Ші бет беттен Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



бет5/12
Дата31.01.2018
өлшемі2,05 Mb.
#37263
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Жарақаттың екінші жетілуімен жазылуы. Жазылудың бұл түрі кездейсоқ, инфекция түсіп асқынған операциялық жарақаттарда және атпақару жарақаттарында байқалады. Жазылудың бұл түрінің ерекшелігі - екі кезеңділігі. Бірінші іріңдеу кезеңі немесе жарақаттың өздігінен тазару кезеңі; екінші жарақаттың түйіршікті ұлпамен толуы және эпителиймен қапталу кезеңі. Жарақат ірінді қабынуға ұшырап, жазылған соң орнында анық байқалып тұратын тыртық қалады. Жарақат екінші жетілуімен жазылғанда жазылу мерзімі ұзаққа 3 - 4 аптаға, кейде 1,5 – 2 айға тіпті одан да ұзаққа созылады.

Жарақат процессінің гидрадация кезеңіндегі клиника - морфологиялық өзгерістері. Жарақаттың екінші жетілуімен жазылуы да қан ағу тоқтаған соң басталады, бірақ клиника – морфологиялық регенерация процесстері тек бірінші кезеңнің аяғында, жарақаттың өлі ұлпалар мен микробтардан биологиялық тазаруы барысында байқалады.

Жазылу процессіде жарақаттың айналасы ісініп, қуысына ұйыған қан жиналады (гидрадация кезеңі). Ірі қара малында, қой, шошқаларда жарақат аузы қан құрамындағы фибриноген ақуызымен бекітіліп, қуысы фибринді ұлпалық қоспамен толады. Жарақатың қабырғалары жағынан іріңді - демаркарциялық қабыну дамиды, өлі еттер секвестрге айналады. Мұнда ірің көп болмайды. Жылқылар мен иттерде өліеттер лизиске ұшырап, фагоцитоз дамиды. Жарақатта ірің пайда болып, жарақаттың ауызы жақсы ашылып, қуысындағы экссудат, ірің тоқсаусыз сыртқа ағады. Жарақаттың айналасы ісініп, ауырсынады. Жергілікті өзгерістермен бірге организмде жалпы өзгерістер де байқалады: дене қызуы көтерілуі мүмкін, тамыр соғуы және тынысы жиіленеді, қан құрамында лейкоциттердің көбейгені, лейкоцит формуласында буылтақ (сегмент) ядролы лейкоциттердің солға ығыстырылғаны байқалады. Неғұрлым жарақат көлемді, өліеттер көп болса, соғұрлым ондағы процесстер ауыр өтеді, ірің көп болып организмде іріңді-резорбтикалық қызба пайда болуы мүмкін. Кесілген жарақат инфекция түсіп асқынбай, қолайлы жағдайда жазылса 3 - 4 тәуліктен бастап өліеттен тазарған жағынан түйіршіктелген (гранулды) ұлпа өсе бастайды. Жарақаттың беті осылай тазара келе, түйіршектелген ұлпамен толық қапталады. Гидрадация кезеңі осылай аяқталады.

Жаншылған, оқ тиген жарақаттарда өліеттенген белдеуінің көп болуымен байланысты түйіршіктелген ұлпамен толық қапталуы баяу жүреді. Гидратация кезеңі дегидратация кезеңіне ауысады. Дегидратация кезеңінде жарақат өліеттерден толық тазарып, беті түйіршіктелген ұлпамен толық қапталады. Айналасындағы ісінуі қайтады, ауырсыну азаяды. Дегидратация кезеңінде негізінен жарақат қуысы түйіршіктелген ұлпамен толады.

Түйіршіктелген ұлпаның өсуі. Жарақаттың қабырғаларынан түйірленіп капиллярлар, оларды қоршап дәнекер ұлпасы өсіп дамиды. Капиллярлар көп болғандықтан, жарақаттың бетін қаптаған ұлпалар біркелкі болмай түйіршектеніп тұрады, сондықтан оны түйіршектенген немесе гранулды (лат. Гранул - түйіршек) ұлпа деп атайды. Жарақаттың жазылуында осы түйіршікті ұлпаның маңызы аса зор. Ол организмді жарақаттан инфекция түсуден, улы заттардың сіңуінен қорғайды. Жарақаттағы өліетті тірі ұлпадан ажыратып, сыртқа шығарады. Жарақаттың қуысын толтырады және одан дәнекер ұлпа дамиды. Қалыпты түйіршектенген ұлпаның белгілері: беті тары дәніндей ұсақ түйіршікті болады. Басып көргенде қатты, ашық қызыл түсті, беті азғана сұрғылт түсті экссудатпен жабылып тұрады. Түйіршікті ұлпа өсіп - өніп жарақаттың қуысын толтырады, дегидратация нәтижесінде сусызданып, тығыздалып, жарақат тыртықтанып бітеді. Жарақаттың бетінің эпителиймен қапталуына себепкер болады. Бұл процесстер жарақаттың жазылуы қалыпты жүргенде кездеседі. ал жарақаттың жазылуына кедергі кездессе, әлде жаңадан пайда болып өсіп келе жатқан түйіршекті ұлпа сыртқы әсерлермен зақымдалса, төмендегідей патологаялық ұлпалар өсуі мүмкін.

Гидремиялық түйіршіктену (грануляция). Мұндай ұлпаның ірі түйіршікті, ашық қызыл түсті, жұмсақ, оңай қанталағыш келеді, кейде беті өліеттеніп, суланып тұрады. Түйіршікті ұлпаның пайда болу себептері жарақаттардағы бөгде заттар, сүйек сынықтары, жарақатқа инфекция түсу, жарақаттың терең қалталарына жиналып қалған іріңдер, уақытында алынбаған дренаж тағы сол сияқты жағдайлар.

Атониялық түйіршектену (грануляция) - түйіршіктері болмайды, түсі ақшыл-боз, беті сәл дымқылданып тұрады, кейде құрғақ болады. Мұндай түйіршіктену қанмен қамтамасыз етілуі бұзылғанда, жазылуы ұзаққа созылған жарақаттарда және ойылымдарда кездеседі.

Жарақаттың эпителимен қапталуы (эпителизациялану) процессі. Жарақаттың эпителимен қапталуы 3 -5 күндері басталады. Түйіршікті ұлпаның өсіп дамуымен бірге жарақаттың шетінен оның үстін эпителий қаптай бастайды. Ол мальпигий қабатының эпителий торшаларынан өседі. Жарақаттың 5 - 7 күндігінде эпителий жарақаттың айналасынан ағарып немесе көгілдір қызыл болып шеңберленіп байқалады. Ол көпқабатты ірі эпителий торшаларынан тұрады. Түйіршікті ұлпа жарақат қуысын толтырғанда ол да жарақат бетін толық жабады. Клиникалық ерекшелігіне қарай хирургтар жарақаттың эпителимен қапталуының ( Н.И.Краузе) екі түрін ажыратады:

1) шоғырланып тыртықтану,

2) жазықталып тыртықтану.

Шоғырланып тыртықтану терең, ауызы біршама ашық жарақаттарда кездеседі. Мұнда тыртық жарақаттың түбінен басталады. Пайда болған түйіршікті ұлпаның коллагенді және эластикалық талшықтары тартылып, жарақаттың жиектерін бір - біріне жақындатады, жарақаттың қуысын біртіндеп толтыра отырып, жарақаттың тыртықтануымен бірге эпителиймен жабылуын қамтамасыз етеді..

Жазықталып тыртықтану терісі көлемді сыдырылып пайда болған жарақаттарда кездеседі. Мұндай жарақаттардың түйіршікті ұлпамен толуы тез жүреді де, түйіршікті ұлпа тыртықталудың алдында эпителиймен толық жабылып үлгермейді. Эпителимен жабылмаған түйіршікті ұлпа жарақатты тері деңгейіне тіпті одан сәл жоғары жауып кетеді де эпителилену тоқтап қалады. Сол себепті жарақаттың бетінің бір бөлігі эпителийсіз қалып қояды да жарақаттың жазылуы ұзаққа созылады.

Жарақаттың қабыршықтанып жазылуы. Жазылудың бұл түрі кеміргіштер мен құстарда кездеседі. Басқа малдарда терінің беткейлі жарақаттарында, сызаттарда ( терінің беткі эпидермис қабатының жарақаттануы) кездеседі.

Жарақаттың бетіндегі ұйыған қан, фиброзды экссудат және өліеттер кеуіп, оның бетін қабыршықтанып жауып тұрады. Асептикалық қабыну аз, іріңді қабыну болмайды. Қабыршық жарақаттарды сыртқа механикалық әсерден және микробтардан қорғайды, оның жазылуына жағдай туғызады. Қабыршақ түсіп, жарақаттың орны тегіс болып іріңсіз, тыртықсыз жазылады.

Жарақаттың жазылуының асқынулары. Жарақаттардың қалыпты жазылуына кедергі келтіретін, жарақатты асқындаратын негізгі үш себеп бар. Олар:


  1. Жарақаттық шок.,

  2. Жарақатқа инфекция түсу.,

  3. Қан ағу, қансырау.

Жарақаттарды емдеудің негізі осыларға жол бермей организмнің жарақаттанған жерінде жүретін реакциясынын әр түрлі емдеу әдіс – тәсілдерін қолданып қалыпты ағымға түсіру болып саналады.

ЖАБЫҚ МЕХАНИКАЛЫҚ ЖАРАҚАТТАР


Жабық механикалық жарақаттар – сыртқы ортаның әртүрлі механикалық әсерлерінен тері, тері асты ұлпаларының және ішкі ағзалардың патологиялық өзгерістерге ұшырауы. Жануарларда кездесетін ұлпалар мен ағзалардың жабық механикалық жарақаттары сан алуан. Ол барлық жануарларда кездеседі. Әсіресе бір орында көп мал басы шоғырландырылып өсірілетін кешендерде мүйізді ірі қараны байламай, мүйізсіздендірмей ұстағанда, тасымалдау, бағу, азықтандыру және ветеринариялық – зоотехникалық шараларды жүргізгізу кезінде қажетті талаптарды сақтамағанда мал жиі жарақаттанады. Жабық механикалық жарақаттарда созылғыштығына байланысты теріде, кілегейлі қабықтарда көзге көрінетін ашық бүлінулер болмайды. Жабық механикалық жарақаттар ұстап бағу, тасымалдау барысында денеге өткір емес заттармен соғу - соғылу, ұру – ұрылу сияқты механикалық күштердің әсерінен болады. Жабық механикалық жарақаттардан асқынуларда пайда болады. Мысалы: іріңді - шірікті (абцесс, некроз) үрдістер, сепсис. Ал жарақаттық және жүйке стрестік шоктарға жете көңіл бөлінбей келеді. Олар тіпті жануарлардың өлім-жітіміне әкеліп соғуы мүмкін. Көптеген шаруашылықтар әлі жануарлардың жабық механикалық жарақаттарынан келетін экономикалық шығындарға көңіл бөлмей отыр. Ал алдыңғы қатарлы шаруашылықтар жануарлардың жарақаттануларының алдын алуға баса көңіл аударуда. Мысалы кейбір шаруашылықтар мүйіссіз сиыр тұқымдарын сатып алып өсіріп (Ангус) жатса, кейбіреулері бұзауларды ерте мүйізсідендіріп тастауда. Малдарды тасымалдауға тек арнайы көліктерді пайдалануда.

Жабық механикалық жарақаттардың түрлері:



  1. Соғылу.,

  2. Созылу.,

  3. Үзілу.,

  4. Шайқалу.,

  5. Басылу.,

  6. Гематома (қанды домбығу).,

  7. Лимфоэктравазат (лимфалық домбығу).

Соғылу (contusio), – соғылу, ұрылу әсерінен терінің анатомиялық бүтіндігі сақталып, оның жекелеген торшалары мен қан, лимфа тамырларының және тағы басқада оның астындағы ұлпалар мен ағзалардың механикалық зақымдалуы. Тері бүтіндігінің сақталуы оның эластикалық құрлысына байланысты. Соғылудың себебтері сан алуан. Көбіне мал бірін – бірі сүзіп, теуіп, қысып жарақаттайды. Малдарды айдау, қораға қамау, ветеринариялық - зоотехникалық шараларды жүргізу кезінде ұрып – соғудан жарақаттанады. Дұрыс жықпау, бекітпеу, көлікке тиеу – түсіруде арнайы басқаштарды қолданбау саладарынан мал жерге қатты құлап мертігеді. Мініс аттарына ертоқымды, жегін малдарға қамытты дұрыс пайдаланбаудан да соғылулар пайда болады. Соғылу кез келген дене аймағында: аяқтарда, арқада, кеуде, құрсақ қабырғаларында кездеседі. Зақымдалудың тереңдігі мен ауырлығы күштен, жылдамдықтан, механикалық фактордың бағытынан, жаншылған жердің дене аймағының аумағынан, ұлпа мен мүшенің сипаты мен қалыңдығы, құрылысы қарсы тұратын күштің функционалдық жағдайы, малдың қоңдылығына байланысты. Жұмсақ ұлпалар сүйек пен соққы алу арасында болса, құрсақ ұлпаларына салмақ түссе туындайды. Соғылу жергілікті және организмнің жалпы реакциясымен жалғасады.

Соғылу соғу – соғылу күшіне байланысты төрт дәрежеде байқалады.



Бірінші дәрежедегі соғылу - соғылудың ең жеңіл түрі. Жеңіл соққы әсерінен терінің, тері асты борпылдақ ұлпасының ұсақ қан, лимфа және жүйке тамырлары зақымданады. Ол жерге қан сіңіп, қызарып, шектеулі асептикалық қабынады, ісінеді. Соғылудың бұл түрі адамдарда оңай анықталады. Соғылған жер әуелі қызарады, ісінеді. Құйылған қан мен эксудат, ісіну бірте-бірте сіңе бастайды. Қан құйылған жер басында қызарады, 1-2 күндері көгереді, 3 күннен кейін қоңыр тартып, сарғайып 10 – 20 күнде жоғалады. Қанталаған жердің қызаруы қандағы гемоглобиннің түсіне байланысты. Ол метагемоглобинге айналғанда – көгереді. Ал гематойдинге айналғанда соған сай сарғаяды да гемосидеринге айналғанда қоңыр түске енеді. Ауыл шаруашылық малдарының терісі қалың болғандықтан ол көбіне анықталмайды. Соғылудың бұл дәрежесін малды сойып, терісін сыпырғанда анық көруге болады. Оны жыққан кездегі соғылудан болған жарақат терінің ішкі жағынан қанталап анық көрінеді.

Екінші дәрежедегі соғылу- соғу күші біршама қатты болғандықтан тері, тері асты ұлпалары, орташа қан және лимфа тамырлары жарақаттанады. Ұлпалар ыдырап, зақымдалған ошақ ісінеді (жарақаттық қабыну). Ісік ыстық, ауырушаң. Кейде малдың дене қызуы көтеріледі. Диаметрі үлкен қан, лимфо тамырлары зақымдалғанда тері астына, ұлпа арасына қан және лимфа ағып гематома, лимфоэкстравазат немесе гемолимфоэкстравозатқа айналады. Екінші дәрежедегі соғылуда көбіне көлемі кіші, аумағы шектеулі гематома мен лимфоэктравазат, ал буында гемартроз пайда болады. Мүізбен сүзу салдарынан құрсақ бұлшық еті жыртылып, шарбы, ішек тері астына шығып, «жарық» пайда болуы мүмкін.

Үшінші дәрежедегі соғылу – қатты соққыдан, соғылудан тері, тері асты ұлпалары, бұлшық еттер, сіңірлер жаншылып, ірі қан тамырлары жарақаттанады. Қан тамыры да жаншылса, томбокиназа көп түзіліп, қан тамыры тез тромбамен бекітіліп, ұлпаларға қан құйылу көп болмайды. Қан құылған жердің аймағы үлкеймейді, бірақ зақымдалған жерге қан сіңеді. Ал үлкен қан тамырлары үзіліп немесе кесіліп кеткен жағдайда пайда болған гематома мен көлемі үлкен болады. Қан ішкі қуыстарға ақса мал қансырап өлуі мүмкін. Сіңірлер мен бұлшық еттер созылады. Буындар шығып, сүйектер сынады. Үшінші дәрежедегі соғылуға тән нәрсе, тікелей соққы алған жерден алыс орналасқан ұлпалар мен ағзалар да қоса зақымдалуы мүмкін. Ішкі ағзалар (ми, бауыр, көкбауыр) шайқалады. Мүшелердің қызметі бірден бұзылады. Жарақаттанған жерге инфекция түссе абцесс, флегмона, газды гангрена дамып, организм сепсиске, улану - интоксикацияға ұшарайды.

Төртінші дәрежедегі соғылу – бұл аса қатты соққыдан болатын соғылудың ең ауыр дәрежесі. Соғылудан тері, тері асты ұлпалары, қан тамырлары, бұлшық еттері, сіңірлері жаншылады. Кейіннен жаншылған ұлпалар өліеттенеді, шіриді. Қан тамырылары жаншылғандықтан көбіне қан құйылу болмайды. Сіңірлер мен бұлшық еттер, буындар үзіліп, сүйектер майдаланып, ұматылып сынады. Соғылған жердегі аса қатты ауырсынудан жануарлар жарақаттық талмаға (шок) ұшарап өліп кетуі мүмкін.

Болжам. Бірінші, екінші дәрежелі соғылудың қауіпі жоқ, емдесе жазылады. Ал үшінші, төртінші дәрежелі соғылулар мал өміріне қауіпті, асқынулар пайда болады.

Емі. Бірінші, екінші дәрежелі соғылуда ауруға тыныштық жасап, қозғалысын шектеп, күтімін жақсарту керек. Алғашқы 24 сағатта соғылған жердегі аурушаңдықты басып, қабынуды азайту, қанды тоқтату үшін суық басып, қысып танғыш салынады. Осыдан соң ол жерге жылулық емдер жасап, қан айналысын, зат – газ алмасуын үдетіп, регенерацияға жағдай туғызу қажет. Осы мақсатта жылулық компресстер, қыздыратын майлар (камфора, Вишневскийдің бальзамды майы, бон -бинге) қолданылады. Инфекциялық асқынудың алдын алу үшін спиртелген иод ертіндісін, 5% калий перманганат ертіндісін немесе септонекс, септо - спрей, монклавит – 1 дәрілермен жарақаттанған жерді өңдейді. Үшінші, төртінші дәрежелі сағылуда гематома, лимфоэкстравазат пайда болып, ішкі ағзалар шайқалса, буын шығып, сүйек сынса, жарақатанған жерге инфекция түсіп, абцесс, флегмона, газды гангрена дамыса, организм сепсиске, улануға ұшыраса ол аурулардың арнайы хмрургиялық емдері қолданылады.

Гематома (Haematoma, қанды домбығу) – жабын ұлпалар араларына қан кетуден қан толған қуыс пайда болу. Ол екінші дәрежелі соғылудан қан тамырларыныңың бүтіндігі бұзылып, тері астына қан ағудан пайда болады. Мысалы сиырлар бірін – бірі сүзгенде мүйіз тиген қан тамырлары жарақаттанып, тері астына қан құйылады. Сол сияқты сынған сүйекпен қан тамыры жарақаттанғанда, жуан инемен қан алғанда қан тамырының қабырғасы бірнеше жерден жарақаттанып, қанды толық тоқтатпаса да ол жерде гематома пайда болады..

Гематомалар жарақаттанған қан тамырына байланысты артериалық, веналық, аралас, ал орналасуы бойынша тері астылы, фасция астылы, бұлшық ет аралық, мүше аралық, бас қаңқасының ішіне қан кету, құрсақ ішіне қан кету деп бөлінеді. Көлемі бойынша – шектелген немесе шектелмеген болады.

Клиникалық белгілері. Егер беткейлік гематома болатын болса бүлкілдеген ісінулер болады. Ол жердің терісі тығыздалып, ауырсынып, тамыр соғысы байқалады. Ісінген жер ортасында флуктуация (бүлкілдеп тұруы) болады. 3 – 4 күннен кейін ісіктің шеті тығыздалады. Ауырсыну реакциясы жоғалады.

Терең орналаласқан гематомалар жайылып, анықтау қиын болады..

Көлемі ірі, ішкі қуыстардағы гематомаларда жіті анемия, ал бас қаңқа ішінің гематомасында салдану болады. Құрсақ қуысына көп қан құйылғанда нәжістің бөлінуінің қыйындауы байқалады. Гематоманы тескенде (пункция жасағанда) одан қан шығады. Инфекция түсіп асқынғанда қанға ірің араласады.

Болжам. Егер жабық жарақаттарда артерия мен венадан аққан қан ұлпа аралығына толып, олардың арасын ыдыратып тамыр қабатының қарсы тұратын күші мен тамырдағы қан қысымы теңелгенше ол жерге қан толады. Ал содан соң қан ағу тоқтайды. Жарақаттанған қан тамырының ұштары қасында орналасқан ұлпаларға қысылып тартылады. Ол 2-3 тәулікте тромб түзуді қамтамасыз етеді. Гемотома ішінде бірте – бірте қан ұйып, дәнекер ұлпамен жабылады. Реактивті торшалық инфильтрация жүреді де капсула түзіледі. Онда кейде кальции тұздары жиналып, кейде киста ретінде болады. Егер гематома көлемі кішірек болса онда толық сорылады. Егер гематома толық сорылмай микробтар түсетін болатын онда абсцесс немесе флегмонаға айналуы мүмкін.

Беткейлік шектелген гематомалар қауіпсіз. Шектенусіз жайылған гематомалар, бас қаңқасының гематомалары қауіпті.

Емі. Көлемі кіші гематомада емдеу үрдісі 1 – 2 дәрежедегі соғылудағы сияқты. Бірінші тәулікте суық басу, қысып таңу. Ал тері астының ірі гематомасында стерильді ине арқылы қанды азайтып сору, қуысқа антибиотикті новокаин ертіндісімен жіберу, қысып таңу.

2 – ші тәуліктен кейін жылулық емдер, парафин, солюкс шамын қолданып, қыздырғыш майлар жағу.

Көлемі ірі, жайылған гематомалардың 4 – 5 тәулікте асептика және антисептика ережелерін сақтап, ортасынан кеседі де, сол жерден ұйыған қанды алады. Қуыс ішін фурацилин ертіндісімен шайады (1 : 5000), немесе септо – спрей, монклавит – 1 дәрілерінің бірімен өңдейді. Жарақатты жартылай тігуге болады. Егер инфекция түскен болса тігіс салмай ашық жарақат ретінде емдейді..

Ірі қан тамырлары жарақаттанып, қан тоқтамай гематома көлемі ұлғая берсе алдымен жарақаттанған қан тамыры анықталады. Қан кетіп тұрған тамырды тауып оған гемостатикалық пинцет салып, ұшын байлайды немесе пинцетті 24 – 48 сағатқа қалдырады. Ары қарай жасалатын емі клиникалық белгілеріне байланысты болады.

Лимфоэкстравазат (Limphoextrauasat, лимфалық домбығу) механикалық әсерлер салдарынан жарақаттанған лимфа тамырларынан ұлпа арасына аққан лифа толған қалта. Лимфоэкстравазаттар малдың жанай тиген мүйізінен, тістеуінен, тебуінен ірі лимфа тамырлары жарақаттануы салдарынан пайда болады. Сол сияқты малды терісінен тартып сүйрегенде, кең ертоқым қажағанда тері мен оның астындағы борпылдақ ұлпасы шектен тыс ажырап, қозғалып, онда орналасқан лимфа тамырларының үзілуінен лимфа жиналуынан пайда болады. Бұл жағдайда қан тамырлары да қоса зақымданса, ол жерде қан мен лимфа аралас сұйық толы қалта - гемолимфоэкстравазат пайда болады. Ол тері астында немесе ұлпалардың терең қабатында орналасуы мүмкін.

Клиникалық белгілері. Жарақаттанудан 3 4 күн өткеннен кейін денеде басқанда бүлкілдейтін, ауырмайтын ісік пайда болады. Ол жердің қызуы да қалыпты болады. Терісін анықтап қарау арқылы жүні түсіп сыдырылғын, сызылған жарақат анықталуы мүмкін. Гематомадан, абсцесстен ажырату үшін оны жіңішке инемен тесіп, ішіндегі сұйыған сорғызып алып зерттеу керек. Лимфоэкстравазатта қалта ішінен мөлдір сары түсті немесе аздаған қызғылт сары түсті лимфа анықталады.

Емі. Малға тыныштық беру керек. Қозғалыс жағдайында лимфа 5 есе жылдам әрі көп бөлінетіні белгелі. Лимфоэкстравазатқа суық және жылулық емдер қолдануға болмайды. Өйткені суықтан ұлпалардың өліеттенуі артса, жылу лифа ағысын үдетеді. Ол жерді Септо - спрей, Чеми – спрей, монклавит – 1 дәрілерінің бірімен өңдеп, қысып таңады. Асқынбаса 10 – 15 күнде жазылады. Көлемі біршама үлкен лимфоэкстравазатта мұнымен қоса оның ішіндегі сұйығын стерильді инемен сорып азайтады және оның орнына 0,5 пайызды новокайнға езілген антибиотик енгізіліп, қысып таңады. Ем күн аралатып қайталанып отырылады. Асқынбаса 18 – 22 күнде жазылады. Ал лимфоэкстравазатың көлемі аса үлкен болып, шелінен ажыраған терінің бір бөлігі созылып салбырап қалса, ткалапқа сай операция алаңын дайындап, оны оперативтік жолмен кесіп алып тастап, пайда болған ашық жарақаты емдеуге тура келеді. Лимфа ағысын тоқтату үшін алдымен жарақатты 5 пайызды иод ертіндісімен өңдеп, ары қарай күн сайын Септо - спрей, Чеми – спрей, монклавит – 1 дәрілерінің бірімен өңдеп отыру керек. Толық жазылуға бір айдан аса уақыт қажет. Егер лимфоэкстравазат мініс аттарының арқасында болса, әсіресе ашық жарақатқа айналдырып емдегенде (жауыр) оларды мінісек 1 жылдан соң пайдаланған дұрыс.

Созылу (Distorsio) – Тері мен оның астындағы ұлпалардың шектен тыс созу күші әсерінен морфологиялық бүтіндігі сақталғанмен гистологиялық бүлінулерге ұшырауы. Созылуға жиі тері, бұлшық ет, сіңір, буын ұшырайды. Бұлардың бәрі белгілі дәрежеде созылғыш. Оларға осы мүмкіндігінен жоғары созу күші әсер етсе созылады, торшалық деңгейде зақымдалып, қызметтерін толық атқара алмайды. Малды терісінен сүйреп тоғымаға түсіру кезінде терісі созылса, жығылған малды аяғынан тартып сүйрегенде буыны, буынның байлам сіңірлері созылып қалады. Тайға салмағы ауыр адам мініп шабатын болса оның қолтық асты еті, аяғының сіңірлері созылады. Бәйге кезінде шауып келе жатқан ат аяғын қия басса буындарының байлам сіңірі созылады. Буындардың шығуы олардың байлам сіңірлерінің созылуымен қоса жүреді. Сол сияқты ауыр салмақты бұқадан ұрық алғанда арнайы станокты пайдаланбаса оның аяғының сіңірлері, бел бұлшық еттері созылуы мүмкін. Созылу кезінде ұлпалардағы ұсақ қан және лимфа тамырлары үзіледі, асептикалық қабыну дамиды.

Клиникалық белгілері. Клиникасы соғылуға ұқсас. Созылған жерде асептикалық қабыну дамып, ісінеді. Аурушаң. Аяқтың буындары, сіңірлері, бұлшық еттері созылғанда мал сылтып ақсайды. Күш түсірсе алғашында ақсау басылғандай болғанмен, содан соң ол аяғын мүлде баспай, қатты ақсап қалады.

Емі. Жануарға тыныштық беріп, жұмыстан босатады. Алғашқы күні суық басу керек. Екінші күннен бастап жылулық емдер қолданылады. Ол үшін қыздыратын камфора майы, Вишневскидің бальзамды майы, Алезан гельі сияқты майлар жиі пайдаланылады. Емдік балшықтарды пайдалану жақсы нәтиже береді. Малдың аяғы жарақаттанғанда ем өлшемді мацион жасатумен қоса жасалады.

Үзілу (Ruptura) – ұлпалар мен ағзалардың шектен тыс созу күші әсерінен анатомиялық бүтіндігінің бұзылуы. Көбіне сіңірлер, буындардың байлам сіңірлері, бұлшық еттер үзіледі. Олар толық немесе жартылай үзілуі мүмкін. Себебі сан алуан. Бәйге кезінде шауып келе жатқан ат шабандоздың дұрыс басқармауынан, мысалы кілт тежеуінен немесе қатты қысауынан арты аяғының тұяғымен алдынғы аяғының тұсау буынын соғып, бақайды бүккіш сіңірді жартылай, кейде толық үзіп жібереді. Ол «аяқты шауып алу» деген атпен белгілі. Құлау, таю салдарынан малдардың буындарының шығуы олардың байлам сіңірлерінің созылуымен кейде жартылай немесе толық үзілуімен қоса жүреді. Сол сияқты ауыр салмақты бұқадан ұрық алғанда арнайы станокты пайдаланбаса оның аяғының сіңірлері, бел бұлшық еттері созылуы, үзілуі мүмкін. Бұлшық еттер, сіңірлер және басқа ұлпалар созылғанда, үзілгенде сол жердегі жүйке, қан және лимфа тамырлары да қоса жарақаттанатынын ескеру қажет.

Клиникалық белгілері. Мал кенеттен қатты ақсап, аяғын мүлде баспай немесе орнынан тұрмай қалады. Жартылай үзілу болған жерде асептикалық қабыну дамып, ісінеді. Сипағанда ауырсынады. Ал буындарды ашқыш және жапқыш сіңір мен бұлшық еттер толық үзілгенде сол буындар ашылмай немесе жабылмай қалады. Ал сіңірлер мен бұлшық еттердің орны босап қалады. Сипағанда олардың үзілген ұштары анықталады. Рентгенмен қарап, диагнозды нақтылай түседі.

Емі. Жартылай үзілген ұлпаларды емдеу созылуды емдегенмен бірдей. Тек ұзағырақ. Жануарға тыныштық беріп, жұмыстан босатады. Алғашқы күні суық басу керек. Екінші күннен бастап қыздыратын камфора майы, Вишневскидің бальзамды майы, Алезан гельі сияқты майлар жағады. Емдік балшықтарды пайдалану жақсы нәтиже береді. Малдың аяғы жарақаттанғанда ем өлшемді мацион жасатумен қоса жасалады. Ал толық үзілу кезінде негізгі ем хирургиялық тігіс салып үзілген ұлпаларды жалғау. Үзілген бұлшық еттер мен сіңірлерді тігіп емдеу ұсақ маладар мен ит – мысықтарда болмаса іері қара малдарда тиімсіз. Олар етке жіберіледі.
Шайқалу (Commotio) – қатты және тез жасалған соққыдан үлпершекті (паренхималық) ағзалардың және басқа ұлпалардың молекулалық деңгейде өзгерістерге ұшырап, қызметінің бұзылуы. Шайқалу сонымен бірге аса қатты жарылыстан болады. Ол «контузия» деген атпен белгілі. Мүндағы әсер етуші күш жоғарғы жиіліктегі дыбыс толқыны. Жиі ми шайқалады. Сонымен бірге оқ тиген жердегі жарақат айналасындағы ұлпалар да шайқалуға ұшырайтыны белгілі.

Клиникалық белгілері. Малда анықтау қиын. Клиникасы айқын емес. Көзге көрінетін патологиялық өзгерістер жоқ. Ауыр түрінде мал жарақаттық шоктан бірден өліп кетеді. Ал жеңіл түрі жасырын өтеді.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет