1. Мазмұн мен пішін. 2. Сюжет және фабула. 3. Сюжеттер түрі. 4. Композициялық құрылым. 5. Көркем шығарманы талдау.
1. Мазмұн мен пішін. Әдебиеттегі пішін мен мазмұн – философиядағы пішін мен мазмұн категорияларына сүйене отырып, өз бойына әдеби туындының ішкі және сыртқы жақтары жайлы түсініктерді тоғыстырған әдебиеттану ұғымы. Әдебиеттегі пішін мен мазмұнды саралай қарастырғанда, әркез есте ұстайтын жәйттер бар:
Біріншіден, әңгіме ғылыми абстракциялыққа негізделетіні, яғни мазмұн мен пішін шындығында еш бөлшектенбейтіні. Себебі, пішін дегеніміз – мазмұнның қабылдану сипаты да., мазмұн дегеніміз – берілген пішіннің ішкі мәні. Ал, әдеби туындының пішіндік (стиль, жанр, композиция, көркем тіл, ырғақ), мазмұндық (тақырып, фабула, конфликт, характерлер, жағдайлар,көркем идея, тенденция) немесе мазмұндық – пішіндік (сюжет) көріністері болып табылатын түрлі бөлшектері, жекелеген жақтары пішін мен мазмұнның біртұтас күйдегі шындығы болып табылады. Бұл – басқа мәселе.
Екіншіден, пішін мен мазмұн ұғымдары барынша жинақталған философиялық категория болғандықтан, оларды нақты – дара құбылыстарды талдау барысында аса абайлай қолдану қажет. Бұл, әсіресе, өзінің мазмұндық – пішіндік тұтастығы өзгені мүлде қайталамайтын, сол қасиетімен де маңызды саналатын бірегей бітімді көркем туындыларға қатысты. Мысалы, жалпы философиядағы мазмұнның бірінші, пішіннің екіншілігі жайындағы; пішіннің артта қалушылығы; пішін мен мазмұн арасындағы қарама – қайшылық туралы қағидалар жеке бір туындыны, әсіресе сол туындының бөлшектерін зерттеу кезінде сақталуы міндетті өлшемдер бола алмайды.
Өнер мен әдебиеттегі пішін мен мазмұн қарым – қатынастағы ерекшелік жалпы философиялық ұғымдарды әдебиеттануға көшіре салуға жол бермейді. Өйткені көркем туындының өмір сүруінің ең қажетті шартының өзі – пішін мен мазмұнның жарасымы болып табылады. Мұндай жарасым болмаған жағдайда әдеби туынды қалай да өзінің көркемдігінен айырылады. Сонымен қатар, мазмұнның «біріншілігі», пішіннің «артта қалушылығы», пішін мен мазмұнның «үйлеспеушілігі» мен «қарама – қайшылығы» ұғымдарын жеке қаламгердің шығармашылығын, әдеби даму кезеңдерін және тұтастай дәуірлерін (әсіресе, өтпелі де шұғыл өзгеріске толы дәуірлерді) қарастырғанда қолдануға болады. Мұндай кезеңдердегі пішіннің мазмұннан кейіндеп қалуын бір қаламгер шығармашылығын жеке алып қарамай, әдеби даму үрдісі аясында қарастырғанда ғана аңдай аламыз. Әдебиеттегі пішін мен мазмұн ұғымдары арасына шек қою тек XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың басында ғана, ең әуелі немістің классикалық эстетикасында жүзеге асты. Гегель мазмұн категориясын енгізіп қана қоймай, оған айқын сипаттама да береді. Бұл жағдай әдебиеттің табиғатын түсіндіруде орасан мәнді қадам болды, сонымен бірге бұл тұста пішін мен мазмұнды бір – бірінен алшақтату қаупі де болды. XIX ғасыр әдебиеттануында мазмұн мәселелеріне баса назар аударылса, XX ғасырда керісінше, мазмұнды жеке алып зерттеуде кеңінен таралғанымен, әдебиетке пішіндік тұрғыдан үңілу басымырақ болды.