Бездік эпителий секреторлық немесе бездік жасушалардан-гландулоциттерден (лат.glandula-без; cytus-жасуша) тұрады.Көп жасушалы бездерде олар секреторлық бөліктерін құрайды. Бұл жасушалар секретті синтездеуге, жинақтауға және шығаруға маманданған. Гландулоциттердің жоғары метаболизмдік белсенділігін оның құрылысынан да байқауға болады. (10.22.сурет). Бездік жасушаның базальді бөлігіне жақын орналасқан ядросы-ірі және ашық (эухроматині көп, яғни генетикалық тұрғыдан белсенді), ішіндегі ядрошығы да ірі. Синтездік (рибосомдар, гр-және агр ЭПТ, Гольджи комплексі) және секреторлық (секреторлық гранулдары) аппараттары цитоплазмасында жақсы дамыған. Жасушалардың полярлығына байланысты олардың таралуы біркелкі емес. Органеллалардың жеке түрлерінің даму дәрежесі өндірілетін секреттің химиялық табиғатына (ақуыздар, көмірсулар, майлар, стероидтар, тұздар, қышқылдар) байланысты.