Шерхан Мұртаза Қызыл жебе екінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет27/64
Дата13.12.2021
өлшемі1,48 Mb.
#125910
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   64
Байланысты:
Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер
4кл Презентациядағы анимация, 4кл Презентациядағы анимация, 00178533-2638c567, 2-sabak-57867617be58f (1), 2-sabak-57867617be58f (1), Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер, Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер
А бірақ жылдар бойы серік болған сұр темірге ет үйренді, ол да 
менің бір мүшемдей бойға сіңісіп кеткен тәрізді, атасына нәлет.
Егерім,  менің  алғаным  Ізбайша  әлі  бар  болса,  сағыныш 
жалынына  тапталған,  қасірет  буына  суарылған,  менің 
шыдамыммен  шыңдалған  темір  сақинаны  оған  тарту 
етпекшімін.  Бодойбодан  бір  сақиналық  алтын  да  табар  едім, 
а бірақ алтын сақина Рысқұлдың жары Ізбайшаға жараспаса 
керек.  Менен  арылмай  келе  жатқан  бір  арман  сыры  осындай, 
Тұрар.
Тұрар,  бауырым  менің.  Бұл  хатымды  мен  жұлдыздарға 
тапсырдым. Біріне-бірі қол жалғап, саған жеткізер, аян берер. 
Әкеңнің тірі жүргенін сездірер. Менен күдер үзбегейсің. Менің 
оңайлықпен  жан  бермейтінімді  сен  білесің  ғой.  Аспандағы 


жұлдыздар  сағыныштың  киесі  көрінеді.  Бодойбоның  сары 
алтынындай сағынышымды сен жұлдыздарға қарап танырсың.
Сені менің сағынышым желеп-жебеп жүргей, Тұрар... Жарық 
дүниенің жүзінде көрісуге жазсын тағдыр екеумізді.
Әкең – Рысқұл.
I
Ташкенттен аттанғалы бері де екі күн болды. Бекет-бекетте ат 
ауыстырып, аз тыныстап, аялсыз салып ұрып жүріп отырғанның 
өзінде араға екі күн салып Әулие-Атаға әрең жетті.
Атшабардың астындағы Керуен сарай бекетінде ауыстырар ат 
жоқ болып шықты. Ташкенттен келе жатқан ротмистр бекетшіні 
жағасынан алып:
–  Тез  тап  аттарды!  Мен  генерал-губернатор  Куропаткиннің 
төтенше  тапсырмасымен  Меркеге  асығып  бара  жатқан  ресми 
адаммын!  –  деді.
Бекетші  о  да  құдайдың  пендесі  ғой,  ә  дегенде  ротмистрдің 
қолын  жағасынан  жұлқып  тастап-ақ  еді,  екі  иығына  екі  кісі 
мінгендей бадырақ көз дембелше қазақ генерал-губернатордың 
есімін  естіген  соң  желі  шыққан  торсықтай  солып  сала  берді:
– Әлгінде ғана тың аттарды ояздың өкілі жегіп жүріп кетті. О 
да Меркеге бара жатыр...
– Ояздың мекемесі қай жерде?
–  Кауфман  көшесінде,  мырза.  Үлкен  сары  үй.  Жүріңіз,  мен 
ертіп  апарайын,  –  деп  елпеңдей  қалды.
* * *


Қан  сорпа  болған  аттарын  Шақпақтан  шыққан  арбакеш 
атқорадағы  ақырға  апарып  байлады.  Күймедегі  жолаушылар 
жерге  түсіп,  аяқ-қолын  жазды.  Ташкенттен  мінген  ғалым-
этнограф  саквояжын  ашып,  тамақ  жеуге  кірісті.  Тұрар  өзінің 
өзегі талғанын сонда барып шын сезгендей болды. Аш өзек үзіліп 
кетердей сазып тұр. Соны байқаған этнограф дәмге шақырып еді, 
Тұрарды намыс жібермеді. Онсыз да жол-жөнекей тамағын осы 
ғалымнан  асырап  келді.  Қашанғы  масыл  бола  береді.
– Рақмет. Тамаққа тәбетім жоқ,– деді.
Жоғарыдағы Атшабарға шығып қайтпақшы болып бір тұрды. 
Іс Түлкібастан, не Меркеде базарлап келген ағайын кездесіп қала 
ма деген дәме.
Түлкібастықтардан бәлендей біреуді жыға тани қоймас, бірақ 
жөн-жосық сұрастырса, өзінің аты-жөнін айтса бұл тарапта мұның 
әкесін білетін қазақ-қырғыз табылар да ма еді. Ал меркеліктердің 
бала-шағасына  дейін  біледі.  Әкесі  Атшабарда  кезінде  талай 
болған. Әттең, із қалмайды. Әйтпесе түйе табан қисық етіктің ізі 
Рысқұлдың өмірінің жолындай бұралаңдап жатар еді.
Із қалмайды, сөз қалады. Уақыт – қалбыр елек сияқты. Оның 
көзінен ұсақ-түйек, майда-шүйденің бәрі түсіп кетеді де, ірілері 
ғана қалады. Ел аузында сөз сол ірілер туралы ғана сақталады.
Түлкібаста – Тұрардың әкесі туған. Бабасы Жылқайдар жатқан 
шығар әне бір қырдың астында.
Періштенің  түсіндей,  пейіштің  төріндей  қайран  Түлкібас! 
Саған,  сірә,  мына  дидарыңа  қарағанда  жаманшылық  жуымас. 
Мынау  заңғар  алқаракөк  аспан,  анау  асқар  Тәңірідей  таулар, 
айдаһардай  шапшып  аққан  асау  ақжал  өзендер,  қанық  жасыл 
жапырақты  әулие  жаңғақ  ағаштар,  түпсіз  аспан  шырқауында 
қалықтап  жүрген  тәкаппар  қырандар;  төскейдегі  шүйгінде 
семіздіктен  мамырлап  қалған  шыжандай  мал...
Иә, бұл жәннатта тек Адам-Ата мен Хауа-Ана тектес адамдар 
ғана  тұрса  керек  еді.  Бірақ  пейіштің  өзінде  де  өтірік-өсек, 
қызғаныш пен қастандық, жауыздық пен қараулық бағзы заманда, 
адамзаттың бозала таңында бой көрсетсе, бүгінгі пенделерге не 
жорық.  Әйтпесе,  Адам-Ата  мен  Хауа-Анадан  туған  Қабыл  өзі 


інісі  Абылды  қызғаныш  қырсығынан  таспен  ұрып  өлтірер  ме 
еді?  Жауыздықтың  төркіні  пейіштің  төрінен  шыққан.
Адам-Ата  мен  Хауа-Ана  өмір  сүрген  жұмақ  та  дәл  осы 
Түлкібастай-ақ болған шығар. Мұнда да Абылдар бар, мұнда да 
Қабылдар бар. Бұл жерді жайлаған елдің арғы бабасы Шілмембет 
деген кісі екен. Содан тараған ұрпақтан батыр да туған, қатын да 
туған, дана да шыққан, шала да шыққан. Періште жүрген жерді 
шайтан аңдиды. Періштесіз жерде шайтан жұмыссыз қалады.
Әйтпесе, жиырма үй Сәлік бұдан отыз жыл бұрын Түлкібасты 
тастап, ұлардай шулап, үдере көшер ме еді?
Рысқұлдың ағасы Бердіқұлдың қаны төгілер ме еді? Аспандағы 
Алатаудан құлап аққан мөлдір бұлақтар Дәу-Бабаның бауырына 
келгенде қызғылтым тартатын сияқты. Бердіқұлдың қаны емес 
пе  екен?  Әлдеқашан,  бұдан  отыз  жыл  бұрын  төгілген  қан  әлі 
күнге дейін жуылып бітпесе, мөлдір бұлақ қызармасқа не шара!
Дауылбай  болыс  ұрғызып  өлтірткен  Бердіқұлдың  мүрдесіне 
жылда  көктемде  қаулап  көк  шығады.  Қорғансыз  зиратқа  кіріп 
кетіп мал жайылады. Бердіқұл моласының үстіндегі шүйгін шөпті 
тілімен талмап, сиырлар қомағайлана жалмайды. Зәңгі-бабаның 
құныққанына  қарағанда  сол  жетім  төбешіктің  шүйгіні  шырын 
болар.  Шөп  шырын  сүтке  айналар  Бердіқұлдың  сүйегінен  нәр 
алған сүтті адамдар ішеді, Дауылбай да ішетін шығар.
Содан бері отыз жыл өтіпті. Тау да орнында, тас та орнында. 
Жиырма  үй  Сәлік-Сары  жырақтап  кеткені  болмаса,  ел  де 
орнында.  Қанды  су  ішіп,  қайғысыз  қара  құлдай  жүріп  жатқан 
жайы  бар  көрінеді.
Теңбіл-теңбіл  қаракөк  орман,  ойдым-ойдым  жасыл  аралдар 
арасынан тоқал тамдар да, ақ шаңқан шалқақ ақ үйлер де кездесіп 
қалады. Ала-құла дүние. Анау бай, мынау кедей деп пешенесіне 
жазып қойғандай. Әкесі Алматының түрмесінде отырып айтқан 
әңгіме бойынша шамалайды: мына қара қабылан таудың ар жағы 
– Иірсу, Келте, Масат, шығысын ала Ақсу-Жабағылы. Ұлар ұшып, 
арқар  жүгірген,  қыран  қалықтап,  аю  мекендеген,  жүз  жылдық 
ағаштары ит мұрны өтпес көр болып кеткен қара орман, аршалы 
тау. Киік оты, құлан оты, көкемарал сияқты асыл шөптер өсетін 
қасиетті топырақ.


«Күмісбастау қай тұста екен? – деп қойды Тұрар жол бойы. – 
Дауылбай әлі бар ма екен? Сол Дауылбай болмаса жиырма түтін 
Сәлік-Сары  жел  аударған  қаңбақтай  жер  жаннаты  Түлкібастан 
ауып, Алатау бөктерін жебелеп, алысқа кетер ме еді?».
Әділетсіз жеңіс – рухани жеңіліс. Рысқұлды елден айырғанмен 
Дауылбай мұратына жете алды ма? Мәселе қайда?
Түлкібастың үстінен өтіп бара жатып, Тұрар өз әкесінің жан 
дүниесін енді терең түсіне түскендей болды. Мынандай жұмақтан 
жырақтап кету үшін себеп оңай болмасқа керек. Жұмақ бар да, 
тамұқ бар. Жұмақта тек періштелер ғана тұрмайды.
Бір күні түрменің терезесінен қияқтай болып жаңа туған ай 
көрінді.  Тұрар:
– Көке, көке! Ананы қарашы! – деді саусағын шошайтып.
Рысқұл баланың қолын қағып жіберді.
–  Жаңа  туған  айға  саусақ  шошайтпайды!  Қолыңа  сүйел 
шығады,  –  деп  еді  сонда  әкесінің  үні  жұмсарып.
Әкесі де бала болған. Анау Дәу-Бабаның қырқасынан қылтиып 
жаңа туған ай көрінген шығар. Бала Рысқұл:
–  Әне,  әне!  Жаңа  туған  айға  қараңдар?  –  деп  саусағын 
шошайтқан  болар.  Сонда  әкесі  Жылқайдар:
– Шошайтпа саусағыңды! – деген-ау, сірә. Содан соң:
–  Ай  көрдім  –  аман  көрдім.  Жаңа  айда  жарылқа,  ескі  айда 
есірке!  –  деп  бата  қылып,  бетін  сипаған  шығар.
Тұрар әкесінің бала көзін байқағандай.
Не көп, ағаш көп екен: нау теректер, қаракөк қайсар емендер, 
жаңғақ пен жабайы алма... Анау еменді бұл топырақтан ешкім де 
ажырата алмас. Тіпті алай-түлей Шақпақтың дауылы да мызғыта 
қоймас. Әкесі сонда ағаштан осал болды ма? Тамыры қопарылып, 
ебелектей ел кезіп кеткені қалай?
Бірақ  Рысқұлдың  жүрек  қылының  бір  ұшы  Түлкібаста 
жатқанын Тұрар біледі. Біледі. Ол нәзік те болса, болаттай берік 
қылды ешкім де үзе алмас. Қандай алысқа кетсе де, тіпті, Сібірге 
айдалғанда  да  ол  қылды  қияр  құдірет  табылған  жоқ.
Әкесінің  туған  жерге  деген  махаббат  жалыны  Тұрарды  да 
жылытып,  Түлкібасты  еріксіз  жақсы  көріп  кеткендей.  Әттең 
Мерке болмаса, Меркеде күтіп тұрған істер болмаса, Тұрар сонда 


күймеден түсіп қалар еді. Дәу-Баба, Күмісбастау, Шәңкібастау, 
Иірсуға  барар  еді.
Күйме  Корниловка  селосына  аялдап,  жәмшік  ат  ауыстырып 
жатқанда,  Тұрарды  бір  алып  магнит  тартқандай,  өзімен-өзі 
көп алысты. Корниловканың ежелгі аты – Жаскешу еді. Қоқан 
қырғынындағы төгілген жастың кешуі ме, қалмақ қырғынындағы 
төгілген  жастың  кешуі  ме,  белгісіз.  Генерал  Черняев  жүріп 
өткен  соң  Корниловканың  үстіңгі  жағында  баяғы  айта  беретін 
Шәңкібастау,  Қарақойын  қонысы  аса  алыс  та  емес  еді.  Сол 
Қарақойын Тұрарды өзіне Одиссейді тартқан сиқырлы сұлулар 
аралындай арбай берді. Сиқырлы сұлулар аралында қалып қоймас 
үшін  Одиссей  өзін  кеменің  діңгегіне  байлаттырып  тастағаны 
сияқты. Тұрарды да байлап-матап тұрған жай – Мерке сапары. 
Әйтпесе, қазір Қарақойынға бұрылса – Ахат атасын көрер еді...
Ахат  Алматыдан  Тұрарды  алып  қашқалы  да  он  жыл  өтіп 
кетіпті.  Сол  сапар  атасы  Тұрарды  Меркедегі  Қырғызбайға 
табыстап, өзі осы Түлкібас асып кеткен. Тұрарды Түлкібасқа ала 
кетуге  Дауылбай  әулетінен  сескенген.
Меркенің базарында баламен қоштасып тұрып:
–  Ал,  шырағым,  Мерке  де  сенің  бір  елің.  Қырғызбай  сенің 
туғаның.  Айтқанын  істе,  тілін  ал.  Алла  сенімен  аман  көрісуге 
жазсын.  Заман  оңалса,  қауқарым  жетсе,  іздеп  келіп,  ата-бабаң 
туған  жер  Түлкібасты  бір  көрсетермін.  Сонда  сен  ата-бабаның 
қасиетті  топырағын  жерсініп,  ана  сүтінің  дәмін  алғандай 
боларсың. Ал егер, менің көзім жұмыла кетсе, ер жеткенде әйтеуір 
бір іздеп келіп, бейітімнің басына тізе бүгіп: «Ей, бейшара Ахат 
атам,  мен  сенің  ұрпағыңмын.  Жасудай  жақсылығың  тиіп  еді, 
сол  жақсылығың  алдыңнан  шықсын!»  –  деп  бата  қылғай.  Бұл 
дүниеден  ұрпақсыз  өтер  мен  бейбаққа  дүниеде  сауабың  тиер. 
Хош-қайыр!
Қолыңды  жай,  Тұрар!  Ажалдан  бұрын  ешкім  өлмейді. 
Алдымдағы тіршілік болжаусыз. Алланың аманат қойған жаны 
бар. Мүмкі көрермін, мүмкін енді қайтып көрмеспін. Егер мен 
әлдеқалай  ахиретке  бет  алсам,  «аталап»  артымнан  бір  келуге 
арланба,  Тұрар.  Дүние-жалғанда  Ахат  деген  атам  өткен  деп 


есіңе ала жүр. Қоштасарда соңғы сөзім: – Артыңнан қумасын, 
алдыңнан  бумасын!  Әумин!
Ахаттың Мерке базардағы соңғы сөзі осы еді. Ол кезде Тұрар он 
жаста еді. «Артыңнан қумасын» дегенде «Алматыдан Приходько 
қуып  келмесін»  деп  түсінген.  Енді  ойласа,  атасының  батасы 
ол мағынадан әлдеқайда кең екен. Артыңнан қуып отыратын – 
жаманшылық, алдыңнан ылғи да күтетінің – жақсылық. Бірінен 
қашқан боласың, бірін өмірбақи күтіп, алдағы күнге мойныңды 
соза бересін, соза бересің. Бірақ бір құдірет: «Аузың асқа, ауың 
атқа  жарымасын»,  –  деп  қарғап  қойғандай,  Тау-Шілмембет 
әулетінің  басын  тауға  да,  тасқа  да  соқты.  Рысқұлдың  етегінен 
ұстап, ширек ғасыр сандалыстан соң туған Қарақойынға қайтып 
оралған Ахат енді тірі ме, жоқ па? Белгісіз.
Адам өлсе, артында не қалады? Мына заңғар тау, анау зеңгір 
аспан,  жасыл  жапырақ,  аналық  топырақ,  шырылдаған  торғай, 
қалықтаған  құс  қалады.
Егде  жігіт  кезінде  елден  кетіп,  еңкейген  қарт  шағында 
қайта  келгенде  Қарақойыннан  не  тапты  екен?  Күндіз  ойынан, 
түнде  түсінен  шықпайтын  туған  жері  не  тартты  екен  Ахаттың 
сыбағасына? Сәлік атадан өз қатары сиреген шығар. Кәрілерін 
таба алмай, жастарын танымай, жат жерге келгендей бір сарсаң 
кешкен болар да. Баяғы дәу Омар сияқты Ахат атасы Дауылбайдың 
аяғына  жығылмас.
Тұрар осыны ойлап, Қарақойын жаққа қарап жүрегі сыздады. 
Күймеден қалып Қарақойын кетуге бір толқып тұрып, қайтадан 
қатайып қалды. Мына Түлкібас оған қанша ыстық көрінгенмен, 
оның көңілі қалған жалғаншылық та бар еді.
Бұл хабарды ол Пішпекте оқып жүргенде каникулге Меркеге 
келіп, Қырғызбай атасының үйінен, онда да сампылдақ Салиха 
апасынан  есіткен.
– Әлгі жүзіқара байға тиіп алыпты. Есіттің бе, Тұрар-ау, ойбу, 
не бетімді айтайын, мырзағаның күйігін қайда барып тартайын! 
Өгей шешең Ізбайшаны айтамын. Молдабек қайнысына қосылып 
алыпты,  жалмауыз.  Мырзағамдай  асылдың  басын  жұтқан 
жалмауыз. Кебенек киіп кеткен ердің жолын күтпей, не өлді деген 
хабары жоқ, некелі ердің намысын қорлап, байсырап бара жатқан 


ит  қаншық,  Молдабектің  момындығын  малданып,  тиіп  алды, 
қайтейін.  Қайтейін-ау,  қайтейін,  қайсыбірін  айтайын,  Тұрар-
ау!  Мырзағама  тартпаған  мырың  Молдабек!  Туған  атасының 
жарының  қойнын  қалай  ашты  екен!  Өлді  деген  суық  хабары 
болса бір сәрі. Ондай жаманаты жоқ, сұм дүниені шыр айланып 
бір күні қайтып келсе, не бетін айтады Ізбайша мен Молдабек, 
жүзі  ғана  қаралар?!
Салиха шешесі екі көзін тарс жұмып алып, қос бүйірін таянып, 
екі  жағына  кезек-кезек  теңселіп,  «Жүзіқаралар!»  деген  сайын 
бөстектің үстін дәу жұдырығымен қойып-қойып қалады. Бөстекті 
емес,  Ізбайша  мен  кіші  қайнысы  Молдабекті  жұдырықтап 
жатқандай  бейне  бір.  Қырғызбай  атасы  болса,  айтқызбас  еді, 
соның үйде жоқтығын пайдаланып, ай, армансыз бір ақтарылды-
ау Салиха апасы.
Сол Молдабек пен Ізбайша қазір Түлкібаста. Олардың бетін 
Тұрар  қалай  көреді?  Осы  жерде  ол  Ахат  атасына  да  іштей 
ренжіген сияқты. Молдабек пен Ізбайшаның неке қиярына Ахат 
та  қатысты-ау  деп  қауіптенеді.
Өгей  де  болса,  Ізбайшаны  Тұрар  жақсы  көруші  еді. 
Келіншектің  де  балаға  қақаң-соқаңы  жоқ  болатын.  Ізбайшаны 
Сібірге ала кетемін деп әкесі Рысқұл түрмеде жатып қанша әрекет 
жасағанын Тұрар жақсы біледі. Сібірге ілесіп бара алмаймын деп 
Ізбайшаның  атынан  жазылған  қолхатты  да  біледі.  Ол  тілхатқа 
әкесі  сенбеп  еді.  Сонда  әкесі  алданған  болды  ма?  Сонда  Тау-
Шілмембет  Рысқұлды  шыннан  өлілер  санатына  қосқаны  ма?
Бұған  Тұрар  көңілі  сенбейді.  Ақиқат  көзің  көрмеген  соң, 
үкімет  әкең  өлді  деп  ресми  хабар  бермеген  соң,  қайран  көңіл 
үміткер.
Тау-Шілмембет  Талғардың  баурайына  тығылып  тұрған 
Бесағашта  отырғанда  Ахат  атасы  қисса  оқитын.  «Алпамыс 
батырды» Тұрар сол бір сәби шағынан біледі. Енді сол Алпамыс 
жиі-жиі  есіне  түсе  береді.  Өзінің  әкесі  Рысқұлды  Алпамысқа 
балайды. Молдабек – Ұлтанқұл екен дейді. Ізбайша – Гүлбаршын, 
Ахат  атасын  –  түйе  бағып  жылап  жүрген  –  Құлбай  шалға 
ұқсатады. Күндерден күн өткенде Рысқұл-Алпамыс тірі қайтады. 
Ахат  Құлбайды  құлдықтан  құтқарады.  Молдабек-Ұлтанқұлды 


тепкілеп, ит терісін басына қаптайды. Ал Ізбайша-Гүлбаршын... 
Осы араға келгенде Тұрар Гүлбаршын сынды асылды Ізбайшаға 
айырбастағысы  келмейді.  Гүлбаршынның  жөні  бөлек  қой.
Ал әкесі Рысқұл нағыз Алпамыс. Қисса мен шындық арасында 
көп  қисын  бар.  Халық  қиялы  телегей  теңіз  болғанда  да,  сол 
қиялдың арқауы – өмір. Мұның да әкесі аңызға айнала бастады. 
Ел  арасында  Рысқұл  туралы  әр  алуан  жорамал  жүр.  Рысқұл 
каторгадан  солдаттарды  өлтіріп  қашып,  астына  ала  ат  мініп, 
басына  аққудың  терісін  киіп  (жұрт  оған  аққудың  терісін  неге 
кигізетіні Тұрарға мүлде түсініксіз) ел аралап жүретін көрінеді. 
Тіпті онымен бірге оқыған Төребек деген жігіт бір күні Тұрардан 
кәдімгідей:
–  Сен  әкеңмен  жолығыпсың  ғой.  Меркеге  сені  іздеп  келіп, 
сенімен  оңаша  сөйлесіп,  кетіп  қалыпты  ғой.  Астында  ала  аты, 
басында  аққудың  терісі  бары  рас  па?  –  деп  те  сұрады.
– Бекер сөз, – деп шынын айтқан Тұрарға:
– Патшаға қарсы қол жинап жүр дейді. Сонысын біліп, қорқып 
айтпайсың ғой, ә? – дейді.
Кімнің  аузына  қақпақ  қояды,  Төребек  те  біреуден  естіген. 
Бірақ  әкесін  көрмегені  Тұрардың  өзіне  аян.  Қисса,  аңыз  деген 
осындайдан  туатын  шығар.  Аты  аңызға  айналған  адамға  ажал 
дарымас. Тәні өлген күнде де, рухы жалау болып желбіреп жүрер.
Әкесінің патшаға қарсы қол жинауы – халықтың қиялы болса, 
Тұрардың  қол  жимақ  болып  Меркеге  асығып  бара  жатқаны 
кәдімгі  шындық.
Жоқ,  Тұрар  бұл  сапар  Түлкібасқа  аялдай  алмақ  емес.  Қош, 
қайран  ата-баба  қонысы!  Қош,  Ахат  ата!  Қош,  жалғыз  бауыр 
Түйметай!  Көріскенше  күн  жақсы...
Артта  Шақпақ  асуы  қалды.  Жуалы  жері  қалды.  Қаратаудың 
Күйік асуына шыққанда арғы беттен мұнартып Әулие-Ата көрінді. 
Әулие-Атаға  жақындағанда  Асау  дейтін  өзеннің  жағасындағы 
бір селоға тоқтап, жолаушылар сәл тыныстады. Этнограф-ғалым 
ротмистрден селоның атын сұрады.
– Головачевка, – деді ротмистр өзінің білімін көрсетіп қалғысы 
келіп.  –  Әйгілі  генерал  Черняевтің  Головачев  деген  офицері 
болған. Село соның атында.


– Ал бұрын не деп атаған? – деп тәптіштеді ғалым.
– Бұрын бір әулие әйелдің атымен аталған көрінеді. Қалай еді, 
шайтан алғыр?
– Айша-Бибі, – деді жергілікті қызыл қаңлылардың бірі. – Әне, 
анау тұрған сол Айша-Бибі күмбезі.
–  Айша-бибі  деген  атының  өзі  әдемі  емес  пе?  –  деп  ғалым 
шұқшия түсті. – Енді есіме түсті, ол Қарахандар дәуірінен бері 
келе жатқан ескерткіш. Халықтың ғасырлар бойы қойған атын 
сызып  тастап,  әлдебір  белгісіз  офицердің  есімін  қоюы  қалай?
– Ғалым мырза, бұл сіздің шаруаңыз емес. Патша офицерін 
олай  қорламаңыз!  –  Ротмистр  тікшие  қалды.
– Мәртебелі мырза, ұлы Ресейде не көп, патшаның офицерлері 
көп. Ал анау ескерткіш – қайталанбас тарихи мұра. Айырмашылық 
жер мен көктей, - деп ғалым-этнотраф қалшылдаңқырап кетті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет