Серік Мырзалы Философия



Дата06.10.2022
өлшемі21,17 Kb.
#151952
түріЛекция
Байланысты:
№1 ҒТФ


Вқазақ бөлімі.


Серік Мырзалы Философия - Алматы: «Бастау», 2015. – 644 б.
§ 1. А.Шопенгауердің әлемдік еркі
Артур Шопенгауер (1788-1860 жж.) Данциг қаласында бай саудагердің отбасында дүниеге келеді. Геттинген мен Берлин қалаларында философиялык білім алады. Негізгі еңбегі «Дүние ерік пен елестету ретінде» деген атпен 1844 ж. жарық көреді. Берлин университетінде 1819 ж. оқыған лекциялары ешкімді қызықтырмайды. Сондыктан ол өмір бойы әкесінен қалған капиталдың жылдык пайыздарын жұмсап, өз замандастарынан оқшау да жалғызілікті өмір сүреді. Өмірінің соңғы 10 жылында ол даңқтың шапағатына да ие болады. Бірақ нағыз атақтылық оған XX ғ. келеді. Шопенгауердін ойынша, Дүниенің негізінде өмір сүруге деген бітпейтін іңкәрі бар Әлемдік Ерік жатыр. Сонымен материя, табиғат заты, атом, сана, рух т.с.с. бұрынғы философтар жатқызған Дүниенің негіздерін ысырып тастап, ойшыл «ерік» ұғымын дүниені түсінудегі негізгі категорияға айналдырады. Бұл ұғымның тарихына кез жүгіртсек, көне заманда «сана» мен «ерік» категориялары әлі бір-бірінен бөлініп алынған жоқ-ты. Мысалы, Сократ адамдардың жүріс-тұрысы мен іс-әрекеттеріндегі келеңсіз жайттар оларды білмегендерінде деген пікір айткан болатын. Егер адам жамандықты білетін болса, онда ол оған бармайды. Алайда Орта ғасырда өмір сүрген ұлы христиан философы Августин мұндай көзқарасты толығынан теріске шығарады. «Жамандықтың не екенін білсем де, соған карай мені тартады, мен соны іске асыруға ынтықпын», - дейді ұлы ойшыл. Өйткені ақыл-ой - біледі, ал ерік - таңдайды. Міне, осы сәтте Августин сана мен еріктің екі түрлілігін айқын көрсетеді. Діни ойшыл адамның Құдай алдындағы күнәкәрлігінің негізгі себебін еріктің алғашқы көрсетілген түзу жолдан ауыткуынан табады. Жаңа дәуірде неміс философиясының шеңберінде Кант практикалық зерденің үстемдігін көрсете келіп, оның негізін еріктің бостандығынан көреді. Канттың бұл идеясын Фихте әрі қарай дамытып, «Меннің» ерікті іс-әрекетінен Дүниенің пайда болуының рухани қайнар көзін көреді. Қалай айтканда да, Шопенгауерге дейін ерік категориясы ерекше түрде алынып, Дүниенің негізіне жатқызылған жоқ-ты. Сонымен, Шопенгауердің ойынша, Дүниенің негізінде жатқан Ерік - ол біреу және одан басқа еш нәрсе жоқ, бірақ ол өзінің өмірдегі құбылуында шексіз сан алуан болып көрінеді. Ол - өзінің толык еркімен теңелетін бейтұлғалық орасан зор құдіретті күш. Ол бейсаналы болғаннан кейін, өзінің мәңгілік қалыптасу, мақсат-мұратсыз өмірге ынтық болу барысында неше түрлі залымдықты тудыруы мүмкін. Әлемдік еріктің ешқандай себебі, белгілі бір негізі болмағаннан кейін, ол ешқандай зандылықтарға бағынбайды. Өзінің өмірде болуға деген іңкәрінің негізінде ол бүкіл дүниені тудырса да, оған ешқандай тәртіп, жоспар сияқты нәрселерді әкеле алмайды, керісінше, ол заттарды бір-бірінен бөліп, қиратып, карсы қойып, оған тағы да канағаттанбай, өзінің шексіз ізденісін, күресін жалғастыра береді. Ол ызаға толы, не істеу керектігін білмегеннен кейін, өзін-өзі тырнап, жыртып жаткан жануарға ұқсайды. Енді әлемдік еріктің тудырған дүниесіндегі оның көріністеріне назар аударсақ, олар - өлі табиғаттағы дүниежүзілік тарту, магнетизм, химиялык қосындылар т.с.с. табиғат күштері. Тірі табиғатта - тіршіліктер формаларының өмірге деген еркі, сол үшін өзара бір-бірімен күресі, өмірді жалғастыруға бағытталған жыныс инстинктері, адам өміріндегі ешкашанда ойдағы нәтижелерге әкелмейтін саналы талпьшыстар, бейсаналық түрде пайда болатын әртүрлі сезім толқындары т.с.с. Бірақ қандай да болмасын өмірдегі кұбылыстарды тудырса да, олар күрделеніп, саналы түрде сезінілген сайын, әлемдік ерік оларға канағаттанбай, өзін зардап шегіп, азапқа толы, бақытсыз ретінде сезінеді. Мысалы, адам өмірінің деңгейіндегі еріктің көрінісіне келер болсақ, онда мынаны байқауға болады: егер адам ой өрісі мен адамгершілік тұрғысынан катты дамыса, соғұрлым оның өмірде неше түрлі қайшылықтарға келуі көбейіп, зардап шегуі де өседі, әлеуметтік өмірде көре алмаушылык, надандық пен екіжүзділік жиі кездеседі. Адамдардың өмірі жетіспеушілік пен үрейге, кайғы мен қасіреттерге толы. Өмірге келген жана ұрпактар өткендердін қателіктерін тағы да қайталайды, адамгершілігі жоқ адамдар қоғамды билейді, ғылыми жетістіктер залымдық жолында жұмсалады. Ал моральдық салаға келер болсақ, соңғы ғасырларда онда ешқандай алға жылжушылық болған жоқ - езілу, зардап шегу, қантөгіс, қатыгездік осы уақытқа шейін азаюдың орнына көбейіп келеді. Мәңгілік алаңдаушылық пен тұрақталынған адамдардың бір-біріне деген сенбеушілігі өмірді шырмап алған. Әрине, Шопенгауердің жоғарыдағы көрсетілген коғам өміріндегі келеңсіз жайттар жөніндегі ойларын біз сырттата алмаймыз. Керісінше, оның санын бүгінгі өмірге қарап өсіртуге де болар еді. Өмір алдына үлкен мақсат-мұраттар қойып, соған жету жолында неше түрлі «тар жол, тайғак кешуден» өтпеген адам кемде-кем болса керек. Бұл өмірдің трагикалық диалектикасын өмірден әсіресе көп зардап шеккен қазак халқы «орындалмайтын арман», «жалған», «дүниенің төрт құбыласы ешқашанда бір-біріне тең емес т.с.с. ойлармен беріп, нағыз бакытты өмірді о дүниедегі жұмақтан іздеген болатын. Сонымен, Шопенгауердің ойынша, зардапка толы дүниенің негізгі күнәкары - әлемдік Еріктің өзі. Бірақ оның санасы болмағаннан кейін, ол өз істеріне жауап бере алмайды, тек қана мәңгілік бір трагедиядан өтіп, екіншіге т.с.с. ауыса береді. Бұл арадағы бір үміт — әлемдік Ерік сананы тудырған ғарышты дүниеге әкелді. Міне, дүниенің ажырамас бір бөлігі ретіндегі адамдардың өзі ғана сол әлемдік Ерікке карсы шығып оны таратуы керек, сонда ғана Дүниенің зардабы токтатылады. Ол үшін адам өзінің өмірлік күш-қуатын, өз бойындағы еркін сол дүниені тудырған әлемдік Ерікке қарсы қоюы қажет. Ал мұның өзі ең алдымен адамдардың философиялық таным арқылы әлемдік Еріктің терең мәнін зерттеп-білуімен тығыз байланысты. Содан кейін адам екі сатыдан етуі керек. Алғашқысы - эстетикалык аңдау, соңғысы - моральдык жолмен жетілу. Эстетикалық аңдауға келер болсақ, Шопенгауер Канттың айтып кеткен пікірін қолдап, оның риясыздығына аса көп көңіл бөледі - онда ешқандай өзімшілдік сезім, я болмаса пайдақорлық ойлар, мүдделер болмауы керек. Өнерді игерудің негізгі мақсаты-адамның жан-дуниесін өзімшілдіктен шығатын зардаптан құтқарып, оны тыныштықка бөлеу. Өнердің түрлерін талдай келе, Шопенгауер мүсін мен сурет - кеңістіктің, ал әуен мен поэзия - уақыттың шеңберінде