(«Шапық Шөкин», «Қазақстан» баспасы, 2004 жыл»)
***
Қоғамдағы әділетсіздікке бойы үйреніп алған саяси және зиялы орта Шахмардан басына түскен қиянатқа ешкім араша түскен жоқ. Бірде-біреуі жаны күйіп, «бұл дұрыс емес қой, оның халық үшін атқарған еңбектерін неге ескермейміз!» деп, айта алмады. Мұның бәрі сол кездегі барша адамдарға дерттей болып жабысқан-- «Үндемеген үйдей бәледен құтылады», «бәледен машайық қашыпты» деген, құлдық психологияның әсері еді. Дәл осы тұста «Қаныш Сәтбаев», «Ебіней Бөкетов» атты деректі-хикаят кітаптарының авторы, белгілі жазушы Медеу Сәрсеке пікірімен қосылмасқа амалыңыз жоқ. Сол қоғамның психологиялық хал-ахуалын ол дәл беріп тұр.
Ол: «...бір рет жазасыз өткен, жолды болған қитұрқы амал екіншіде, үшіншіде... бөгетсіз іске асты. Күллі қауым соған еті өліп, жергілікті үлкен-кіші билеуші өз дегенін астыртын қастандық ұйымдастыру жолымен жүзеге асыратын болды; бақилыққа өткен соң ширек ғасыр уақыт Сәтбаевтай ұлының қадірменді есімінің сирек аталып, ол туралы естеліктер мен әдеби еңбектердің жарыққа шықпай «құлыпқа» түсуі, Шапық Шокин, Шахмардан Есенов сияқты Қанышқа ізбасар ғалымдардың Академия билігінен тайдырылуы да зиялы қауымның нақ осы үндемеу, көрсе де көрмегенсіген бейтарап та әлжуаз саясатының нәтижесі!».
Ия,«халқы қандай болса, патшасы сондай!» деген сөз бар баяғыдан келе жатқан. Билеушілерге «ләппай тақсыр!» дегіш бағынушыларымыз көп болып, небір талантты, дарынды адамдардың жолын да, өмірін де қиды. Әйтпесе, Есеновтей білгір ғалымды, білікті басшыны ел басқартып, маңызды мансаптарды беріп, жауапты қызметтерге жегудің орнына кезінде, жиырма мен отыздың ортасында атқарған экспедиция жетекшілігін беруді «әділетсіздік қой!» деп, ашық айта алмаса да көпшілік құптаған жоқ.
ххх
Содан тарих сахнасына көптен күткен 1986 жылдың желтоқсаны келді. Жиырма бес жыл Қазақстанның Коммунистік партиясын басқарып, үш рет Еңбек Ері атанған Д.Қонаевты алып, орнына өмірі табаны қазақ жеріне тимеген Колбин дегенді тағайындады. Онсыз да тұрмыс тауқыметі титықтатып тұрған халықтың бұл намысына тиді. Ұлт ретінде жойылудың аз-ақ алдында тұрған қазақ үшін Колбиннің келуі наразылығын тудырып, жастар алаңға шықты, көптен күткен сілкініс пен серпіліс болды... Әрі қарай не болды деңіз, әрі қарай өте ұят іс болды. Құдайдай сеніп жүрген Қонаевтың адамдары, құдайдан «сенгендері»: көмекшісінен бастап, орынбасарлары, сенім артып қойған облыстағы кейбір хатшылары ұятқа қалдырды, әшкереленіп, қылмыстары ашылды. Көмекшісінің сотына куәгер ретінде шақырылып, қатысып отырған Д.Қонаев өзінің сыртынан «Бірінші айтты, біріншінің сұрауы» деп, біреуге пәтер әперіп, біреуді қызметке өсіріп , тіптен хатшының қабылдауында болу үшін пәре алғандарын естіген кезде ол есінен талып, жүрегі ұстап, жедел жәрдем шақырып, әрең есін жиды. Бұны кейіннен орталық газеттер жазды да. Өзінің де, Есеновтің де түбіне жеткендер өзінің «сенгендері» екеніне шамалы болса да көз жеткізгендей болды. Тамақты жыбырлатып шындық болмайды: «Адам танитын, іскер азаматтарды саралай білетін «Біріншінің» кемеңгерлігі, ұлылығы қайда сонда?» деп. Күмілжисің, жер шұқисың.
