«ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖАЗЫЛЫМ ДАҒДЫСЫН ЖЕТІЛДІРУГЕ КӨРКЕМДЕГІШ ТӘСІЛДЕР ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?»
СМАГУЛОВА РАЯ АБЖАНОВНА Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебі
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
Аңдатпа Бұл мақалада қазақ тілі мен әдебиеті пәнін жаңаша оқытудың әдіс-тәсілдері мен оны іс-әрекетте зерттеудің нәтижелері туралы баяндалған. Ұстаз өзінің оқушыларға көркемдегіш тәсілдерді қалай меңгертуге болатын жеке іс-тәжірибесі мен содан түйген ой-пікірін ортаға салған. Мұғалім іс-әрекетті зерттеу жұмысы арқылы оқушыны жан-жақты біліммен қамтамасыз етуге болатынын дәлелдеуге тырысқан.
«Бар ізгілік тек білімнен алынар, білімменен аспанға жол салынар», - деп Жүсіп Баласағұн жырлағандай, мемлекетті қалыптастырудың басты шарты – білім. Білімнің жүрегі – мектеп, мектептің жүрегі – мұғалім, ал мұғалімнің жүрегі – оқушы екенін әрдайым есте сақтауымыз керек.
Сондықтан оқу мен оқыту барысындағы мұғалімнің басты мақсаты – баланы білімге қызықтыратын, оған қабілетін арттыратын жағдай туғызу, оқу үдерісін жаңаша ұйымдастыру, оқушылардың оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу процесінде бірлесе әрекет ету. Мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуының, өздерінің мүмкіндіктерін, тәжірибесін үздіксіз жетілдіруінің тиімді жолы – іс-әрекеттегі зерттеуді жүзеге асыру. Іс-әрекеттегі зерттеу – мұғалім мен оқушының арасын тығыз байланыстыратын үлкен көпір, оқушының өз бетінше жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін әдіс, оқыту мен оқуды үздіксіз жақсарту мақсатында іс-әрекетті орындау үдерісі Оқушылардың дұрыс та еркін, анық та әдеби көркем тілде сөйлеуін қалыптастыруда қазақ тілі мен әдебиеті пәнін терең оқытудың пайдасы ұшан-теңіз. Ол үшін оқушыларға оқыған шығармаларындағы айшықты да әдемі тіл оралымдарының мағынасын жетік меңгерту керек.
Қазақ тілі пәні екінші тіл ретінде оқытылатын сыныптарда оқушыларға көркемдегіш тәсілдерді меңгерту, кез келген мәтіннен оларды табуға үйрету – мұғалімнің үлкен шеберлігі. Көркемдегіш тәсілдер әрбір сауатты адамның өз ойы мен сана-сезімін басқа жанға білдіруде өте қажет болып табылады. Сондықтан, алдымен, оқушыларыма күнделікті өмірде жиі қолданылатын теңеу, эпитет, метафора, тұрақты тіркес сияқты тәсілдердің мағынасы мен жасалу жолдары жайлы терең мағлұмат беруді ұйғардым. Осыған орай кәсіби даму мақсатымды да оқушылардың мәтіндердегі көркемдегіш тәсілдерді меңгерту арқылы жазылым дағдысын жетілдіруді іс-әрекет арқылы зерттеуге бағыттадым. Соның нәтижесін байқау үшін биылғы оқу жылында мен Қазақ тілі пәні екінші тіл ретінде оқытылатын 7Ғ, 10Ғ сыныптарында іс-әрекетті зерттеу барысында оқушыларға көркемдегіш тәсілдердің ішінен теңеу, эпитет, метафора, тұрақты тіркестерді ғана игертуді басты мақсат етіп қойдым. Әр сабақта жазылым, оқылым дағдысын қалыптастыру жұмыстарын орындауда мәтіндерден көркемдегіш тәсілдерді таптыру тапсырмаларын енгізуден бастадым. Тақырыпқа сай мәтіндерден мысалдар келтіре отырып, осы көркемдегіш тәсіл түрлерінің бір-бірінен айырмашылықтарын анықтауға күш салдық.
Енді осы тәсілдерді игерту іс-әрекетін зерттеуді неден бастағаныма қысқаша тоқталып өтейін. Алдымен көркемдегіш тәсілдің оңай түрінен бастап, кейін бірте-бірте қиын түріне қарай өту керек деп шештім.
1.Теңеу – заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейтін көркемдегіш тәсіл. Оның «-дай, -дей» жұрнақтары арқылы және «секілді, сияқты» деген шылаулармен, «ұқсап, құсап» деген сөздермен тіркесу арқылы жасалатынын тез түсініп, жасалу жолдарын бірден игеріп кетті. Мысалы, Ы.Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесінен «уыстай», «тiрiлей», «айнадай»; Б. Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион» хикаятынан «болаттай», «қызыл түлкідей» сияқты теңеулерді оңай тауып отырды. Ал 10Ғ сынып оқушылары Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романынан үзінді оқыған кезде Ақбілектің өгей шешесі Өріктің тұлғасы мен мінезін сипаттауда «ерні қаймыжықтай, қабағы қайрақтай» деген теңеулерді ұтымды қолданғанын айқындап берді. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам...» деген эссе жазу барысында қазақ қызының бейнесін сипаттауда теңеулерді әдемі қолданған.