2. Сюжет және фабула.
Сюжет (француз сөзі-зат)-көркем шығарманың мазмұнын ашып, мазмұнды пішінге көшірудің негізгі жолы. Көркем шығарманың мазмұнындағы түрліше мінездер мен типтендірудің өзара қарым-қатынасынан туған шындық, оқиғалар тізбегі сюжетте адамдар мен заттардың тұтасқан ішкі-сыртқы әрекеті ретінде, қозғалыс, ждаму үстінде көрінеді. Сондықтан болса керек, «сюжет дегеніміз,-дейді Горький,-жалпы алғанда, адамдардың өзара қарым-қатынасы, байланысы, қайшылықтары, жек көру, әр характердің, типтің өсу, жасалу тарихы» Сюжет өзара жалғасқан оқиғалардың тізбегі, біртұтас желісі. Сюжеттің негізі-өмірлік тартыс, конфликт, кейіпкерлердің қарым-қатынасындағы қақтығыс. Ол тартыс-әр түрлі адамдардың іс-әрекетіндегі немесе ой-сана, көзқарасындағы қарама-қайшылық. Кейіпкерлердің қақтығысы қалайда қоғамдық өмірдегі күрес-тартыспен абысып жатады, жеке адамдардың іс-әрекетінен, тағдырынан оқырмандар заманның, дәуірдің шындығын көріп, әлеуметтік қайшылықтардың сырын ұғады. Шығармадағы тартыстың өрістеп дамуы үстінде кейіпкерлердің қимыл-әрекеттері, ой-сезімері, сөздері арқылы олардың характері ашылып, айқындала түседі. Көркем шығармадағы қақтығыстар, жеке суреттеулер арқылы толысып, мағынасы кеңейе түсетін оқиға тізбегі бара-бара логикалық тиянақтылық тауып, негізгі шиеленіс-тартыстың түйіндері әбден шешіліп, бәрі бір арнаға құйылып барып тынуы, сол арқылы шығарманың негізгі идеясы толық ашылуы аса қажет.
Қалай десек те сюжет пен кейіпкерлер, олардың характерлері арасында тығыз байланы, сабақтастық бар. Өткені, оқиға дегеніміз-адамның басынан кешетін жағдайы, немесе бірнеше адамдардың қарым-қатынасының көрінісі. Ал адам мінез өзгешелігі, характері оның істеген ісінен, қимыл-әрекетінен айқын танылатыны дау тудырмаса керек.
Сюжет-бірнеше адамдардың қарым-қатынасындағы белгілі бір кезең, әлеуметтік тартыстың бір көрінісі, сюжеттің аяқталуы-баяндалып отырған оқиғалардың бір арнаға сайып, өз шешімін табуы. Жазушы бір не бірнеше оқиғаны суреттеу арқылы кейіпкердің характерін, мінез-бітімін айқын айтып көрсетуі ықтимал. Мәселе кейіпкерлердің іс-әрекетін бейнелеу арқылы мінез-сипатын нанымды түрде көрсетуде. Неғұрлым кейіпкерлердің характерлері, бейне-тұлғасы дараланып, әсерлі көрінсе, соғұрлым шығарманың сюжеті тиянақты аяқталғандай сезіледі.
Бір-бірімен қарым-қатынасындағы адамдар өзекті оқиғалар арнасында, тұтасқан түрлі қимыл-әрекет үстінде, шиеленіскен шытырман күрес, қақтығыс, қарама-қарсылық ішінде қалыптасады. Сюжетті шығармалардың мазмұнында көбіне күрделі қайшылықтар, өмірлік тартыстар желі тартып жату себебі де соған байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |