Шет елдік географиялық атауларды қазақ тілінде беру (транскрипциялау) ерекшеліктері жайында
Ә.Бірмағамбетов, профессор
К.Мамирова, профессор м.а.
ҚазМемҚызПУ
Географиялық атаулар, немесе топонимдер кез келген тілдік сөз қорының айтарлықтай бөлігін құрайды. Үйткені олар күнделікті өмірде аяқ басқан сайын кездесіп отырады. Теле-радио хабарлар тыңдағанда, мерзімдік баспасөз, немесе көркем әдебиет оқығанда, сондай-ақ адамдардың қарым-қатынасында белгілі бір дәрежеде топонимдерге соқпай кету мүмкін емес. Үйткені жер бетіндегі нысанның орнын тек географиялық атауларды пайдалану арқылы анықтауға болады. Жердегі теңіздің, көлдің, өзеннің, таудың, мемлекеттің, елді мекеннің, көшенің т.б. аты географиялық атау құрайды.
Географиялық атаулар, немесе топонимдер әр халықтың тілінде өзіне тән заңдылықтарға сәйкес айтылып, жазылады. Сондықтан олар бір тілден екінші тілге ауысқанда түрлі өзгерістерге ұшырайды (транскрипцияланады).
Соңғы кезге дейін шет елдік географиялық атаулар қазақ тілінде негізінен орыс тіліндегі нұсқасына сәйкестендіріліп беріліп келгені белгілі. Бұл орайда қол жеткен жетістіктеріміз аз емес. Сонымен бірге кемшіліктерімізде де жетерлік. Мұндай кемшіліктер көп жағдайда орыс тілі қағидаларына сөзсіз бас іюден туған. Кеңес үкіметі жылдарындағы бір кезеңде атаулар мен аббревиатуралар орыс тілінде қабылданылған нұсқасынан айнымау керек деген қағида жайылады. Соның арқасында біраз уақыт Орал - Урал, Сібір - Сибирь, КСРО - СССР, Байкал маңы - Прибайкалье, Байкал сырты-Забайкалье, Кавказ асуы - Предкавказье, Кавказ сырты - Закавказье т.с.с. түрінде алынып келді. Бертін келе бұл сияқты ағаттықтар біршама жөнделгенімен географиялық атаулардың орыс тілінің заңдылықтарына қарай бейімдеп алудан туатын бұрмаланулардан әлі күнге арыла алмай келеміз. Мұндай жағдай бәрінен бұрын географиялық атауларды орыс тілінде септеу ерекшеліктерін ескермеуден туады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бірнеше мысал келтірейік. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарынан бастап баспасөзде «Балтық» атауы мықты орын алды. Балтық теңізі. Балтық тілдері, Балтық маңы елдері...... Осы атаудан туған сөздерді қайтара орыс тіліне аударып көрейікші: Балтийское море, Балтийские языки, Прибалтийские страны түріндегі жаңа сөздердің пайда болғанын аңғару қиын емес. Атаудың негізі «балт» сөзі. Атаудың септелуіне орыс тілінде айтылу ерекшелігіне байланысты енген жалғауды алып тастап, Балт теңізі, Балт тілдері, Балт маңы түрінде қолданған жөн.
Орыс тілінде ан, ян жалғаулары жалғанатын атаулардың қазақ тілінде де сол қалпында берілуі жиі кездеседі.
Күнделікті өмірде артезиан суы, артезиан құдығы, артезиан алабы деген сөз тіркестерін ойланып жатпастан –ақ қолдана береміз. Мұндағы артезиан сөзінің түп негізі – артезиан. Ол Франциядағы Артуа, ескі латынша Артезиа провинциясының аты. Сондықтан Артезиа атауынан туған термин сөздерді артезиа суы, артезиа құдығы, артезиа алабы деп өзгерту орынды. Осыған ұқсас орыс тілінде айтылуына сәйкестендіріліп қабылданылған американдар (американдықтар деп те айтылып жүр) (орысша американцы дегеннен), мексикандар (мексиканцы), италияндар (италиянцы)т.б. сөздер қолданылып жүр. Бұл сөздердің түп негізі америка, мексика, италия географиялық атаулары. Сондықтан оларды америкалықтар, мексикалықтар, италиялықтар деп алсақ, қазақ тілінде анағұрлым жатық естілер еді.
Бұл жерде орыстардың тіл ерекшеліктеріне байланысты кейбір географиялық атаулардың септеу орайында түбегейлі, немесе жартылай өзгеріп кететінін ескеру орынды. Мәселен, Батыс Еуропадағы По өзенінің бойындағы ойпатты орыстар Паданская низменность дейді. Оған қарап қазақша Падан ойпаты дей алмаймыз ғой (бір кезде олай деп айтушылар да болған).
Азияның солтүстік-шығысындағы Чукот теңізі, Чукот түбегі, Чукот жотасы атаулары Чукча халқының атына байланысты аталған, соған орай оларды Чукча түбегі, Чукча жотасы, Чукча теңізі түрінде қабылдау орынды.
Африкадағы Конго республикасының халқын орыстар конголезы дейді. Оны қазақша конголездер емес, конголықтар деп айту жөн.
Географиялық атаулардың қазақша берілуінде атау сөзге орыс тіліндегі жалғаудың ізімен кету олардың түп мағынасын жоғалтуға алып барады. Мысал ретінде Саргассово море - Саргасс теңізі, Кузнецкий Алатау - Кузнецк Алатауы, Донецкий кряж - Донецк бұйраты, Минусинская котловина – Минусинск қазан шұңқыры, Каспийское море - Каспий теңізі атауларын келтіру жеткілікті. Бұл атаулардың бұрмалану сипатын байқау үшін олардың этимологиясына көз жіберейік. Атлант мұхитының Америка жағалауына таяу жатқан бөлігіндегі теңіздің аты онда су бетінде қалқып жүретін балдырды Португалияда өсетін Сарга жүзіміне ұқсатудан туған. Сондықтан оны Саргасс теңізі емес. Сарга теңізі деу орынды.
Батыс Сібірдің оңтүстігіндегі Кузнец (Кузнецк емес) алатауының аталу сипатын анықтауға кезінде қазақтың ғұлама ғылымы Шоқан Уалихановтың айтқан пікірі негіз бола алады. Оның тарихи зерттеулерінде орыстар Сібірді бағындырған кезде жергілікті түркі тайпаларының бірі металл өңдеу кәсібімен ерекше көзге түскені айтылады. Олар көрші халықтарды түрлі металл бұйымдармен қамтамасыз етіп тұрған көрінеді. Батыс Сібірді алғаш қоныстанған орыстар бұл тайпаның өкілдерін ұсталар (кузнец) деп атаған. Одан тайпа мекендеген жер Кузнец (ұста) Алатауы деп атаған.
Сондай-ақ, Донецкий кряж Донецк емес, Северлік Донец өзенінің атынан, Минусинская котловина - Минусинск емес, Минуса өзенінің атынан алынған. Дүние жүзіндегі ең ірі көлдің аты Каспий емес, ежелгі каспи халқының атына байланысты. Мұндағы нысанның жатыстылығын білдіретін орыс тіліндегі «қысқа -н» атаудың қазақша нұсқасы үшін артық. Шет елдік географиялық атаулардың қазақша берілгенде бұрмалануы әсіресе орыстардың «ж»дыбысы келетін атауларды «д» қосып (дәк)қатаңдатып айтуына байланысты жиі көрініс береді. Оған Джорж тауы (Гавайа мемлекетінің астанасы), Джайпур (Солтүстік Индиядағы қала), Джанкой (Қырымдағы қала), Джерси (Ла-Манш бұғазындағы арал), Джомолунгма (Гималайдағы тау шыңы), Джелалабад (Ауғанстандағы қала) т.б. атаулар мысал бола алады. Олар Жоржтауы, Жайпур, Жанкой, Жерси, Жомолунгма, Желалабад түріне ауыстыруды қажет етеді.
Осыған ұқсас «ш» дыбысы бар атаулардың да қазақша «ч» арқылы берілуі үйреншікті құбылысқа айналып кеткен: Чатырдаг (Қырым), Челекен (Каспий теңізіндегі түбек), Махачкала (Дағыстан), Чебаркуль (РФ, Челябі облысы) т.б. Түркі тілдеріндегі сөздерден туған бұл атаулар Шатырдағ, Шелекен,Мақашқала, Шұбаркөл түрінде берілуі керек.
«У» дыбысы келетін географиялық атаулар орыс тілінің ықпалымен ұзақ уақыт қазақ тілінде «в» арқылы беріліп келді. Соған орай Еуропа – Европа, Еуразия - Евразия, Аустралия - Австралия, Аустрия - Австрия түрінде айтылып, жазылатын. Соңғы кездегі басылымдарда Европа – Еуропаға, Евразия - Еуразияға ауыстырылды. Аустралия кейде Австралия, кейде Аустралия түрінде беріліп жүр. Ал Аустрия сол бұрынғы Австрия күйінде қалған. Мәселенің анық-қанығына бару үшін бұл атаулардың шығу тегіне көңіл аударып байқайық.
Аустралия латынның «аустралис» деген сөзінен шыққан Ежелгі дүние ғалымдары Жер шарының оңтүстік полюске қараған аймағын орасан зор материк алып жатыр деп есептеген. Оны Гечча Australis incognita - «белгісіз оңтүстік жер» деп атаған. Ол картада қазіргі Аустралия, Антарктида, сонымен бірге Үнді, Атлант және Тынық мұхиттардың оңтүстік бөлігін қамтитын құрлық жер ретінде көрсетілген. Орта ғасырлардағы Ұлы географиялық ашылуларға байланысты «белгісі Оңтүстік Жердің» картада алып жатқан орны кішірейе берген. Алдымен Аустралияның, кейінірек Антарктиданың бөлек құрлық екендігі анықталған. Гечча Australis Оңтүстік Жер деген атау дербес материк екендігі алдымен белгілі болған қазіргі Аустралияға қалдырылған. Жаңа заманда Гечча – Жер деген сөз алынып тасталып, ол тек Аустралия деп аталған.
Орталық Еуропадағы Аустралия мемлекетінің аты орта ғасырлардағы Ұлы Карл империясының Шығыс бөлігінің атынан туған. Ол кезінде Marchia austriaca - Шығыс өлке деп аталған. Бұл сөз тіркестерінің шығыс (austriaca) деген бөлігі ғана сақталып қалған.
Осы сияқты «у» дан басталатын араб топонимдері де орыс тілінде «в» арқылы берілетіні есте болған жөн. (Уадда - Вадда, Уаддан- Ваддан, Уаран- Варан, Уарра - Варал т.с.с.): Ол атаулар араб тіліндегі нұсқасына сәйкес қазақ тілінде «у» арқылы берілуі керек.
Шет елдік географиялық атаулардың қазақша берілуі жайында сөз қозғағанда өз жеріміздегі қытай тіліндегі атау – Тянь- Шаньға ерекше тоқтала кеткен жөн.
Тянь-Шань түркі халықтары қоныстанған аймақта жатқан орасан зор тау жүйесі. Үлкен бөлігі Ресей империясының қол астына қараған ХІХ ғ. Бері бұл тау орысша түсініктемеде «небесные горы» деп аталып келеді. Соның негізінде Тянь-Шаньды қазақта «Аспан таулары» деп қабылдап жүрміз. Тарихи атауға бұлай қиянат жасау оның этимологиясына көңіл бөлмеу салдарынан туған. Тянь-Шань түркі атауының қытайша аудармасы: Тянь - тәңірі, құдай, Шань - тау деген сөз. Моңғолдар оны Тәңірі - Ола дейді (ола - моңғолша - тау). Атау түркі тілдес халықтардың ислам дінін қабылдағанға дейінгі тарихи кезеңге – тәңіршілік заманына кетеді. «Тәңірі» сөзі құдай деген мағананы білдіреді. Онымен мағанасы жағынан көк, аспан сөздері астарласып жатады. Тянь-Шаньды «Аспантау» (орысша «Небесные горы») деп айтатындар. Мұндағы «аспан» сөзін тек кеңістік мағанасында ғана қабылдайды. («көкке көтерілген, аспанға шарықтаған»). Ал шынтуайтқа келгенде «Тянь» сөзінің аудармасы да, түп нұсқасы да «Тәңірі». Олай болса Тянь-Шань «Аспантау» емес, көктәңірісінің тауы - Тәңіртау.
Жоғарыда, келтірілген деректер шет елдік географиялық атаулардың қазақша нұсқада берілуінде олардың этимологиясына айрықша назар аударып отыру қажет екенін көрсетеді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Бірмағамбетов Ә. Географиялық атаулар.А.2009.
2. Бірмағамбетов Ә. Бұлай деп неге атаймыз? Алматы : Мектеп, 1971.
3.Каймулдинова К. Қазақ топонимдерiнiң этноэкологиялық негiздерi: Оқу құралы.- Алматы: Ғылым, 2001.
4.Хелен Керфут. Руководство по национальной стандартизации географических названий. Группа экспертов Организации Объединённых Наций по географическим названиям. Нью-Йорк, 2007.
Абстракт
В статье рассматриваются вопросы транскрипции - представления на казахском языке иностранных географических названий . Характеризуются этимологические особенности географических названий и специфика использования в географической литературе на казахском языке.
Достарыңызбен бөлісу: |