Шерхан Мұртаза Қызыл жебе екінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет29/64
Дата13.12.2021
өлшемі1,48 Mb.
#125910
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   64
Байланысты:
Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер
4кл Презентациядағы анимация, 4кл Презентациядағы анимация, 00178533-2638c567, 2-sabak-57867617be58f (1), 2-sabak-57867617be58f (1), Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер, Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер
* * *
Тың  аттар  жегілген  қара  күйме  Керуен-сарайдан  шығып, 
Әулие-Атаның  қисық  көшелерінің  шаңын  көтеріп,  тағы  да 
күншығысқа бет алды. Бір кезде алдан асау Талас өзені көрінді 
де,  қала  артта  қалды.
Қаладан шыға бере ротмистр ат айдаушыға айқай салды:
–  Айда  жылдам!  Жеккендерің  ат  емес,  есек  сияқты,  немене 
жүрісің  өнбейді?  Айда  жылдам!
Мына  дауыстан  Тұрар  кенет  селк  ете  қалды.  Бір  кезде 
әлдеқайдан  естіген  таныс  сөздер...  таныс  үн...  таныс  мақам... 
Құдай-ау,  қайда,  қашан  естіген?
Ротмистрдің  ақырған  даусына  ат  айдаушы  артына  бұрылып, 
офицерге түксие бір қарап алды. Мұрты салбырап, езуінен төмен 
түскен, шоң мұрын, қыртыс маңдай, ірі тұлғалы егде қазақ екен, 
ләм  деместен  қайтадан  бойын  түзеп,  ұзын  қамшыны  асықпай 
жоғары көтеріп, мылтық атқандай шарт еткізді. Күйме заулап ала 
жөнелді.
– Айда жылдам! – деді ротмистр одан бетер еліріп.
«Құдай-ау, шыннан сол ма? – Тұрар ротмистрге көз қиығын 
салды. – Мен шыннан танымай қалғаным ба? Егер бұл шыннан 
Аркаша  болса,  ол  да  мені  танымады  ғой.  Демек,  екеуміз  де 
өзгерген  болармыз.  Арада  он  жыл  өтті  той...».
Арада  он  жыл  өтсе  де,  аузындағы  сол  бір  жаттанды  сөз 
өзгермеген.  Аттарды  қамшылап,  қуалап  келе  жатқандай,  жаны 
ышқынып,  есіре  еліріп  кететін  қу  әдеті  қалмапты.


«Сол!  –  деді  Тұрар  ішінен.  –  Дәл  өзі.  Кешелі  бері  бірге 
келе  жатып,  қалай  аңғармадым?  Құдай  сақтағанда,  ол  да  мені 
танымады».
Бала  кезінде  домаланған  сеп-семіз,  іркілдектеу  неме  еді, 
ысылып,  еңгезердей  нау  жігіт  болыпты.  Жирен  жез  мұртты, 
самайынан  төмен  түскен  бакенбарды  бар,  еңселі  офицерді  бір 
кездегі  шіңкілдек,  болпық  Аркаша  деп  кім  ойлаған.
...  1905  –  1906  жылдары  мына  Тұрар  Алматы  түрмесінің 
бастығы  Приходько  мырзаның  гимназист  баласын  фаэтонмен 
мектепке алып баратын. Фаэтонға түрменің қос жирен қасқасы 
жегілуші еді. Жирен қасқалар мына бекеттің аттарындай емес, 
атылып тұрған жарау жүйріктер болар еді. Ат айдаушы Тұрарға 
әлгі  гимназист  шіңкілдеп  бұйрық  айтып:
– Айда жылдам! Немене есек жегіп келе жатқандай, жүрісің 
өнбейді.  Айда  жылдам  жаныңның  барында!  –  деп  әкіреңдеуші 
еді.
Мінезі, жүріс-тұрысы, сөз саптауы сол сәби қалпында қалған 
да,  дене  тұлғасы  ұлғайып,  киім  формасы  өзгеріп,  бет-әлпеті 
ертерек егделеніпті. Көзінің алды күлкілдек, маңдайының әжімі 
көп. Соған қарағанда, көбірек жұтып қоятын болар. Дегенмен, 
офицерлік форма өзіне бек жарасып тұр.
Енді  Тұрар  бір  қырындап,  оған  бетін  бермей,  бұғыңқырап 
отырды. Кім біледі, танып қалуы ықтимал. Әлгіде Тұрар оны сөз 
саптауынан таныды ғой. Ол да мұны елеусіз бір белгісі арқылы 
біліп қалмасына кім кепіл...
«Е, бұл бала кезінің өзінде әкім болуға бейім еді, арманына 
жеткен  екен.  Әскери  жолға  түскен  екен.  Сонда  бұның 
қызметі  Алматыда  емес,  Ташкентте  болды-ау.  Тіпті  генерал-
губернатордың  тікелей  қол  астында  қызмет  қылатын  болғаны 
ғой. Әлгі бір сөзінде соны аңғартып қалды-ау. Сонда мұның әкесі 
Приходько мырза қайда? Әлі сол түрменің бастығы ма екен? Әлде 
қызметі жоғарылап, ол да Ташкентке ауысты ма? Наташа ше?»
Наташа есіне түскенде, Тұрар еріксіз ротмистрге қарады. Қанша 
дегенмен, бет бейнесінде Наташаға ұқсас бір елес байқалады. Бір 
елес... О баста табиғат екеуін бір қалыптан шығарған да, біреуі 
тым тұрпайылана берген, екіншісі мейлінше сымбат алып, тым 


сұлулана берген. Кім біледі, өсе келе Наташа да өзгерген шығар. 
Ал Тұрардың көз алдында суреті қалған Наташа – қыз біткеннің 
көріктісі.
Қара жол тау бауырлап, бұралаңдап оңтүстікке қиястады. Оң 
жақта – Ақ-Бұлымның ар жағында Тек-Тұрмас әулиенің күмбезі 
қараң-құраң  қалып  барады.  Одан  әрі  аспанды  тіреп  тұрған  ақ 
бас шыңдар. Осыдан елу-алпыс жыл бұрын ана Тек-Тұрмастың 
тауынан  генерал  Черняев  Әулие-Атаны  дүрбімен  шолып, 
шабуылға  шығар  сәтте  өз  қиялында  осынау  ақбас  шыңдармен 
бой  таластырып  тұрған.
Кім  жүрмеген  қара  жол.  Ел  есінде  еміс-еміс  қалған  елес 
заманынан бері Шығыс пен Батысты жалғастырып жатқан Жібек 
жолы  осы.  Тең-тең  жібек  артқан  керуен  ғана  жүрген  бе  бұл 
арқылы?  Арғысын  әрі  қойғанда,  ел  есіндегі  беріде  зеңбірегін 
сүйретіп  Қоқан  әскері  өткен  жол,  зеңбірегін  сүйретіп  Черняев 
әскері өткен жол... Осы жол арқылы дерт есімен жер сыдырып 
Рысқұл  бастаған  жиырма  түтін  Тау-Шілмембет  те  жүрген.
...Әкесі  түрмеде  айтып  еді:  «Әулие-Атадан  шыққанымызда 
Меркеге  жетпей  Қатшагүл  жеңгем  жол  үстінде  қайтыс  болды» 
деп.  Қатшагүл  –  баяғы  Дауылбайдың  соққысынан  мерт  болған 
Бердіқұлдың әйелі еді ғой. Бейшара арысынан айырылған күйікке 
бір  шыдамай,  туған  топырағынан  айырылған  қайғыға  тағы 
шыдамай, осы жол бойында құсалықпен жан тәсілім етсе керек. 
Шейіт жанның сүйегі осы маңайдың бір бесіктей ғана жерінде: 
яки Ақыр тастың, яки Ақыр төбенің болмаса Мақпалдың, немесе 
Малдыбайдың, а бәлкім, Құлан төбенің төңірегінде әлі жатқан 
шығар...
Жол  жағалай  ойдым-ойдым  егіндік  Алатаудың  баурайына 
шашылған алтын алқадай сарғайып көрінеді. Бұл Ақыртөбенің 
атақты  ақ  бидайы.  Рас  болса,  патшаның  өзі  осы  Ақыртөбе 
бидайын  Петерборға  алдырып,  содан  пісірілген  нанды  жейтін 
көрінеді.  Қиялы  жүйрік  қазақтың  шыны  екені,  өтірігі  екені 
беймәлім.  Бірақ  Ақыртөбе  бидайына  құмарлар  көп  екені  рас.
–  Айда  тезірек!  –  Офицердің  ащы  дауысынан  күйме  ішінде 
қалғып-мүлгіп  келе  жатқандар  селк-селк  етіп  шошып  кетіп, 


көздерін  бағжаң-бағжаң  ашып,  салбыраған  бастарын  көтеріп-
көтеріп  алады.
– Мырза, аттар болдырып қалды, – деді мұрты салбыраған ат 
айдаушы артына түнере бұрылып. – Ақыртөбе жақын, сол жерден 
ат ауыстырасыздар...
– «Апыр-ай, бір биеден ала да туады, құла да туады. Бір анадан 
жақсы да, жаман да туады. Наташаның мінезі жібектей жұмсақ, 
өте мейірімді еді. Асылы шешесіне тартса керек. Шешесі Софья 
Константиновна – арғы тегі поляк, өте иманды кісі еді. Күйеуінің 
түрме  бастық  болғанына  құсаланатын  сияқты  еді.  Приходько 
мырзамен  ешуақытта  шіркеуге  бірге  бармайтын.  Тұрар 
кейін  ойласа,  оның  діні  католик  екен  ғой.  «А  мүмкін  Наташа 
Огинскийдің  «Полонезін»  сол  шешесі  арқылы  білген  шығар».
Тұрар  кенет  керемет  жаңалық  ашқандай  қуанып  кетті. 
Көңіліне «Полонез» әуені мамыр айында гүлге қонған көбелектей 
көлбеңдеп  келе  берді.  «Бәсе,  бәсе,  –  деді  ол  ішінен.–  Софья 
Константиновна біз сияқты кем балаларға өте қайырымды еді-ау. 
Сол Костюшко көтерілісінде Ресейге жер аударылған поляктар 
тұқымынан  емес  пе  екен?  Наташа  соған  тартқан.  Ал  мына 
ротмистр  мырза  аумаған  әкесі...».
Ұрымтал жолдың үстінде, оқтаулы мылтықтың аузында келе 
жатса  да,  кенет  кеудесін  күй  кернеп,  санасында  әдемі  әуеннің 
сайрағаны сонша, Тұрар танауы делдиіңкіреп, топ-толық күрең-
қызыл еріндерін оқтын-оқтын ашып қалып, көмейінде тұтқында 
жатқан бір әуен бұлқынып сыртқа шыққысы келгендей, көкірегі 
күмбірледі. «Полонезді» ысқырып сала да жаздады. Абайламай 
аузынан  ән  әуезі  шыға  қалса  Аркадий  Приходько  мырзаның 
секем алуы да мүмкін ғой.
Асығып  келеді  Аркаша.  Тұрар  да  асығыс.  Асылы,  екеуінің 
діттегені бір майдан. Дәлірек айтқанда, екеуі бір майданның екі 
жағында.  Мұның  салып-ұрып,  сарсаң  соғып  келе  жатқанына 
қарағанда,  Меркедегі  сойқанның  толғағы  жеткен  тәрізді.
Тағдыр екен, арада он жыл өткен соң ерке-тәйтік Аркашамен 
ашық майдан шайқасында кездесемін деп Тұрардың үш ұйықтаса 
түсіне кірген бе? Рас, жек көретін. Сабап алғысы келіп кіжінетін. 


Мазағына  шыдамай  қорланатын.  Ал  ұлы  ұрыс  даласында 
кездесуді  ойламаған.
Тағдыр  екен,  тағдыр  Аркашаны  Тұрарға  жау  етіп  қойды 
да,  оның  туған  қарындасы  Наташаны  ойлағанда  ет  бауыры 
елжірейтін  болды.
Зұлымдық атаулыға қарсы халықты көтеремін деп қаһар мініп 
келе жатқан беті мынау. Сол халықты жаныштаймын деп асыққан 
Аркаша анау. Сұрапыл ойлар соғысының жарқылында жалт етіп 
нәзік сәуле жүрегін сыздатады. Ол – Наташа.
II
Аспараның  ұшар  басында  ғана  қалған  бір  шөкім  қарды 
жаңа  шығып  келе  жатқан  күннің  нұры  шалып,  ақ  қар  қызыл 
арайлы  асыл  тасқа  айналып,  атыраптағы  мазасыз  ауылдарға 
мейірбан  сәуле  таратқандай.  Жаңа  шығып  келе  жатқан  күннің 
күзетшісіндей болып, Мықан жағасында Тұрар жападан-жалғыз 
тұр.  Тау  баурайындағы  ел  ерте  оянып,  күндегі  күйбің  тіршілік 
басталған.  Өріске  айдаған  сиыр  қазық  басында  қалып  бара 
жатқан  бұзауын  қимағандай  мөңіреп,  артына  қарайлай  береді. 
Бақташының дауысы таңғы ауаны жара шаңқылдайды. Ойпаңда 
жылқы  оқыранып,  ауыл  шетінен  ит  маңқылдайды.  Үй-үйден 
түтін  шұбатылып,  көкпеңбек  бейкүнә  аспанның  жүзін  тасалай 
алмай  үн-түнсіз  ғайып  болып  жатыр.
Түстікте  түксиген  тау,  терістік  –  шексіз  мұнар.  Осыдан 
терістікке тура тартсаң – елу-алпыс шақырымнан соң құмға барып 
кіресің. Жасыл жаннат таусылып, құлазыған құм басталады. Сол 
құм түстікке қарай тап-тап беретін сияқты. Бірақ таудан, таудың 
салқын самалынан, сансыз мөлдір бұлақтан сескенгендей бұғып 
қана жатады. Әлдеқалай тау қалғып кетіп, су тоқтап, тал-дарақ 
жығылса, құм лап беріп, бас салмақшы.
Үстірт  қарағанға  ауыл  ажары  бұрынғыдай.  Ештеңе  де 
өзгермеген.  Сол  бір  мұржасы  аласа  жатаған  тоқал  үйлер. 
Кейбіреулерінің  төбесінде  өткен  қыстан  қалған  ескі  шөптің 
қалдығы  әлі  қалқиып  тұр.
Бұлар  жайлауға  да  шықпайды,  қыстауға  да  көшпес.  Қысы-
жазы осы Мықан бойын еміп жатқан кедей ел. Жайлауға көшсе 


Бектен болыс пен Айбар байлар көшер. Аспара асып, Сусамырды 
барып жайлап, дүние рахатына мелдектеп жүрген солар.
Бірақ  биыл  жаз  Бектен  болыстың  өзі  де  Сусамырдың  сары 
қымызын сапырып іше алмай, ойда жүр. Жоқ, сырт қарағанға ел 
өзгермеген сияқты болғанымен, Мерке атырабында ашық күннің 
өзінде күн күркіреп, найзағай шартылдап, дауыл соғып тұрғанын 
байқамауға болмас екен.
Әне,  анау  Мықанның  арғы  бетінде  жоғарыдан  төмен  қарай 
жөңкіліп бара жатқан аттылар кімдер? Тойға яки асқа, көкпарға, 
тамашаға  тартып  бара  жатқанға  ұқсамайды.  Сабылыңқы, 
сабырсыз  суыт  жүріс.
Шілде күнінің өзінде әлдебір ызғар сезілгендей. Мықан суы 
сол баяғы сылдырына басып, сылқым ағып, жағасында жалбыз 
бен  атқұлақ,  қоға  мен  түйежапырақ  жайқалып  тұр.  Ауа  да  сол 
баяғы кәусар, сол баяғы зәм-зәм суындай мөп-мөлдір.
Мықан  суына  түсер  тұс  жарлауыт,  жалғыз  аяқ  жол  ғана 
ирелеңдеп  жатады.  Тұрар  бұрыннан  сол  жарлауыт  тұсында 
жалғыз тұрғанды ұнататын. Үкілі шоқ қамыс тұсында иірім бар. 
Бала  кезінде  атқұлақтың  жапырағын  жұлып  алып,  сол  иірімге 
тастап  жіберіп,  әлгі  жасыл  қайықтың  шыр  көбелек  айналып, 
шарқ  ұрғанына  қызыға  қарап  қалатын.
Жасыл қайыққа мініп алып қиялында шексіз мұхитқа шығып 
кетер еді. Теңіз кешіп жүріп Сахалин аралына жететін. Аяқ-қолы 
кісендеулі  әкесін  тұтқыннан  босатып,  жасыл  қайыққа  мінгізіп, 
елге, Мықан бойына кері қайтатын.
Ол иірімге жақындағанда тостақ көз, көкқасқа бақалар тарбаң-
тарбаң секіріп, шолп-шолп етіп, суға қойып-қойып кететін. Қазір 
де жаңа шыққан күннің көзіне қыздырынып отырған көкқасқалар 
беймезгіл  үркіп,  суға  сүңгіп-сүңгіп  кетті.  Қарлығаштар  әуенге 
басып,  өзен  үстінде  қайқаңдап  ұшып  жүр.  Иірімдегі  суға  күн 
сәулесі шашырап түскенде, су бетіне інжу-маржан шашылғандай, 
майда толқын құлпырып ойнап, жайнаң қақты.
Жарлауыт астындағы иірімге Тұрар бес жылдан кейін бірінші 
рет келіп тұрған беті.
Зымырап өте шыққан бес жыл. Өткен күнде белгі жоқ. Соңғы 
рет  осы  жарлауыт  басында  тұрып,  атқұлақтың  бір  жапырағын 


қайық  қылып,  суға  ағызып,  Мықан  бойымен,  Меркемен  қош 
айтысқан  соң  Тұрар  Пішпекке  аттанды.  Пішпектен  соң  Самар, 
Самардан  соң  Ташкент.
Меркеден  аттанғанда  Тұрар  он  төрт  жасар  панасыз  бала 
еді.  Тамыры  байланбаған  жас  шыбықтай  болатын.  Тағдырдың 
дауылы, қаңтары мен ақпаны оны жұлқылап, жер бетінен жойып 
жібермекке әрекет жасап, талай озбырланды. Бәріне де шыдаған, 
бәрін де бастан өткерген. Өмірге деген ынтызар күн нәп-нәзік, 
талдырмаш  қара  баланы  дауылға  қарсы  ұшырып,  қанатын 
қатайтты.
Бақыты  кем  балалығымен  қоштасқан  Мықан  бойындағы 
жарлауытқа қазір келіп тұрғанда, ерігіп, сейіл құрып жүрген жоқ. 
Әсте де олай емес-ті. Жарлауыт басынан жан-жаққа көз салады. 
Әлгібір бес-алты атты төмендегі Ойталды бетке алып, сай-саймен 
ғана  жылжып,  төбелері  қылт-қылт  көрініп,  лезде  көзден  таса 
болды. Өзі жүдеу ауылдың адамдары ашаршылықтан, яки обадан 
қырылып қалғандай қыбыр етпейді. Тым құрыса, қолына құмған 
ұстап, үй сыртына дәрет ала шығатын шал-кемпір де көрінбейді. 
Тірі жан бар болса да, сырт дүниеге соқыр терезеден баспалап 
қарап, үйлерінде бұғып-бұғып, үрей болып отырған тәрізді.
Аспан ашық, әлем жарқырап тұрса да, дүние күн тұтылғандай 
күңгірт.  Көктен  нұр  себелеп  тұрғанмен,  көкіректе  көңілдің 
шырағданы пәс тартса, дүние осылайша сұрықсызданады екен. 
Бұған Тұрардың көзі жетіп тұр. Ел неге бүйтіп бұғып, баспалап 
қарап  отырғанын  да  біледі.  Әр  бұтаның  түбінен,  әр  сайдың 
тасасынан, жан-жақтан жау қамалап тұрғандай үрей тыныштық. 
Осы  меңіреу  тыныштықтан  кейін  әлдекім  шашын  жайып 
аңырап, жер астынан жоқтау айтып шыға келетіндей, тарс етіп 
оқ  атылатындай  тосын  сәт.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет