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,

Мен не болсам болайын сен аман бол,- десе «Сен мені не етесің » деген өлеңінде:

Серт бұзғанның,біл, орны – шоқ,-дейді. Алдыңғы өлеңінде мейірімділік, кешірімділік сарыны басым келсе, екінші өлеңінде сөзінде тұрмаған жар жазалы болады, о дүниеде қасірет шегеді дейді. Мұны ақынның екі өлеңіндегі екі түрлі көркемдік шешім тапқаны лайық. Біріншісінде ақын адал сезім білдіргендей болса, екінші өлеңінде ғашық жігіттің сүйгеніне мені тастап мүлде кетер болсаң, кейін осындайға душар боласың деп айтқаны байқалады.

«Сен мені не етесің» өлеңіндегі әр шумағы ұзынды-қысқалы 14 тармақтан құралатын бұл өлшемді Абай өзі де басқа өлеңдерінде қолданбайды.

Жастардың көпшіліктің айтуына лайықтап, жазған өлеңдерін ақын кең тараған 7-8 буынды, немесе 6 буынды өлшеммен шығарған. Олар - әнге салып айтылатын «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы» өлеңдері.

«Жігіт сөзі» мен «Қыз сөзі» бір-біріне жалғас жазылғаны, бұларды қатарынан қоса алып қарастыру лайық екені осы өлеңдерінің мазхмұнынан анық аңғарылады. «Жігіт сөзі» ғашық қызға арнап айтылған сәлем хат түріндегі өлең болса, «Қыз сөзі» соған жауап өлең екені анық.

Махаббат лирикасының ең таңдаулыларының бірі – «Көзімнің қарасы» үнемі әнге салып айтылып жүретін, халық арасында кең тараған өлең. Осы баршаға мәлім көпшілік аузынан түсірмей айтып жүретін өлеңнің жанрлық түрі жағынан ерекшелігі қандай десек, оны бір сөзбен қырынан ғана келіп айта салу жеткіліксіз болар еді. Неге десеңіз бұл өлеңнің өзіндік өзгешелігі мол. Ғашығына ынтызарлығын, махаббат сезімін тебіреніп айтуы, қыздың сұлулығын, жарасымды мінезін көркемдеп бейнелеуі жағынан оның сәлем хат түріндегі өлеңге жақын келетін тұстары аз емес.

Қара көз, имек қас,

Қараса жан тоймас.

Аузың бал қызыл гүл,

Ақ тісің кір шалмас.

Қыр мұрын, қыпша бел

Солқылдар, соқса жел.

Ақ етің үлбіреп өзгеше біткен гүл.

Мұхтар Әуезов «Көзімнің қарасы» қазақтың шешен тілімен шеберлеп айтқан сезімдерді көрсетеді,-деп жазды,-сонымен қатар Шығы поэзиясында Навон, Физули лирикасында көо орына алған үлгілердің әсері де жоқ емес. Мұнда жастар махаббатының нақтылы шындығынан гөрі сұлудың көркін мадақтау көп.

«Қызарып, сұрланып» өлеңінде екі ғашықтың оңаша кездескен шағын автор сирек ұшырасатын суреткерлікпен бейнелеп, жастардың жан сезімін , ішкі тебіренісін, психологиялық күйін олардың қимыл-қозғалысын, тұрысып, жүректерінің лүпілін, көз-қарасының, қас-қабағының құбылуын нақтылап көрсету арқылы шебер бейнелейді.

«Қызарып, сұрланып» - жазба поэзиясындағы таза сыршылдық лириканың озық үлгісі. өлеңде жастардың алғашқы махаббатына лайық шынайы ынтықтық, пәк сезімділік, әдептілік,сыпайылық, ұялшақтық-бәрі олардың қимыл-қозғалысы, бет пішінінің өзгеріп –құбылуы арқылы нақтылы сипат алып, ғашықтардың жолығып тұрған сәтін көзге айқын елестетін тұтас бір көрініс-сурет жасалған.



«Есіңде бар ма жас күнің» дейтін өлеңінде де махаббат тақырыбын өтіп кеткен жас шағын еске ала отырып толғайды:

Махаббат, қызық, мал мен бақ.

Көрінуші еді досқа ортақ.

Үміт жақын, көңіл ақ,

Болар ма сондай қызық шақ?

Құдай-ау, қайда сол жылдар?!

Махаббат, қызық мол жылдар?!

Ақырын, ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау құрғырлар.

Өткенді бір сәт қызықтап,оны жылы сезіммен ойға алған ақын сол жылдардың қайта оралмайтынын «құрғырлар» деп жеңіл әзілмен айтады. өткенге өкініш білдіріп отырса да, мұңды сезімге бой алдырмай, көңілін тындыруға, жұбаныш етуге, төзімді болуға бейім екенін анық байқаймыз.



«Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында», «Асқа, тойға баратұғын» өлеңдерінде махаббат тақырыбы өзгеше қырынан баяндалған. Алғашқы өлеңінде халық арасында жиі кездесетін әйелді малға сату әдетін сынау үшін қыздың трагедиялық өлімі тек тілге тиек етілген, және бұл уақиға бұрынғы хандық дәуірде болған делінген. Жас қызды малға сату, шалға беру өтіп кеткен заманның ісі, қазіргі кездегі ұғым-түсінікке үйлеспейді деген ойын айқындап түсу үшін осы сюжетті өлеңнің беташары ретінде алған. Сонымен бірге осы сюжет арқылы, малы бар бай адам ғана емес, тіпті хан болса да, уәрі мен жастың арасында махаббат болмайды деген түйінді пікірін дәлелді етіп жеткізеді.

Жас қыз бен оны мал беріп сатып алуға тырысатын кәр шалдың бейнесін бір-біріне қарама-қарсы қойып, шендестіру тәсілімен суреттеген өте әсерлі:



Біреуі-көк балдырған, бірі-қурай,

Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз.

Қызды айтқанда Абай «ет жүрек», «жас жүрек» сияқты сипаттамаларды алса, шалды метонимия тәсілімен «қартайған қу сүйек» деп бейнелейді.



Бекіту сұрақтары:

  1. Абайдың махаббат тақырыбына арналған өлеңдері?

  2. Махаббат тақырыбына жазылған өлеңдерінің идеясы?

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. С.Мұқанов «Таңдамалы шығармалар» 16-том жарқын жұлдыздар Алматы, 1980 жыл

З.Ахметов «Абайдың ақындық әлемі» Алматы: Ана тілі 1995 ж.

Дәріс №9 Абайдың эстетикалық тағлымы
Сабақтың мақсаты: Абайдың ақындық өнері мен дүниетанамындағы өзгерістер мен толысудың, іштей түлеп, рухани қорлаудағы эстетикалық тағлымның алатын орны жайлы кеңінен ашу.

Тірек сөздер: би, болыс, эстет, сыншыл, реалист,мінеу т.б.

Сабақтың жоспары:

    1. Абайдың эстетикалық тағлымы

    2. Абайдың эстетикалық көзқарастары

Абай – қазақ әдебиетінде сыншыл реализм әдісінің негізін қалаған дарын. Оның шығармалары жеке адамның қара басындағы кемшілікті әжуалаудан гөрі қоғамдық құрылыстың кем – кетігін сынау – мінеу дәрежесіне көтерілген. Дидактикалық, моралистік әуендерден гөрі Абай шығармаларында сатиралық шенеу басым. Сатираны өз өнерінің ең қуатты арнасына айналдырған Абай қоғамдық мәселеге сын көзімен қарап, өз үкімін шығарып отырды.

Абайдың эстетикалық ойлары мен сыншылық пікірі алдымен өнер иесі – ақын, композиторлар кім, олардың қоғамдағы орны қандай деген түбегейлі мәселеден өрбіді.

Ескі бише отырман бос мақалдап,

Ескі ақынша мал үшін тұрмай зарлап, -

деген уақытта Абай ең әуелі өнердің саудаға түспеуін, оны кәсіпке айналдырмау керектігін айрықша ескертеді.

Абайдың өнерпаз жастарға айтқан ақылы – есіл өнерді қор қылмай, игі мақсатқа, халық қажетіне жұмсау ниетінен туған. Мұны ол өзінің үлгісімен де көрсетпек болды.

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ – барды, ертеңгіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін. –

деп ашық айтып, өзінің негізгі эстетикалық идеалы :

Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін жойып, көңілін ашпақ, -

екенін халыққа да, оның тілеуін тілеген өнерпаз – дарындарға да жар салды. Демек, өнерді өнегелі іспен, әлеуметтік мәнмен, үлкен мақсат – арманмен сабақтастыру, оған қатаң эстетикалық талаптар қою – Абайдың сыншылық ойының өрелі биігі.

Абай мақал – мәтелдердің мәніне айрықша назар аударып, өзінің сыни ой – пікірін білдіруден тартынған жоқ. Ол « Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа жарамайтұғыны да бар» деп білген.

«Қалауын тапса, қар жанады», сұрауын тапса адам баласының бермейтіні жоқ деген – ең барып тұрған құдай ұрған сөз. « Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпенен өткізгенше, малды не жерден, не терден сұрау керек қой» - дейді Абай. Сондай – ақ «Атың шықпаса жер өрте», «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол», «Алтын көрсе періште жолдан таяр» деген мақалдардың моральдық негізін әшкерелеп, өзінің сыншылық көзқарастарының әбден қалыптасқандығын, эстетикалық ойының өрелі биікке көтерілгендігін танытады.

Қазақтың ұлы ағартушы – демократтарының сыншылық ой – пікірінен шола баяндаған уақытта үшеуіне тән ерекшелік анық бой көрсетеді. Қазақтың сыншылық ойының оянып, туа бастау шағында Шоқан, Ыбырай, Абай қоғамдық сананың үш мәнді саласы бойынша ой өрбітті. Сөйтіп, жаңа заман тудырған қазақтың үш данышпаны ғылыми, педагогикалық, эстетикалық тұрғыдан сыншылық өнердің қарлығашын ұшырып, мәнді өнеге көрсетті.
Бекіту сұрақтары:


  1. Эстетика дегеніміз не?

  2. Абайдың эстетикалық көзқарастары жайлы

Пайдаланылған әдебиеттер:



  1. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Алматы. 1994.

  2. Егеубаев А. Сөз жүйесі: Сын кітабы. Алматы. 1985. 272 бет.

  3. Ашимбаев А. Сын мұраты: Әдеби сын. Алматы. 1974. 248 бет

  4. Ысқақұлы. Сынталқы. Алматы. 2005. 415бет


Дәріс №10 Ақын өлеңдеріндегі даналық дәрістері. Абай-дана; Абай-кемеңгер. Батыс пен Шығыс әсері.

Сабақтың мақсаты: Абай өлеңдері арқылы Абайдың дана, кемеңгер екенін таныту. Ақын болып қалыптасуындағы Батыс пен Шығыс әсеріне тоқталу.

Тірек сөздер: шығыс,дана, Хафиз, Жәмшит, Сүлеймен т.б.

Сабақтың жоспары:

1.Абай –дана, кемеңгер

2. Ақынға Батыс пен Шығыстың әсері
Абайдың шығыс әдебиетін қаншалықты терең білгені оның алғашқы шәкірттік өлеңдерінен де айқын көрінеді. «Шығыс ақындарынша» деп ат қойылған ең бірінші өлеңінің өзінде аты аңызға айналған ерте заман қаһармандары Сүлеймен, Жәмшит, Ескендірлер аталуы жай қызықтаушылық болып естілмейді. Бұл жас Абайдың аталған адамдар жайында жазылған шығармалармен таныстығын аңғартады. Ал оның өзіне пір тұтып, үлгі санаған ақындары Фирдауси, Сағди, Хафиз, Науаи, Физули, Шәмси, Сайхалилар назым көгіндегі мәңгі сөнбес жарық жұлдыздар болатын. Бұлар да Абай үшін хрестоматиялық санама есімдер емес, сан алуан ғазалдарын оқып еркін сусындаған биік көркемдік ұстаздары еді. Осы кезге дейін зерттеушілердің көбі құр еліктеу деп санап, онша мән бермей келген өлең «Әліпбидің» құрамы мен теңемелік, баламалық өрнектерінен орта азиылық түркі назымының нақыштары айнаға түскендей байқалады. Бұдан біз Абайдың ерте шәкірттік медреселік дәуірінің өзінде түркі назым өлеңінің де, нәсірқарасөзінің де қазынасын жетік түсініп алғанын көреміз.

Шығыстық әдебиеттің, әсіресе, Орта Азияға ерекше әсерін тигізген парсы әдебиетінің, қазақ ақындары түсуге қолайлы да, біразы түсіп көрген де бірталай жолдары бар еді.

Бірінші, Әбілқасым Фирдоусидің жолы. Бұл жол – Отан қорғау ісінде еңбегі зор адамдардың жорықтарын дәріптеп жазған ұзақ сюжетті эпос жасау жолы. Мұндай жолды қуған Абай замандастарынан қазақ ақыны болған жоқ. Абай да бұл жолға түскен жоқ. Ол өзі түспеуімен қоймай:

Батырды айтсам ел шауып алған талап,

Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап.

Әншейін күн өткізбек әңгіме үшін

Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап,-

деп,


Батырдан барымташы туар даңқой,

Қызшыл да, қызықшыл да әуре жан ғой.

Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз,

Елірмелі маскүнем байқалған ғой,-

деп өзге қазақ ақындарын да ондай эпос жазудан бездіруге тырысады. Неге өйткені себебіне алда тоқталамыз.

Екінші, Шайхы Сағдидың жолы. Бұл қысқа түрде хикаялы өлеңдер жазатын және өлеңдерінің көбі нақылға, насихатқа құрылған, адамның мінез-құлқын түзетуге тырысатын, дидактикалық поэзияның жолы. Түр және мазмұн жағынан, Сағдидың хикаяларына дәл келетін Абайдың жалғыз ғана шығармасы бар, ол – «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында»деген өлеңі. Абайдың өзге өлеңдерінің біразында дидактизм мен Абайдың дидактизмінің басы бір де, аяғы басқа. Екеуі де халыққа мінезі жат адамды сөгумен қабат, сол мінезден қайтуға шақырады. Осы араға шейін Абай Сағдимен бірге келеді де, содан әрі қарай айрылады. Қоғам өміріндегі зұлымдықпен күресуге аттанған Сағдидың ат басын тірейтін жері – тағдыр. Бұл «жерден» Сағдидің өзі де аттап өтпейді, басқаларға да «атта» демейді. Абайдың ұғымында тағдыр адамға жетекші емес, тағдырға адам жетекші. Адамның жақсы я жаман болуы тағдырдан емес, өзінен. Зұлымдықпен күресу жолында зұлымдықтың өзінен басқа бөгет жоқ. Адамға лаухыл-махфуздан келген зұлымдық жоқ. Жұрттың «зұлымдық» деп атайтыны - қоғам тіршілігінен тысқары бірдеңе емес, сол қоғамның өз өмірінен шыққан мінез. Зұлымдықтың өсетін топырағы – «терін сатпай, телміріп көзін сатуда». Әділеттің өсетін топырағы – еңбекте. «Зұлымдық пен әділдіктің күресі» деген күрес –қанау мен еңбектің арасындағы күрес. Бұл күрестің мақсаты – қанауды тоқтату.

Үшінші, Хожа Хафиз бен Омар Һайямның жолы. Шығыс әдебиетінде осы екі ақыннан басталатын ағым тағдырға көнуге қарсы. Олардың ойынша, әрбір жеке адамды тағдыр емес, әкім емес, өзі билеу керек; әрбір жеке адам, өзінің тән құмарын, жан құмарын қанағаттандыруда ерікті болу керек. Адам дүниеге бейнет үшін емес, рақат үшін, сүйген жарын құшу үшін, гүлді бақшаны мекендеп, жемісін жеу үшін, бұлбұлдың сайрауын тыңдау үшін, өзі де сол бұлбұлға үш қосу үшін келген.

Көркемдікке табыну жағынан Абай оларға біраз ұқсап қалады, бірақ айрылар жері – «көркемдік- көркемдік үшін» дейтін тезиске бой ұсынбай, көркемдіктің өзіне үлкен мән бере қарауында. Өмірдің яғни өркендеудің қажетіне жарамаған көркемдік, адам қызығар көркемдік емес. Абайдың, мәселен, «әйелді сұлулығына қарап сүйме, мінезіне қарап сүй» деуі де осыдан. әйелдің сұлу болуына Абай:

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,

Ақша жүз, ал қызыл бет тіл байлайды.

Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,

Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды!..

Жұп-жұмыр ақ торғындай мойыны бар,

Үлбіреген тамағын күн шалмайды...

Қолаң қара шашы бар, жібек талды,

Торғындай толқындырып көз таңдайды...

деп құмарта отыра,



Сөйлесе, сөзі әдепті һәм мағыналы,-

деп әйелдің сұлулығының үстіне мінезді, ақылды болуын,



Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы,-

деп сұлулықтың, ақылды, мінезділіктің үстіне, әйел еңбекке де бейім, епті болуын талап етеді. Бұл көзқарас Шығыс эстеттерінің ұғымынан мүлде өзгеше екендігі айқын.

Қорытып айтқанда, өзінен бұрынғы қазақ әдебиетін таяныш қана көріп, үлгі алуды қанағат көрмей, құлашын қазақта бар әдебиеттен асыра сілтеген Абай Шығыс әдебиетін өзінің ақындық «багажын» молайту есебінде ғана пайдаланады. Қазақ әдебиеті мен Шығыс әдебиеті – Абайдың үлгісі емес, азығы.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет