Сухбаттасқан Қошан Қали
Мамандық таңдау-маңызды қадам
Үстіміздегі оқу жылынан бастап М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымы медицина мамандарын даярлауды қолға алмақшы. Бұл - өңірде дәрігерлер тапшылығын жою үшін жасалған игі қадамдардың бірі. Жауапты салаға қажетті мамандарды оқыту жайлы аталмыш жоғары оқу орнының стратегия және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Айдос Мұқатаевпен әңгімелескен едік.
- Айдос Ағдарбекұлы, бұрын Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті еліміз бойынша іргелі оқу орындарының бірі саналып келген еді. Соңғы жылдары сол биіктен біршама төмендегені жасырын емес, студенттер саны да күрт төмендеп кетті. Қазір оның орнын толтыру мақсатында бірқатар игілікті істер қолға алынып жатқанынан хабардармыз. Медицина саласына мамандар дайындау соның бір амалы болса керек?
- Бұл жерде не себепті екенін айтып жатудың қажеті болмас, кезінде университетте тоғыз факультет жұмыс істесе, кейін олардың саны төртеуге дейін кеміп қалған. Оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігіне келсек, жоқтың орнын толтырып, барды бағалай білу бағытында қолға алып жатқан жұмыстар баршылық. Бүгінге дейін тағы бес факультет ашылса, ол жоғары оқу орнындағы барлық оқытушылар құрамының нақтылы атқарған жұмысының нәтижесі болып табылады. Оған жаңадан ашылған экономика саласы бойынша бір докторантура, қаржы саласы бойынша бір магистратура және жеті бакалавриат мамандықтары кіреді. Бұған дейін студенттер университет қабырғасында 75 мамандық бойынша оқытылса, қазір олардың саны тағы 16 мамандыққа көбейіп отыр.
- Енді сіз өзіңіз айтып кеткендей, факультет деңгейінде даріс беретін медицина жоғары мектебіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз.
- Үстіміздегі жылы оған конкурс негізінде 300 жасты қабылдауды жоспарлап отырмыз. Он студент облыс әкімінің арнайы бөлген гранты бойынша оқитын болады. Жастар жалпы медицина мамандығын алып шығады. Студенттер бес жыл білім алып, жоғары білімді дәрігер атанады. Кейін екі жыл интернатурадан өтеді. Бір айта кетерлігі, Қарағандының медициналық академиясын тамамдайтын бірнеше жас біздің жоғары оқу орнында интернатурадан өтуді қалап отыр. Грант бойынша оқитындар оқу орнын аяқтағаннан кейін жолдамамен 3 жылға аудан орталықтарына, ауылдарға жіберіледі.
- Айдос Ағдарбекұлы, бұл жерде студенттердің алдына шығып дәріс беретін оқытушылар құрамы да талапқа сай болуы тиіс емес пе?
- Медицина мамандығына оқытып, білім беретін мамандарға келгенде өзіміз де құр алақан емеспіз. Университетімізде бір медицина ғылымының докторы.екі ғылым кандидаты бар. Бұл бірінші курс студенттеріне биология, физиология және анатомия пәндері бойынша дәріс беретін оқытушылар дайын деген сөз. Ол аз болса, қаламыздың түрлі емдеу мекемелерінде еңбек етіп жатқан 15 медицина ғылымдарының кандидатын қосыңыз. Олар да студенттерге сабақ беруге ынта білдіруде. Астана мен Қарағанды қалаларынан мамандар шақыртылады. Бүгінгі күні үш адам келісімін беріп отыр.
- Оқуға қабылдау тәртібі, ертеңгі күні студент атанатын жастарға жасалатын жағдайлар жайлы не айтасыз?
- Тәртіп бәріне ортақ. Дәрігерлік мамандықты қалаған жастардың Ұлттық бірыңғай тест тапсырған кезде алған балы 65-тен кем болмауы тиіс. Мемлекеттік грант бойынша
оқитындар үшін шәкіртақы көлемі - 25 мың теңге. Ақылы бөлімдегілер жылына 600 мың теңге төлейді. Тәжірибеден өтетін студент жастар үшін қаламыздағы алдыңғы қатарлы емдеу мекемелері тәжірибе орталығына айналады.
- Білім беру барысы тәжірибемен үштасып жататындықтан, оқу орнының соған сай материалдық-техникалық базасы да болуы керек қой. Бұл туралы айтарыңыз бар ма?
- Университетіміздің өзінде жан-жақты жабдықталған медициналық пункт бар. Мәселен, ультра дыбысты зерттеу, кардиологиялық, терапиялық және басқа да ем қолдануға қажетті заманауи құрал-жабдықтар қазірдің өзінде жеткілікті. Оқу-зертханалық базамызды нығайта түсеміз. Алдағы уақытта жаңа оқу корпусының құрылысын жүргізу жоспарымызда бар. Оның екі қабаты медицина факультетіне беріледі. Оқу-әдістемелік қүралдар жеткілікті. Оған алты миллион теңге қаражат жұмсалды. Облыс орталығында жаңадан аурухана салынатынынан да хабардармыз. Міне, сонда ашылатын үлкен бір бөлімше осы оқу орнының еншісіне тиеді деген жоспар бар.
- Медицина факультетіне шет елдерден де жастар қабылданатыны жайлы естіп, біліп жатырмыз. Сол рас па?
- Иә, солай. Үндістаннан 90 студент қабылданады. Олардың бәрі де ер балалар.
- Аталған факультеттің ашылуы ертеңгі күні өңіріміздегі емдеу мекемелеріндегі медицина мамандарының жетіспеушілігін жоюға оң ықпалын тигізе алады деп ойлайсыз ба?
- Алдымен біздің жоғары оқу орнында дәрігерлік факультеттің ашылуына тікелей араласып, қолдау көрсетіп отырған облыс әкімі Құмар Ақсақалов екенін айта кеткен жөн болар. Бүгінде облыстағы емдеу мекемелерінде 230 дәрігер жетіспейді. Бұл олқылықтың орны кешікпей жойылады деген үміттеміз.
- Әңгімеңізге рахмет!
// Солтүстік Қазақстан.- 2018.- 24 шілде.
Достарыңызбен бөлісу: |