Әдістемелік нұсқау 12 семинар. Саяси мәдениет, саяси мінез-құлық және саяси қатысу Семинардың сұрақтары: 1. Саяси мәдениеттің мәні, функциялары және құрылымы.
2. Саяси мінез-құлықтың типтері мен түрлерін жіктеуі.
3. Саяси қатысу және билік институттарының қызметі.
Сабақтың мақсаты: жеке тұлғалардың саяси мәдениеті мен саяси мінез-құлқының саяси шешімдер қабылдау және саяси институттардың қалыптасу үдерісіндегі рөлі, орны мен маңызын анықтау.
Негізгі түсініктер:саяси мәдениет, саяси мінез-құлық, саяси қатысу, саяси дәстүр, билік институттары, саяси стереотип, абсентеизм.
Бірінші сұрақ бойынша: Саяси мәденит ұғымын зерделеу барысында мына нәрсеге назар аударыңыз: бір жағынан, саяси мәдениет саяси институттарға айтулы ықпал ете алады, ал екінші жағынан, оның өзі саяси институттар ықпалына ұшырауы да мүмкін;
- саяси мәдениет әлеуметтік қозғалыс, сонымен қатар саяси жүйенің бейресми қырын құрайтын саяси сана, дәстүрлер мен мінез-құлық үлгілерін жинақтаған әлеуметтік-мәдени тұрақтылықпен сипатталатын күрделі феномен екендігін жадыңызда ұстаңыз;
- саяси мәдениеттің элементтері саяси сана, түсініктер, мақсаттар, құндылықтар мен бағдарлар жеке тұлғаның өзін қоршаған саяси шындыққа қатысты көзқарасын қалыптастырып, кейін оның субъектінің белгілі бір саяси мінез-құлық акцияларында көрініс табуы мүмкін екендігін түсіну қажет.
Екінші сұрақ бойынша: - өзіндік түрлі идеялық-рухани және саяси-құқықтық мазмұн ерекшелігімен, жеке тұлғаның саяси құқықтарының жүзеге асуы тәжірибесі және саяси шешімдерді қабылдау мен жүзеге асырудағы өзгешелігімен сипатталатын саяси мәдениеттің демократиялық, тоталитарлық және авторитарлық типтерге бөлінетіндігін есте сақтаңыз;
- жеке тұлғаның өзін қоршаған саяси ортамен қарым-қатынасының түрлі тәсілдерінің бар екендігін ескеріп, нәтижесінде олардың өмір сүріп отырған саяси институттармен саяси қатысу және абсентеизм сияқты өзара әрекеттестікке түсетіндігіне назар аударыңыз;
- мәдениеттің дәстүрлі формалары мен кеңес дәуірінің мәдени-рухани көзқарастарының көріністері және жаңарған типтегі жүйелерге тән құндылықтар мен арман-мұраттар тоғысқан қазіргі Қазақстан жағдайындағы саяси мәдениеттің ерекшеліктеріне талдау жасаңыз.
Үшінші сұрақ бойынша: - саяси қатысуды жеке тұлғаның өз мақсат-мүдделеріне жету жолындағы билік институттарының қызметі мен саяси шешімдерді қабылдау үдерісіне ықпал етуге бағытталған саяси қызметі деп түсіну керек;
- азаматтардың елдің саяси өміріндегі, оның ішінде жеке тұлғалардың сайлау науқандары кезіндегі электоралдық мінез-құлқы, өз кандидаттарын қолдау жолындағы саяси белсенділердің қызметі, саяси партия мүшесі ретінде ұйым қызметіне саналы түрде ат салысу сияқты саяси қатысу түрлеріне талдау жасаңыз;
- жеке тұлғаны елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуына шешім қабылдауға ынталандыратын, субъектіні саяси қызметке араласуға итермелейтін факторлар мен жағдайларды қарастырыңыз.
Бақылау сұрақтары. 1. Саяси мәдениет дегеніміз не?
2. Саяси мәдениет қандай элементтерден тұрады?
3. Саяси мәдениет өмір сүріп отырған саяси институттарға қалай әсер ете алады?
4. Жеке тұлғаның саяси мінез-құлық үлгілері, формалары мен қалыптарының қалыптасуы қалай жүзеге асады?
5. Жеке тұлғаның саяси қатысуының басқа саяси мінез-құлық формаларынан ерекшелігі қандай?