Бұлшықет жарақаттары (жақтың қарысуы) мандибуляр, торусал анестезияларында кездеседі. Асқыну қант тәрізді етті өтпес немесе ұшы майысқан инемен жаралау, бұлшықетке шектен тыс көп анестетик енгізуден болады.
Клиникасы. Ауырсынып, ауыз жақсы ашылмайды.
Емі. Ауызды сода ерітіндісімен шаю, жақ астына жылу қою, контрактураны тарататын терапия, механикалық ем.
Таңдайдың кілегей қабығының некрозы. Жаңылысып басқа ерітінділер енгізумен бірге, анестетикті көп мөлшерде (1,0 мл-ден артық) жіберсе де (кілегей қабық сүйек қабығымен бірге сүйектен ажырап кетуі мүмкін) болады. Сүйек қабығының ажырауы тіндердің қоректенуін бұзып жұмсақ таңдаймен сүйектің некрозына соқтыруы мүмкін.
Алдын алу. 0,5-0,75 мл-ден артық анестетик жібермеу, ине ұшы кілегей қабық астында болуы керек.
Жұмсақ таңдай парезі. Палатинал анестезия кезінде дәріні таңдайдың үлкен тесігінен артқа енгізгенде шектен тыс көп анестетик жібергенде пайда болады. Науқас лоқсып, құсып, жөтеліп, таңдайда бөгде зат бар сияқты сезінеді.
Алдын алу. 0,5-0,75 мл-ден артық анестетик жібермеу, анестезия техникасын бұзбау.
Емі. Жұмсақ таңдай тілшесін, тілдің түбіне тимейтіндей етіп ауызды кере ашып, терең тыныс алу, операцияны тез аяқтау.
Мұрын түбінің кілегей қабығының жаралануы. Күрек тістер анестезиясында инені 0,3-0,5 мм-ден терең енгізгенде болады. Қан ағуы мүмкін.
Диплопия. Қосарланып көріну инфраорбиталды анестезия кезінде инені тереңдетіп сұғудан, көп мөлшерде анестетик жіберуден келіп шығады.
Алдын алу. Инені өзек ішінде 7-10 мм-ден артық сұғуға, 0,5-0,75 мм-ден артық анестетик жіберуге болмайды.
Емі. Асептика бұзылмаса ешқандай емнің қажеті жоқ.
Көз алмасының жаралануы. Инфраорбитал анестезиясы кезінде ине өзекке тым терең бойлата сұққанда немесе инені өзекке емес, көз шарасының төменгі қырынан жоғары сұққанда болады.