§ Параграф 1. Виза алушылардың виза алу үшін ұсынатын құжаттары
17. ҚР шет елдердегі мекемелерінде, ҚР СІМ-де немесе ҚР ІІМ-де виза алушының немесе шақырушы тараптың тіркелген орны бойынша визаларды беру үшін келесі құжаттар мен мәліметтер ұсынылады:
1) көлемі 3,5 х 4,5 сантиметр түрлі-түсті немесе қара-ақ фотосуреті бар виза алуға арналған визалық сауалнама;
2) ҚР шет елдердегі мекемелерінде виза ресімдеу кезінде ҚР ІІМ-де немесе ҚР СІМ-де тіркелген қолдаухаттың нөмірі және оны тіркеу күні (виза алушыға нөмірді және шақыруды беру күнін шақырушы тарап хабарлайды), немесе осы Қағидалардың 25-тармағында көзделген виза санаттарын алушылардың қолдаухаттары;
3) шет мемлекеттің жарамды дипломатиялық, қызметтік және шетелдік паспорты, не болмаса Қазақстан Республикасы осы қалыпта таныған және Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өтуге құқық беретін жеке басты куәландыратын өзге құжат (бұдан әрі – паспорт);
4) консулдық алым немесе мемлекеттік бажды төлегенін растайтын төлем құжатының түпнұсқасы;
5) 1-нысанға сәйкес, виза алуға қажетті қосымша құжаттар.
18. Визалық сауалнама қолмен анық немесе ВКП-ны пайдалану арқылы мемлекеттік, орыс, ағылшын тілінде осы Қағидалардың 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша толтырылады.
Визалық сауалнаманың сұрақтарына жауаптар толық болуы тиіс.
Визалық сауалнамаға виза алушының өзі қол қояды.
Кәмелетке толмаған балалардың атынан виза алу үшін визалық құжаттарға олардың заңды өкілдері қол қояды.
Құжаттарды ресімдеу кезінде, Визалық сауалнамаға желімделген фотосурет, бас киімді күнделікті кию олардың ұлттық немесе діни қатыстылығының міндетті белгісі болып табылатын шетелдіктерден басқа, шетелдік мұндай бас киіммен паспорттағы фотосуретте бейнеленген жағдайда, азаматтың фотосуреті жасына сай келуі және қара түсті көзілдіріксіз, бас киімсіз беті алдынан қарағанда адам анық бейнеленген болуы тиіс.
19. Виза алушының ұсынған паспорты келесі өлшемдерге сай келуі тиіс:
1) түпнұсқалығына және иесінікі екендігіне күмән келтірмеуге, белгілер, ескертпелер, жазбалар, өшірулер мен түзетулер, жыртылған немесе тігілген беттері болмауы тиіс;
2) Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге арналған виза алушыларды қоспағанда, визаларға арналған кемінде 2 таза бет болуы тиіс;
3) Қазақстан Республикасының аумағынан кету арналған виза алушыларды қоспағанда, қолданылу мерзімі сұратылған визаның қолданылу мерзімі аяқталу күнінен бастап 3 айдан бұрын аяқталмауы тиіс.
20. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, 2008 жылғы 10 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Салық кодексіне (бұдан әрі – Салық кодексі) сәйкес шақыруға құжаттарды ресімдеу және визаны беру үшін, соның ішінде оның қолдану мерзімін ұзартуға және қалпына келтіруге консулдық алым немесе мемелекеттік баж алынады.
Салық кодексінде көзделген жағдайларда шақыру құжаттарын және виза ресімдеу үшін консулдық алым және мемлекеттік баж алынбайды.
Визаларды беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес консулдық алым немесе мемлекеттік баж төленгеннен кейін жүргізіледі.
Төленген консулдық алымдардың сомалары қайтарылуға жатпайды.
21. Визада ҚР шет елдердегі мекемелерінің, ҚР СІМ немесе ҚР ІІМ қызметкерлері жіберген қате табылған кезде, виза консулдық алымсыз немесе мемлекеттік бажсыз қайта беріледі.
§ Параграф 3. Визаларды беру тәртібі
22. Визалардың берілуі:
1) шет елдерде:
ҚР шет елдердегі мекемелері келесі санаттардағы визаларды береді А1", "А2", "А3", "А4", "А5", "В1", "В2", "В3", "В4", "В5", "В6", "В7", "В8", "В9", "В10", "В11", "В12", "В13", "С1", "С2", "С3", "С4", "С5", "С6", "С7", "С8", "С9", "С10" және "С12";
2) Қазақстан Республикасының аумағында:
ҚР СІМ келесі санаттардағы визаларды береді "А1", "А2", "А3", "А4", "А5", "В1", "В2", "В3", "В5", "В7", "В8", "В10", "В11", "В12", "В13", "С3", "С8", "С9" және "С12";
ҚР ІІМ келесі санаттардағы визаларды береді "А5", "В3", "В7", "В14", "В15", "В16", "В17", "В18", "В19", "В20", "В21", "В22", "С1", "С3", "С4", "С9" (этникалық қазақтарға), "С11" және "С12".
23. ҚР ІІМ визаларды беруді, күшін жоюды, қалпына келтіруді, мерзімін ұзартуды немесе қысқартуды шетелдіктің уақытша тіркеу орны немесе шақырушы тараптың тіркеу орны бойынша ("А5" санатындағы виза, виза алушының нақты болу орны бойынша), не болмаса ҚР ІІМ нұсқауы бойынша жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге арналған виза, "В14" санатындағы визаны қоспағанда, виза алушының нақты болу орны бойынша беріледі.
Оқуға арналған визалар виза алушыны қабылдаған оқу мекемесінің орналасқан орны бойынша беріледі.
24. Жұмыс уақытынан тыс кезде қабылданған ҚР СІМ және ҚР ІІМ нұсқаулары ҚР СІМ және ҚР ІІМ келесі жұмыс күні ресімделеді.
25. ҚР шет елдердегі мекемелері шақырусыз мына санаттағы визаларды келесі негізде береді:
1) ҚР СІМ нұсқауы – "А1", "А3", "В1" және "В3" (ҚР шет елдердегі мекемелеріндегі басшыларының жазбаша нұсқауы бойынша "В3" санатындағы бір мәртелі виза беріледі және виза алушыларға (мемлекеттер тізімінде көрсетілген елдердің азаматтарын қоспағанда) уақытша келу орны бойынша ҚР ІІМ-де уақытша тіркеуді ресімдеуге негіз болатын ҚР шет елдердегі мекемелері Қазақстан Республикасы аумағында тіркеу туралы өтінішті қоса береді);
2) вербалды нота – "А1", "А2", "А3", "А4", "В1", "В3" және "В10";
3) қолдаухат (визаның санатына қарай 1-нысанда қарастырылған құжаттар бар болғанда):
мемлекеттер тізімінде көрсетілген елдердің азаматтарына (30 тәулікке дейін бір мәртелі виза) – "А3", "В1", "В3", "В10" және "В12";
бұрынғы отандастар (Қазақстан Республикасымен байланысын куәландыратын құжаттары, оның ішінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының немесе Қазақстан Республикасынның ұлттық паспортында, туу туралы куәлігінде туған жері туралы бағанада тиісті белгінің болуы немесе некеге тұру туралы куәлігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалту туралы анықтамасы болса) – "В10" (бір мәртелі виза);
шетелдіктерге немесе азаматтығы жоқ адамдарға – "В4", "В5", "В8", "В9", "В10" (жерлеуге немесе туысқанының/жақындарының ауруына байланысты – бір мәртелі виза, ҚР азаматтарының отбасы мүшелеріне немесе әке-шешелеріне, сондай-ақ олардың заңды өкілдеріне – бір мәртелі виза 30 тәулікке дейін, этникалық қазақтардың отбасы мүшелеріне – бір мәртелі виза 30 тәулікке дейін), "В13", "С1", "С2", "С4" (бір мәртелі виза 90 тәулікке дейін) және "С10".
26. Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабымен белгіленген жағдайларда виза алушыға Қазақстан Республикасы аумағынан кетуге арналған виза беруден бас тартылады
27. Қазақстан Республикасының аумағына келуге немесе Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге кедергі жасайтын негіздер, соның ішінде шақыру болған жағдайда да, визалар берілмейді, ал ресімделген виза Қазақстан Республикасына келуге немесе Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге негіз болып табылмайды.
28. Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларында ресми делегация мүшелеріне, Қазақстан Республикасының консулдық мекемелері жоқ елдердің азаматтарына, сонымен қатар виза алушыларға шақыру немесе ҚР СІМ нұсқауы бойынша ҚР СІМ береді.
29. "В9" санатындағы визалар үшін құжаттардың көшірмелері, сондай-ақ ҚР шетелдегі мекемесінің қорытындысын құжаттарды қабылдаған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде ҚР шет елдердегі мекемелері ҚР СІМ арқылы тексеру және рұқсат беру үшін ҚР ІІМ-ге жіберіледі. ҚР ІІМ рұқсаты ҚР СІМ-нен материалдар келіп түскен күннен бастап 3 айдан аспайтын мерзімде беріледі.
30. Топталған виза алушыларға ұйымдастырылған түрде Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасынан кетуге немесе Қазақстан Республикасы арқылы транзитпен өтуге топтық визалар ресімделеді.
Топтың барлық мүшелері Қазақстан Республикасына кіруде, Қазақстан Республикасынан шығуда, қандайда бір пункте болуда және Қазақстан Республикасы аумағында жүруде, Мемлекеттік шекарадағы бақылау-өткізу пункті арқылы (бұдан әрі – өткізу пункті) топ құрамында біруақытта кіруі және шығуы топтық визаларды беру шарты болып табылады.
Топтық визалар осы Қағидалардың 6-қосымшасына сәйкес нысан бойынша аты-жөні тізімдері әліпбилік тәртіпте атаулы тізім ретінде ресімделеді.
Сонымен бірге, виза парақтың артқы жағына немесе жеке бір параққа жапсырылады және бұл парақ тізіммен бірге үстіңгі сол жақ бұрышы бүгіліп тігіледі, виза беруші ҚР шетелдегі мекемесінің, ҚР СІМ-нің немесе ҚР ІІМ-нің мөрімен бекітеді.
Уәкілетті қызметкер тізімнің төменгі жағына (лауазымы мен тегін көрсетіп) қол қояды, қойылған қол ҚР-дың шетелдегі мекемесінің, ҚР СІМ-нің немесе ҚР ІІМ-нің мөрімен куәландырылады.
Визасы бар тізім бір данада жасалады, түпнұсқасы топ жетекшісіне беріледі. Бір көшірмесі Қазақстан Республикасына келу (кету) кезінде өткізу пунктіне тапсырылады, екіншісі - визаны берген ҚР СІМ-де, ҚР-дың шет елдердегі мекемесінде немесе ҚР ІІМ-де қалады. Тізімге түзетулер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
31. Қазақстан Республикасы танымайтын мемлекеттің паспортын ұсынған адамға шақыру негізінде бір мәртелік виза беріледі және ол жеке параққа жапсырылады. Қазақстан Республикасынан шығу кезінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері немесе визаның мерзімі біткеннен кейін ҚР ІІМ өкілдері виза берген органға жіберу үшін парақ алынады.
32. "А1", "А2", "А3", "А4", "А5", "В7", "В10", "С3", "С7" және "С9" санаттарындағы негізгі виза алушының отбасы мүшелеріне, асырауындағы адамдарға (растайтын құжаттар болған кезде) виза осы Қағидаларға сәйкес негізгі виза алушының визасының мерзіміне беріледі немесе ұзартылады. Бұл ретте, егер Қазақстан Республикасы Заңнамасына сәйкес басқа қарастырылмаса, отбасы мүшелері мен асырауындағы адамдар еңбек, діни, миссионерлік қызметті жүзеге асыруға және/немесе діни бірлестік қызметіне қатысуға құқылы емес.
33. Виза алушының паспортында пайдаланылмаған немесе қолданылу мерзімі аяқталмаған виза болған жағдайда, жаңа виза ол жойылғанда ғана беріледі.
34. Қазақстан Республикасы аумағында визаларды бір санаттан екінші санатқа өзгертуге рұқсат беріледі:
1) ҚР СІМ:
"А1" және "А3" санаттарына – вербалды нота немесе ҚР СІМ нұсқауы негізінде;
"А2" және "А4" – вербалды нота негізінде;
2) ҚР ІІМ:
"А5" санатына – "В3", "В10", "С3", "С4", "С5" және "С10" санаттарынан;
"В7" санатына – "С9" санатынан;
"С1" санатына – тек этникалық қазақтар үшін бұрын берілген визаның санатына қарамастан;
"С3" санатына – "В2", "В3", "С2", "С9" және "С10" санаттарынан;
"С4" санатына – "В10", "С2", "С9" және "С10" санаттарынан;
"С9" санатына – тек этникалық қазақтар үшін бұрын берілген визаның санатына қарамастан, сондай-ақ визасыз режиммен келгендерге;
"С12" санатына – визаның барлық санаттарынан.
35. Виза алушының жазбаша өтініші бойынша және толтырылған визалық сауалнаманың (бір мәртелі виза көрсетілген) және консулдық алымды төлеу (бір мәртелі визаға төленген) төлегенін растайтын төлем құжаты негізінде көп мәртелі виза бір мәртелі визаға өзгертіледі. Сонымен бірге, 1-нысанда белгіленген визаның мерзіміне ауыстырылады.
Визаның қолданылу мерзімі шақыру құжаттарында көрсетілген мерзімнен аспауы тиіс.
ҚР шет елдердегі мекемелерінде, ҚР СІМ-де және ҚР ІІМ-де берілетін визаның мәртелігін бір мәртеліден (шақыру құжаттарында көрсетілген) көп мәртеліге ("А1", "А3", "А5", "В7", "С2", "С3", "С4", "С5", "С7", "С9" және "С12" санаттарындағы визалардың мерзімдерін ұзартудан басқа) өзгертуге жол берілмейді.
36. ҚР шет елдердегі мекемелерінің, ҚР СІМ және ҚР ІІМ қызметкері визаны ресімдеуге ұсынылған материалдарды зерделеу кезінде:
1) виза алушының Қазақстан Республикасына келу мақсатына байланысты визалық сауалнамадағы ақпарат мазмұнын шақырудағы, паспорттағы және виза алу үшін ұсынылған қосымша құжаттардағы көрсетілген мәліметтермен салыстырып тексереді;
2) виза алушының паспорты тұрақты тұратын еліне қайтуына немесе Қазақстан Республикасына барғаннан кейін басқа елге кетуіне құқық беретінін тексереді;
3) көші-қон қаупі бар елдерде уәкілетті қызметкер келесі әрекеттерді қабылдауға мүмкін болады: шақырушы тараппен, жұмыс орнымен немесе оқу орнымен телефон арқылы әңгімелесу;
4) егер ұсынылған құжаттар күмән тудыратын болса, виза алушыны әңгімелесуге шақырады. Әңгімелесу барысында виза алушының виза алу үшін ұсынған құжаттарында көрсетілген ақпаратпен, сондай-ақ басқа дереккөзден алынған мәліметтермен және сұрақтарға берген жауаптардың мазмұнымен салыстырып тексереді;
5) көшіп келушінің виза санатының, мәртелігінің, қолданылу мерзімінің және келу мерзімінің виза алушының Қазақстан Республикасына жоспарланған келу мақсатына сәйкестігін тексереді.
37. Визаларды беру, күшін жою, қалпына келтіру, қолданылу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдаған кезде виза алушының еліндегі немесе тұрғылықты тұру жеріндегі саяси және көші-қон жағдайы ескеріледі.
ҚР шет елдердегі мекемелерінің, ҚР СІМ және ҚР ІІМ қызметкері визалық құжаттарды қарастыру барысында елінде немесе тұрғылықты тұру жерінде саяси және көші-қон жағдайларында тұрақсыздық байқалған виза алушымен әңгімелесу жүргізеді.
Келесі санаттағы визаларды алу мақсатында құжаттарды тапсырған виза алушылармен әңгімелесу жүргізілмейді: "А1", "А2", "А3", "А4", "А5", "В10" (вербалды нотамен), "В12" (топтық визамен), "С3", "С10" (этникалық қазақтарға, бастапқы визаны ресімдеуде әңгіме жүргізіледі және алғашқы виза 1 жылға дейін, ал қайта өтініш жасағанда әңгімелесусіз виза 3 жылға дейін беріледі), "С11", "С12" және Қазақстан Республикасы аумағынан кетуге арналған визалар ("В14" – "В22").
38. Уәкілетті қызметкер виза ресімдеуге ұсынылған мәліметтерді зерделеу нәтижесінде визаларды беру немесе виза беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
39. "В9" және "С1" санаттарындағы визалардан басқа визаларды ресімдеу мерзімі 5 жұмыс күнінен аспайды.
ҚР шет елдердегі мекемелерінде "В9" және "С1" санаттарындағы визаларды ресімдеу мерзімдері 5 айды құрайды және ұсынылған визалық құжаттарды мұқият зерделеу қажет болған жағдайда аталған мерзім 7 айға дейін ұзартылады.
40. Визалық құжаттар, соның ішінде вербалды ноталар және қолдаухаттар "Бүркіт" БАЖ арқылы келісіледі және визалар беріледі. Визалар ҚР ҰҚК келісуінсіз берілмейді.
ҚР ҰҚК визаларды ресімдеуді келісуді 3 жұмыс күн ішінде қамтамасыз етеді, қажет болған жағдайда көрсетілген мерзім 7 жұмыс күнге дейін ұзартылуы мүмкін.
41. "Бүркіт" БАЖ-да мәліметтері жоқ виза жарамсыз болып саналады. "Бүркіт" БАЖ істен шыққан жағдайда визалық жапсырма қолмен толтырылады және "Бүркіт" БАЖ жұмысы қалпына келгенде берілген визаның мәліметтері оған енгізіледі. Сонымен қатар, уәкілетті қызметкер фирмалық бланкте және мөрмен бекітілген жоғарғы визаның берілгені туралы жазбаша растау хатын өтінішкерге қоса береді.
42. Берілген визаларды есепке алу "Бүркіт" БАЖ-да тұрақты жүргізіледі.
ҚР СІМ, ҚР ІІМ және ҚР ҰҚК "Бүркіт" БАЖ-да ресімделген, берілген және келісілген визалар бойынша бірыңғай статистикалық деректер қалыптастырады.
43. Визаларға қол қою құқығы бар уәкілетті қызметкерлердің қол қою үлгілері ҚР СІМ-ге, ҚР ІІМ-ге, ҚР ҰҚК Шекара қызметіне үш данада жіберіледі.
4-тарау. Қазақстан Республикасы визаларының күшін жою,
қалпына келтіру, сондай-ақ олардың қолданылу
мерзімдерін ұзарту және қысқарту тәртібі
44. Визаның күшін жоюды ҚР шет елдердегі мекемелері, ҚР СІМ, ҚР ІІМ және ҰҚК Шекара қызметі осы Қағидаларда белгіленген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады. Виза "Жойылды", "Аннулировано" немесе "Cancelled" мастикалық мөртабанын қою жолымен жойылады.
Виза мынадай жағдайларда жойылады:
1) ҚР шет елдердегі мекемелерінде және ҚР СІМ-де:
егер жаңа виза беру кезінде паспортта қолданылу мерзімі аяқталмаған немесе пайдаланылмаған виза болса;
егер виза осы Қағидаларда белгіленген тәртіпті бұзушылықпен ресімделген болса;
виза беру шарттарының орындалуы немесе қолданылуы тоқтағаны анықталған болса;
егер визалық жапсырманы толтырған кезде қателіктерге жол берілген болса, паспортқа әлі жапсырылмағанда немесе оны паспортқа жапсырып қойғанда (визаның күші жойылғаннан кейін келесі бетке жаңа виза жапсырылады).
2) ҚР ІІМ-інде:
виза алушының Қазақстан Республикасына уақытша келуінің мерзімін қысқарту туралы шешім қабылданса;
виза алушыны Қазақстан Республикасынан әкімшілік жолмен шығару туралы шешім қабылданса;
егер жаңа виза беру кезінде виза алушының паспортында қолданылу мерзімі аяқталмаған немесе пайдаланылмаған виза болса;
егер виза осы Қағидаларда белгіленген тәртіпті бұзу жолымен ресімделген болса;
виза беру шарттарының орындалуы немесе қолданылуы тоқтағаны анықталған болса;
егер визалық жапсырманы толтырған кезде қателіктерге жол берілген болса, паспортқа әлі жапсырылмағанда немесе оны паспортқа жапсырып қойғанда (визаның күші жойылғаннан кейін келесі бетке жаңа виза жапсырылады).
3) ҚР ҰҚК Шекара қызметінде (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өту пунктерінде):
кіргізуден бас тарту туралы шешім қабылданса;
Қазақстан Республикасының аумағына келуге шектеу болса.
45. Виза түрлі себептермен бүлінген/күші жойылған жағдайда, 46-тармаққа сайкес, паспорттан (егер визалық жапсырма паспортқа жапсырылған болса) фотосурет пен паспорт деректері бар беттің, сондай-ақ бүлінген/күші жойылған виза бар беттің көшірмесі алынады.
Әрбір бүлінген/күші жойылған визалық жапсырма туралы осы Қағидалардың 7-қосымшасына сәйкес нысан бойынша күші жойылған/бүлінген бланктер туралы акт жасалады.
46. Визаны қалпына келтіруді ҚР шет елдердегі мекемелері, ҚР СІМ және ҚР ІІМ осы Қағидаларда белгіленген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады.
Визалар келесі жағдайларда қалпына келтіріледі:
1) визаны одан әрі пайдалану мүмкін болмайтын механикалық бүлінген жағдайда;
2) виза жоғалғанда;
3) егер жарамды визасы бар виза алушы жаңа паспорт алғанда.
ҚР шет елдердегі мекемелері, кетуге арналған санаттардағы визаларды қоспағанда, барлық санаттағы визаларды қалпына келтіреді.
ҚР СІМ мен ҚР шет елдердегі мекемелері берген визалардың барлығын ҚР СІМ қалпына келтіреді.
ҚР ІІМ "А1", "А2", "А3" және "А4" санаттарындағы визаларды қоспағанда, барлық санаттағы визаларды виза алушының уақытша тіркелген орны бойынша қалпына келтіреді. ҚР ІІМ "А5" санатындағы визаны виза алушының нақты тұрған жерінде қалпына келтіреді.
"Бүркіт" БАЖ-ды пайдалану арқылы визаның берілу негізін тексергеннен кейін және оның берілу фактісі расталғаннан кейін виза алушының немесе шақырушы тараптың қолдаухатының негізінде виза алушының бүлінген визасындағы сол санатын, мәртелігін, болу кезеңі мен оның қолданылу мерзімін көрсете отырып жаңа виза беру жолымен визаны қалпына келтіру жүзеге асырылады.
47. Визаларды ұзартуды ҚР СІМ және ҚР ІІМ жүзеге асырады.
Визалардың қолданылу мерзімдері осы Қағидалардың 48 және 49-тармақтарында көрсетілген құжаттарды және Қазақстан Республикасында болу мерзімін ұзарту қажеттілігін растайтын құжаттарды ұсыну негізінде немесе форс-мажорлық жағдайларға байланысты ұзартылады.
Визаның қолданылу мерзімін ұзарту сол санаттағы визаны беру жолымен жүргізіледі.
48. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының, дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерінің, консулдық мекемелерінің, халықаралық ұйымдардың және олардың өкілдіктерінің шақыруы бойынша ҚР аумағына келген адамдарға – аталған ұйымдардың жазбаша өтініштері негізінде - ҚР СІМ "А1", "А2" (бір мәртелі виза 90 тәулікке дейін), "А3" және "А4" (бір мәртелі виза 90 тәулікке дейін) санаттарындағы визаларды ұзартады.
"А2" мен "А4" санаттарындағы визалардан басқа визалардың қолданылуын 1 жылға дейін мерзіміге ұзарту жүзеге асырылады.
49. ҚР ІІМ мынадай санаттағы визаларды ұзартады:
1) "А5" – шақырушы тараптың қолдаухаты және инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның жазбаша растауы негізінде. Визаның қолданылуын 3 жылға дейінгі мерзімге ұзарту жүзеге асырылады;
2) "В2" – алғашқы визаны алуға шақыру ресімдеген және Қазақстан Республикасына келу мақсаты көрсетілген шақырушы тараптың қолдаухаты негізінде. Визаның қолданылуын 30 тәулікке дейін ұзарту жүзеге асырылады;
3) "В7" – бұрын шақыру ресімдеген шақырушы тараптың, сонымен қатар Қазақстан Республикасы орталық атқару органдарының қолдаухаттары негізінде. Визаның қолданылуын 90 тәулікке дейінгі мерзімге ұзарту жүзеге асырылады;
4) "В8" – Қазақстан Республикасында тұрақты тұру рұқсатын ресімдеуге арналған құжаттарды тапсырғаннан кейінгі қолдаухат негізінде. Визаның қолданылуын 30 тәулікке дейін ұзарту жүзеге асырылады;
5) "В21" – алдын ала тергеу жүргізіп жатқан органның немесе қылмыстық іс қаралып жатқан соттың жазбаша өтініші негізінде - алдын ала тергеу не сот тыңдауын аяқтауға қажетті мерзімге беріледі. Визаның қолданылуын ұзарту 180 тәуліктен аспауы тиіс;
6) "С2" – Көші-қон туралы заңында анықталған мерзімдерге шақырушы тараптың жазбаша өтініші негізінде мынадай құжаттар болған кезде:
шақырушы адамда отбасының әрбір мүшесін ұстауға кемінде айына Қазақстан Республикасының республикалық бюджет туралы заңымен белгіленген ең төменгі еңбекақы көлеміндегі ақшаның болуын растауы;
шақырушы адамда Қазақстан Республикасының аумағында әрбір отбасы мүшесіне минималды нормативтерге сай келетін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген санитарлық және өзге де нормаларға сай келетін Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үйдің (нотариатты түрде куәландырылған көшірмесі) болуы;
шақырушы адамның отбасы мүшелері үшін медициналық сақтандырудың болуы;
Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің уәкілетті мемлекеттік органдары ұсынған шақырушы адаммен отбасылық қарым-қатынастарды растайтын құжаттардың нотариатты түрде куәландырылған көшірмелері;
7) "С3" – бұрын алғашқы визаны алуға шақыру ресімдеген және, егер мұндай рұқсат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап етілетін болса, еңбек көшіп келушінің рұқсатнамасы болған кезде, шақырушы тараптың қолдаухаты негізінде. "С3" санатындағы визаның қолданылу мерзімін ұзарту рұқсаттың жарамдылық мерзіміне, бірақ 3 жылдан артық емес (Астана Халықаралық қаржы орталығының (бұдан әрі – АХҚО) қатысушыларына – 5 жылдан аспайтын мерзімге) мерзімге жүзеге асырылады;
8) "С4" – қолдаухат және заңды тұлғамен жасалған еңбек шарты негізінде – Қазақстан Республикасының резидентімен біліктілік сәйкестігі туралы анықтамада көрсетілген мамандық бойынша. Визаның қолданылу мерзімін ұзарту еңбек шартының қолданылу мерзіміне, бірақ 3 жылдан артық емес мерзімге жүзеге асырылады;
9) "С5" – Қазақстан Республикасының астанасының, республикалық маңызы бар қалаларының, облыстарының және оның аудандарының жергілікті атқарушы органдарының жазбаша өтініштері негізінде. Визаның қолданылуын ұзарту 2 жылға дейінгі мерзімге жүзеге асырылады;
10) "С7" - діни қызмет саласын жүзеге асыратын уәкілетті органдағы мекемемен келісілген Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген діни бірлестіктің жазбаша өтініші негізінде. Визаның қолданылуын ұзарту 180 тәулікке дейінгі мерзімге жүзеге асырылады;
11) "С9" - Қазақстан Республикасында тіркелген оқу орнының немесе білім саласындағы уәкілетті органның қолдаухаты негізінде. Визаның қолданылуын 1жылға дейінгі мерзімге ұзарту жүзеге асырылады;
12) "С12" - Қазақстан Республикасы азаматтарының, не болмаса Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтағы жоқ адамдардың – шетелдік пациентке тұрақты күтім қажеттілігін растайтын, Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдарында емделіп жатқан немесе жақын туыстарына тұрақты күтім қажеттілігін растайтын Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдары берген құжаттар бар болғанда қолдаухат немесе ҚР ІІМ нұқсауының негізінде. Визаның қолданылу мерзімін ұзарту емделуге қажет мерзімге, бірақ 1 жылдан артық емес мерзімге жүзеге асырылады.
50. "В2" және "С7" санаттарындағы визалардың қолданылу мерзімдері тек бір рет қана ұзартылады.
51. Визаны ұзарту туралы өтінішті бастапқы визаны алуға, "С4" және "С9" санатындағы визаны қоспағанда, шақыру ресімдеген шақырушы тарап қана бере алады.
52. Осы Қағидаларда көзделген жағдайлардан басқа визалардың қолданылу мерзімдері ұзартылмайды.
53. Визаның қолдану мерзімі осы Қағидалардың 35-тармағына сәйкес қысқартылады.
54. Көші-қон туралы заңның 48-бабымен белгіленген жағдайларда шақырушы тарапқа шақыру ресімдеуге, сонымен қатар виза алушыға виза беруден бас тартылады.
55. Паспортта келісілмеген өшірулер мен түзетулер, мөрмен басылмаған фотосуреттер және жыртылған беттер анықталған кезде мұндай құжаттардың иелеріне виза берілмейді.
56. ҚР шет елдердегі мекемелері, ҚР СІМ және ҚР ІІМ виза алушыларға бас тарту салдары мен себептерін хабарламай виза беруден бас тартады. Бас тарту себептерін "Бүркіт" БАЖ-ға енгізеді.
57. Бұрын шақырылған көшіп келушілердің ҚР заңнамасын сақтауларын қамтамасыз етпеген жеке және заңды тұлғалардың тізімі, сондай-ақ Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынған виза алушыларды ҚР ҰҚК және ҚР ІІМ "Бүркіт" БАЖ-ға енгізеді.
|
Шетелдіктер мен азаматтығы
жоқ адамдардың
Қазақстан Республикасына
келуіне шақыруларын ресімдеу,
шақыруларын келісу,
Қазақстан Республикасының
визаларын беру, күшін жою,
қалпына келтіру, сондай-ақ
олардың қолданылу мерзімдерін
ұзарту және қысқарту
Қағидаларына
1-қосымша
|
Достарыңызбен бөлісу: |