ҚАЗАҚСТАН РЕСРУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Филология және әлем тілдері факультеті
СӨЖ
Пән: Әдебиет теориясы
Тақырыбы:Постмодернизм және А. Алтай, Т. Әсемқұлов, Д.Амантай, Р.Мұқанова, А.Кемелбаева т.б. шығармашылығы жаңашыл үрдістер туралы конспект жазу
Орындаған:Құрман Дидар
Тексерген: Абдикулова Раушан Мамиевна
2020 жыл
Модернизмнен кейін келген немесе модернизмнің орынын алмастырған бүгінгі таңда өнер мен мəдениетте, философияда, əдебиетте жəне тағы басқа ғылым салаларында ең көп талқыланатын өзекті мəселе — постмодернизм құбылысы болып табылады. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында батыс елдерінде белең алған бұл ағым кешегі кеңестік, бүгінгі ТМД елдерінде тоқсаныншы жылдары сөз бола бастады. Дүниежүзілік əдебиеттен сырт тұра алмайтынымызды ескерсек, постмодернистік құбылыстардың да ұлттық прозамызға өзіндік əсер етіп жатқаны белгілі. Дүниежүзілік əдеби-мəдени үдерістегі модернизмді постмодернизммен ұштастыра қарастыру қазақ əдебиеттану ғылымында да көрініс берді. Бақытжан Майтановтың «Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік жəне постмодернистік ағымдар», «Қазіргі қазақ поэзиясы жəне постмодернизм», А.Ісімақованың «Бүгінгі постмодернизм», «Бүгінгі дүниежүзілік əдебиеттану ғылымының мəселелері», Ж.Жарылғаповтың «Постмодернизм қандай құбылыс», Г.Елеукенованың «К вопросу о постмодернизме в казахской литературе 1950–1980-х годов ХХ века», Ə.Қодардың «Постмодернизм жөнінде бірер сөз», Ж.Шəкеннің «Жаңашыл жастарға жаңа ағым жайында айтар сөз», С.Қасымның «Қазақ поэзиясындағы постмодернистік көріністер», Ə.-С.Əліəкбардың «Постмодернизм қазақ əдебиетінде (Д.Рамазан шығармашылығына қатысты тұстарынан үзінді)» т.б. ғалымдар мен əдебиетті зерттеушілердің мақалаларынан постмодернизмнің ұлттық əдебиетіміздегі көріністерінің зерттеле бастағанын байқаймыз.
Постмодернизм — модернизм өз кезеңін аяқтаған кезде (көптеген ғалымдардың көрсетуінше, ХХ ғасырдың ІІ жартысы) оған қарсы бағытта тарих сахнасына шыққан ағым. «Постмодернизм» ұғымы ХХ ғасырдың соңындағы мəдениеттің əр түрлі салаларында көпмағыналығымен байланыстырылады. Бұл термин де басқа терминдер сияқты өзіндік пайда болу, даму жəне қолданылу тарихына ие.
ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысында батыс əлемі жаңа болашақ қоғамның бағыт-бағдарына назар аударды. Сондықтан да постмодернизм теорияшылары өз назарларын қазіргі заман жағдайындағы адам мен қоғам мəселесіне, əсіресе біздің күрделі қоғамның қарқынды даму динамикасының ырғағында ерекше мəнге ие болатын «интерперсоналды» түсінуге əрекет етті. Аталмыш кезеңдегі «постмодернизм» ұғымы тез өзгеретін əлемнің, сондай-ақ сол уақыттағы қоғамдық өзгерістерді іске асырған ағым болды. Постмодерннің қалыптасуы өнердегі жаңа ағымдардың пайда болуымен ғана емес, қоғамдағы əлеуметтік-саяси процестерге де байланысты еді.
Осы кезеңде адамдардың сана-сезімінде өзгерістер пайда болды. Бірақ бұл феноменді постмодерн деп айтуға болмайды. Алайда мұндай өзгерістер жеке сипатқа ие болған жоқ, жалпы көңіл-күйді білдірді. К.Кумар: «Постмодернизм теориясының басқалардан ерекшелігі жаңа қоғамдағы жаңа əлеуметтік шындықты ғана емес, сонымен қатар біздің түсінігіміздегі шындыққа назар аудартады», — деген пікір білдіреді [1]. Қоғам өмірінің əр түрлі жақтарының тұтас спектрін қамти келе, постмодернизм ұғымы, объективті процестерге қарағанда, адамның сана-сезімінің жағдайына көбірек көңіл бөледі.
XX ғасырдың алпысыншы жылдарын зерттеушілердің басым бөлігі Батыс тарихының жаңа кезеңі немесе постмодерннің қалыптасу дəуірі деп атайды. Осы кезеңде дүниежүзінде ақпараттық қоғамға ауысумен жəне жаңа электрондық технологияларды пайдаланумен байланысты ірі экономикалық өзгерістер байқалды. Экономиканың көтеріле бастағанына қарамастан, адамдардың ой-санасы қатты көңіл құлазушылыққа жəне əлемді күштеп қайта құру идеяларын немесе Маркстан бастап Маркузеге дейін «ұлы тарихи жобаларды» сынауға толы болды.
Біздің мақаладағы негізгі зерттеу нысанымыз постмодернизмнің, жалпы мəдениет пен өнердегі, философиядағы т.б. ғылым салаларындағы зерттелуі емес, əдебиеттегі постмодернизмді қарастыру болғандықтан, осы саланы зерттеуші-ғалымдардың еңбектеріндегі постмодернизмнің ерекшеліктеріне қысқаша тоқталмақпыз.
Постмодернизм – әдебиеттің ғана емес, сонымен қатар кескіндеме, мүсін өнері, кино, архитектураның да құндылықтары мен стандарттарын қиратып, соған деңдей енген жаһандық мәдени құбылыс. «Постмодернизм» сөзінің өзі екі түрлі еуропалық тілден алынған морфемадан тұрады. Постмодерн латын тілінде post – «кейін» және французша moderne – «жаңа», «заманауи» деген мағынаны білдіреді, осылайша «Постмодернизм» ХХ ғасырдың екінші жартысында әлемнің қоғамдық өмірі мен мәдениетіндегі құрылымдық жағынан ұқсас құбылыстарды білдіретін термин. Бұл құбылыстардың мәні неде? Осы мәселе бізге аталған терминнің қолданылу тарихын түсінуге көмектеседі. И.Голованова атап өткендей, алғаш рет «постмодернизм» термині 1914 жылы Р.Панвицтің «Еуропа мәдениетіндегі дағдарыс» еңбегінде қолданылған. 1934 жылы өзінің «Испан және латын америка поэзиясының антологиясы» атты еңбегінде Ф. де Онис постмодернизмді модернизмге деген реакцияны білдіру үшін қолданады. Ал әдебиетке келер болсақ, И.Голованованың сөзінше бұл терминді алғаш рет америкалық ғалым Ихаб Хассан 1971 жылы қолданған. И.Хассанның ойынша, постмодернизм – «үнсіздік өнері, бостық, өлім, түсініксіздік, қос мағына, сөз ойыны» (АҚШ-та да постмодернизмнің отаны саналады). И.Хассан сондай-ақ постмодернизм белгілерінің қызықты әрі сенімді жіктелімін жасап шыққан, бұл туралы кейін талқылаймыз. Постмодернизмнің пайда болуының кейбір философиялық алғышарттары және оның негізгі белгілері француз ғалымы Ж.Ф.Лиотардың 1979 жылы жарияланған «Постмодерн жағдайы» атты еңбегінде жазылған. С.С.Аверницев Ж.Ф.Лиотарды саралай келе оның «постмодернизмнің басты ерекшелігі мәдениеттің нөлдік дәрежесі ретінде есептелуі тиіс электизм» деген көзқарасын алға тартады. Көркем постмодернизм алдыңғы кезеңдердің элементтерін жөн-жосықсыз келтіре берумен шектелмейді. Оның басты ерекшелігі – таңдау ойыны, «Кант түсінігіндегі жоғары эстетика», мүмкін еместі елестету, мүмкін еместі бейнелеу. Өнерге деген тұтынушылық көзқарасқа Ж.Ф.Лиотардың ойынша информатика, бұқаралық медиа ықпал етеді. Бұл жағдайда бір ғана перспектива – «тілдік сананың жалған табиғатын» түсінуге және кез келген әңгімеде ұйымдастырушы орталықтың жоқтын анықтауға мүмкіндік беретін «тіл ойындары саясатының» деконструкциясы мүмкін болады.
Достарыңызбен бөлісу: |