«Қырсық жеті ағайынды», сатқындықтан есін жия алмай жүргенде өмірдің ыстығы мен суығына қатар төзіп, өзіне адал жар болған Зухра Шәріпқызы о дүниелік болды. Жығылғанға жұдырық, жарының қазасы Қонаевқа қатты соққы болды. Бір кездері от басымен араласқан, «сіз-біздері» жарасқан, Зухра жақсы көріп, өмірінің соңына дейін хабарласып, хал сұрасып тұрған Кәмила қызын іздеді, Шахмардан есіне түсті. Содан, бар өкпені итеріп тастап Димекеңнің өзі Шахмарданға телефон соқты. Шахмардан ауыр қазаға жүрегі ауырды, Қонаевтың өзінің телефон соққанына таң қалды.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, професссор. С.М.Оздоев сол сәтті әңгіме етеді:
«--Бір күні Шахмардан Есенұлы телефон соғып: «Қазір ғана Димаш Ахметұлы хабарласып, Зухра Шәріпқызының өмірден озғаны туралы айтты. Ол кісімен қоштасу рәсіміне шақырды. Кел, бірге барайық, Зухра Шәріпқызын соңғы сапарға шығарып салайық» деді. Қазаның алдында бәріміз де кішіміз ғой, Шахмарданның «барайық» дегеніне таң қалған жоқпын,ол сондай ұлы болатын, ал, шынымды айтсам Димаштың өзінің телефон соққанына ойланып қалдым. Ол екеуінің ара-қатынасы қандай екенін білеміз ғой...
Жерлеу рәсіміне келген кезімізде Шахмардан Есенұлына жақын келіп, сәлем берген адамдардың саны тіптен көп болды, сонда мен бұл азаматтың жұрт арасындағы танымалдығы мен беделінің зор екендігінің тағы бір рет куәсі болдым.
Уақыт өткен сайын ұлт пен елдің қандай мықты адамдарынан көз жазып қалғаныңды түйсіне түседі екенсің. Сөйтсек, өмірден тамаша ғалым, геолог, жоғары кәсіби әкімші және жарқын жанды адам өтіп кетіпті ғой. Шахмардан Есенов өмірін халқына арнаған адам еді.
Есіме көрнекті табиғат зерттеушісі, академик Александар Леонидович Вернадскийдің сөздері түсіп отыр: «Біздің планетадағы тіршіліктің ең қымбат, ең зор құндылығы жеке адамның өмірі. Планетада ол кездейсоқ пайда болған жоқ, егер жоғалтып алсақ толықтай орнына келтіру мүмкін болмайды. Өмірден озғандарды еске алудың ең дұрысы олардың үлгермеген істерін жалғастыру болып табылады»-- депті.
Д.Қонаевтың, бір кездегі өзінің Димаш ағасының он жылдан кейін бірінші телефон соғуы да, қайғылы хабарға да Шахмардан сәл-пәл қобалжып, тұрып қалды. «Өмірдің өткінші, фәнидің жалған екенін кеш түсінетініміз жаман-ау» деп, әлі ызғары көңілден кете қоймаған өткен күндерің оқиғасы бір сәтке ойға оралды. Соңғы рет, екінші рет министрліктен кететін кезде Димекеңнің қабылдауына қаншама рет сұранып, кіре алмай, ақырында «ақтық» сөзін айта да алмай қызметтен кете барған–ды. Институтқа мұғалім болып орналасқан соң да ағасымен—Димекеңмен тілдеспек болып, түсіністікке шақырғысы келіп талпынып көріп еді көмекшілері мен орынбасарлары онда да маңайлатпай қоған-ды. Содан кейін Шахмардан да ат құйрығын біржола кесіп, хабарласуды тоқтатқан. Тек, Камила ғана Зухра жеңгесімен хабарласып тұрды. Бар өмірін Димекеңе арнаған Зухра жеңгейдің де ішкі армандары көп еді, ұрпақ көрмей, балалрдың шаттық күлкісін ести алмай, мейірленіп немере сүйе алмағанына, қанша үлде мен бүлдеге оранып отырса да төменетектеніп жүретіні бар-тын. Обалы не керек Зухра жеңгей: «Димаш жоқта үйге келіп тұрсаңдаршы деп, әсіресе, Кәмила қызына өтініш жасап жататын». «Өмірдің аяғы өкініш!». Ақырында ажал «сіз-бізге де», шыж-быжға да, бәрі-бәріне соңғы нүктесін қойды.
Заман өзгерді, онымен бірге басшылыққа жаңа адамдар келді. Баяғы Шахмардан басына үйрілген қара бұлт Димекеңе де үйірілді. Оған: «республиканы тоқырауға әкелдің, экономикасын құлдыраттың, лауазымды қызметтерді туған-туысқаныңа бөліп бердің...» деп, дігірледі келгендер. Респуликадағы «мен біріншімін» деп, нық жүрген адам жаңа қоғам үшін бір күнде қажетсіз болып, Горбачевтар бәрін де жоққа шығармақ болды. Не керек, Бұхар жырау айтқан « қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» болды. «Өмір кезек», «бұл дүниенікі о дүниеге кетпейді», «өмір деген бумеранг сияқты, жақсылық жасасаң да, жамандық жасасаң да қайтып өзіңе оралады». Бұны біз ойлап тапқан фәлсапа емес, сан ғасырдың елегінен өтіп, бізге жеткен даналар сөзі, тіршіліктен түйген түйін. Мүмкін, Димекең бір кездері Шахмардан басына түскен әділетсіздік пен қаралаудың салмағын, біреулердің сөзіне еріп қателескенін, мансап пен атақтың да уақытша екенін түсінген шығар кім білсін. Өмір бар жерде өлімнің де бар екенін, Алланың алдына барар уақыттың жақындағанын жары Зухра Шәріпқызының қазасы түсіндірген де шығар. Әйтеуір, талай уақыттан бері хабарласпай қаралы күндерде Шахмарданды іздеуі тегін емес еді.
Көп нәрсені бүлдірген көмекші кетті сегіз жылға сотталып, Оңтүстік Қазақстан облысының хатшысы кетті жер ауып... не керек, сенген Қонаевты ұятқа қалдырып, отырғызып кетті бәрі де. Жаңа басшы Горбачев Қазақстанның басшысы Қонаевты сыйлағанынан немесе көп жылғы еңбегін бағалағандықтан емес, (оған да «жылы» орын әзірлеп қойған-ды) тек оның қолының тазалығы арашалап қалды! Халық қазынасына адал болған, ұрлап-жырламаған Ел басы Қонаевқа бұл үшін басың жерге тигенше иілуге болады!
Ақырында, 1991 жылы Кеңес Үкіметін құлаттық да орнына көбіміз, тіптен ханымздан бастап қарамызға дейін түсіне бермейтін, біріміз нарықтық, екіншіміз базарлы экономиканы орнаттық. Академик Сағадив айтқандай: «марқұм Қ.Сәтбаевтан бастап, шәкірттері Ебіней Бөкетов, Шахмардан Есеновтер осы уақытты зарыға күтені рас-тын...» деп. Күткен нәрседен жаңалық, жақсылық іздейтінің заңды ғой. Қазақтың күні туды деп ойлады Шахмардан. Кеудесін қуаныш кернеді. Баяғы Әбділда ағасының алдында көңілі босап, көзіне жас алдырған күдік пен қауіптің бұлты тарап, ата-бабасы сан ғасыр армандаған тәуелсіздік келді! Кеудеде қайнап, санада сайрап жатқан нағыз елі үшін, халқы үшін пайдалы іс атқарсақ, өмірді гүлдендірсек, тұрмысты жақсартсақ деген асқақ армандары бар азматтар алға шықты. Жеріміздің асты да, үсті де тұнған байлық екенін білетін Есенов ендігі жерде есемізді басқаларға жіберіп алмай, өз республикамызға, халықтың тұрмысын, әл-аухатын жақсартуға жұмсау керек деп ойлады...
Көкейкесті ойларын, дұрыс деп тапқан жолдарын қағазға түсіріп, газет, журнал беттерінде жариялады, халықтың санасын оятып, тәуелсіздіктің құнын біліп, қадірлеуді, айрылып қалмауды айтты. «Ата-бабамыз алып қалған ұлан ғайыр жердің байлығы мол, оны халық игілігіне жарата білейік!» деп, Үкіметтен бастап президентке дейін хат жазды, айтты, Азаматтығын көрсетті.
***
Ойларымызды осылай түйіп отырсақ бар шындықты академик Шахмардан Есеновтің өзі айтып, жариялап кетіпті. Біз оны «Зерде» (1989 жыл, №1) журналынан, тілшіге берген сұхбатынан оқып, қанықтық.
«Тілші:- Сіздің Қ.Сәтбаевтың шәкірті ретінде қазақ геология ғылымының бас-қасында болғаныңыз аян. Академия жұмыстарын алға сүйреп жүрген Сізді қалайша сол кезде қазақша айтқанда қайраңға тастады?
Достарыңызбен бөлісу: |