Сәтбаев қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі Сәтбаев қаласының тау-кен кәсіпорындары



бет9/22
Дата31.01.2018
өлшемі3,82 Mb.
#36706
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   22
Шығыс Жезқазған кеніші

Іргетасы өткен ғасырдың 60-жылдары қаланып, содан бері халқымыздың ырзығына айналған сары мыстың сан мыңдаған керуенін тиеп, табыстың тайқазанын тасытып келе жатқан Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасының еңбек ұжымы абыройдың ақ туын асқақ ұстап келе жатқан шахталардың бірі. 2007 жылы пайдалануға берілгеніне 40 жыл толған шахтаның ертеңі бүгінінен де ажарлы екендігіне еш күмән жоқ. Ертеңге деген сенімділік әлемдік озық тәжірибелерді өндіріске енгізуге себеп болуда. Ал, шахтаның өткені қандай болып еді? Бәрі неден басталып еді? Қазіргі қуатты шахтаның басы-қасында алғашқы кезде кімдер болды? Міне, осы және шахта тарихына қатысты басқа да бірқатар сауалдарға жауап алу мақсатымен Қонақбай Сейтмағанбетов ақсақалды іздедік. Неге нақ сол кісіні десеңіз, №57 шахта пайдалануға берілгенде оның басы-қасында жүрген, ауыртпалығын көтеріп, қызығына қуанған санаулы ғана еңбек ардагерлерінің санатынан.

«Өткен ғасырдың 50-жылдарының орта тұсынан бастап Жезқазған кен комбинатының жаңа өмірі басталды деуге болады. Өйткені, жаңа шахталар игеріле бастады. «Алып» деген атқа ие болған шахталар өмірге келіп, пайдалануға берілді. Былайша айтқанда, қазіргі жұмыс істеп тұрған шахталардың дені дерлік сол жылдары пайдалануға берілген шахталар. Со-лардың бірі, әрине, 40 «жасқа» келген - №57 шахта.

Бұл шахтаның құрылысын негізінен «Донецкшахтапроходкалау» тресінің ұжымы жүргізді. Батыс Жезқазған кенішіне қарасты №55 шахтаның құрылысын жүргізген де солар болатын. Шахта құрылысы он жылға жуық жүргізілді. Ол кезде партияның бар кезі және партия бәрін бақылап, қадағалап отырушы еді ғой. «Шахта құрылысы неге ұзаққа созылып кетті?», «Неғып шахтаны қабылдамай жатырсыңдар?» деп қалалық партия комитеті комбинаттың, кеніштің басшыларын талай қыспаққа алғанын да ұмыта қойған жоқпын. Сол кездері Шығыс Жезқазған кенішінің директоры Далабай Ешпанов болатын, мен – бас инженер едім және шахтаны қабылдап алу жөніндегі кеніш тарапынан құрылған жұмыс комиссиясына төрағалық ететін-мін. Әрине, жоғары жақтың қалауы болсын деп кем-кетіктеріне көзжұмбайлық жасап, шахтаны ертерек қабылдап жіберсек те болар еді ғой. Бірақ, оған біздің сол кездің тілімен айтқанда, коммунистік ар-ожданымыз жібермеді, бәрі де тиісті талапқа сай болуын қаладық».

«1967 жылғы 29 шілде күні КСРО Түсті металлургия министрі Ломако-ның «№57 шахтаны пайдалануға беру» туралы Бұйрығы шықты. Әрине, оған дейін сан түрлі комиссиялар келіп саналуан сүзгіден өткізгені айтпаса да түсінікті. «Шахта пайдалануға әзір» деген ең соңғы сәтте республика Түсті металлургия министрі Береза бастаған комиссия келіп, шахтаға түстік».

Жаңа шахтаның іске қосылуы кеніш, комбинат тарихындағы ғана емес, бүкіл Кеңестер Одағындағы айтулы оқиға болды. Шын мәнінде бұл шахтаның іске қосылуына Мәскеудегілер де мүдделі еді. Өйткені...

«Сол тұста отандық технологияны, техникаларды өндіріске енгізуге батыл бетбұрыс жасалып жатқан еді. Мұның алғашқы легі Жезқазғанға да жетіп, №55 шахтада ішінара іске қосыла бастаған-ды. Ал, №57 шахтаны түгел-дей отандық техникамен жабдықтау мәселесі қойылды. Өздігінен жүретін кен-бұрғылау машиналары алғаш осы шахтада қолданысқа енді. Мәскеудің саясаты шетелдік, соның ішінде, әсіресе, американдық техникаларды тықсырып, оның орнына өз елімізде, яғни Кеңестер Одағының заводтарында жасалған техникаларды іске қосу болды. Олар сол ойларын осы шахтада кешенді түрде жүзеге асырды».

Осылайша жаңа шахта жаңа техникалармен қамтамасыз етілді. «СБУ-2», «ПНБ-3», «ПНБ-4», МоАЗ-дар кеншілер еңбегін жеңілдетіп қана қойған жоқ, оларды жаңа биіктерді жеңуге талпындыра да білді.

«№57 шахтада елімізде алғаш рет «мыңшылар» бригадасы дүниеге келді. Бұл бастаманың мәнісі – кешенді бригада бір ауысымда 1000 тонна кен өндіруді алдарына мақсат етіп қойды және сол үдеден табыла да білді. Олардың еңбегі бүкіл елге әйгілі болды. Сол тұстағы бас газет «Правдада» арнайы бет беріліп, олардың бастамасы кеңінен насихатталды. Өндіріске енгізілген соны жаңалықтың арқасында бірқатар басшыларға КСРО Мемле-кеттік сыйлығы берілді. Көптеген кеншілер, мамандар орден-медальдармен марапатталып, абырой мен даңқ биігіне көтерілді. Д.Исмаилов, Н.Макаров, Р.Расновский, Кожемячко, Танабаев, А.Соловей, А.Әбдіманов, Г.Шарафутди-нов, Н.Кривов тәрізді бригадирлердің есімдерін ел мақтаныш тұтатын. Ленин комсомолы сыйлығының иегері Иван Лучанович, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері Арнаш Құттыбаев және т.б. көптеген еңбек майталманда ры №57 шахтаның ғана емес, кеніштің, жалпы Жезқазғанның атын асқақтата білді. Мұндай еңбек озаттары 57-ден көптеп шықты, олардың бәрінің аты-жөндерін тізіп шығу мүмкін де емес».

Пайдалануға берілгеніне 40 жыл толған №57 шахта мақтаныштарының бірі – Қонақбай ақсақалдың өзі. Октябрь революциясы орденінің иегері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Қ.Сейтмағанбетов туған кеніші мен шахтасынан қол үзіп көрген емес.

«Табысына көңілім тасып қуанамын, кемдігін көрсем жүдеп қаламын, мұны өздеріне айтып жүремін.Бірақ, негізі шахтада көптеген оң өзгерістер бар, мені қуантатыны да – сол. Қырық жылға толған №57 шахтаның ел қазынасына қосатын үлесі қомақты бола беретіндігіне еш күмәнім жоқ», - дейді ол.



Біз де өз тарапымыздан ақсақалдың ақ тілегіне қосыла отырып, №57 шахта ұжымына табыстары тасқындай берсін дейміз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет