* * *
Қайтар жол көңілсіз. Тойдан емес, жаназадан қайтқандай
Семашко мырза да, Тұрар да үнсіз. Жаздың ұзақ күні баяу батып
бара жатқан. Күн ұясына қонған соң да аспанның қызылы көпке
дейін қаза болмай, әуенің терістік беткейінің жалқын сары реңі
таймай қойды. Терістік өңірде жатқан Маңырақ ауылының
бүгінгі масқарапаз қатыны Тайтақай үміт етіп, өндіршегі үзілген
сары інген қазір аспанда ұшып жүрген тәрізді. Сары інгеннің
шудасындай ұлпа бұлттар мүлгіп қалған.
– Иә, Тұрар дос, іс қиынға айналды, – деп тіл қатты бір шамада
Семашко. – Өте қиынға айналды. Енді саған Меркеде қалуға
болмас. Приставты өзің білесің той. Ол біреудің соңына түссе
сорлатпай қоймайды. Не істеу керек?
– Андрей Павлович, енді Меркеде мен өзім де қалмаймын.
Оқу бітті, документ қолға тисе – кетемін. Сіздің қарамағыңызда
көп нәрсеге көзім ашыла бастап еді, заң ісін едәуір біліп қалып
едім, амал нешік... – деп күрсінді Тұрар.
– Бауырым, сен өте қиын адамсың. – Семашко қызыл іңірде
баланың бетіне төне түсті – Түсінесің бе, өте қиын адамсың.
Мысалы, мына мен патшаның чиновнигімін. Мемлекет
сақшысымын. Ал әлгі жерде сен бүлікшіге бүйрегің бұрды.
Мемлекет тұрғысынан келгенде, приставтікі жөн. Ол әлгі
бунтарьды да, сені де жазалауға тиіс. Ал мен приставты жақтауға
тиіспін. Бірақ сені оққа байлап жіберуге қолым көтерілмейді.
– Рақмет сізге, Андрей Павлович. Бірақ айтыңызшы, құдай
үшін жаңағы мазақ әділет пе? Ол байғұс әйелді мен білемін.
Өткен жылы атам бір шаруаға жұмсап, ол әйелдің ауылына
барған едім. Түнек түбінде жатқан сорлылар. Әлгі түйені
алғысы келгенде дүние қорлығы ұстады дейсіз бе? Жоқ, Андрей
Павлович, күнкөріс үшін. Әйтпесе ол онша арсыздыққа баратын
ақымақ әйел емес. Ал әлгі сіз айтқан бунтарь болса, ол намысты
қорғады. Сорлы кедей байлардың мазағы болмасын деді. Дұрыс
қой. Әділдік қой. Ал мен әділдікті қорғағым келеді. Мазақ пен
азап. Бетінде бір түйір ұяты бар адам ондай мазаққа қалай көнеді?
– Көнеді, бауырым, көнеді. Киргиз – оқымаған қараңғы халық.
Оқығаны сен сияқты – мыңнан біреу. Ал қараңғы халық қашан
да көнбіс. Бұл халық сауаты ашылып, цивилизацияға жету үшін
әлі жүз жыл, жоқ, әлденеше жүз жыл керек. Сен әлі жассың. Әлі
өсесің. Кесір-кесепаттан аман болсаң – кеңсе чиновниктерінің
бірі боласың. Сонда бұл райыңнан оп-оңай қайтасың. Біздің
ояздың орынбасары Әзімхан мырза әлгі жерде сен сияқты шатаққа
араласпайды. Ол ақымақ емес. Ояздың тілмашы Жаңкин, о да
шатаспайды. Ол ақымақ емес.
– Сонда ақымақ мен болдым ғой, Андрей Павлович? –
Тұрардың ызалы көзі алагеуімде жалт-жұлт ете қалды.
– Жоқ, мен олай дегім келмейді, бауырым. Мен тек сен әлі
баласың деймін. Өсесің – өмір өзі қақпайлап, өз дегеніне
көндіреді әлі. Сондықтан құр босқа тыраштана берме демекпін.
Түсіндің бе?
Жеңіл күйменің дөңгелегі қиыршық жолдың үстін қытырлатып
келеді, қос қараның тағалары тасқа тиіп, қараңғыда от жарқ ете
қалды.
– Ал енді мәселенің түйініне келсек, Меркеден тайып тұр.
Сендей қабілетті көмекшіден айырылу маған оңай емес, әрине.
Мен сені жақсы көремін. Саған киргиз екен деп қарамай, жақсы
көріп кеттім. Мен саған ризамын. Менің халімді сен де түсін,
бауырым, әлгі бір сойқаннан соң, сен менің кеңсемде жүруің
қиын. Ол көп жағдайда маған да байланысты емес, түсінесің ғой.
– Түсінемін, Андрей Павлович. Менің сізге өкпем жоқ.
– Бірақ мен сені беталды қаңғыртып та жібергім келмейді.
Пішпектегі ауылшаруашылық техникумының бастығы – менің
танысым. Қаласаң, соған хат жазып берейін...
Мынандай жақсылыққа жалпаңдай жөнелмей, бала
ойланып қалды. Күйме үстін үнсіздік жайлады. Жолдың сол
жақ қапталынан, тау жақтан жылқылардың пысқырғаны,
жылқышылардың саңқ-саңқ еткен дауыстары, аңғар алқымында
отырған қойшы ауылдың иттерінің әупілі естіледі. Тау омырауына
тығылған лағыл алқадай болып, жағалай оттар жылтылдайды. Ел
орынға отырған шақ, қазан көтеріліп, жер ошаққа от жағылып,
адамдар сол қара қазанға көз тігіп, қыбыр-жыбыр тіршіліктен
тиылған сәт. Аспара басынан марғау көтерілген дөңгелек ай –
құдай-тағаланың жалғыз көзі сияқты. Аздап шелденіп тұр. Мына
жер бетіндегі итше ырылдасқан қу тіршілікті қатпар-қатпар,
жықпыл-жықпылына дейін көруге сол шел кесір келтіретін де
тәрізді. Әйтпесе, дәл қазір Тайтақайдың қазанында тек қана тас
қайнап жатқанын құдекең көрер еді ғой. Қаптың түбі қағылып,
жаңа астық пice қоймай, ауызға түсе қоймай, өзек талған осы
бір тұста Тайтақай кедей қазанға су толтырып, ішіне малта тас
салып, қайнатып отырған сияқты.
– Aпa, қарным ашты, – деп қыңқылдаған балаларына:
– Шыда, әлі піспей жатыр, – дейді Тайтақай.
Әйтеуір бірдеңе пісіп жатқанына көңілі алданған балақайлар
күте-күте, әлден уақыттан кейін ұйықтап кететін сияқты.
– Солай, Тұрар, тойға барамыз деп ойға қалдық. Ойланып
отырсың ғой. Ойлан, ойлан! Қаласаң, хат жазып беремін. Оқуға
қабылданасың. Туғаным емессің, нағыз чиновниктің көзімен
қарағанда, сен тіпті дүниеге адасып, әлдеқалай келіп қалған
түземсің. Бірақ айттым ғой, сенің жөнің бөлек... Кім біледі, –
Семашко мырза қиялданып қара күңгірт далаға қарап сөйлеп
келеді. – Мүмкін сен өсе келе менің жауым болып шығуың да
мүмкін, патшаға адал қызмет етерсің, ана Әзімхан, Жаңкин
ағаларың сияқты. Оны тірі болсақ, уақыт көрсетер. Кәне, қалай?
Бұл сұрақ – соңғы сұрақ екенін тез ұққан Тұрар енді
созбақтамай:
– Жарайды, Андрей Павлович, сізге алғысымды қалай айтып
жеткізерімді білмей отырмын. Пішпек болса – Пішпек болсын,
– деді.
– Жоқ, мен сені зорламаймын. Басқа жерге оқығың келсе –
өзің біл. Бірақ...
– Иә, бірақ менің басқа барар жерім, басар тауым жоқ, Андрей
Павлович. Рас, заң оқуына түссем бе деп едім, ондай оқу не
Әулие-Атада, не Пішпекте, не Верныйда жоқ дедіңіз. Қазаққа
ауылшаруашылық маманы да керек қой.
– Сенің қазақ деп отырғаның киргиз ғой, ауыл шаруашылық
мамандығы киргиздарға емес, ең алдымен ұлы Ресей
империясына, патша самодержавиесіне керек. Қарай гөр мұны:
«қазақ, қазақ» дей қалуын!
Кенет Тұрар өзінің тағдыры – аумаған қазақтың тағдыры
екенін осы сәтте түсінгендей болды. Апыр-ау, мұны Рысқұлов
деп атауға болмайтыны сияқты, қазақты – қазақ бола тұра, қазақ
емес – киргиз. Бұл не? Кездейсоқ ұқсастық па, жоқ заңдылық па?
«Жоқ!» – деп тістенді сонда Тұрар. Сонау бір жылы мұғалімдер
оқуға түсетін балалардың тізімін алып, ауыл аралап келгенде
атасы мұны «Қырғызбаев» деп жаздырып, содан бала бұзау
бағып жүріп, кешке жақын Аспара шыңына қарап тұрып: «Мен
Рысқұловпын!» – деп шыңғырып жібергені сияқты, дәл қазір
де айқайлап жібергісі келді. Мына Семашко мырзаға: – Қазақ
киргиз емес – қазақ! Мен Қырғызбаев емеспін, Рысқұловпын! –
деп айтып салғысы келді – айта алмады. Амалсыз тілін тістеді.
Аталы сөзді де айта білу лазым. Кімге, қалай, қай жерде айту
керек екенін аңдау лазым.
Сол жолы бұғанасы қатпаған бозбала бір нәрсеге қатты түйіліп,
тастай бекіді: ертең куәлік алғанда Қырғызбаев емес, Рысқұлов
болып жазылады. Содан соң...
Достарыңызбен бөлісу: |