Сәтбаев байыту фабрикасы Кен қазудың қияметін шыңырауда шыңдалған кеншілер біледі. Қызуы бет қаратпас алаумен арпалысып мыс өндірудің де машақаты мол. Міне, кәсіби шеберлік пен қажымас қайратты қажет ететін осы күрделі екі өндірістік буынның бел ортасында кен өндірумен айналысатын байытушылар да – кеншілер мен металлургтерден еншісі бөлінбеген бір қауым ел. Сәтбаев байыту фабрикасын ресми түрде «№3 байыту фабрикасы» деп атайды. Бірақ ол Сәтбаев қаласында орналасқан.
Ол негізінен Анненск кен ошағындағы күрделі кен қыртысын байытуға арналған. Мұнда мыс пен мырыш бір деңгейде кездесетін қабаттар бар. Қорғасын да қалыспай қатар жүреді.Фабрика тәулігіне 12600 тонна кен тасын өңдейді. Ал, Жезқазғандағы қос фабрика бұдан 5-5,5 есе көп өңдейді. Дегенмен, бұл фабрика байытушылары жезқазғандықтардан 3-3,5 есе ғана аз мыс концентратын өндіріп, Балқаш пен Жезқазған мыс зауыттарына 10-12 пайыз дымқыл концентрат түрінде жіберіп отырады.Жезқазғандағы байыту фабрикалары мыс зауытына құбыр арқылы сұйық концентрат жөнелтсе, Сәтбаев фабрикасы өздері өндірген мыс концентратын сүзу және тұндыру шараларынан өздері өткізіп алады.