29-бап - Тараптар конференцияларындағы консультативтік ұйым мен бақылаушылар Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік Тараптар конференциясына консультативтік ұйым ретінде шақырылады. Халықаралық олимпиада комитеті, Халықаралық паралимпиялық комитет, Еуропалық кеңес және Дене тәрбиесі және спорт жөніндегі Үкіметаралық комитет (СИГЕПС) бақылаушылар ретінде шақырылады. Тараптар конференциясы басқа да тиісті ұйымдарды бақылаушылар ретінде шақыру туралы шешім қабылдауы мүмкін.
30-бап — Тараптар конференциясының функциялары 1. Осы Конвенцияның басқа ережелерінде баяндалғаннан басқа, Тараптар конференциясының мынадай функциялары бар:
(а) осы Конвенцияның мақсатына жетуге жәрдемдесу;
(b) Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен өзара қарым-қатынас мәселелерін талқылау және Агенттіктің негізгі жылдық бюджетін қаржыландыру тетіктерін зерделеу. Конвенцияның тарабы болып табылмайтын мемлекеттерге осы талқылауға қатысу ұсынысы жасалуы мүмкін;
(с) 18-бапқа сәйкес Ерікті қор қаражатын пайдалану жоспарын бекіту;
(d) 31-бапқа сәйкес қатысушы мемлекеттер ұсынатын баяндамаларды қарау;
(е) 31-бапқа сәйкес допингке қарсы жүйені әзірлеу тұрғысында осы Конвенцияны сақтау мониторингінің нәтижелерін тұрақты негізде қарау. 31-баптың шеңберінен шығатын кез келген мониторинг тетіктері немесе шаралар 17-бапқа сәйкес құрылатын Ерікті қордың қаражатынан қаржыландырылатын болады;
(f) оларды кейіннен қабылдау үшін осы Конвенцияға түзетулерді қарау;
(g) оларды 34-бапқа сәйкес бекіту үшін, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік қабылдаған Тыйым салынған тізімге және Тыйым салынған субстанцияларды терапевтік пайдалануға рұқсат берудің стандарттарына түзетулерді қарау;
(h) қатысушы мемлекеттер мен Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік арасында осы Конвенция шеңберіндегі ынтымақтастықтың бағыттары мен тетіктерін айқындау;
(i) әрбір сессияда оны қарау үшін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікке Кодекстің жүзеге асырылуы туралы баяндама ұсыну туралы өтініш жіберу.
2. Тараптар конференциясы өз функцияларын орындау кезінде басқа да үкіметаралық органдармен өзара іс-қимыл жасауы мүмкін.