ғана өмір сүре алады дейді. Бұлардың бәрі де өз мүмкіндігінше әлемдік Ерікті сипаттайды, бірақ әуеннен терең өнердің түрі жок. Өйткені әуенде оны шығарушы, орындаушы мен тыңдаушының арасындағы айырмашылық мүлдем азаяды. Өзінің ең биік жетістіктерінде әуен әлемдік Ерікті ақылмен тусіндірілмейтін құпия жолмен біздің жан-тәнімізге сезіндіреді. Әрине, Шопенгауердің бұл ойлары Шеллингтің көзқарасына жақын екенін байқауға болады. Тек Шеллинг әуенді, әсіресе оның симфониялық түрін, Абсолютке жетудің жолы деп есептеген болатын. Ал Шопенгауердің дүниесезіміне трагикалық музыка (реквием сияқты) жақынырақ болды - тек қана осы әуендер адам болмысының қайғылылығын, трагедиясын жете сезіндіре алады. Әлемдік Ерікпен күрестің екінші жолы - этикалық. Егер дүниедегі барлық зардаптың түп-тамыры Ерікке барып тірелсе, оны жою моральдық жағынан алып карағанда - ақталатын нәрсе. Ал адам саналы пенде ретінде өз ішіндегі ерікті жою арқылы әлеуметтік Ерікті тарата алады. Ол үшін Шопенгауер адамдарға «категорикалық императив» (үзілді-кесілді талап) ұсынады: «өзіңе қалайтынның бәрінен де бас тартып, қаламайтыныңды жаса». Бір қарағанда, ол ақылға сыймайтын нәрсе сияқты. Бірақ оның негізінде жатқан мағына мынада: ол - адамның өмірге деген қызығушылығын, соған бағытталған еркін сөндіру. Ол үшін адам аскетикалық өмір салтын ұстап, басқалардың зардабын бөлісіп, өзінің жан-дүниесінде ешқандай да өзімшілдіктін жұрнағын қалдырмай құртуы керек. Сонда ғана адам өмірге деген қызығушылықтан толығынан арылып, өзі сияқты жердегі бақытқа жетуден бас тартқан адамдармен бірігіп, басқа адамдардың зардабын, қайғысын жеңілдетуге тырысады. Бұл көзқарас үнді халқының тудырған «нирвана», көне Грек философтарының «атараксия» деген ұғымдарына өте жақын. Әрине, Шопенгауердің дүниеге деген көзкарасында өз заманының көп теріс жактары әшкереленген. Бугінгі таңда адамзат ол кайшылықтардың бәрін шешті деп айта алмаймыз. Керісінше. Шопенгауердін көрсеткен теріс кұбылыстары етек жайып, әрі қарай бара жатқанға ұксайды. XX ғ. адамзаттың қолы жеткен ғажап жетістіктерінің негізінде пайда болған болашақ жөніндегі романтикалық көзқарастар бүгінгі XXI ғ. басында тек қана ауыр күрсіну пен өкініштен басқа еш сезім тудырмайды. Жақында ғана Үндістан мен Пәкістан елінің арасындағы кайшылықтар ядролық қарудын қолданылуына әкелуі мүмкін деген үрейді тудырып, қоғамдық ахуалды дүр сілкіндірді. Жер бетіндегі экологиялық жағдай бірте-бірте өршіп, жыл сайын ғаламдық дағдарысқа қарай әкеле жатыр. Уақытында неміс халқының заңды түрде берген дауысын алып, билікке келген Гитлер адамзатты қандай қантөгіске әкелгенін оқырман жақсы біледі. Бірақ бул трагедиядан адамзат сабак алды ма? Өкінішке қарай, «Жоқ», деп жауап беруге тура келеді, өйткені бүгінгі таңда байлығымен масаттанған біршама Батыс елдерінде ұлтшылдық қозғалыстар тағы да бой көтеріп, басқа елдерден келген адамдарға қысымшылық жасалуда. Расында да, Шопенгауер айтқандай, тарихтағы трагикалық қателіктер тағысынтағы қайталана береді!!! Адамзаттың моральдык-адамгершілік тоқырауына қарап, оның аспанға, тазалыққа тартатын рухынан гөрі, дене қажеттіктері, күңгірт инстинктері, ләззат алуға деген еркі басым ба деген ой келеді. Бұл айтылған ойлар мен толғаныстар Шопенгауердің қозғаған көп мәселелерінің бүгінгі таңдағы өзектілігін көрсетеді. Сонымен қатар Шопенгауердің «ғарыштық пессимизміне» толығынан қосылуға болмайды. Әсіресе оның философиясының негізінде жатқан кағидасына. Расында да, егер бұл Дүниені тудырған бейсаналық ессіз Ерік болатын болса, онда бүл дүниенің неге заңдылықтары, қисыны, тәртібі бар? Егер адамдар осы орасан зор шексіз ғарыштың туындысы болса, олар өз көлемі мұхиттың ішіндегі бір тамшыдай бола тұрып, оны қалайша тарата алады? Мұндай сұрактардың санын әлде де көбейте беруге болар еді. Ал олардың бәрі де Шопенгауердің философиясының негізінде жатқан кағидалардың әлсіздігін, жалғандығын көрсетеді. Ал енді адам тағдыры мен өміріне келер болсақ, әрине, Homo Sapiens - ғарыштың ғажап туындысы, «Ұлы мәртебелі Табиғаттың» тудырған ең әсем гүлі, ол адам арқылы өз-өзін сезініп, түсіну дәрежесіне көтеріледі. Бұкіл Дүниені шырмап жаткан қайшылықтар адам жүрегінен де өтеді. Бұл Дүниеге келген адам өз өмірінің шеңберінде жақсылық пен жамандықтың да дәмін татады, көпшілік жағдайда, өкінішке қарай, зардаптың салмағы бақытты өмірден гөрі басымырақ болады, әсіресе бүгінгі жағдайдағы сияқты өтпелі дәуірлерде өмір салты, рухани құндылықтар кайта қаралып жатқан кезде көп қиындыктарды бастан өткізуге тура келеді. Ал бұлардың өзі, Шопенгауердің айтканындай, өмірден бас тартуға әкелуі керек пе?! Әрине, жок. Есі дұрыс адам өмірді бағалап, оның кызығына тоймайды, ол - бізге берілген ең кұнды, бағасы жоқ сый. Өмірдегі зұлымдықтың түп-тамыры толыққанды өмірге бірдеңенің жетіспей тұрғандығынан шығады. Ұлы Гегель айтқандай, бұл дүние - өзінің үғымына толығынан сәйкес келмейтін бірдеңе. Бірак соның арқасында өмір, талпыныс, жетілуге деген кұмар бар. Бақыт дегеннің өзі адамның алдына қойған мақсаттарын іске асырып, өзінің арнасынан шығып тасуымен байланысты болса керек. Бірақ өзеннің көктемдегі тасып, содан кейін өз арнасына кайтып оралғаны сияқты, орындалған арман келесі сатыда адамның алдына жаңа мақсат-мұраттарды әкеліп, тағы да оның талпынысың тудырады, осы жолда ол тағы да каншама ізденіс, қиындықтар, зардапты өз басынан өткізеді десеңізші?! Бүгінгі өтпелі қоғамда орасан зор қиындықтарға қарамастан, қаншама адамдар өзінің белсенді іс-қимылдары аркылы жаңа өмірден өз орнын тауып жатыр! Бүгінгі қиындықтармен қатар, өмір біздің алдымызға бұрын-соңды тарихымызда болмаған мүмкіндіктерді тудырып отыр. Оларды іске асыру үшін талпыныс, жақсы оқып білім алу, өмірді шығармашылық тұрғысынан игеру, қиындықтарды жеңе білу қажет. Өмір деген - өнер. Олай болса, күнбе-күнгі қарапайым қиын өмірдің өзінен куанышты, танғаларлық нәрселерді, ізгілік пен әсемдікті, махаббат пен нәзіктікті іздеп тауып, содан нәр алып, өзіңді бакыттымын деп сезінуге болады. Тек оған ұмтылу, оны қалау қажет. Қорыта келе, Шопенгауердің философия тарихында өз орны бар ұлы тұлға екенін айтып өтуіміз керек. Ол болашақ XX ғ. пайда болатын көп қайшылықтарды, әсіресе адам өмірі мен тағдырына байланысты көп ойларды көтеріп, болашақ ғасырда ықпалды «өмір философиясы» аталған ағымның негізін қалап кетті.
Мәтінді оқып, түсінгеніңіз бойынша талдау жасайсыз.
Сөз қоры 500-600
Бағалау критерийі 60-90балл

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет