Шахмардан есенов



бет33/123
Дата31.12.2021
өлшемі0,85 Mb.
#107253
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   123
Байланысты:
Шахмардан есенов

Герой Жолтаев, академик:

«Таң қаламын. Мына жарық дүниеге келу «сапарымыздың» жиырмасыншы ғасырға тап келгеніне. Айға барып адамның аяғы тиді, Атом мұзжарғыш кемесі Мұзды мұхитқа төсін тіреді, жеті қат жер қойнауында тылсым жатқан бар байлықтың көзі ашылып, адамзат игілігіне жаратылды. Жұмыр жердің жетпіс пайызын басып жатқан алып мұхиттар мен көк теңіздер түбі зерттеліп, ғасырлар бойы жасырған жұмбағы ашылып, шашу болып шашылды. Бұл жаңалықтарға компьютер мен интернет желісінің кереметтерін қосыңыз. Жылдап жүріп Меккеге, айлап жүріп ағайынға жеткен бабалар біздің бұл тіршілігімізге не айтар екен, өзі?!

Иә, ХХ-шы ғасырдың кереметі көп. Осының бәріне таң қалып, тамсанғаннан Адамзаттың басы айналып тұрғандай сезіледі кейде маған. Сонда дейміз-ау, бұл құдіретті жасап жатқан кім және не? Иә, ол- ғалым мен ғылым құдіреті. Абай ақын айтпай ма «Алланың бір аты – ғылым!» деп. Сол алланың бұйрығымен болар ғалымдықтың жүгін көтеріп, ғылымның жолын қуып, артында өз сөзі мен ісін қалдырған құрметті азаматтар біздің халқымызда аз емес. Шоқ жұлдыздар - Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан, Ақжан Машанов, Шапық Шөкин, Ермұқан Бекмаханов, Ебіней Бөкетов...... Осылардың бел ортасында Шахмардан Есенов есімі тұрады.

Бәріміз де өмірді бастап, орта жасқа келген соң ізбасар іздеп, бастаған ісің орта жолда қалмас үшін шәкірт даярлауға кірісеміз-ау. Бірақ, біріміздің таңдауымыз дөп түсіп, біріміз мүлт кетіп, үміт еткен шәкіртіміз шикілеу болып, өкіндіріп жатады. Әуелі мен ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың шәкірт таңдау талантына, ісін жалғастырар ізгі ниетті ініні дөп тапқанына таң қаламын. Қызылорда Педагогикалық техникумын бітіріп, Алматыға келіп, ұстаздықтың үлкен оқуына түскелі тұрған Шахмарданның алғырлығын танып:«Айналайын, осы сен бәрін қой да қазақ мамандары жетіспей жатқан тау-кен геологиясына барсайшы...» дейді. Үлкеннің сөзіне құлақ асып үйренген ол «Қаныш ағам бір нәрсені біліп тұр-ау!» деп, ойланбастан Қазақтың Тау-кен институтының геология-барлау факультетіне оқуға түседі. «Естінің сөзін есті ғана ұғады». Мұны да Абай айтады.

Ал, бес жылдан кейін сол аға: «Айналайын Шахмардан, ғалым болу үшін әуелі «әліппені» оқуың керек, қайла мен балғаның сабын ұстап, салмағын сезінуің керек...дала толған байлық...» деп, өзі талай кеннің көзін ашып, өндірісін дамытып, кіші Жезқазғанды- «Үлкен Жезқазғанға» айналдырған, қойнауы құт, елі дархан жаққа қарай жол, сосын жөн сілтейді. Бұл тұста да Шахаң естілік танытып, аға сөзіне құлақ асып, ғұлама ғалым жолымен- қаңбағын жел қуған, аптабы жерді қуырған далада қайласы мен балғасын он бір жыл арқалап, тау мен тасты аралап, талай-талай кен көздерін ашып, ел ырысын молайтуға өз үлесін аямай-ақ қосты. Оның тікелей инициативасымен және басшылығымен Жезқазған кенді аймағының ірі көлемді геологиялық болжау картасы сызылып, онда мыс, қорғасын және мырыш... рудалары таралған аудандардың шекаралары айқындалды. Тіптен рудалардың таралу географиясы бұрынғы болжам мен тұжырымдардан да асып кетті. Елуінші жылдардың ішінде- ақ Жезқазған қорын 3-4 есеге ұлғайтуға болатындығын, жаңа идеяны Шахмардан Есенов айтқан еді.

Сол кездің ел басшылары оның дарынды жас екенін танып, бар жоғы отыз үш жасар Шахмарданды Қазақстан Республикасы Геология және жер байлығын қорғау министірінің орынбасары етіп тағайындады. Бір жылдан кейін министр болып, 1961-1965 жылдар аралығында белсенді қызмет атқарды. Осы жылдар ішінде Ш.Есенов Қазақстанның барлық аймақтарында жүргізіліп жатқан, жүргізілетін геологиялық барлау жұмыстарына басшылық жасады. Ол бірде кенді Алтайды араласа, енді бірде Маңғыстау мұнайшыларына барды, Ақтөбе мен Орал барлаушыларының ортасында болды, Жамбыл, Қаратау кеншілерінің жұмысымен, тұрмыстық-әлеуметтік жағдайымен танысты.

Маңғыстаудағы геологтар мен барлаушылар, бұрғышылар жұмысын қадағалап, Мәскеу мен Алматыдағы мемлекет пен Үкімет басшыларына беделін салып жаңа техникалар алдыртып, өндіріске енгізді, істі жаңаша ұйымдастырды. Бұл әрекеті нәтижесіз болған жоқ, 1961 жылы Жетібай мен Өзеннен мол мұнайдың қоры табылып, бір күн, бір сәтте Маңғыстау барша әлемге әйгілі болды. Бұдан кейін Шахмардан Есеновтің белсенді араласуымен Маңғыстау аймағынан Бозашы, Қаламқас, Қаражамбас... мұнай кен орындары ашылды. Әлі күнге дейін бұл кен орындары ел байлығын еселеп келеді. Ол бұл күндері абыроймен еңбек етіп жатқан «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінің алғаш ұйымдасу кезеңіне белсенді араласып, өз үлесін өлшеусіз қосқандардың бірі.

Бір топ мұнайшыға 1966 жылы сол кездің ең жоғарғы марапаты Лениндік сыйлық берілді. Сол топты бастап министр Шахмардан Есенов тұрды. Шын мәнінде ол бұл сыйлыққа ылайық еді. Және ол Қазақстанда тау-кен геология-барлау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Ленин орденімен марапатталды. Ал, «Өспен тектоникалық аймағының геологиясы мен металлогениясы» еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Қазақстан Ғылым Академиясының президенті және Қ.Сатпаев атындағы Геология институтының директоры бола жүріп бұрынғы қызметінен табиғаты, талабы басқашалау болса да талантының, алғырлығы мен адамгершілігінің арқасында бар шаруаны үйіріп әкетті. Ол президент кезінде академиктер санын арттырды, корреспондент-мүшелер көбейді. Бәрінен бұрын жас ғалымдарға деген қамқорлығын ерекшелей айтқым келеді. Жастар арасында ғылыми еңбекке конкурс өткізіп, жас ғалымдардың өсіп шығуына мүмкіндік туғызды, оларды лауазымды қызметке өсірді.

Және елеулі бір айта кететін нәрсе, Шахмардан Есенов қазақ даласынан шыққан Шығыстың ұлы ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің халқына қайта оралуына көп еңбек сіңірді. Ғылым Академиясы Философия және құқық институтының жанынан арнайы «Әл-Фарабитану» бөлімі ашылып, оның еңбектері араб-парсы тілдерінен қазақ және орысшаға аударылып, жарық көрді. Ол басылымдардың сапалы, әрі дер кезінде шығуына Ш.Есенов басшылық жасады. 1973 жылы 9 қыркүйекте Қазақстан Ғылым Академиясы және Азия мен Африка елдері жазушыларының V-ші Халықаралық конференциясында Шығыстың ұлы ойшыл ғалымы Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған арнайы мәжіліс өтіп, басты баяндаманы өзі, Есенов жасады. Ол тура «Фарабитанушы» ғалымдай ұлы ойшыл ғалымның қазақстандық, жерлесіміз екенін дәлелдеп, оның әлемдік ғылымға қосқан жаңалықтарын таратып берді.

Ол екінші рет Геология министрі болған тұста Қазақстанда геологиялық барлау жұмысын кешенді түрде жүргізу әдісін бұрынғыдан да дамытуды ұсынды, геологиялық, геофизикалық, геохимиялық әдістерді қатар қолдану арқылы барлауды тиімді, әрі шығынды аз жұмсай отырып нәтижеге жетуге болатынын іс жүзінде көрсетті. Шахмардан Есенов бұл әдістемесі арқылы геология ғылымын бір сатыға дамытты десе де болады. Ол Бүкілодақтық Барлау-геофизика институтының Қазақстандық бөлімшесін ашып, жаңа ғылыми -есептеу орталығын ұйымдастырды.

Шахмардан Есенов өзіне дейінгі ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев салған геологиялық мектепті жалғастырушы, дамытушы. Талантты жастарды іздей жүрді, ғылымға тартты, тәрбиеледі. Оның бастама-ұсынысымен тау-кен факультетіне қабылданатын студенттер саны көбейтілді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   123




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет