Ұстаздық мамандықтағы алғашқы қадамдарым
Мектептегі оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырушы, әрі іске асырушы тұлға – бұл мұғалім. Бұл тұжырымды анықтамаға келтіретін болсақ: мұғалім бұл арнайы дайындығы бар, педагогикалық қызметпен кәсіби деңгейде айналысатын адам. Бұл арада «кәсіби» сөзіне назар аударған жөн. Кәсіптік болмаған педагогикалық іспен адамдардың баршасы шұғылданады, ал педагогикалық заңдарға сәйкес әрекетіне келіп, не, қай жерде, және қалай істеу керек екендігін білетін, өзінің кәсіби борышын сапалы орындау жауапкершілігін мойнына алатын тек мұғалім ғана.
Менің мамандығым – мұғалім. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым. Адам баласына көмектесу – игілікті істердің бастамасы. 2019 жылы Қостанай қаласындағы №16 орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі болып жұмысқа орналастым. 5 «Б» сыныбына сынып жетекші болдым. Ең алғаш «Ұстаз» деген атаққа ие болуым да осы мектептен басталды. Бұл мектеп оқушылары менің армандарымның жүзеге асуына өз үлестерін қосты. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқан осынау қастерлі мамандықтың иесі атанғаныма бір жыл болды. Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымым -үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр оқушының бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу. Әріптес ұстаздардар және жетекшім Ибраева М.Д. мені әрқашан қолдап, өз кеңестерін беріп отырды.
Мектеп — балалардың екінші үйі болса, ал ұстаздар екінші анасы десек те артық етпейді. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біз мұғалімдердің еншісінде. Ұстаз - Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз сол бәз баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттердің дәнін еккен диқаншы.
Халқымызда «Жас келсе – іске» деген керемет сөз бар. Демек, мен бойымдағы жастық жігерімді, күш қуатымды, жаңашылдығымды шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз оқушыларымды биік белестерден көрсем, сол үшін өзімнің кішкене де болса үлесім тиген болса, мен өзімді бақытты ұстаз, бақытты адам деп білемін.
Бекетова А.Ф.
«Қостанай қаласы әкімдігінің
білім бөлімінің №16 орта мектебі» ММ,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Достарыңызбен бөлісу: |