Студенттерді педагогикалық практикаға дайындау, талдау және қорыту Сағымбекова П. Тараз Мемлекеттік педагогикалық институты «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында»



Дата27.07.2017
өлшемі100,41 Kb.
#22041


ӘОК 378.545:159.928

Студенттерді педагогикалық практикаға дайындау, талдау және қорыту
Сағымбекова П. - Тараз Мемлекеттік педагогикалық институты
«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» – деп, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай [1,2], еліміздің негізгі тірегі-бүгінгі білімгерлер, ертеңгі білімді, білікті, іскер, жан-жақты дамыған елін, жерін сүйетін ұлтжанды ұстаздар.

«Әрбір елдің келешегі-мектебіне байланысты...» деп, М.Жұмабаев айтып кеткендей [3], тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихи-әлеуметтік, мәдени-рухани болмысын дамытуға, қоғамдық өмір мен ұлттық мектепті қалыптастыруда ұстаздың еңбегі зор.

Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіру стратегиясының талаптарына сай, егеменді елдің жас ұрпақтарына сапалы білім, саналы тәрбие беретін, үлгісі жасалып жатқан ұлттық мектептерімізде – жаңашыл, шығармашылық ізденістермен еңбек ететін кәсіби маман ұстаздарды ХХІ ғасыр деңгейінде дайындау бүгінгі күннің уақыт күттірмейтін талаптарының бірі[4-7].

Қазіргі заман математиканың жан-жақты дамыған кезеңі. Ғылымның қайсы саласын алсақ та математикалық білім жүйесінің қолданылмайтын жері жоқ деп айтуға болады. Мысалы физикада, биологияда, географияда, космосты игеруде және тағы басқа ғылымдар саласында математика ең қажетті құралдардың бірі. Сондықтан да, математикалық білім көзінің бастауы, бастауыш сыныптардан басталатын математикалық білім мазмұнының алатын орны ерекше. Сол пәнді игертетін студенттерге кәсіптік педагогикалық пракатика барысында бастауыш мектепте математикадан сабақ беруге дайындау және педагогикалық практиканы талдап, қорыту әдістерін меңгерту өте маңызды. Ол үшін:

1. Кәсіптік практика кезінде студент әрбір сабағына өз бетінше дайындалуға, сабақ жоспарын жазуға және сабақ беруге, өтілген сабақты талдауға және математикадан сыныптан тыс жұмыстарды жүргізуге үйренуі керек.

Сабақ жоспарын жазуға дайындық жұмыстары математиканы V тоқсанда оқыту әдістемесінен өтілетін сабақтар барысында басталады. Бірінші рет сабақ жоспарын жасау студенттер үшін өте қиын жұмыс. Практикалық-зертханалық сабақтарда сабақ жоспарларын жазу үлгілері: «Жаңа тақырыпты өтуге оқушыларды дайындау», «Жаңа тақырыппен таныстыру», «Білім, дағды және іскерлікті қалыптастыру бөлімінде оқушылармен жүргізілетін жұмыс», «Оқыту нәтижесін тексеру», «Мәтінді есептерді шығару»; Арнайы видио таспаларға, слайдтарға жазылған: «Көбейту алгоритмі», «Бөлу алгоритмі» [8-11], «Бастауыш сынып оқушыларын есеп шығаруға даярлау», «Мәтінді есептерді әртүрлі тәсілмен шығарту» [12], т.б. әдістері толық көрсетіліп, талданады. Әдіскер өтілген бір сабақты толық талдап, талдау барысында неге ерекше көңіл бөлу керектігін көрсетіп, студенттердің сол нұсқаулар бойынша өз ойларын айтуын талап етеді.

Осындай дайындық жұмыстардан кейін, бастауыш сыныптардың алдыңғы қатарлы мұғалімдерінің сабақтарына қатысады. Әр қатысқанда студенттер бір ғана сабақты тыңдайды, оның есесіне сабақты толық талдауға көп уақыт жұмсалады. Сабақтың құрылымына, оның өтілу барысына, сабақтың алдына қойған мақсатының орындалуына ерекше көңіл бөлінеді. Сабақта қолданылған көрнекі құралдардың, орындалған әрбір жаттығулардың, мұғалімнің қойған сұрақтарының қандай мақсатпен қойылғанына, сол сияқты алғашқыда қолданылатын көрнекі оқыту әдісі – нақты заттармен практикалық жұмыстардың орындалуына, көрнекіліктің абстракт түрі – сөздің қолданылуына, көрнекілік ретінде математикалық жазулардың қолданылуына, геометриялық және алгебралық ұғымдарға байланысты көрнекі оқыту әдіс-тәсілдеріне, есеп шығару барысында қолданылатын көрнекіліктерге: заттық иллюстрация; схемалық иллюстрация; оқушының түсінігін басшылыққа алу; есепті қысқаша жазу; ережеге сілтеме жасау; есептің мәтінін, яғни сөзін басшылыққа алу, т.б.мәселелерге студенттердің зейіні аударылады.

Әрбір студент V тоқсанда үш сабақтың жоспарын жасайды. Белгілі мерзімге бір сабақтың жоспары беріледі. Оны 4-5 студент өз беттерінше орындайды. Студенттердің жұмыстары практикалық, зертханалық сабақтарда талданғанға дейін тексеріліп, кемшіліктері көрсетіліп толықтыру үшін қайтарылады. Сабақ жоспарлары әртүрлі тәсілмен талданады. Студент дайындаған жоспары бойынша, сыныпта өткендей, басынан бастап аяғына дейін сабақтың барлық кезеңдеріне тоқталып, көрнекіліктерін қолданып, есептердің орындалуын тақтаға толық жазып, түсіндіріп өтеді. Осы тақырыпқа сабақ жоспарын жазған қалған студенттер, осы жоспар бойынша өздерінің ескертулері мен толықтыратын жерлерін айтады, кейде өтілген сабақты қатты сынайтын да студенттер болады. Сабақты талдауға топтың барлық студенттері қатысады. Сабақтың соңында әдіскер өтілген сабақтың құрылымы, жетістіктері мен кемшіліктері туралы өзінің ойын айтып, алдағы уақытта қандай жағдайларға толығырақ тоқтауларына нұсқаулар мен ақыл-кеңестерін береді. Мұндай сабақтың талдаулары бір сағаттық кейде екі сағаттық сабақты алады. Соңында әдіскер сол тақырыпқа жоспар жазған студенттерді жеке-жеке шақырып сабақ жоспарларын тексеріп, талдайды.

Сабақ жоспары жазылатын тақырыптарды сараптағанда әр топта әртүрлі тақырыптардың берілуіне және бір тоқсанда өтілетін сабақтармен шектелмеуге көңіл бөлінеді. Мектептегі практиканы өткізуге дайындық алдын-ала өтілетін сабақтардың жоспарларын дайындату емес, сабақтардың жоспарларын жазуға үйрету деп, түсінеміз.

Сабақ жоспарларын жазуға тақырыптар беріледі. Егер студент дайын жоспарды пайдаланған болса, онда оның ішіндегі жаттығулардың немесе есептердің қандай мақсатпен берілгенін түсіндіре білуі керек. Сондықтан өзбетінше орындалған сабақ жоспарлары жоғары бағаланады. Студенттер дайын сабақ жоспарларына сын көзімен қарауға, ондай кемшіліктерді болдырмау үшін немесе сабақтың жоспарын жетілдіру үшін не істеу керектігіне үйретіледі. Математиканы оқыту әдістемесінен жүргізілетін осындай практикалық-зертханалық сабақтардан кейін III курс студенттері педагогикалық практика кезіндегі алғашқы сабақтарына сабақ жоспарларын жазуда қатты қиналмайды. Сабақ жоспарын жазу қалыпты жағдайға айналады.

Студенттердің сабақ жоспарын жазудағы негізгі жіберетін кемшіліктері:



  1. сабақта берілетін материалдардың көптігі;

  2. алынатын жаттығулар жүйелі болмай, кітаптағы көрсетілген мысалдар ретімен алына береді;

  3. орындау үшін дайындық жұмыстары сабақта берілмеген жаттығулар үйге беріледі;

  4. жұмыстың мазмұнын ашпайтын артық сөздер көп қолданылады;

  5. мәтінді есептердің қысқаша жазулары, шығарылуы талапқа сай емес.

Практика жетекшісіне, студенттер бөлінген бастауыш мектеп мұғалімдеріне студенттің бірінші сабақ жоспарын жазуына жан-жақты көмектесуіне тура келеді. Көбінесе бірінші жоспары толықтырылып, қайта жазылады.

Өте жиі кездесетін кемшіліктерге мыналар жатады: дауыс ырғағы бірқалыпты баяу, негізгісін баса көрсетпейді, оқушыларды өзіне тарта алмайды; керісінше, оқытушының сөзі өте жылдам, бір айтқанын қайта қайталап өте көп сөйлейтіндіктен оқушылар оның айтқанын толық аңғара алмайды да тыңдамай қояды. Студенттер көп жағдайда, сабақ беріп тұрғанда тақтадағы оқушының қасынан шықпай, тек сонымен ғана әңгімелесіп, оқушының сөзін бөліп, қателерін өзі түзетеді; қалған оқушыларға көңіл бөлінбегендіктен олар өздерінше басқа жұмыстармен айналысады. Кейбір студенттер өте қатты дікілдеп немесе өзіне-өзі сенімсіз сөйлейді. Көпшілік студенттер сабақтың жоспарын жаттап алады да тоқтамай зуылдап өтеді, оқушылар оның айтқанын түсінбейді. Егер студенттерге кемшіліктері уақтылы айтылып, сабақты талдағанда "шеберліктің мәнісі" деген не екені айтылып отырса, студент өзіне-өзі сын көзімен қарап, тузелуге тырысады. Сабақтарына мұғалімдер немесе өзінің достарының кіруінен жаңылысатын, қысылатын, өзін-өзі игере алмайтын студенттерге бірнеше сабақты өзбетінше беруге мүмкіншілік беріледі. III курстағы практика мұғалімді дайындай алмайды, бірақ сабақ беру дағдылары қалыптаса бастайды. IV курс студенттері сабақ берудің технологиясын жете меңгеріп, практика соңында өзін-өзі сабақта еркін ұстауға қалыптасады.

2. Студенттер үшін үй тапсырмаларын тексеріп, оқушылардан сабақ сұраған қиын болады. Үй жұмысын тексеруде мынандай талаптар орындалуы керек:


  1. тексеру тек қана орындалуының дұрыстығын ғана емес, сонымен бірге оқушылардың қаншалықты меңгергенін;

  2. тексерудің өзі барлық балалар үшін қайталау әрі үйрету болуы керек.

Студенттер бақылау жұмысын алып оны талдайды. Бақылау жұмысының: тапсырманы іріктеп алуға түсініктеме, оқушылардың бақылау жұмысын орындауы, оқушылардың жұмыстарын талдап бағалау, қатемен жұмыс бөлімдері ретімен орындалады.

3. Студент-практиканттар кәсіптік практика кезінде өздерінің зерттеу тақырыптары бойынша курстық және диплом жұмыстарын жазу үшін бақылау, зерттеу т.б. жұмыстарын орындап, жетекшілерінің басшылығымен эксперименттерін жүргізіп, нәтижелерін алып талдап қорғауға шығады.

Студенттердің осындай дайындықтардан өтулеріне кәсіптік практиканың маңызы өте зор. Студенттер – болашақ ұстаздар, өздерінің кәсіптік мамандығын дұрыс таңдағандарына көздері жетіп, сабақ беруге ынталары арта түседі.

Ұстаз сөзінің ұғымы кең. Оның ең негізгі мәні: жақсылыққа, өмірде өзі де бақытты болып өзгелерді де бақытқа жетуге үйрету, тәрбиелеу дегенді білдіреді.

Мектепте де, жоғары оқу орнында да басты тұлға – мұғалім, ұстаз. Білімді, бәсекеге қабілетті, адам жүрегінің төріне білімнің, адамгершіліктің нұрын себетін ұлағатты ұстаздарды дайындау – Егеменді еліміздің көк байрағын еңкейтпей, дүние жүзінің барлық елдерінде желбіретіп, Ән ұранымызды асқақ шырқататын кемеңгер ұл-қыздарымызды тәрбиелеудің кепілі.

Шығармашылықпен еңбек ететін мектептеріміздің жүрегі – бүгінгі студент – ертеңгі жаңашыл мұғалімдерді кәсіптік даярлау бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.

Алғашқы сабақ

Жас ұстаздың жанарында жанады от,

Ол да келген бір мектепке бала боп.

Бүгін ұстаз...

Бүлдіршіндер тұр күтіп,

Енді оларға сөйлеу керек дана боп.

Әлі – ақ,

Әлі – ақ қырандайын түлейді ол,

Бар балаға бақытты күн тілейді ол.

Алғаш сабақ беріп тұр ғой...

Абдырап,

Қайта – қайта галстугін түзейді ол.

«Ей, жас ұстаз!

Қысылма да, қымсынба!

Түсіп көрген талай ағаң бұл сынға.

Сабаңа түс,

Сабағыңды бастап кет,

Баяғыдай бала болып тұрсың ба?!

Естілді осы үн...

Жүзі бейне таңғы рең,

Құлағы да қалқияды қан күрең.

Алғашқы түскен сөзі болды аузына,

«Ал, балалар, танысайық алдымен!»

Міне, ғажап!

Бәрі жақсы, бәрі сән,

Құлағына құйылады таныс ән.

Кеше тіпті ойлағанда жоқ еді,

«Шәкірттерімен дәл осылай табысам».

Қайта келді босап кеткен жүйе, бой,

Жүріп берді жүйрік тіл, жүйелі ой.

Терезеден ымдап тұрды Ана Күн:

«Шәкіртіңді сенде мендей сүйе ғой!»



Әубәкір Қайран.

Пайдаланылған әдебиет тізімі


  1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты / «Егемен Қазақстан», 2012, 14 желтоқсан

  2. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан жолы -2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ». «Егемен Қазақстан», 2014, 18 қаңтар

  3. Жұмабаев М. Педагогика. –Алматы: Рауан, 1992.

  4. «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» /«Егемен Қазақстан», 2010, 7 желтоқсан

  5. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, /«Егемен Қазақстан», 29.10.2011 ж.

  6. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты. Бакалавриат. – Астана, 24 қатар, 2014

  7. Типтік оқу бағдарламасы. Жоғары кәсіптік білім. Бастауыш мектепте математиканы оқыту теориясы мен технологиясы. – Алматы, 2007

  8. Қосанов Б.М., Сағымбекова П. Тлеубаева Э.Ы., Математика курсындағы шығармашылық жаттығулар: орындау технологиясы. -Тараз 2014. -274 бет

  9. Сағымбекова П.С, Тортаева А.С., Тлеубаева Э.Ы. Бастауыш сыныптарда математиканы оқытудың теориясы мен технологиясынан орындалатын практикалық және лабораториялық сабақтарға арналған әдістемелік оқу құралы. –Тараз, 2009.- 208 бет

  10. Сағымбекова П.С., Тортаева А.С., Тлеубаева Э.Ы. Бастауыш сыныптардың математика сабақтарына дайындалу мен оны жоспарлаудың әдістемесі. Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған оқу құралы.–Тараз, 2013.-331 бет.

  11. Сағымбекова П.С., Тортаева А.С., Тлеубаева Э.Ы. Бастауыш мектепте математиканы оқыту әдістемесі. - Тараз, 2015.-235 бет.

  12. Сағымбекова П.С., Тортаева А.С., Тлеубаева Э.Ы. Бастауыш сынып оқушыларын есеп шығаруға даярлау әдістемесі.- Тараз, 2015.-83 бет.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет