Шаттық шеңбері:
Ата - аналарды қолымыздан ұстап, шаттық шеңберіне тұрғызу. Мен сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Қане, бәріміз бір - біріміздің қолымыздан ұстап шеңбер құрайық. Осы дөңгелек шеңберді неге шаттық, жылулық шеңбері деп атаймыз? Қалай ойлайсыздар. Шеңберге тұрудың үлкен бір қасиеті бар. Шеңберіміз көктегі жылу беретін күн сияқты дөңгелек. Шеңберге тұрып, бір - бірімізді жақсы көре аламыз, жақсылық пен жылулығымызды сыйлай білуге үйренеміз. Міне, сондықтан бұл шеңберді жылулық, шаттық шеңбері деп атаймыз. Енді бәріміз жақсылық тілеп, шаттана қуанып, күлкімізді сыйлайық.
Тренинг: «Мен үшін ана болу – бұл... »
Сөз басында мына ойыншықты /жұмсақ қонжық / бір- бірімізге жалғай отырып, мына фразаны аяқтайық! «Мен үшін ана болу – бұл... » /бақыт, жетістік, байлық, арман, дәреже, мәртебе, өмір, жауапкершілік...т.с.с./
Жүргізуші: Керемет! Ой бөліскеніңізге рахмет! Олай болса, жалғастырайық!
Ойын:«Кім екенін тап»
Әрбір адам өзінің аты - жөнін көрсетпей, өз - өзіне психологиялық мінездеме жазады. Өзінің ұнамсыз қасиеттерін жазуы керек. Бұл мінездеме жазылған беттерді жетекші жинап, араластырады да, арасынан біреуін алып, дауыстап оқиды. Топ мүшелері мінездеменің иесін табу керек.
Байлаулы бала (тренинг):
Бір ата-ана ортаға шығады. Төмендегідей сұрақтар қойылады.
Сіз балаңызбен көл жағасына бардыңыз. Балаңыз суға қызыққаны соншалық суға қарай жүгіріп кетті. Сіз қалай тоқтатасыз? (аяғы байланады)
Қарасаңыз балаңыз адамдардың тастап кеткен темекінің тұқылын жинап алып, сонымен ойнап отыр. Сіздің әрекетіңіз? (қолы байланады)
Жұмыстан шаршап келсеңіз бала теледидардан атыс-шабыс, бір сөзбен айтқанда өз деңгейіне келмейтін кино көріп отыр. Сіздің әрекетіңіз? (көзі байланады)
Балаңыз досымен келіспей қалды да, жаман сөздермен сыбағасын берді. Сіздің айтар сөзіңіз? (аузы байланады)
Міне, баламыз қандай күйге түсті, құрметті ата-ана. Мұндай күйге түспес үшін баламызға неге болмайтынын, «өйткені» сөзін қолдана отырып түсіндіруіміз керек. Сонда ғана сіз бала тәрбиесінде мақсатыңызға жете аласыз.
«Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — ата-ананың басты парызы. Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала — әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік.
«Тілек шамы» (қорытындылау)
Мақсаты: тренинг туралы пікірлерін ортаға салу.
«Міне, қоштасатын да сәт жетті. Біз сіздермен жанұядағы ата - ана мен балабақша арасындағы қарым - қатынастың түрлі жақтарын тануға, жан - жақты талқылауға тырыстық. Отбасы, ұшқан ұя - жылылықтың, жылулықтың мекені. «Отбасы» атауының мәніне терең үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз. Сондықтан оттың басы, ошағымыздың түтіні түзу болуы үшін «Тілек шамы» жаттығуын бір - бірімізге тілек айта отырып жүргізейік.
Ата - аналар алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп рахметімді айта отырып, отбасыларыңызға бақыт нұры шашыла берсін.
« Бала тілін дамытудың әдістер мен тәсілдері»
Мектепке дейінгі мекемелердің ең маңызды міндеті ол бала өмірінің қауіпсіздігі мен денсаулығы. Бала тілі ойын арқылы дамиды. Ойнау үшін бірімен-бірі өзара сөйлесіп, тығыз қарым-қатынаста болуы тиіс. Соның бірі баланың байланыстырып сөйлеу тілінің мәдениетіне аса мән беріледі. Қазіргі таңда тіл кемістігі бар балалар өте көп. Сондықтан оларға логопед мамандарының көмегі аса қажет. Олардың сөйлеу мәдениетінің жоғары деңгейде болуына бірден-бір ықпал етіп, көмек беретін де осы мамандар.
Педагогтар ұжымы жетекшілігімен «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту тұжырымдамасын» және «Мектепалды даярлау тұжырымдамасын», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын» басшылыққа алып, оқу-тәрбие процесінің ізгілендіру тұрғысындағы ұстанымдарды іске асырып: «Әр баланың дені сау, эмоционалды, жеке тұлға ретінде қалыптасуына себепкер болатын, оқу-тәрбие ортасын құру» тақырыбын бекітіп, келесі мақсаттар мен міндеттерді белгіледі:
Міндеттері:
1.Балалардың өмірін сақтау және денсаулығын нығайту үшін жағдай жасау. Балабақшада оңтайлы қимыл тәртібін ұйымдастыру арқылы дене шынықтыру - сауықтыру жұмысының тиімділігін көтеру.
2.Балалардың сөйлеу тілін дамытуды, іс-әрекеттің барлық түріне байланыстырып сөйлеуін қалыптастыру арқылы жалғастыру.
3.Шығармашылық іс-әрекетінің барлық түрінің интеграцияның негізінде қоршаған әлемді эстетикалық түрде қабылдауын дамыту.
Жоспарланған міндеттерді іске асыру барысында көптеген іс-шаралар жоспарлап іске асырып отыр. Соның бірі жоспар бойынша өткізілген педагогикалық кеңес.
Педагогикалық кеңес тақырыбы: «Мектепке дейінгі мекемедегі байланыстырып сөйлеу тілін дамыту жұмыстарының қазіргі заманға сай әдістері мен тәсілдері».
Мақсаты: Мектепке дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамыту жұмыстарын жетілдіру.
Баяндама: «Балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамыту».
Іскерлік ойыны: «Ойын арқылы бала бойындағы адамгершілік тәрбиенің қалыптасуы, оның өнегелік қасиеті».
Шебер сынып: «Неткен ғажап ертегілер»
Дөңгелек үстел: «Тәрбиешінің сөйлеу мәдениеті-баланың сөйлеу мәдениетінің дамуының негізі. Мәдени сөйлеу талабы.
Көрме: «Тіл дамыту сабағының дидактикалық ойындары».
Қазақстан Республикасының президенті - ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы: «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту-Қазақстан дамуының басты бағыты»
Көрме.
Баяндама: «Балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамыту». Теория жүзінде педагогтарға кеңес беріледі.
Іскерлік ойын, шебер сынып, дөңгелек үстел тәрбиешілермен бірге жүргізіледі. Ол іс жүзінде өз бойынан өткізіп, балалармен қалай ойнау тәжірибесін алады. Мысалы:
Көрме: Әрбір педагог өздері қолданатын дидактикалық ойындарына сипаттама беріп, олармен ойнау жолдарын түсіндіреді. Бір-бірімен пікір алмасып, тәжірибе алуына да болады.
Ойын «Соқыр теке» ойынының сөздерін алдын-ала жазып, таратып, бірлесіп ойнатады. Қойылған сұраққа әрбір педагог жауап беріп, өз ойын әріптестерімен бөліседі.
Шебер сынып: «Жеті лақ» ертегісін қазіргі заманның ағымына қарай сюжетін, сөздерін ауыстырып қолдануға болады. Оны үстел үсті, көлеңке немесе рөлдерге бөліп беру арқылы ойнатады. Әрбір сөзді айтқан кезде тіл кемістігі бар балалармен жақын болып, сөздеріне көңіл бөлінеді.
Сұрақтар: Ойынның, ертегінің балаларға қандай тәрбиелік мәні бар? Сөздік ойындар балаларға қалай әсер етеді? Ертегіден жағымды, жағымсыз кейіпкерлерді таңдап оған мінездеме беріңіз? (есте сақтау қаблетін арттырады, қызығушылығын тудырады, ой-өрісін дамытады, қимыл қозғалысын жетілдіреді т.б)
Дөңгелек үстел: «Тәрбиешінің сөйлеу мәдениеті-баланың сөйлеу мәдениетінің дамуының негізі. Мәдени сөйлеу талабы. Сөйлеу тілінің басқыншылығы. Речевая агрессия». Бұл тақырыпқа психолог мамандарының көмегі көп. Қазіргі кезде неліктен балалардың жүйкесі жұқа? Оларға қандай көмек бере аламыз? Ата-аналармен байланыстың қаншалықты көмегі бар? Жанұяда бір бала ғана болғандықтан ба? т.б сұрақтар төңерегінде педагогтар арасында пікір талас. [10]
Тіл - қоғамдағы адамдардың бір-бірімен пікір алысып, қарым-қатынас жасайтын құралы. Тілдің қоғамдағы алатын орны туралы Жүсіпбек Аймауытов «...ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі десе, Ахмет Байтұрсынов: ...өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек... Өз алдына ел болмаққа, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиістіміз» дейді. [8]
Баланың мектепке дейінгі кезеңі - оның жеке қасиеттерінің қалыптасып, дамитын кезеңі, сондықтанда бала өз ана тілінде сөйлеуі қажет. Бұған ата-аналар да ерте бастан көңіл бөлгені жөн. Баланың жағымды мінез-құлық әрекеттері физиологиялық, психологиялық тұрғыдан дамуы 3-4 жасқа дейін-ақ қалыптасып, тұрақтала бастайды. Баланың түрлі қимыл-әрекеті күрделеніп, күнделікті өмірде өзіне қажетті заттарды білуге деген ынтасы артады. Баланың сөз қорының молайып жетілуі, оның физиологиялық, психологиялық (ой қызметі, сезім, қабылдау, зейін, қиял, еліктеу т.б.) дамуына әсер етеді.
1,5-2 жастағы бала естіген-білген сөзді сол күйінде қайталап айтуға талаптанады. Өз ойын сөзбен жеткізудің алғашқы қадамы басталады. Өйткені, күнделікті ойын, тамақтану, киіну-шешіну, қимыл-әрекеттері кезінде ол да қажетті жайттарды сөзбен ұғындыруға мәжбүр болады.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін жоспарлау барысында балалардың білім деңгейі, сөйлеу дәрежесі ескеріледі.Тәрбиеші балалармен жекелей сөйлесс жүріп, олардың білім деңгейін анықтайды, аты-жөнін, әке-шешесінің атын, әжесі, атасы, аға-інісі, ойыншықтары жайлы сұрап әңгімелесе отырып, бағдарлама мазмұны негізінде күнтізбелік жоспар жасайды.
Үш жастағы балаларға сөз ішіндегі барлық дауысты-дауыссыз дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету, сөйлем мүшелерін жетілдіру, сөзді, сөз ішіндегі дыбыстарды дұрыс естіп тыңдай білуге үйрету, «Сөз», «Дыбыс» деген ұғымды меңгерту, сөздік қорын әрі қарай дамыту балабақшаның негізгі міндеттерінің бірі.
Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуда 4 негізгі мақсат қарастырылады.
1. Ауызша сөйлеуге үйрету, сөздік қорын дамыту.
а) Айналадағы дүниені, табиғатты бақылату, таныту арқылы сөз қорын жаңа сөздермен байыту, баланың ауызша сөйлеген сөздерін тыңдап, өзіне қойылған сұраққа диалог түрінде жауап беруге үйрету.
ә) Заттың атын (ойыншық, гүл, жапырақ) т.б. сөздерді үйрету.
б) Заттың сынын, сапасын, түр-түсін, пішінін білдіретін сөздерді меңгерту.
в) Заттың іс-әрекетін білдіретін (жүрді, жүгірді, келді, қияды, екті, септі т.б.) сөздерді әрі карай меңгерту
г) Үстеу сөздерді (қасында, үстінде, асты, астында, жоғарыда, төменде, т.б.) қосып айтуға үйрету.
2. Сөз дыбыстарын дұрыс айту. Сөйлеуде ауыз қуысы арқылы дұрыс дем алып, дем шығара білуге үйрете отырып дауыссыз, қатаң, ұяң дыбыстарды естілуіне қарай дұрыс, анық айтуға үйрету 3-4 сөзден тұратын сөйлемдер құрату
3. Грамматикалық категорияларды меңгерту. Зат есімге іс-әрекетті білдіретін сөздерді қосып сөйлем құрату. Сөздерді септеп, жіктеп, жекеше, көпше (менің досым, біздін ойыншықтарымыз) айтуға үйрету.
4. Байланыстырып сөйлеуін дамыту. Күнделікті сабақта естіген, білгенін, ойын, серуен кезінде көрген-түйгенін, сурет және оқылған ертегілер мазмұнын, ұнатқан ойыншықтары жайында ауызша, сұрақ қоя отырып, әңгімелей отырып, қысқа ертегілерді кейіптендіре білуге үйрету. (сызбаның түрлері беріледі).
Мектеп жасына дейінгі баланың тілін дамыту әдістері: баламен әңгімелесу; күнделікті өміргс қажетті заттарды, айналадағы дүниені бақылату; кейбір заттың өзін немесе суретін көрсетіп сөйлесу; көрген-білгені туралы әңгімелеп беруді үйретіп отыру; сөздік тапсырмалар орындату; әңгімелесуден соң, балаға сол оқиғаға байланысты әдеби шығармалар оқып беріп тыңдату; түсінгені туралы оқиғаны суреттеп, мүсіндеп көрсетуге жаттықтыру.
Баланың тілін дамыту, сөйлесе білуге үйрету негізінен үш түрлі тәсіл арқылы іске асырылады:
1. Затты бақылауға дағдыландыру;
2. Балалардың түсінігін байқау, сұраққа дүрыс жауап беруін қадағалау;
3. Бақылаған оқиғалары туралы дербес жаттығулар орындатып, көрген-білгенін тереңдете тиянақтап отыру. Мысалы, бала үй жануарларын бақылағанда (қозылы қой, бұзаулы сиыр) олардың әрекеті, адамға келтірер пайдасы, бір-бірінен айырмашылығы (қозы, қой, сиыр) ұқсас жақтары туралы салыстыра айта білуі тиіс. Сондай-ақ, балаларға мақал-мәтел айтып, жұмбақтың шешуін сұрап, сөз мәнісін, түсінігін айтуға, жануарларды суреттен танып көрсетуге, мүсіндеуге үйретіп, жануарлар айтысы т.б. ойындар арқылы оқу іс-әрекетін одан әрі жалғастыру.
Сөйлеу тілі мен сөздік қорының жетілуіне байланысты бұл жастағы балалар төңіректегі өмір құбылыстарына назар аударып, оны танып білуге әрекеттене бастайды. Ата-анасымен серуенге шықса, дүкенге не киноға барса, көзі шалған заттың бәрін сұрап, «ол не, бұл не?» деп тақылдайды. Бала табиғатына тән осы ерекшеліктер туралы ұлы ақын Абай былай дейді: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары... Біреуі білсем екен деп, не көрсе соған талпынып, жалт-жұлт еткен болса, оған қызығып, аузына салып дәмін татып көріп, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ер жетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да тура жүгіріп, біреу күлсе де, біреу жыласа да тура жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйретеді?», «бұл неге үйретеді?» деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді.Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен дегендік».
Мектеп жасына дейінгі баланың тағы бір ерекшелігі оларда еліктеу, қиялдау басым болады. Сол себепті айналадағы құбылыс пен ересектердін іс-әрекеті балалардың бақылауынан мүлт кетпейді. Бақылаған заттардың елеусіз ерекшелігіне дейін бірден байқап, тез қабылдайды. Олай болса, әрбір ата-ана баланың осындай даму ерекшелігін ескеруге тиісті. Оның заңды сұрақтарына құлақ асып, үнемі жауап беріп отырулары керек.
Бала тілін дамытуда мынадай жұмыс түрлерін жүргізіп отыруға болады:
1. Айналада бар, күнделікті өмірде пайдаланып жүрген заттарды (киім-кешек, ыдыс-аяқ, тағам, үй мүліктері) көрсету баланың қолына беріп, атын сұрап айтқызу. Осы заттарды қайда, неден (ағаштан, шыныдан, шыттан, жүннен, темірден т.б.) жасалатынын, кімге, неге, не үшін керек екенін ұғындыру.
2. Баланы белгілі заттардың атына байланысты сөздерден сөйлем құрап айтуға үйрету. Мұндайда «Суретті сөздік» атты кітапшада жеке заттар мен оларға байланысты іс-әрекеттер көрсетілген. Бала суреттен үйдегі затты көрсетіп, бірде атын атаса, екіншіден сол заттардың көмегімен жасалатын іс-әрекет, оның ерекшелігі туралы сипаттама айтуға жаттыға бастайды.
3. Балалар сөзді, сөйлемді дұрыс айтуға үйрене бастаған соң шағын әңгіме құрастыруға дағдыландыру керек.
а) Баланың бақылау кезінде көргендері жайлы жетекші сұрақ беріп әңгімелесу.
ә) Ойыншықтары, жақсы көретін кітабы жайында әңгіме айтқызу.
б) Оқылған ертегі, әңгіме мазмұнын сұрап, әңгіме желісін бұзбай айта білуге үйрету.
в) Сюжетті көркем картиналарды (суреттерді) көрсетіп, оның мазмұнын әңгімелеп беруге баулу
г) Жеке заттық атауларды білдірумен қатар киім, мал, төл, ағаш, тамақ, жеміс, көкөніс т.с.с. жалпы ұғымды білдіретін сөздерді түсіндіру
ғ) Белгілі грамматикалық формаларды дұрыс қолданып, сөйлей білуге үйрету: ішінде, үстінде, астында, қасында, жанында, артында, ортасында, шетінде деген сөздерді сөйлем ішінде қолдана білуін қадағалау. Ол үшін балаға сурет көрсетіп әңгімелескенде, нақтылы бір жұмыс түрін орындатқанда, ойын кезінде мынадай сұрақтар беруді ұмытпаған жөн. Қуыршағың қайда отыр? (үстелдің немесе диванның үстіне, астына, қасына қойып). Кітап қайда тұр? Немесе баланың бір ойыншығын жасырып қойып, тапқызу, ол жөнінде сұрап (Сүт қайда тұр? т.б.) әңгімелесу. Затты жекеше, көпше айтуға үйрету: кітаптар, қуыршақтар, кімнің? ненің? кімдікі? деген сұрақтарға жауап ала отырып, жеке сөздерді септік, көптік, тәуелдік жалғаулар жалғап айта білуге жаттықтыру. 6-7 жастағы бала ата-анасымен демалыс күндері киноға (күндізгі) барғанда, не арнайы серуенге шыққанда талай сұрақтар беріп мазалайды. Мұндай жағдайда оларға ұрыспай, байсалды жауап берген жөн.
Мектеп жасына дейінгі сәбилердің дүние танымын кеңейтіп, ойын өрістетіп, тіл байлығын жетілдіру ісінде көркем әдебиеттің алатын орны ерекше. Көркем сөз өрнегін балаға тыңдатып, санасына сәуле түсіру, халық қазынасының музыкалық үнінен нәр алдыру оның ең сәби шағынан, ана әлдиінен басталады.
Балаларға оқылатын шығармалар олардың ой-өрісіне, дүние танымына әсер етерліктей болу үшін мына мәселелер мұқият ескерілуі керек:
1. Балаға әңгімелеп айтуға, оқып тыңдауға, жаттап айтуға таңдалған материалдардың олардың даму деңгейіне, жас шамасына лайықты болуы. Отбасында тәрбиеленуші әрбір бөбектің күнделікті іс-әрекеті, оның неге қызығып әуестенетіні, оның алғашқы ұстазы ата-анаға белгілі.
2. Арнайы жинақталған суретті кітапшалар, әңгіме-ертегілердің, мақал-мәтелдердің, баланың өмірден алған әсерін, білім, түрлі әдет-дағдыларын айқындай түсіндіріп, тереңдете, кеңейте түсерлік дәрежеде болғаны жөн. Шығарманың баланы Отан сүйгіштікке, достық, жолдастыққа, ата-анаға, айналасындағы үлкен-кішіге, ата-әжесіне сүйіспеншілікке, мейірімділікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, мінез-құлыққа тәрбиелейтін дәрежеде болтаны жөн.
3. Оқылатын шығарманың суреттермен көрнекі бейнеленуіне баса назар аудару қажет. Психологтардың дәлелдеуінше балалар оқиғаларының басталу, даму процесіне, шиеленісіне, оқиғадан-оқиғаның өрістеуіне, өзгерістер мен оның болу себептеріне, шешімінде, кейіпкерлер мінездерінің әр түрлі іс-әрекет үстіне көріну өзгешелігіне қызыта назар аударады. Оқиғаның негізгі себептері туралы ой жүгіртіп, қорытынды жасауға ынталанады. Оқиғасы бала түсінігіне дөп келетін, оған айрықша әсер туғызған шығарманы тыңдап отырғанда бала сол оқиғаға өзі араласып кеткендей әсерленетін болады.
4. Айналадағы балаға танымал дүние, табиғаттың тамаша көріністерін, жыл маусымдарына қарай құбыла түрленетін ғажайып өзгерістерін, пейзаждың суреттерін, оның себептерін, табиғат пен адам арасындағы заңды байланыстарды айқара ашып, көркем де түсінікті түрде суреттеп бере білу, сәбиді сезімталдыққа, эстетикалық талғампаздыққа баулып, оның зейін, қабылдау, таным әрекетін қалыптастыруға игі әсерін тигізеді.
5. Әдеби шығармалардың тілі жеңіл де, көркем, балаға түсінікті, олардың сөздік қорын жаңа сөздермен байытатындай болуы тиіс.
Бар жақсысын ұрпақ тәрбиесінсн аямаған халық - баланы сылаумен өсіре отырып, құлағына бесік жыры әуенін сіңіре білген. Нәресте есейген сайын ана сүтімен даритын сөйлеу тілін дамытып, тазалыққа, имандылыққа баулып, ізеттілікке, жомарттыққа, әсемдік, сезімталдыққа, ұқыптылыққа, әдептілікке үйретіп, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу - әрбір отбасының арманы болған. Оған дәлел - халық даналығы: санамақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар баланы ойландырып, толғандыратын өтірік өлеңдер, ертегі, аңыз әңгімелер. Осылардың қай-қайсысы болмасын баланың сезімін селт еткізбей қоймайды. Тіліне үйіріліп, еріксіз сөзге еліктіреді. Өйткені, ауыз әдебиеті халықтың ұрпағына деген сүйіспеншілігінен, арман-мүддесінен туындаған. Тілге жеңіл, мазмұны түсінікті, ойната сөйлететін шығармаларды тыңдаған бала оны қиналмай жаттап алып айта береді.
Тілді үйретудегі құралдар: бесік жыры, мақал-мәтелдер, ертегілер, эпостық шығармалар, жұмбақтар, аңыз-әңгімелер.
Қазақ балалар әдебиетінің атасы Ы. Алтынсарин балаларды оқыту, тәрбиелеу ісінде ауыз әдебиеті шығармаларының маңызды орын алатынын айта келіп «Өмірге қажетті ауызекі сөйлеу дағдыларына жаттықпайынша, қай-қай тілде болсада еркін, жүйелі сөйлеу мүмкін емес», - деген.
Сондықтан да, әр тәрбиеші күнделікті тәрбиеде ауыз әдебиеті үлгілеріне мықтап жүгінуі керек. [10]
2.2 Бала тілін дидактикалық ойын арқылы дамыту
Баланы жан-жақты тәрбиелеу, оның дүние-танымын жетілдіру, сөздік қоры мен сөйлеу тілін, ой өрісін дамытып, еңбекке баулу - бала бақшалардағы барлық топтарға бірдей ортақ басты міндеттер. Мектеп жасына дейінгі балаларды ауызекі сөйлеуге үйретіп, олардың ой өрісін кеңейтудің негізі - айналадағы орта мен табиғат құбылыстарын бақылату. Тіл дамыту сабақтарын ұйымдастыру, сабақты алдын ала жоспарлау барысында тәрбиеші бұларды әрқашан ескеріп отыруы қажет. Тәрбиелеу және білім беру жұмыстарының негізгі түрі - сабақ. Сабақты ұйымдастыруда оқу жоспары, бағдарлама басшылыққа алынады. Сабақтың мазмұны дидактикалық принцптерге сәйкес, әр топтағы балалардың жасына, білім деңгейі мен даму ерекшелігіне қарай белгіленеді. Сөйлеу бала үшін қарым-қатынас құралы болып табылады, оның ойлау қабілетін және мінез-құлқын реттеуде маңызды рөл атқарады. Сөйлеу қатынасы баланың білімді меңгеруіне, қажетті білік пен дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. [2]
Кішкене сәбимен сөйлесе білу де үлкен өнер. Олар дауысты құбылтып айтып берген ертегіні қандай сүйіп тыңдайды? Білуге құмар 4-5 жастағы сәби ересектерге күніне төрт жүзге дейін сұрақ қоятын көрінеді. Мысалы, түн неге қараңғы, күн қайда кетті, неге жұмысқа кетнсің, қар неге аппақ?... деген таусылмайтын сауалдар көп. Мұндайда ересектер баланың сұрағына байыппен түсіндіре жауап беру олардың ой-өрісін дамытуға, дүниетанымын кеңейтуге көмектесетінін естен шығармауы тиіс. [16]
Екі-үш жастағы балалардың тілін дидактикалық ойын арқылы дамыту тақырыбында өткізілетін сабақта балалардың тілдерін дидактикалық ойындар арқылы дамыту, есте сақтау дағдыларын қалыптастыру, балалардың ой, зейін, сөйлеу дәрежесін дамыту және дербес орындайтын жұмысына бағыт беріп, айтқан сөзді түсініп қабылдай білуге үйрету мақсаты көзделеді.
Дыбыстарды айтудың артикуляциялық аппаратын әзірлеу. Балаларды анық, асықпай, барынша қатты айтуға үйрету, сөздің қарқыны мен ырғағын бақылау,
- сөздің дыбысталу жағын жүйелі түрде дамыту: есіту түйсігі, сөзді есту, тілдік демалыс, айтылым аппараты;
- дауысты және дауыссыз дыбыстарды дұрыс айтуды қалыптастыру,
- суреттегі, көрген кітабындағы, ойыншықтар жайлы қысқа өлеңдерді айтуға тәрбиелеу,
- сөздің мәнін түсіну үшін балаларды өзара әңгімелесуге тарту.
Ертегі әңгіме желісіндегі сөйлеу интонациясын үлкендердің көмегімен айтуға тәрбиелеу.
Балалармен жұмыс істеу мазмұны: жуыну, киіну, ұйқыға жату, ұйқыдан тұрған соң жеңіл-желпі жұмыстарға баулу кездерінде үйренген сөздерін, дыбыстарды қайталап айту, айтқызу және ойната сөйлету арқылы балаларды сөзге қызықтырып отыру. Үлкен адамдардың сұрақтарына, жолдастарының сөздеріне дұрыс жауап беруге үйрету. Өздерінің жатқа білетін тақпақтары мен әндерін қайтапап айтуға, өз құрбыластарымен, үлкендермен сөзбе-сөз қарым-қатынас жасауға, оларға сұрақ қойып, жауап ала білуге жаттықтыру.
Сәбидің сөз қорын молайтып, сөйлеу тілін дамыту ісі балабақшада арнайы өтілетін сабақтарда, сабақтан тыс ойын, серуен кезінде іске асады. Тіл үйрету жұмысында айналадағы қоғамдық өмір шындығын, табиғат тамашаларын бақылатып, баланың таным, сезім қабілетін жетілдіру басты роль атқарады. Балалармен арнайы өтілетін осы жұмыс барысында тәрбиеші әр заттың аты, сапасы, қажеттігі жайында түсіндіреді. Баланы заттың атын сөзбен айтуға үйретеді.
Айналадағы қоғамдық өмір, өлі тірі табиғат құбылысын бақылатқанда да әр объектіні сөзбен атап, түсіндіріп, баланы сөзбен қызықтырып, ойлау, сөйлеу қабілетін дамыту көзделеді.
Тәрбиеші баланы ойната сөйлету ісіне баса көңіл бөлгені жөн. Бұл жастағы балалардың тілін дамыту жөнінде өтілетін жұмыс түрлері бағдарламада пайдаланып көрсетілген. Әр сабақта балаға танымал, бұрыннан білетін заттың, іс-әрекеттің белгісіз жағын байқата түсіндіріп олардың қабылдау, таным, сезім ой әрекетін кеңейтіп, ауызша сөйлеуге үйрету басты міндет болып табылады.
Екі жастағы баланың тілін дамытуда сөздің лексикалық жағын молайтумен қатар, ол сөздерді нақты түсініп айту, қажетіне қарай қолдана білуге үйрету көзделеді. Мектеп жасына дейінгі балалардың сөз қорын жетілдіріп, сөйлеу тілін дамыту айналадағы өмір шындығын бақылатумен біртұтас, тығыз байланыста жүргізіледі.
Сол себепті тәрбиеші әр сабақта, сабақтан тыс жұмыстарда балаға сөз үйрете отырып, заттық ұғымға қоса іс-әрекетті білдіретін сөздерді дұрыс айтуға үйретеді.
Әр сабақта балалардың сөздік қорын молайтуда екі-үш жаңа сөз меңгерту көзделеді. Сабақ үстінде балалармен сөзбе-сөз қарым-қатынас жасай отырып, тәрбиеші баланың әр сөзді анық, дұрыс айтуын қадағалап, түзетіп отырады, байланыстырып сөйлеуге үйретуде сурет көрсетіп әңгімелесу, ойыншықтармен дидактикалық ойын өткізу, шығарма оқып тыңдату, диалог түрінде (екі-үш жас) сөйлесуге баулиды. [2]
2.3 Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу тілінің грамматикалық жағын қалыртастыру
«Сөз сөзден туады, сөйлемесе қайдан туады?» демекші, қазіргі уақытта балалардын сөйлеу тілі кеш шығып, түсініксіз болуда. Сонымен бірге, отбасында екі тілде сөйлеуде бұл баланың сөйлеу тілін бұрмалап, кешеуілдеп шығуына әсер етеді. Баланың сөйлеу тілі оның психикасына да әсер етеді. Өзінің достарының арасында тұйықталып, аз сөйлеуге тырысады. Қоғамда өзін қолайсыз сезініп шеттетіліп қана береді. Сондықтан да ерте жастан бастап сөйлеу тілін түзету ұғымды болады. Неғұрлым түсінікті, еркін сөйлесе белсенді, ашық мінезді, көпшіл болады. Көбінесе балалардың сөйлеу тілі грамматикалық жағынан толық жетілмеген болып келеді. Қазақ тілінің кей дыбыстарын бұрмалап айтып, жұрнақ, жалғауларды сөздерде дұрыс қолданбайды. Осы ауқымды мәселеге байланысты мектеп жасына дейінгі мекемелердін тіл мамандарына төмендегі құрастырылған тапсырмалар жүйесін ұсынып отырмыз. Бұл тапсырмалар мектеп жасына дейінгі балалардын сөйлеу тілінін грамматикалық жағын қалыптастыру негізінде беріліп отыр, ойын түрінде жүргізіледі.
Тапсырмаларды құру барысында балалардын жас ерекшеліктеріне, сөйлеу мүмкіндіктеріне, тапсырмаларды қалай түсінетініне, белсенді және енжар сөз қорынын қалпына назар аудардық. Тапсырмалар ауызша және көрнекілік арқылы берілді. Балалардың сөз өзгерту дағдыларын қалыптастыру бойынша алты тапсырма ұсынылды. Яғни, қазақ тілінің төрт жалғауына сәйкес.
Мысалы: Біз қазір «Ненің құйрығы?», «Мен, сен, ол» ойынын ойнаймыз деген т.с.с. Сен өзіңді «мен» деп, мына қуыршақты «сен» деп, ал мына қуыршақты «ол» деп айтасын. Мен саған бір сөз айтамын сен оны «мен, сен, ол» сөздерге қосып айтасын.
Көптік жалғауын қолдану дағдыларын қалыптастыру бойынша тапсырмада бала көптік жалғаудын сөзге сай нұсқасын қолданып, сөзді көпше түрге ауыстырып айту керек. Сонымен бірге қазақ тіліне тән үндестік заңына сай. Екінші, үшінші, төртінші тапсырмалар ілік, табыс жатыс септіктерінің жалғауын қолдану дағдысын қалыптастыруға бағыт алып отыр. Осы тапсырмалар 7 тапсырмадан тұрады. (қосымша А) [5]
2.4 Сөйлеу техникасына арналған тілдік жаттығу
Көпшілік алдында еркін сөз сөйлеу үшін ішкі психологиялық дайындық және тілдік жаттығу қажет-ақ. Өйткені өзіне сенімі жоқ, өз ойын сөзбен жеткізе алмай, қобалжып, дауысы дірілдеген адамның тыңдарманына қалай әсер етері айтпаса да түсінікті. Демек, біздің дауысымыз - бұл күйін келтіргенде жақсы әуен беретін музыкалық аспап секілді сөйлеу құралымыз.
Айтылған сөз дәлдігі, тазалығы және әсерлілігі тілдік тыныс алуға байланысты. Осы тұрғыда халқымыздың ғасырлар бойы жинаған асыл мұрасы ана тілін дұрыс қолданудың ережелерін көрсету, әр тұлғаның бала кезден тілін жетілдіру, тілдік тыныс алуды басқара білуге үйрету қажет. Олардың сөйлеу мәдениеті қоғамдық қажеттілік, ал тілдік тыныс алуды меңгеру оның алғы шарты болып табылады. Қарым-қатынас ережелерімен қаншалықты ерте таныстыруды бастасақ, сөйлеу құралдары соншалықты саналы және табиғи қалыптасады да, баланың сөйлеу мәдениетін жетілдіреді. Сондықтан назарларыңызға сөйлеу кезінде пайда болатын тілдік тыныс алу гимнастикасына қатысты арнайы жаттығуларды ұсынып отырмыз.
«Ойын баланың алдынан өмір есігін ашып,
оның шығармашылық қабілетін дамытады
ойынсыз ақыл- ойдың қалыптасуы мүмкін
емес».
В.А. Сухомлинский
І. Кіріспе бөлімі.
Балабақашағы оқыту- тәрбиелеу жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын молайту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, одан әрі күнделікті іс- әрекет кезіндегі тілдік қарым- қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән берілген.
Мектеп жасына дейінгі кезеңдегі балалармен сөздік жұмысын жүргізу ісі- тіл дамытудың негізгі бір міндеттері болып есептелінеді.
Біз балалармен сөздік жұмысын жүргізе отырып, оларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге, қасиеті мен сапасын, түр- түсін және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік қарым- қатынас жасай білуге үйретеміз.
Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорларын дамыту ісінде тәрбиешінің:
-балалардың сөздік қорларын дамыту;
-жаңа сөздерді меңгерту;
-үйреген сөздерін тиянақтап, анықтап, әрі байытып отыру басты міндет саналады.
Осы аталған міндеттерді тәрбиеші үнемі сөздік жұмысын жүргізуде басшылыққа алып отыруы тиіс. Балалардың сөздік қорын молайтуда ойын, тапсырма жаттығулардың орны ерекше. Соның ішінде ойын- баланың шын тіршілігі. Ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып, таңдап алады. Баланың бір ерекше қасиеті сөйлеуден еш жалықпайды. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала еш нәрсеге тәуелсіз. Ол озін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады.
Халық даналығында «Ойнай білмеген, ойлай да білмейді», «Ойында озган, өмірде де озады» деген аталы сөздер сырына жүгінсек, мектепке дейінгі жастағы баланың ойынға деген құлқы, қарым- қатынасы, мінез- құлық көріністері олар өсіп- есейгенде де жалғасы береді. Ойын барысында бала өзін қоршаған үлкендер сияқты, өзінің сүйікті әңгімелері мен
кейіпкерлері сияқты өмір сүреді, әрекет жасайды.
Ойынды қолданумен бірге ойлауға, тілді дамытуға, шығармашылық әрекетін байытуға бағыт алады. Баланың ойын кезіндегі қимыл- қозғалысы дене бітімін жетілдірсе, ал қарым- қатынастағы пайымдаулары өзіндік таным- түсінік, мінез- құлық әдептерін бекітуіне әсер етеді. Бала ойын арқылы бір әрекеттен екінші әрекетке ауыса отырып, өзіне түрлі ақпараттар алады, дүние сырын ашады.
Мектепке дейінгі тәрбиеленушілерде педагогикалық процестер барысында баланың көңіл-күйін анықтап, психологиялық мотивтерді туындатып, жағымды мінез- құлық дағдыларын қалыптастыру көзделеді. Психологиялық жаттығулар баланы үлкендермен және достарымен қарым- қатынас мәдениетіне тәрбиелеп, өз пікірлерін айтып жеткізе білуге көмектеседі. Ойын жаттығулар арқылы баланың білімділік дағдыларын күнделікті іс-әрекетте қолдана білу мүмкіндіктері қарастырылады.
Психологиялық ойын- жаттығулар баланың жан дүниесінің, рухани жай-күйінің үйлесімді дамуына ықпал етеді. Баланың сезім әрекетін, әсерленушілік деңгейін анықтау үшін қолданылады.
Ойындардың негізгі мақсаты балалардың ықылас зейінін, сөздік қорын, байқампаздығын, есте сақтау, қабылдауын дамытуғы, икемділікті арттыруға, өзінің жеке құрбыларының іс- әрекетін бағалай, құрметтей, өз ісінің дұрыстығын дәлелдей білуін анықтау, қалыптастыру. Ойынға зер салып, ой жүгіртіп қарар болсақ, сол ойындардан үлкен де мәнді, мағыналы істер туындап өрбитінін байқаймыз. Өйткені ең алдымен не нәрсенің болсын жөн бастар қайнар көзі болатыны белгілі. Сондықтан да ойын бала бойындағы қандай да бір өнердің бастауы деп білеміз.
Сонымен балалардың сөздік қорларын дамытуда ойындарды, тапсырма- жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді. Ойын арқылы балалардың сөздік қоры дамып, ауызша сөйлеу машығын игереді., таным белсенділіктері қалыптаса түсіп, ақыл- ойы өсіп жетіледі, әрі адамгершілік қасиеттер бойына сіңіреді.
Ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан, әрі үлкен мәні бар мәдени шығармашылық- саусақ ойыны. Саусақ ойынын ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан- жануарларды, құстарды, ағаштарды т.б көптеген бейнелерді бейнелей алады.
Ал тіл кемістігі кездесетін балалардың жалпы қимылдары, соның ішінде бұлшық етінің қимылдары жеткілікті деңгейде дамымайды.
Сөйлеу тілі мүшелері әрекетінің қозғалуларының дамуы қол саусақтарының нәзік қимылдарының дамуымен тығыз байланыста болғандықтан, бала қолының ептілігін толық жетілдіру, түзеті- тәрбие жұмысын жүйелі жүргізуді қалайды.
ІІ. Негізгі бөлім.
Ұсақ моториканы дамыту жұмыстарын ерте сәбилік шақтан бастаған дұрыс. Омыраудағы баланың өзіне саусақтағы бас миымен байланысқан
активті нүктелеріне әсер ете отырып массаж жасау керек. Ерте жаста және
мектепке дейінгі кіші жаста қарапайым жаттығуларды жасауда өлеңмен, тақпақпен ұйқастырылған жаттығуларды пайдалану ұсынылады. Сонымен қатар өзіне -өзі қызмет ету дағдысын қалыптастыру: тиегін өзі салып, өзі ағыту, бауын байлау, т.б. Ал ересек топтағы балалар үшін ұсақ моториканы дамыту және қолдың икемділігін арттыруға арналған жаттығулар мектепке дайындықтың яғни, жазу, сызуға үйренудің маңыздысы болып саналады.
Ұсақ моториканы дамытудың маңыздылығы неде? Адамның бас миында саусақ қимылына және сөйлеуге жауап беретін орталықтар өте жақын орналасқан. Ұсақ моторикаға әсер ете және оны белсендіре отырып, көрші орналасқан сөйлеуге жауап беретін орталықты да дамыта аламыз.
Педагогтар мен балалар психологының мақсаты- ата – аналарға ұсақ моториканы дамыту ойындарының маңыздылығын ұғындыру. Баланы қызықтыруда және жаңа хабарларды игеруіне көмектесуде үйретуді ойынмен алмастыру, алға қойған мақсатына жетуін, тапсырманы орындауда қиындыққа кездессе мойымауына үйрете отырып, аз мөлшердегі жетістіктерін де бағалап, мадақтап қоюды да ұмытпауы керек.
Ұсақ моториканың қимылдары мен қолдың икемдігі бас миының құрылымының даму деңгейін көрсетеді. Осыдан келіп қол қимылдарын басқара білу туады. Сондықтан ешқашан да баланы мәжбүрлеуге болмайды.
Қазіргі кезде баулы ойыншықтардың көбейгенін немен түсіндіруге болады. Қазіргі ата – аналарда мұндай ойыншықтар болған жоқ қой, сонда олар осындай қалыпты деңгейге қалай жетті? Бір түсінбейтін нәрсе, осының бәрі не үшін керек?
Қазіргі кездің балаларында жалпы моторлық артта қалушық байқалады екен. Ойлап көріңізші, тіпті қазіргі балабақшадағы балалардың ешбірінде баулы аяқ киім кездеспейді. Бау байлауды үйрету ата- анаға да, тәрбиеші ге де қиындық туғызатын болса керек. Осыдан 20 жыл бұрын ата- аналарға, олармен қоса олардың балаларына көп нәрсені қолмен жасауға тура келді: кір жуу, тоқу, тігу т.б. Ал қазіргі кезде осының бәрін жасайтын машина.
Жалпы моториканың дамуының аздығын, соның ішінде қол қимылының аздық себебін зерттей келе қазіргі заманғы барлық баланың жазуға дайын еместігі немесе тілінің дамуында бір ақау бар екендігі анықталды. Осыдан келе мынадай қорытынды шығаруға болады: егер тілінің дамуында ақау болса, онда бұл ұсақ моториканың мәселесі.
Тіпті баланың сөйлеу тілі қалыпты болған жағдайда бұл қолын басқаруы қалыпты деген сөз емес. Егер 4 - 5 жастағы балада бау байлау қиындық келтірсе, ал, ермексаздан тек шар мен ұзынша жабыстырылса, және 6 жаста тиек тігу- орындалмас және қауіпті іс болса, онда сіздің балаңыз кінәлі емес.
Өкінішке орай көп ата- ана қолдың икемі мен ұсақ моториканың даму деңгейінің төмендігін тек мектепке барарда ғана байқайды. Бұл балаға өте ауыр жүк. Жаңа хабарларды қабылдаумен қатар, икемге келмейтін саусақтарымен қарандашпен жазып үйренуі керек.
Кішкентай ғана сәбидің қалайтыны қозғалу, қозғалыс- әлемді танудың мүмкіндігі. Яғни, бала қозғалысының дәл және нақты болса, оның әлемді ақылмен тануы да терең бола түспек.
Егер сіз бірінші сынып оқушысында жазуда қиындық болмасын десеңіз немесе 3 жастағы баланың тілінің дамуында ақау болмасын десеңіз дамыту ойын – жаттығуларын бала туылған соң екі айдан кейін бастаңыз. Ұсақ моториканы дамыту әдістемесі мұндай жағдайда өте тиімді. Омыраудағы баланың саусақтарын уқалауға болады, жас жарымдағы баламен саусақ ойындарын бастауға болады. Мысалы, баланың бас бармағын жаймен сипап отырып, оған былай деңіз: «Саусақ –бала сен қайда болдың?» Содан соң бас бармақты балан үйрекпен түйістіре отырып, « мына саусақпан орманға бардым», ортан түйрекпен түйістіре отырып, «мына саусақпен щи пісірдім»,
Осылайша жалғастырып басқа саусақтармен де «мына саусақпен ботқа жеп, мына саусақпен ән салдым» деп аяқтайсыз. Балаларға бұл жаттығу қатты ұнайды, уақытты да көп алмайды, ал пайдасы оның өте көп, себебі ұсақ моториканы дамытып жатырмыз ғой.
Бір жастан асқан балалар үшін – саусақ бассейні әдістемесі өте пайдалы. Бір ыдысқа 1 кг бұршақты немесе фасольді төгеміз де ішіне баланы қызықтыратын бір ойыншықты көміп қоямыз. Сондан соң оны тауып беруін өтінеміз. Бұл қызықтыру жаттығуы кезінде баладан алыстап кетпеңіз. Себебі ұсақ нәрселерді аузына салып алу қаупі бар.
Ата-аналарға психологиялық кеңес
1. Балаларыңызды жетістік пен дәрежесі үшін емес, сол қалпында сөзсіз қабылдап жақсы көретіндігіңізді сездіртіңіз.
2. Қателескені үшін баланы кекетіп, бетінен алмаңыз, басқа балалармен оны салыстырмаңыз.
3. Баланың сұрақтарына жауап берген кезде шын және шыдамдылықпен жауап беріңіз.
4. Күнде балаңызбен жеке сөйлесуге уақыт бөліңіз.
5. Жас мөлшері әртүрлі адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіңіз.
6. Баланың әрбір жетістігі үшін мақтап отырыңыз.
7. Балаға баға бермеңіз, оның іс-әрекетін бағалаңыз.
8. Табысқа күшпен жетуге болмайды, сондықтан балаңызға күш көрсетіп, тапсырманы орында деп талап етпеңіз.
9. Баланың қателік жіберуге құқығы бар екенін айтыңыз.
10. Баланың «бақытты кездер банкісі» туралы ойлаңдар.
11. Үлкендер балаға қалай қараса, бала да өзіне солай қарайды.
12. Жалпы, өзіңізді баланың орнына қойып отырыңыз.
Ата – аналарға кеңес
1. Баланың берген жауабына шын және шыдамдылықпен жауап беріңіз.
2. Балаңыздың жеке бөлмесі не бір бұрышы болуына жағдай жасаңыз.
3. Балаңыздың шашылып жатқан үстеліне ұрыспаңыз, егер ол шығармашылық іс - әрекетпен айналысып отырса.
4. Шешім қабылдауда өзіндік жеке жоспар құруына көмек көрсету.
5. Балаңыздың кемістіктерін бетіне басып, басқа балалармен оны салыстырмаңыз.
6. Күнде балаңызбен жеке сөйлесуге уақыт бөліңіз.
7. Отбасымен шешетін мәселелерге балаңызды қатыстырып, оның жеке басының ой-пікірімен санасыңыз.
8. Қателескені үшін баланы кекетіп, бетінен алмаңыз.
9. Баланың әрбір жетістігі үшін мақтап отырыңыз.
10. Жас мөлшері әртүрлі адамдармен дұрыс қарым-қатынам жасауға үйретіңіз.
11. Қиын нәрселерді тауып және оны өз бетімен, жауапкершілікпен шешуге балаңызға көмек көрсетіңіз.
12. Балаңызды жетістік пен дәрежесі үшін емес, сол қалпында сөзсіз қабылдап жақсы көретіндігіңізді сездіртіңіз.
13. Балаңызбен бірге әңгімелер, ертегілер, фантастикалық оқиғалар құрастырып, баланың шығармашылық қабілетінің дамуына жағдай жасаңыз.
14. Балаңыздың сүйікті ісіне керек кітап, ойын, т.б. құралдармен қамтамасыз етіңіз.
15. Балаңыздың алған негізгі ісінің ойдағыдай орындалуына сеніміңіз болмаса да, сол істі өзі аяқталуына жағдай жасаңыз.
16. Бала өз жұмысын көрсете алатын стенд жасап қойыңыз.
17. Істеген жұмысының нәтижелі болуына көмектесіңіз.
18. Баланың қойған талабына ерекше көңілмен қараңыз.
19. Балаңыздың өткір ойлығына сеніп, әрдайым сенім артыңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |