Жамбас белдеуі Жамбас сүйегі os coxae, жалпақ, жұп сүйек. 14-16 жасқа дейін үш дара сүйектен тұрады: мықын, шонданай (отырықшы) және қасаға (шат). Олар бір бірімен шеміршектер арқылы ұршық ойығының маңында қосылады. Ересек жаста бұл үш сүйек қосылып кетіп, біртұтас жамбас сүйегінің түзеді.
Мықын сүйегі os ilii, ең үлкен бөлімі, жамбас сүйегінің жоғарғы артқы бөлімдерін алады. Ол екі бөлімнен тұрады: ұршық ойығын түзуге қатысатын денесінен және үлкен бөлімі қанатынан тұрады. Қанаты жалпақ және жоғары вертикалды бағытталған. Оның жоғары жиегі иіліп келіп мықын қырын түзеді. Мықын қанатының ішкі беті мықын шұңқырын түзеді, ал сыртқы жағы жамбас бетін түзеді. Мықын қанатының ішкі бетінде сегізкөзбен қосылатын құлақ тәрізді буынды беті болады.
Шонданай сүйегі os ischii, жамбас сүйегінің төменгі артқы бөлімдерін алады. Ол ұршық ойығын шектейтін денесінен және тармағынан тұрады. Шонданайдың төменгі жағы қалыңдап төмпекті түзеді. Оның тармағы алдыңғы жақта қасаға сүйегінің тармағымен қосылады да жапқыш тесікті шектейді.
Қасаға сүйегі os pubis жамбас сүйегінің алдыңғы бөлімін алады, денесі мен екі тармағынан тұрады. Тармақтарының қосылған жерінде симфизді беті болады.
Ұршық ойығы acetabulum жамбас сүйегінің сыртқы бетінде орналасады, ол үш жамбас сүйектерінің қосылуынан түзіледі. Оның буынды беті жарты ай тәрізді.