1916ж. ұлт-азатттық көтеріліс
1905-1907 жж. төңкеріс жылдарындағы Қазақстан
Қазақ ауылы орталықта болып жатқан оқиғалардан тікелей тысқары тұрса да, қалаларда революция қарсаңындағы жасырын ұйымдар қалыптасқанын біліп отырды. 1902 жылы Орынборда тұңғыш маркстік құпия ұйымның бірі құрылды. М.В.Фрунзенің, В.В.Куйбышевтің революциялық қызметі Қазақстанда жалғасты.
Отарлық ұлт аудандарының “ұйқыдан оянуына” негіз болған оқиға – “Қанды жексенбі” Петербургте 1905 жылы 9 қаңтарда болды. 1905 жылы ақпанда Түркістанда, Перовскіде, Жосалыда, Шалқарда ұйымдасқан қарсылықтар болып өтті. Торғай, Семей, Орал облыстарындағы қазақ шаруаларының бой көтеруі-патша үкіметінің қоныстандыру саясатына қарсылығының көрінісі болды. Семей, Ақмолада құрылған социал-демократиялық ұйымдар, Орал мен Торғайдағы астыртын топтар еңбекшілердің әлеуметтік құрамын кеңейтті. 1905 жылғы мамырда Верныйда, Перовскіде, Қостанайда еңбекшілердің бірлігін қуаттайтын саяси ереуілдер өткізілді. Қарқаралыда өткен осындай халықтық жиынға Міржақып Дулатұлы белсене қатысты.
Еңбекшілердің саяси көзқарасының өсуіне Бүкілресейлік қазан саяси ереуілі ерекше əсер етті. Перовскіде (Қызылорда), Қостанайда, Оралда, Успен кенішінде стачкалық комитеттер құрылды. 1905 жылы 17 қазандағы патша манифесінің халықты алдау екенін “Алаш” қозғалысы өкілдері əшкерелеп, сынады. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатұлы, М.Тынышпайұлы сияқты демократиялық жолды ұстаған зиялылыр ұлт мерейі үшін күресті.
Орынбордағы 18-19 қазанда өткен шеру “Демократиялық республика жасасын”, “Самодержавие жойылсын” деген саяси ұрандармен өтті.
Перовскідегі саяси шеру қазақ-орыс жұмысшыларының бірлесуімен өткізілді. Жұмысшы өкілдерінен құралған комитет Петербург темір жол жұмысшыларымен байланыс орнатты. 1905 жылы 25 қазанда Омбыдағы ұйымшылдықпен өткен саяси бой көрсету Батыс Сібір əкімшілігін қатты сескендірді.
Қазақ-орыс еңбекшілерінің интернационалдық бой көрсетуінің ең ірісі – Успен (Нілді) кенішіндегі ереуіл. 1905 жылғы желтоқсанда 12 күнге созылған бұл ереуілге 360 (265 қазақ) жұмысшы қатысты.
Кеніш француз президентінің жиені Карноның меншігі болатын, іс басқарушысы – ағылшын Фелль еді. Жалақының тапшылығы, жұмыс істеу шарттарының ауырлығы, ағылшын капиталистері Мессен мен Гиббердің қатыгездіктері ереуілге себеп болды. Ереуілге «Капиталға қарсы орыс-қырғыз одағы» ұйымы басшылық етті. Ұйымның құрамына Топорнин, Л.Байшағыров, С.Невзоров кірді. Талаптары – азық-түлік бағасын төмендету, жалақыны 15, 25%-ға көтеру, үш сыныптық орыс-қазақ учлищесін ашу, жұмысшылардың тұрғын жайларын жақсарту, фельдшер Е.Костенконы, қызметкер М.Ивченконы жұмыстан шығару, жұмысшыларды су өтпейтін киіммен қамтамасыз ету. Кеніштің шетелдік иелері жұмысшылардың талаптарын ішінара қанағаттандыруға мəжбүр болды. Қарағанды көміршілері ереуілшілерді барынша қолдады.
1905 жылғы 16-28 қарашада Семейдегі пошта-телеграф қызметкерлерінің ереуілін басу үшін облыс губернаторы Қарқаралыдан əскери күш шақыртты. 1905 жылы 6-7 қарашада Верныйдағы Батыс Сібір батальонында, 21 қарашада Жаркент гарнизонында əскери қарсылықтар болды. 1905 жылы 6 желтоқсанда Өскемендегі жұмысшылар жиынында социал-демократ Крушеев патша үкіметіне қарсы күресте ынтымақтасуға шақырды. 1905 жылы 13 желтоқсанда Павлодарда Ертіс бөлімі жұмысшыларының митингісі өтті.
1906 жылғы басты саяси оқиға – Семейдегі шілде айында 500 жұмысшы қатысқан жаппай ереуіл. Басты талаптары – жұмыс күнін 10 сағатпен шектеу, балалар үшін – 8 сағат, ауырған күндерге ақы төлеу, жалақыны өсіру, күштеп қосымша еңбек еткізуге тыйым салу, әйелдердің құқығын қорғау.
Жергілікті құпия большевиктік топ мүшелері Брудневский, Соловников ереуілшілердің күшін топтастыруға күш салды.
1906 жыл Қазақстан шаруалар қозғалысының өрістеген кезі. 1906 жылы Қарқаралы уезінде (Семей облысы), Жаркент уезінде (Жетісу облысы), Əулиеата, Шымкент уездерінде (Сырдария облысы), Орал, Торғай облыстарында шаруалар қарсылықтары болып өтті.
Қазақ шаруаларының қарсылығы туралы “Орынбор өлкесі”, “Орал күнделігі”, “Орал’ басылымдарында жарияланды.
Саяси толқулардың жиілеуінен шошынған патша өкіметі шаралар қолдана бастады. 1906 жылы 10 қаңтарда ішкі істер министрі Дурнов өлкедегі қарсылықтарды жаныштауға арнайы тапсырма берді.
Осындай ауыр жағдайға қарамастан, зиялы ұлттық демократиялық қауымның белгілі өкілдері қазақ еңбекшілерінің заңды мүдделерін қорғауда, талаптарын түсіндіруде аянбай күресті. Олардың қатарына Ə.Бөкейханов (Семей облысы), А.Байтұрсынұлы (Торғай облысы), Б.Қаратаев (Орал облысы), М.Тынышпайұлы, Б.Сыртанов (Жетісу) жатады.
Саяси топтардың, партиялардың арасындағы өзара талас, патша үкіметіне қарсы күрес екінші Мемлекеттік Думаға сайлау кезінде күшейді. Ақмола облысынан большевик А.Виноградов, Торғай облысынан Космодемьянский, Жетісу облысынан ірі көпестің ұлы, еңбекшілер тобының өкілі, Қазан университетін бітірген М.Гаврилов сайланды. Семей облысынан социал-демократ, көрнекті зерттеуші Н.Я.Коншин, Сырдария облысынан еңбекші Колендзян сайланды.
Патша үкіметінің заңына сәйкес “түземдік” халық арасынан депутаттыққа сайланғандар: Ақмола облысынан – молда, мұсылмандық оқу жүйесін сақтап қалуда еңбек сіңірген Ш.Қосшығұлов, Жетісудан – федералист М.Тынышпайұлы, Оралдан – кадет А.Бірімжанұлы, Семейден – ауқатты топтан шыққан Х.Нұрекенұлы.
Мемлекеттік Думаға казак әскері өкілдерінің сайлауы да өткізілді. Жетісу казактарынан Я.И.Егошкин, Сібір казак әскерінен И.П.Лаптев Думаға мүше болды. Семейден сайланған "Семипалатинский листок" газетінің редакторы, қазақ өлкесінің тарихы туралы еңбектің авторы Н.Я.Коншин сайлаушыларға берген уəдесінен бас тартты. Ол Мемлекеттік Думада “Сібір автономияшылары” деп аталған, Сібірдің дербес дамуын жақтаған топқа қосылып кетті.
1905-1907 жылдардағы революцияның жеңілу себептері – қазақ жұмысшыларының аздығы, қазақ ауылдарының басты оқиға орталықтарынан алыста болуы, революциялық күресті ұйымдастыруда ұлттық демократиялық топтардың тəжірибесінің жеткіліксіздігі.
Бұл революцияның Қазақстанның кейінгі саяси қоғамдық дамуына әссері терең болды. Отаршыл саясатқа қарсы тəжірибе жинақталды, ереуілдерді ұйымдастырудағы кемшіліктер кейін ескерілді. Күрес барысында революционерлердің Бәкен Серікбайұлы, Әлімжан Байшағырұлы, Жүсіп Бабайұлы, Мақсұт Бекметұлы, Тәшен Өтепұлы, Ысқақ Қосқабайұлы секілді белсенді ұрпақтары тəрбиеленді.