Сол тұлға, сол рух әлі күнге менің көз алдымда!
***
Ал, енді хатқа оралайық. Қанша жерден «ол ортаны» білмейміз деп қашқақтағанмен өз ойымызды, сұранып тұрған пікірді айтпасақ, сөз атасы өлгелі тұр. Қазақ: «Ісің өлсе де сөзің өлмесін» дейді. Неге? Қадыр ақын айады: «Шындық деген де жөтел сияты, тамағыңды жыбырлатып маза бермейді» деп, қиянатты көре тұрып өтіп кете беруге сол шындықтың жөтелі маза бермей тұр. Амал қанша айтуға парыздымыз.
Иә, қанша жерден Есеновтің бұлай ышқына жазып, өзінің атқарған істерін тізіп, сыйлыққа ұсынудың қалай-қалай болғанын бар ынтасымен түсіндірмек болғанымен Қонаевқа керегі ол емес еді. Бірінші хатшы онсыз да біледі: Ш.Есенов не бітірді, не бітіріп жатыр, не бітіре алады? деген сұрақтардың жауабын да, үлкен сыйлыққа әбден ылайықты екенін де іші сезеді. «Орталық Комитетпен келіспей өзіңді СССР Мемлекеттік сыйлығына ұсындың!» деп, дігірлеулері, шу көтерулері әншейін сыныққа сылтау іздеу. Олардың Есеновті үлкен саяси ортадан шығарып тастауға амал іздегендеріне біраз болған-ды, біресе қызына жасаған тойға жармасты, біресе ұлтшылсың, қазақтарға бүйрегің бұрады деп кінәлады, тіптен домалақ арыздарды өздері ұйымдастырып, өздері тексерту жіберді де, талай. « Сыилыққа ұсынылғандардың тізімі, алдын ала Қазақстан КП Орталық Комитеті Ауыр өнеркәсіп бөлімінің келісуімен, 1976 жылдың желтоқсан айында Қазақ ССР Геология министрлігінің алқа отырысында бекітілген» деген Есеновтің уәжді жауабына көңіл де, құлақ та асқан жоқ. Өйткені олардың алдында бір ғана мақсат—өздеріне «конкурент» адамды ығыстыру, Мұқағали ақын айтқандай-ақ «күресінге» лақтыру болып тұрды. Шахмарданның аз уақыттың ішінде көпке белгілі, беделді болғаны «Біріншінің» ортасын, кейбір: орынбасарлар мен министрлерді, хатшылар мен көмекшілерді сезіктендіріп, «сақтандыратын». Себеп? Себептің салдары көп.
Бұл кезде «Біріншінің» жетпіс деген жасты өңгеріп, қарттық деген ауылға келіп қалған кезі, баяғы күш-қайраттың кеміп, бойдың да, ойдың да салқар тартқан тұсы. Кімнің қартайғыс келеді дейсіз, бірақ Сіз бен бізді жаратақан табиғат Ана сіз үшін өз заңын өзгерте алмайды. Жастықтың да шамының жарығы азайып, қарттық келеді оның артынан. Біздің қателігіміз де сонда, біздер дер кезінде, уақыт келген кезде мойынсұнуды білмейміз. Мойынсұну да мықтылық. Билікте болғандардың ішінен бұл мықтылықты көрсеткендері кемде-кем. Қонаев та басқаша әдеп көрсете алмады, зейнеткерлікке жасы келсе де жоғары мансаптан айрылғысы келмей, «тақтан» айрылса түк болмай қалатындай ұзақ отырды. Аптаның үш күнінде дем алып, төрт күнінде ғана жұмыс істеп, айды-айға, жылды-жылға жалғай берді. Бірақ бұл Қонаев жасаған «еңбек ережесі» емес еді, мұны Мәскеудегі сабағынан үзілгелі отырған, Брежнев бастаған политбюро мүшелерінің ойлап тапқан, өздерінің «күш-қуатына» ыңғайлап алған, әдетке айналдырған «еңбек ережесі» болатын. Бар мәселеде Мәскеуге қарап «бой түзеп» отыратын біздің коммунистер де солардай жұмыс істеп, солар секілді демалуды тез үйренген-ді. Бұл жұмыс «ережесі» кейіннен жаңа бастық-- Ғылым академиясының празидентіне де «жұғысты» болғанын әріптестері жасырмай, жамырай айтады.
Ал, Шахмардан бұл кезде нағыз дер шағында, білім де, тәжірибе де жинақтаған толысқан кезі болатын. Ол қай ортаға түссе де нар тұлғасымен, асқан шешендігімен, шалқар білімділігімен жарқырып көрініп, көптің назарын өзіне бірден аударатын және есінде ұзаққа қалып қоятын. Қашанда ол өзін еркін, сенімді ұстайтын, өйткені оның рухы асқақ, адамдығы биік еді. Табиғат берген зеректікті Шахмардан біліммен, ғылыммен толықтырды, қадір-қасиетіне жетті. Өзі айтқан «қырандарша өмір сүруім керек...» деді, солай өмір сүрді де.
Әуелі ол ұлттық бай дәстүрден, дала мәдениетінен тәлім алды. Сыр бойын жағалай қонған, ертегі-аңызы мол, жыр-термесі төгілген, иін тірескен қара халықтың ортасында, несібесін төрт түлік мал үстінен тауып, атыз, арық жағалаған диханшы қауым арасында өсті. Бала кезінен барды да көрді, жоқтың да кермек дәмін татып өсті. Ер жетіп, ел билігінің бір шеті қолына тиген кезде арманы сол халқының мұқтажын өтеу, өркендету болды, бұдан былайғы арманы бұдан да биік еді. «Жеріміз бай, өзіміз неге кедейміз?» Осы сұраққа іс жүзінде жауап беру еді бар мұраты.
Ол Абайды, Сұлтанмахмұтты, Қасымды оқыды, жатқа білді. Тағы да өзі айтқандай: «мен орыс тілін студент кезімде Маркстің «Капиталын» күні-түні жаттап үйрендім. Мұғалім жаттаған сөзімді бұзып, сұрақ қойса да бәрібір мен сол жаттағанымды басынан қайта айтатынмын. Талабымды бағалаған болар мұғалімім бетіме қарап бір күлді де төрт деген баға қойып берді». Кейіннен ол Пушкин, Лермонтов, Есенин өлеңдерін түп нұсқадан оқып, жаттап үйренді. Зеректігі әкесі Жорабекке, шешендігі елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған батыр бабалары Маңдай мен Дербісалға тартып тұрды. Шахмарданда көш бастайтын көсемдік, сөз бастайтын шешендік, бәрі-бәрі бар-ды.
***
Достарыңызбен бөлісу: |