Шерхан Мұртаза Қызыл жебе екінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет37/64
Дата13.12.2021
өлшемі1,48 Mb.
#125910
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   64
Байланысты:
Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер
4кл Презентациядағы анимация, 4кл Презентациядағы анимация, 00178533-2638c567, 2-sabak-57867617be58f (1), 2-sabak-57867617be58f (1), Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер, Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер
* * *


Маңырақ сойқанынан кейін жазалаушы отряд көтерілісшілердің 
ордасы  Ойталды  ойрандамақ  болып,  Мықанды  бойлап  төмен 
жылжи бастаған.
Адам  мінезінде  айуан  тірілген  кезде  кәдімгідей  қанға  мас 
болады. Маңырақтың қатын-қалаш, кемпір-шал, бала-шағасының 
қанына  шомылған  жазалаушылар,  құтырған  иттің  сілекейін 
ішкендей, мейірім, сезім дегеннен ада болып, тағы да қантөгіс 
іздеп аласұрды. Солдаттардың көзін қанды шел қаптап, Мықан 
суы  содан  оларға  қанжылым  қызыл  болып  көрінді.
Адам  қатыгез  жабайылық  дәуірден  шығып  адам  болу  үшін 
миллион жыл керек еді. Адам байғұс әбүйірін жауып, жер бетіне 
ұят  қытығы  пайда  болғаннан  бері  араға  миллион  жыл  салды 
ғой. Тас дәуірі, Қола дәуірі, Темір дәуірі қалды артта. Ал бірақ 
қантөгіс  тоқтамады.
* * *
Маңырақты  қиратып,  жарты  дүниені  жаулап  алғандай, 
жеңіс буына мас болып келе жатқан жазалаушы отрядқа Ақкөз 
күтпеген  жерден  шабуыл  жасады.  Мықанның  сол  жағындағы 
елеусіз  ғана  бүк  түсіп,  бүкшиіп  жатқан  белдің  тасасынан  бес 
мың  қол  «Сыпатайлап»,  «Бахтиярлап»  бұрқ  ете  қалған  кезде, 
Приходьконың бес жүз әскері лезде мастығы тарап, үрей болып, 
алды  тырақайлап  қаша  бастады.
Аспан мен жердің арасын «Сыпатай», «Бахтияр», «Бәйдібек» 
деген  ұран  қара  дауылдай  кернеп,  айбар  шаша,  оқ  орнына 
атылғанда  ротмистр  Аркадий  Приходько  бұл  сөзге  түсінбей, 
Бектен  болысқа  бұрылып:
– Бұл не айқай! Бұл не – «Сыпатай?» – деп сұрап еді.
Бектен дегбірі кетіп, қашайын десе ротмистр мен приставтан 
қорқып,  қашпайын  десе  мына  қара  дауылдан  жаны  қалтырап, 
ротмистрге жауап айта алмай, қалш-қалш етіп қалған. Ротмистр 
оған ақырып жіберді.
–  Қорықпа,  надан!  Қазір  көресің  олардың  тым-тырақай 
қашқанын.  Айт.  «Сыпатай»  не?
– С-сы-сыпатай батыр болған. Оның аты – ұран, – деп Бектен 
әрең тілге келді.


Ротмистр  ойланып  қалды:  «Бұл  түземдердің  де  ұраны  бар. 
Бізде не бар? Біздікі қандай ұран? Шайтан алсын бәрін де, біздің 
ұран – зеңбірек пен пулемет!» – деп нықталды да, зеңбірекшілерге 
бұрылып:
– Зеңбірек! Дайындал! – деп бұйрық берді.
Дегенмен  екі  ара  едәуір  жер  еді.  Ақкөз  тек  қоян-қолтық 
айқасқа ғана мықты. Ал алыстан шалысуға қолы қысқа болатын. 
Ақкөздің  қолы  қаптап,  тапап  өтердей  болып  жете  бергенде, 
ротмистр  бес  пулеметті,  бір  зеңбіректі  орнатып  та  үлгірген.
Зеңбіректің алғашқы снаряды Ақкөз қолының алдын орап бұрқ 
етіп, отау орнындай жерді төңкеріп тастағанда-ақ бес мың қолдың 
жүрегі  зырқ  ете  қалған.  Алғашқы  снарядтан  кісі  өлімі  болған 
жоқ, бірақ... Бұл өлкеде баяғы генерал Черняевтің жедел жүріп 
өткен жорығынан кейін зеңбірек оғы жарылып көрген емес еді. 
Алты қанат отау орнындай жерді бұрқ еткізіп аспанға лақтырып 
жіберген  кереметті  көргеннен  соң  найзалы  көтерілісшілердің 
жүрегі  шайлығыңқырап  қалды.  Әйтсе  де  әуелгі  ет  қызумен  ат 
басын  тартпай  арындап  келе  жатқан  шабуылшылардың  қалың 
ортасына тағы бір доп түсіп, айналасы қой қотанындай аумақтың 
тас-талқанын  шығарды.  Бес-алты  адам  күл-пара  болып,  көзді 
ашып-жұмғанша  қирады  да  қалды.  Снарядтың  дүлей  толқыны 
тікесінен тұрған бір жауынгердің денесі бөлшек-бөлшек болып, 
қолы – қол, саны – сан қалпында әуеде арбаңдап, би билегендей 
сәл сәт ұшып жүрді де, бір-бірлеп, үзік-үзік жерге құлады.
Бұл сұмдықты көрген арттағы сарбаздар аттарынан аунай құлап 
түсіп,  «бауырым-ой,  бауырым-ой!»-лап  шейіт  болғандардың 
басын құшақтап опыр-топыр теңселіп отырып қалып еді, ағызып 
бара жатып, артына бұрылып, мына бейшаралықты көзі шалып 
қалған Тұрар, аттың басын шұғыл бұрып, жан даусымен айқай 
салды.
– Тара! Топтанба! Тоқтама! Тара тез, зеңбірек тағы атады!
Соңғы  сөз  әсер  етті  ме,  сарбаздар  ет  пен  топырақ  аралас 
ажалды  алаңнан  шығып,  аттарына  қайта  қонып,  бытырай  алға 
ұмтылғанда,  дәл  жаңа  ғана  жұрт  шоғырланған  жерге  тағы  бір 
снаряд  гүрс  етті.  Әлгі  «бауырымдағандар»  бұл  тажалдан  аман 


құтылды да, бұрынғы өліктердің тамтығы тағы да талқандалып, 
парша-паршасы  шығып,  ыстық  топыраққа  иленіп  жатты.
Бұл кезде шабуылшы сарбаздардың алдыңғы легі солдаттарға 
төніп  қалған  еді  де,  енді  сөзді  пулеметтер  алып,  қақылдай 
жөнелген.
Пулеметтің  жаңбырдай  себелеген  оғы  әсіресе  аттарға  қиын 
екен.  Алдыңғы  екі  аяғы  бүгіліп  кетіп,  тұмсығымен  жер  тірей 
омақаса  құлаған  аттардың  үстінен  адамдар  алға  қарай  атыла 
ұшып түседі де, кейбіреуі лезде орындарынан есі кете атып тұрса, 
кейбіреуі  қайтып  көтеріле  алмай,  жер  құшақтап  қала  береді.
Бес  жүз  солдаттың  дені  атқыштар,  олардың  оғы  көбінесе 
атқа емес, адамдарға тиеді де, оқ тиген сорлы екі қолы екі жаққа 
кетіп, шалқалап: «бұл қалай?» – дегендей, әлдекімнен: «бұнысы 
несі?»  –  деп  сұрағысы  келгендей  бір  сәт  аспанға  қарайды  да, 
жерге  сұлап  түседі.  Астындағы  ат  көздері  ақиланып,  ойнақтап 
шыға келеді. Кейбірі үзеңгіден аяғы шықпай қалып, үрейленген, 
үріккен  аттың  сүйреткісінде  кете  барады.
Шақшиған күннің көзін топалаң тозаңнан бозала бұлт шалды. 
Ындыны кепкен, көктемде қылтиып шыққан раңы мен күреңсесі 
әлдеқашан күл болып қурап ұшып кеткен қу топыраққа жып-жылы 
қан лезде сіңіп, қызған табадай жердің ыстығына шыжғырылып, 
тез кеберсіп қатып қалады. Күлтесіз күйрек-жусан шашыраған 
қаннан  қара  шұбарланып,  қаралы  қалпақ  кигендей,  қасиеті 
қашып тұр.
Бір зеңбірек, бес пулемет, бес жүз винтовка бар жерде, қарусыз 
қара дауыл қаптаса да қақалады екен: көтерілісшілердің әсіресе 
алдынғы  шебі  шетінеп-ақ  қалды.  Ақкөздің  бөлектеп  ұстаған 
мылтықты жүз қолы едәуір күш көрсетіп, солдаттар жағы да біраз 
шығынға  ұшырады.  Көбісі  құс  мылтық  еді,  қырғауыл  ататын 
бытыра оқ солдаттардың кейбіріне тұзбен атқандай әсер етеді.
Қайткенде де, көптің аты – көп. Жазмыш оқтан қаққан қаһарлы 
аттылар,  солдаттардың  шебіне  жетіп,  найза  мен  сойылдың 
кезегі  келіп  еді.  Шепке  «Сыпатайлап»  ақыра  кіргендердің  бірі 
Шынпатша-тын.  Оқ  бойы  жерден  оның  көзіне  көп  солдаттың, 
ішінен  ерекше  түскен  біреу  –  Меркенің  приставы  Сокольский 
болатын.  Басқалардан  гөрі  соны  ерекше  жау  санады  ма,  әлде 


бұрыннан көзтаныс болған соң ба, әйтеуір, Шынпатша қолындағы 
найзаны  сонадайдан  сол  приставка  тіктеген.  Оң  қолын  артына 
шірей тастап, найзаны енді сілтер кезде, сол қолын қайыс тізгін 
жұлқып жіберді де, астындағы күрең төбел сүрініп кеп кетті.
Сокольский өзіне төніп қалған қауіптен жалтарып үлгермей, 
қолындағы тапаншамен Шынпатшаны көздемей тарс еткізгенде, 
оқ аттың қақ маңдайына тиіп, бұрқ етіп құлап еді. Бірақ аттың 
үстінен  алға  атыла  құлаған  Шынпатша  найзасы  приставтың 
кеудесіне  кірш  етіп  бойлап  кіріп-ақ кеткен.
Егер  астындағы  ат  омақаспағанда  Шынпатшаның  найзасы 
приставтың  кеудесіне  мұншама  бойламауы  да  мүмкін  еді. 
Ат  үстінен  атыла  ұшып,  еріксіз  екпінмен,  зілдей  салмақпен 
қоса  кірген  найза  приставтың  кеудесіндегі  крест  орденін  де 
мыжырайта  тесіп  өтіп  кетіпті.  Приставтың  басынан  аса  ұшып 
түскен Шынпатша енді есін жиып үлгергенше, салт атты солдат 
оны  жалаңаш  қылышпен  бастан  ала  бір  шауып  өтті.  Қынында 
сәуле көрмей тұншығып жатқан қылыш күн көзіне шағылысып 
жарқ ете қалды да, жарық дүниеге көзі үйренбегендіктен мүлт 
кеткендей,  Шынпатшаның  басына  тіке  тимей,  тайғанап  барып, 
мойнының  күре  тамырын  қиып  кетті.
Шынпатшаның  мойнынан  ышқына  шапшыған  қан,  осының 
бәрін  көріп  тұрып  қол  ұшын  бермеген  құдайдың  көзін  тырнап 
алғысы келгендей, аспанға бір-ақ атылды. Шынпатша оған: «Қой, 
қой, құдайда нең бар? Ақпа, атылма!» – дегендей жанталасып, 
күре тамырын алақанымен қатты қысып қатты да қалды.
Қылдырықтай  тамырдан  қыбырлап  қана  аққан  қызыл  бояу 
мұнша  күшті  болар  деп  кім  ойлаған.  Арнаға  толып  кетіп  әуіт 
тоғанның топырақ-шымын шып-шып тесіп шығатын тау суындай 
мына жылы қан Шынпатшаның саусақтарының арасынан шыр-
шыр етіп шапшып шығып кете берді. Күре тамырды жанталаса 
басып  жатқан  алақанның  айналасында  лезде  қан  ұйып,  жас 
бауырдай  былбырап  Шынпатшаның  тұла  бойынан  дүниедегі 
сирек  асыл-лағыл  тас  шығып  жатқандай,  қып-қызыл  бояу  күн 
сәулесімен  ойнап  жымың-жымың  етеді.
Шынпатша  өз  мойнын  өзі  қылқындырып,  жанталасып 
жатып,  көзі  приставқа  түсіп  кетті.  Пристав  екі  қолы  екі  жаққа 


қанатша жайылып, шалқасынан түсіпті де, шүйдесімен жер тіреп 
тұрмақшы болғандай, басы кегжиіп, жалғыз көзі аспанның алыс 
түкпіріне қадалыпты да қалыпты. Кеудесін тескен найзаның ақ 
сабы  міз  бақпай  қақшиып  тұр.  Шүйдесімен,  екі  қолымен  жер 
тіреп  тұрайын  десе,  әлгі  найза  кеудесін  тесіп  өтіп,  қара  жерге 
қарыс  бойы  кіріп  кетіп,  босатпай  тұрған  сияқты.
Осы  найзаны  Сәмет  ұста  шалғы  орақты  бұзып  жасап  еді. 
Шынпатша  ұстап:
–  Әттесі-ай,  шөп  шабатын  қаруым  еді,  бүлдірдің-ау,  –  деп 
өкініш  білдірген.  Сонда  Сәмет  ұста  мырс  етіп:
–  Бұл,  Шенеке,  таза  полат,  жауыңды  жайратпай  қоймайд. 
Найзалыққа  мына  жартысы  жетед.  Қалғанынан  садақтың  оғын 
жасаймын,  әсіл  полат  екен,  –  деген.
Айтқаны келді Сәмет ұстаның: бейбіт күнде шалғынға түсетін 
шаруа  орақ  анау-мынау  емес,  Меркенің  патшасын  жайратты. 
Өткірлігі сонша, омырауындағы кресін де тесіп кетіпті. Найзаның 
сабы осы Ойталдың сәмбісінен еді. Бұл сәмбіден киіз үйге кереге-
уық июші еді бұл ел. Әр істі құдай қылады, талай киіз үйлер енді 
көпке дейін тігілмес: уықтар қазір сарбаздардың қолында кетті. 
Садақтардың  адырналығына  қайыс  жетпей,  қайыс  орнына  уық 
бау тарқатылып тағылды. Содан да көп сарбаздардың қолындағы 
садақтың адырнасы қызылала – әдейі сәндеп қойған сияқты.
Қазір  приставтың  кеудесін  тескен  найзаның  сабына  инелік 
қонып алыпты. Өзінен көзі үлкен жәндік әлдене деп ызыңдайды. 
Приставтың иманын үйіріп отырған мылқау молда тәрізді.
Әдетте  құрғақшылықта  көбірек  сарнайтын  тас  шегірткелер 
жан-жақтан  шырылдап,  инеліктің  ызың  дұғасын  қостап,  жағы 
сембей  зарлап  тұр.
Тірісінде бетіне жан қаратпаған Мерке патшасы еді, енді бет-
аузына  құмырсқа  жорғалай  бастапты.  Қылдырық  бел  қызыл 
құмырсқа приставтың күйектей қалың сақалының арасына бірі 
кіріп, бірі шығып, сумаңдап мына түкті бастан өздеріне пайдалы 
не бар екенін біле алмай, сандалып жүрген тәрізді.
Жүзбасының саусақтарынан әл кете бастады. Ол өзі қолының 
жылы  қанды  жылбысқы  мойнынан  қалай  жылжып  шығып 
кеткенін сезген жоқ. Көзін бір ашып алғанда, өз көйлегін дар-дар 


еткізіп айырып жіберіп, мойнын таңып жатқан орысты байқады. 
«Кеше Кузьминкадағы бай орыстың сиырын айдап келген жалшы 
орыс емес пе?» – деді. Оны дарға асып тастау керек деп Ақкөзге 
өзінің талап қойғаны есіне түсті. «Сары орыстың – бәрі орыс», 
ана қисық бұтаққа өзім асып қоямын деп жұлқынғаны есіне түсті. 
Сонда әлгі көзәйнек киген жігіттің араша түскені ойына оралды. 
«Орыстың бәрі жау емес, жауың – пристав, урядник, одан әрі ояз, 
ірі ұлықтар, болыстар, байлар!» – деп еді сол Тұрар. Ақыры оның 
айтқаны болды: Шынпатша приставты жастық етіп ала жығылды. 
Ал мына орыс жалшы мұның жанын сақтап қалмақ.
Бірақ Шынпатша ә дегендегідей өлмеуге тырысып жанталасуды 
қойды.  Оны  өлемін-ау  деген  ой  енді  мазаламады.  Тек  ішінен 
мына мойнын таңып жатқан мұжыққа риза болғанын сезіп қана 
жатты. Рақмет деп айтуға тілі күрмелді. Сөйлей алмады. Енді бір 
сезгені: мойны қайтадан босап кеткендей көрінді. Жанында ішін 
басып бүк түсіп жатқан жалшы Пахомды көрді. Оның жарасын 
таңып,  жақсылыққа  жақсылықпен  жауап  беруге  Шынпатшада 
дәрмен жоқ еді. Соңғы өкініші сол болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет