Смағамбет Б.Ж., с.ғ.к.,доцент
АУА РАЙЫНЫҢ ӨЗГЕРУІНЕ БЕЙІМДЕЛУДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК- МӘДЕНИ АСПЕКТІЛЕРІ
Қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің өзекті мәселелері. Республикалық семинар-кеңестің материалдары - Астана: «Алсем-Астана» баспасы,2011, 19-23 беттер
Тәуелсіздік тұғырлары туралы айтқанда саяси, экономикалық қауіпсіздіктің маңызына баса назар аудару орынды да заңды екені түсінікті. Сонымен қатар ел қауіпсіздігі оның экологиялық қауіпсіздігіне де тікелей байланысты. Әлемдік қауымдастықты алаңдатып отырған мәселелердің бірі - ауа райының өзгеруі. Бұл құбылыс адамзат өркениетінің тағдыры туралы күрделі де жедел шараларды талап ететін, күрмеуі қиын бағытты құрап отыр. Ауа райының өзгеруіне байланысты Үкіметаралық сарапшылар тобының бағалау жөніндегі Төртінші баяндамасында ғылыми қауымдастықтың ортақ пікірге келгені жария етілді. Онда ауа райының өзгеруі тікелей адам іс–әрекетінің нәтижесі деген қорытынды жасалған.
Жер шарында орын алып отырған ауа райындағы өзгерістер әсерінен қуаңшылық, су тасқыны, алапат құйын мен дауыл сияқты табиғи құбылыстар тосыннан пайда болып, адамның өмір сүру ортасына сапалық тұрғыдан өзгерістер әкеліп отыр.
Әлемдік қауымдастық табиғатты қорғау, ресурстарды тиімді пайдалану және табиғи апаттардың зардаптарын жою үшін біршама маңызды халықаралық құжаттарды дайындады. Мысалы, 1982 жылы «Теңіз құқығы жөнінде Конвенция», 1988 жылы «Озондық қабатты қорғау туралы Вена Конвенциясы», 1989 жылы «Озондық қабатты жоятын заттарға қатысты Монреаль хаттамасы», 1992 жылы «Биологиялық саналуандық туралы Конвенция», 1994 жылы «Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі Конвенция», 1992 жылы «Ауа райының өзгерісі туралы Рамалық Конвенция», 1997 жылы «Ауа райының өзгерісі туралы Рамалық Конвенцияға Киото хаттамасы», 2000 жылы «Биологиялық қауіпсіздік туралы Картахен хаттамасы», 2001 жылы «Берік органикалық ластаушы заттар туралы Стокгольм хаттамасы» сияқты құжаттардың қабылдануы - осының айғағы.
Мемлекеттердің табиғи апатқа қарсы күресуі немесе оның алдын алу мүмкіндіктері әртүрлі, себебі олардың әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымдарының даму деңгейі бірдей емес. Дегенмен ауа райының өзгеруі басқа мәселелерден күрделірек. Әңгіме ауа райындағы өзгеріс адамның өмір сүру ортасын өзгертіп ғана қоймайтындығы туралы болып отыр. Климаттың өзгеруі адамзат өркениетін түп-тамырымен жойып жіберуі де мүмкін.
Ауа райының өзгеруі қуат көздерін өндіру мен оны пайдаланудың жаңа әдіс-тәсілдерін енгізуді, соның нәтижесінде ауаға тасталатын буланған газдардың көлемін азайтуды талап етеді. Көптеген мемлекеттер өздерінің стратегиялық жоспарларына осы талаптарды орындау мақсатында арнайы баптар енгізді. Мысалы, Еуропалық Одақ ауаға буланған газдар тастауға квотаны саудаға салумен айналысатын әлемдегі ең ірі үкіметаралық сауда жүйесін жасады. Бұл қуат көздерін үнемдейтін технологияларға деген сұранысты арттырады. Ал жедел дамып келе жатырған экономикаларымен ерекшеленетін Қытай және Үндістан сияқты мемлекеттер табиғи қуат көздерін үнемдеудің нақты сандық көрсеткіштерін енгізе отырып, аталмыш мәселеге мүдделі екендіктерін көрсетуде. Әлемдегі дамыған экономикасы бар елдер табиғи апатты болжауға және алдын алу үшін инфрақұрылымды жасауға қаржыны көп бөле алады. Мысалы, Ұлыбритания су тасқынына қарсы күреске жылына 1,2 млрд. доллар көлемінде қаржыны жұмсайды. Германияның Гамбург қаласында жыл сайын 800 млн. доллар қаржы өз ернеуінен тасып кететін теңіз тасқынына қарсы жаңа тосқауылдар салуға жұмсалады екен.
Ал экономикасы нашар дамыған елдер табиғаттағы күрт өзгерістер салдарына төтеп беруі үшін өте көп көлемде қаржы жұмсауы тиіс. Әрине жаңа климаттық жағдайға бейімделуді мұндай экономикалар көтере алмайды, сондықтан жыл сайын осы бағыт қаржы тапшылығын көріп отыр. Нәтижесінде табиғи апаттар мыңдаған адамдар өмірін қиып, өмір сапасына, қоршаған ортаға зиян келтіруде. Су тасқыны мен дүлей дауылдар, шөлейттену егістіктер мен жайылымдардың көлемін қысқартады. Үлкен аумақтардың өндірістік айналымнан шығып қалуы азық-түлікпен қамтамасыз етуде қиыншылықтар туғызуда. Мысалы, 2010 жылғы жаз айындағы аптап ыстықтан Ресей ауылшаруашылығы орасан зор шығынға ұшырады. Нәтижесінде күзде азық түліктің кейбір түрлеріне баға күрт өсті.
Климаттағы өзгерістер аумақтар мен аймақтардың тұрақты дамуына, олардың табиғи рекреациялық мүмкіндіктеріне кері ықпал ете отырып, табиғи ортаға бейімделген қалыпты өмірді, шаруашылықты, мәдениетті бұзады. Әсіресе, соңғы онжылдықтарда өте ыстық және өте суық, аязды күндердің көбеюі, «қарлы жаңбыр» немесе «жаңбырлы қар» сияқты табиғи құбылыстардың жиілеп кетуі, сонымен қатар әдеттегі суық климаттық белдеулерде жылы қыстың болуы - халықтың тұрмыс-тіршілігін осы өзгерістерге бейімдеу мәселесін туғызып отыр.
Ауа райының жылынуы жұқпалы аурулардың таралуы кеңістігін ұлғайтты. Бұл кейбір аймақтарда бұрын болмаған кесел түрлерін емдеу, сауықтыруды өзекті мәселеге айналдырды. Ауа райындағы өзгерістер салдарынан бұрын тек жылы аймақтарға тән болып келген жұқпалы аурулардың қоздырғыштары адамдар арасында ғана емес, сондай-ақ флора мен фаунаға кері әсері бар қоздырғыштар мен зиянкестердің де таралу ареалын кеңейтті.
Ауа райындағы өзгерістерден әлеуметтік инфрақұрылым зардап шегуде. Мысалы, суық аймақтардағы құрылыс технологиясын қайта қарау мәселесі пайда болды, себебі жер қыртысындағы мәңгілік мұздің еруі салдарынан үйлер, ғимараттар, қирап қалуда. Соңғы жылдары таудағы мұздақтардың еруі салдарынан Қазақстанда да өзендер арнасынан шығып, жағалауда орналасқан елдімекендерге қауіп төндіріп отыр. Мысалы, Сырдария өзенінің бойын мекендеген Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облысының халқы су тасқыны зардабын тартып отыр.
Арал теңізінің тартылуы нәтижесінде еліміз әлемдегі шөлейттену процесі интенсивті жүріп отырған аудандардың біріне айналды. Арал маңындағы экологиялық дағдарыстың әлеуметтік-экономикалық зардаптарынан басқа, рухани өмірімізге тигізер зияны да мол. Қазақ жеріндегі гүлденген өркениет белгілерінің бірі болған Сырдарияның орта және төменгі ағысында қалалар құм астында қалды. Қазақ этносының қалыптасуында, қазақтың көшпелі және отырықшы мәдениетінің синтезінде ерекше орынға ие, ұлттың біртұтас мәдениетінің мәйегіне айналған ұлы дүниелерді мұраға қалдырған ежелгі қыпшақ-оғыз тайпаларының мекені, орыс отарлығы кезінде де қазақылық қаймағын бұзбаған қалың ел экологиялық үндестіктің бұзылуы салдарынан зардап шегіп отыр. Өңірде су сапасының төмендігінен жұқпалы аурулардың таралу деңгейі жоғары. Жазғы аптап ыстық пен қысқы қарсыз қара суық, егістік жерлердің құм басып айналымнан шығып қалуы халықтың әлеуметтік-экономикалық, рухани жағдайына ықпал етті. ХХ ғасырдың 90 жылдары бұл өңірден үдере көшу процесі де болды. Осы кезде «экологиялық қашқындар» деген ұғым пайда болды.
Тағы бір күрделі мәселе – ауыз су. Жалпы әлемдік деңгейде таза ауыз су қоры азайып отырғанын мамандар теңіздегі тасқындармен байланыстырады. Республикалық санитарлық–эпидемиологиялық станциясының деректері бойынша, 2009 жылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілгендер саны 83% (2008 жылы - 81%), яғни Қазақстанда халық тұтынатын ауыз судың 20% жуығы жарамсыз болып табылады.[3,99] Үкімет қабылдаған «Таза су» бағдарламасының ойдағыдай жүзеге асырылуының әртүрлі кедергілерге тап болып отырғанын БАҚ арқылы таныспыз. Қазақстан Республикасының мыңжылдық мақсаттарында 2015 жылға таза ауыз су пайдалануға мүмкіншілігі жоқ адамдардың үлесін екі есеге азайту көзделіп отыр .[3,99]
Климаттың өзгеруі салдары тек халықаралық қауымдастықтың тығыз ынтымақтастығы нәтижесінде кешенді шаралар арқылы жүзеге асады. Бұл бағытта ғалымдар табиғи апат жөнінде алдын ала ескерту, апаттық-құтқару және бейімдеу жобаларын дайындау, климатология және экология салаларындағы жаңа технологиялар жөніндегі ақпаратпен алмасу, ауа райының өзгеруіне адамдарды бейімдеу мәселелері жөнінде талдау және ақпараттық орталықтар тәжірибесімен бөлісуі қажет.
Тағы бір маңызды мәселе - жалпы тұрғындардың қауіпті құбылыстар жөнінде хабардар болуы. Сонымен күн тәртібіне кезек күттірмейтін, жедел шешілуі тиіс мынадай шаралар легі шығады: қоршаған ортадағы өзгерістер туралы көпшіліктің хабардар болуы; судың сапасын бақылау; қоғамдық денсаулық сақтауды жетілдіру; жұқпалы ауруларды таратпау мақсатында эпидемиологиялық қадағалау; табиғи апаттарға дайын болу; халықты уақытылы егу; жаңа қорғаныс технологияларын жасау және оларды енгізу.
Аталмыш шаралардың кейбірін жүзеге асыру заңнамалық өзгерістерді де талап етеді. Табиғат қорғаудың жаңа технологияларын енгізуге салық жеңілдіктерін қарастыру, жаңа стандарттар дайындау, өмірді сақтандыруды жетілдіру, қауіпті аймақтарда қоныстар салуға тыйым салу, ауа райының өзгеруіне байланысты шығындарды есептеу әдістемесін жасау т.б. мәселелер туындап отыр. Табиғи су көздері болып табылатын мұздақтардың еруі салдары мен құрғақшылықтың алдын алу мақсатында плотиналар немесе жасанды су қоймаларын, тоғандарды салу қажет.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде белсенді экологиялық шараларды қолға алды. Оның алғашқысы Семей ядролық полигонының жұмысын тоқтатуы және ядролық сынақтардан бас тартуы еді. Сонымен қатар Арал теңізінің тартылуы салдарынан зардап шеккен ұлт ретінде Арал мәселесін халықаралық деңгейде көтерді. Каспий теңізі атырабындағы мұнай өндірудің артуына байланысты экологиялық жағдайдың нашарлауы - мәселені халықаралық ынтымақтастықта шешуді қолға алуға мәжбүр етуде.
2009 жылы Қазақстанда жан басына шаққанда, қос тотықты көміртектің ауаға тасталуы 27,2 тонна болды, ал 2008 жылы 26,3 тоннаны құраған, яғни ауаны ластау деңгейі жоғарылаған. Қазақстанда 21млрд тоннадан астам өндіріс және тұтыну қалдықтары жинақталған, соның ішінде 230 млн.тоннасы радиактивті қалдықтар екені де экологиялық қауіпсіздіктің қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек.[3,99] Қазақ елі 1995 жылы БҰҰ Негіздемелік конвенциясын ратификациялады, ал 1999 жылы Киото хаттамасына, 2002 жылы Йоханнесбург декларациясына қол қойды. Қазақстан Киото хаттамасына сәйкес киотолықтан кейінгі кезеңде 1992 жылмен салыстырғанда, буланған газдарды ауаға тастауды 2020 жылы 15%, ал 2050 жылы 25% азайтуды жоспарлап отыр.
Қазақстанда экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жаңа заңдар дайындау мен қолданыстағы заңдарға өзгертулер енгізу жұмысы да жүруде. Ел экономикасында табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, жаңа технологияларды өндіріске енгізу, қуат көздерін үнемдеу бағыты көзделіп отыр. Каспий, Арал теңізіне қатысты бастамалар Қазақстанның экологиялық мәселелердің өзектілігін баса назар аударатынын көрсетеді. Сонымен бірге «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы халықтың денсаулығына қатысты саясатында әрбір азаматтың денсаулығына қамқорлық жасайтын әлеуметтік мемлекет екенін көрсетеді және әрбір азаматтың өз денсаулығына жауапкершілігін тәрбиелеу үшін салауатты өмір салтын насихаттаудың бағыттарын тұжырымдайды.
БҰҰ ауа райына байланысты Копенгаген Саммитінде тараптар ортақ келісімге келе алмады. Киото хаттамасынан кейінгі кезеңде, яғни 2012 жылдан кейін климаттың өзгеруіне қатысты шараларды жүзеге асыруда кең ауқымды істер қолға алынуы тиіс еді. БҰҰ қабылдаған «Мыңжылдықтың декларациясына» сәйкес тұрақты дамуды қамтамасыз ететін бағыттарды жүзеге асыруда қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық, әлеуметтік, саяси, рухани қырларын ынтымақтастықта шешу көзделген. Дегенмен бұл істің оңтайлы шешілуі мен ұлттық экономикалық мүдделер арасындағы шиеленіс көрініп қалды.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі. Астана, 2008.// http://www.eco.gov.kz/kaz/docs/eko_kodeks.php
2.http://www.eco.gov.kz
3.Қазақстанның әйелдері мен ерлері.Статистикалық жинақ. Астана, 2010
4.О Концепции перехода Республики Казахстан к устойчивому развитию на 2007-2024 годы//Казахстанская правда.- 2006.-16 ноября
Достарыңызбен бөлісу: |