Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ШАРАЛАРЫ
Орындаған:
Ақтөбе қаласы
2023-2024 оқу жылы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің мәнін «сыбайлас жемқорлық» ұғымының мазмұнын, осы этностық әлеуметтік құбылыстың тарихи түп-тамырын түсінбейінше, ұғыну мүмкін емес.
Сыбайлас жемқорлық ұғымы қазіргі ғылыми және қоғамдық-саяси әдебиетте кеңінен қолданылады.
«Сыбайлас жемқорлық» сөзі (латын тілінен «corumper») көптеген мағынасы бар: бүлдіру, құлдырау, параға сатып алу, азғыру, тура жолдан тайдыру, притон, құбылмалылық, істі бұзу, күйреуге әкелу, бұрмалау, алдау, қорлау, ар-намысын таптау, «rumpere» көп мағыналы (бұзу, қирату, заңнан аттап өту, шартты бұзу) етістігімен қатар қолданылатын «со» қосымшасы сыбайлас жемқорлық – бұл бірнеше субъектілердің қатысуымен іс-қимыл жасау екенін көрсетеді.
Бұдан өзге, латынша «corruptio» «параға сатып алу», «іріп-шіру» дегенді білдіреді, «сыбайласу» етістігі «біреуді ақшамен немесе өзге де материалдық игіліктермен параға сатып алу» дегенді білдіреді.
Рим құқығында «corrumpire» сөзі «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, алдау, бұрмалау, параға сатып алу», сондай-ақ «құлдырау, бұзылғандық, нашар жағдай, (пікір немесе көзқарастың) құбылмалылығы» деген мағынаны білдіреді[1].
Сыбайлас жемқорлық ұғымының жалпыға танымал тұжырымдарымен қатар, латын термині «corruptio» екі түбірлі сөзден «cor» (жүрек, жан, рух, ақыл-ес) және «ruptum» (бүлдіру, бұзу) шығады деген пікір бар. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың мәні лауазымды тұлғаны параға сатып алуда немесе оларды байытуда емес, ал әлеуметтік жүйені, оның ішінде мемлекеттік билік жүйесінің бірлігін бұзуда (ыдырату, іріп-шіру), мемлекеттің, азаматтардың заңды мүдделерін қоғамдағы өзінің жағдайын жеке мақсатына пайдакүнемдік арқылы сатып кетуде.
Ежелгі дереккөздерді талдау сыбайлас жемқорлық мемлекеттік аппараттың туындауымен қатар пайда болған және әртүрлі тарихи даму кезеңінде барлық елдерге сол немесе өзге дәрежеде тән болды.
Сыбайлас жемқорлықтың пайда болуы алғашқы деректерінің бірі – Ежелгі Вавилон мұрағаттары (біздің эрамызға дейінгі XXIV екінші жартысы), кейіннен вавилон патшасы Хаммурапидің атақты заңдары (біздің эрамызға дейінгі XIX ғасыр).
Ежелгі құқық көздерінде сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттер жасағаны үшін нақты жазалануы тиіс екені көрсетіледі: «§ 5. Егер судья істі талқылап, шешім шығарып, мөрі бар құжатты дайындаса, сосын өз шешімін өзгертсе, онда бұл судьяны шешімін өзгерткенін әшкерелеген жөн және осы істегі талап сомасын жиырма есе етіп төлеуі тиіс, одан бөлек жиналыста оны судьялар орынтағынан қуылуы тиіс және ол орнына қайтып келіп, сотта судьялармен бірлесіп отырмауы тиіс. § 6. Егер адам құдайдың затын ұрлап алса, ол адам өлтірілуі керек, сонымен қатар оның қолынан ұрланған затты қабылдаған адам да өлтірілуі тиіс» [2].
Ежелгі Үндістанда біздің эрамызға дейінгі ІІ ғасыр мен біздің эрамыздағы ІІ ғасыр арасында брахман мектептерінің бірі құрастырған Ману Заңдары ежелгі үнді құқығының ескерткішін, брахманизмнің діни және этикалық догматтарына сәйкес үндістердің жеке және қоғамдық өміріндегі мінез-құлқын реттейтін нұсқаулар мен ережелердің жинағы білдіреді, сонымен қатар мемлекетті басқару және сот өндірісі бойынша өсиеттерді қамтиды.
Заңдар судья шенеуніктерін «сот өндірісінің қағидаларын басшылыққа алуға» шақырды және «әділетсіз шешім шығарып, аспанға қол жеткізуді білдіретін мәңгілік рахаттан айырылуға болатынын» есте сақтауды ескертеді [2].
Сыбайлас жемқорлық туралы кең ауқымды мәліметтер антик дәуірінің мұрасында кездеседі. Ежелгі грек ойшылдары Платон мен Аристотель өз жұмыстарында бірнеше рет билікті асыра пайдалану мен парақорлық- тың қоғамның экономикалық, саяси және рухани өміріне күйретуші және бұзушы ықпалы туралы ескерткен, пайдакүнемдік – мемлекеттік басқаруда жол берілмейтін, сыбайлас жемқорлықтың себептері деп атаған.
Аристотель «Саясат» деген еңбегінде сыбайлас жемқорлықты мемлекетті күйретуге әкелмесе де, азғындауына әкелетін маңызды фактор деп атап көрсеткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті Аристотель мемлекеттік тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізі деп санаған: «Кез келген мемлекеттік құрылыста ең бастысы – бұл заңдар және қалған тәртіп арқылы істі лауазымды адамның пайда таба алмайтындай етіп құру керек» [3].
Кейіннен Гегель былай деп атап көрсетті: «Афинада әрбір азаматтың қандай қаражатқа өмір сүретіні жөнінде есеп беруге міндеттейтін заң болған, ал қазіргі кезде бұнда ешкімнің шаруасы болмауы тиіс дейді» [4]. Рим құқығында «сыбайлас жемқорлық» заң нысанын иеленді.
Бұған мысал ретінде рим құқығының жиынтығын – XII кестелер Заңын (біздің эрамызға дейінгі V ғасыр, латынша leges duodecim tabularum) келтіреміз, онда «corrumpere» термині соттағы жауап беруді ақшаға алмастыру немесе судьяны параға сатып алу деген мағынада пайдаланылады: «Сот ісін жүргізу кезінде (істі талқылау үшін) тағайындал- ған және осы іс бойынша ақша сомасын алған деп айыпталған судья немесе делдалды өлім жазасына кесетін заң қаулысын қатал деп есептейсің бе?» [2]. Орта ғасыр кезеңінде «сыбайлас жемқорлық» ұғымы шіркеулік, канондық мәнді иеленіп, «азғыру», «шайтанның азғыруы» және «күнә» ретінде теологиялық бағытта болды. Латын сөзі «corruptibilitas» адамның баянсыздығын, бұзылуға бейімделуін білдіреді. Католицизм дін оқуындағы сыбайлас жемқорлық күнәһарлықтың көрінісіне айналды. Италия ойшылы мен саясаткері Н. Макиавелли (1469-1527 жж.) еңбектерінде сыбайлас жемқорлықты пайымдауға маңызды серпін берілген. Өзінің «Билеуші» атты еңбегінде (1513 ж.) ол сыбайлас жемқорлықты «жария мүмкіндіктерді жеке басының мүддесіне қарай пайдалану» ретінде анықтады, сыбайлас жемқорлықты алдын ала қиын анықталатын, бірақ жеңіл емделетін, ал ол асқынып кеткенде, анықталуы оңай, бірақ емделуі қиын аурумен салыстырған [5].
Ағылшын мемлекеттік қайраткері және философы Т. Гоббс (1588 1679 жж.)«Левиафан» атты еңбегінде (1651 ж.) былай деп жазады: «Өз байлығына былыққан адамдар қылмыстарды батыл жасай береді, себебі олар мемлекеттік әділетпен сыбайласу арқылы жазадан қашып құтыламын немесе ақшаға не басқа да сыйақы түрімен кешірім аламын деп үміттенеді». Гоббс бойынша сыбайлас жемқорлық «барлық уақытта да және кез келген қызықтырып азғындау кезінде барлық заңдарға деген жек көрушілік туындайтын тамыр» [6]. XVII ғасырдың ортасында жасалған осы тұжырым ХХІ ғасырда да өзекті болмақ.
Неміс философы М. Вебер (1864-1920 жж.) сыбайлас жемқорлық туралы ұғымның дамуына өз үлесін қосты. «Саясат міндет және кәсіп ретінде» (1919 ж.) еңбегінде ғалым саясаттан өзінің кәсібін және міндетін жасаудың екі тәсілін бөліп көрсетті: «не саясат «үшін» өмір сүру, не саясат «есебінен» өмір сүру... Саясат «есебінен» кәсіп ретінде оны тұрақты табыс көзіне айналдыру тырысатындар, ал саясат «үшін» өзге мақсатты көздейтіндер өмір сүреді» [7]. Вебер парақорлық пен сыбайлас жемқорлық орта ғасыр қоғамына тән әкімшілік аппараттың ажырамас қасиеті деп санады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы алғашқы ескертулерді тарихшылар біздің эрамызға дейінгі XXIV ғасырға – шенеуніктердің тарапынан асыра сілтеушіліктің жолын кесу мен сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттер үшін жауапкершілік белгілейтін мемлекеттік аппарат реформасын ұйымдастырған шумер билеушісі Урукагиннің уақытына жатқызылады.
Осылайша, шамамен төрт мыңжылдық бұрын Ежелгі Вавилонда парақорлық үшін жауапкершіліктің болғанын Хаммурапи патшаның заңдары, сондай-ақ египет фараондарының заңдары көрсетеді. Сыбайлас жемқорлық Рим империясы тұсында да нақты айқындалған, ол XII кесте Заңдарында көрініс тапты. Рим империясының құлдырау себептерінің бірі – сыбайлас жемқорлық болған. Сол кезеңде мемлекеттік орындарда, мемлекеттік лауазымдарға тағайындау кезінде парақорлық жайлаған. [8].
Мемлекеттік басқару өнері бойынша ежелгі үнді «Артхашастра» трактатында (біздің эрамызға дейінгі IV ғасыр) патша алдында тұрған маңызды міндет қазынаны тонауға қарсы күрес болып табылады деп атап көрсетілген. Трактатта қазынаны тонаудың 40 тәсілі санап көрсетілген және айлакер шенеуніктердің айласынан гөрі аспандағы ұшатын құстың жолын болжау оңай, ал бұл қазіргі заман үшін де. Қазынаны тонауға қарсы күрестің негізгі құралы – аңду болды [2].
Сыбайлас жемқорлық туралы шығыс өркениетінде де айтылған. әль-Фараби шенеуніктер өз лауазымдарына қабілеттеріне қарай орналасуы қажет деп санаған.
ХІІ ғасырдағы Қытайдың саяси қайраткері Ванг Анши сыбайлас жемқорлықтың негізгі себептерінің бірі ретінде нашар заңнама мен нашар шенеуніктер деп көрсеткен [9].
Қазіргі әлемде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі жұмыс үздіксіз жүргізілуде және үнемі жетілдірілуде. Әлемде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тетіктерінің барлық елдер үшін оңтайлы бірегей жиынтығы жоқ. Әрбір ел қабылдайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі әдістер жиынтығының ерекшелігі бірегей және тек саяси және экономикалық тұрақтылыққа ғана емес, сондай-ақ әдет-ғұрып пен дәстүрге, діни ерекшеліктер мен құқықтық мәдениет деңгейіне, сондай-ақ алып отырған аумақтың ауданына, тығыздығына, халық санына да байланысты.
Экономиканы жаңғырту және ауқымды әлеуметтік өзгерістер жағдайында Қазақстанда мемлекеттің қазіргі заманғы әлеуметтік-экономикалық саясатымен тығыз байланыстырылған тұтастай сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияға қажеттілік барынша айқын болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мыналардың негізінде жүзеге асырылады:
баршаның заң мен сот алдындағы теңдігі;
мемлекеттік органдардың қызметін нақты құқықтық регламенттеуді, мұндай қызметтің заңдылығы мен жариялылығын, оған мемлекеттік және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету;
жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық, ұйымдастыру-басқару жүйелерін қорғаудың басымдығы;
жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың зиянды салдарларын жою және олардың алдын алу;
сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы күреске жәрдем көрсететін азаматтардың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды көтермелеу;
мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың және оларға теңестірілген адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін мемлекеттің қорғауы, аталған адамдар мен олардың отбасыларына лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ететін жалақы (ақшалай қамтылым) мен жеңілдіктер белгілеу жолымен қамтамасыз етеді;
осындай қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуге, сондай-ақ оған бақылау мен қадағалауға өкілеттіктер беруге жол бермеу.
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік құбылыс ретінде қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтің барлық салаларында өмір сүруін жалғастыруда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған. Бұл мемлекеттік кіріс органдары үшін де басымдық болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік кірістер органдарының имиджіне неғұрлым теріс әсер етеді, салық төлеушілердің сеніміне нұқсан келтіреді, мемлекеттің нарықтық экономикасының дамуына қауіп төндіреді, экономикалық және ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіреді.
Бүгінгі таңда мемлекеттік кіріс органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі және кешенді сипатқа ие болды. Мемлекеттік кірістер органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты жоспарлы жұмыс жүргізіледі.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдары "сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуде. Осы Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қатерлерден тиісінше қамтамасыз етуді көздейді.
Қорытындылай келе, егер қоғамның өзі, әрбір азамат сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға батылдық танытпаса, ал мемлекеттік басқару құзыретті және тиімді болмаса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес нәтижелі болмайтынын атап өткім келеді. Десе де осы орайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралары мемлекет тарапынан орындалып жатқанын еске салғым келеді.
Мемлекет басшысының сот жүйесіндегі құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүйелі шараларды қабылдау, сот төрелігін жүзеге асыру процесіне араласуға жол бермеу жөнінде Судьялардың VI, VII съездерінде берген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде 2015 – 2017 жылдардағы кезеңде бірқатар шаралар қабылданды. Атап айтқанда, судьялар үшін сенім телефоны енгізілді[10].
Сенім телефоны судьялардың 2016 жылы қабылданған Судьялардың судья әдебі кодексін бұзу фактілері туралы, судьялардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы, үшінші тұлғалардың сот төрелігін жүзеге асыру процесіне араласу фактілері туралы телефон қоңыраулары арқылы түскен өтініштерін жедел қабылдауға арналған.
Облыстық және оған теңестірілген соттарда судья әдебі жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді, олардың мақсаты судьялардың судья қоғамдастығының әдеп нормаларын сақтауын, оның ішінде процестен тыс байланыстарға жол бермеуді бақылау болып табылады. Комиссияларға жұртшылықтың заң бұзушылықтар туралы өтініштеріне дер кезінде ден қойып отыру міндеті жүктелді. Барлық судьялардың Судья әдебі кодексінде көзделген моральдық-әдеп нормалары мен жұмыстағы және тұрмыстағы мінез-құлық қағидаларын сақтауы да комиссия қызметінің нысанасы болып табылады.
Республика судьяларының Судья әдебінің кодексін сақтауы бойынша әдістемелік және ұйымдық басшылықты Сот жюриі жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының өкімімен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінде Ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімі (бұдан әрі - ІҚжССЖААБ) құрылды. Сыбайлас жемқорлық көріністерінің профилактикасы, судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлеріне қатысты ықтимал арандатушылық әрекеттердің алдын алу, атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы үзілді-кесілді ымырасыздық ахуалды қалыптастыру жолымен имиджді арттыру ІҚжССЖААБ қызметінің негізгі бағыттары болып табылады. ІҚжССЖААБ функциясы бойынша сот жүйесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасының орындалуын, сондай-ақ соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша қызметті үйлестіруді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзге мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. ІҚжССЖААБ әзірлеген сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу тактикасы мен стратегиясы қазірдің өзінде іс жүзінде нәтижесін беріп отыр – соңғы жылдарда сот жүйесі қызметкерлері жасаған құқық бұзушылықтардың төмендеуі байқалуда[10].
Жоспарды іске асыру бүкіл судьялар корпусы мен сот жүйесі қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ісіндегі белсенді ұстанымына байланысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл жасау сот жүйесінің табысты әрі нәтижелі жұмысының, сондай-ақ халықтың сотқа деген сенімінің артуының кепілі болып табылады. Осы ретте сот жүйесі қызметкерінің ашықтығы, жұртшылықтың олардың қызметіне қол жеткізуі, соттардың қызметінің анықтығы, сондай-ақ кез келген деңгейде сыбайлас жемқорлық көріністеріне үзілді-кесілді ымырасыз болу сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ісіндегі ең әсерлі шара болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |