Ш.Қ. Сәтбаеваның ғылыми мұрасы



бет1/2
Дата27.11.2016
өлшемі406,29 Kb.
#2593
  1   2
ӘОЖ 821.512.122 (574) (092)                                            Қолжазба құқығында

МЕНТЕБАЕВА АЙМАН ЕРТАЙҚЫЗЫ
       

Ш.Қ.Сәтбаеваның ғылыми мұрасы

   


10.01.02 – Қазақ әдебиеті

филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2007
Жұмыс М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының

әлем әдебиеті және халықаралық байланыстар бөлімінде орындалды.


  Ғылыми жетекшілер:                     филология ғылымдарының докторы,

                                                            профессор М.Х.Маданова                                                                               

                                                            филология ғылымдарының

                                                             кандидаты, доцент С.Қорабай
           Ресми оппоненттер:                        филология ғылымдарының докторы,

                                                                      профессор Ж.Тілепов


                                                                      филология ғылымдарының

                                                                       кандидаты Н.Ақыш


                                                                            
          Жетекші ұйым:                                  Абай атындағы Қазақ ұлттық                                                                                                                              педагогикалық университеті

Қорғау 2007 жылғы «19» қазанда сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым Комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 53.34.01 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде өтеді (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).


Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).

                Автореферат 2007 жылдың «                         » ______________ таратылды.


Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы

міндетін атқарушы, филология ғылымдарының

докторы                                                                                              Ісімақова А.С.

Жұмыстың жалпы сипаттамасы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР ҒА Ш.Уәлиханов атындағы 1-ші дәрежелі сыйлығының лауреаты6 филология ғылымдарының докторы, профессор Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева – қазақ әдебиеттану ғылымына үлкен үлес қосқан, әлем әдеби байланыстарының өзекті проблемаларын, қазақ әдебиетінің тарихы мәселелерін зерттеген аса бағалы еңбектерімен республиканың, ТМД елдерінің ғылыми қауымына кеңінен мәлім көрнекті тұлға.

Бұл диссертациялық жұмыс Ш.Қ.Сәтбаеваның қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынын дамытуға қосқан елеулі үлесін саралауды, ғалым еңбектерінің зерттеушілік және әдістемелік қырларын ашуды көздейді. Диссертация авторы өз жұмысында қоғамдық ғылымдарда кең қолданылып жүрген тарихи тұлғатану (персоналистика) принциптерін басшылыққа алды. Тұлғатану ғылымы жеке адам өмірі мен шығармашылығын оқшау түрде емес, оның өзі өмір сүрген қоғам аясында қарастыратыны мәлім. Ш.Сәтбаева шығармашылығы ғалымның жеке тұлғасын зерттеудегі әдебиеттану ғылымының сындарлы жүйесінде қарастырылады.

Соңғы жылдарда әдебиеттану   қайраткерлерінің    еңбектерін  зерттеу   кең  өріс алуда. “З.А.Ахметов  как  теоретик и исследователь казахской литературы”, “С.Қирабаев – әдебиеттанушы”, “ХХ ғасыр  басындағы  қазақ әдебиетінің зерттелуі және Т.Кәкішұлы  шығармашылығы” сынды бүгінгі қазақ әдебиеттануының аға буын өкілдерінің ғылыми мұрасы негізінде бірнеше кандидаттық диссертациялар қорғалды. Мұндай еңбектер қазақ әдебиеттану проблемаларының зерттелу сапасын, бағыт-бағдарын  айқындауға да көмектеседі.

Шәмшиябану Сәтбаеваның ғылыми мұрасы жекелеген ғылыми мақалаларды есептемегенде толық ғылыми тексерістен өткен жоқ. Әдебиет тарихы мен әдеби байланыстар саласында зор еңбек етіп, өз құндылығын жоймай келе жатқан іргелі еңбектер қалдырған ғалымның ғылыми мұрасы жан-жақты талдап, зерттеуді қажет етеді.



Зерттеудің өзектілігі. Қазақ әдебиеттануындағы әдебиет тарихы мен ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап дамыған, бүгінгі күнде филология ғылымдарының маңызды, перспективасы жоғары саласының бірі болып отырған әдеби байланыстар мәселесі бойынша жетекші рөл атқарған ғалымдарымыздың бірі – Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева болды.

Ш.Қ.Сәтбаева өзінің қазақ әдебиетінің тарихы және әдеби байланыстар мәселелеріне арналған алғашқы мақалаларын өткен ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап жариялай бастады. “Француздар қазақтар жайында”, “ХІІІ-ХІХ ғғ. қазақ жеріндегі еуропалық саяхатшылар”, “Қазақ фольклорының шетел әдеби сынында бағалануы” атты т.б. еңбектері бірден ғылыми жұртшылық назарын аударды. Ғалым “Қазақ әдебиетінің ұлтаралық байланысы” (Алматы, 1970), “Әдебиеттер достығы” (Алматы, 1986) және т.б. жинақтарды, сондай-ақ, “Қазақ әдебиеті тарихының” үшінші томын шығару ісіне белсене ат салысты. 1971 жылы “Қазақ әдебиетінің шетел әдеби сынында бағалануы” атты жинақ Ш.Қ.Сәтбаеваның құрастыруымен әрі көлемді алғысөзімен жарық көрді. Мұнда шетелдік авторлардың деректері мен жолжазбаларындағы құнды мәліметтер орыс тіліне аударылып, тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізілді.

Ғалымның зерттеушілік аясы барған сайын кеңейе берді. Фирдоусидің “Шахнамасының” қазақ тіліндегі нұсқасы, шығыстық сюжетке құрылған қазақ дастандары, Абай шығармаларындағы шығыстық сюжеттердің қолданысы, кеңестік кезең қаламгерлерінің шығармаларындағы шетелдік Шығыс тақырыбы, қазақ қаламгерлерінің Азия және Африка елдері жазушыларының ынтымақтастығы қозғалысындағы әдеби байланыстар мәселесі жайлы айтқан ой-пікірлері мәселелері де кең тұрғыда қарастырылған. Осындай құнды мәліметтердің қатарына Байронның сүйіктісі Клер Клермонттың атынан жарық көрген неміс ақыны Герман Гамбстың қазақ елі жайлы жазылған “Владимир және Зара” атты романтикалық поэмасын жатқызуға болады. Ш.Қ.Сәтбаева поэманың 1836 жарық көргенін ескере отырып, қазақ халқы туралы шетелде жазылған тұңғыш поэмаға ерекше мән беріп, оған ғылыми терең талдау жасады. Ш.Сәтбаеваның ғылыми-зерттеу еңбектері осылайша әдеби байланыстар саласын жаңа сатыға көтерді.

Зерттеушіні ерекше қызықтырған мәселелердің бірі – әдеби сапарнама мәселесі. Ғалымның көп жылдар бойғы ізденісінің нәтижесінде “ХІХ – ХХ ғғ. шетелдік саяхатшылар Қазақстан туралы” атты қолжазба әзірленді. Орта Азияда, қазақ даласында болған еуропалық саяхатшылар Плано Карпини, Вильгельм Рубрук, Марко Поло және тағы басқа батыс саяхатшыларының қазақ халқының тарихы, мәдениеті, дәстүрі мен салт-санасы жайлы пікірлері жинақталды. Сондай-ақ, әлем әдебиетінің классиктері Даниэль Дефо, Джакомо Леопарди, Жюль Верн, Адам Мицкевич, Александр Дюма т.б. қазақ еліне қатысты жолжазба, естеліктерін тапты. Тек европалық саяхатшылардың қазақ елі жайлы жазған жолжазбаларын талдаумен ғана шектелмей, қазақ ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сынды ойшылдардың батыс өркениеті жайлы айтқан ой-пікірлерін қорытуға ерекше мән берді. Ш.Қ.Сәтбаева Шығыс және Батыс Европа, Азия елдері жайлы жазған жолжазбалары мен күнделіктері арқылы өзі де әдеби саяхаттардың озық үлгілерін жасап берді. Зерттеушінің барлық ғылыми еңбектері өз уақытында ұлттық салыстырмалы әдебиеттану ғылымына арналған алғашқы ғылыми зерттеулер ретінде осы саладағы ғалымдар мен қоғамдық ортаның жоғары бағалауына ие болған еді.

Қазақ тарихында, мәдениеті мен әдебиетінде “ақтаңдақтардың” ашылуы, тарихқа бір топ талантты ақын-жазушылар мұрасының қосылуы ғылыми зерттеулер бағытын да толықтыра түскені мәлім. Ш.Қ.Сәтбаева Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы,  М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлының шығармашылық мұрасын зерттеу комиссиясының құрамында болып, кейін Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлының шығармаларын жүйелеп бастыру ісіне қатысты, олардың өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеулер жазды.

Шәмшиябану Қанышқызы өзінің ғылыми-теориялық зерттеулерінің бір саласын халық ағарту ісіне арнады. Ол орыс мектептерінің 9-10 сыныптарына және Қазақстан жоғарғы оқу орындарының филология факультеттерінің орыс бөлімдеріне арнап жазылған “Қазақ әдебиеті” оқулығының, “Қазақ әдебиеті” оқулығына арналған методикалық құралдың авторларының бірі болды. Сондай-ақ, ғалымның екі ғасыр бойы қазақ елінің өркендеуіне еңбек еткен Сәтбаевтар әулеті туралы кітаптары да құнды еңбектер.

Ш.Сәтбаева қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі мен ХV-ХVІІІ ғасырлардағы тарихын игеру жоспарлары мен проспектісін жасап, үлкен текстологиялық жұмыс жүргізді. Мұнда VІІ-ІХ ғасырлардағы ежелгі жазбалар, Жүсіп Баласағұнның “Құтадғу білігі”, Қожа Ахмет Иасауидің “Диуани хикмет”, А.Иүгүнекидің “Хибат-ул-хакаих” тағы басқа жалпы түркілік ортақ ескерткіштердің қазақ әдебиетінің дамуына әсері зерттелді.

Ғалым ауыз әдебиетінен бастап кейінгі кезең әдебиетін зерделеп, зерттеді, ғылыми өрісінің кеңдігінің өзі ғалымның көпқырлылығын көрсетеді.



Жұмыстың мақсаты мен міндеті. Диссертациялық жұмыстың басты мақсаты Ш.Сәтбаеваның қазақ әдебиеті тарихы мен оның халықаралық әдеби байланыстары жайлы жазған еңбектерінің әдебиеттанудағы орны мен рөлін анықтау болып табылады. Осы ретте алдымызға мынадай мәселелерді міндет етіп қойдық:

– Әдеби байланыс ұғымының мәнін, оның әдебиеттану ғылымындағы рөлін, қазақ әдебиеттануындағы әдеби байланыстар мәселесінің тарихи негізін анықтау;

– Ғалымның әдеби байланыстар мәселесін зерттеуді жолға қоюдағы атқарған істерін зерделеу;

– Әдеби байланыстардың зерттеуші еңбектерінде сөз болған ішкі салаларын ашып көрсету;

– Ш.Сәтбаева зерттеулеріндегі қазақ әдебиеті тарихы мәселелерінің зерттелу деңгейін анықтау және ғалымның ғылыми ой-тұжырымдарының қазіргі мән-маңызын ашу;

–  Ғалым зерттеулерінің шоқантану іліміне қосқан үлесін бағамдау;

Зерттеушінің Шәкәрім шығармашылығына арналған алғашқы монографиялық еңбектерінің ғылыми мәні мен маңызын ашып көрсету;

Совет әдебиетінің ғалым зерттеулерінде алатын орнын айқындау және бұл зерттеулердің бүгінгі күн талабына сәйкестілігін көрсету.



Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ш.Сәтбаеваның ғылыми мұрасы бүгінге дейін қазақ әдебиеттануында арнайы ғылыми нысанға алынған жоқ. Ғалым еңбектері жайлы жекелеген ғылыми мақалалар мен рецензиялар кездескенімен осыған дейін көлемді зерттеу жұмысы жазылған емес. Жекелеген ғылыми мақалалар мен рецензиялар  қатарында М.Әуезов, З.Ахметов, С.Қасқабасов, Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, Т.Кәкішев, М.Жармұхамедұлы, Ә.Нарымбетов, Ж.Тілепов, Б.Мамыраев, А.Ісімақова, М.Маданова, Г.Елеукенова, А.Ананьева, А.Түсіпова және т.б. ғалымдардың Ш.Сәтбаева өмірі мен зерттеулеріне қатысты ғылыми және ғылыми-танымдық мақалаларын атауға болады.

Әдеби байланыстар мәселесі В.Жирмунский, А.Веселовский, Н.Конрад, Д.Дюришин, А.Дюма, Г.Белинский, М.Бахтин, В.Шкловский және т.б. шетелдік ғалымдардың, ал қазақ әдебиетінің шығыс және батысеуропалық әдебиеттермен байланысы Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, С.Мұқанов, З.Ахметов, Б.Ысқақов, С.Сейітов, З.Кедрина, С.Қирабаев, Ш.Елеукенов, М.Базарбаев, Р.Бердібаев, Ә.Қоңыратбаев, А.Қыраубаева, С.Қасқабасов, Р.Нұрғали, Ж.Ысмағұлов, Ә.Дербісәлі, Е.Лизунова, Ө.Күмісбаев, Б.Әзібаева, А.Жақсылықов, Б.Мамраев, К.Ш.Кереева-Канафиева, С.Дәуітов, М.Маданова, А.Түсіпова, С.Алтыбаева, С.Ананьева  және т.б. отандық ғалымдарымыздың  еңбектерінде жан-жақты қарастырылған.

Ал қазақ әдебиетінің тарихы, соның ішінде Ш.Уәлиханов, Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Әуезов және т.б. қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы жан-жақты сөз болған С.Қирабаев, М.Базарбаев, Р.Нұрғали, Ш.Елеукенов, Т.Кәкішев, М.Жармұхамедұлы, Ә.Нарымбетов, А.Жақсылықов, А.Ісімақова, Б.Әбдіғазиев, Т.Тебегенов, С.Дәуітов, Б.Омаров, Г.Пірәлиева және т.б. көптеген жетекші ғалымдардың еңбетері диссертациялық жұмысына арқау болды.

Батыс және шығыс әдебиеттану ғылымындағы қалыптасқан жүйе негізінде Ш.Қ.Сәтбаева қазақ әдеби байланыстардың жүйелі түрде зерттеуді жолға қойған зерттеуші. Осы салада мектеп қалыптастырып, шәкірттер тәрбиелеп шығарған. Бүгінде ғалымның көптеген шәкірттері ұстазының ізін басып, қазақ әдебиетінің тарихы мен әдеби байланыстары саласында жемісті еңбек атқаруда. Олардың қатарында отандық әдебиеттанудың дамуына өз үлесін қосып жүрген – Ж.Тілепов (“ХІХ-ХХ ғғ. басындағы қазақ поэзиясының тарихилығы”), Б.Мамыраев (“Основные тенденции развития казахской литературы 1-й четверти ХХ века”), М.Маданова (“Казахско-французские литературные связи ХХ века проблемы сравнительного литературоведения”), А.Түсіпова (“Казахско-английские литературные связи ХІХ в.”), С.Қорабай (“Развитие сатиры в казахской литературе начала ХХ века”), Н.Жармағанбет (“Поэтическая трансформация сюжетов “Тысяча и одной ночи”, “Калилы и Димны” в казахской дореволюционной литературе”) және т.б. көптеген ғалымдар мен зерттеушілерді атауға болады. Бұл еңбектер де қазақ әдебиетінің әдеби байланыстары мен тарихын зерделеуде үлкен рөл атқарады, қазақ әдебиеттану қорына қосылған елеулі үлес деуге толық негіз бар.



Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Ш.Сәтбаева шығармашылығын зерттей келе, біз мынадай негізгі тұжырымдарды анықтадық:

– Ш.Қ.Сәтбаева Қазақстанда әдеби байланыстар мәселесін зерттеу ісінің басында тұрып, осы бағытта мектеп қалыптастырған ғалымдарымыздың бірі.

– Сәтбаеваның Шоқан мұрасын орыс әдебиетімен байланыстыра зерттеуі қазақ әдебиетінің өзге ұлттар әдебиетімен әдеби байланысын зерделеу мақсатында жасалған алғашқы ғылыми еңбектердің бірі.

– Әдеби байланыстар мәселесін сөз ете отырып ғалым қазақ әдебиетінің жалпы әлемдік әдебиетпен байланысын жақсы ашып көрсеткен. Соның негізінде қазақ әдебиеті үлгілері мен кейбір авторлардың шығармалары жете зерттелген.

– Шығыстық сюжетке құрылған дастандар, ондағы көркем мотивтер мәселесі, имагология проблемасын қазақ әдебиетінде алғашқылардың бірі болып сөз еткен Ш.Сәтбаева.

– Ш.Қ.Сәтбаеваның саяси қуғынның құрбаны болған Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы шығармаларының өз оқырманымен қайта қауышуына еңбек сіңірген алғашқы ғалымдар қатарынан табылып, орасан зор үлес қосқандығы анықталды. Сәтбаеваның аталған авторлардың әдеби мұралары жайлы айтқан ой-пікірлері кейінгі зерттеу еңбектеріне бірден-бір негіз болып отыр.  

– Қазақ әдебиеттануындағы Сәтбаеваның Шәкәрім шығармашылығына арнаған тұңғыш монографиялық еңбегінде автордың барлық мұрасы қамтылған және ақынның енді ғана ақталып жатқанына қарамастан өте мол материалдар ғылыми айналымға енген. Мұрағат қойнауларындағы көптеген деректер мен қолжазбаларды осы еңбектен табуға болады. Бұл еңбекте Шәкәрім шығармашылығы толыққанды зерттеліп, оның әр шығармасы өзінің оң бағалауын алып, қазақ әдебиетінің көркем мұрасына айналды.

– Ш.Сәтбаеваның Шоқан Уәлиханов шығармашылығы жайлы еңбектері әдебиеттану саласындағы шоқантануға қосылған бірден-бір ғылыми мәні зор зерттеулер.

– қазақ әдебиетінде совет дәуірінде қалыптасқан өндірістік тақырыпқа жазылған шығармаларды кейінгі кезде көркемдігі төмен, әдебиетте жасанды образдардың тууына себеп болды деген біржақты бағалау айтылған-ды. Сәтбаева еңбектерін қарастыру негізінде бұл тақырыптағы шығармалардың тууының тарихи және саяси себептері анықталып, мұндай туындылардың барлығының бірдей шынайылығы төмен, көркемдік деңгейі әлсіз еместігі дәлелденді.

Зерттеудің нысаны. Негізгі зерттеу нысаны ретінде Ш.Сәтбаеваның мынадай ғылыми-зерттеу еңбектері алынды: “Казахско-европейские литературные связи ХІХ и первой половины ХХ вв.” (1972); “Әдеби байланыстар” (1974); “Өрнекті өріс” (1977); “Л.Толстой в Казахстане” (1979); “Әдебиет мерейі” (1981); “Казахская литература и Восток” (1982); “Достық дастандары” (1983); “Шоқан Уәлиханов – филолог” (1987); “Чокан Валиханов и русская литература” (1987); “Шакарим Кудайбердиев” (1993); “Уақыт шуағы”, “Веяние времени” 2 томдық мақалалар жинағы (2000); “Әр жылдардан” (2002).

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертациялық жұмыста әдебиеттанушы ғалым Ш.Қ.Сәтбаеваның ғылыми мұрасы тұңғыш рет диссертациялық зерттеу нысанына алынып отыр. Зерттеуде қазақ әдебиеті тарихы мен әдеби байланыстар мәселесі өзара сабақтастықта қарастырылды.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде өзекті мәселеге айналып отырған әдебиеттер мен мәдениеттер арасындағы әдеби байланыс, мәдениеттер диалогы, жатұлттық сюжетке құрылған қазақ қисса-дастандары, әдебиеттанудағы көркем мотивтер мәселесі, қазақ әдебиетінің орыс, батысеуропа әдебиеттерімен байланысы және т.б. мәселелер жайы қарастырылған ғалым зерттеулері бүгінгі әдебиеттану ғылымының талаптары тұрғысынан қарастырылды.     

Сондай-ақ, ғалымның қазақ әдебиетінде саяси-әлеуметтік өзгерістер негізінде 20-30 жылдары қалыптасқан өндірістік тақырыптың көркем әдебиеттегі көрінісін зерделеудегі ғылыми тұжырымдары жаңаша көзқараста талданды. Ғалымның ақтаңдақтар әдебиетін зерттеуге қосқан үлесі оның ғалымдық бейнесін нақтылай түсетіндігі дәлелденді. Ш.Сәтбаеваның Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, сонымен қатар, Ы.Алтынсарин, С.Торайғыров сынды қазақ ақын-жазушыларымен қатар Л.Тостой, Т.Шевченко, Н.Тургенев, А.Горький, Г.Плеханов сынды қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығы жайлы айтқан пайымдаулары өз құндылығын жоймағандығы анықталды.

Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Қазақ әдебиетіндегі көркем сарындардың сюжет құрудағы рөлін айқындау, әдеби байланыстардың тарихи және теориялық негізін анықтау, қазақ әдебиетіндегі әдеби сапарнама жанры, Сәтбаева зерттеулеріндегі қазақ әдебиетінің шығыс және батысеуропалық әдебиеттермен өзара байланысы мәселелерін тарихи және теориялық тұрғыда бағамдау жұмыстың теориялық маңызын танытады.

Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары мен қорытындыларын арнаулы орта мектептерде, жоғарғы оқу орындарындағы филология, шығыстану факультеттерінде, “қазақ әдебиетінің тарихы” пәні мен арнаулы курстарды оқытуда пайдалануға болады. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің өзге шетелдік әдебиеттермен байланысы жайындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен әдеби байланыстар мәселесіне қатысты оқулықтар мен оқу құралдарын жазуда көмекші құрал ретінде пайдалануға болады.         



Зерттеудің әдістері. Диссертациялық жұмыста жүйелі-кешенді, типологиялық, салыстырмалы-тарихи, тарихи-әдеби, объективті талдау әдістері пайдаланылды.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен сарапталуы. Диссертациялық жұмыстың негізгі мазмұны мен тұжырымдары жалпы саны 17 басылымда жарық көрді. 3 ғылыми мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті бекіткен отандық ғылыми журналдарда жарық көрді. Сондай-ақ диссертация тұжырымдары халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференциялар мен халықаралық симпозиумдарда жасалған ғылыми баяндамаларда қамтылды.

Жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, негізгі екі бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. 
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, зерттеу нысандары, мақсаты мен міндеттері, жұмыстың дереккөздері, зерттеудің теориялық, методологиялық негіздері, зерттеу әдістері, ғылыми жаңалығы, теориялық-практикалық маңызы, сарапталуы және құрылымы жөнінде толық мәлімет берілген.

Диссертациялық жұмыс екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім “Ш.Қ.Сәтбаева зерттеулеріндегі Батыс және Шығыс әдеби байланыстары” деп аталады. Мұның өзі іштей Әдеби байланыстардың тарихи және теориялық негізі”, “Ш.Қ.Сәтбаева зерттеулеріндегі шығыстық сюжетке құрылған қазақ дастандары және ондағы көркем мотивтер жүйесі”, “Қазақ әдебиетінің батысеуропалық әдебиетпен байланысының зерттелуі” деген үш тарауға бөлінеді.

Әдеби байланыстардың тарихи және теориялық негізі” атты бірінші тарауда “салыстырмалы әдебиеттану”, “әдеби байланыстар” терминіне қатысты “энтропиялық құбылыс”, “жаһандану”, “мәдениеттер диалогы”, “әлем әдебиеті” (Гете), “әдеби алмасулар”, “өзараәрекет”, “әсер беруші әдебиет”, “қабылдаушы әдебиет”, “типологиялық байланыс”, “аналогия”, “рецепция теориясы”, “антропологиялық теория”, “имагология”, және т.б. теориялық ұғымдар жете талданған. Олардың терминдік мәнімен қатар пайда болу тарихы, әдебиеттанудағы қолданысы жан-жақты сөз болады.

Бұл терминдер арқылы әдеби байланыстардың қаншалықты жедел дамып келе жатқандығын, оның қаншалықты жаңа терминдік ұғымдармен байығандығын, соған орай жаңа құбылыстар, жаңа сипаттар пайда болғандығын байқауға болады. Халықтар өмірі мен тарихы, мәдениеті мен әдебиеті жайындағы әдебиеттің көпқырлы саласы – әдеби алмасулар мен байланыстарды зерттеу ісі қашанда өзекті, айтары көп сала. Әсіресе тәуелсіздік кезеңінде ХХ-ХХІ жылдар тоғысында қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстарының жандана түсуі бұл мәселенің өзектілігін айқындайды.

“Байланыс”, “өзара қарым-қатынас”, “өзараәсер” ұғымдары әлемдік құбылыс болып табылады. Оның бастау аларлық алғашқы нүктесін және аяқталу сәтін (егер аяқталар болса) дәл айқындау мүмкін емес. Бұл адамзат баласының тіршілігінің қандай да бір саналы өмір сатысынан басталғанға ұқсайды. Және қоғамдық даму барысында өзіндік жаңа құндылықтармен байып, жетіліп отырған. Кейін келе территориялық даралықтарға байланысты қандай да бір шектеулер қойылып, ерекшеліктер айқындала бастаған.

Байланыс немесе өзара қарым-қатынас байланыс екі немесе бірнеше объектілер арасындағы процесс. Осы негізде пайда болған Батыс пен Шығыс ұғымдары адамзаттық сананың әлем мәдениетін ең алғаш типологиялық тұрғыда жіктеуінен туындаған. Батыс пен Шығыс – бірін-бірі толықтырушы категориялар, сондай-ақ бір-біріне антоним ұғымдар. Батыс пен Шығыс арасындағы байланыс әлем тұтастығын, әлемдік күштің территориялық немесе ұғымдық бірлігін бейнелейді. Тарихта болған барлық империялардың Батыс пен Шығыс парадигматикасына ерекше көңіл бөлуі де осының айғағы (Көне Қытай, эллинистикалық Грекия, Рим империясы, Византия, Шыңғыс хан басқарған көшпенділер империясы, СССР және т.б.). Сондай-ақ мәдени-мағыналық шекараның тұрақсыздығын ескерсек, Батыс пен Шығыс қарым-қатынасының одан әрі күрделене түскендігін аңғарамыз. Мәселен, Солтүстік Африка эллинистикалық кезеңде Батыстың бөлінбес бір бөлшегі болып саналатын. Араб басқыншылығынан кейін ол мұсылмандық Шығыстың құрамдас бөлігіне айналды. Кавказ халықтарының Ресейге қосылуы менталитеті мен мәдениеті шығыстық болып саналатын бұл елдердің еуропалануына себеп болды.

Міне осы тұрғыдан келгенде, Ш.Сәтбаева еңбектеріндегі қазақ әдебиетінің Шығыс және Батыс әдебиеттерімен байланысын зерттеу - қазақ әдебиетінің әлем әдебиетіндегі орнын айқындауға, өзіндік дара құндылықтарын анықтауға мүмкіндік береді. Түрлі халықтар әдебиетін өзара салыстыра, салғастыра, байланыстыра отырып қарастыру - әдебиеттердің өзара қарым-қатынасын, генетикалық, типологиялық байланысын, өзара бірін-бірі байытуын бағамдауға септігін тигізеді.

Ш.Қ.Сәтбаеваның ғылыми мұрасын жүйелі зерттеу барысында әдеби байланыстардың тууы мен дамуының мынадай алғышарттары анықталды:

1. Сауда-саттық қарым-қатынасы. Еуропалықтар Қытаймен сауда қатынасына түсу мақсатында Шығысқа қарай жол салды. Бұл жайлы Ш.Сәтбаева мынадай дерек келтіреді: “Быстрое развитие торгового капитала в некоторых европейских странах привело к поискам новых рынков. Стремление предпринимателей найти кратчайший путь в Китай обратило их взоры на Русь и сопредельные ей земли” [1, с.22].

Бұл деректі дәлелдейтін мәліметтер Шоқан Уәлиханов еңбектерінде де кездеседі: “В середине века оседлость здесь сильно распространилась, особенно в Илийской долине. Города Алмалык (а ныне Туркестанское селение), Хонакай и Кайнак (существующие и теперь) и Алатау (где ныне укрепление Верное) были известны по своей торговле и служили станциями на большой дороге, по которой ходили генуэзские купцы в Китай и кипчакские послы к великому хану” [2, с.94].

2. Монғолдардың әлем халықтарын жаулап алуға деген ұмтылысынан қорыққан батыс елдері миссионерлер мен саяхатшылар, ғалымдарды елшілікке жіберіп, көшпелі елдердің георграфиясы, тұрмыс салты, тіршілігін тануға тырысты. Сәтбаева бұл жайлы былай дейді: “Западная Европа, обеспокоенная стремительными завоеваниями монголов и установлением на пространстве от желтого моря до Карпат монгольской империи, решила завязать сношения с ней и послать туда с разведывательными целями специальные миссии” [1, с.15]. 

3. Батыс пен Шығыс аралығындағы сауда жолы үстіндегі ұлан-байтақ қазақ жері Ресей патшалығы назарына ертеден-ақ ілінді. Бірінші Петр: «Қырғыз-қайсақ даласы азиялық бүкіл елдер мен жерлердің кілтін ашып кірер қақпасы»,- деп бекер айтпаған. Қазақстан Ресейге қосылмас бұрын да, әсіресе қосылғаннан кейінгі алғашқы жылдарда байтақ елдің мән-жайы, табиғи байлықтары, тұрмыс-кәсіп жағдайларын танып білу, зерттеу үшін қазақ-жерінің түкпір-түкпіріне ғылыми, әскери экспедициялар жіберілген. ХVІІІ ғасырда ұлы ғалым М.Ломоносов Ресейдің Шығыс халықтарымен экономикалық және мәдени байланыстарда болуын қолдап, Ориенталдық Академия және Петербург университетінде шығыс тілдері кафедрасын ашуды ұсынған.

Міне түрлі елдер арасында саяси және экономикалық мақсаттар негізінде қалыптасқан қарым-қатынастар уақыт өте келе әдеби және мәдени байланыстарға мұрындық болды.  

Диссератцияның “Ш.Қ.Сәтбаева зерттеулеріндегі шығыстық сюжетке құрылған қазақ дастандары және ондағы көркем мотивтер жүйесі”  атты екінші тарауы қазақ әдебиетінің Шығыс әдебиетімен байланысы зерттелген. Қазақ әдебиетінің Шығыс әдебиетімен байланысы ауқымды дүние, келелі тақырып. Оны бір диссертациялық жұмыстың көлеміне сыйғызу әсте мүмкін емес. Сондықтан бұл жұмыста зерттеушінің “Казахская литература и Восток” деп аталатын монографиялық еңбегінде талданған шығыс әдебиеті мен қазақ әдебиетін дәнекерлеуші – шығыстық сюжетке құрылған дастандар, және ондағы көркем мотивтер жүйесі зерттеу нысанына алынған. Бұл тарауда Құраннан, шығыстық ұлы туындылар – “Мың бір түн”, “Шах-нама”, “Панчатантра”, “Калила мен Димна” және т.б. шығармалардан бастау алатын “Бозжігіт”, “Сейфүлмәлік”, “Тахир-Зухра”, “Мұңлық-Зарлық”, “Иранғайып шах Ғаббас” және “Жүсіп-Зылиха” дастандары қарастырылды. Бұл шығармалардағы шығыстық мотивтердің көркемдік және композициялық мәні айқындалды. 

Жалпы алғанда, түрлі халықтар әдебиетінде кездесетін ұқсас сюжеттер мен мотивтердің қалыптасуының екі жолы байқалады. Бірі – әдеби байланыстар негізінде, екіншісі – ешқандай әдеби, мәдени байланысы жоқ елдер әдебиетіндегі мотивтік қайталаулардың кездесуі. Алғашқысы, яғни әдеби байланыс арқылы енген сюжеттер мен мотивтердің болуы әрине, халықтар арасындағы туыстық, бір негізден тараушылық, болмаса тікелей өзара байланыстар мен алмасулардан туындағаны сөзсіз. Ал еш байланысы жоқ, территориялық жағынан алыс жатқан, тарихи туыстығы жоқ елдердің әдебиетінде кездесетін ұқсатықтар, әрине, таңқаларлық жайт. Бұл жайлы орыс ғалымы В.Шкловский былай деген екен: “Слишком много, иногда слишком подробно говорили мы о бродячих сюжетах. Но оказалось, что сюжеты бродят не только по дорогам. Они переплывают моря и обитают на тех островах, куда еще не пришли корабли. Что же бродит и что повторяется и почему сюжеты оказываются там, куда не доехать, не доплыть, не долететь?” [3, с.156].

Мұндай сюжеттер немесе мотивтер әр халық әдебиетінде кездеседі. Ал оның туындау себептері мен ұқсастығы адамзат санасының болмыстық бірлігінде жатқанға ұқсайды. Қоғамдық, танымдық, тұрмыстық тіршілігі ұқсас халықтар әдебиетінде мұндай тақырыптық және композициялық бірліктегі мотивтердің кездесеуі заңды. Себебі, сюжет те, кейіпкер де, идея да өмірден алынады. Өмірдегі тұрмыс-тіршілігі ұқсас халықтардың дүниетанымы да ұқсас, сол ұлттық дүниетаным тұрғысынан қалыптасатын әдебиеті де, мәдениеті де ұқсас болып келеді. Бұл табиғат заңдылығы іспетті.

Зерттеуші Ш.Сәтбаеваның зерттеулеріндегі қазақ дастандарындағы көркем мотивтер осы шығармалардың жетекші компоненттері ретінде қарастырылды. Олардың шығармадағы атқарып тұрған көркемдік қызметін жоғары бағаланады. Ғалым зерттеулеріндегі аталған туындыларда мынадай мотивтерді даралап көрсетуге болады:

– Перзентсіздік мотиві.

– Таңғажайып туу мотиві немесе таңғажайып балалар мотиві.

– Аян түс мотиві.

– Естен тана ғашық болу мотиві.

– Күйеуінің өз әйелінің тойына қайтып оралу мотиві.

Жалпы дастан жанры, ондағы көркем мотивтер мәселесінің қазақ әдебиеттану ғылымында біршама зерттелгендегі ақиқат. Соның ішінде дастан жанрын алғаш монографиялық деңгейде зерттеуші фольклортанушы-ғалым Б.Әзібаеваның еңбектерін ерекше атап өту қажет. Ал зерттеуші Ш.Қ.Сәтбаева болса бұл мәселені әдеби байланыстар тұрғысынан қарастырады. Ғалым зерттеулеріндегі көркем мотивтерді бір ізге сала қарастырғанда белгілі бір жүйелілікті аңғаруға болады. Мәселен, перзентсіздік мотиві қазақ әдебиетінде көнеден келе жатыр. Оның алғашқы көрінісі Х-ХІ ғғ. көне түркі жазба ескерткіші “Қорқыт ата кітабында” кездеседі. Сондай-ақ, “Таһир-Зухра”, “Мұңлық - Зарлық”, “Сейфүлмәлік”, “Шәкір – Шәкірат”, “Ләйлі – Мәжнүн” және т.б. батырлық, лиро-эпикалық туындыларда кездеседі. Бұл мотив, Ш.Сәтбаеваның атап көрсеткеніндей, түркі тілдес халықтардың көпшілігіне ортақ және жалпы сюжеттік желінің бастауы болып табылады. Бұл ертегілерде де көп кездесетін мотив. Мыңды айдаған бай адам бір перзентке зар болады. Өмірден баз кешіп, әулие аралап, бала тілейді. Оқырманды бірден баурап алып, адамгершілік, жанашырлық сезімдеріне қозғау салатын бұл мотив төңірегінде әлеуметтік мәселелер де сөз болып отырады. Көп жағдайда шығарма осы мотивтен басталып, оқиға осы мотив төңірегінде өрбиді.

Ғалым Ш.Сәтбаева өз зерттеулерінде мынадай ерекше бір жайға көңіл аударады. Зерттеушінің айтуынша қазақтың шығыстық сюжетке құрылған шығармаларының ешбірінде перзентсіз ата-ана көпшіліктің мазағына қалмайды. Ал кейбір өзге шығыс халықтарында мұндай салт бар екен. Мәселен, оғыз батырлық эпосы “Дәдәм Қорқыт” кітабының Бұқаш жырында: “Хандардың ханы Баюндур аспан астына ала шатыр тіктіріп, қалы кілем төсетіп, жылдағы әдетінше төңірекке ат шаптырып, той жасайды. Хан тойдың бір шетіне ақ ту, бір шетіне қара ту, бір шетіне қызыл ту көтеріп:

– Перзенті жоқ қу басты қара тудың, ұлы барды ақ тудың, қызы барды қызыл тудың астына жайғастырыңдар,- деп әмір етеді.

Дерсехан деген бектің ұлы да, қызы да жоқ еді. Баюндур ауылының жігіттері астына қара киіз жайып, алдына қара қойдың етін тартып, Дерсеханды қара тудың түбіне отырғызады.

- Перзентсіз адам – құдайдың қарғысы атқан жаны. Оның орны қара ту деп әмір еткен Баюндур ханның өзі”,- дейді жігіттер [4, 115-б.].

Мұндай салттың бір сипаты қазақ ертегісі “Батыр Әлібекте” де кездеседі. Мұнда төрт түлігі сай бай бір күні перзент тілеп дала кезіп келе жатқанда бір үлкен тойға жолығады. Мұнда оны:

Ұлдыларға орын бар,

Қыздыларға қымыз бар,

Ұлы-қызы жоқтардың,

Бұл жиында несі бар

– деп қарсы алады.

Түркмендердің Жұман бақсы жырлаған “Хурлиха-Хамире” дастанының бір нұсқасында уәзір Раушанай ұлды болғанына орай үлкен той қылады. Сол кезде қалыптасқан дәстүр бойынша ұлы барға – ат, қызы барға – құлын сыйға тартылып, ал ұлы да, қызы да жоқ адамның белбеуіне сүйек қыстыру салты болған екен. Халық осы салттың перзентсіз Хысроу патшаға қатысты да орындалуын талап етеді [5, 53-б.].

Мұндай дәстүр халықтардың көне тайпалық-рулық қатынастары кезеңінен қалған тәрізді. Себебі, ол кезде баланың тууы рудың ары қарай жалғасатындығын білдірген. Сол себепті баласы жоқ жандардың тегі жалғаспайды деп саналған, бұған сол адамның жеке басының кемшілігі іспетті қараған.    

Таңғажайып туу немесе таңғажайып балалар мотиві қазақ ертегілерінің біршамасында кездеседі. Зерттеуші Ш.Сәтбаева бұл мотивті көшпелі деп атап көрсетеді. Мұнда перзентсіздік зары өткен хан жас қызға үйленеді немесе әулие-әмбиелерді кезіп бала тілейді (кейбір туындыларда аң мен құстың (жыланның, арыстаның т.б.) етін жейді). Күндердің күнінде әйелі жүкті болып, күйеуі үйде жоқ кезде дүниеге сәби әкеледі. Мұны көре алмаған арам ойлы күндестері немесе дұшпандары сәбилерді аңның немесе хайуанаттың балаларымен алмастырып қояды. Бұл жайтқа ашуланған хан әйелін үйден қуып жібереді. Ал балалар мейірбан көмекшілер арқасында тірі қалады және олар таңғажайып кейіпте болып келеді (мәселен, алтын айдарлы, күміс тұлымды). Дәл осындай мотивті қамтыған ертегіні Ы.Алтынсарин шығармаларынан кездестіруге болады (“Алтын айдар” ертегісі). Мәселен “Бозжігіт” дастанындағы басты қаһарман Бозжігіт те “басында алтын айдар тұлымы бар, халқының әлпештеген ұланы”. Бұл мотив, әдетте, сюжеттік байланысқа негіз болып табылады. Осы мотив арқылы сюжеттік желі өрбіп, жаңа оқиғалардың өрістеуіне жол ашылады.  

Түркі тілдес халықтардың, сондай-ақ, жалпы әлем халықтарының әдебиетінде кеңінен таралған мотивтердің бірі – аян түс мотиві. Мұнда жас ханзада сипаты жаннан асқан сұлу қызды түсінде көріп ғашық болады. Қыз да оны сүйеді және жолына қарайлап жүр екен (мәселен, “Бозжігіт” дастаны). Осы сезім жан-дүниесін жаулаған жас жігіт әбден азап шегеді. Аталған мотив шығармаға фантастикалық элементтердің кірігуіне және сюжеттің ширыға түсуіне себепші болады. Аян түс тек сүйіспеншілік сезімін жеткізуде ғана емес, төніп келе жатқан қауіп-қатер немесе жақсы оқиғалардың да хабаршысы іспетті. Осы арқылы кейіпкерді болашақ оқиғаға психологиялық тұрғыда дайындап алу ісі жүзеге асады. Болмаса көп сөзділік, ұзақ баяндаудан гөрі кейіпкердің осы аян түсі арқылы маңызды мәселелерді, күтпеген, тосын жайларды шағын эпизодпен жеткізу тәсілінде қолданылады.

Және бір ерекше мотивтердің бірі – естен тана ғашық болу мотиві. Ш.Сәтбаева өзге мотивтерге қарағанда бұл мотивтің шығыстық сипаты басым екендігін атап өтеді. Мұнда сүйген адам ғашығын көргенде-ақ естен тана құлайды немесе фәни дүние өз мәнін жоғалтады. Мәселен, “Ләйлі-Мәжнүн” дастанында Қайыс Ләйліге деген шексіз махаббаттан “ақылсыз” атанған (Мәжнүн деген есім осының айғағы). “Сейфүлмәлік” және “Бозжігіт” дастандарында басты қаһарман сүйгеніне деген сағынышты қайғыдан сарғаяды немесе боп-боз болып кетеді. Мұндай мотивтер шығарманың шиеленісін күшейте түседі және туындыға терең сезімдік иірім, лирикалық реңк беріп тұрады. Естен тана ғашық болу мотивтің шындық сипатынан гөрі романтикалық, фантастикалық сипаты басым. Сүйіспеншілік сезімін ерекше құрмет тұтып, қасиетін жоғары бағалағаннан туындаған мотив кез-келген дастанның көркін кіргізіп, мәңгілік тақырып – махабатты өзінше жырлаған шығыс халықтарының табиғи танымындағы бір ерекшелікті байқатып тұрғандай. Мұнда тек жасандылық, сезімді асыра бағалаушылық жатпаса керек. Адамның ғашықтықтан қандай да бір өзгеше күй кешуінің құпиялы сыры аңғарылатындай.

Зерттеуші Ш.Сәтбаеваның және ерекше атап өтер мотивтерінің бірі – күйеуінің өз әйелінің немесе қалыңдығының тойына қайтып оралу мотиві. Бұл мотив қазақтың төл шығармасы батырлық жыры “Алпамыс” пен көне грек эпосы “Одиссейде” де кездеседі. Біріншіден, бұл шығармалар бір-бірінен территориялық алшақтықта жатқан елдерде дүниеге келген. Бұл кезде екі елдің арасында ешқандай әдеби, мәдени, экономикалық байланыстардың болмағаны тарихтан аян. Екіншіден, екі туындының дүниеге келу уақыты да алшақ. “Алпамыс” жыры бір ғалымдардың пікірі бойынша Түркі қағанаты тұсында, біздің дәуіріміздің 6-8 ғғ. дүниеге келген болса, енді бір топ ғалымдар жырды ХІV-ХVІІ ғғ., Дешті Қыпшақ дәуіріне тиесілі деп біледі [6, 429-б.]. Ал көне грек ақыны Гомердің “Одиссейі” болса біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ-VІІ ғасырларда туған.

Ал осы екі туындыдағы аталмыш мотивтің өзара ұқсас келуін түсіндіру өте қиын. Бұл жайлы ғалым В.Жирмунский былай дейді: “Сюжет “возвращения мужа” (“муж на свадьбе своей жены”)” имеет чрезвычайно широкое распростанение в фольклоре и средневековой литературе европейских народов, но в форме, в значительной мере модернизованной, утратившей черты богатырской сказки, столь очевидные в “Алпамыше” [7, с.276].  Дәл осы мотив шығыстық сюжетке құрылған “Тахир-Зухра” дастанында да кездеседі. Мұнда да жоғарыдағы екі эпостағыдай бас қаһарман бөтен адам сипатында келсе де ғашығы оны музыкалық аспапта мұңды өлең айтуынан танып қояды. Бұл мотивтің Ш.Сәтбаева фольклордың әртүрлі жанрларына тән екендігін атап өтеді. Аталған мотив, көп жағдайда, сюжеттік шешімге себеп болады.

Ш.Сәтбаева зерттеулерінде талданған бұл әдеби мотивтердің атқарып тұрған қызметі жоғары. Сюжет бірнеше мотивтердің тізбегінен тұрады деген пікірге жүгінетін ғалымдар көзқарасын құптасақ, аталған әдеби мотивтерді белгілі бір жүйеге тізбектеп қоюға болады. Бірінші орында перзентсіздік мотиві, одан соң таңғажайып туу немесе таңғажайып балалар мотиві, мұнан соң аян түс және естен тана ғашық болу мотиві, ең соңында күйеуінің өз әйелінің немесе қалыңдығының тойына қайтып оралу мотиві орналасады.

Сонда осы мотивтерден сюжет құрап көрсек, бір перзентке зар болған адам тәңірден сәби сұрайды. Тәңір оның көз жасын көріп бала береді. Ол бала қарапайым бала емес, ғажайып бала болып туады. Осы бала ер жете келе аян түс көріп, өзінің болашақ жарына ғашық болады. Бұл ғашықтық қалыпты жағдайда емес, қаһарманның естен танып құлай сүюіне, ауруға шалдығуына немесе құса болуына дейін апарады. Осы ғашықтық сезіміне бой алдырып, сол арманын орындау мақсатында немесе өзге де түрлі себептермен елінен кетіп, талай қиындықтармен, дұшпандарымен күресе жүріп бас кейіпкер еліне қайтып оралып (немесе қалыңдығының еліне келіп), өзінің қалыңдығының тойының үстінен шығады.

Сондай-ақ бұл тарауда дастан жанры туралы түсінік, ол жайлы ғалымдар пікірі, әдебиеттанудағы мотив термині, оның қалыптасу тарихы мен шығармада атқарар көркемдік қызметі жете сөз болады.

Бірінші бөлімнің үшінші тарауы “Қазақ әдебиетінің орыс және батысеуропалық әдебиетпен байланысының зерттелуі” деп аталады. Мұнда Ш.Қ.Сәтбаеваның “Казахско-европейские литературные связи ХІХ и первой половины ХХ вв., “Әдеби байланыстар”, “Л.Толстой в Казахстане”, “Достық дастандары”, “Уақыт шуағы”, “Веяние времени” 2 томдық мақалалар жинағында қамтылған зерттеулеріне талдау жасалған. Соның ішінде Л.Толстой, А.С.Пушкин, М.Горький, Т.Г.Шевченко сынды қаламгерлердің шығармашылығы жайлы жазылған сын-зерттеу мақалалары, Ш.Қ.Сәтбаеваның тыңғылықты ізденісінің нәтижесінде табылып, ғалымның зерттеулері арқылы қазақ оқырманына танылған француз ақыны Клер Клермонттың “Владимир мен Зара немесе қырғыздар” деп аталатын поэманың тууы тарихы және оның авторы жайлы толық мағлұмат беріліп, туындыға көркемдік талдау жасалған.

Ғалым Ш.Қ.Сәтбаеваның ХІХ ғасырда қазақ әдебиетінің үлгілерін жинап, зерттеп, бастыру ісімен айналысқан орыс мемлекет қайраткері А.И.Левшин, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, А.Е.Алекторов сынды зерттеуші, ғалымдардың еңбектері жайлы айтқан ой-пікірлері, пайымдаулары талданды. В.В.Радловтың қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жіктеуі, қазақ ертегілері, батырлық жырлары туралы айтқандары, Г.Н.Потаниннің фольклорлық шығармаларды жинастыруы, оларды өзге халықтар әдебиеті үлгілерімен салыстыра зерттеуі, А.Е.Алекторовтың қазақ өмірі жайлы жазған еңбектері, ол дайындаған «Қырғыздар туралы кітаптар, журналдар мен газеттердегі мақалдар мен хабарлардың көрсеткіші» сөз болады.    

Жұмыстың екінші бөлімі “Ш.Қ.Сәтбаева зерттеулеріндегі әдебиет тарихы мәселелері” деп аталады. Бұл бөлім іштей “Ғалымның шоқантануға қосқан үлесі”, Ш.Қ.Сәтбаева – шәкәрімтанудың негізін қалаушылардың бірі және “Ш.Қ.Сәтбаева зерттеулеріндегі әдеби процесс” деген үш тараудан тұрады. 

Ғалымның шоқантануға қосқан үлесі” атты тарауда Ш.Сәтбаеваның Ш.Уәлиханов шығармашылығына арнаған “Шоқан Уәлиханов – филолог” (1987) және “Чокан Валиханов и русская литература” (1987) атты монографиялық еңбектеріне талдау жасалған. М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Н.Смирнова, М.Қаратаев, З.Ахметов, А.Нұрқатов, Р.Бердібаев, Х.Сүйіншалиев, М.Жолдасбеков және т.б. көптеген көрнекті ғалымдар Ш.Уәлихановтың әдебиеттану, публицистика саласындағы зерттеу еңбектерін жоғары бағалаған. Ә.Х.Марғұлан ғалымның өмір жолы мен еңбектерін, ол туралы естеліктерді баспаға даярлаған еді. Соның ішінде әдебиет пен тіл саласындағы зерттеулерін де жете зерделеген. Автордың “Шоқан және “Манас” атты монографиялық еңбегі осының айғағы [8].

Ш.Сәтбаева зерттеулерінде қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқанның “Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде”, “Тәңірі”, “Оңтүстік Сібір тайпаларының тарихынан”, “Жоңғария очерктері”, “Қазақ шежіресі”, “Қазақтардағы шамандықтың қалдығы”, “Профессор И.Н.Березинге хат”, “Профессор И.Н.Березиннің “Хан жарлықтары” атты кітабын оқығанда”, “Жамиғ-ат тауарихтан”, “Тарихи-Рашидиден”, “ХVІІІ ғасырдың батырлары жайындағы тарихи аңыздар”, “Ұлы жүз қазақтарының аңыздары” деп аталатын зерттеулері мен мақалаларын қамтылған. Ғалым Шоқанның филолог ретіндегі биік ой-тұжырымдарын, терең білімдарлығы мен халқының көркем сөз қазынасын, тілін ерекше сүйгендігінің, және басқа халықтардың рухани қорынан еш кем түспейтін қадір-қасиетін жоғары бағалағандығының айғағы деп таниды. Зерттеушінің осы аталған зерттеулер мен мақалалардағы қазақ әдебиетіне қатысты материалдар мен ой-тұжырымдарды екшелей отырып, ұлттық сөз өнерінің басты-басты құбылыстары мен дәуірлері, проблемалары мен мәселелері жөніндегі пікірлері зерделенді.

Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығы жайлы жазылған еңбектер баршылық, бірақ ғалымның филологияға қатысты қыры, орыс әдебиетімен, мәдениетімен, әлемдік халықтар әдебиетімен байланыстылығы жайын сөз етуімен де бұл еңбектер өзгелерден ерекшеленеді. Осы екі еңбегі үшін Сәтбаеваға Ғылым академиясының Ш.Ш.Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлықтың берілуі де ғалым зерттеулерінің ғылыми дәрежесін танытады. 

Ш.Сәтбаева еңбектеріндегі Шоқанның қазақ әдебиеті туралы зерттеулерінің мынадай бағытта өріс алғандығын атап өтуге болады:

1. Қазақ ауыз әдебиеті, оның маңызы; эпостық жырлардың тууы, оның тарихи шындықпен байланыстылығы мен ерекшеліктері; қазақ халық поэзиясының жанрлық түрлері мен өзгешеліктері; аңыздар, ертегілер, айтыстар, мақалдар, және олардағы этнографиялық көріністер.

2. Қазақ әдебиетінің жекелеген өкілдері – Асан қайғы, Бұқар жырау, Тәтіқара жырау, Шал ақын, Жанақ, Шөже, Орынбай, Нұрымбай; ертедегі көптеген шығыс жазбаларындағы қазақтарға, олардың аңыз-әңгімелеріне байланысты деректер.

3. Әдеби алмасулардың сыр-сипаты, әдеби салыстырулар.

Сондай-ақ, ғалым Ш.Сәтбаева ғылыми-зерттеу еңбектеріндегі Ш.Уәлихановтың орыс әдебиеті жайлы зерттеулерінің мынадай салалары айқындалды:

- Ш.Ш.Уәлихановтың орыс фольклоры мен жылнамаларындағы образдар жайлы пікірлері;

- Ғалымның қазақ және орыс ертегілеріндегі сюжеттердің ұқсастығы жайлы көзқарасы;

- Орыс қоғамы дамуына византиялық кезеңнің әсері және христиандықтың зиянды жақтарын зерделеуі;

- Уәлихановтың Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Белинский шығармашылығы жайлы ой-пікірлері;

- Орыс жылнамаларын сенімді тарихи деректер ретінде пайдалануы;

- бірнеше халықтар әдебиетіндегі аңыз-әңгімелердің мазмұны, сюжеті, мотивтерінің ұқсастығы жайлы ғылыми тұжырымдары және т.б.

Екінші бөлімнің «Ш.Қ.Сәтбаева – шәкәрімтанудың негізін қалаушылардың бірі» атты екінші тарауда ғалымның Ш.Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығына арналған монографиялық еңбегі, мақалалары талданған.

Қазақ әдебиетінің біртуар алыптары Шәкәрім, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжан, Міржақып есімдері 1980 жылдар аяғында қазақ әдебиетінен өзінің заңды орнын тауып, оқырманымен қауышты. Бұл қаламгерлердің әдебиетімізге қайта оралуы үлкен қуаныш болды. Қазақ әдебиеті көркемдігі мен шеберлігі жағынан әлем әдебиетінің озық туындыларына есе бермес тамаша туындыларын қатарға қойды.  Осы кезден бастап-ақ олардың өмірі мен шығармашылығы жайлы жазылған С.Қирабаев, З.Қабдолов, М.Базарбаев, Ш.Елеукенов, Т.Кәкішев, Р.Нұрғалидың алғашқы зерттеу еңбектері де жарық көрді. Осы ғалымдардың қатарында Ш.Сәтбаеваның да есімі аталуы орынды.

Ғалым Ш.Қ.Сәтбаева Шәкәрімнің 1989 жылы алғаш баспа бетін көрген шығармалар жинағына Ә.Тәжібаевпен бірігіп алғысөз жазған еді. Бұл ақын мұрасына айтылған тұңғыш пікірлердің бірі. Зерттеуші саяси қуғын-сүргін құрбандарының ақталғаннан соң олардың шығармашылығын халыққа жеткізіп, жарыққа шығаруда белсене еңбек еткен жандардың бірі болды. Осы мақсатта зерттеуші “Шакарим Кудайбердиев” (1993)  атты монография жазды. Және қазақ тілінде шағын көлемде бастырып шығарды.

Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы кейінгі кезеңде кең зерттелгені ақиқат. Мәселен, 90-шы жылдардан бері қарай Б.Әбдіғазиұлы, А.Амербаев, А.Тілеуханова, М.Кадралинова, Г.Аюпова, М.Оразбекова, Ж.Ахметова, А.Үсенова, С.Ізтілеуова, А.Сейсекенова және т.б. көптеген зерттеуші, ғалымдарымыздың ғылыми зерттеу жұмыстары осы бағытта жасалған сәтті қадамдар болды десек артық айтқандық емес. Ал Ш.Сәтбаеваның бұл еңбегі осы саладағы алғашқы қарлығаш, қазақтың біртуар азаматының өмірі мен шығармашылығын ғылыми тұрғыда зерделеудегі алғашқы монографиялық еңбек болуымен құнды.

Бұл тарауда ғалым Ш.Сәтбаеваның Ш.Құдайбердіұлының өскен ортасы, алған тәрбиесі, Абай мен Шәкәрім арасындағы ұстаз бен шәкірт қарым-қатынасы, Шәкәрімнің орыс әдебиетімен, сол арқылы батысеуропалық әдебиетпен танысуы, ақынның орыс достары, Ф.Достоевскиймен хат алысуы, лирикалық туындылары, ақынның сопылық поэзияға қатыстылығы, поэмалары туралы ой-тұжырымдары және т.б. мәселелер талданған.  

Шәкәрім ақын мұрасын зерделеуде бірінші мән беріп қарайтын мәселе – Шәкәрім шығармаларының өз бойына сол кезеңнің күрделі мәселелері мен қарама-қайшылықтарын жинақтағандығы. Себебі Ш.Құдайбердіұлы өмірінің көлемді бөлігі күрделі тарихи оқиғалармен сәйкес келеді. Олар – 1905-1907 жылдардағы революция, столыпиндік реформа, бірінші дүниежүзілік соғыс, Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс, Ақпан және Қазан төңкерістері, азамат соғысы, Кеңес үкіметінің орнауы, ұжымдастыру. Міне, халық өміріндегі осыншалықты қайшылықты саяси-әлеуметтік өзгерістер ақын шығармашылығына әсер етпей қалған жоқ.

Ғалым Сәтбаеваның Шәкәрім шығармашылығы жайлы еңбектері үлкен тыңғылықты зерттеудің, терең білімнің нәтижесінде дүниеге келгендегі даусыз. Бүгінгі таңда ақын шығармашылығы әр қырынан сөз болып келеді. Бірақ солардың баршасының өзегінде Шәкәрім Құдайбердіұлы өмірі мен шығармашылығы жайлы жазылған Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаеваның еңбектері жатыр. Себебі, бұл алғашқы зерттеулердің айтары да көп, ғылыми маңызы да жоғары. Сондай-ақ, ақын шығармашылығының сан салалы қырларына тоқталып, жан-жақты жүйелеген зерттеу болуымен де құнды.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет