Қонаевқа осынша ақталып, ақтарылатындай Есновке не болды деуіңіз мүмкін. Не болғанын қайдам, ақырында түймедей кемшілікті түйедей етіп, тура бір мемлекеттік қылмыс жасаған адамдай, Қазақстанның Орталық Комитеті Есеновті партиядан, жұмыстан шығарылсын және жеке еңбек кітапшасына сөгіс жазылсын деп шешім шығарды. Бұл не? Жоқ, бұған жауап беруге біз қауқарсызбыз. Себебі көп, соның бірі-- ол ортада болған жоқпыз, олардың бір-біріне деген айыптау, кінәлау сөзін естіген жоқпыз. Одан да дәл сол сәттерде Есенов Шахмарданның көмекшісі болған Асанов Мәдениетке сөз бергеніміз орынды шығар:
«-- ...Бәрі менің көз алдымда өтті, бәріне де куәмін.
Содан, 1974 жылы қазақстандық бір топ ғалымдарды СССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Жалпы тізімде бастапқыда Шахмардан да бар болған. Бірақ , құжаттар Мәскеуге кетер кезде ол сызылып қалады. Шахтың да достары көп қой, мұны естіген олар кәдімгідей наразы болып, содан Орталық Комитеттегі Ауыр өнеркәсіп бөлімінің қолдауымен, рұқсатымен Есеновтің құжаттарын Мәскеудегі Мемлекеттік сыйлық беретін бөлімге өте тез жеткізу керек болды. Өйткені комиссия отырысының болатын күні таяп қалды. Ол міндет маған жүктелді. Апардым, тапсырдым. Қысқасы, он жеті адамның біреуі дауыс бермей, Есеновке сыйлық берілмей қалды. Содан, құжаттардың бәрі Қазақстанның Орталық Комитетіне оралады ғой. Өздерінің сызып тастаған Есенові тізімде жүр, бұл қалай болған? Міне, қызының тойына «қырық телевизор, елу кілем түсіпті» деген кінәларын, тексерулерін былай қоя салып, онсыз да сылтау таба алмай отырған «Орталық» Шахмарданның соңына осыдан кейін шырақ алып түсті десем де болады. Ақырында, «бізді айналып өттің» дегенді үлкен мін, қылмыс қылып тағып, бюроға салып, партиядан шығарылсын, жұмыстан босатылсын, жеке кітапшасына қатаң сөгіс жазылсын деген шешім шығарып, оны Мәскеуге, КПСС Орталық Комитетінде қарауға жіберді.
Осы жерде бір болған оқиғаны айтып кетейін, бұл шындықты мен бірінші рет жариялап отырмын, жасым ұлғайды, өзіммен ала кеткім келмейді. Содан, әлгі Орталық Комитеттің ауыр өнеркәсіп бөлімінде дайындалған, Есеновті Мемлекеттік сыйлыққа ұсынған құжаттарды Мәскеуге әкеткелі жатып мен Шахмарданнан сұраймын:
--Шах, Орталық Комитеттен неге рұқсат сұрамадық,--деп.
--Сұрадық қой, сызып тастаған жоқ, па?!—деді ол.
-- Өздерінің рұқсат бермегенін білсе қалай болады?
-- Білсе, біле берсін. Біріншіден, бұны ойлап тапқан мен емес, бөлімдегі жігіттер. Екіншіден, маған атақ керек емес, бұл Лениндік сыйлықтан жоғары емес қой. Егер сен түсіне білсең бұл маған қорған, қамал үшін керек. Сыйлықты алып кетсем, мені олар бұл орыннан төрт-бес жылға қозғай алмайды. Ал, төрт жылда бұл дүние өзгермейді деп саған біреу айтты ма? Кім біледі? Мәдениет, біздің қоғамға өзгеріс керек, елге еркіндік керек.Өтірік жоспар, дүкендегі бос прилавкалар халықты қажытты! Үшіншіден, сен мені бұл атаққа ылайық көрмей тұрсың-ау, деймін?—деп сөзінің аяғын қалжыңға бұрып жіберді. Мен ойланып қалдым. Қандай қақтығыстар, қандай күрестер жүріп жатқанының шет жағасын ұққандай болдым.
Тағы бір сәтті айта кетейін, Бюро болатын күні түске дейін менің Орталық Комитет пен Министрлер Кабинетіне апаратын министрліктің қағаздары болды да «Үлкен үйге» келдім. Әуелі министірліке хаттарымды тіркетіп, қалдырдым да өзіміз-- көмекшілер ғана білетін «черный ход» арқылы Орталық Комитетке баспалдақпен ақырын, мысықша басып үшінші қабатқа көтеріліп келе жатқанмын. Себебі, Қонаевтың кабинеті тура үшінші қабаттың баспалдағының қасында болатын. Қарасам дәл дәліздің ортасында, Қонаев кабинетінің алдында Шахмардан мен Дінмұхамед Ахметұлы тұр. Шах талай рет әрекеттеніп қабылдауына кіре алмаған Қонаевпен дәлізде әңгімелесіп тұр. Таң қалдым. Тұрған жерімде қатып қалдым. Екеуі кәдімгідей ашық-жарқын әңгімелесіп тұрды да, бір кезде құшақтасып қоштасты, Димаш Шахтың арқасынан қағып-қағып қойды. Шынымда айтсам, бұл көріністен кейін менің көңілім көтеріліп, екеуі тіл табысқан екен ғой, енді бәрі дұрыс болатын шығар деп қуанып қалдым.
Содан сағат екіде Шахмардан өзінің мәселесін қарайтын бюроға, Орталық Комитетке кетті. Көп болса бір сөгіс беретін шығар деп сенімді отырмын. Бюродан Шах кешкі сағат тоғызда ғана келді. Бұл кезде министірліктің барлық қызметкерлері кетіп қалған, жалғыз өзім Шахты күтіп отырғанмын. Қарасам көңіл-күйі төмен.