Әдеби сын жазушылар шығарманы талдап, оған эстетикалық баға береді. Әдеби туындының идеялық-көркемдік мәнін, әдебиеттегі алар орнын айқындап, пайымдаулар жасайды, түйінді пікірлер айтады. Әдеби сынның сыни мақала, сын пікір, шолу мақала, эссе, әдеби портрет секілді жанрлық түрлері бар. «”Қазақ әдебиеті” пәнінен жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасында «оқырманның рухани дүниесіне шығарма әсерін талдай отырып, сыни хабарлама жазу», «шығармада көтерілген мәселенің әлеуметтік рөлі туралы сыни хабарлама жасау», «әдеби шығарманың эстетикалық құндылығы туралы шағын сыни шолу жазу», «шығарма бойынша жазылған әдеби сын-пікірлерге сүйене отырып, өзіндік сыни пікір жазу», «әдеби шығарманы қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті үлгілерімен салыстыра талдап, шағын сын мақала жазу» оқу мақсаттары қамтылған. Жазба жұмыстарын жазуда оқушыларға оның құрылымын, үлгісін ұсынған жөн. Төменде сыни мақаланы жазу қадамдары ұсынылған.
Сыни мақала – әдеби сынның негізгі жанрларының бірі. Сыни мақалада көркем шығарманың тақырыбына, идеялық мазмұнына, тілі мен стиліне талдау жасалып, баға беріледі.
Сыни мақала көркем бейнеленген əлеуметтік, адамгершілік, эстетикалық проблемаларды, шығарманың идеялық-көркемдік жағын қарастырады. Сыни мақалада көтеріліп отырған мəселеге қатысты дəлел, бір немесе бірнеше кітаптан дәйектер келтірілуі тиіс.
Сыни мақалада қарастырылатын аспектілер:
өз көзқарасын қалай дәлелдейді, қандай қорытынды жасайды?
шығарма авторының бұл тақырыптағы көзқарасы қандай?
шығармадан дәлел ретінде мысалдар келтіру.
Сыни мақала жазуға дайындық келесі қадамдарды қамтиды:
1-қадам. Қажетті ақпараттарды іріктеу. Шығарманы мұқият оқып, маңызды деген үзінділерді белгілеу, іріктеп алу. Өзекті, маңызды, пайдалы деген, тіпті келіспейтін көзқарастар мен мәліметтерді жинақтау.
Тезисті анықтау. Автордың тұжырымдары мен пайымдауларын анықтау. Автор нені дәлелдегісі келеді, нені жоққа шығарғысы келеді? Шығармадағы басты тақырыпты көрсету.
Автор идеясын анықтау. Басты тақырыпты ашатын сөйлемдер мен дәлелдерді жинақтау арқылы автор идеясын анықтауға болады. Тезисті қолдайтын көріністер мен образдарды табу.
Қорытындылау. Жинақталған мәліметтер негізінде бір абзац көлемінде өз сөзімен қорытынды шығару. Автор ұсынған басты аргументті қамти отырып, идеяны қорытындылау.
2-қадам. Мәтінді талдау Шығарманың оқырманға әсері. Шығарма қалай әсер етті? Ерекше әсер еткен тұстары қандай? Неліктен? Не сезіңдің? Қандай ой келді? Автор осы шығарма арқылы не айтқысы келеді? Шығарма оқырманды неге тәрбиелейді? Бұл шығарма қандай фильмді, туындыны еске түсіреді?
Автор үні. Автордың өмір сүрген кезеңі, ортасы, әлеуметтік жағдайы шығармада қалай көрінеді?
Автордың сөз қолданысы. Қандай символдар, көркемдегіш құралдар көрініс табады?
Автордың ұстанымы. Автор өз ұстанымын негіздеу үшін қандай дәлел келтіреді?
3-қадам. Құрылымын сақтап, сыни мақала жазу Сөз басы
Шығарма авторы, шығарма атауы, шыққан жылы, т.б. ақпараттарды қамтитын, талданатын шығарма туралы қысқаша ақпарат беру.
Шығарма тезисін 1-2 сөйлеммен сипаттау.
Автор ұсынған аргументтерді сипаттап болған соң, өз тұжырымын жасау. Шығарманың маңыздылығы неде? Неліктен құнды?
Негізгі сөз
Шығарманың мазмұнына қысқаша сипаттама беру.
Қоғамдық мәселені талқылау (құрылым, стиль, көзделген аудиториясы, автор көзқарасы).
Шығармадан дәлел келтіру. Автор ұстанымын, өз ұстанымын дәлелдеу, т.б. үзінділерді қолдану.
Сөз соңы
Автор көздеген мақсатына жетті ме? Шығармадан қандай ой түюге болады? Қандай қорытынды шығаруға болады?