Тоғызыншы бесжылдықта пайдалы қазбалар қорын ұлғайту жөнінде Министрліктің алдына қойылған міндеттемелер толығымен орындалды.
Әлеуметтік мәселелерді шешу бағытына да көп күш жұмсалды.
Қорыта айтқанда, құрметті Димаш Ахметұлы, Өзіңіз 1974 жылға Министрліктің алдына қойған міндеттемелер толығымен орындалды деуге болады.
Соңғы жылдардағы геологиялық барлау жұмыстарын ұйымдастырудағы өзгерістер, сонымен байланысты болып жатқан структуралық өзгеріс, кадрларды қайта тағайындау мәселесі дау-дамайсыз өтпеуде. Болып жатқан өзгерістердің барлығы Министрлікте көпшіліктің ұйғаруымен шешілетіндігіне қарамастан өздерін, қиянат жасалғандай, өкпелі сезінетіндер кездесуде.
Мысалға айтар болсақ, геофизикалық қызметті бірорталықтандыру шаралары өте ауыр жағдайда өтуде. Алматы және Гурьев қалаларындағы геофизикалық трестердің жұмысын тоқтату ол мекемелердің геологиялық барлу жұмыстарын жүргізудегі геофизиканың тиімділігін жете түсіну және дұрыс бағалауда білімнің жетіспеуінен орын алды.
Осыған байланысты, аталған трестердің басшылары және басқалар жағдайды жете түсінбейтіндерін байқатуда. Сол «өкпелілердің» ішінде жалақор-арызқойлар кездесуде. Мен жоғарыда көрсеткендей, қазір Министрлік пен геологиялық ұжымдарда сол арыздар бойынша үздіксіз тексерулер жүргізілуде.
Әрине, маған Үкімет пен партияның еңбекшілер хаттарына ұқыпты болу туралы нұсқауы белгілі. Және менің жеке басыма, министрлікке, басқа да геология саласындағы лауазым иелеріне қатысты арыздар тексерілуі қажет. Бұл даусыз. Бірақ, мені Сізге осы хатты жолдауға мәжбүр еткен жағдай ол, болып жатқан тексерулер еңбекшілердің хаттары мен арыздары емес, аты-жөні жоқ белгісіз біреулердің, мазмұны маған мүлде белгісіз, құпия шағымдары – домалақ арыздары.
Әрбір осындай шағым тиянақты түрде тексерілуде, және ол тексерістерге Алматы қаласының түрлі сала қызметкерлері көптеп жұмылдырылып, Министрлік аппараты мен басқа да геологиялық ұжымдардың қызметкерлерінен жауап алынуда.
Атап айтар болсақ, 1975 жылы белгісіз біреулердің шағымымен, республикадағы геологиялық жұмыстар жүргізуде кемшіліктер болды ма, ғылыми-зерттеу институттарымен байланыс үзілмедіме?- деген сұрақ төңірегінде үлкен тексеріс өтті.
Қазақстан КП Орталық Комитеті Ауыр өнеркәсіп бөлімі бұл мәселе жөнінде жақсы хабардар екендігіне қарамастан, бұл тексеріс бәрібір ұйымдастырылды. Мен қойылған сұрақтардың барлығына қайта түсінік беруге мәжбүр болдым. Тексеру қорытындысы бойынша шағымда көрсетілгендердің барлығы шындыққа жанаспайтыны анықталып, тексеру тоқтатылды.
1976 жылы жарты жылдан аса уақыт ҚазССР Министрлер Кеңесі қаулысына сәйкес, артық, бұрын қолданыста болған жеңіл автокөліктерді сату мәселесін тергеу, тексерулер жүргізілді. Тексеру ол автокөліктердің заңға сәйкес, белгіленген тәртіп бойынша және негізінен 1973 жылы, мен Министрлікке қызметке келгенге дейін сатылғаны анықталды.
1974 жылдан бастап сатылатын автокөлік саны қысқартылып, бұл істе қажетті тәртіп қалыптастырылып, орталықтандырылған жеке комиссия құрылды.
1976 жылы Шабановтың бірнеше шағымы тексерілді. Ол шағымдарда Шабанов 40- тан аса адамға жала жапқан. Олардың қатарында Қазақстан КП Орталық Комитетінің бұрынғы хатшысы А.С Көлебаев жолдас, ҚазССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары С.С Жиенбаев жолдас, СССР Геология министрінің орынбасары А.А.Рясного жолдас, Қазақ минералды шикізат институтының партия және кәсіподақ ұйымдары басшылары және басқалар бар. Бұл шағымды Қазақстан КП Орталық Комитеті ауыр өнеркәсіп бөлімінің, құрамында 25- ке жуық адам бар, комиссиясы ұзақ уақыт тексерді. Тексеру нәтижесінде арызда көрсетілгендердің бреуі де расталмай шықты. Бірақ, Шабанов одан әрі де домалақ арыздарын жазуды тоқтатпайды деп қорыққандықтан болуы керек, оның әрекеттеріне тиісті жауап берілмеуімен қоймай, маған Шабановтың пәтер алу мәселесін оң шешіп, оны жұмысқа орналастыруға нұсқау берілді. Одан әрі не болғаны тағы белгілі. Шабанов өзіне қарсы болған адамдардан өш ала бастады. Мүгедек - геолог Сычевты соққыға жығып қазір түрмеде отыр. Ал, Шабановтың жаласына іліккендер осы уақытқа дейін жан жарасынан арыла алмауда.
1976 – 1977 жалдар барысында Оңтүстік Қазақстан аумақтық геология басқармасындағы өрескел тәртіп бұзушылықтар мен басшыларының асыра сілтеушіліктері туралы көптеген домалақ арыздар тексеріліп, басқарма бастығы Л.У. Қыдырбеков жұмыстан босатылды. Тексеру қорытындысы бойынша аталған геология басқармасында да, Қыдырбкеовтің жеке басында да ешбір өрескел тәртіп бұзушылық анықталмады.
Осындай домалақ арыздар бойынша тексеру жұмыстары жала жабылғандардың денсаулығына зиян келтіретінін айтпағанда, жұмыстарына да кедергі болып, оларға моральді шығын келтіреді. Домалақ арызшылар жазғандарының жала екенін біле тұра, осындай әрекетке әдейі баратын сияқты.
1977 жылдың желтоқсан айынан тағы бір жаңа, аты-жөні белгісіз біреудің арызы тексерілуде. Тексерудің негізгі мақсаты Жәйрем кен орынын ашып, барлау жұмыстарын жүргізгендердің, СССР Мемлекеттік силығына ұсынылғандардың ішінде менің кандидатурамның бар - жоқтығы болып жатқан секілді. Менің пайымдауымша, бұл турасында бүткіл Министрлік аппаратының қызметкерлерінен сұрау ұйымдастырып, мен туралы қандайда бір пікір туғызып дүрліктіргенше, неге менің өзімнен сұрамасқа. Сонда мен оларға жалған мәлімет береді деп ойлады ма екен?
Шындығында істің мәні мынадай:
Сыилыққа ұсынылғандардың тізімі, алдын ала Қазақстан КП Орталық Комитеті Ауыр өнеркәсіп бөлімінің келісуімен, 1976 жылдың желтоқсан айында Қазақ ССР Геология министрлігінің алқа отырысында бекітілген. Оған Жәйрем экспедициясының тікелей барлау жұмыстарын жүргізген, алғашқы геофизиктер – Қаз ССР Ғылым Академиясы Геология институтының аға ғылыми қызметкерлері - Строителев, Каймирасовтер бастаған, барлығы 10 адам енді.
СССР Геология министрлігіне түскен құжаттар бойынша, Министрліктің басшылары менің назарымды сыйлыққа ұсынылғандардың ішінде Қазақстан геология ғылымы өкілдерінің жоқтығына аударған еді. Дәл осындай уәжбен маған Қазақ ССР Ғылым Академиясы Геология институтының ғылыми қызметкерлері хат жолдап, мемлекеттік силыққа қосымша кандидаттарды, Өспен кен орынының ашылуына қатысы бар ғалымдарды (академик Г.Н.Щерба, академик Ш.Е.Есенов) және бұрынғы министр Морозов жолдасты ұсынуды талап етті.
1972 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясы және Қазақ ССР Геология министрлігінің ұсынуымен Өспен кен орынын ашудағы еңбектеріне байланысты Г.Р.Бекжановқа, В.Г.Лиге, А.Т.Ситькоға, Г.Н.Щербаға және маған Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы табыс етілген болатын.
Өспен аумағындағы Жәйрем кен орынының ашылуы бұрын Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығына ұсынылғандықтан, ол кен орынын екінші рет силыққа ұсыну мүмкін емес.
Кейін белгілі болғандай, кейбір жолдастар, Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комитетке қосымша кандидаттарды ұсынып хат жолдапты. Ол хаттарда Тыненбаум, Иванов, Орлов, Меерсон, Щерба, Есенов, Морозов және басқлардың аттары аталған.
Мен Министр ретінде, бұл мәселені қараудың барлық сатысында, Орталық Комитеттің ауыр өнеркәсіп бөлімінде келісілген тізімнің өзгертілмеуін талап етіп, алғашқы ұсынылған он адамның Мемлекеттік сыйлық алуына қол жеткіздік. Қазақ ССР Геология министрлігі ұсынған авторлық ұжым ешқандай өзгеріске ұшыраған жоқ.
Сондықтан, Мемлекеттік силыққа ұсынылған кандидаттар турасында, маған ешқандай кінә тағудың реті жоқ деп есептеймін. Және де, жүріп жатқан тексеріс барысында маған тағылған басқа да кінәлардың ешқайсы өз дәлелін таппайтынына сенімдімін. Мен, Қазақ ССР Геология министрлігінде, және министр ретінде жеке басымда еш кемшілік жоқ деп айтудан аулақпын, ондайлар әрине кездеседі, бірақ, қызмет бабында асырасілтеушілікке жол берді дегенмен еш келісе алмаймын.
Сонымен бірге, домалақ арыздарға дәл бүгінгі күндегідей көңіл бөлініп отырған жағдайда, олардың саны азайады деп ойламаймын. Ол домалақ арыздарды үздіксіз тексерулер қалыпты жұмыс істеуге, бар күш-жігерді Министрліктің алдына қойылған маңызды істерді орындау үшін жұмсауға көп кедергі келтіретіні анық. Сондықтан, құрметті Димаш Ахметұлы, мен Сізден осы мәселеге көңіл бөлуіңізді өтінемін. Егер дер кезінде тоқтау болмаса, олардың тағы не ойлап табарын кім білсін?!