«Қазақмыс» корпорациясының шикізат көзін молайту бағытындағы іс-шараларды жүзеге асырауда Солтүстік Жезқазған кенішінің алар орны ерекше. Қажетті ресурстарды табуға, байыппен бағалауға және шебер пайдалануға қабілетті кәсіпқойлардан тұратын ұжым қалыптасқан бұл жерде. Солтүстік Жезқазған кеніші еңбеккерлері Ақши, Қыпшақбай карьерлеріндегі төрт бөлімшеде еңбек етеді. Ақши ашық кен орнының «Жезқазғантүстімет» ӨБ-не қарасты байыту фабрикасын шикізатпен қамтамасыз етудегі үлесі мол. Дәл қазіргі таңда тереңдігі 200 метрден асатын карьерден тәулігіне 20300 текше метр тау жынысы шығарылып, жүктелген міндет абыроймен атқарылуда. Екі жүзден аса адам еңбек ететін жерде еңбек қауіпсіздігін сақтауға барынша көңіл бөлінген. Белгіленген жоспарға сай айына 579 мың текше метр көлемінде тау жынысы, яғни сульфидті кен өндіріледі бұл жерде. Ұжым ұйымшыл, қалыптасқан дәстүрі бар.
Солтүстік Жезқазған кенішінде кезінде еңбегімен даңқы шыққан арда-герлер Ленин орденінің иегерлері Р.Жанжігітов, Ғ.Молдағалиев, С.Жездібаев, экскаваторшылар бригадасының жетекшісі, «Қызыл Ту» орденінің иегері А.Х. Ротермель; «Еңбек ардагері», 3-ші дәрежелі «Даңқ» ордендерінің иегері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Р.М.Гаевой т.б. еңбек етті.
Солтүстік Жезқазған кенішінің әр кездердегі директорлары В.Звездинский, С.Асатов, К.Канафин, В.Вахрушев, Ю.Семидалов, М.Боранбаев т.б. білікті басшылар болды.
Достарыңызбен бөлісу: |