Ақын, сопылық ілімнің негізін салушы Қожа Ахмет Иассауи еңбегінің Тәуелсіз Қазақстанда бағалануы
Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметі» – тек сопылық әдебиеттің көрнекті ескерткіші ғана емес, түркі халықтарының ежелгі рухани ескерткіштерінің бірі болып табылады. Яғни Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет» еңбегін біз Махмұд Қашғаридің «Түркі тілдерінің сөздігі», Сайф Сараидің «Түрікше Гүлстаны», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі», Ахмет Жүйнекидің «Ақиқат сыйы», Сүлеймен Бақырғанидің «Бақырған кітабы» т.б. түркі ренессансы дәуіріндегі аса танымал туындылар қатарына жатқызамыз.
Жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. “Ислам дінін тек араб тілі арқылы ғана тануға болады” деген түсінікті теріске шығарып, сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі әдеби тіл – шағатай тілінде сөйлетті. Қасиетті кітаптың арабша мағынасын толықтай түсіндіру, шариғаттың қыр-сырын, дін қағидаларын қалың қауымға өз тілдерінде тереңнен таныту мақсатында хикметтерін жергілікті халыққа жақын айшықты поэзия тілімен жазды. Қожа Ахмет Ясауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Сөйтіп, бұрыннан дидактикалық сипаты басым түркі әдебиеті насихаттық ой тұжырымдармен толыға түсті. Ол фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, шығармашылық әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды. Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы түркі-мұсылман әлеміне кеңінен танылып, Ясауише хикмет жазу дәстүрге айналды. Кіші Азияда Хаджи Бекташ Уали, Жүніс Әміре, Сүлеймен Бақырғани хикметтерінен Қожа Ахмет Ясауи сарыны байқалды. XII ғасырдан бері түркі халқының дүниетанымына елеулі ықпал еткен Қожа Ахмет Ясауи сарыны Асан Қайғыдан Абайға, сондай-ақ, күні бүгінге дейінгі қазақ ақындары шығармаларында көрініс тапқан.[4]
Орта Азиядағы аса ірі қайраткері, ислам дінінің гүлденіп, өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан Қожа Ахмет Яссауиді біз, жалпы түркі жұртының, соның ішінде қазақ халқының әдеби-мәдени өміріне бар қажыр-қайратын арнаған шығармашыл тұлға ретінде танимыз. Қожа Ахмет Яссауи – ислам дінін ұстанатын барша түркі халықтарының ортақ ұстазы, біздің халықтарымыздың материалдық құндылықтарға шексіз табынудан, пенделік пиғылдан биік тұратын асқақ рухының символы екендігі сөзсіз.
2016 жылды ЮНЕСКО бойынша «Яссауи жылы» деп жариялаған болатын. Мұның өзі Қожа Ахмет Яссауидің барша адамзаттық қазынаға қосқан үлесін ескергендік, сонымен қатар біз үшін үлкен мақтаныш. «Яссауи жылы» ауқымында еліміздің түкпір-түкпірінде Қожа Ахмет Яссауи еңбектерін насихаттап таныту тұрғысында көптеген игі істердің атқарылғаны сөзсіз және соның бірегейі – Көкшетау қаласында ұйымдастырылып отырған ғылыми конференция және Қожа Ахмет Яссауи хикметтері Көкшетау нұсқасының кітап болып жарық көруі болып отыр.
Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» еңбегі және оның мазмұн-мағынасы, түркі халықтарына соның ішінде қазақ халқына оның ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты тұстары туралы көптеген ғалымдар мен зерттеушілердің бүгінге дейін жинақталған толайым деректер базасы бар.Осы ретте, «Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет» және басқа да еңбектері қазақ даласына қашаннан бері қаншалықты деңгейде танымалдыққа ие болып келді? Күні бүгінге дейін «Диуани Хикметті» кімдер тәржімалады?» деген сұрақтар төңірегінде біраз мәліметтерге тоқталуды жөн көрдік.
Адамзат қоғамы өзінің сан мың жылдық даму кезеңдері барысында жаңа рухани биіктерді бағындырып отырды. Сонымен қатар тарихи, геосаяси, климаттық және т.б. факторларға байланысты қол жеткізген рухани биіктігінде тоқыраулар мен күйзелістердің де жиі орын алып отырғаны белгілі.
Ұлы Дала төсіндегі түркі халықтары өмірінде ҮІІІ ғасырдан бастап Ислам дініні маңызды факторға айналды. Тарихтан белгілі, 961 жылы Қарахан мемлекетінде ислам мемлекеттік дін деп жарияланғаннан бастап, бұл үрдіс тіпті қарқын алғаны белгілі. Ежелден бір құдайлықты қолай көрген тәңіршіл түркілердің ендігі өмір сүру салты исламмен тығыз байланыста болғанымен, жалпы ислам, соның ішінде Орта Азиядағы түркілік ислам ХІІ-ХІІІ ғасырларда рухани тоқырауды бастан кешірді. Бұл ислам дінінің өз ішіндегі консервативті бағыттардың күш алуы мен Ислам әлеміне Батыс пен Шығыстан қатар жасалған шапқыншылықтарына байланысты еді. Осы кезең туралы Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінде біршама айтылады.
Қожа Ахмет Яссауиді «мұндай тұлғаның бірі» деп алып отыруымыздың өзіндік мәні бар екені белгілі. Кез келген халықтың рухани-мәдени болмысын сақтауға деген құлшынысы, өзге мәдениеттің екпінді экспансиясына қарсы күресі үнемі жүріліп отыратын құбылыс десек, ХІІ ғасырда діни дәстүр ұстанымы, мемлекеттік басқаруда араб-парсылық ықпалдың тым артып кетуі түркі әлемінде осыған қарсылық тууына әкеліп соқты. Тарихи дәуір толқынының қайталанатын ескерсек, мұны Патшалық Ресей мен Кеңес Одағы тұсындағы Қазақстан мен Орта Азиядағы түркі әлемінің мәдени-рухани ахуалымен егіздей салыстыра аламыз. Сонау ұлы бабалар Махмұд Қашғари, Ахмет Жүйнеки, Қожа Ахмет Яссауи және басқа ғұламалардың аса үлкен қажыр-қайраты арқасында біртіндеп қолданыстан қалуға айналған түркі тілі мен әдебиеті, дәстүрлі діні қуаттанып, ренессанс дәуірін бастан кешіргені, сол қуатты екпіннің күні бүгінге дейін азық болып отырғаны айқын. Бұл жөнінде Қожа Ахмет Яссауи былай деп жырлайды: (Әбибулла Мұхамеджанов аудармасы):
Осы бір жолдардан біз Қожа Ахмет Яссауидің түркі тіліне деген зор махаббатын анық танимыз. Түркі тілін ұмыттырмай ұрпағына аманаттаған жеті атасына рақмет айтуы осыны меңзейді. «Парсы тілін білемін, құп көремін Түркімді!» деген жолдағы айтылар ой ХХ ғасырдағы қазақтың дана ақыны Қадыр Мырза Әлінің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» дейтін афоризмге айналып кеткен ойымен үндесіп жатыр. Ал ХХІ ғасырдағы қазақ ақыны Алмас Темірбай бұл ойды «Өз тіліңді бәрің біл, Өзге тілді құрметте!» деген уәжбен байытқан болатын.
Демек, түркі халықтарының (қазақ деп ұғуға болады) өзіндік дәстүрлі салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи өз ішінен толып жатқан тармақтарға бөлінетін сопылық ағымның түркілік дәстүрін қалыптастырды деуге болады.
«Ислам дінін тану, ұстану тек араб тілі мен дәстүрі арқылы ғана жүзеге асуы тиіс» деген ұғымға соққы беріп, түркі-шағатай тіліне, әдебиетіне, мәдениетіне жаңа тыныс берген Қожа Ахмет Яссауидің бұл өнегелі жолының көрінісін ХІХ ғасырдағы Шағабуддин Маржани, ХХ ғасырдағы Исмаил Ғаспыралылардың іс-қызметінен аңғаруға болады. Түркі халықтарының ежелден келе жатқан ауыз әдебиеті дәстүріне негіздей, шығыстық, түркілік өлең формаларының мүмкіндігін пайдалана отырып, Қожа Ахмет Яссауи негізінен трактаттар түрінде жеткізілуге бейім исламдық ұғымдар мен қағидаларды поэзия тілімен баяндау үрдісін қалыптастыруы түркі халықтарының мұсылманшылықты етене қабылдауына барынша игі әсер еткені анық.
Қазақ даласына сонау орта ғасырлардан бері мәшһүр болған «Диуани хикметтің» түпнұсқасы әлі күнге табылмағандығын ескерсек, ғасырлар жүзіндегі аталған еңбек фольклорлық туынды сипатына бойына сіңіргенін байқаймыз. Көкшетаудан табылған кітапты қарастыру барысында қолымыздағы өзге басылымдардан біршама өзгешелікте болуын біз осымен түсіндіреміз.
Жалпы алғанда «Диуани хикметтің» қазақ тіліне аудару Стамбұл, Ташкент, Қазан, Тегеран нұсқалары арқылы жүзеге асырылып отырғанын атап өткен жөн. Осылардың ішіндегі ең толығы – 149 хикметтен тұратын Қазан басылымы.
Достарыңызбен бөлісу: |