Семинар-15 сағат ожсөЖ 45 сағат Барлығы 135 сағат Орал, 2011 ж


Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар



бет8/19
Дата06.07.2018
өлшемі1,83 Mb.
#47328
түріСеминар
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар

1.Тәрбие мақсатының мәнін ашыңыз.

2.Тәрбие теориясы дегенді қалай түсінесіз?

3. Тәрбие дегеніміз не?

4.Тәрбие қандай функцияларды орындайды?


  1. Адам тәрбиесі туралы айтылған ойшылдар, педагогтардың пікірлері.

  2. Қазақ ойшылдары, педагогтарының адам тәрбиесі туралы ойларының мәні.

10 дәріс тақырыбы: Тәрбие түсінігі.



Тірек ұғымдар: тәрбие процесі, тәрбие процесінің кезеңдері, сатылары

Жоспары:

    1. Тәрбие процесінің ерекшеліктері.

    2. Тәрбие беру көп факторлы процес.

    3. Тәрбие процесінің құрылымы, кезеңдері.

1. Тәрбие ұғымы кең мағынада әлеуметтік қоғамдық тарихи тәжірибені беру үрдісі. Тәрбие ұғымы кең мағынада әлеуметтік қоғамдық құбылыс ретінде барлық тәрбие салаларын қамтиды. Жанұя, мектепке дейінгі мекеме, оқу-тәрбие орындары, еңбек ұжымы ақпарат құралдары, баспа орындары т.б.

Тәрбие үрдісінің өзіндік ерекшіліктері бар:



  • Тәрбие үрдісі көп факторлы үрдіс.

  • Тәрбие ұзақ мерзімге созылатын үрдіс.

  • Тәрбие үрдісінде бірнеше қайталау болады.

  • Нәтижесі өте елеусіз.

  • Болашаққа бағытталған үрдіс.

Жеке тұлғаның қалыптасуы үздіксіз және күрделі үрдіс. Озық педагогикалық, психологиялық ойларды ұтымды әдіс-тәсілмен қолдана отырып, жас жеткіншектің ұлттық сана сезімі, имандылық қадір-қасиетін қалыптастыру. Ұлттық ой-парасатын нығайту мақсатымен дарынды балаларды анықтау. Олардың қабылдауын дамытуға жан-жақты жағдай жасау. Мемлекет заңдарын білу және оған сый құрметтпен қарау және оны жүзеге асыруға ынталы болу. Ұлттық ойын, дене шынықтыру түрлерін кең қолдана отырып жастардың дене тәрбиесін дұрыс жолға қою. Сонымен қатар басқа ұлттық өкілдерін, жастардың өзара сыйластық, достық негізде өмір сүруіне ықпал жасау.

Бүгінгі күннің талабына сай ұрпақ тәрбиесінің мазмұнын, әдіс-тәсілдерін және ұйымдастыру жүйесінің ірге тасын қалайтын негізгі қағидалар бар:



  • Тәрбиенің мазмұны оның жүзеге асыратын әдіс-тәсілдерінің негізі: адамгершілік,имандылық, ізгілік, елжандылық.

  • Үздіксіз тәрбиенің негізі ұлттық тәлім-тәрбие.

  • Жас ұрпақты іс-әрекетпен қарым-қатынас арқылы тәрбиелеу.

  • Тәрбие жұмысының барлық буынында ана тілін пайдалану.

Педагогикалық жағдайды зерттей отырып, педагогика тәрбиенің заңдылықтарын ашады. Заңдылық - педагогикада ғылыми нормативтік реттеуші қызметін атқара отырып, тәрбиенің заңдылықтарын ескеріп, принциптерді қалыптастырады (принцип - негізгі талаптар).

Адамның дамуы екі өзара байланысты үрдісті - оқытуды және тәрбиелеуді ұйымдастыруды талап етеді. Бұл екі үрдістің әр түрлі міндеттері бар, сондықтан бір бірімен қиылысса да, кейде уақыт бойынша қатар келсе де олар бір бірінен ұйымдастырудың әдістері және формасы жағынан үлкен айырмашылықтары бар.

Тәрбие үрдісі - бұл белгіленген мақсатқа жетуге бағытталған тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің дәл сол тиімді өзара әрекеті (ынтымақтастығы).

Тұтастық педагогикалық үрдісте тәрбие үрдісі маңызды орын алады. Сондықтан педагогикалық үрдіс бөлімінде берілген білімдер жиынтығы тәрбие үрдісіне де тікелей қатысты. Тәрбие үрдісінде бір мезгілде сананы қалыптастырудың, сезімдерді дамытудың, мінез-құлық дағдылары мен әдеттерін қалыпқа түсірудің маңызы зор. Бұған тәрбиеленушілердің интеллектуалдық өрісіне (олардың санасына), эмоциялық өрісіне (олардың эмоциялары мен сезімдеріне) және еріктік өрісіне (олардың әрекеттеріне, мінез-құлқына) жүйелі және жоспарлы ықпал еткен кезде қол жетеді. Егер осы компоненттердің біреуі түсіп қалатын болса, тәрбие өз мақсатына жете алмайды, ол біржақты сипатқа ие болады. Сондықтан тәрбиеге қойылатын талаптардың бірі - тұлғаға жан-жақты ықпал жасау, санаға, сезім мен мінез-құлыққа бір мезгілде әсер ету.

Тұлғаның қалыптасуы мақсатты бағытталған үрдіс. Мақсатты бағыттағы барлық қызмет сияқты, бұл үрдіс еріктік күш-жігер мен талпыныстарды қамтиды, тәрбиеленушілердің санасы мен сезімдеріне қозғау салады. Тәрбие қызметі қоғамның қажеттіліктерімен толық сәйкес, қоғамдық даму заңдылықтарын есепке ала ұйымдастырылады. Ол адамдардың объективті жағдайларымен негізделген (сабақтастырылған). Тәрбие берудің қоғам ішінде болатындығы олардың еркі мен санасына тәуелді емес. Оны ысырып тастауға да, тоқтатуға да болмайды - бұл қоғам дамуының қажетті шарты.

2. Тәрбие үрдісі өзінің ұзақтығымен ерекшеленеді. Ол балалар мектепке келерден көп бұрын басталады да мектеп бітіргеннен кейін де жалғасады. ХVІІІ ғасырдың француз материализмінің аса көрнекті өкілдерінің бірі К.А.Гельвецийдің өзі тәрбиені ұзақ үрдіс ретінде сипаттай отырып, шынтуайтқа келгенде, бүкіл өмірдің өзі бір ұзақ тәрбие деп жазды.

Тәрбие үрдісінің тағы бір ерекшелігі - оның үзіліссіз болуы.

Тәрбие үрдісінің келесі ерекшелігі - оның екі жақты және белсенді үрдіс екендігі. Тәрбиеленуші - тәрбие объектісі ғана емес, субъектісі де. Сондықтан мектеп тәжірибесінде өзін-өзі тәрбиелеуге деген қажеттілікті дамытуға қатаң түрде және ұзақ уақыт бойы өзін-өзі қолға алу жұмысын ұйымдастыруға көп назар аударылады.

Тәрбие үрдісі кешенді (комплексті) үрдіс. Бұл тәрбиелік жұмыстардың мақсаты, мазмұны, формалары мен әдістерінің бірлігін білдіреді. Жеке тұлғаның сапалы қалыптасуы кезектесіп жасалынбайды, бір уақытта болғандықтан педагогикалық ықпал ету кешенді сипатта болады.

Тәрбие үрдісінің ерекшелігі - оның нәтижелерінің сырттай қарағанда бірден аңғарыла қоймайтындығында. Тәрбиеде оқушылардың тұлғаның қандай қасиеттерін, қандай әдеттерді бойға сіңіргендіктерін анықтау қиын. Бұл үшін олардың мінез-құлықтарын әр түрлі жағдайларда, әр түрлі жағдаяттарда ұзақ бақылау керек. Мұның өзі тәрбие - динамикалық, диалектикалық және үздіксіз үрдіс екенімен түсіндіріледі. Тұлғаның кез-келген қасиеті шексіз дамып, жетіле беруі мүмкін.

3. Тәрбие үрдісі күрделі қозғалмалы жүйе. Қазіргі теориялық педагогикада барынша белгілі тәрбие үрдісінің жүйесінің моделі мынадай өлшемдер бойынша құрылған: мақсат және міндеттері, тәрбие үрдісінің мазмұны, үрдістің өту жағдайлары, тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің өзара әрекеті, қолданылатын тәрбиелік іс-әрекеттің әдістері, формалары, уақыт бойынша үрдістің даму кезеңдері.

Мақсаттық өлшем бойынша тәрбие үрдісінің құрылымы міндеттердің жиынтығы болып саналады және үрдіс соларды шешуге бағытталған:

- тұлғаны жан-жақты, үйлесімді дамыту мақсатын есепке ала отырып, тұлғаны тұтастық қалыптастыру;

- жалпыадамзаттық құндылықтар, әлеуметтік бағытталған мотивация, тұлғаның инттеллектуалдық, эмоционалдық және еріктік аяларын үйлесімді дамыту негізінде тұлғаның адамгершілік сапаларын қалыптастыру;

- оқушыларды ғылыми, мәдени және өнер аясындағы қоғамдық құндылықтарға баулу;

- қоғамның демократиялық өзгерістеріне, тұлғаның құқықтары мен міндеттеріне сәйкесті өмірлік позициясын тәрбиелеу;

- тұлғаның мүмкіншіліктері мен сұраныстарын, тілектерін, сонымен бірге әлеуметтік талаптарын ескере отырып, оның ынтасын, қабілетін және қызығушылығын дамыту;

- оқушылардың жекелік және қоғамдық санасын дамытатын танымдық іс-әрекетті дамыту;

- тұлғаның тәрбиелеу мақсатымен шартталған сапаларын қалыптастыруды ынталандыру үшін даралық, әлеуметтік құнды, әр алуан іс-әрекетті ұйымдастыру;

- тұлғаның аса маңызды әлеуметтік функциясын дамыту, яғни еңбектік іс-әрекеттің өзгермелі жағдайындағы қарым-қатынасты және әлеуметтік қуаттылықты көтеру.

Келесі құрылым тәрбие үрдісінің басты сатыларын бөлу негізінде жасалған. Өлшемі - үрдістің міндетті түрде өтетін кезеңдердің бірізділігі.

Тәрбиелеу үрдісінің кезеңдері:

- талап етілетін мінез-құлықтың нормалары мен ережелерін тәрбиеленушілердің ұғынуы. Мұнсыз тұлғаның мінез-құлықтың берілген, тапсырылған типін қалыптастыру нәтижелі болмайды;

- білім сенімге айналуға тиісті. Сенімдер - бұл өмірде басшылыққа алынатын белгілі бір ұстанымдарға және дүниетанымға негізделетін қатаң көзқарастары. Сенімі бар адам қандайда бір қылықтың қажеттігін терең ұғынады. Мысалы, оқушылар мұғаліммен амандасу керектігін біледі. Бірақ бәрі бірдей мұны неге істемейді? Сенімге айналмаған. Тәрбиелеу білім алу сияқты бірінші кезекте тоқтап, сенімге айналу кезеңіне жетпеген

- сезімді қалыптастыру. Сезімді қайрау және оған сүйену арқылы тәрбиешілер оқушылардың талап етілетін нормалар мен ережелерді тез түсінуіне және қабылдауына қолы жетеді.

- іс-әрекетке тарту, араластыру және іс-әрекет арқылы тәрбиелеу. Жеке тұлға болмысын іс-әрекет туралы ілімсіз қалыптастыруға болмайды.

Келесі құрылым да бірізді үрдіс кезеңдерін бөлуге негізделеді, бірақ ол енді басқа өлшемдерге, яғни үрдістің жүруінің тиімділігін қамтамасыз ететін компоненттер арасындағы байланыстар мен тәуелділіктерге негізделеді:

а) үрдісті жобалау, ол өзіне тәрбиелеудің мақсатын және нақты міндеттерін анықтауды енгізеді;

ә) материалдық (еңбектік, табиғатты қорғау), қоғамдық (ұжымдық, ұйымдастырушылық-басқарушылық, коммуникативтік), рухани (эмоционалдық-сезімдік, танымдық, құндылық-бағдарлаушылық) іс-әрекеттерді ұйымдастыру;

б) тәрбиеленушілердің негізгі іс-әрекеттерінде тұлға аралық қарым-қатынасын және оның дамуын реттеу;

в) нәтижені қадағалау және қорытындылау, алынған және жоспарланған нәтиженің арасындағы арақатынасты орнату, табыстар мен сәтсіздіктерді талдау.

Тәрбие үрдісінің кезеңдерін бөліп шығаруда педагогикалық әрекеттердің бірізділігін де пайдалануға болады:

- жалпы нормалар мен талаптармен таныстыру;

- қатынастарды қалыптастыру;

- көзқарастар мен сенімдерді қалыптастыру;

- тұлғаның жалпы бағытталғандығын қалыптастыру.



Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар

1. Тәрбиелеу үрдісінің ерекшеліктерін ата.

2. Тәрбие беру көп факторлы үрдіс дегенді қалай түсінесіз?

3. Тәрбие үрдісінің құрылымын, кезеңдерін көрсетіңіз.

4. Тәрбие үрдісінің мазмұны дегенді қалай түсінесіз?
11 дәріс тақырыбы: Тәрбие процесінің заңдылықтары мен принциптері.

Тірек ұғымдар:Тәрбие заңдылықтары, тәрбие принциптері



Жоспары:

1.Тәрбие процесінің заңдылықтарына сипаттама.

2.Тәрбие процесінің принциптеріне сипаттама.

1.Заң – шынайы дүниенің жалпы, қажетті, мәнді, салыстырмалы тұрақты және қайталанатын байланыстарды көрсетуі, ал олар өз кезегінде тиісті жағдай болғанда дамудың сипатын, бағытын және нәтижесін анықтайды. Заң мен заңдылық арасында өзгешелік бар. Негізінен олар бір типті, бір дәрежедегі ұғымдар, себебі оларда шындықтың ішкі байланыстары және дамуы көрсетіледі. Сонымен бірге заң заңдылықтың белгілі бір жағы іспетті. Ал заңдылық сол шындықтың аясындағы заңдардың ісінің жиынтық нәтижесі сияқты. Заңдылық қажетті үрдіс болып, онда заңдардың тұтастай жиынтығы іс атқарады.

Заңдылық – қандай да бір үрдістің кезеңінде немесе қоғамдық өмірдің кез келген аясындағы объективті түрде бар, қайталанатын, мәнді байланыстағы құбылыстар. Тәрбие заңдылықтары нақты жағдайда заңдардың әрекетінің көрінісі ретінде қарастырылады, яғни тәрбие үрдісінің компоненттерінің құрамдас бөліктерінің арасындағы объективті, мәнді, тұрақты, қайталанатын байланыстары.

Тәрбие заңдылықтары: тәрбиенің қоғамдық мұқтаждық пен талаптарға үйлесімділігі; тәрбие, оқыту, білім беру және жеке дамуы процесстерінің өзара тәуелділігі; жеке адам қарым-қатынасы мен тәрбиесіндегі іс-әрекеттің анықтаушы ролі; тұтас тәрбие процесіндегі мақсат, мазмұн, әдістер мен тәрбие формаларының бір-біріне тәуелділігі т.б.

Тәрбие процесінің негізіне қоғамдық өмірдің объективтік сұраныстарын, адамның әлеуметтік мәнін және табиғи жаратылысын көрсететін заңдылықтар жатады. Жалпы заңдылықтар осы үрдістің маңызды, барынша ірі компоненттерінің байланыстарын көрсетеді. Ал жүйе ішіндегі компоненттердің (бірліктерінің) байланысын анықтайтын заңдылық жеке (нақты) заңдылық деп аталады. Тәрбие үрдісі жалпы педагогикалық үрдістің бөлігі ретінде осы үрдістің заңдылықтарына бағынады.

Тәрбиелеу тәжірибесі үшін тәрбие үрдісінің кейбір бірліктерінің тәрбие сапасына ықпал жасайтын заңды қатынастар пәрменділігімен байланыстыру қажет.

Тәрбиелеу пәрменділігі мыналарға байланысты:

1) қалыптасқан тәрбиелік қатынастарға;

2) әрекеттерді ұйымдастыру мен оған қойылған мақсаттардың бір-біріне үйлесуіне;

3) тәрбиелік әсердің әлеуметтік тәжірибесі мен сипатының (бағыттылығы, мазмұны) тәрбиеленушілерге ықпал етуіне;

4) объективті және субъективті факторлар әрекетінің байланысына;

5) тәрбиелеудің және өзіндік тәрбиенің қарқындылығына;

6) педагогикалық өзара әрекеттегі тәрбие процесіне қатысушылардың белсенділігіне;

7) тәрбиемен ұштасушы дамыту және оқыту процестерінің пәрменділігіне;

8) тәрбиелік ықпалдың сапасына;

9) тәрбиелеушінің «ішкі жан дүниесіне» әсер ету қарқындылығына;

10) тәрбиеленушілердегі сөздік және сезімдік процестердің даму деңгейі мен педагогикалық әсер етудің үйлесуіне;

11)тәрбиеленушілердің өзара бір-бірімен қарым-қатынасының қарқындылығы мен сапасына байланысты болады.

2.Латын тіліндегі principium деген сөзі «негіз», «бастапқы» дегенді білдіреді.

Әңгіме принцип жайлы болғанда, белгілі бір теориялық негізгі, бастау боларлық жағдайлары, басшылық ететін идеялары негізгі мінез-құлық ережелері, әрекеттері меңзеледі.

Тәрбие принциптерінің объективті негіздері бар. Оларды адам ойының еркін конструкциясы ретінде, жеке адамдардың еріккен қиялының жемісі ретінде қарастыруға болмайды. Онда тәрбие үрдісінде тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер арасындағы заңды байланыстар мен қарым-қатынастар көрінеді.

Тәрбие үрдісінің принциптері (тәрбие принциптері) — бұл тәрбие үрдісінің мазмұнына, әдістеріне оны ұйымдастыруға қойылатын негізгі талаптарды анықтайтын бастау ережелері. Олар тәрбие үрдісінің өзіндік ерекшелігін танытады. Педагогикалық үрдістің жалпы принциптерінен нақты тәрбие принциптерінің өзгешелігі – тәрбие міндеттерін шешудегі педагогтар ұсынатын ортақ ережелер екендігінде жатыр. Осы принциптерге қойылатын талаптарды сипаттайық.



  • Міндеттілік. Тәрбие принциптері – бұл кеңес, нұсқау емес, олар толық және міндетті түрде тәжірибеге ұласуды талап етеді. Принциптерді дөрекі түрде әркез бұзу және ондағы міндеттерді орындамау тәрбиелеу үрдісінің пәрменділігін кемітіп қана қоймай, сонымен бірге ол принциптердің негізін, түп-тамырын ыдыратады. Егер тәрбиеші принцип міндеттерін бұзса, онда ол тәрбие үрдісі жетекшілігінен аластатылады. Тіпті, мысалы, егер педагог гуманистік принциптерді, жеке басты қадірлеу принциптерін қасақана әрі дөрекі бұзса, онда ол заңды жауапкершілікке тартылуы қажет.

  • Кешенділік. Принциптер кешен, бөлінбеген талаптар түрінде тәрбие үрдісінің барлық кезеңдерінде бірігімді қолданылуы тиіс. Принциптер тармақталмай, фронтальды әрі барлығы бірдей іске асып отырады.

  • Бірмәнділік. Тәрбие принциптері жалпыға бірдей ортақ ережелер ретінде бірмәнді болып келеді, олардың арасында біреуін бірінші кезекте орындау керекті немесе ертеңге қалдыра салуға болатын сияқты негізгі немесе қосалқы принциптері болмайды. Барлық принциптерді теңдей мәнді деп бағалау тәрбиелеу үрдісінің жемісті болуының кепілі.

Сонымен бірге тәрбие принциптері – дайын нұсқау емес, тіпті олар ұстану арқылы жоғары нәтижеге автоматты түрде жеткізе салатын әмбебап (универсал) ережелер де емес. Олар тәрбиеге қажет арнайы білімдерді, тұлға тәжірибесін, шеберлігін алмастыра алмайды. Тәрбие принциптерінің талаптары баршаға бірдей болса да, олардың практика жүзінде іске асырылуы тұлғалық шарттарға байланысты болады.

Тәрбие үрдісі сүйенетін принциптер белгілі жүйені құрайды. Тәрбие жүйелерінің түрлері бұрын да, қазір де көптеп саналады. Әлбетте, олардағы принциптердің сипаты, жекелей міндеттері, тіпті кейбір принциптердің өздері өзгеріске түседі. Қазіргі тәрбиелеу жүйесі мынадай принциптерді ұстанады:

- тәрбиенің қоғамдық бағытта болуы;

- тәрбиенің өмірмен, еңбекпен байланысы;

- тәрбиеде дұрыстыққа арқа сүйеу;

- тәрбие гуманизациясы;

- тәрбиеге тұлғалық тұрғыдан қарау;

- тәрбиелік ықпалдардың бірлігі.

Тәрбие гуманизациясы мынаны талап етеді:

- тәрбиеленушінің тұлғасына гумандық қатынасты;

- тәрбиеленушіге әлі келетін және ақылға сыйымды тұжырымдалған талаптарды қою;

- тәрбиеленушінің тұрғысына сыйлаушылықпен қарау;

- адамның өзімен өзі болу құқығын сыйлау;

- денелік және оқушының абыройына тиетін жазалаулардан бас тарту;

- тәрбиеленушіге оны тәрбиелеудің нақты мақсаттарын санасына жеткізу.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Тәрбие принциптерін ата және олардың мәнін аш.

  2. Тәрбие принциптерін жүзеге асыру ережелерін ата.

  3. Тәрбие заңдылықтары мен принциптерінің айырмашылығы неде?

  4. Мұғалім неге тәрбие заңдылықтары мен принциптерін білуі керек?

  5. Заң және заңдылық ұғымы.

  6. Тәрбие үрдісінің заңдылығы дегенді қалай түсінесіз?

  7. Тәрбие заңдылықтарын ата және оларды мәнін ашып көрсет.

  8. Тәрбие принциптерін ата және олардың мәнін аш.

12 дәріс тақырыбы:Тәрбиенің әдістері мен құралдары

Тірек ұғымдар:Тәрбие әдістері, тәрбие тәсілі, тәрбие құралдары.

Жоспары


    1. Тәрбие әдістері туралы негізгі түсінік

    2. Тәрбие әдістерінің классификациясы.

1. Әдіс дегеніміз - алға қойылған мақсатқа жетудің жолы, амалы, тәсілі, айласы. Тәрбиелеу әдістері - тәрбиелеушілер мен тәрбиеленушілердің өзара байланыстағы іс-әрекетінің тәсілдері. Бұл іс-әрекет тәрбиелеудің міндеттерін шешуге бағытталған.

Тәрбие тәсілі, амалы (прием) - жалпы әдістің бөлігі, жеке дара әрекет (әсер ету), нақты жақсарту. Тәсілдер, әдетте, әдістерді белгілі бір жағдайларда нақты пайдалануды қамтамасыз етеді. Мысалы, жазалау тәсілдері - ескерту, айыптау, сөгіс; сендіру, нандыру тәсілдері - иландыру, түсіндіру, баяндамалар; мадақтау тәсілдері - мақұлдау, мақтау, сыйлық беру т.б.

Тәрбие құралдары - іс-әрекеттің түрлері, көрнекі құралдар, көптеген коммуникация құралдары, педагогикалық ықпал жасау құралдары (мұғалім, ата-ана, ересек адамдардың сөзі, олардың өнегесі т.б.) жатады. Оқушы тұлғасы қалыптасуының бас-қарылуын қамтамасыз ету - тәрбиенің негізгі құралдарын толық және тиімді пайдалану, яғни тәрбиедегі шешуші роль атқаратын нәрсе оқшауланған құралдар емес, керісінше, олардың үйлесімді құрылған жүйесі екенін практика көрсетіп отыр. Тәрбие құралдары - бұл тәрбиелеу тәсілдерінің жиынтығы. Мысалы, еңбек - тәрбие құралы, бірақ еңбекті көрсету, бағалау, жұмыстағы қателіктерді көрсету бұлар тәсілдер болады.

Әдістердің жіктелуі (классификация) - бұл анықталған белгілерге қарай құрылған әдістер жүйесі. Жіктелуге сүйене отырып, педагог тек әдістер жүйесін анық көріп, танып қоймай, ол әр түрлі әдістерінің өзіне тән белгілерін, орнын жақсы түсінеді.

Кез келген әдістің жіктелуі олардың жалпы негіздері мен белгілерін анықтаудан басталады. Қазіргі педагогикада ондаған жіктеме белгілі, себебі әдістер жүйесінде жіктелудің логикалық негізі анық емес.

Қазіргі кезде классификацияның негізіне бағытталғандық - интегративті сипаттама алынуда. Ол өзіне тәрбиелеу әдісінің мақсаттық, мазмұндық және процессуалдық жақтарын бірлікте енгізеді. Осыған орай тәрбие әдісінің үш тобын бөлуге болады:



  • Тұлғаның санасын (ұғымы, түсінігін, пікірін, нанымын, баға беру) қалыптастыру әдістері (баяндау, түсіндіру, дәріс, иландыру, пікірталас, өнеге, баяндама, әңгіме).

  • Іс-әрекеттерді ұйымдастыру және қоғамдық мінез-құлық тәжірибесін (іскерлік, дағды, әдет, ерік, мінез) қалыптастыру әдістері /жаттығу, үйрету, педагогикалық талап, қоғамдық пікір, тапсырма, тәрбиелеушілік жағдаяттар/.

  • Іс-әрекетті және мінез-құлықты ынталандыру (стимулдау) әдістері (жарыс, мадақтау, жазалау).

Тәжірибеде үнемі тұратын міндет - әдістің біреуін ғана қолданбай, тиімдісін, нәтижелі болатынын таңдау. Тиімді деп - қойылған мақсатқа көп күш-қуат жұмсамай жететін неғұрлым пайдалы жолды айтамыз.

Тәрбиелеу әдісін таңдауды анықтайтын жалпы жағдайлар: тәрбиенің мақсаттары және міндеттері, мазмұны; тәрбиеленушілердің жастық ерекшеліктері; ұжымның қалыптасқан деңгейі; тәрбиеленушінің жекелік және тұлғалық ерекшеліктері; тәрбиелеудің жағдайы; педагогикалық шеберлігінің деңгейі; тәрбиелеу уақыты; күтілетін нәтиже, қорытындылар.



2. Көзқарастарды, ұғымдарды, сенімдерді қалыптастыру үшін тұлғаның санасын қалыптастыру әдістері деп жалпы атпен аталатын әдістер қолданылады.

Этика тақырыбындағы баяндау - бұл адамгершілік мазмұны бар нақты деректер мен оқиғаларды эмоционалды түрде айтып беру.

Түсіндіру - тәрбиеленушіге эмоционалды-сөзді әсер әдісі.

Мектеп тәжірибесінде түсіндіру адам психикасына еніп, іс-әрекеттің себептерін тудыратын және тұлғаға жалпы әсер ететінін сендіруге сүйенеді. Түсіндіру адамдардың қатынасын және мінез-құлқын дұрыс бағалауды оқушыда қалыптастыруға көмектесуі керек.

Сендіру (внушение) тәрбиеленушіге белгілі бір шешім қабылдату жағдайында пайдаланылады. Сендіру басқа тәрбие әдістерінің әсерін күшейту үшін қолданылады.

Иландыру (увещевание) өтінішті түсіндірумен және сендірумен қатар қолдану арқылы жүзеге асырылады. Иландырудың тиімділігі мұғалімнің беделіне көп байланысты. Иландыру өз мақсатына жету үшін жақсы жақтарға сүйеніп, мақтауды қолданып, абыройына сұраныс жасаған дұрыс.

Әңгіме (беседа) тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің пікір алысуға екі жақты кірісуін керек ететін жүйелі және бірізді әдіс түрі. Әңгіме мақсаты - оқушыларда адамгершілік түсініктерін тереңдету және бекіту, білімді жалпылау және нақтылап орнықтыру, адамгершілік көзқарастары мен нанымдар жүйесін қалыптастыру.

Әңгіменің нәтижелігі бірнеше маңызды шарттарға байланысты:



  • Әңгіменің проблемалы болғаны маңызды. Тәрбиеші шәкірттерін үйреншікті емес сұрақтар қоюға ынталандырады, сол сұраққа жауапты оқушылардың өздерінің табуына көмектеседі.

  • Әңгіме алдын-ала дайындалған, жауаптарын айтып қойған даяр сценарий бойынша өтпеуі тиіс. Оқушыларға өз ойларын баяндауға мүмкіндік беру қажет, оларды басқалар ойларын сыйлауға, оған дұрыс көзқарас нышанымен қарауға үйрету керек.

  • Әңгімені дәріске айналдыруға болмайды.

  • Әңгіме құралдары тәрбиеленушілердің эмоционалды тәжірибесіне жақын болғаны абзал.

  • Әңгіме кезінде барлық көзқарастар мен пікірлерді анықтап, оларды салыстыра білудің маңызы зор.

  • Әңгімеге дұрыс жетекшілік - тәрбиелеушінің оңды шешімге өз бетімен келуіне арқау.

Пікірталас - бұл жоғары сынып оқушыларының пайымдауын (пікір айтуын), баға беруін, сенімін қалыптастыру әдісі. Пікірталаста тақырып бойынша оқушы өзінің көзқарасын, ойын дәлелдейді.Сонымен бірге басқаның пікірін тыңдауға үйренеді, келісу немесе таласу пікірлер де пайда болады. Пікірталасқа мұғалім де, оқушылар да дайындалады. Оның тақырыбы және сұрақтары күні бұрын хабарландырылады.

Пікірталас оқушыларды қателіктер мен жалған көзқарастармен күресуге үйретеді. Пікірталастың құндылығы сонда, ол оқушылардың ойлану сезімін оятады, талаптандырады, ал бұл дұрыс идеяларды ұстауға, қателіктерден бас тартуға мүмкіншілік береді. Пікірталастың соңында басқарушы оқушылардың жауабын жинақтайды, талдайды, баға береді, қорытады.

Өнеге - өте күшті тәрбие әдісі. Бұл әдіс мына заңдылыққа негізделеді: көру арқылы қабылданатын құбылыстар тез әрі ешбір қиындықсыз санада бекиді. Сонымен бірге кітаптағы, кинодағы бас кейіпкерлерді, тарихи тұлғаларды, атақты ғалымдарды, саяси майталмандарды т.б. өнеге ету үлкен тәрбиелік мәнге ие. Өнегенің психологиялық негізі - еліктеу. Оның арқасында адамдар әлеуметтік және адамгершілік тәжірибе жинақтайды.

Айта кету керек, тәрбиешінің өз өнегесін, тәрбиеленушілерге қатынасын, іскерлік қасиеттерін, жеке басының қадірін мысал етуі тәрбиенің дұрыс жүргізілуіне әсерін тигізеді. Тәрбиеші өз тұлғасымен, қадір-қасиетімен жүйелі және бірізді әрекет жасаса, өзін өнеге етудің оңды әсері ұлғая түседі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет