Ресейбілім академиясының академигі, профессор В.А. Сластениннің «Тұлғаға бағдарланған кәсіптік білім беру» атты ғылыми мектебі педагогикалық білім беруге үлкен үлес қосты. Мұғалімдң кәсіптік даярлау педагогиканың басты мәселесі екенін басшылыққа ала отырып, академик В.А. Сластенин отандық педагогикалық білім беру теориясының негізіне алынған ұғымдар мен заңдылықтарды табу үшін ғылыми іхденістерді ұйымдастырды.
С ластёнин Виталий Александрович(1930 жылы Горно-Алтайскіде Алтай өлкесінде дүниеге келген, РСФСР — 13 июня 2010 г., Москва, Ресей Федерациясы) — педагогика саласындағы ресейлік ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, академик.
Академик В.А. Сластенин мен оның ғылыми мектебінің оқушыларының іргелі еңбектері педагогикалық білім берудің замануи саясатын анықтауда, кәсіптік педагогикадағы ғылыми зерттеулер мен практикалық әрекетте басшылыққа алынып отыр. Ғылыми мектете педагогикалық білім берудің құрылымы мен мазмұны анықталып, жаңа моделі жасалып іске асырылды.
Алғашқы профессиограммалық зерттеуге В.А. Сластениннің ғылыми зерттеулерін жатқызуға болады. Студенттің, болашақ мұғалімнің профессиограммасына ғалым қоғамдық-саяси және психологиялық-педагогикалық даярлығын, арнаулы білім мен әдістемені толық меңгеруін жатқызады. Ғалым педагогиканың әдістемелік негіздерін, категориялары мен заңдылықтарын, тұлғаның даму жолдары мен әлеуметтік қалыптасуын, балалардың барлық жастағы даму кезеңдерінде болатын анатомиялық-физтологиялық, жастық және дербестік ерекшеліктерді білуді қарастыратын жоғары психологиялық-педагогикалық даярлықты мұғалім кәсібилігінің шешуші белгісі деп есептейді. Сонымен қатар ол педагогтың бағыттылығын да бір көрсеткіш ретінде санайды. Студент өзінің психологиялық-физиологиялық сапаларымен педагогтық қызметке дайын болуы мүмкін, бірақ теориялық немесе практикалық жағынан әлі дайын емес. Мұғалімнің кәсіби дайындығы ұғымын құрайтын тұлғалық және кәсіби сапаларды профессиограмма түрінде көрсетуге болады. Профессиограмма – мұғалімнің тұлғалық сапасының, қажетті педагогикалық және арнайы білімдері мен біліктерінің жиынтығы
В.А. Сластенин өз зерттеулерінде мұғалімнің маңызды кәсіби сапаларын және оның кәсіби дайындығының құраушыларын анықтау мәселелеріне талдау жасайды. Ол мұғалімнің тұлғалық сипаты мен қасиетіне байланысты кәсіби-педагогикалық және танымдық сияқты екі бағытын бөліп қарастырады. Кәсіби-педагогикалық бағытқа балаларға деген сүйіспеншілік, педагогикалық жұмысқа қызығушылық, психологиялық-педагогикалық қырағылық, байқампаздық, педагогикалық қиял, талапшылдық, ұйымдастырушылық қабілет, педагогикалық такт, әділеттілік, тіл табысқыштық, тұрақтылық және мақсатшылдықты жатқызады.
В.А. Сластенин мұғалімнің кәсіптік құзыреттілігінің өзегі жүйелік антропологиялық білім болады деп көрсетеді. Мұнымен бірге ол педагогикалық қызметтің үдерістік және мазмұндықкомпоненттерінің арасындағы қайшылықты айқындайды. Егер педагогикалық қызмет көпшілікке арналған болса, онда ол біршама типтілік басқару жүйесін талап етеді. Егер педагогикалық қызмет шығармашылықты болған жағдайда, онда әр педагогтың өзін іс жүзінде көрсету мүмкіншілігін тудыруды, яғни мұғалімнің жеке тұлғалық шығармашылығын табуды және қалыптастыруды ұйғарады. Осыған байланысты В.А. Сластенин педагогикалық жоғары оқу орындарында біз мынадай әрекет жасаймыз деп қорытындылайды: «типтік, тұрақты құрылымның негізінде шығармашылықты педагогикалық жеке тұғаны дамытуға тырысамыз, бірақ шын мағынасында онымен айналыспаймыз. Осы жағдайда педагогикалық білім берудің тұлғалы-бағдарламалық технологиясын жасау өте өзекті болады»
В.А. Сластенин, И.Ф. Исаев, Л.И. Мищенко және т.б. педагогтік мамандықтың ерекшелігіне орай педагогтің кәсіби құзыреттілігі ұғымын оның педагогикалық қызметті жүзеге асыруға теориялық және практикалық жағынан дайындығы мен кәсіби шеберлігінің бірлігі ретінде түсіндіреді. Бұл жағдайда кәсіби құзыреттіліктің құрылымы неғұрлым жалпыдан жеке біліктілікке бағытталған педагогтік біліктілік арқылы анықталады. Мұғалімнің педагогикалық ойлай білудегі (ішкі, ойлау әрекеттері) жалпылама біліктілігі кезінде байқалатын теориялық дайындығының мазмұны мұғалім бойындағы аналитикалық, болжамдық, жобалау және рефлексивтік біліктіліктердің болуымен анықталады. Практикалық дайындығының мазмұны педагогтің әртүрлі біліктіліктерінің (сыртқы, практикалық) қалыптасымен айқындалады. Оларға: біріктіре білу, ақпараттық, дамытушылық және бағдарлық қабілеттерді біріктіретін ұйымдастырушылық қабілеті; перцептивтік, педагогикалық қарым - қатынас және педагогикалық техниканы (жеке оқушының және оқушылар ұжымының белсенділігін көтере білу); қолданбалы біліктілігі (ән айта білу, сурет сала білу, музыкалық аспапта ойнай білу, үйірме жетекшісі, нұсқаушы т.б.) жатады.
Осыған байланысты, педагогикалық жоғары мектеп алдында педагогикалық міндеттерді өз бетінше шешуге қабілетті кәсіби құзыретті педагог дайындау міндеті тұрғаны айқын. Олар төмендегі педагогикалық міндеттерді шеше алатындай болуы керек:
- рефлексивті–талдау (тұтас педагогикалық үдерісті, оның элементтерін, туындаған қиындықтарды талдау және қорытынды жасау т.б.);
- жобалау-болжау (тұтас педагогикалық үдерісті құру, жоспарлау, нәтижені және алынған шешімдердің салдарын болжау);
- ұйымдастырушылық-әрекеттік (оқу-тәрбие үдерісінің әртүрлі нұсқаларын іске асыру, педагогикалық қызметтің әралуан түрінің сәйкестігі);
- бағалау – ақпараттық (педагогикалық жүйенің даму болашағы туралы ақпарат жинау,өңдеу, сақтау және оны бағалау);
- түзету-реттеу (педагогикалық үдеріс ағымын түзету, қажетті коммуникативтік байланыстар орнату, оларды реттеп отыру және қолдау).
В.А. Сластенин педагогтың профессиограммасында оның жеке тұлғасының инвариантты, мұрат етілген параметрлері болу керек деп есептейді. Ол мұғалімге қойылатын талаптарды бір-бірімен байланысты және бірін-бірі толықтыратын жалпы азаматтық сапалар, мұғалім кәсібінің өзіндік ерекшелігін көрсететін сапалар және мамандық бойынша арнайы білім, икемділік және дағдылар түріндегі үш негізгі компонентке біріктіреді.
В.А. Сластенин оқытудың ұстанымын «ұстаным – бұл практикалық мақсаттағы ғылыми нәтижелердің өзінің көрінісін түрлерде, соңғы нәтижелерінде және білім беру қызметінің тұрғызу нүктесі болып табылатын жинақталған ұғым» деп түсіндіреді.
Жалпы педагогикада ұстанымдар – бұл білім беру мен тәрбиенің мақсатына сәйкес оқытудың заңдылықтарын қолдану тәсілдерін сипаттайтын дидактика категориясы. Бұдан ұстанымды таным заңдылықтарының әдіснамалық бейнеленуі деп ойлауға болады. Келесі бір пікір бойынша ұстаным – бұл әдіскерлер үшін оқу материалының мазмұны мен оны оқу құралдарында баяндаудың логикасын, әдістер, құралдар және формаларды реттеу үшін қолданылатын тәжірибе нормасы ретіндегі білім.
Педагогикалық теорияда оқу жұмысын ұйымдастырудың ондаған ұстанымдары бар (жалпы педагогикалық, дидатикалық, психологиялық, арнайы және т.б.).
В.А. Сластенин және И.Ф. Исаев жоғары мектепте кәсіби педагогикалық мәдениет қалыптастырудың бірнеше ұстанымдарын атайды, олар:
- білім беру мен өз бетінше білім алуды өзара байланысты ұйымдастыру жүйесіндегі жекелік және саралау ұстанымы;
- жоғары оқу орнындағы білім беру үдерісіне кәсіби-педагогикалық бағыттылық ұстанымы;
- ғылыми және педагогикалық қызметтің қайшылықты бірлігі ұстанымы;
- кәсіби-педагогикалық қызметтің әлеуметтік-мәдени детерминациясы ұстанымы;
- үздіксіздік және сабақтастық ұстанымы;
- оқытушының инновациялық қызметке қосылуы ұстанымы;
- тұлға қалыптастырудағы жүйелілік, тұлғалық-әрекеттік тұғырлардың бірлігі ұстанымы;
- кәсіби-педагогикалық өзін -өзі жетілдіру ұстанымы.
В.А. Сластенин, С.А. Смирнов, И.Б. Котова, Е.Н. Шиянов «Педагогика» оқу құралында педагогикалық зерттеудің нақты әдіснамалық ұстанымдарын ұсынды, жүйелілік, жекелік, әрекеттік, диалогтық, мәдени, этнопедагогикалық, антропологиялық амалдардың мазмұнын ашты.