5 «Айқап»журналы мен «Қазақ»газетінің қазақ қоғамы үшін қандай маңызы болды? «Айқаптың» қазақтың тұңғыш журналы екендігі әммеге аян. «Қазақ» газетінің де ел тарихындағы алғашқы газеттердің бірі һәм бірегейі екендігі, бұл басылымда көтерілген кей мәселелердің әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келе жатқандығы, онда Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғұмар Қараш, Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентайұлы, Халел Досмұхамедұлы сынды халқымыздың біртуар қаламгерлерінің еңбектері жарияланғандары да көзі қарақты оқырманға бесенеден белгілі.Қос басылымды да елі десе емешегі езіліп, жұрты десе жүрегін жұлып беруден таймайтын нағыз ұлтжанды азаматтар басқарды. Біріншісінің редакторы - қоғам қайраткері, ақын, аудармашы Мұхамеджан Сералин болды. Ал «Қазақ» газетін «ұлттың ұстазы» атанған атақты Ақаң - Ахмет Байтұрсынұлы басқарды. Бірақ осы екі басылымның көзқарастары қайшы болған тұс бар. Осы мәселенің пайымына бармаған кей оқырман тобының арасында М.Сералин мен А.Байтұрсынов араз болған деген де қауесет тараған. Бұл қаншалықты рас? Ұлт зиялысы атанған қос тұлғаны ондай пенделікке қимайтынымыз тағы бар. Шынымен екі ағамыздың арасы суық болған ба? Әлде бұл адамға емес, басылымдардың ұстанымдарына қатысты мәселе ме? Бүгін осының ақ-қарасын ажыратып қарап бағамыз.Бір анығы, қос басылым арасында келіспеушілік болған. Оны Бейімбет Майлиннің мына сөздері қуаттай түседі: «Енді келейік, «Айқап» пен «Қазақ» арасына. Бұл екеуінің кейбір пікірлерінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушыларға белгілі».Бұл келіспеушіліктердің неден туындағанын бірден жайып салудың өзі оқырман келіспеушілігін тудыруы ықтимал. Сондықтан әуелі «Айқаптың» табиғатына үңіліп, бұл журналдың жалпы сипатын танып алғанымыз жөн.