Ал, Арсен, ендігіде мұндағы біздерді ешкім де естімейді, сол үшін біздер сені осында әкелдік, қазір саған біздер бұндай қадамға не үшін барғанымызды айтып беремін,-ол Арсеннің бірдеңені сұрауын күткендей үндеген жоқ, анау болса, тек қана басын изеді. Сол кезде Тасауған сөзін жалғастырып: - Жаһандану дегеніміз не және әрбіріміздің өлмей тірі қалуымыз үшін соның сыбызғысының әуеніне еліктеп қалай билеу қажеттігін саған құлаққа құятын мен емес, - деді.
Сен өте зор ауқымды құшағыңа алып отырған жоқсың ба? – деп ескертті Арсен Саманчин. – Жаһандану – жалпыәлемдік үдеріс. Одан да іске тікелей кіріселік.
Мен қолымнан келгенді ғана ұға аламын. Әлемде байлардың бар екендігін, оларды олигарх деп атайтынын сен менсіз де білесің, бұл құпия емес. Олар өздерін аспаннан салбырап түскендей сезінеді. Мейлі, Құдай жарылқасын оларды, бірақ бір нәрсеге түсіне алмай, санаң сансырайды, егер де Ол бизнестің құдайына айналса, ал айналасындағы миллиондаған жандардың барлығы дерлік бір ғана адамның меншігінің ұсағына да ие болмаса, не болғаны? Қалайша бұнымен келіспексің? Қараптан – қарап қаның қайнайды.
Одан шығар жол бәсекелестікте болар, - деп жауап қақты Арсен Саманчин.
Бәсекелестік әртүрлі болады. Егер де әлдекім күштірек әрі байлығы қисапсыз болса, онда біз қолымызды қусырып отыра бермекпіз бе? Неліктен анау бізге келетін араб аңшылары біздерді қажет деп тапса, түп тамырымызбен қоса болмашы көк тиынға сатып ала алады, ал біздер болсақ, олардың алдына қар барыстарын айдап әкелгенге мәзбіз?
Сен басқа жаққа иіп барасың, Тастанбек, бәсекелестік өндірістен басталады. Бұл жерде технология да, жұмысшы күші де маңызға ие. Олар көш соңында қалып кетпес үшін даму қарқынын қамтамасыз ете ала ма...
Бірақ Тасауған оның сөзін бөлді:
Басқа жаққа иіп барасың дегеніңе жол болсын? Мен баратын жолды білемін, сен де бізбен біре боласың. Болды! Бүгінгі күннен бастап егер де өмір сүргің келсе, сен бізбен біргесің, біздер араб ханзадаларын кепілдікке аламыз деп біржолата, түбегейлі шештік. Неге қадала қалдың? Бұны оп – оңай деп ойлайсың ба? Ешқандай да емес! Олар өздерінің терісі үшін қанша керек болса, сонша төлейді, қанша қажет болса ...
Тоқта, тоқта, сенің ақыл–есің жайында ма?! Нені көлгірсітіп отырсың...
Ал сен ойлаған ба ең, тек қана өзіңді ақылдымын деп? Ақыл әртүрлі болады. Біздер бәрін ойластырдық, дәлме–дәл есептедік. Арсен, сен де құлағыңа құйып ал, қанша ғұмыр берілген болса, өмір бойы жадыңда сақта, сен бізбен бірге қаласың, өзге жол сенде ендігіде жоқ. Бізге теледидардағыдай жүргізуші боласың, біздермен кепілге алынғандар арасында дәнекерлік роль атқарасың, бүкіл іс – қимылымызды бағыттайсың.
Не, не? Жоқ, сен шынында да далбасалап кеттің. Сен не үшін өзіңнің сандырағыңды төге бермексің? Сол үшін осы жерге сүйрелеп әкелдің бе?
Мазаңды кетіре берме, бізді ешкім естімейді. Қайталап айтамын, жетекші әрі дәнекер боласың. Ал біздер өмір бойы сені мақтан ететін боламыз.
Саған дауа жоқ – ау! Сені бір шешеге жіберуге де болар еді. Сен неге қайдағы бір далбасаны маған тықпалай бересің? Ауғанстанда тілді қалай қайрауды үйренсең де, менімен ойнама. Әлі де кеш емес, үніңді өшір және де далбаса ойларыңды ұмыт. Қалайша бұндай нәрсе басыңа келген? Халықаралық айғай – шуды жасамақсыңдар ма? Біздің қалаларда бостандық пен демократияны қорғау үшін көше демонстрацияларының болып жатқаны сендерге аз болғандай ма? Сонымен бірге өзгелер туралы да ойланыңдар, сендер немене, “Мерген” фирмасын орға итеріп жіберуді қалайсыңдар ма? Көз алдарыңа елестетіп, ойға түйіп, көкейге тоқыған жөн емес пе!
Дұрыс, кемел ойлау қажет, халықаралық айғай–шуды шығармаған абзал, “Мерген” фирмасын құлатуға болмайды, әлемдік миллиардерлердің алқымына пышақ таяу әбес тірлік, ал біздерді жоқшылықта ұстап таптай беруге бола бере ме? Біздің балаларды білімсіз қара жаяу күйінде қалдыруға бола ма? Емдемеген күйде айдалада тастауға болады, ә? Мінеки, өмірде дәл осылай болып отыр: байлардың байлығы мұхитқа сыймайды, ал кедейлердің кедейшілігі мұхитқа тамшы болып та тамбайды. Ал дәстүрге келер болсақ, Арсен, сен қателесесің. Аңыздарда кепілге алынғандар үшін қалай өтемақы сұрағандары жөнінде айтылатынын, сірә, ұмытыпсың. Аттарды үйір–үйірімен, қойлар мен ешкілерді отар–отарымен айдап әкеліп, жанжалдарды шешкен, осылайша байлықты бөліскен.
Осылайша әлі де ұзақ әңгімелесуге болады, Тасауған. Күні кеше сенің ойларың маған уәжді көрінген–ді, бірақ мен сен ойластырған іске қатысушы бола алмаймын.
Арсен, қалай ойласаң да өз еркің, сен осынау әрекетіңмен мені таң қалдырмайсың. Бірақ кепілге алынғандармен алғашқы минөттерден–ақ ісің олармен болады, менің бұйрығымды жеткізесің, себебі біздің бесеуіміздің ешқайсысы да ағылшынша бір сөз білмейді. Және бұл біздің кінә емес. Біздер айнала қолымыздағы қаруларымызбен тұрамыз, қалғандарын Арсен, сен өзің атқарасың. Біздер бақытымызға орай келген аң аулауды жақсы көретіндер, араб ханзадаларын үңгірге әкеліп тығамыз, ал сен болсаң, оларға өтемақы мөлшерін жария етесің, әрбір бас үшін он миллион доллардан, яғни жалпы сомасы жиырма миллион. Біздер бесеуміз, сенімен алтау болғандықтан әрбірімізге үш миллион үш жүз мың доллардан үлес тиеді. Біздерге бұл баламыздың баласына жейін жетіп артылады. Ал сені білмедім. Мүмкін түптеп келгенде үйленерсің, сөйтіп, барлық еркектер секілді, өзіңнің қатыныңмен өмір сүрерсің, ә? Және де Құдай саған үрім – бұтақ бергей деп тілеймін.
Жетеді, болмағанды шұбыртып. Есіңді жи, Тасауған, жақсылап ойлан. Мен саған келісім беріп, сенің бұйрықтарыңды орындауға даяр болғандай сөйлейсің. Ешқашан да, қаншама ақша болса да, бұндай іске мен бармаймын. Мен террорист емеспін.
Біз де террорист емеспіз. Қашан біздің алақанымызға жиырма миллион келіп түседі, олар үшін бұл сома тиын–тебен ғана, ханзадалар бостандыққа шығады. Сен де боссың. Бірақ қайда барасың? Ол жайлы ойласамыз...
Мен қазірде-ақ боспын. Және де сенің бандаңда алтыншы болмаймын. Бітті, әңгіме тәмам. Болмашыны тілмен мыжи бермей...
Қателесесің, сен қазірде бос емессің. Осы минөттен бастап, сен бізде алтыншысың.
Егер де, мен қаламасам ше?
Егер де қаламасаң, осы жерден шықпайсың. Молаң сенің осында, аула ішінде, бұрыштың арғы бетінде, жалпы дәретхананың артқы жағында болады. Сом темір мен күректер жеткілікті. Бес минөтте көрді қазамыз. Және де бізде қарулар дап–дайын. Менің өмірімді Ауғанда бекерге құртқан жоқ және мен де өзгелердің бірқатарын сансыраттым. Тіпті, бізде дауысы тұншықтырылған пистолет те бар. Менің серіктестерімнің бәрі қарудың әр түрін, тіпті гранат ататынды да игеруге үйретілген. Ал мен болсам, жалған қарапайым болмай–ақ қояйын, бұл істе өз ісінің шеберімін. Сөзді түйіп айтқанда, осы жерге қалай келсең, солайша кете алмайсың. Біз сені жек көргендіктен емес, өзің түсінесің, басқа жол жоқ. Сен бізбен бірге қосақталып байланғансың. Біздер террористер емеспіз, біздер әлемдік капиталдан бар – жоғы өзіміздің үлесімізді аламыз, басқа ешнәрсе емес.
Жетеді, доғар, мен кетемін.
Тоқта! Мені өз кластасының қанышері етуге мәжбүрлеме.
Ия, мен де қазір осы жайлы ойланғандым. Біздер осында сабақта отырғанда, үзілістерде жарыса жүгіргенде, бірнеше жылдардан соң осындай болады деген сөз біздердің басымызға кіре алар ма еді?–деп Арсен Саманчин терезеге жақындап, терезе көзін айқара ашты.
Немене, ауа тар ма?- деп сұрады Тасауған.
Ия, ауа жетіспейді, - деп жауап қатты Арсен. Алайда ол терезе арқылы таза ауаны ішке жіберу үшін емес, бейнебір өзіне қорған болатындай қарлығаштар ішке тағы да ұшып кірсе деген үмітпен ашты. Бірақ уақыт өте берді, ал олар мұнда қайтып көрінбеді. Тағдыр, шіркін, басқа жолға бұрылып кеткен сыңайлы...
Ал Тасауған өзінің бірбеткей өжеттілігінен табан аудармастан, мәселенің төтесіне көшті, бұл оның бүркітше өткір жанарынан айқын көріне бастады:
Сен ойлама, тыңда, біздер миы жоқ ақымақтар емеспіз, сенің келіспейтініңді, бұндай іске қандай нәрсе болса да бармайтыныңды біздер білгенбіз. Өйткені, сен үшін бұл қылмыс.
Солайы солай!–деп Арсен Саманчин тарс кетті. – Осылайша ойлаудың өзі қылмыс!
Мейлі – ақ. Қалай ойласаң да өз еркің. Бірақ біздер мұны бәрібір жүзеге асырамыз. Және сен де бізбен бірге бір қатарда немесе айыпталушы ретінде қазыққа байланып жүретін боласың, өзің таңда!
Арсен Саманчин столды бір ұрды да, мектепте айтыла беретін “Басыңа дамбалыңды керіп қойса–ау, шіркін!” деген сөз аузынан шығып кете жаздағанымен, өзін-өзі ұстады.
Ал егерде мен қаламасам ше?
Столды соға берме. Сен қаншама ақылды болсаң да, бізді кері қайтара алмайсың. Тіпті, Құдайдың өзі мұнда келсе де, біздер бір адым кері шегінбейміз. Және де оны әңгімелеудің қажеті жоқ! Аспаннан түскен өзіміздің үлесімізді қараптан – қарап қолдан шығару үшін ең соңғы нақұрыс болу керек. Жиырма миллион жолда босқа жатпайды!
Жолда жатпайды. Бірақ сен, Тастанбек, жап – жақсы жігіт болған кезде атың осындай еді, қайдан алдың, бұл біздің үлесіміз деген сөзді? Ия, бұл тұп–тура тонау және бандиттік тірлік қой! Сен ескегіңді қайда есіп барасың, ойлан?
Қайда болушы еді, жиырмасыншы ғасырдың көзі ашықсымақтардың бәрі секілді сол жаққа бара жатырмыз және де сол үйірдің ішіндегі біріншісі өзің боласың. Әлемдік байлықтан әрбір адамға өз үлесі бұйыратын жаһандану әлемін бетке тұтамыз.
Сен ақылыңнан адаспа, бұл жерде жаһанданудың қажеті шамалы. Бұл басқа мәселе. Түсіндермей–ақ қояйын, қазір оның уақыты емес. Бірақ сенің “жаһандануың” мүлдем дөрекі ұғым!
Бізде өзіміздің түсінік қалыптасқан, алаң болма.
Ал сонда қалай? Көзге түскен қай банкир болса да, жағасынан алып, сілікпесін шығару қажет пе, неге сенің байпағың шұрқ тесік деп?
Ох, сені ме, ух, сені ме! Банкирлерді қанатыңның астына алғың келеді, ә?
Ия, менің қолымнан келсе, екеуіңді де бір қайыққа мінгізіп, соншама ардақ тұтқан жаһанданудың дауыл соққан толқындарына салып жіберер ем.
Ой–хой, десеңші! Ол менімен бірге бір қайыққа мінбейді. Неге десең, оның екі мың жолаушы мінетін басыбайлы пароходы бар. Байлардың өзіндік жаһандануы болады, яғни бүкіл байлықты түп тамырымен өзіне қармап алу, ал біздікі болса, сол дүниені бөлісіп, өзіміздің үлесімізді орайы келгенде жырып алу ғана. Және де тауда арабтарды басып алып, олардан өз үлесімізді сығып алу–біздің құқымыз.
Тыңда, Тастанбекауған, мен білемін, сен ақымақ емессің, бірақ сен қалайша осындайды айта аласың? Құқық? Қандай құқық? Тонауға құқыңның болуы ма? Ешнәрсе түсінбеймін.
Түсінбей–ақ қой!–деді Тасауған әлігіден бері терезеге қарап тұрған Арсен Самачиннің ту сыртына көз салып. Ал ол иығына басын бұрып:
Жетеді маған сенің түсініктемелерің. Бұдан ары естігім келмейді.
Келе ме, келмей ме, алайда тоқта және ойлан, Арсен, онсыз болмайды. Сен қазірде құрулы қақпандасың. Жалғыз сен ғана емес, біз бәріміз де қақпандамыз. Ендігіде артқа барар жол жабылған. Біздерді тонаушылар дедің бе? Есіңе түсір, біздің ата–бабалар егер де көршілер өздеріне жайылым және өзендегі ағын су үшін ақы төлемесе, өтемақы төлету мақсатында кепілге адамдарды басып алып, үйірлі жылқы, ірі қара мал табынын, қой мен ешкілер отарын иемденген. Ал ендігідегі талап ауқымы өзгеше. Бізді қалағаныңша айта бер: бандит, тонаушы, ұры деп, ал біздерге бұл, сендер, қалалықтар айтпақшы, қаперімізге де алмаймыз. Біздер бір–бірімізді сыйлауымыз яки сыйламауымыз мүмкін, көнуіміз яки көнбеуіміз мүмкін, бұл да бізді қыңқ еткізбейді. Сенен жалғыз нәрсе ғана талап етіледі, сайып келгенде, осы жерге өздерінің ақшаларын қайда тығуды білмей жүрген аңшы–миллионерлердің табаны тиген алғашқы минөттен–ақ бастап, сен менің бұйрығымсыз аяғыңды аттап та баспайсың. Ойлама, мен шеф Бектұрдың жүгіртегі болады деп. Ендігіде біздің өз аң аулау тәсіліміз бар, қалың жыныстар мен орларды желе жортып, барыстарды қару нысанасына дәлдеп айдап шығамыз, аңшы–ханзадалар мергендерше жыртқыштарды нысанаға алып дәлдеп жатқанда, олардың өздерін біздер басып аламыз, сөйтіп, үңгірге тығып, өтемақы талап етеміз. Әркім тағдырынан көреді дегендей... Есітіп тұрсың ба, Арсен? Мен бұның бәрін тектен-текке құр былшыл үшін айтып тұрған жоқпын, мәселенің мәнісін сен білсін деймін. Мұндай сәттілік түске де енбейді, бұны Құдайдың өзі жырып қалсын дейді... Түсін, көңіліңмен сезін. Және де өзіңнің аудармашылық ісіңді қонақтардың саған деген толық сеніміне ие болатындай етіп бейімдей біл. Сонда оларға көмегіңді тигізе отырып, біздерге де қызмет көрсетесің, оларды үңгірге алдаусыратып кіргізгенімізде барлық үміт тек сенде ғана болады. Есітіп тұрсың ба, Арсен, менің не дегенімді ұқтың ба?
Арсен жауап бермеді, ол басын төмен иіп, терезе алдына тұрды.
- Сен бір жайыңда қатып қалма, тыңда. Біздің бестіктің жолының оңғарылғанын айтсаңшы, өйткені, сен біздің ауылдансың. Сен бізді, біз сені түсінеміз. Және де сәттілікті қарасаңшы, бұл ханзадалардың ғажайып спутникті телефондары бар. Олар өздерінің үйлеріне қоңырау соққанда, бұл Африканың жанында дерлік, сонда біздер олардың келісім – шарттарын сен арқылы біліп, өз іс-әрекетімізді үйлестіреміз. Ал сенсіз біздер ештеңе істей алмаймыз... Жетеңе жетті ме? Неге үндемейсің, Арсен?
Менде айтар сөз жоқ, - деді ол. Және де екеуі үнсіз қалды.
Дүние орнында ма? Бұл сөзді балалық шақтан бері талай рет ауылдастарынан түрлі өмірлік жағдаяттарда естісе де, ендігіде жадында еріксіз түрде жарқ етті. Ия, сырт көзбен қарағанда дүние өз орнында, мектеп те өз жайында, бірақ ол бұл жерге ақыл сенбейтіндей жағдайда тап болды. Ия, қоршаған орта табиғи қалпында сақталып қалуы мүмкін. Бірақ ішкі әлем, адамның жан дүниесі, сонымен біргелікте, тәжірибесі арқылы көзі жеткендіктен түгелдей қирауы бек мүмкін. Және де сол себепті әлдекім: “Дүние орнында ма?” деп сан рет сауал қойып, оған жауап іздейді.
Және де осындай қауіпті жағдайда ақыл–ойға кенеттен адам таңқаларлық ойлар оралды: қазірде Мәңгілік қалыңдық қайда жүр екен, “дүние орнында екенін” ол білер ме екен? Бұл туралы Айдана Самарова біле ме, беймаза күй кешті ме? Әй қайдам, әрине, оның асығы түгел. Жақын күндер ішінде өздерінің алдында не күтіп тұрғанын сезбейтін тау мақұлықтары “дүние орнында еместігін” білер ме екен? Барыстар осынау күн сәулесі нұр шашқан сәтте бәлкім, адам аяғы баспаған өз қорықтары орындарында кезекті олжасын аңдып, омбы қарды кешіп, орманды алқап арасын кезіп жүрген болар, ал ұрғашы барыстар кіштентай ұрпақтарымен, олар да “дүние ендігіде өз орнында еместігін” еш аңғармастан, күнге бауырларын қыздырып жатқан шығар...
Олардың төбесінде жұп–жұбымен байыппен және тыныш қалыпта, артық–ауыс шаңқылдамай тау сұңқарлары ұшуда. Ту–у таудың биігінде олар неге үңіліп жүр, нені күтеді, ненің алдын болжап жүр, ә?
Нені дерің бар ма, “дүние ендігіде өз орнында еместігін”, бұрын көріп болмаған апаттың баса–көктеп келетінін, бұны адамдар әкелетінін аңғартып жүр де...
Және де бір ой оның ескі жарасының аузын ашты: мінеки, оң жақта екі қадам жерде өзінің кластасы Тастанбек – Тасауған тұр. “Дүние ендігіде өз орнында еместігіне” ол кінәлі және де сол үшін оны ең қатал түрде жек көруге болар еді, бірақ неге екені белгісіз Арсен Саманчин оның соншалықты өз ісінің дұрыстығына деген зор сеніммен, қылмысқа өзін-өзі бағыттағанына аяушылық білдірді. Оның басқа тірлікпен шұғылданғаны абзал еді, бірақ істің мән–жайына қарағанда ендігіде кеш, поезд кетіп қалыпты. Жиырма миллион доллардың сиқыры мыңдаған бақсылар тобырының әбден елірген шақта салған зікірінен әлдеқайда күшті болып шықты.
Оның ойларын тапқандай, Тасауған арадағы үнсіздікті үзді:
Тыңда, Арсен, әңгіменің түбіне жету мүмкін емес. Бірақ қаншама ойланба, сенің жағдайың пішіп, кесілген. Сен табалдырықтан аттадың, енді өзіңді сақта.
Кімнің өмір сүру яки өмір сүрмеуін неге сен шешуге тиіссің? Кім саған бұндай құқық берген?
Себебі сол, сен қазірде сондай жағдайдасың, яғни екі–ақ жол бар: не сен бізбен біргесің, сонда бәріміз өзіміздің тиесілі үлесімізді аламыз, не сен бізді сатып кетесің. Сонда мен саған ашық айтайын, саған өлім жазасы деп. Бірақ біз сенің аман қалуыңды өте қалаймыз, мәселені өзің шеш.
Не болды саған, үлес – үлес деп! Қайталап айтайын, бұл ешқандай үлес емес. Бұл тонау және қылмыс.
Болды, жетеді. Соғыста қимылдаған ғана жеңіске жетеді. Мен Ауғанда болғанмын, онда кей жәйттерге қанықтым, үйрендім. Біздің іс–қимыл жоспарын зейін қоя тыңда. Аңшы қонақтардың ұшып келуі, оларды қарсы алу және басқа да құрақтай ұшып, қонақжайлылық таныту біздің бестікке тиесілі емес. Біздер отты жағып болып, өз жөндеріне кететін тезек жағушы қызметшілер секілдіміз. Алайда біздер өзімізге өзіміз ие салт аттылармыз. Сен, Арсен, араб ханзадаларымен тәулік бойы бірге боласың. Адал ниетпен қызмет ет, біздерді ойлама, өзіміз жайлы өзгелердің төбе шашы тік тұратындай халде естеріне түсіреміз. Өйтпеске шара жоқ. Басқаша болмайды. Бірақ шабуылға белгі берілгенде, белгі беруші өзім боламын, сен бұған дайын болуға тиіссің, өйткені, біздер бәріміз де бір саптамыз. Жоғары мәртебелі қонақтар келген соң, шамалы уақыт оларды Бектұр ағаң демалдырады, ал келесі күні таудың жоғары жағы Қоламта тұрағына қоныс аударады. Жарты жолға дейін Бектұр ағайдың джипі мен басқа көліктермен бара алады. Ал одан жоғары қарай салт аттармен ғана көтерілмек. Бәрі де ойластырылған, барлығы дап–дайын, аттар ерттеледі және қашанда әзір тұрады. Арсен, сен дұрыс түсін, бұлардың барлығын жағдайды бірдей түсіну үшін саған әдейі айтудамын. Сенің аудармаңсыз біздер ешкім де емеспіз, бірақ бізсіз де іс үйлесім таппайды. Басып алу ісін қалай, қайда және қашан жүзеге асырамыз? Және де қалайша өтемақыны талап етеміз? Сен бұны білгенді қалайсың ғой? Солай ма? Неге үніңді өшіргенсің?
Білмеймін. Кейін айтамын.
Ал енді бізде ең алдымен не бар екенін саған айтайын. Ең мықты атқыш қаруы бар екендігі айдан анық. Барысқа жалаңаш қолымен ешкім де бармайды, ал таудағы қар барысы түрлі барыстар мен жолбарыстардың қай – қайсысынан болса да, аса қауіпті. Қарасаңшы, түрлі цирктерде барыстар, жолбарыстар, қасқырлар және басқа да аңдар бұйырғанда секіреді, сырнайының сазына билейді, ал үйретілген барыстар бірде–бір циркте мүлдем жоқ. Әйтсе де, өзің білесің, барыстардың терісі өте құнды, сол себепті де оның бизнесін шыр айналдырып жіберді, барша қағаздарда элиталақ “жоғары таулы” деп айға таңба басқандай жазады. Барыстардың бар болғанына рахмет! Не болды, неге үндемейсің? Мейлі, тұнжырай бер, ойлайтын шығарсың, мені көп оттайды деп. Мүмкін солай да болар. Бірақ өз ісіңді ешнәрсеге сүрінбейтіндей білген жөн. Кейде балағыңа күшік жабысқанда, онымен әуре боласың, сөйтіп, жетер жеріңе дер кезінде жете алмайсың. Саған бұл күлкілі емес шығар, бәлкім, Арсен?
Қазірше жоқ.
Ендігі сөз басып алу ісін қалай, қайда және қашан жүзеге асырған жөн, сол жайлы тоқталайын. Бұл істің бір нәзік тұсы бар, оны көкейге тұт, тауда аң аулау үшін ұзақтан өзара үн қату үшін Кувейттен бірнеше дауыс күшейткіштерді жіберіпті, өйткені, телефонмен мұнда сөйлесе алмайсың, мінеки, сондықтан жолын тауыпты: тау мен тау арасында теледидарда көрсететіндей демонстрация кезіндегі сияқты барынша дауыстай сөйлесетін боламыз. Осы дауыс күшейткіш мегафоның болады. Біздің әрбірімізде қазір бұл құрал бар, атта шауып бара жатып, дауыс күшейткішке айқайлаймыз. Аң аулау кезіндегі барлық сөздер мен бұйрықтарды сен сол сәтте–ақ ағылшынша және ағылшын тілінен аударасың. Барыстар тығыларға қуыс таба алмай қалады. Құлақтары қатты дауыстан тас керең болып меңіреуге айналады. Бірақ әңгімені не үшін айтып тұрмын, білесің бе, бәрі де саған байланысты. Басып аларда айтылатын сөз бар емес пе, қалай еді, өлтіремін, тұншықтырамын, егер де мына талаптарды үзілді–кесілді орындамасаң дейтін... – деді де Тасауған маңдайын тыржитты. Арсен Саманчин ол сөздің ультиматум деп аталатынын түсінсе де, оның аузына салғысы келмеді. Алайда мойынсұна айтты:
Ультиматум ба?
Ия, әрине, дәл өзі. Тілімнің ұшында тұрса да, есіме түсіре алмағанымды қарашы. Қазір әзілдесуге уақыт жоқ, бірақ мұнда біздің бір жас ақын былайша өлеңдеткен еді: “Менің тұлпарым Ультиматум, желе шауып келемін, қарсы алдымнан жолыққандар, етпетінен құласын” деп. Былайша түк емес, бірақ “менің тұлпарым Ультиматум” маған ұнады. Бұны сөз орайы келген соң айтуға тура келді. Мінеки, ең бастысы кепілге алынғандарды бірден нокаутқа түсіру үшін ультиматум жариялау қажет. Біздер оларды үңгірге қуып тығамыз, қарусыздандырып, шешіндіреміз, көрерміз жалаңаяқ жартаспен жүгіргендерін... Арсен, тағы да сенің түсінгеніңді қалаймын, біздер өзіміздің жиырма миллионды сытырлатып санап аламыз немесе үңгірде орналасқан жаяу әскерге қарсы минаны жарамын.
Сен сонда үңгірге минаны қойып үлгергенсің бе?! – деп Арсен Саманчин таңқалғаннан дауыстап жіберді.
Ия, мен мұндай іспен Ауғанда шұғылданғанмын. Және де бұл менің ультиматумым! Жиырма миллион құясың ба, шығасың, олай болмай ма, үңгірдегі минаны жарамын және бәрі де көкке ұшады! Сен неге тесірейе қалдың? Мен күнделікті өзің көргендей адаммын, осындай мүмкіндік біздің тауда бір-ақ рет болады, басқа еқашанда болмайды. Барыстар асудан ары қарай асады. Мейлі, іске көшелік. Бәрі де саған байланысты деуімнің себебі неде? Өйткені, дауыс күшейткіштер берілетін барлық бұйрықтар мен нұсқауларды сен ағылшын және өзіміздің, сондай–ақ, әрине, жастан бастап, қарттарға дейін білетін орыс тілінде айтатын боласың. Дұрысын айтқанда, тек екі ханзада ғана аң ауламақ, сен үнемі солармен бірге боласың, біздің аттылы бестік жан–жағын торуылдаса, өзге қызмет көрсетушілер соңында еріп жүреді. Және де сенің ағайың олжаны молынан жіберсін деп құдайдан тілеп жүреді. Мейлі ол жалбарына берсін, ал біздер Арсен, сол аралықта менің бұйрығым бойынша ханзадаларды үңгірге қуып тығамыз, қарусыздандырамыз және ең бастысы, бізге жиырма төрт сағат ішінде тұтқындарды сатып алу үшін былайша айтқанда, стол үстінде ақшалай төлем ақы нақпа – нақ жатуын мәселе ретінде төтелей қоямыз. Бір тәулік ультиматумды орындауға беріледі. Және де оның мерзімі ұзартылмайтындығын лезде атап өтеміз. Нақтылай ақша, яки нақтылай домалаған бастары. Мінеки, Арсен, сен тұнжырай бересің, бұның бәрі сенің жаныңа жат, оны түсінемін, бәлкім білгің келетін шығар, оған түсінік беремін,- деді Тасауған шынында да көп нәрсені іші сезгендей. – Бұның барлығын іс жүзінде қалайша істеуге болатынын білгің келеді ме? Онда тыңда. Олардың Таяу Шығыстағы банктеріндегі сейфтерде қысы–жазы, түні–күні нақтылай миллиардтар сақталынады. Жиырма миллиард доллар олар үшін бір рет шырт түкіргенмен бара–бар. Ақшаны өлшемі алпыс та сексен бестік төрт қорапқа бес миллионнан бес минөт ішінде сыйғызады. Әрбір қораптың салмағы жиырма кіләдан, барлығы сексен кілә болады. Қалай тасымалданбақ? Ұшақпен ұшу тоғыз сағатты құрайды. Олар өкім етсе болғаны, бәрі де тап–тұйнақтай орындалады. Таудағы үңгір ішінде бұндай ақпаратты қандай тәсілмен беруге болады? Әрине, өздері жанынан бір елі тастамайтын және қай жаққа қаласаң, тіпті ғарышқа да қоңырау шалуға болатын спутникті телефондары арқылы екендігін жақсы білесің. Қоңырауларды өзің бақылайсың, әрдайым жандарында бол, бір минөтке де кірпік қақпа. Арсен, сен үнемі үндемейсің, у–шу шығармақ түгілі адам баласы есітіп көрмеген қылмысты іске қатысқың келмейді, ә? Бірақ мен бәрін де есептедім, ойластырдым, оны өзің көргендей өз дегеніме жетемін. Қалай ойласаң, солай ойла, бірақ менің бұйрықтарымды сол күйінде бұлтартпай орындауыңа тура келеді. Сол үшін істің тәмам болуына орай тиісті үлесіңді аласың. Егер де бұл сен үшін жеккөрінішті болса, біздерге беруіңе болады, біздер бас тартпаймыз. Бұл сенің жеке ісің. Әлі де мылқау кейіптемісің? Ал діттеген ойға қол жету сенің бойыңда мүлдем шүбә болмас үшін тағы да айтайын, қонақтарды үңгірге қуып тығу мәселесі де ойластырылған. Алғашқы аймақта, Қоламта маңында олар жергілікті жерді айнала түгел шолатындай жағдайда үңгір жанындағы қойнауға орналасуы тиіс. Біздің бестік сол кезде көптен бері осы маңды торуылдап жүрген басы, құйрығы келіскен бір қар барысын жақынырақ айдап әкеле алады деп ойлаймын. Орасан зор, басы толған айдай, жібектей мамық құйрығы желке жалына дейін орағытады... Бір нәрсені күткендей жыртқыш аң бүкіл жаз бойы Үзеңгілес асуы түбінде арлы–берлі кезіп жүр. Мінеки, осы тұста Арсен, қалайсың ба, әлде қаламайсың ба, бірақ ең жауапты міндетті атқаруға тиіссің. Сен ғана араб ханзадаларына біздің ультиматумды хабарлайсың. Ал біздер үңгірді қоршап, қолдарымыздағы автоматтармен күзетеміз. Жігіттерді әзірледім, үйреттім, ал сен ханзадаларға олардың әрбірі жиырма төрт сағат ішінде он миллион өтемақы төлеу мүмкіндігіне телінгендігін және сонда ғана тірі қалатындықтарын айтасың. Содан кейін үңгірден шығып, мегафон арқылы дауысының барынша ең алдымен ағылшынша, кейін өз тілімізде араб ханзадаларының кепілдікке алынғандығын, оларға өтемақы төлеу шарты ұсынылғанын, бірақ нақты санын ашық айтпайсың және де төтенше жағдай орнағанын хабарлайсың. Ешкімге де, мейлі жергілікті, мейлі келгендері болсын, орындарынан қозғалмасын, үңгірге қарай аяқ басқысы келіп әрекеттенгендерге көзін жою үшін оқ атылады, ешкімді аяушылық болмайды. Егер де жиырма төрт сағат ішінде қойылған шарт орындалмаса...
Достарыңызбен бөлісу: |