Белгілері. Жіті катаральді конъюнктивиттен айырмашылығы клиникалық белгілер айқын емес. Конъюнктиваның ісінуі, аурушаңдық, жергілікті қызуының көтерілуі онша байқалмайды. Мал жарықтан жасқанбайды. Конъюнктива кебу, көкшіл түсті. Созылмалы катаральді конъюнктивит біртіндеп қабақтың айналуы, керато – конъюнктивит сияқты асқынуларға соқтырады.
Конъюнктивитті емдеу. Ем конъюнктивиттің түріне, оның пайда болу себебіне байланысты жасалады және оның тиімділігі де әр түрлі. Емдеу кешенді түрде жүргізілсе тиімді. Конъюнктивитті емдеу негіздері:
Конъюнктивитті туғызған себептерді жою. Жануарларды бағып – күту, ветеринариялық – санитариялық, зоогигиеналық және зоотехникалық талаптарды толық орындау. Толыққанды рационмен азықтандыру. Витаминдер жетіспеушілігін жою. Инфекциялық және инвазиялық ауруларды емдеу. Көз ауруларының алдын алу;
Көздің конъюнктивасын дезинфекциялық дәрілердің жылы, әлсіз ерітінділерімен жуып тазалау, залалсыздандыру. Ол үшін 1: 5000 қатынасында дайындалған фурацилин ертіндісін, 3 % бор қышқылын пайдалану. Фибринозды конъюнктивитте үлбіректі (пленка) сыдыруға болмайды;
Конъюнктиваға 1 % тетрациклин сияқты антибактериялдық көз майларын жағу, 3 % альбуцид, ципровет, 30 % сульфацил натрий сияқты көз тамшыларын тамызу (кітаптың соңында берілген қосымшаны қара);